Хабар телеарнасы

«Тергеушілер»

Қазақстан кинематографы тарихындағы алғашқы шытырман оқиғалар телехикаясы қарапайым азаматтарды қорғау үшін басын бәйгеге тігіп жүрген полицейлердің күнделікті жұмысы жайлы баяндайды.

Қазақстандық жобаға халықаралық команда жұмылдырылған. Фильмнің режиссері – украиналық Ахтем Сеитаблаев.
Оның айтуынша, детектив жанры көрермендер үшін қашанда қызық, өйткені таразының бір басында қылмыскерлер, екінші жағында тұрған полицейлер қылмыстың бетін ашып, күдіктіні құрықтау үшін ақыл-ой мен мол тәжірибе керек.

Телехикаяның басты кейіпкерлері – аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған тәртіп сақшыларының тобы. Майор Мырзабекқызын актриса Гүлшарат Жұбаева сомдайды. Оның бұл рөлге таңдалуы тегін емес, ол – таэквондодан спорт шебері.
Гүлшарат Жұбаева: «Мен бұған дейін Ішкі істер қызметінде жұмыс істегім келген. Аз ғана уақыт істеп те көргенмін. Жан-жағында болып жатқан әртүрлі жағдайға, оқиғаларға байланысты қатал болуға, екінші жағынан суыққанды қарауға тура келеді», – деді.

Телехикая 16 сериядан тұрады. Неміс франшизасының негізінде түсіріліп жатқан «Тергеушілер» сериалы жуырда көрермен назарына ұсынылады.