«Жетi күн». 31.01.2015 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жетi күн». 31.01.2015

  • Сенбі, 31 Қаңтар 2015 21:52

ЖҮРГІЗУШІ

-«ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІЛЕРІ ЖӘНЕ МЕН, НҰРСҰЛТАН ҚҰРМАН АПТАНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙМЫЗ. АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ! ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА  МАҢЫЗДЫ  ОҚИҒАЛАРҒА ТОЛЫ БОЛДЫ. ПРЕЗИДЕНТ  НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АҚОРДАДА БІРНЕШЕ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ.

 

 

Апта басында Елбасы  Мемлекеттік хатшыны қабылдады. Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевқа  алдағы мерейтойлық даталарды  Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы туралы  баяндады. Мемлекет басшысы бұл іс-шаралардың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттілікті нығайту, сондай-ақ республикада бірлік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі  маңыздылығын ерекше атап өтті. Және оларды орталық һәм өңірлік деңгейде тиянақты ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды. 

 

«Нұр Отан» партиясының қызметін жетілдіру және қайта қалыптау жұмыстарының нәтижелері жайлы Мемлекет басшысын партия төрағасының бірінші орынбасары хабардар етті. Бауыржан Байбек: «Нұр Отанның» сайлауалды тұғырнамасындағы міндеттемелердің іс жүзінде 70 пайызға жуығы  орындалды, – деді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың жол  картасы бекіген. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасының және Ұлттық қор қаржысының пайдаланылуын қадағалау мақсатында Мәжілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында арнайы 4 комиссия құрылды. Кездесу қорытындысы бойынша, Елбасы  партия төрағасы бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

-Бағдарлама келе жатқан дағдарысқа қарсы жасалған әрекетіміз. Барлық жұмыстар партия аясында жүзеге асатын болады. Себебі «Нұр Отан» халық арасында жүрген беделді партия саналады. Сондықтан партия мүшелері, жергілікті жерлердегі, ауылда, ауданда, облыстағы барлық ұйымдар осы бағдарламаның төңірегінде жұмыс істеуі керек. «Нұрлы жол» бағдарламасының төңірегінде, жолдың төңірегінде, үй салу, коммуналдық шаруашылық жөндеу төңірегінде бизнес пайда болуы керек. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасымен партия бірлесіп жұмыс жасауы тиіс. Көп нәрселер жасайтын боламыз нақты. Осыған партиямыз көңіл аударсын, шұғылдансын. Саяси жағдайлар өз алдына, нақты экономика арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға мән беруіміз керек.

 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары  

-Барлық партия мүшелері сіздің саяси кеңесте жарияланған сіздің Жолдауыңызды үлкен жауапкершілік ретінде қабылдады. Сондықтан партияластарымыз бір кісідей осы бағдарламаның орындалуын қадағалауға күш салады деп сендеремін сізді. 

 

Еліміздегі соттардың 2014 жылғы қызметінің қорытындылары туралы Елбасына Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми баяндады. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесі алдында судьялардың VI съезінде белгіленген жаңа міндеттер тұрғанына назар аударды. Әсіресе сот төрелігін атқаруды одан әрі жақсарту, оған халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бастысы Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Қайрат Мәмидің айтуынша, биыл соттарға шамамен 1,2 млн арыз келіп түскен. «Азаматтық істердің саны 450 мыңнан асады. Бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімі артқанының айғағы», – деді ол. Бұдан бөлек Жоғарғы Сот төрағасы Президентті сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ электрондық сот өндірісін енгізу жұмыстары жөнінде хабардар етті. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

-Сот жүйесінің мақсаттары аз болмай тұр ғой қазіргі таңда. Сол жағынан мен берген тапсырмалар бар, съездің тапсырмалары бар, не істеп жатқанын білейін деп шақырып отырмын.

