Арнайы сюжет

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Хабар» Агенттігінің ардагерлері бас қосты

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Хабар» Агенттігінің ардагерлері бас қосты

Ардагерлерін ардақтаған Агенттік!

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Хабар» Агенттігі ерекше бастама жасады. Талай жыл табан аудармай жұмыс істеп, қазақ телевизиясының дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдерін Астанаға жинады. Бұл жерде сала майталмандары түрлі хабарларға қонақ болып, жиған тәжірибелерімен бөліседі.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары телевизия қазақ үшін ең үлкен жаңалық болды. Байтұрсыновша айтқанда, халықтың – құлағы, көзі һәм тіліне айналды. Теледидардың өзі сол кезде таңсық дүние еді. Кез келген үйдің төрінен табыла бермейтін. Әрбір хабарды жұртшылық асыға күтіп, тапжылмай көретін.

«Аға буынға қарап бой түзеп, солардай болуға талпындық», – дейді 32 жыл бойы телевизия саласында тер төккен ардагер Ләззат Айтханқызы. Ата-анасы оның журналист болуына қарсы болса да, таңдауын өзгертпеген.

Ләззат Айтханқызы, «Хабар» Агенттігінің атқарушы продюсері:

-  Әке-шешем менің ауылда мұғалім немесе бухгалтер болуымды қалады. Мен журналистиканы таңдадым. Журналистика деген – бір жағынан қызықты мамандық. Түрлі оқиғаның ортасында жүресің, екінші жағынан қиындығы да бар. Біз мәтіннің барлығын қолмен жазатынбыз. Бір ғана монтаждау аппараты болатын, орыс, қазақ кезекте тұратынбыз.

Еңбек жолын тілшілік қызметтен бастаған жас журналист ойламаған жерден жұмысқа келмей қалған дикторды алмастырып, бірнеше жылдар бойы «Шарайнаны» жүргізеді. Осылайша 32 жылда тілші, диктор, редактор, тілшілер қосынының жетекшісі, продюсер қызметтерін атқарды.

Ал тілші Тілеуқабыл Мыңжасар телевизия саласында 25 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. 10 мыңға тарта репортаж әзірлеп, көптеген түйткілдің түйінен тарқатуға сеп болған. «Әрі қайнаған жаңалықтар ортасында құрыштай шынығып, шыңдалдық», – дейді қазақ журналистикасының мэтрі.

Тілеуқабыл Мыңжасар, «Хабар» Агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі:

- Бір күні бір материалды Жамбыл ауданынан алып келгенмін. Ләззат Танысбаева жүргізуші еді. Ләззатқа: «Мынаны бүгінге үлгереміз ба?», – деп едім, «Бір сағат бар, үлгересіз, жаза беріңіз», – деді. Оны жазып, монтаждап боламын дегенде бес-ақ минут қалды. Бір кезде мен кассетаны алып, жүгіріп студияға бара жатырмын. Ләззат дикторлық мәтінімді айтып жатыр. Сонда апарып бердім, олар салып келіп жіберді, кетті ары қарай эфирге. Осындай оқиғалардың талайы болды.

Диктор, тілші үнемі халық назарында болғанымен, кадрдан тыс жұмыс жасайтын мамандар жеткілікті телевизия саласында. Мәселен, еліміздегі маңызды оқиғаларды таспаға басып, көрерменге жеткізетін оператор. Қайрат Атагелдиев «Хабар» Агенттігі құрылғаннан күннен арнамызда тер төгуде. Ол – қазақ телевизиясы саласындағы қазақтан шыққан алғашқы бас оператор.

Қайрат Атагелдиев, «Хабар» арнасының аға телеоператоры:

- Баяғыда бізге үйретуге BBC-дан бір оператор келді. Сонда бізбен бір ай жүріп, «Мен сендерге таңғалдым. Бізде, BBC-да жаңалық түсіретін, спортты түсіретін, концертті түсіретін бөлек оператор болады. Сендердің операторларың барлығын түсіреді екен, қалай түсіру керектігінін барлығын біледі екен», – деген болатын.

Оператордың жұмысы сырттай қарағандай жеңіл секілді көрінеді. Алайда 20 келілік камера мен штативті көтеріп тау-тасты аралау, от пен шоқтың ортасында жүріп, қызықты әрі айрықша кадрларды түсіру оңай шаруа емес. Еңбегі шығармашылық ортада бағаланғанымен, кадрдан тыс қалып қоятын өзге де мамандар жетерлік. Олар – жарық қоюшы, режиссер, видеоинженер. Әрине, бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әрқайсысының өз орны бар. Қазақ телевизиясының өркендеуіне төл үлесін қосып келе жатқан ардагерлеріміз елордаға арнайы шақырылып, 60 жылдыққа орайластырылған «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының марапаттау рәсіміне қатысады. Жас журналистерге дәріс оқып, төл тәжірибелерімен бөліседі.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Дәурен Жұрқабаев