ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Хабар» арнасы «Тергеушілер» және «Арман жолында» телехикаяларын ұсынады

«Хабар» арнасы «Тергеушілер» және «Арман жолында» телехикаяларын ұсынады

«Хабар» арнасы 2017 жылдың желтоқсан айында киносүйер қауымға «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген  «Тергеушілер» телехикаясы мен «Арман жолында» драмасын ұсынады.

«Тергеушілер» – Қазақстандағы алғашқы детектив жанрында түсірілген қазақ тілді телехикая, толықтай шындыққа негізделген.

Картинада денсаулығы мен өмірін қатерге тігіп, қарапайым азаматтарды қорғау үшін батыл қадамдар жасайтын полицейлердің күнделікті жұмысы баяндалады. Оқиға желісі бойынша аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған жас та батыл тәртіп сақшылары әртүрлі қылмыстарды ашып отырады. Басты рөлдегі Кәмшаттың образын танымал актриса Гүлшарат Жұмабаева сомдайды.

«Детектив жанры көрерменге қашанда қызық. Мүмкін көрермендер сюжетке елітіп, басты кейіпкермен бірге жұмбақтың шешімін табуға тырысатындығынан болар. «Тергеушілер» детективті телетуындысы – осындай жобалардың бірі. Сондай-ақ көрермен фильмнен құқық қорғау органдарының қалай жұмыс істейтіндігін көреді», – дейді «Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахимжанова.

Телехикаяның алғашқы бөлімі 2017 жылдың 5 желтоқсаны күні сағат 19.30- да көрсетіледі. Көрсетілім күндері сейсенбі-жұма аралығы. 

«Арман жолында» 12 бөлімді драмада велоспортшылардың жеңіс жолындағы қызыққа толы ғұмыры суреттеледі.  Оқиға желісі бойынша, ауылдағы мектепте оныншы сынып оқитын Арман есімді бозбала кәсіби велоспортшы болуды армандайды. Атасы Мұқанның жетекшілігімен әкесінен қалған ескі велосипедпен жаттығып жүреді. Оның ауылы таулы аймақта орналасқан.

Жыл сайын мұнда жас велокомандалар оқу-жаттығуға келеді. Сондай жаттығудың бірінде хат тасып жүрген Арманды жаттықтырушы көріп, дайындыққа шақырады. Солай кейіпкердің кәсіби спорттағы ұзақ һәм қызықты жолы басталады.

Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Аслан Анарбаев сынды жас актерлермен, Алтынай Нөгербек,  Сағат Жылгелдиев секілді танымал өнер иелері сомдайды. Картина режиссері – Бейбіт Өнер.

«Жасұлан Көпберген мен Аслан Анарбаев осы туындыға түсу үшін тыңғылықты дайындалды. Біз Қазақстанның Велоспорт федерациясымен байланысып, кәсіби жаттықтырушымен келістік. Жігіттер бір ай бойы велоспорт техникасы, велосипедті дұрыс жүргізу ережелерін меңгерді», –  дейді фильмнің продюсері Ардагер Сантыбаев.

Картина 26 желтоқсаннан бастап көрсетіледі.