Орал

Талғат Серікқалиұлы

Меншікті тілші

Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Құрсай ауылында дүниеге келген. 1997 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің тарих факультетін тәмамдады. Мамандығы бойынша бірер жыл мектепте ұстаздық етті. Алайда бала кезінен әдебиетке деген құштарлығы оны ақыры телеарна табалдырығына алып келді. 

Он жылдай «Қазақстан-Орал» телеарнасында жаңалықтар бөлімінің редакторы, диктор, апталық-сараптамалық бағдарламалардың жүргізушісі болып жұмыс істеді. «Хабар» агенттігінде 2012 жылдың 1-қыркүйегінен бері еңбек етіп келеді. Телевизияны тағдырым деп санайды. 

Өмірлік ұстанымы - «Болмасын деген - оңбасын!». Кәсіби ұстанымы - әрқашанда үздік болу және үздіксіз ізденіс! Марапаттары бар, бірақ ол үшін патша көңілді көрерменнің әрбір жылы пікірі бәрінен жоғары.

Сүйікті ісі - аңшылық пен балықшылық. Табиғат аясында серуендеп, отбасымен бірге сапар шегу. Кітап оқу секілді бала кезгі әдетінен әлі де жаңылған емес. Оны рухани қажеттілік деп біледі. Мектепке барғаннан-ақ, барлық қисса-дастандарды қызыға оқыды. Қазақ және әлем әдебиеті алыптарының шығармаларын сүйіп оқиды. Ең ұнатпайтыны - екіжүзділік, іштарлық пен қызғаншақтық.

Талғат телеарнада тер төгіп жүрген барша әріптесінің еңбегін жоғары бағалайды. Сәйкесінше әрқайсының бойындағы ең жақсы қасиетін көре біліп, үлгі тұтарлық тұстарын өзіне сіңіруді әлсіздік деп есептемейді. Білгенді үйрету, білмегенді сұрау қалыпты нәрсе деп түсінеді. Әсіресе, осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып», ыстық-суығына төзіп жүрген аға буын әріптестеріне деген құрмет сезімі ерекше.

Олардың жанкешті еңбегіне тәнті болады, әрбір жетістігіне қызыға қарайды. Өзіне әрдайым сын көзбен қарап, телевизия саласында «білетінім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз» деп есептейді. Балалық шақта актер болуды армандағандықтан, телевизия мен кино тел өнер деген пікірде. Кәсіби саладағы арманы - жиған білім-білігін шет мемлекеттерде сынап көру. Өмірдегі басты мақсаты -  адам болып қалу, ұрпағының бойына ұлттық тәлім-тәрбиені молынан сіңіру.