ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 148

Жас толқынның жаңа туындысы

Жас толқынның жаңа туындысы

Соңғы он бес-жиырма жылда Қазақстанның телеарналарында үндінің, түріктің, қытай мен басқа да елдердің телехикаялары көптеп көрсетілді. Бұл телехикаялар көрермендерімізді жай қызықтырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол елдердің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін санамызға сіңіріп, насихаттады, ұғым-түсінігімізге, дүниетанымымызға айтарлықтай әсер етті. Мұны жасырмай, мойындау керек.

Міне осындай жағдайда қазақ халқының ұлттық ерекшелігін, өткен тарихы мен салт-дәстүрін, мәдени-рухани жетістіктерін көрсететін, сондай-ақ кейбір адамгершілік-рухани мәселелерімізді де көтеретін қызықты да тартымды өз телехикаяларымыз барынша аз болып келген еді. Дегенмен кейінгі уақытта Қазақстан телеарналары бұл тақырыпқа айрықша көңіл аударып, халқымыздың бүгінгі шынайы ұлттық-рухани мәселелеріне негізделген телехикаяларды көбейте бастады. Солардың бірі – жақында ғана «Хабар» телеарнасынан көрсетіле бастаған «Қария» телехикаясы. Жаңа телехикаяның алдын ала көрсетілімі, яғни тұсаукесері Алматы қаласындағы кинотеатрлардың бірінде өткен еді. Тұсаукесерді «Хабар» агенттігі төрағасының орынбасары Ринат Кертаев ашып, телехикаяны түсіруге қатысқан шығармашылық топ ортаға шығып, көрермендермен ой бөлісті. Басқосуда телехикаяның алғашқы екі бөлімін тамашалаған көрермен қауым жаңа туынды туралы өздерінің жылы пікірлерін білдірді. Телеарнадан көрсетіле бастағаннан бері де бұл жөнінен жұртшылықтан үнемі жақсы лебіз естіп жүрміз. 

«Қария» телехикаясының жұртшылықтың мұндай ризашылығына бөленуінің бірнеше себебі бар. Ең алдымен телехикая халқымыз ежелден қасиетті санайтын отбасы құндылығына арналған. Яғни қазақ атам заманнан бері отбасының қарашаңырағын айрықша қадір тұтқан, әркім өз ата-анасын барынша құрметтеп, оларды қартайған шағында алақандарына салып, бағып, күткен. Сан ғасырлар бойы ешқандай сызат түспеген осы жақсы дәстүр соңғы уақытта «сыр беріп», бұзыла бастағандай. Бұған қазіргі кезде қарттар үйінің айтарлықтай көбеюі айқын дәлел. Айдың-күннің аманында қартайған әке-шешесін күтіп-бағудан бас тартып, қарттар үйіне өткізушілер кездесетін болған. Тіпті қарттар үйіне өткізбесе де, ата-анасынан безініп, теріс қарап кеткендер де аз емес. Неге бұлай? Бұл сұрақ кімді де болса ойландырады. «Қария» телехикаясы осындай сұрақтарға жауап іздейді, оның себеп-салдарын ашуға тырысады. 

Сондай-ақ кез келген кинотуындының сәтті шығуы басты рөлдерді орындайтын актерлерге де байланысты. «Қария» телехикаясына елімізге жақсы танымал Бауыржан Қаптағай, Досжан Жанботаев бастаған біраз өнер қайраткері түскен. Бұл да телехикаяның жұртшылық жүрегіне жол табуына ықпал еткені даусыз. Осыған орай, телехикаяда басты рөлдердің бірін орындаған белгілі әнші Айқын Төлепберген туралы да бір-екі ауыз сөз. Соңғы уақытта жұртшылық арасында жас әншілеріміз жеңіл-желпі хабарлар мен арзан той-думан, шоуға тым әуес болып, шынайы өнердің қадірін кетіріп барады деген сын-пікірлер жиі айтылып жүр. Міне осындай жағдайда Айқын Төлепбергеннің «Қария» телехикаясында мүлдем жаңа қырынан көрініп, барынша салмақты, салиқалы кейіпкерді сомдауы шын көңілден ризашылық тудырады. Бұл жаңалық басқа әншілерімізге де үлгі-өнеге болса дейміз. 

