12:00 Әрі қарай эфирде: Жаңалықтар
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Көне жетігеннің сыры» телехикаясының түсірілім алаңынан фоторепортаж

Жол жөндеу жұмысы барысында экскаваторшы Қазығұрт жотасының бойынан былғары қап тауып алады. Шіріп бара жатқан бұл қаптың ішінде «жетіген» деген көне музыкалық аспап пен ішектерінің тірегі саналатын асықтар жатыр екен. Жетігеннің сыртында шегіршінмен жазылған арабша жазу әрең байқалады.

Кинотуындының бас кейіпкері Самал – Өнер академиясы «музыкалық аспаптар» факультетінің 4-курс студенті. Оның курстық жұмысының тақырыбы: «Жетіген ұлттық музыкалық аспабы».

Аталмыш аспаптың жергілікті өлкетану мұражайына тапсырылғанын білген ол досы Нұржанмен бірге археолог Жандосты ертіп, жетігенді толық зерттемекші болады. Біріншіден ондағы ежелгі жазудың мағынасын анықтап, екіншіден соның негізінде аспаптың жеті асығын табуға бел буады.

Белгілі болғандай, жетігеннің жеті асығы өңірдің жеті тарихи жеріне жасырылған. Жазуға мән берсе, асықтарды тапқан кезде қандай да бір ғажайыптың болуы керек. Жастар табандылығы мен тапқырлығының арқасында керемет жаңалық ашады.

Ең қызығы жетіген Шығыстың ұлы ғұламасы, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің музыка туралы трактатын шығаруға негіз болған.

Фильм кейіпкерлері қандай қиындықтарға тап болады? Асықтарды іздеу жолында қай жерлерге барады?

25 шілде күні сағат 21:30-да «Хабар» арнасынан шығатын «Көне жетігеннің сыры» телехикаясын өткізіп алмаңыздар!