 

Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы 

-Өзіңіз айтқандай, азаматтар шындықты биік кабинеттерден емес, соттардан іздеуге үйреніп келе жатыр. Бұл мәселе қалыптасып келе жатыр. Сондықтан мына жүктеменің көбейіп келе жатқанына қарамастан соттар осы істердің барлығын уақытылы және барынша сапалы қарады. Жалпы көпшіліктің судьяларға, сотқа деген сенімі артып келе жатқаны байқалады.

 

Республикалық бюджетті жоспарлау және пайдалануда кездесетін проблемаларды Президентке Есеп комитетінің төрағасы баяндады. Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің айтуынша, былтыр комитет 298 нысанда бақылау іс-шарасын жүргізген. Нәтижесінде жалпы көлемі 716 млрд. теңге болатын заңбұзушылықтар анықталып, қазынаға 75 млрд теңге қайтарылған. «Тексерулер мен бақылау-талдау шараларының нәтижелері бойынша ведомства  Үкіметке, мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субьектілеріне 312 ұсыным жолдады», – деді комитет төрағасы. 

 

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы 

-2015 жылы Есеп комитетінің негізгі міндеті – Елбасының Жолдауында қойылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындау, дағдарысқа қарсы бағдарламалардың орындалуын және Ұлттық қор қаражатының пайдаланылуын қатаң бақылау. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржы органдары қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Апта ішінде Ақордада Мемлекет басшысы Адизес институтының бас директоры Ицхак Адизеспен кездесті. Тараптар институттың Қазақстандағы ірі компаниялармен ынтымақтастығы туралы әңгімелесті. Мемлекет басшысы басқарудың озық қағидаттарын енгізудің, отандық компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру үшін стратегиялық жоспарлаудың маңызды екенін атап айтты. Ицхак Адизес мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілеріне қатысты пікірлерін білдірді. Бұл орайда ол Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін негізгі құрылым болып саналатын «Самұрық-Қазына» қорының  трансформациялау бағдарламасын әрі қарай жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.  

 

Ицхак Адизес, Адизес институтының бас директоры 

-Бұл өте нәтижелі кездесу болды. Президент бізден атқарылып жатқан жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы сұрады. Нұрсұлтан Назарбаев  осы бағыттағы жұмыстарымызды ширата түсуімізді қалайтынын білдірді. Және кездесуде алдағы жұмыстарымыздың қалай өрбитіні туралы әңгімелестік. 

 

Отандық мәдениет және еліміздегі балет өнерінің аяқалысы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен танымал педагог-хореограф, Ресей Федерациясының Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың Елбасымен кездесуі барысында талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев ел ішінде де, сыртта да  мойындалып үлгерген қазақстандық мәдениеттің әлеуеті зор екеніне назар аударды. Және саланы дамыту үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруды да қоса қамтитын қажетті жағдайларды жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Алтынай Асылмұратова өзін қабылдағаны үшін Қазақстан Президентіне алғысын білдіріп, жоспарлары жөнінде және болашақта еліміздің шығармашылық ұжымдарымен ынтымақтасуға дайын екендігін айтты. 

 

Президенттің қабылдауында «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров болды. Кездесуде велокоманданың қазіргі маусымдағы міндеттері, елдегі велосипед спортының даму перспективалары сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстанда велоспортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатқанын айтып, бұл спортқа өскелең ұрпақты баулудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Александр Винокуров Елбасына команданың табыстары туралы баяндап, велосипедшілердің халықаралық одағының бастамасымен өтетін «Тур Алматы» жарысына деген қызығушылықтың өсіп келе жатқандығы туралы әңгімеледі. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

-«Тур де Франс» турниры у нас могут быть в Казахстане когда-нибудь? 

-Мы уже начали «Тур Алматы» уже второй год проводим. И хотели уже потихоньку «Тур Астаны» сделать, трехдневный. 

-Самый лучший велотрек мы построили, команду создали. Ты прославил велосипедный спорт Казахстана, Чемпионом Олимпийских игр стал и до этого. Команды растут, показывают себя неплохо, да? 

