ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

ҒАНИ ӨТЕПБАЙҰЛЫ

ҒАНИ ӨТЕПБАЙҰЛЫ

«Қорытынды жаңалықтар» жүргізушісі

Әдетте сағат тақпайтын адамды бақытты жан деп жатады. Содан да болар, Ғанидің қолында сағат тұрмайды. Қымбат деген қолсағаттарын достарына көңілдерін қимай ұстата салады. Үйге келгенде де келіншегі Лаураның «сағатың қайда» деген сауалына еш қынжылмастан, «Досыма тақтым», – дей салады. Дархандығы өз алдына, халық айтып жүрген бақытты адамдардың бірі екендігінің тағы бір дәлелі осы шығар.

Дастарханның, ортаның гүлі. Айналасын қыран-топан күлкіге қалдырып, көңілдерін көтеріп отыратын жақсы қасиеті бар. Көпшіл. Мереке-мейрамдарда ғана емес, жай күндері де шаңырақтан қонақ арылмайды. Араласатын достары көп, ауылдан Астанаға ат арылтып келетіндер де аз емес. Жайлы болған соң шығар, «Ғанидікіне келіп едік», – дейтін жерлестерін жиі жолықтырасыз.

Адамдарда шынпейілділікті бағалайды. Жек көретіні – уәдеде тұра алмау, екіжүзділік. Асқақ арманы – Алланың берген өмірін абыроймен өткізу. Үлгі-өнеге тұтатын адамдарым өте көп. Демалыста жас отағасы екі ұлы Мәулен мен Мағзұмды алып, серуендеуге шығады. Бірнеше күнге созылатын демалыста міндетті түрде еліміздегі табиғаты көздің жауын алар, керемет орындарға саяхаттап кетеді. Қазақстанның қай қаласына жолы түссе де, достары көп. Ол жағынан қам жемейді.

Ғани қарапайым отбасыда дүние есігін ашқан. Әкесі мал бағып жүргенде, қаладағы перзентханадан «қамшы ұстар дүниеге келді» деген хабарды ести сала, жайлаудағы төрт түлігін ұмытып, үйге қарай шауып кеткен екен. Есімін қазақ халқының маңдайына біткен жас қайраткерлердің бірі Ғани Мұратбаевтің құрметіне қойылғанын мақтан тұтады. Жанұяда бес баланың кенжесі. Сәйкесінше, ерке әрі бұзық болғанын да жасырмайды.

Ер жете келе, атқа да отырады, тұзақ құрып, аңшылыққа да шыққан. Кешкілік республикалық арналардан жаңалықтарды мүлт жібермейтін. Ол уақытта ақ-қара түсті теледидардан көз алмай, дикторларына тәнті болып отыратын. Мектеп бітірісімен Түркістан қаласына Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетіне құжаттарын тапсырады. Журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған ол жергілікті телеарналарда да кәсіби тұрғыда ысыла түседі. Алғашқы эфир кезінде еш жүрексінбегенін айтады. Ал қолына тиген алғашқы еңбекақысына ырымдап нан алып, ауылдағы ата-анасына жолдапты. Содан бері көптеген марапатқа да ие болды. Сондай-ақ кино көргенді ұнатады.  

Әлем және қазақ тарихын жақсы біледі. Хабар арнасында «Үкімет пен әлеумет» және «Жаңа қоғам» бағдарламаларының авторы, продюсері әрі жүргізушісі болды.  

Бүгінде «Хабар» телеарнасында жаңалықтар авторы әрі жүргізушісі.