Шымкент

Ерболат Әбішов

Телеоператор

Мен киелі жер, құт мекен саналатын Қазығұрт тауының етегінде қарапайым отбасында өстім. Үйдің үлкені болған соң ба әлде өмірдің соқпағы солай болды ма, орта мектепті бітірісімен Қазығұрт ауданындағы теларнаға оператор болып орналастым. Айта берсең бала күнгі арман көп. Әртүрлі мамандықты аңсаған едім дегенмен маған осы телеарна саласында еңбек ету бұйырыпты. 2004 жылы Шымкенттегі облыстық телеарнаға жұмысқа ауысып келдім. 

Сол жерде табаны күректей төрт жыл қызмет атқардым. Білмегенімді үйрендім, үлкендердің тәрбиесін алдым. Қызығы мен ауыртпалығы қатар жүретін телеоператорлық қызметіме деген сүйіспеншілік мені ылғи алға қарай жетелей берді. Әрбір қайталанбас сәтті таспаға түсіру арине қиынның қиыны. 2008 жылы “Астана” телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша телеоператоры әрі монтаждаушы бейнеинженер қызметін қатар атқардым. 

Дегенмен өзің түсіріп келген дүниені өзің монтаждап дайындау әлде қайда оңай. Әрине қай саланың да жеңілі мен ауыры қатар жүреді. Дегенмен барлығына шыдап, ауыртпалықты жеңе білгенде ғана жетістікке жетуге болады. 2012 жылы Қазақстанда тұңғыш рет тәулік бойы жаңалық тарататын арна ашылады екен дегенді естігенде бағымды сынап көргім келді. Талай жылдар бойы халқым үшін атқарған еңбегімнің жемісі болса керек талайдың қолы жетпей жүрген «24KZ»арнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы операторы болып алғашқы күннен бастап еңбек етіп келемін. 

Бар мақсатым халқым үшін аянбай еңбек етіп, Қазақстанымыздың гүлденуіне өз үлесімді қосу. Отбасым бар. Жұбайым екеуміз жанұяда екі ұл бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Алдыма қойған бар мақсатым - өз ісіме жауапкершілікпен қарау.