-Мы стараемся выигрывать повсюду. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-АСТАНАДА ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ЕКІНШІ СЪЕЗІ ӨТТІ. БИЗНЕС ИЕЛЕРІНІҢ БАСҚОСУЫНДА БҰЛ ИНСТИТУТ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЛАТАНЫҢ БАЙЫРҒЫ «АТАМЕКЕН» АТАУЫН ҚАЙТА АЛАТЫН БОЛДЫ. СЕБЕБІ «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЛАТАСЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУДА  КӨПТЕГЕН ІСТЕРДІ БАСТАҒАН БОЛАТЫН. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ ЫҚПАЛДАСУЫ, ОЛАРДЫҢ ЗАҢДЫ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА ҚЫРУАР ЖҰМЫС АТҚАРЫЛЫП ОТЫР. СЪЕЗГЕ ҚАТЫСҚАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ЕЛБАСЫНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУ ХАТЫН ОҚЫП БЕРДІ. 

 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары  

-Қазақстанда соңғы жылдары отандық кәсіпкерлікті қолдау үшін кешенді жұмыстар атқарылды. Инвестицияға қолайлы климат жасалды. Енді жеке кәсіпкерлік бастамаларын қалыптастыру жоспарда тұр. Бұл орайда ҰКК маңызды роль атқаруы тиіс. Бүгінде біз әлемдік экономикадағы ауыр жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл біздің ішкі нарығымызға да әсер етеді. Оған қоса бұл жаңа мүмкіндіктерге жол  ашады. 

 

Съезд барысында кәсіпкерліктің міндетті мүшелік жарнасын азайту жайы қаралды. Атап айтсақ, Ұлттық кәсiпкерлер палатасы орта бизнес төлейтiн мiндеттi мүшелiк жарна мөлшерiн 50%-ға, ал iрi бизнес субъектiлерi үшiн 89%-ға төмендеттi. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар көп жұмыс істейтін құрылым бұл төлемді төлемейді. 

 

Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы 

-Бүгінде көтеріліп отырған мәселенің бірі, кәсіпкерлердің кейбір категориясын жарнадан босату. Өткен жылы мұндай төлемнен ірі холдингтерді босату туралы айтылған еді. Қазір елімізде 1000-нан аса өндірістік, холдингтік құрылым бар. Олар заңды тұлға болғасын, жарнаны төлеуге мәжбүр. Енді мынадай шешім қабылданды, егер холдинг 100 пайыз құрылымға ие болса, онда жарнадан 50 пайыз босатылады. Егер 50-ден көп болса, 20 пайызға босатылады. Кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі жандар 50 пайыздан көп жұмыс істесе, онда олар жарнапұл төлеуге міндетті емес. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЖИЫНДА ДАҒДАРЫС ТУРАЛЫ АЙТЫЛДЫ. ОТАНДЫҚ БИЗНЕС ЭКОНОМИКАНЫ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕН САҚТАП ҚАЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? БҰЛ ОРАЙДА РЕСЕЙДЕН ӘКЕЛІНЕТІН БІРНЕШЕ ТАУАРҒА ШЕКТЕУ ҚОЮ ЖАЙЫ КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРЫЛДЫ. МЫСАЛЫ, СОЛТҮСТІКТЕГІ  КӨРШІДЕН ЖАППАЙ АҒЫЛҒАН АВТОКӨЛІК КЕРУЕНІ  ТОЛАСТАУЫ МҮМКІН. ДӘЛ ОСЫ МӘСЕЛЕНІ  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БИЛІК ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ЕЛДЕРІМЕН БІРГЕ АҚЫЛДАСЫП, ШЕШЕТІН БОЛАДЫ. ЖАЛПЫ ҚАЗАҚСТАНДА 1 МЛН. 200 МЫҢНАН АСТАМ КӘСІПОРЫН МЕН ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ.  БҰЛ САЛА, ӘРИНЕ, МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАМУЫНА ҮЛКЕН СЕРПІН БЕРІП ОТЫР. ДЕГЕНМЕН ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНА ҚОСАТЫН ҮЛЕСІ 50 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕЙ, ЖЕТІСТІК ТУРАЛЫ АЙТУ ҚИЫН. ЕЛБАСЫ ҚОЙҒАН МЕЖЕ БОЙЫНША, ОСЫ КӨРСЕТКІШТІ 2050 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ БАҒЫНДЫРУЫМЫЗ КЕРЕК. МЕМЛЕКЕТ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУҒА ҮЛКЕН ШАРАЛАР ЖАСАП, ҚОМАҚТЫ ҚАРАЖАТ ҚҰЮДА. АЛАЙДА ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫС, ВАЛЮТАЛЫҚ ТЕҢСЕЛІСТЕР ТИЫННАН ТЕҢГЕ ҚҰРАП ОТЫРҒАН БИЗНЕС ИЕЛЕРІНЕ ДЕ ӘСЕР ЕТІП ОТЫРҒАНЫ СӨЗСІЗ. ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛТ БОЛЫП ОЙЛАНАТЫН МӘСЕЛЕ ТУРАЛЫ НҰРБЕК ӘМИШАНЫҢ СЮЖЕТІ. 

