Хабар телеарнасы

«Ана жүрегі»

Әлеуметтік драма қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларын қамтыған. Отбасы құндылықтарынан бастап, ананың үйдегі һәм қоғамдағы роліне дейін айтылған.
Ана мейірі мен махаббатынан асқан құндылық жоқ. Сериал ана болмысынан сыр шертеді. Өмірге құштарлық, балаға деген бал сезім, тар жол-тайғақ кешу мен тағдыр тәлкегі. «Ана жүрегі» картинасында мұның бәрі көрініс тапқан.

Сценарий авторы белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, қоғамның өзегінен өтетін туынды түсіруге тек үздік актерлер жұмылдырылған. Олар сценарийді оқыған сәттен жүректері елжірегенін айтады. Себебі оқиға желісі шынайы өмірден алынған.

Баласынан барын аямаған ананың ғұмыры қиындыққа толы. Өзегі өртенсе де, қайғы кешкен жанның қабырғасы қайысқан жоқ. Қазақ қыздарына тән қасиет. Алайда өмірде қателікке бой алдырып, қатігездікке жол беретіндер де жоқ емес. Сериалда бүгінгі қоғамның басты түйткілдері қозғалады.
Әлеуметтік драма 12 сериядан тұрады. Айта кету керек, бұл «Хабар» арнасы жаңа маусымда көрерменге тарту еткен төртінші туынды.

«Хабар» телеарнасының бас продюсері Айдос Тұрысбек: «Жанры – әлеуметтік драма. Біз қазір осы жанрға жақсылап бет бұрып жатырмыз. Мұның алдында «Қария», «Абзал жан» және «Мезгілсіз махаббат» деген фильмдер шықты. Осындай фильмдер арқылы біз қоғамда болып жатқан өзгерістерді, проблемаларды көптің көкейінде жүрген нәрсені жеткізу арқылы көрерменге ой салғымыз келеді», – дейді.

Режиссерлық жұмыс жоғары деңгейде қойылған. Ал сериалға арнайы жазылған саундтректі қоңыр дауысымен Мейрамбек Беспаев орындады. Сериал жүректі тебірентпей қоймайды. Бағасын патша көңілді көрермен береді.