Хабар телеарнасы

«Өмір жолы». Мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов

Тұрар Рысқұлов – мемлекет қайраткері. Ол 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысында дүниеге келген. Тұрардың өміржолына қатысты басқа дерек те бар. Қызы Сәуле Тұрарқызының айтуынша, жетімдік пен кедейлік қамытын ерте киіп, әділетсіздік көрген әкесі әдейі жасын 2 жылға үлкейтіп алғанын айтады. Яғни Тұрар 1896 жылы туған. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80 жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай, Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеге қамалған әкесі жалғыз ұлы Тұрарға өш алушылардың зияны тиер деп өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» аталған Тұрар Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп, орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып, Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов – «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. Түрмеде әкесі баласына өткен өмірін айтады. Араға жылдар сала Тұрар әке әңгімесін досы Мұхтар Әуезовке айтады. Ұлы жазушы сол әңгімеден «Қараш-қараш оқиғасы» деген атақты туындысын жазып шығады. Осылай Тұрар әкесіне әңгімеден ескерткіш қояды.

1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды.

1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға жұмсады. Әулиеата уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартылып алынған қазақтардың мал-мүліктерін өздеріне қайтарып бергізуге тырысты. Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады.

1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып, орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Ол Түркістан Республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады.

1924 жылы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне орай Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберілді. Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын.

1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді.

1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды. Тұрар Рысқұлов КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.