 

Серікбол Көлдейбаев – «мүмкіндігі шектеулі» деген терминді теріске шығарып, қайсарлығының арқасында шағын кәсіптің шырағын жағып отырған жан. Үлкен жолдың бойына дәмхана салды. 15 адам осы жерден нәпақа табады. Жоспары көп, қонақ үй бизнесін дамытуды ойлайды. Алайда оған қолбайлау бар. 

 

Серікбол Көлдейбаев, кәсіпкер  

-Банкке бардым, несие алуға. Салу 300 мың доллар сұрадым. Залогым жетіп жатыр. Олар айтты, уақытша тоқтатты. «Банк теңгемен бермейді. Валютамен давай. Доллар өсіп кетсе, қайтем, дағдарысқа ұшыраймын ғой», – дейді

 

Серікболды сергелдеңге салған сауалға әзірге жауап жоқ. Депутаттар екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлерге несиені тек қана доллармен беріп отырғанын, берсе де, доллар құнымен қосақтап ұсынып отырғанын айтты. Кей банктер теңгемен қарыз береді, алайда пайыздық мөлшері сұмдық. Ұлттық валютамен кредит алсаңыз, үстіне 20 пайыз қосып қайтарасыз. Банктердің бұл қадамы түсінікті, инфляциядан қорқады. Осылайша 2014 жылдың соңынан бері кәсіпкерлікті несиелеу күрт төмендеген. 

 

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты

-Ақшаны банкілер, кредитті доллармен беріп жатыр. Теңгемен берсе, долларға байлап беріп жатыр. Өйткені рисктерді кәсіпкерлердің, халықтың басына байлап беріп жатыр. Олар Президенттің дедолларизация жасайық дегеніне қарамай, доллармен жұмыс істеп жатыр.

 

Шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын қамтып отыр. Бұл көңіл сүйсінтерлік көрсеткіш емес. 50 пайыздық көлемді бағындырған кезде ғана бизнес те, экономика да дамиды. Елбасы бизнесті күшейтуді көздеп отыр. Сол үшін мораторий жариялады, Ұлттық қордан 100 млрд теңге қаржы бөлдірді. Қаражат «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге жеңіл пайызбен, несие ретінде үлестірілді. 

 

Ғабит Лесбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры

-Осы бөлінген қаражат 100 млрд-тың өзі бірінші, екінші траншты айтпағанда, 10 жылға дейін, 100 млрд 300 млрд-қа өседі. Яғни 1 жарым мын кәсіпкер, бүгінгі 457 кәсіпкер алып отыр ғой. Олар 1,5 мыңға өседі. Олардың ЖІӨ-ге қосатын үлесі 3 трлн 300 млрд болады деп болжап отырмыз. 

