Қызылорда

Әлхайдар Тұрлыханов

Телеоператор

Жетпісінші жылдары мен туып өскен ауылда теледидар деген сирек кездесетін. Небәрі орталықтан екі ғана арна ақпарат тарататын. Әсіресе демалыс күндері балалар бағдарламасын асыға күтетінбіз. Сол кезде “телеарнада жұмыс істесем” ғой деген арманның жетегінен арылмадым. 1992 жылы телемастердің арнайы курсын бітірген соң, облыстық телерадиокомпанияға бардым. Басында радиоға қарапайым механик болып орналастым.

Сосын дыбыс инженеріне дейін көтерілдім. Ал бейнекамераны алғаш рет 1996 жылы қолыма алдым. Содан бастап бейнетаспаға көрініс түсіру менің өмірлік қағидама айналды. Менің балалық арманым орындалып қана қойған жоқ, жаңа саланың дәмін татуға мүмкіндік алдым. “Хабар” агенттігінде қызмет еткеніме 11 жыл болды. Білгірлердің айтуынша, қанша жерден көп оқып, көп көргеніңмен, бәрібір білмейтін жайттарымыз өте көп. Сондықтан да мен үшін он бір жылдық тәжірибе өте аз уақыт. Нағыз кәсіби маман атануым үшін әлі де болса ел аралап, жер тануым керек. Көрген білгенімнің бәрін болашақта фильм етіп жарыққа шығаруды армандаймын.