Хабар телеарнасы

Тәуелсіздікке тарту

Тәуелсіздікке тарту

Биыл Ұлы Дала тарихында ерекше жыл. Бабалар ғасырлар бойы аңсап, арманы ақиқатқа айналған Тәуелсіздікке тура 25 жыл толады. Бұл – торқалы той, мерейлі мерекеге «Хабар» арнасы қызу дайындық үстінде. Телеарна егемен елдің тарихы мен мәдениеті, ғылымы мен білімі, экономикасы мен саяси белестері, жалпы алған­да табыстары туралы бірнеше бағ­дарлама дайындады.

Ширек ғасырда Қазақстан әлем мойындаған алдыңғы қатарлы мемлекетке айналып, барлық салаларда айтарлықтай оң өзгерістер болды. Елбасының сарабдал саясаты арқасында көсегеміз көгеріп, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асырылды. Бүгінде өзімізді «Ұлы Даланың ұрпақтары» деп мақтанышпен айта аламыз. Бұл дегеніміз басты оқиға­ларды еске алып, жеңістермен бөлі­се­­тін, табыстарымызға қуа­на­­тын кез. Дәл осы мақсатта «Хабар» арнасында жаңа жоба жарық­қа шықты. «Пай-пай, 25» бағ­дар­ламасы – Қазақ елі және оның аз­а­мат­­тары турасында әсерлі әңгіме­лер, көңілді естеліктер, ән мен бидің жиынтығы.

– Бағдарламаның «Пай-Пай, 25» деп аталуы тегін емес. Бұл Тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарға таңдандырып, тамсандыратын жоба. Бұл «Елдің бенефисі» – тәуелсіздігіміздің тарихына саяхат болмақ. Бір-біріне ұқсамайтын сан түрлі оқиғалар, бірақ бұлардың бәрі де Қазақстанның мемлекет болып қалыптасудағы ұзақ жолы. Олай болса, бабалар жүріп өткен сүрлеуі мол соқпақты жолды көрсету және ұрпаққа насихаттау біздің басты парызымыз деп ойлаймын. Бағдарламада осы мәселелер сөз болады. Мәселен, «Тұңғыш» тақырыбымен эфирге шығатын бөлімінде Тұңғыш Президент, Қазақстан азаматының тұңғыш ғарышқа ұшуы сынды өткен күндердің естілігіне айналған сәт­тер сараланады, – дейді «Хабар» агенттігі басқарма төрайымының орынбасары Ринат Кертаев.

Ток-шоудың тізгінін Қымбат Досжан, Айгүл Иманбаева, Нұрсұл­тан Құрман, Дархан Әбдіуахит сын­ды танымал да дарынды теле­жүргізушілер ұстайды. Қонаққа сарапшы ретінде саясаткерлер, өнер адамдары, спортшылар, қоғамда есімдері белгілі тұлғалар келеді.

«Мен еліммен мақтанамын!». Бұл – Тәуелсіздікке арналған тағы бір жобаның ұстанымы. Елбасы бір сөзінде «Өткенді біз бүгінгі жетістіктерімізбен салыстырамыз» деген болатын. Расында да 25 жыл аз уақыт емес, кешегі күн­дерді бүгінмен салыстыруға болады. «Наши 25» бағдарламасында көре­рмен экономикалық табыс­тар, мәдени жаңалықтар, білім  са­ла­сындағы жетістіктер, саяси келісімдер, спорт шыңын бағын­дыр­ған сәттерді тамашалай отырып, дамудың жаңа сатысына көтеріл­мес бұрын өткенді еске алады.

– Еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылдағы табыстар мен бағындырған белестер аз емес. Тамыры тереңде жатқан Қазақ елінің өткеніне үңілетін кез келді. Біздің мақтана­тын, еске алатын, бой түзейтін сәт­­теріміз көп. Біз қойылған мақ­­сат­тарға жеттік және келе­сі биікті бағындырмас бұрын ат­қа­рылған жұмыстарға қоры­тын­ды жасауға дайынбыз. 8 се­рия­лы ток-шоуда тәуелсіз Қазақ­стан тарихының негізгі кезеңдері көрсетіледі, – дейді «Хабар» арна­сы­ның директоры  Сандуғаш Рахымжанова.

– «Хабар» телеарнасының жаңа маусымында ел егемендігіне арналған «Экспедиция 25» жобасы көрерменге жол тартты. 108 күнге ұласатын саяхат аясында экспедицияшылар республикамыздың 14 облысын аралап, кең-байтақ қазақ жерін жан-жақты насихаттауда. Сонымен қатар, шалғайдағы елді мекендер мен өсіп-өнген өлкелер туралы паш етуде. Көрерменнің көзайымына айналып үлгерген тың жоба дарқан дала, туған жерге деген отаншыл рухты асқақтата түсуге, мызғымас бірлік пен жемісті тірлікті дәріптеуге бағытталған. «Бұл ішкі туризмді дамытуға арналған заманауи жоба. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, еліміздің көрікті жерлерін толықтай көріп шыққан адам бар ма? Әрине, жоқ. Біз шет мемлекеттерге саяхаттап қана қоймай, өз елімізді де аралауымыз  керек деп санаймын. Менің ойымша, Қазақ­стан Орталық Азиядағы туриз­мі дамыған алдыңғы қатарлы мем­лекеттердің бірі болатындығы анық. Бізде батыстықтарды қызық­ты­ратын «жабайы» туризм, сондай-ақ өр­кениетті демалыс үшін де бар­лық жағдай жасалған. Тек саяхатшыларды тарту үшін ақша салып, инфрақұрылымды дамыту қажет. Мұндай жұмыстармен мемлекетпен қатар, жергілікті билік және қоғамдық ұйымдар айналысып жатыр, олардың арасында біздің Қазақ география қоғамы да бар. Өз елімізді дамыту мақсатында «Хабар» арнасымен бірлескен жобамыз ішкі туризмді дамыту және танымалдығын арттырудың мүм­кіндіктерін тәжірибеде көрсетеді, – дейді «Қазақ география қоғамы» ҚҚ жобалар жөніндегі басшысы Мағжан Сағымбаев.

Жалпы, жыл соңына дейін «Код нации», «Тәуелсіздік толғауы» дерек­ті фильмдері, сондай-ақ Тәуел­сіздік тойына арналып мереке­лік бейнебаяндар мен роликтер дайындалуда.

Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ

«Егемен Қазақстан» газеті, 5 қазан, 2016 жыл