 

Ұлттық қордан үлесін алып, өз бизнесін жолға қойған Қаныбек Айтақов бұл. Ол жарық диодты шамның өндірісін өркендеткісі келеді. «Даму» қорының көмегімен 70 млн теңгені қолға түсірді. Соның нәтижесінде электр қуатын үнемдейтін шамдар шығара бастады. Мұнда күніне 200-300 диодты шам әзірленеді.  

 

Қаныбек Айтақов, кәсіпкер

-Мына лампа диод жарығы бар қазір электр қуатын 4 ватт қана жейді. Мына лампаны тастай саламын, ештеңе болмайды. Біріншіден, төзімді, екіншіден, зиян емес, табиғи. 

 

Мемлекет бизнесті осылай қолдап отыр. Нәтиже жаман емес. Дегенмен, ұлттық қордан таратылған тең-тең теңгелер тиімді жұмсалып отыр ма? 

 

Нұржан Әлтаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары

-Тамақ өндіретін кәсіпорындар ішінде сусындар жасайтын, нан өндіретін кәсіпорындарға көп қаржы бөлінген. Бұл кәсіпорындар –жұмысын жақсы жасап келе жатқан кәсіпорындар. Бірақ соларға көп қаражат кеткен. Енді 2015 жылы кәсіпкер, қоғам жағынан бақылау болу керек. Қиыншылыққа тап болып жатқан кәсіпорынға береміз.

 

Шам өндірісін шарықтатуды көздеген Қаныбектің «Дамуға» өкпесі жоқ. Бірақ мемлекеттік сатып алуға қатыса алмай жүр. Себебі Қытайдың арзан лампасына қарағанда, сапасы да бағасы да қымбат өнімін тендерлік конкурс кезінде ұтқыза алмай ұнжырғасы түседі.  

 

Қаныбек Айтақов, кәсіпкер

-Тендер саясатында мысалы, әртүрлі бағасы мен сапасына көңіл аударылмайды. Кім арзан баға берді, соған ешкім қарап жатқан жоқ. Әрі қарай қалай жұмыс жасайды да? Сол жағынан көбірек көңіл бөлсе. Тендер өткізгенде, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау болса. Мен өзім қатысып жүрмін, бірақ мен айтып отырмын, 90 пайызға жеңілем. 

 

Тендер төңірегіндегі тағы бір проблема тауардың шығу тегіне байланысты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауарды сертификаттау құзыретін сауда-өнеркәсіп палатасынан алды жыл соңында. Енді кәсіпкердің өз өнімін өткізу үшін жалған этикетка жапсыруына жол берілмейді.

 

Нұржан Әлтаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары

-Қарап отырсақ, сол сертификатты беру механизмі дұрыс емес. Өйткені сертификат берілген кезде шынайы Қазақстанда жасалғаны дәлелденбейді. Кей кезде шетелден келген тауарды осы жерде упаковка жасап, сол сертификатпен ала береді. Сол механизмді өзгертіп, ұсыныстарымызды Үкіметке бердік. Сол механизм өзгереді. 

 

Айтпақшы, ұлттық кәсіпкерлер палатасына өткен жылы 20 мыңнан аса арыз-шағым түсіпті. 6 мыңнан астам бизнес иесінің құқығы қорғалған. Олардан тәркіленген 12 млрд теңгеге дейінгі зансыз қаражат қайтарылған. Үкімет бизнесті дамыту реформасына кірісіп кетті. Осы жылдан бастап жалпы тексерудің талабы өзгереді. Яғни шағын және орта бизнестің 60 пайызы жоспарлы тексеруден босатылады. Алматыда кәсіпкерлермен кездескен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін қосымша 200 млрд теңге бөлуді ұсынып отырғанын мәлім етті. Бұдан бөлек, супермаркеттерден отандық өнімдерге арналған сөрелерді жалға алу үшін 1 млрд теңге берілетін болды. Сосын Үкімет шағын және орта бизнес ашу үшін берілетін рұқсаттама құжаттамаларының санын 708-ден 350-ге дейін қысқартуды көздеп отыр.

