Хабар телеарнасы

«Өмір жолы». Мемлекет және қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, математикадан тұңғыш қазақ профессоры.
Әлімхан Ермеков 1891 жылы осы күнгі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Бөріктас ауылында дүниеге келген. 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр болған Әлімхан мектепті үздік бітіріп, 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. Осы оқу орнын 1912 жылы алтын медальмен бітіріп, Томск технология институтының тау-кен факультетіне қабылданады.
Патша өкіметі құлатылғаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдайды айқындап, алда не істеу керектігін шешіп алу үшін жер-жерде қазақ съездері ашылып жатты. Ә.Ермеков, алғаш рет саяси іске алаш қозғалысына, 1917 жылы 27 сәуір, 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда ол басқа да адамдармен бірге съезд президиумының хатшылығына, одан кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайланады. Кейін Қарқаралыда мектеп ашады, Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында математикадан дәріс оқиды. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «қазақ тілінің математика терминдері» (1936) атты оқулық, кітаптарды жарыққа шығарады.
1929-1930 жылдары бір топ қазақ зиялылары абақтыға алынып, тергеуге түскенде, Ә.Ермековті де түрмеге қамайды. Алаш ісінің мүлдем құртылып, ұрпақтық сабақтастық үзіліп қалмау және ұлт зиялылары болашақты ойлап, Алаштың жас түлек дарындары М.Әуезов пен Ә.Ермековті сақтап қалу мақсатында олар, «кінәларын мойындап» сол жолы бостандыққа шығады. Алайда тағы да 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жаламен қайта ұсталып, 1958 жылы босайды. 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқиды.
1970 жылы қайтыс болады.