Хабар телеарнасы

«Өмір жолы». Күләш Байсейітова – Қазақ операсының негізін қалаған әнші

Күләш Жасынқызы Бәйсейітова – қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық әртісі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ол Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген.

Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойындағы қабілеттің дамуына әкесі Жасынның әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, мұндағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді әртістерінің қатарынан көріне бастайды. Ол аз уақыттың ішінде Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н.В.Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия Тихонованың, М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клавдияның, Қ.Бәйсейітов пен А.Шаниннің «Зәуресіндегі» Зәуре, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Еңліктің рөлдерін ойнап, сахналық тамаша қабілетімен танылады.

Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рөлді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» - Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рөлдер арқылы оның бойындағы әншілік-әртістік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленді. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», А.А. Зильбердің «Бекет», И.Н. Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пуччинидің «Чио-Чио-Сан», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», А.Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рөлдерде ойнап, басты вокалдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды.