Талдықорған

Тілеуқабыл Мыңжасар

Тілші

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. «Хабар» агенттігі құрылған сәттен бері жаңалықтар қызметінде еңбек етеді. Қазір агенттіктің Алматы облысындағы меншікті тілшісі.

Телевидениедегі алғашқы қадамы 1974 жылы басталған. Сол кездегі Қазақ теледидарының «Құрдастар» бағдарламасымен тығыз байланыста болып, тәжірибе жинақтаған. 1975 жылы университетті бітірген  соң осы редакцияға қызметке қабылданған.

Бос уақытында табиғатта серуендеуді ұнатады. Ұлттық тағамдар әзірлеу – ең қызықты істерінің бірі. «Қыз-Жібек», «Тақиялы періште» фильмдерін ерекше ұнатады. Сүйікті кітабы – «Абай жолы», «Менің атым – Қожа».

Осы заманғы киім үлгісімен жүру жарасымды деп есептейді. Спорттық киімдерге де әуес. Ас мәзірінде ұлттық тағамдарға айрықша мән береді. Халық әндері мен әлемдік классикаға кіретін симфониялық шығармаларды тыңдауға құмар.

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Хабар» агенттігінің ұжымы атынан алтын микрофон тапсырған (2008 ж.) сәт пен тұңғыш немересінің өмірге келген күнін ұмытылмас оқиға деп санайды.

Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген сөзі – оның өмірлік ұстанымы. Өтірікке жаны қас.

Қазақ өнерінің туын ұстап жүрген сахна саңлақтарын мақтаныш санайды. Сүйікті актерлері – Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, әншілері – Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева.