Талдықорған

Ардақ Айбарұлы

Меншікті тілші

E-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Бас шыңды Алатаудың баурайындағы Талғар ауданының орталығы Талғар қаласында дүниеге келген.  1996 жылы Аламтыдағы №1 қазақ-түрік лицейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын сыныбын бітірді. 2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетін тәмамдап, өзінің еңбек жолын Алматы іргесіндегі Іле ауданынан бастады. 

Аудандық «Іле таңы» газетінде бір жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң телевизия саласында бақ сынап көру үшін «Хабар» агенттігіне келді. Ал 2005 жылы агенттіктің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі қызметіне ауысты. Ақ Жайық өңіріндегі меншікті тілшіміз «Хабар» агенттігінде 13 жылдан бері табан аудармастан еңбек етіп келеді. «Қайсар ІІ» кеуде белгісімен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталған. Батыс Қазақстан облысында өткізілген «Қанатты қалам» байқауының жүлдегері атанған.

Жұмыстан бос уақытында бильярд, боулинг ойнап, бассейнге барады. Ермегі – әсем табиғат аясында тынығып, балық аулау, аң ату. Естелік әңгіме, өлең жазумен де айналысады. Прозада Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Оралхан Бөкей сияқты қаламгерлердің шығармаларын сүйсініп оқыса, поэзияда Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергеновтерді пір тұтады. Ал журналистика саласында Арман Сқабыл, Бауыржан Омаров, Құлтөлеу Мұқаш, Бейбіт Құсанбек сияқты ағаларын ұстаз санайды.

Өз әріптестерінен Алматы облысындағы тілші Тілеуқабыл Мыңжасарды, ал дикторлардың арасынан Зейін Әліпбек пен Қымбат Досжанды үлгі тұтады. Сауық Жақанованың дикциясына тәнті.

«Жадымда жаңғырып тұратын сәттердің бірі – қызым Раянаның дүниеге келген күні», - дейді ол. Болашақта ғаламтор арқылы таралатын қазақ тілді басылым мен продюсерлік орталық құрғысы келеді. Арманы – ата-бабалары туып өскен өлкедегі «Хан Тәңірін» бағындырып, мынау кең дүниеге сол Тәңіртаудың ұшар басынан бір көз тастау.