Тараз

Тимур Сейілханов

Телеоператор

Шынымды айтсам мен телеарнаға ойда жоқта келдім. 2001 жылы облыстық телеарнаның операторы басқа жұмысқа ауысып кетіп, соның орнына байқау жарияланды. Ол кезде оқуды бітіріп бос болатынмын. Қол боста өз камераммен тойларға барып жүргем. Бағымды сынап көрейін деп облыстық телеарнаға барып конкурсқа қатыстым, бағым жанып көптеген балалардың ішінен телеарна басшылары менің түсірген сюжеттерімді ұнатты. 

Сөйтіп ойда жоқта облыстық арнаның білдей операторы болып шыға келдім. Ол жерде мен үлкен мектептен өттім деп ойлаймын. Менің түсіру тәсілдерімді байқаған әріптестерім мені Жамбылдың "Кишенині" деп атап кеткені де есімде. Кейін "Қазақстан" Ұлттық телеарнасына тағы да байқау жарияланды. Тағыда жолым болып сол қосынның қызметкері атандым. Осы мамандықтың арқасында талай-талай тағдыры түрлі адамдардың өміріне араластым. Тіпті бір кездері Тұрар Рысқұлов ауданында болған зілзала кезеңінде менің камерамен тұрған ролигім бір ай бойына телеарнадан шығып, бір-ақ сәтте Республикаға танымал болып шыға келдім. 

Жалпы осы кәсібімнің арқасында еліміздің белгілі тұлғаларын түсіріп арна арқылы республикаға таратқанымды өзіме үлкен мақтаныш санаймын. Олардың ішінде Елбасымыздан бастап Сенат, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері де бар. Қазір "24kz" арнасында еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін. Бұдан әріде арнаның абыройын асқақтата беремін деп ойлаймын. Қол боста тастаяқ (бильярд) ойнағанды ұнатамын. Мамандығым мақтанышым - кәсібім нәсібім!