«Жетi күн». 17.01.2015 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жетi күн». 17.01.2015

  • Сенбі, 17 Қаңтар 2015 21:05

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕЛ БЮДЖЕТІНІҢ КҮРТ ҚЫСҚАРУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҮКІМЕТ КЕЙБІР ПАРАМЕТРЛЕРДІ ҚАЙТА ҚАРАУЫ ТИІС. АҚОРДАДА  ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТКІЗГЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫНЫ ТАПСЫРДЫ. «СОҢҒЫ ЖАРТЫ ЖЫЛДА МҰНАЙДЫҢ БАҒАСЫ БАРРЕЛІНЕ 50 ДОЛЛАРДАН ТҮСІП КЕТТІ.

ДАҒДАРЫС ЭКПОРТТЫҚ ТАУАРЛАРДЫҢ ТӨМЕНДЕУІНЕ ДЕ ӘСЕР ЕТТІ. БЮДЖЕТКЕ ПАЙДА ӘКЕЛІП ОТЫРҒАН ТҮСТІ ЖӘНЕ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ ӨНІМДЕРІ АРЗАНДАДЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР УКРАИНАДАҒЫ АХУАЛ, «САНКЦИЯЛАР ШАЙҚАСЫ», РЕСЕЙЛІК РУБЛЬДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ, МҰНЫҢ БӘРІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТПЕЙ ҚОЙМАДЫ. ТИІСТІ ШАРАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ», – ДЕДІ ПРЕЗИДЕНТ. БЮДЖЕТКЕ БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ БІР РЕТ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛГЕН. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ КЕҢЕС КЕЗІНДЕ БАРЛЫҚ НӘРСЕДЕ ҮНЕМДЕУГЕ КІРІСКЕНІМІЗДІ ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРУ КЕРЕК ЕКЕНІН АЙТТЫ. АҚОРДАДАҒЫ АЛҚАЛЫ КЕҢЕС ЖАЙЫНДА БАУЫРЖАН БАҚЫТБЕКҰЛЫ ӘҢГІМЕЛЕЙДІ.

 

Жаһанға дағдарыстың жаңа толқыны таяды. Тіпті кей елдерді қаржылық қиындықтар қазірден тығырыққа тіреді, рас. 2007-де гәп банктік жүйенің сыр беруінен болса, бұл жолы – геосаяси жағдай негізгі фактордың бірі. Оның үстіне әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт құлдырауы көп елдің кірісін азайтты. Бұл тізімге Қазақстанды да кіргізуге болады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Біз бұрындары да айтып келдік. Менің Жолдауымда да айтылған. Өткен дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Оның салдары әлі де сезіліп келеді. Қазір біз жаңа дағдарыстың ішіне кірдік. 

 

Иә, бұл – алдыңғы дағдарыстың жалғасы. Ол кезде «Жел» мұхиттың арғы бетінен соққан-тын. Осы жолы оның өршуіне сеп болған елдер де, себептер де сәл өзгеше. Оларды Елбасы жіктеп берді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қазіргі дағдарыстың шығып жатқан себебі, біріншіден, біздің сыртқа шығарып сататын тауар бағаларының төмендеуі, әсіресе мұнайдың арзандауымен байланысты. Жарты жылда 110 доллардан сатылған мұнайдың баррелі қазір 50 доллардан түсті. Ел бюджетіне қаражат түсімін қамтамасыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің де бағасы төмендеді.

Ақордадағы биылғы бірінші жиында-ақ Елбасының елдің экономикалық дамуын мәселе етіп көтеруі бекерден бекер емес. Нұрсұлтан Назарбаев өткен тәжірибеміздегідей осы жолы да дағдарыстан экономикалық өсіммен өтуді мақсат қылып отыр. Бұл үшін күні бұрын қамданбақ керек. Президенттің Үкіметті, тіпті түгелдей халықты үнемділікке үндеп отырғаны да содан.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-В связи с таким резким сокращением доходов нашего бюджета правительству придется пересмотреть кое, какие параметры. Мы уже изменения внесли, если надо будет, посмотреть ещё и здесь мы должны четко разъяснить и прямо, и честно народу говорить, что сейчас мы приступим к экономии во всем. Во-первых, придется кое какие строительные дела свернуть до лучших времен. Надо сейчас достроить то, что строится, а новое строительство пока прекратить. Переживем. Пройдет кризис, он долго не бывает, снова начнем над этим работать.

 

Президент бір нәрсені қатаң талап етіп отыр. Қаржылық қиындықтың салқынын қарапайым халық сезінбеуі тиіс. Әлеуметтік жәрдемақылар бір тиынға да қысқармауы керек. Ал жұмыссыздықпен күрес – әдеттегідей, Үкімет ерекше екпін салатын саланың бірі. Әрі-беріден соң бұл – экономикалық өсімді баяулатпаудың басты тетігі.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Біз бұлай боларын білдік, алдын ала қамдандық. Сондықтан да біз «Нұрлы жол» бағдарламасын түздік. Екіншіден, ИИДБ жалғастыратын болдық. Бұл екі бағдаралама да дағдарысқа қарсы жасалған әрекетіміз. Біріншіден, экономиканың төмендемеуін қамтамасыз ету, екіншіден, жұмыс орнын азайтпау ең үлкен екі мәселе болып табылады.

 

Бір ғана Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ел аумағында биыл 75 нысан салынады. Бұл 7500 азамат екі қолға бір күрек табады дегенге саяды. Бөлінетін қаражат қомақты. Сәйкесінше, оның сұрауы да қатты болады. Әсіресе қазіргі жағдайда азды көпке ұқсата білгеніміз жөн. Бұл барлық салаға қатысты.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Есть моменты, когда мы тратим государственные бюджетные деньги направо и налево. У нас и богатые, и бедные платят одинаково. Так не должно быть. АСП, социальная помощь многодетным, малообеспеченным это не распространяется на зажиточных людей. У нас все подряд, везде. И детские сады у всех одинаково и плата за питание детей везде одинакова. Все одинаково и все за счет государства. И правильно, что группа депутатов Парламента говорит о том, чтобы все это пересмотреть, и эти деньги направить на более эффективные, которые нам сегодня необходимы. Главная задача заключается в том, чтобы простые люди не пострадали из-за кризисных явлений. А те, кто может, пусть платит сам. Государство – это не дойная корова.

 

Қалай болғанда да, Қазақстанның қаржылық қиындықтарға қарсы тұруға қауқары бар. Қоры да жеткілікті. Елбасының тапсырмасымен министрлер кабинеті әлемдегі бүгінгі ахуалдың түрлі нұсқада өрбуінің сценарийлерін әзірледі. Президент: «Енді оларға арналған нақты жоспарлар түзу керек», - деді. Ресей мен Батыстың байланысы, шикізат бағасының өзгеруі де бір сәт назардан тыс қалмағаны ләзім.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Основные итоги мы подведем к концу января или в начале февраля. Ол кезге қарай Үкіметте ахуалдың өрістеуінің барлық ықтимал жағдайына арналған нақты жоспар дайын болуы тиіс. Мүмкін мұнай бағасы 50-ден, 40-қа, тіпті 30 долларға түсіп кетуі мүмкін. Бізде кез-келген осындай форс-можор жағдайға жауабымыз дайын болуы керек.

 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі  

-Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық құралдар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы биыл Үкіметтің контрциклдық экономикалық саясатын іске асырудың негізгі өзегі болады. Сонымен қатар практикалық сипаттағы шаралар жиынтығы, соның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін дамыту, жаңа тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ашу шаралары әзірленді. Бұдан бөлек, біз  отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тетіктерін түздік.

 

Бақыт Сұлтанов, ҚР қаржы министрі

-2014 жылдың нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджеттің өлшемдері толық орындалды. Атап өтетін жайт, өңірлердегі жергілікті бюджет қаржысы тұрақты өсуде. Салыстырмалы түрде қарасақ, республикалық бюджет 5 пайызға, өңірлік бюджеттер 15 пайызға ұлғайып отыр. Жылдың 2-ші жартысында бірқатар шығыс көлемін қысқартуға қарамастан, негізгі бюджет өсімі сақталды. Жалпы 2014 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттерде қалған қаржы – 100 млрд теңге көлемінде. Ал республикалық бюджет 99,4 пайызға игерілді.

