Шымкент

Нұрбек Байбосын

Тілші

ОҚО-да, киелі тау баурайы Қазығұрт ауданы, Еңбекші елді мекенінде туған. Мектеп табалдырығын сол өскен өңірінде аттаған. Бала кезден, өнерге әсіресе әдебиетке талпынысы жақсы болып, сол мақсаттары бала Нұрбекті телеарнаға жетеледі.

7-сынып оқып жүргенде облыстық телеарнаның, өзінің өлеңдерімен барып есігін ашқанын еш ұмытпайды. Міне, өзіндік құпиясы мол қызық әрі қиын сала журналистикаға деген қызығушылығы да осы сәттен басталды. Кәсіби тұрғыда бірнеше телеарнаны артқа тастап, бүгінде бала күнгі арманы «Хабар» арнасында қызмет етуде. Нұрбек, армандар орындалатынына сенеді. Мектепті бітірген соң, Шымкенттегі ОҚПУ колледжіне филолог мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Кейіннен, Алматыдағы Абай атындағы ҚҰПУ-нің есігін қақты. Қазір, сол жоғарғы оқу орнында филология факультетінің жуналистика кафедрасының сырттай студенті. «Хабар» телеарнасындағы спорт тілшісі ретінде Нұрбекті көрермендер 2013 жылдан бастап танып келеді.

Кәсіби тұрғыда алғашқы қадамы 2007 жылы «Айғақ» қоғамдық телеарнасынан басталған. Жас телеарнаның жас тілшісі алғаш жаңалықтар ағынын жеткізгендігі оңтүстік көрермендерінің есінде.

2009 жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Бос уақытында тренажер залында, бассейнде жаттығып тұрады. Кітап оқығанды ұнатады. Кинотеатрдан соңғы болып жатқан киноларды жібермеуге тырысады.    

«Классикалық киім үлгісі жаныма жақын. «Ас – адамның арқауы» демекші, тамақты аса талғамаймын. Бірақ, манты мен бесбармақ ең сүйікті асым. Музыкада қазақ эстрадасын және орыстың классикалық әндерін тыңдаймын. Ал, өмірімде естен кетпес бір сәт – телеарнадағы мен үшін шың болып табылар «Хабар» арнасына жұмысқа тұруым. Бұл - бала кездегі арманның орындалуы», - дейді Нұрбек. 

Адамдарды шыншылдығына, адалдығы мен имандылығына  және де іскерлігіне қарап бағалайды. Жек көретіні - өмірде жалған сөйлеу мен сенген адамыңның сатқындығы.