Әрине, кез келген кинотуындының көркемдік сапасы шығармашылық топқа тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде бұл телехикаяның сценариін жазып, түсіріп, көгілдір экранға дайындаған жастар екендігін айта кеткен жөн. Мысалы, телехикаяның бас режиссері Асхат Мұсабай – әлі отызға да толмаған, киносаласына енді ғана келген жаңа толқынның өкілі. Алғашқы қадамының сәтті басталуы жас режиссердің болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Телехикаяның бас продюсері Нұржайна Жұмаділлаева да кейінгі буынның қатарына жатады. Ол осыдан бес жылдай ғана бұрын Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын «кинотеледраматургия» мамандығы бойынша бітірген еді. Кешегі шәкіртіміздің сол бейімділігі мен қабілетін телехикаяны түсіру барысында бүгін жан-жақты жарыққа шығарғаны анық байқалады. 

Телехикаяның бас операторы Ернұр Рысбай да тура осындай жолдан өткен. «Қария» телехикаясын түсірген шығармашылық топтың басым көпшілігі осы Т.Жүргенов атындағы Өнер академияның түлегі екендігі де қуантады. 

«Қария» телехикаясының түсірілімінде ешқандай мін жоқ деп айтсақ, тым артық болар еді. Әсіресе кино мамандары мен сыншылардың көзімен қарағанда телехикаяны жетілдіруді, болашақ жаңа шығармаларда ескеруді қажет ететін тұстары да бар. Бұл – заңды да. Өнер саласында ешкімнің де биікке бірден көтеріле алмайтыны баршаға мәлім. Бәрі де алғашқы қадамнан, нар тәуекел деп кіріскен ізденуден басталады. «Қария» телехикаясын түсірген жастар да осындай батыл қадамға барған екен, олардың осы талабын қолдап, қамқорлық көрсете білуіміз керек. Сондай жағдайда болашақта көрермен көңілінен шығып, өзге елдердің телехикаяларымен бәсекеге түсе алатын көркем дүниелеріміз көбейе түспек.  «Хабар» агенттігі мен басқа да телеарналар алдағы уақытта да қабілетті жастарға осылай сенім артып, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін жарыққа шығаруға демеу бола береді деп сенеміз. 

Ғарифолла Есім, академик: 

– Кез келген қазақ қариясы үшін отбасы, ағайын-туыс пен дос-жаранның ортасында сыйлы болу абырой. Төрден түспей, сыйын кетірмей, әдемі қартаю – бақыт. Бірақ барлық қартымыз мұндай абыройға жетіп, мұндай бақытқа бөленіп жатыр деп айта алмаймыз. Неге? Өйткені қарияның жасын құрметтеу, ғұмырлық тәлімін сыйлау азайып бара жатқандай. Мұндай ұлттық ұғымдарды бүгінгі ұрпаққа сіңіру кемшін түсіп барады. Соның бір көрінісін таяуда ғана «Хабар» арнасында тұсауы кесілген «Қария» фильмінен аңғардық.  

