+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Сырластар» комедиясы қалай түсірілді?

«Сырластар» комедиясы қалай түсірілді?

Жаңа жылда «Хабар» арнасы көрерменге «Сырластар» деп аталатын тың туындыны көрсетеді.

Үш құрбының тағдырынан сыр шертетін комедиялық телехикаяның шығармашылық ұжымы: «Аудиторияны күлкіге қарық қыламыз», – дейді.

Оқиға желісі бойынша Сәуле, Інжу және Құралай – құрбылар. Әрқайсысының өз тағдыры бар, бірақ жиі бас қосып, іштегі шерді шығарғанды жақсы көреді.

Сәуленің рөлін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Нұргүл Мыңғатова сомдайды.

Өзінің кейіпкері жайында Нұргүл Мыңғатова: «Үш қыздың анасы, мінезі өте ашық, эмоцияға берілгіш әйел, еркелігі де бар, өз-өзіне қарап қалған. Жұбайы – бизнесмен, сондықтан жағдайы жақсы. Қазіргі қоғамда көп әйелге көңіл жетіспей жатады ғой. Мұның да күйеуі үнемі іссапарда болады, әйеліне көңіл бөлуге уақыты жоқ. Сондықтан менің кейпкерімнің өмірі Instagram желісінде өтіп жатады», – дейді.

«Бұл әйел үйінде болып жатқан қызықтарымен бөлісіп, өзінің пысықтығын, әдемілігі мен жан-жақтылығын көрсеткісі келеді. Бірақ шындығына келгенде Instagram алдамшы ғой. Барлығы әдемі суреттерін салып, әдемі болып көрінгісі келеді. Үйінің бір шеті жинаулы болса, екінші жағы шашылып жатады. Жалпы бәрін «мінсіз» етіп көрсетуге тырысады. Жарыстарға қатысып, әлеуметтік желідегі өзге әйелдерден озуды ойлап жүретін келіншек», – деп ойын жалғастырды Нұргүл Мыңғатова.

Ал Құралай болса, бұл – нағыз қазақ әйелі. Адал жар, ана және келін. Оның рөлін актриса Гүлдария Дүйсенова сомдайды.

«Жанұясына, күйеуіне, балаларына, енесіне, үйіне шынайы, жан-тәнімен берілген адам. Елдің көңілін таба білетін, мінезі ашық әйел. Қатал енемен тіл табысып, оның айтқан сөздерін көңіліне алмай адал келіндік міндетін атқарып жүреді», – дейді кейіпкері жөнінде Гүлдария Дүйсенова.

«Бұл қыздың арманы ана атану. Балаларды қатты жақсы көргендіктен тез арада тұрмыс құрғысы келеді. Сондықтан жігіттердің барлығынан өзінің болашақ жарын көреді», – дейді өзінің кейіпкері Інжу жайлы актриса Ләйлә Тілеуова.

Ләйлә Тілеуова – М.Әуезова Мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы. Ұзақ үзілістен кейінгі екінші толыққанды жобасы. Сондықтан аздап қобалжыпты, бірақ оның ойыны көрерменге ұнайды деген сенімдеміз.

Бір-біріне ұқсамайтын үш қыз. Бірі өзін ғана ойласа, екіншісі – шаңырақтың берекесі, ал үшіншісі болашақ жарын іздеп жүр. Үшеуі үш түрлі, алайда шынайы достар.

Түсірілім жұмыстары жөнінде: «Режиссер өте жақсы, өзіне не қажет екенін біледі. Барлығын қарапайым тілмен, нақты-нақты түсіндіреді», – дейді актриса Гүлдария Дүйсенова. Естеріңізге сала кетейік картинанының режиссері Еділхан Төлешев. Ол Францияда білім алып келген.

Режиссер ғана емес, бүкіл шығармашылық ұжымның еңбегін атап өткіміз келеді. Себебі дәл осы азаматтарымыз күн-түн демей түсірілім алаңында болады.

Кейде балалар да таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істейді.

Фильмде тек әйелдер ғана деп ойламаңыздар. Қуаныш Тұрдалин, Жандос Айбасов, Тахир Сұлтанов сынды актерлер де телехикаяның ажарын аша түседі.

Әйел адамның айналасындағы оқиғалар, оның басына түскен қиыншылықтары мен жақсылықтарын бейнелейтін комедиядан көптеген нәзік жандылар өзін тануы мүмкін. Сондықтан туындыны өткізіп алмаңыз!

Ақпарат көзі: Massaget.kz