Қостанай

Мағауия Қалиев

Тілші

Қостанай облысының Науырзым ауданындағы Саршығанақ ауылында дүниеге келді. Телевидениедегі алғашқы қадамы 1998 жылы Қостанай облыстық телеарнасында басталды. Жаңалықтарға дайындаған бірінші материалы – балалардың жазғы демалысы туралы. 

Елбасының, министрліктің, облыс әкімінің, басқа құрылымдардың алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған. 

Өзен жағасында қармақ салып, балық аулағанды ұнатады. Негізінен тарихи, әдеби кітаптар мен деректі фильмдерге басымдық береді. Мағауия үшін әр шығарма өзіндік өмір фактілерімен, ой-толғаныстарымен құнды. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта «Жау жүрек мың бала» ең сәтті шыққан фильм деп санайды. 

Классикалық киім үлгісіне жақынырақ. Ол үшін қазақтың қазы-қарта, жал-жаясынан асқан тағам жоқ. Музыкада көңілге ой салар лирикалық әуендерді қош көреді.

«Дәрігерлердің өздері күдер үзгенде, ұлымның аман-сау жарық дүниеге келуі менің өмірімдегі ең жарқын оқиға болды» – деп еске алады  Мағауия.

Адамдарда қарапайымдылықты, адалдықты бағалайды. Жек көретіні – өсек, өтірік, мақтаншақ. Балаларының оқып, жетіліп, ел сыйлаған азаматтар болса екен деп армандайды.