    

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы

-Елбасы өткізген кеңесте өткен 2014 жылдың болжамды қорытындысы жасалды. Сондай-ақ 2015 жылға арналған макроэкономикалық саясат баяндалды. 2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті,  соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. Ұлттық банктің алтын-қаржылық қоры 17 пайызға дейін өсіп, 28,9  млрд долларды құрады. Жалпы айтар болсақ, беріктік қоры бұрынғы жылдары да жасақталған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің Ұлттық қор да құрылды. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырумен бірге алғанда, бұл 2015 жылға арналған экономикалық саясатты сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Елбасы әлемдік нарықтағы ахуалды тікелей бақылап, назарда ұстауды тапсырды. Бұдан бөлек, нақты жоспар құру керектігін де Елбасы қадап айтты. Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті. Бұл туралы Үкіметпен ортақ мәлімдеме жасаған кезде де айтқан болатынбыз.

 

«Экономиканы әртараптандыруға қазынадан былтыр бөлінген 1 млрд теңге әлі толық жұмсалған жоқ. Бұған «Нұрлы жол» аясында жыл сайын бөлінетін 3 млрд долларды тағы қосыңыз. Халықаралық қаржы институттары 9 млрд доллар құйып, Қазақстанда 40 нысан салуға келісіп отыр. Көрші елдің іскерлері қосымша 20 өндірісті өзіміз саламыз», – деді. Бұл айтылғандар алдыға оптимизммен қарауға толық негіз бола алады. Тек ерінбей еңбек ету ғана қалды. Елбасының да талабы осы.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қай жерде жұмыскерлердің қолы босайды. Оларды мына жұмысқа қалай алып келуіміз керек. Жол салуға, үй салуға. 2007-2009 жылдарда жасалған дағдарысқа қарсы жұмыстарды еске түсіру керек те, барлық адамдары жұмысқа орналастыру керек. Ол кезде бұдан да қиын болған. Мұнай бағасы 30 доллар болған.  Одан шыққанбыз жағдайымыз қиын болса да. Бірақ барлығымыз, Үкімет, әрбір әкімшілік, облыс, аудан, ауыл, барлығы жұмыс істейтін болса, біз барлық мақсатымызды орындаймыз.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕЛ ҮКІМЕТІ БЮДЖЕТТІҢ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАРАМЕТРЛЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУҒА КІРІСТІ. МҰНАЙДЫҢ ОРТАША ЖЫЛДЫҚ БАҒАСЫ БАРРЕЛІНЕ 50 ДОЛЛАР ДЕҢГЕЙІНДЕ БОЛАДЫ. АЛ ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМНІҢ ӨСІМІ 2015 ЖЫЛЫ 1,5 ПАЙЫЗ, 2016 ЖЫЛЫ 2,3 ПАЙЫЗ, 2017 ЖЫЛЫ 3,4 ПАЙЫЗ ДЕП БАҒАЛАНЫП ОТЫР. ПАРЛАМЕНТТЕГІ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫНА ДЕЙІН ЖУРНАЛИСТЕРМЕН СҰХБАТТАСҚАН ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ ОСЫЛАЙ ДЕДІ. БҰЛ ЖАЙЫНДА «ВЛАСТЬ» ИНТЕРНЕТ ЖУРНАЛЫ ЖАЗАДЫ. «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚОРЫНЫҢ 2015 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ҚАЙТА ҚАРАЛЫП, ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМАЛАР ӘЗІРЛЕНЕДІ. АҚОРДАДА ҰЛТТЫҚ ӘЛ-АУҚАТ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВТІ ҚАБЫЛДАҒАН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫНДАЙ ТАПСЫРМА БЕРДІ.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-«Самұрық-Қазынаға» кіретін компаниялардың өздерінің жағдайы дұрыс болуы керек. Мынау бағалар төмендеп жатқан кезде жұмыс орындарын сақтап қалу, соларға жұмыс тауып беру мәселесі, содан кейін бұрынғы жоспарларымыз бар, жекешелендіру мәселелері, оптимизация мәселелері, шығыстардың барлығын қысқарту, табыстарды көбейту, жаңадан дағдарыс жағдайында не істейін деп жатырсыңдар? Қазақстанның бүкіл өндіріс мекемелерінің барлығы сендерде ғой.

 

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы

-Биылғы 2015 жылы 524 млрд теңгеге қысқарту қарастырып отырмыз. Оның ішінде өзіндік жаңа өндірістік шығындарды өзіндік құнын 7,8 пайызға қысқартамыз деп отырмыз. Әкімшілік шығындарды 20 пайызға қысқартамыз. Жаңағы инвестициялық жобаларды қысқартқанда, ол да 18 пайызға жалпы сомасы қысқаратын болады. Аймақтағы жағдай жаңаша қалыптасып жатыр қазір. Экономикалық, қаржылық жағдай, біздің кейбір компанияларымыздың қаржылық тұрақтылығы жағынан, содан жаңа бағдарлама түзіп, жаңа жоспар жасап, көп шығындарды ықшамдап, біраз стратегиялық маңызы төмен инвестициялық жобаларды қысқартып, біраз жоспар түзіп. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-БЫЛТЫРҒЫ ЖЫЛДЫ 4,3 ПАЙЫЗДЫҚ ӨСІММЕН АЯҚТАДЫҚ. ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ ОЛЖАЛЫ БОЛДЫ ДЕГЕНІМІЗБЕН, ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ. УКРАИНАДАҒЫ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ, РЕСЕЙ ЖӘНЕ ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ ПЕН АҚШ АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА САНКЦИЯЛАР, ОСЫНЫҢ БӘРІ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ӨЗ ӘСЕРІН ТИГІЗДІ. БІР ҒАНА МЫСАЛ. МҰНАЙ МЕН НЕГІЗГІ МЕТАЛЛДАР БАҒАЛАРЫНЫҢ ТӨМЕНДЕУІ ТАУАРЛАР ЭКСПОРТЫН 5 ПАЙЫЗҒА КЕМІТТІ. ДҮНИЕНІҢ ТЫНЫШЫН АЛҒАН ДАҒДАРЫС ҚАШАН АУЫЗДЫҚТАЛАДЫ? ЖУРНАЛИСТ МАҚПАЛ МАДИЯРОВА САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІН ТЫҢДАДЫ.

 

Әлемде мұнай бағасының құлдырауы тоқтамай тұр. Мәселен, лондондық биржада BRENT маркалы мұнай барреліне 46 долларға түссе, нью-йорктік сауда биржасында баррелі 45 долларға дейін арзандаған. Қара маржанның осынша құнсыздануы экспорттаушы-мемлекеттер ұйымының белді мүшесі Венесуэланың өзін алаңдатты. Сөйтіп Венесуэла президенті Сауд Арабиясының ханзадасымен кездесіп, оны мұнай бағасын тұрақтандыруға үгіттеп көрді. Сондай-ақ ол Иран, Алжирдің мемлекет басшыларымен де арзан мұнайдың мұңын сөз етті. Алжир, Венесуэла, Иран, тіпті, Сауд Арабиясы да мұнай экспорттаушы елдер ұйымының мүшесі екеніне қарамастан, қара алтынның шектен тыс арзандауын құптамайды-ақ. Бірақ  мұнай өндіру көлемі тәулігіне 9,6 млн баррельді құрайтын Сауд Арабиясы нарықтағы өз үлесін жоғалтпау үшін бағасы 20 долларға түссе де, мұнай өндіруді тоқтатпайтындарын шегелеп айтты.

 

Ханзада Аль-Фалид ибн Талал, «Today USA»: Біз мұнай экспорттаушы елдер ұйымының мүшелеріне сенбейміз. Сондай-ақ бұл ұйымға кірмейтін елдерге де сене алмаймыз. 1980 және 1990 жылдары Сауд Арабиясы өндіріс көлемін қысқартқанда, басқа мұнай өндіруші елдер бізді алдап, нарықтағы үлесіміздің жартысын жаулап алған. 

