Хабар телеарнасы

Қазақ тарихындағы махаббат жайлы 5 аңыз

Қазақ тарихындағы махаббат жайлы 5 аңыз

Қазақстанда 15 сәуірде ұлттық ғашықтар күнін атап өту 2011 жылдан бастап дәстүрге айналған. Бұл датаны кейде кіршіксіз махаббат пен мөлдір сезімнің символына айналған қос ғашық «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні» деп те атайды.

Жалпы ғашықтық, махаббат жайлы қалам тербемеген, жырына қоспаған жан кемде-кем шығар. Біз осы орайда барлығын болмаса да, қазақ даласының тарихында қалған махаббат жайлы 5 аңызбен бөлісуді жөн көрдік.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу

Бұл екі ғашық шамамен XII-XIII ғасырларда ғұмыр кешкен. Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп құдаласып қояды. Уақыт өте атастырылып қойған Қозы мен Баян жүздерін көрмегенімен, бір-біріне ғашық болады. Бірақ Қарабай аң аулап жүріп қаза болған Сарыбайға берген уәдесінен тайып, қызын жетім ұлға бергісі келмей, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян Қодардан Қозының кегін қайтарып, ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мавзолейі (ШҚО, Семей, Аягөз ауданы). Фото: theopenasia.net

Еңлік – Кебек

«Еңлік – Кебек» поэмасы – Шәкәрім Құдайбердіұлының туындысы. Екі жастың махаббаты жайлы XVIII ғасырдан бастап ел арасына кең тараған. Кебек – Тобықтының батыры. 15 жасында-ақ көпшілік ішінде кішіпейілдігімен танымал болған ол аузы дуалы Нысан абызды әдейі іздеп барып, бал ашуын сұрайды. Кебектің болашағын болжаған Нысан абыз ажалы сұлу қыздан болатынын ескертеді.

Арада біраз уақыт өткен соң Кебектің жолы кемпір-шалдың бой жетіп отырған Еңлік есімді қызы бар үйге түседі. Еңлік екеуі сыр ақтарысып, бірін-бірі өзіне тең көреді. Түрлі сынды кешкен қос ғашық ұлды болып, жартаста тығылып өмір сүріп жатқан жерінен Найман мен Тобықты адамдары тауып алады. Олар құшақтасқан екі жасты ат құйрығына байлап, сүйреп өлтіреді. Екеуін бірге жерлеп, бала жайлы ұмытып кете барады. Ертесіне бала естеріне түсіп, іздеп келсе, оны жартас маңынан таба алмайды.

Еңлік-Кебек мазары – ШҚО, Семей, Абай ауданы. Фото: theopenasia.net

Қалқаман – Мамыр

Қалқаман – Мамыр жайлы бізге Ш.Құдайбердіұлының дастанынан мәлім. Ол 1722 жылы болған тарихи оқиғаға байланысты шығарылған.

Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты екеуі «дәстүрді бұзғаны үшін» өлім жазасына кесіледі. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолынан қаза табады. Ал Қалқаман өзін өлім жазасына кескен Кеңгірбай бидің «Енді жазадан құтылдың» дегенін тыңдамай, үстем тап өкілдеріне өкпелеп, Бұхар жаққа кетіп қалады.

«Қалкаман-Мамыр» иллюстрациясы. Авторы: Қалибек Айнажаров. Фото: vlast.kz

Қыз Жібек – Төлеген

Төлеген мен Жібек – бірін-бірі шын сүйген ғашықтар. Бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарға жас үйірмей қоймайды. Жібек бейнесі – сұлулық пен әсемдіктің нышаны.

Базарбай байдың Төлеген атты ұлы 14 жасқа толғанда өзіне жар іздеп, 210 сұлудың арасынан Сырлыбай ханның Жібек атты қызын ұнатады. Үш ай Сырлыбай ханның елінде болған ол өз еліне бармақ болып сапарға шығады. Бірақ Жібекті қызғанып, жол тосқан Бекежан қапыда Төлегенді өлтіріп, қазасын Жібекке өзі келіп естіртеді. Сол үшін Бекежан өлім жазасына кесіледі. Хабарсыз кеткен Төлегенді іздеп шыққан інісі Сансызбай қалмақ ханы Қоренді өлтіріп, Жағалбайлы елін жаудан азат етеді. Сондай-ақ ол әмеңгерлік салтымен Жібекті алады.

«Қыз Жібек» фильмінен алынған кадр. Фото: Weproject.kz

Естай – Қорлан

Қыпшақ руынан шыққан Сұлтан деген байдың Хұсни және Хорлан атты екі қызы болған. Естай әнші досы Шошанмен оның қалындығын көруге Сұлтан байдың ауылына барады. Сонда күйеу жігіттің құрметіне жиналған жастардың арасынан Хорлан мен Естай бір-бірін ұнатып қалады. Бірақ Хорлан өзгеге айттырылып қойылған болатын. Сондықтан Естай қызды ұрлауға бел байлайды. Жастардың ойлағаны барлығына аян болып, ашу кернеген әкесі қыз атастырылған жақтан қалыңдықты алып кетулерін талап етеді. Асығыс той жасалып, Хорлан алыс ауылға келін атанады.

Естай көзі жұмылғанша Хорланды ұмыта алмай, өзінің өмірлік қайғысы, орындалмаған арманы жөнінде «Хорлан» әнін шығарады. Сондай-ақ әншінің қолындағы үлкен алтын сақина болатын. Естай оны «Хорланнан қалған естелік» деп ерекше бағалаған.

Фото: Comode.kz