Семей

Болат Көкенайұлы

Тілші

Туып – өскен жері Қазақстанның шығыс өңірі. Семей облысында оқып, үйлі-баранды болды. Заңгер және филолог. Екі бірдей дипломның иегері соған қарамастан журналистиканы таңдады. Еңбек жолын “Семей таңы” газетіне мақала жазудан бастады. Мектепте қазақ тілінен сабақ берді. “Хабар” радиосында жүргізуші атанды, кейінен «ОРТ-Қазахстан» арнасынан «Анау-мынау» атты бағдарламаның тізгінін ұстады. 

Сондай-ақ «Ел арна» телеарнасындағы “Шекара” бағдарламасына Швеция, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия, Франция, және АҚШ –тағы қазақ диаспоросы жайлы бейнематериалдар дайындады. Ол сол кездегі АҚШ-тың Қорғаныс Министрі Дональд Рамсфельд, Энергетика Министрі Сэм Бодманнан, сонымен қатар ЮНЕСКО төрағасы Коичиро Мацурада, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун мен әйгілі музыкантМстислав Ростроповичтен сұхбат алғанын мақтан тұтады.

Болаттың «Хабар» агенттігіндегі «Жаңалықтар» қызметінде жұмыс істегеніне біраз болды. 2013 жылы ол Оңтүстік Қазақстан облысының меншікті тілшісі атанды. Тұрақты жерін ауыстырғанымен жаңалық жаршысы болудан қол үзген жоқ. Сүйікті кәсібін әлі жалғастырып келеді.

Болат «Нұр-Сұңқар» республикалық байқауының жүлдегері. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» төсбелгісінің иегері. Тіпті Елбасының және Оңтүстік пен Шығыс Қазақстан әкімдерінің мақтау қағаздарын алған.

Қазір Болат тілдерді дамытумен айналысуда. Орыс, ағылшын және түрік тілдерінде ашық әңгіме өткізе алады. Ал туған тілі қазақ тілінің арқасында талай асуларды бағындыра алатынына нық сенімді.