 

1980 жылы баррелі 104 доллар болған мұнай құны 1983-те Сауд Арабиясы өндіріс көлемін арттырғанда 69 долларға бір-ақ құлаған. 1986-да тіпті 30,67 долларға құлдыраған. 1998 жылы Азиядағы қаржылық дағдарыс салдарынан мұнай 18 долларға жеткен. «Соңғы отыз жылда мұнай бағамының бір көтеріліп, бір түсуі – саяси, экономикалық оқиғалардың, табиғи апаттардың нәтижесі», – дейді сарапшылар. Мәселен, 1990 жылы Ирак Кувейтке шабуыл жасағанда мұнай 49 доллар болған. 2001 жылы 11 қыркүйектегі теракт салдарынан 32 долларға жеткен. Бұл жолғы құнсыздану себебін сарапшылар сланцты мұнай өндірісінің артуымен байланыстырады. Сланцты мұнайға арқа сүйеген АҚШ импорт көлемін азайтқан, тіпті өздері сланцты мұнайды экспорттауға көшкен.

 

Әбутәліп Әбдіхалық, экономист

-Американың сланцты нефт дегені шықты ғой, бағасы томендеу. Соның әсері деп ойлаймын.

 

«Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының шектен тыс мұнай өндіруді тоқтатпай отырғанына да осы сланцты мұнай кінәлі. Өйткені жұмсақ мұнай өндірісі азайған сәтте, сланцты мұнай үлесі нарықта артып кетеді», – деп үрейленеді олар. Сондықтан да картель тәуекелге бармайды. Алайда кей сарапшылар сланцты мұнай өндіру қиын әрі қымбат болғандықтан, картельдің мұнша мазасыздануына негіз жоқ екенін алға тартады.   

 

Төлеген Хасанов, ардагер мұнайшы

-Бұл ауыр мұнайдың құрамына жатады. Құрамында смола, парафин жеңіл мұнайдан салыстырғанда, екі есе қаржы көп жұмсалады. Бірақ соған қарамай, Америка бірінші орында тұр. Кейбір компаниялар қиын жағдайға түсіп кетті. Егер осылай бере болатын болса, сланц мұнайын өндіруді тоқтауы мүмкін.

 

Сондай-ақ сарапшылар: «Әлемдік экономикада энергоресурстарды тұтыну қарқынының бәсеңдеуі, Еуропа елдеріндегі экономикалық дамудың тежелуі, Жапонияның шикізатқа сұранысының азаюы да мұнай бағасына салқынын тигізіп отыр», – дейді. Құнсызданудың тағы бір ұшы АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциясында жатқанын айтады.

 

Ерлан Әбіл, экономист

-Бірінші – саяси дағдарыстан өту. Ресей мен Батыс елдері арасындағы  шиеленістерді шешу. Елбасы осы мәселені шешіп жатқаны да сол. Екінші –мәселе сланц газдары мен мұнай өндіруші елдер арасында бір мәмлеге келу Бұл мәселелерді шешу өзіңіз түсініп отырғандай, бір күнде шешілетін мәселе емес. Біреу: «Жарты жыл», екіншісі: «Екі жыл, үш жыл, оны уақыт көрсетеді», - дейді.

 

Сауд Арабиясының ханзадасы баррелі 100 долларлық мұнай енді келмеске кеткенін мәлімдеген. Әлемдік мұнай нарығын болжаушылар: «2015 жылдың наурызында Брент маркалы мұнай барреліне 31 долларға арзандайды», – дейді. Мұнайды тұтынушы елдердегі өңделмеген мұнай қоры артқан сайын баға құлдырауын тоқтатпайды. «Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерде 2015 жылдың бірінші тоқсанындағы мұнай қоры шамамен 2,83 млрд баррельді құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 180 млн баррельге артық», – дейді есептегіштер. Ал мұнай экспорттаушы елдер ұйымына кіретін мемлекеттердің мұнай бағасы 20 долларға құласа да, берекелері қашпайды. Өйткені оларда мұнай өндірудің өзіндік құны арзан. Негізінен дүние жүзі, соның ішінде мұнай қоры жөнінен 12 орын алатын ішкі жалпы өнімнің 22 пайызын мұнай мен газ өндірісі құрайтын біздің елге де оңайға соқпасы анық бұл экономикалық стресстің. Алайда Үкіметтің алда кездесер кедергілердің алдын алар жоспары жоқ емес.

 

Әбутәліп Әбдіхалық, экономист

-Негізгі мұнайдан түсетін қаражаттардың барлығы ұлттық қорға түсіп келген. Әлде де түсетін боса, біздің экономикамыз әп-әдемі шыдайды. Неге десеңіз? Ұлттық қор жоқ мемлекеттер бар. Оларға ауыр тиеді.

 

Әлемдік ахуалға орай, бюджеттің кіріс-шығысына түзетулер енеді. Жұмыссыздықтың алдын алу үшін Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасы жалғасын табады. Үкімет жағдайды бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдаудың қамына кірісті.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ДАҒДАРЫС ӘЛЕМДІ ӘБІГЕРГЕ САЛДЫ. МӘСЕЛЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЫЗ БОЙЫНША ИТАЛИЯ ГРЕКИЯНЫ БАСЫП ОЗДЫ. АЛ ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ЕҢ ОСАЛ ОЙЫНШЫСЫ ГРЕКИЯНЫ ҚАТАРДАН ШЫҒАРУ МӘСЕЛЕСІ ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНА БАСТАДЫ. БЕЛГІЛІ ДЕГЕН САРАПШЫЛАРДЫҢ ӨЗІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ҚАТЫСТЫ ОҢ БОЛЖАМ АЙТЫП ОТЫРҒАН АҚШ ПЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ СЕКІЛДІ АЛПАУЫТТАРДЫҢ ДА ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС. ЭКОНОМИКА САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ДАМУШЫ ЕЛДЕР МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ӨСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ БОЛЖАМДАРЫН ЖАРИЯЛАП ЖАТЫР. ӘРІПТЕСІМ АҚБӨПЕ БӘКІР ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛҒА ШОЛУ ЖАСАЙДЫ.

 

Вашингтондағы Дүниежүзілік банк ғимараты алдындағы саябақта тұрақты мекенжайы жоқтар көп кездеседі. Бірақ олар маскүнем не қаңғыбас емес. 54 жастағы Лэнс Джонсон – әскери-теңіз күштерінің бұрынғы қызметкері.

 

Лэнс Джонс, АҚШ азаматы

-Сейсенбі, бейсенбі күндері жуынып, көже ішіп, дәмді тағамдар жейміз. Мұны қайырымдылық қорлары ұйымдастырады. Ондай кездері мұнда тіпті жұмысы бар, аз қамтылған отбасы мүшелері де келеді. Яғни олардың мемлекеттен алатын жәрдемақысы мен зейнетақысы үйінің жалдама ақысын төлеуден аспайды.

 

Лондонда дағдарыс салдарынан тұрғындар діттеген жерлеріне жете алмауда. Автобус жүргізушілері соңғы 50 жылда бірінші рет жаппай ереуілдетіп, еңбекақыны көтеруді талап етуде.

 

Блиц

-Олардың ереуілге шығуға құқы бар. Мэр жолақыны көтерді, ал жүргізушілердің жалақысын неге өсірмейді, бүкіл ақша қайда кетіп жатыр?!

 

Ал көлік саласының шенеуніктері: «Бұл талаптарды орындау мүмкін емес, жалақыны арттыру үшін жылына қосымша жүз млн фунт керек. Компаниялар мен көлікті мемлекеттік реттеу мекемесінде мұндай қаржы мүлде жоқ», - дейді. Сарапшылардың АҚШ пен Ұлыбританияға қатысты экономикалық болжамынша, дамушы елдер дами береді, ал Еуроодақ мемлекеттеріне барлығынан жақсы болғанның өзінде де жағдай осындай қиын түспек.

 

Биргит Ханзль, Дүниежүзілік банктің экономикалық үйлестірушісі

-Ғаламдық экономиканың дамуының көрсеткіштерін негізгі үш деңгейге бөлдік. Біздің болжамымыз бойынша, экономикасы дамыған елдерде 3%, дамушы елдерде 4,8, ал Еуроодаққа келер болсақ, 2,6 пайыз көлемінде болады.

 

Грекия – Еуроодақтың ең осал ойыншысы. Оны ұйымнан шығару мәселесі тағы да қызу талқылана бастады.

 

Василис, Афина тұрғыны

-Бізді еуроаймақтан шығарады дегенге сенбеймін. Сенгім келмейді. Олай болған күннің өзінде одақтың барлық түйіні шешілмейді. Оған қоса еліміз енді-енді есін жиып келе жатыр емес пе?

 

Никос Лапоникас, зейнеткер

-Егер аймақтан шығарса, мен үшін бұл әрекет фашизммен тең. Әркімнің айтқанын істеп, қиын кезеңді бастан кешірген соң бізді керексіз ету – барып тұрған опасыздық.

 

Мемлекеттік қарызы бойынша Рим Афинаны басып озды – 2,5 триллион еуро. Жұмыссыздық рекордты деңгейге жетті – 3 млн. Сондықтан Италия билігі қатаң үнемдеу шараларын қабылдауға мәжбүр. Одан ең алдымен, жастар зардап шегуде.

 

Италия тұрғыны

-Жағдайы болмағаннан кейін қыз-жігіттер отбасы құрып, бала өсіруге асықпайды. Себебі болашаққа сенім жоқ.

 

Италия тұрғыны

-Жастар отбасы құрса да, 40-50 жасқа дейін ата-аналарымен сығылысып тұруға мәжбүр. Осындай жағдайда қалайша бала тууға болады?

 

Италия алты жылдан бері рецессиядан шыға алмай келеді. Осы орада айта кетері, Еуропаның қарыз дағдарысына ұшырауына несиенің тым қолжетімді болғаны кесірін тигізді.

 

Лейла Мұзапарова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары

-Яғни Еуропа елдері еуроны бюджет дифицитінен қорғау үшін шығарылған өз ережелерін өздері бұзып, үнемі өсіп отырған қарызға бата бастады.

Сарапшылар әлемдегі қаржылық ахуалды үнемі бақылап, назарда ұстап отырады. Алайда экономикалық қиындықтар әлеуметтік мәселелермен қатар келеді.

 

Игорь Филькевич, Халықаралық интеграциялық ынтымақтастық институтының директоры

-Себебі экономикалық қиындықтардан әлеуметтік мәселелер туындайды. Оған бүгін Францияда болып отырған жағдай дәлел.

 

Еуроаймаққа мүше Франция да осы уақытқа дейін экономикалық мәселелерді назарынан тыс қалдырып келді. Ендігі жағдайдың қалай ушығып отырғанына әлем куә.

 

Бренда Келли, Нарық мәселелері жөніндегі сарапшы

-Соңғы уақытта Францияда да тапшылық сезілуде. Германия сияқты алпауыт елдер қатарына қайта қосылу үшін көп шаруа атқару қажет.

 

Изабель Леку, Париж қаласының тұрғыны

-Бұған дейін жіберілген қателіктерді түзетуге тырысу керек сияқты. Мені мазалайтыны, зейнетақы реформасы, алайда зейнет жасының ұзартылуына қарсымын.

 

Қазіргі таңда Германия экономикасы – еуроаймақтың негізгі қозғаушы күші. Алайда Еуроодаққа мүше елдердің даму қарқыны әртүрлі екенін ескерсек, жағдайдың бір елдің арқасында оңалуы неғайбыл.

 

Лейла Мұзапарова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары

-Біздің болжауымызша, еуро бағамы әрі қарай да әлсірей береді. Кей сарапшылар ол биыл доллармен теңеседі жетеді десе, біздің пікірімізше, ол тағы да төмендеп бір еуро 1,15-1,20 доллар шамасында болады.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-УКРАИНА, РЕСЕЙ, ГЕРМАНИЯ ЖӘНЕ ФРАНЦИЯ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ АСТАНАДАҒЫ КЕЗДЕСУІН ҚАҢТАРДЫҢ АЯҒЫНДА ӨТКІЗУ ҚАРАСТЫРЫЛЫП ОТЫР. БҰЛ ЖАЙЫНДА ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПЕН УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ ПЕТР ПОРОШЕНКОНЫҢ ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ ЕКЕУАРА ӘҢГІМЕСІ КЕЗІНДЕ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ. МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫ УКРАИНАДАҒЫ ҚАЗІРГІ АХУАЛДЫ, СОНДАЙ-АҚ ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ. ПЕТР ПОРОШЕНКО ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУДІ ӨЗІНІҢ АСТАНАДА ӨТКІЗУГЕ ЫҚЫЛАСТЫ ЕКЕНІН РАСТАДЫ. ОЛ СОНЫМЕН ҚАТАР ТАЯУ УАҚЫТТА «НОРМАНД ТӨРТТІГІНІҢ» СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛЕРІ МЕН ШЫҒЫС УКРАИНАДАҒЫ ДАҒДАРЫС ЖӨНІНДЕГІ БАЙЛАНЫС ТОБЫНЫҢ КЕЗДЕСУІ ӨТЕТІНІН, ОНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЛОРДАСЫНДА ТАЛҚЫЛАНАТЫН ҚҰЖАТТЫҢ ЖОБАСЫ ӘЗІРЛЕНЕТІНІН АТАП ӨТТІ. АЙТА КЕТУ КЕРЕК, ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСУГЕ УКРАИН ЖАҒЫ БАСТАМАШЫ БОЛДЫ.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ҚОЙ ЖЫЛЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ. АСТАНАДА КЕЛІСІМГЕ КЕЛГЕН ҮШ ЕЛДІҢ ҚАЗАҚСТАН, РЕСЕЙ ЖӘНЕ БЕЛАРУСЬТІҢ ҚАТАРЫНА АРМЕНИЯ ҚОСЫЛДЫ. ҚЫРҒЫЗСТАН ДА ОДАҚТЫҢ ҚҰРАМЫН КЕҢЕЙТУДІҢ ҚАМЫНА КІ РІСТІ.ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ САЯСИ ЕМЕС, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЕКЕНІ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ ЕШ НҰҚСАН КЕЛТІРМЕЙТІНІ  ӘУЕЛДЕН АЙТЫЛДЫ. ХОШ! СОНЫМЕН БІЗ БҰЛ ЫҚПАЛДАСТЫҚҚА ҚАНДАЙ ДАЙЫНДЫҚПЕН КЕЛДІК? КҮНІ КЕШЕ ҒАНА ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БЕС ЖЫЛДЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ. БЕС ЖЫЛДА БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕРГЕ ҚАРАП, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚУАТЫН АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ. СЕГІЗ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ. БҰРЫН-СОҢДЫ ӨНДІРІЛМЕГЕН ТАУАРЛАР ШЫҒАРЫЛДЫ. ТЕМІРЖОЛ ВАГОНДАРЫНЫҢ ӨНДІРІСІ ОН ЕСЕГЕ, ЖЕҢІЛ АВТОКӨЛІКТЕР ОН ЕКІ ЕСЕГЕ ӨСТІ. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ДА АДЫМЫ АЛШАҚ. МЫСАЛЫ, 2010 ЖЫЛДАН БЕРІ ІРІ ҚАРАНЫҢ БАСЫ ЕЛУ ПАЙЫЗҒА КӨБЕЙГЕН. ЖЫЛЫЖАЙЛАРДЫҢ АЛАҢЫ ҮШ ЕСЕГЕ КЕҢЕЙГЕН. ТҰҢҒЫШ РЕТ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ  ӨНІМДЕРІ ЭКПОРТТАЛДЫ. МІНЕ, ҚҰРҒАҚ ЦИФРЛАРДЫҢ АСТАРЫНДА АТҚАРЫЛҒАН  ҚЫРУАР  ЖҰМЫС ЖАТЫР.

 

Зұлфухар Гаипов, саясаттану ғылымдарының докторы

-Ерте ме кеш пе біз одақтың құрылатынын білдік және осыған кірген кезде Ресей нарығындағы тауарлардың конкуренттік сайысқа дайын болу керек екендігін біз білдік. Және біз осыған дайынбыз деп айтуға болады. Тек алысқа бармай-ақ, Астананы алсақ, бізде Астанада құрастырылып жатқан электровоздарымыз бар. Ауыл шаруашылығына келетін болсақ, ауыл шаруашылығында да ет өнімдерін дайындау әлемдік талапқа сай келетін тоңазытқыштар, оларды біртіндеп өңдейтін өндірістер ашылып келе жатыр. Мұның бәрі Қазақстан мемлекетінің бұл процеске дайындығын көрсетеді.

 

Алмағайып тұста даму жолынан жаңылмаған бір мемлекет болса, ол – Қазақстан. 2015-ші жылдың табалдырығын экономиканың негізгі көрсеткіштерін сақтай отырып аттадық. «Нұрлы жол» Жолдауында белгіленген мақсат-міндеттерді орындауға кірістік. Бұл Қазақстанның экономикалық қуатын арттырмаса, кемітпесі анық. Сондай-ақ тоғыз жолдың торабында жатқан еліміз арқылы Еуропаға да, Азияға да щығуға болады. Ал бұл болса, Еуразиялық Экономикалық одақтағы мүмкіндіктерімізді еселей түспек.

 

Зұлфухар Гаипов, саясаттану ғылымдарының докторы

-Биылғы Жолдау 7 басымдықтан тұрса, соның 3-уінің өзінде үлкен сабақтастық бар. Мысалы, біріншісінде, ШОБ дамыту, ірі кәсіпкерлікті дамыту. Бұл енді Еуразиялық одақтың алдында тұрған мақсатпен тікелей байланысты. Бұл Жолдауда айтылған жол бар, жолдардың жөнделуі бұл екі ортадағы қарым-қатынасты тікелей байланыстарды. Жолдардың дамуы біздің елімізде туристік кластердің дамуына тікелей үлес қосайын деп отыр. Осы жолдар бойынша көптеген мәдени ошақтар пайда болады.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-АРМЕНИЯНЫҢ ҚАТАРҒА ҚОСЫЛУЫ, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗІП ЖАТҚАНЫ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІҢ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТТІ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ВЬЕТНАМ, ТҮРКИЯ, ҮНДІСТАН, ИЗРАИЛЬ СЕКІЛДІ МЕМЛЕККЕТТЕР ОДАҚҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТЫП ОТЫР. «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ ЖАСҰЛАН ӘБДІХАЛЫҚ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ.

 

Жиырма жыл бойы сан сұрыптаудан өткен ықпалдастықтан жиырма күнде жеміс күткеніміз жарамас. Дегенмен, кезең-кезеңімен жүзеге асатын мега жоба әзірге мынандай шарттарды бекітіп үлгерді. Бұдан былай елімізге келетін еңбек мигранттарына бізбен бірдей әлеуметтік кепілдік беріледі. Яғни жүкті әйелдердің босануына, өндірістегі оқыс оқиғаларға медициналық сақтандырулар.

 

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Енді шарт бойынша үш мемлекеттің азаматтарына бірдей. Біз Қазақстанда қандай көмек береміз, медициналық, Ресей, Беларусьте де сондай беріледі.

 

Бұған қоса төрттік одақ аясындағы азаматтар жұмыс берушімен арадағы келісімшарт бойынша қосымша құжатсыз сол мемлекеттерде еркін еңбек ете алады. Әлеуметті алаңдатқан екінші мәселе бар. Ол – шетелдік еңбек миграттарының көптеп келуі. Осыдан бұл Қазақстандағы жұмыссыздық санын еселеуге сеп болмай ма деген сұрақ туады. Бұған «Жол картасы»  жол бермейді.

 

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Жол картасына қатысатын азаматтар – тек қана қазақстандықтар. Ал шетелден, Ресейден, Беларусьтен келген, жұмыс істеуге келген азаматтар ол бойынша жұмыс істей алмайды.

 

Оның үстіне өткен жылғы есеп бойынша шетелден жұмыс күшін тарту квотасы 63 мың адам болғанмен, небәрі 29 мың адам елімізде еңбек еткен. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келгендер көп емес. Ресейден 7990, Белоруссиядан 560, ал Армениядан не бәрі 260 еңбек мигранты Қазақстанда тер төккен. Жаңа жылдан бергі тағы бір өзгеріс салық саясатына байланысты. 1-қаңтардан бастап Ресей мен Белоруссиядан көлік сатып әкелген жеке тұлғалар қосымша құн салығын төлемейді.

 

Жасұлан Әбдіхалық, тілші

-Қазір Ресей мен Беларусиядан заңды түрде бір емес, бірнеше автокөлік сатып әкелуге мүмкіндік бар. Алайда бұл тұлпарларды пайда табу мақсатында қайта сатсаңыз, салықтан жалтару болып саналады. Жазасы да қатаң. Сондықтан тек жеке басыма пайдаланамын деген азаматтарға жол ашылды. Ал көлік сатумен айналысатын кәсіпкерлер қосымша құн салығынан босатылған жоқ.

 

Бұл және соңғы шешім емес, көлік саясатына байланысты өзгерістер әлі де қаралуда. Оның ішінде одақ аясында әкелінетін темір тұлпарлардың жылы, қуаттылығына қарай алынатын салық түрлері тереңірек зерделену үстінде. Алғашқыда үштаған болып үміт үкілеген үштік одақ енді төрт аяғын тең басты. Төрткүл дүние де көз тігіп қарап отыр. Жақында Қырғызстан қосылып, бес саусақтың саласындай болғанда, талай жұрт тамсанатыны сөзсіз.

 

Соңғы қосылған Арменияның да ұтары көп. Армения кірмес бұрын көп ойланған мемлекет. Одаққа мүше елдермен тікелей шекарасы да шендеспейді. Әйткенмен Белоруссия екеуі мұнайға тәуелді. Ал Ресей мен Қазақстан мұнай шикізатын экспорттаушы алпауыттар. Сондықтан еркін экономикалық аймаққа ену арқылы Армения қара алттынның қызығын көрмек. Әрі отандық өндірушілерінің өрісін кеңейтпек.

 

Ал Ресей сарапшылары: «2030 жылға дейін Еуразиялық Экономикалық одақтан 700 миллард доллар пайда табамыз», – деп болжап қойды. Батыс пен Еуропа бұл одақтан қаншама саяси астар іздегенмен ресми Мәскеу төрттікті тек экономикалық байланыс ретінде бағалайды. «Әсіресе  Қазақстанмен шектесетін он аймағының әлеуметтік ахуалы артады деген сенімде. Сондықтан соңғы айларда Ресей нарығынан Қазақстанға саудаланған арзан тауарлар – одақтың пайдасы», – дейді олар.

 

Игор Филькевич, Интеграциялық әріптестік орнату жөніндегі халықаралық институт директоры

-Ресей жер аумағына сай нарығы үлкен мемлекет. Мына Қазақстанмен шектесіп жатқан он облыста шағын және орта бизнес бірден дамиды. Біз тек Қазақстанға тауарларымызды сатып қана қоймай, Қазақстаннан қажетімізді аламыз. Міне, осы нағыз экономикалық байланыс бәсекелестіктің нақты көрсеткіші.

 

«Әлемдік мұнай бағасының құлдырауы, рубльдің құнсыздануы, инфляцияның жоғарылығы және батыстың санкциялары Ресей экономикасын шайқап тұрғаны рас. Бірақ соған қарамастын ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға барынша күш қолдануда. Ал бұл тығырықтан шығу жолында Еуразиялық экономикалық одаққа артылатын үміт көп. Яғни одақты дағдарыс дауылына қарсы тұратын қалқан», – деп санайды Ресей сарапшылары.

 

Наталья Волчкова, Экономикалық және қаржылық зерттеу орталығының директоры,

-Біз Ресей кәсіпкерлерінен Қазақстанда бизнес климаттың өте қолайлы екендігі туралы жиі біліп отырамыз. Енді, міне, интеграциялық үдерістің арқасында бірге байланысып жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Осы еркін нарықтың нәтижесінде біздің кәсіпкерлер де қолайлы бизнес климатқа қол жеткізеді деп ойлаймын.

 

Беларусь биыл жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесіне және үкіметаралық кеңеске төрағалық етеді. Қай жағынан алсақ та, Беларусь – экономикалық одақтың оңтайлы жұмыс істеуіне мүдделі мемлекет. Әсіресе ауылшаруашылығы саласындағы өнімдерін еркін айналымға шығару, жаңа шаруашылық техникаларын тиімді сату бойынша нағыз нарықтық бәсеке қалыптастырмақ. Оның үстіне тек алып-сату ғана емес ауылшаруашылығы техникаларын бірлесіп жасауға бел буды. Соның негізінде Қарағандыда атақты «БелАз» көлігі «Қаз-БелАз» маркасымен шығарылатын болды. 40 тонналық техниканы одақтас елдер Азия мен Африка елдеріне тасымалдамақ.

 

Александр Гурьянов, Беларусь республикасының сыртқы істер министрінің орынбасары

-Бәсекелестік болсын деп, босқа бір-бірімізге кедергі жасамауымыз керек. Қайта одақтас мемлекеттер бірімізде жоғын, екіншіміз толықтырып,  әлемдік тауарлармен бәсекелесуіміз керек. Сондықтан осындай бірлескен жобалар өте қажет. Енді міне, «БелАз» көліктерінің технологиясын біз бердік, оны Қазақстан құрастырады. Екі жаққа да тиімді жоба бұл.

 

Айтпақшы, жаңа жылдағы жаңалықтың бірі Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайты ашылды. Бұдан былай қазақ, орыс, армян, белорус және ағылшын тілінде одаққа байланысты кез келген мағлұматпен танысуға мол мүмкіндік бар. Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде жұмысын жалғастыра береді.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-7 ҚАҢТАРДАН БАСТАП «ЖОЛ ЖҮРУ ТУРАЛЫ» ЗАҢДАҒЫ ТОЛЫҚТЫРУЛАР МЕН ӨЗГЕРТУЛЕР КҮШІНЕ ЕНДІ. ЖАҢАРТЫЛҒАН БҰЛ ҚҰЖАТ  ЕШКІМДІ БЕЙ-ЖАЙ ҚАЛДЫРҒАН ЖОҚ. ӨЙТКЕНІ БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ӘРБІР ТӨРТІНШІ ТҰРҒЫНЫ ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕГЕН. СОНЫМЕН ЖАҢА ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНЕ СӘЙКЕС, КӨЛІК ИЕЛЕРІ КҮНДІЗ ДЕ ШАМ ЖАРЫҒЫН ЖАҒЫП ЖҮРУГЕ МІНДЕТТІ. ЖҮРГІЗУШІЛЕР ОСЫ ЕРЕЖЕНІ БҰЛЖЫТПАЙ ОРЫНДАСА, ЖОЛ КӨЛІК АПАТТАРЫ 20 ПАЙЫЗҒА АЗАЯДЫ ДЕГЕН СЕНІМ БАР. БҰЛ ЗАҢДЫ БҰЗҒАН АДАМҒА 9 910 ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ. ЕНДІГӘРІ ҚАЗАҚСТАН ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ БІР-БІРІНЕ СЕНІМХАТ ЖАЗЫП БЕРЕ АЛМАЙДЫ. КӨЛІКТІ АВТОКӨЛІКТІҢ САҚТАНДЫРУ ПОЛИСІНЕ АТЫ-ЖӨНІ ЖАЗЫЛҒАН ТҰЛҒАЛАР ҒАНА БАСҚАРУҒА ҚҰҚЫЛЫ. БҰДАН БЫЛАЙ КӨЛІК ДӨҢГЕЛЕГІНІҢ САПАСЫНА ДА МӘН БЕРІЛЕДІ. ЕГЕР ЖАЗҒЫ ДӨҢГЕЛЕК БҰДЫРЫНЫҢ ТЕРЕҢДІГІ КЕМ ДЕГЕНДЕ 1,6, АЛ ҚЫСҚЫ МАУСЫМДІКІ 4 МИЛЛИМЕТР БОЛМАСА, ЖОЛ САҚШЫЛАРЫ АВТОМОБИЛЬ ИЕСІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР. ЖАҢА ЗАҢҒА СӘЙКЕС, РУЛЬГЕ МАС КҮЙІНДЕ ОТЫРҒАНДАР 10 ЖЫЛҒА КӨЛІК ЖҮРГІЗУДЕН ШЕТТЕТІЛЕДІ. ОНДАЙ МАСАҢ «ШУМАХЕРЛЕР», ТІПТІ ӘКІМШІЛІК ҚАНА ЕМЕС, ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛУЫ ДА МҮМКІН. АВТОМОБИЛЬДЕГІ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ЖАҢА ҚОБДИШАСЫН АЛУ БОЙЫНША МІНДЕТТІ ТАЛАПТАР ЖОҚ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ОЛАРДЫҢ ҚҰРАМЫН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ МИНИСТРІНІҢ БҰЙРЫҒЫНА СӘЙКЕС, ӨЗ БЕТІМЕН ЖАҢАРТА АЛАДЫ. ТАҒЫ БІР ЖАҢАЛЫҚ, КӨЛІКТІ ТОҚТАТҚАН ПОЛИЦЕЙДІҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ ЖҮРГІЗУШІ ДЕ, ОНЫҢ ҚАСЫНДАҒЫ ЖОЛАУШЫ ДА КӨЛІКТЕН ТҮСУІНЕ БОЛМАЙДЫ. ЕРЕЖЕГЕ БАҒЫНБАҒАНҒА 5 АЙЛЫҚ ЕСЕПТІК КӨРСЕТКІШ МӨЛШЕРІНДЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ.

 

Жаңа заңда көлік жылдамдығын шектен асырған жүргізушілердің жазасы да қатаңдатылған. Сондай-ақ айыппұлдарды төлеуге байланысты жеңілдіктер де бар екенін айта кету керек. Яғни жүргізуші берешегін  бір күннің ішінде төлесе, 50 пайызы, жеті күннің ішінде төлесе 30 пайызы кешіріледі.  Жол ережесінің жаңа нұсқасында қоғамның талқысына түскен мәселенің бірі – балалар қауіпсіздігіне байланысты тармақтар. Бұл тұста пікір екіге жарылды. Балалар креслосына қатысты базынаны Нұрбек Әмиша тыңдады.

 

2015 жыл темір тұлпар иелері үшін тосын басталды. Автокөлікке балалар креслосын орнату жөніндегі талап көпшілік үшін үлкен жаңалық болды шынында. Тіпті кей автосүйгіштер полицейден қорғанудың тың тәсілін ойлап тауыпты. Мәселенің бәрі «Жол қозғалысы» туралы заңға жасалған өзгертулерден шықты. Қаңтардың 7-сінде күшіне енген ереже бойынша 12 жасқа дейінгі баланы автокөліктерде арнайы құрылғылармен тасымалдау қажет! Халық күллі дүкендерді аралап, автокреслоларды жаппай сатып алды. Жетпегені тапсырыс беріп жатыр! Себебі тәртіп бар, тауар аз. 

 

Ақтау қаласының тұрғыны Сағындық Рзахметовтің 6 баласы бар. Оның төртеуі 9 жасқа толмаған. Шиеттей бала-шағасын жалғыз өзі асырап отырған отағасы заңның қабылдануына қарсы емес, тек халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек еді деген пікірде.

 

Сағындық Рзахметов, Ақтау қаласының тұрғыны

-Мына дүкендерде ең арзаны 50 мыңның айналасы екен. Отбасыма екеуі керек, оны алу үшін 6 айға жуық ақша үнемдеуім керек.

 

Сонымен полицейлер кішкентай жолаушыны арнайы құралсыз алып жүргендерге енді 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады. Дегенмен құрал-жабдықтың жетіспеушілігі күн тәртібінен түспейді. 

 

Нұрбек Әмиша, тілші

-«Жол жүру ережесінің» жаңа нұсқасына енген өзгерістің ішінде басты дауға айналған мына балалалар автокреслосы. Баласын бесікке салып баптап, оны атап өтетін қазақ енді орындыққа отырғызар салтын шығармаса болмас. Себебі заңның пәрмені қатты. Қазір балалар дүкендерінде арнайы автокреслолар сатылып кеткен, ал қалғаны қымбаттары ғана. Мәселен, мына креслоның бағасы 28 мың теңгеден басталып, 48 теңгеге жетеді. Дегенмен, мәселе бағада ғана емес, балада...

 

Өз перзентінің өмірі, әрине, кез келген креслодан қымбат. Үлкен маркеттерде 25 мың теңге мен 90 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайтын автоорындықтар тұр. Сауда орындарының иелері қосымша құрылғылар, белдік, бустерлерді әкелуге тапсырыс берілгенін айтады.

 

Осы аптада полицейлер әр балаға бір автокреслодан деген ұғым жоқ екенін мәлімдеді. Соның дәлелі ретінде арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жүргізушілерге ақпараттық қағаздар ұсынды. Арнайы рейд барысында жол патрульдік полицейі 10 көлікті тоқтатты. Жартысына жуығы тәртіпті тап-тұйнақтай етіп орындаған. Ал құрылғы алып үлгермегендерге ескерту берілді.  Сонымен ереженің елге ең керекті тұсы мынау. Бір жасқа толмаған бала үшін автобесік орнатылады. Онан әрі балғынның жасына қарай  бустер, кресло және белдік қажет. Егер де балаңыздың салмағы 36 келіден асса, бойы 135 см-ден ұзын болса, арнайы креслоға отыруы міндетті емес.

 

Нұржан Әділов, Астана қалалық ІІД ӘПБ бөлім бастығы

-Алдыңғы орындықта отырғызылған автолюлка, бұл 15 айына дейінгі балаға арналған. Қауіпсіздік белдігімен жабдықталған белгілері бар.

 

Демек, жаппай автокресло алу деген мәселе жоқ. Тек тиісті құралдарды қолдана білсеңіз болды.

 

Нұржан Әділов, Астана қалалық ІІД ӘПБ бөлім бастығы

-Екінші – орындық автокресло. Бұл 12 жасқа дейінгі балаға арналған. Қауіпсіздік белдігі креслоға киіліп, тақалып отырады. 36 кг салмақтан асқан бала, 12 жастағы 135 см жоғары бала авткреслоға отыра алмайды.  Көрдіңіз ғой, баланы тақап отырғыздық, белбеу иық қасынан өтеді. Егер бұл болмаса, мойнына кетіп қалуы мүмкін, тежегішті басқанда, бала алға ұмтылып, мойнын қылқындыруы мүмкін.

 

Полицейлер көліктегі баладан туу туралы куәлік талап етілмейтіндігін айтты. Ал заңды қабылдаған депутаттар елдің ережені ұғуы үшін уақыт керек деген пікірде. 

 

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Жалпы біз бұл ережеге қарсы емеспіз. Бірақ біз ойлаймыз, 12 ай керек, қоғам оған дайындалсын, бизнес дайындалсын. Ол ақша ғой, бір күнде 50-30 мың ақша, бір семьяда 3-4 бала болса, өте қымбат. Бізде 4,5 млн автокөлік бар. Есептесек, 25 пайызда бір бала болса, 1 млн кресло керек.

 

Айту керек, заңның бұл нормасы әлемнің 80-ге жуық елінде ертеден бар. Оның ішінде Ұлыбритания, Швейцария, Германия, Франция, Италия, Беларусь  және Украинада жақсы жолға қойылған. Ал Ресейде осы талап соңғы төрт жылдан бері бұлжытпай орындалады. Егер Қазақстан 2009 жылы БҰҰ-ның «Жол қозғалысы» туралы Конвенциясына қол қойғанын ескерсек, адамзаттың амандығы үшін жасалып отырған шараға атсалысуымыз заңды. Мұны әр ата-ана түсінеді біздіңше. Мәселен, Астана тұрғыны, 7 баланың әкесі Олжас Мақатов перзенттеріне қажетті жабдықтарды алуға тапсырыс беріп қойған.

 

Олжас Мақатов, Астана қаласының тұрғыны

-Баланың өмірі, денсаулығы оған ештеңе жетпейді ғой. Одан қымбат нәрсе жоқ, қауіпсіздік бірінші кезекте тұру керек. Ресейдегі, қаладағы бағаларды байқадық, содан алу арзан әрі сапалы.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі былай дейді: «Балаларды арнайы құрылғымен бекіту олардың өлімін 71 пайызға дейін қысқартады». Енді соңғы дерекке назар салыңыз.

2013 жылы Қазақстанда ЖКО салдарынан 273 бала құрбан болған. 5 мыңнан аса бүлдіршін жараланған. Ал биыл елімізде болған 1399 жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен тіркелген. 89 бала көз жұмған. 1704 балғын жарақат алған. Демек, орындық дауынан гөрі, өміріміздің мәні, көзіміздің нұры ұрпағымыздың тағдырын артығырақ ойлағанымыз абзал.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНДА АСТАНАДА «IVECO» МАРКАЛЫ АВТОБУСТАР ЖОЛҒА ШЫҚТЫ. ӘУЕЖАЙ МЕН ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ БАҒЫТЫНДА ҚАТЫНАЙТЫН КӨЛІКТЕР МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АДАМДАР ҮШІН АРНАЙЫ ПАНДУСТАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН. ҚАЛАНЫҢ КЛИМАТТЫҚ ЖАҒДАЙЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН. БҰЛ «IVECO» АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ БІР ПАРАСЫ ҒАНА. АЙТА КЕТУ КЕРЕК, МҰНДАЙ АВТОБУСТАР ПАРИЖ БЕН МИЛАН СИЯҚТЫ ІРІ ШАҺАРЛАРДЫҢ КӨШЕЛЕРІНДЕ ЖҮЙТКІП ЖҮР. ЭЛЬДАР БАҚПАЕВ ЖАҢА КӨЛІКТЕРДІҢ ЖҮРІСІН СЫНАП КӨРДІ.

 

Елдар Бақпаев, тілші

-Қауіпсіз әрі ыңғайлы. Бұл елордадағы  Француз компаниясы шығаратын  «IVEKO» автобустарының бірі. Санға емес сапаға мән берген  қоғамдық көлікте бейнебақылауға дейін орнатылған. Арқаның ақ түтек боранына да, аптап ыстығына да бейімделген қоғамдық көліктің ұтымды тұстары жетерлік. Заманауи технологиямен жабдықталған  автобуста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың діттеген жеріне дін аман жетіп, кедергісіз қозғалуы да ойластырылған.

 

Былтыр желтоқсан айынан бастап желдей жүйіткіген  бұл автобустарға қазірдің өзінде халық жоғары баға беруде. Шаһарды толықтай қамтымаса да  жаңа көліктер адамдар легі көп, 9-шы,10-шы  бағыттарға  жұмылдырылған. Басты  ерекшелік мұнда жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған.  Ақпараттандыру жүйесі, бейнебақылау, ауа баптау мен жылыту жүйелері, арнайы жабын төселген төмен еден, пандус. Содан болар 20 жылдық өтілі бар  жүргізуші Айдарбек Таспауов бұрын-соңды мұндай халыққа  қолайлы  етіп жасалған көлікті тізгіндемегенін алға тартты. Себебі соңғы үлгідегі бұл автобуста әр жолаушының қауіпсіздігі қатаң ескерілген.

 

Айдарбек Таспауов, №1 автобус паркінің жүргізушісі

-Бұл автобустың ерекшелігі автобус аялдамаға келіп тоқтағаннан кейін ғана есіктері ашылады. Сосын есіктері жабылғаннан кейін ғана жүреді. Халыққа ыңғайлы. Бәрі бейнебақылау камерасынан көрініп отырады. Халықты қысып құлатып дегендер мұнда  болмайды.

 

Жаңа автобустардың тағы бір жағымды жаңалығы бар. Жаздан бастап мұнда электрондық төлем жасау жүйесі іске қосылады деп жоспарлануда. Жағымды деп отырған себебіміз, жолақы құны аялдамалар мен қашықтыққа байланысты өзгеретін болады.  Ең көп деген жолақы құны 90 теңге болса, жүйе арқылы таяқ тастам жер жүріп өтсеңіз, сәйкесінше азын-аулақ ақыңызды электрондық карточка арқылы төлейтін боласыз.

 

Әбдіхамит Тамабаев, Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары

-Бұдан қоса бұл ертең электронды билет жүйесі сондай іске қосылатын жоспарда бар.  Сол кезде сол жүйені орнатуға бұл автобустар ыңғайланған. Бұл жүйені енгізу уақыты осы 2015 жылғы шілде айынан бастап деп жоспарланып отыр.

 

Мамандар: «Біздің басты мақсатымыз – жолаушылар тасымалының сапасын арттырып, кондукторлардың кәсіби этикасын арттыру», – дейді. Бұл ретте бүгінде  Астанада  жүргізушілерге арналған біліктілік орталығы жұмыс істейді. Осы күнге дейін орталықта  800-ден астам автобус жүргізушісі мен 700-ге жуық  кондуктор дәріс алған. Бастысы құны 270 мың долларлық автобусты білімі мен біліктілігі сай келген жүргізуші басқарса болғаны. Қазір Астанада осындай жаңа автобустың  80 данасы бар. Оның 59-і толықтай жолаушыларды тасымалдаса, 21-нің  құжаты рәсімделуде. Тиісті сала басшылары  жоспар жүйелі жүзеге асса, тамыз айында тақылеттес жаңа автобустардың саны 358-ге жететіндігін жеткізді. Бірақ түйіткілдің түйінін тарқату үшін ең алдымен тозығы жеткен автобустарды қолданыстан шығарып, көлік жетіспеушілігі азайтылуы қажет. 

 

Әбдіхамит Тамабаев, Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары

-Қазір тәулігіне 825 мың жолаушылар тасымалданады. Бұндай жолаушыларды тасымалдау үшін расчет бойынша 1070 автобус қажет болатын. «Ивеко» автобустары келген уақытқа дейін 890 автобус болды. Яғни жетіспеушілік дефицит 180 автобус болған еді.

 

Автобус паркінің қызметкерлері мәселе кезең-кезеңімен шешілетіндігіне сенімді. Және алдағы уақытта шаһар тұрғындарының барлық өтініштері ескерілетін болады.

 

Нұрбек Еркешов, №1 автобус паркі тасымалдау бөлімінің бастығы

-Бұл «Ивеко» автобустары қай тұрғыдан алғанда да тиімді, тұрғындарға қолайлы. Сондықтан біз оны әуелі адамдар көп тасымалданатын  бірқатар бағыттарға арнайы қойдық. Әрине, барлығын бір сәтте іске асыру мүмкін емес. Бірақ алдағы уақытта тұрғындардың барлық талаптарын назарға аламыз.

 

Әрине, қоғамдық көліктің құны мен мұңына қатысты пікір әртүрлі болатыны анық. Біз жаңа автобустарға қатысты жолаушылардың ойын өз ауыздарынан  естуді жөн көрдік.

 

Блиц

-Бұл жаңа автобустар өте жақсы, іші ыңғайлы, осындай жақсы автобустар көп болса, жақсы болады.

-Кемшіліктерін көрген жоқпын, өте  ұнайды автобус, өте жайлы, ыңғайлы кондукторларда бәрі жақсы, тек қана водительдер кішкене қатты жүреді жол ережесін бұзып.

-Бұл автобус халыққа өте қолайлы, бір жағынан мына Астананың салқын кезінде жылы, ыстығында салқын кондиционер бар заманауи. Сосын осылай жан-жағынан ұстауға ыңғайлы қылып жасаған.

 

Елдар Бақпаев, тілші

-Кескіні мен келбеті келіскен еңселі елорда тұрғындары, мәртебелі меймандар мен шетел азаматтарына мына жаңа автобустар қызмет көрсетеді. Өркениеті өрге озған елдердің өзінде мұндай қоғамдық көліктер кемде-кем. Демек дамудың даңғыл жолындағы Қазақстанның алар асуы әлі алда. Және бұл бастамалардың барлығы – Астананы ақылды жүйе тәртібіне енгізу тұрғысында жасалып отырған қадам.

 

Енді автобус жүргізушілеріне де талап қатал болады. Мысалы, жол ережесін 3 рет бұзған жүргізушілердің автобустары автоматты түрде оталмай қалады. Демек ол жүргізушінің қоғамдық көлікті әрі қарай басқаруына құқығы болмайды деген сөз. Ал оның барлығын ақылды AIDI  карточкалар реттеп отырады. Бұл тәртіп  кез келген жүргізушінің өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндеттейді.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЗАҚ СПОРТЫ ҮШІН АЙТУЛЫ ОҚИҒАМЕН БАСТАЛДЫ. АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНЕ 2022-ШІ ЖЫЛҒЫ ҚЫСҚЫ ОЙЫНДАРҒА ҮМІТКЕР ҚАЛА РЕТІНДЕ ӨЗ ЖОСПАР-ЖОБАСЫН ҰСЫНДЫ. ҚЫТАЙ АСТАНАСЫ БЕЙЖІҢМЕН БӘСЕКЕГЕ ТҮСКЕН БІЗДІҢ ҚАЛАНЫҢ ДА ӨЗ АЙТАРЫ БАР. ҚАЗІР МАМАНДАР ЕКІ ШАҺАРДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН КЕМШІН ТҰСТАРЫН БАҚЫЛАУДА. ҚАҢТАРДЫҢ АЯҒЫНА ДЕЙІН ӨТІНІШ БЕРУШІ ҚАЛАЛАР КАНДИДАТ РЕТІНДЕ ТІРКЕЛГЕНДЕРІ ҮШІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНЕ 500 МЫҢ ДОЛЛАРДАН АУДАРУЫ КЕРЕК.

 

Сонымен қатар отандық мамандар қысқы ойындарға қазынадан 3 млрд 831 миллион  доллар бөлінетін жеткізді. Оның 1 миллиард 636 миллион долларын инвесторлар құяды. Сочимен салыстырғанда, сандардың айырмашылығы алшақ тұр. Мұның себебі Алматыдағы спорт кешендерінің дені ойындарды қабылдауға дайын. Бейжіңде кем дегенде 8 кешенді тұрғызу керек болса, Алатау етегінде 4 спорт сарайын салса жеткілікті. Бейжіңнің мысын басатын тағы бір жағдай – олимпиадалық парк пен спорт кешендерінің бір-біріне жақындығы. Егер Алматы қысқы олимпиада астанасы атанса, онда ойындар тарихында бүкіл жарыстарды бір қалада өткізген тұңғыш олимпиада болады. Қазіргі спорт кешендері мен болашақта пайда болатын сарайлардың қашықтығы 30 шақырымның ар жақ бер жағы ғана. Сондықтан Сочидегі секілді ары-бері сабылудың қажеті жоқ. Ал Бейжіңде жарыстар өтетін кешендер арасы 200 шақырымға созылуы мүмкін. Бүгінгі таңда Алматыда тоғыз спорт кешені жұмыс істеп тұр. Орталық стадион ойындардың ашылу және жабылу салтанатына дайындалады. Стадион сыйымдылығы да үлкейіп, 35 мың көрермен қабылдайды. «Медеу» де күрделі жөндеуден өтіп, конькишілерге құшақ жаяды. Тағы төрт жоба келесі жылы салынып бітеді. Олар: Универсиадаға арналған керлинг арена мен студенттер қалашығы және мұз сарайы. 2022-ші жылғы Олимпиадаға дайын тұрады. Фристайл мен ски-кросс секілді спорт түрлеріне Табаған мен Шымбұлақ бар. «Сұңқар» трамплин кешені мен «Алатау» шаңғы-биатлон сарайы да үлкен жарыстарды қабылдап үлгерді. Енді тек трамплин кешені жанынан шана спортына арналған жарыс алаңын салу керек. Бұдан бөлек Алматы егер Олимпиада астанасы атанса, 3 олимпиадалық ауыл тұрғызады. Ең бастысы ойындардың барлығы тек Алматыда болады.      

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА ОСЫНДАЙ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. КЕЛЕСІ СЕНБІДЕ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ!

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
Кілт сөздер

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.