Фильм авторлары қазақ қоғамына, қазақы болмысымызға жат қарттар үйіндегі қым-қуыт тіршілікті көрсеткен. Артында қалған ұрпағының аялауы мен қамқорлығын сарыла күткен ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың тағдырын суреттеген. Осындай қариялардың өмірі арқылы қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірін көрсетуге тырысқан. Жаңа туындының жұртшылық жүрегіне жол тауып, көпшілік көңілінен шығуы осы тақырыпты қаузауында болса керек. «Қарт кісіні қадірле, өзің де қарт боларсың». Шығыстың шоқтығы биік тұлғасы Абай Құнанбаев өзінің шығармаларында педагогикалық көзқарасын білдіріп, үлкенді сыйлауды даналықпен жеткізіп отырған. Адамның адамгершілік сапасы үлкенді құрметтеуден, ата-анаға бойұсынудан бастау алатындығын алға тартты. Ата-ана алдындағы перзентінің парызы һәм қарызы немен өлшенетіндігінің формуласын жасап берді. Өзекті өрттей шарпыған осы мәселеге «Хабар» ерекше ден қойыпты. Көрерменге жол тартқан «Қария» фильмінен бүгінгі өмірдің аянышты көрінісін аңғаруға болады. Қарттар үйінде түсірілімнің жасалуы өте орынды болған. Осыдан 20 жылғы бұрынғы қарттар үйімен бүгінгі халын салыстыруға болмайды. Ол шақта қазақ қариялары бірен-саран болатын. Тіпті кездеспейтін. Ал қазір қалай? Өз ата-анасынан жиренген баладан не күтуге болады? Біз рухы мықты ұрпақ тәр-биелеуіміз үшін қоғамдық сананы қалыптастыратын идеологиялық жұмыстарды ұдайы жасауымыз керек.   

Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы, Мұқағали Мақатаев сыйлығының лауреаты:  

-«Хабар» телеарнасынан «Қария» атты телехикаяны қарап жүрмін. Кинотуынды көңілімнен шықты. Біз осы күнге дейін корей, түрік, орыс телехикаяларын қызықтап келген болатынбыз. Соңғы уақыттары қазақ киногерлері, режиссерлері де халық өміріне жақын телехикаялар түсіріп, әлеуметтік мәселелерді көтеруде. Бұл өте жақсы үрдіс. 

Телехикаяда қоғамымыздың бітеу жарасына айналған өткір мәселе қозғалған. Бұрын-соңды қазақ қоғамында болмаған келеңсіз құбылыс егде тартқан қарияларды балаларының қарттар үйіне апарып тастайтыны туралы айтып та, жазып та жүрміз. Енді айта-айта жауыр болған тақырыпқа киноның көзімен үңілгенде, ол адамға өзгеше әсер сыйлайды екен. Әсіресе тұрмыс-тіршілігі жақсы балалардың өз ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жіберетіні – қорқынышты құбылыс. 

Осы ретте айтсақ, «Қария» – «Хабар» телеарнасы дайындаған, бүгінгі қоғамға өте керекті, сәтті шыққан жобалардың бірі.  Таяуда Түркияда болғанда сондағы азаматтармен сөйлесіп, түрлі-түрлі тақырыптарды тілге тиек еттік. Бір таң қалғаным 80 миллиондай тұрғыны бар елде қариялар мәселесі деген мүлде жоқ көрінеді, өйткені әкесін немесе шешесін ондай үйге апарып тастау түріктер үшін қылмыспен пара-пар іс болып саналады. Ата-анаға зор құрмет көрсетіп, оны аялап өту – баланың Алла алдындағы адамдық парызы. Бұрын бізде мұндай келеңсіздік болған емес. Яғни осының бәрі өзге мәдениеттің дендеп, рухымыздың әлсіреуі. Бір ұсынысым, осы мәселе «Қария» телехикаясында жан-жақты ашыла түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Телехиканың жалғасын көргіміз келіп, қызығып отырмыз.  «Қария» арқылы қазақ киногерлері мыңдаған көрерменге ой салады деп ойлаймын. Елбасымыз Рухани жаңғыру мәселесін жақсы қозғады. Қоғамда қордаланып қалған, түйіні шешілмей жүрген әлеуметтік мәселелерді көрсетіп, оны шешудің жолын тапқанда ғана біздің санамыз жаңара түсіп, рухымыз жаңғырады.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті», 15 қыркүйек