 

Гүлнәр Құрбанбаева, ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Басқарма Төрағасының Орынбасары

-Жерге байланысты заңдарда да бірқатар оң өзгерістер бар. Мысалы, жер теліміне қатысты айтсақ, егер бизнестің бағыты өзгеретін болса, онда бұрыңғыдай әкімшілікке барып, дүкенді дәріханаға айналдыру үшін бір жылдық рұқсат алудың қажеті жоқ. Бұл туралы кәсіпкерлерден бізге көп өтініштер түскен болатын. Солардың бәрін ескеріп, рұқсат алу, сараптамалардан өту, жер телімін рәсімдеу сияқты құжаттарды алу ісін едәуір жеңілдеттік. 

 

Бизнеске қолдау көп. Осы жолы да мемлекет мол қаржы шығындамақ. Бұл болашаққа салынған капитал, қайтарымды қаржы, ең бастысы. Бұл жалаң ұран емес. Шыны осы. Қазақ бизнесінің мүмкіндігі шектеусіз екендігінің бір куәсі Серікбол Көлдейбаев осылай ойлайды. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЭКОНОМИКА ТАҚЫРЫБЫН ЖАЛҒАСТЫРСАҚ. БІЗ ҚАЗІР ҮЙ НЕ КӨЛІК АЛСАҚ, ТІПТІ ШЕТ ЕЛГЕ САЯХАТТАҒЫМЫЗ КЕЛСЕ ДЕ, БАРЛЫҒЫН ДОЛЛАРМЕН ЕСЕПТЕЙМІЗ. СЕБЕБІ НАРЫҚТАҒЫ ТАУАР НЕ ҚЫЗМЕТ ҰСЫНУШЫЛАР БАҒАЛАРЫН АҚШ ВАЛЮТАСЫМЕН БЕЛГІЛЕЙДІ. ОСЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК? ЕҢ БОЛМАСА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІШІНДЕ ДОЛАРДАН БАС ТАРТА АЛАМЫЗ БА? ОЛ КҮРДЕЛІ БОЛАДЫ МА ЖӘНЕ ҚАНША УАҚЫТҚА СОЗЫЛУЫ МҮМКІН? ӘРИНЕ, ЭКОНОМИСТЕР МҰНЫҢ БӘРІ БІРТІНДЕП ЖҮЗЕГЕ АСАТЫНЫН АЙТАДЫ. ЕГЕР БҰҒАН ДЕЙІН ДОЛЛАРСЫЗДАНДЫРУ ТУРАЛЫ ӘР ЖЕРДЕ АНДА-САНДА АЙТЫЛЫП КЕЛСЕ, ЕНДІ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ ШЕШІЛУІ ТИІС МӘСЕЛЕ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛУДА. 

 

Отандық мамандар  тиісті мемлекеттік органдарға дефляциямен күресудің 19 шарасын ұсынды. Бұл құралдар Ұлттық Банк  шығындарын бірнеше есеге қысқартады. 1,5 жылда 700-дің орнына 120 млрд теңге ғана жұмсайды. Осы шаралардың негізгілеріне тоқталсақ. Біріншісі, теңге депозиттері бойынша бір не одан да көп жылға бағам айырмасының өзгеруіне Ұлттық Банк кепілдеме беруі тиіс. Бұл теңге бір жылда 6 пайыздан артық мөлшерге құнсызданатын болса қолданылуы қажет. 2014-жылғы 1 желтоқсанда Ұлттық банк келтірген статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда  долларлық депозиттердің үлесі 60 пайыздан 95 пайызға жеткен. Егер бағам айырмашылығына 6 жылға бірден кепілдік берілсе, осы уақыт аралығында теңге депозиттерінің үлесі 45 пайызға дейін жоғарылайды. Ұлттық Банк бұдан тек қана ұтады, себебі жеке не заңды тұлғалар бағам айырмашылығының кепілдігіне сеніп, қаржысын депозитке салса, Ұлттық Банктің қоры ұлғаяды шамамен 25 млрд долларға дейін  өседі. Екінші шара – валюталық ипотека мен тұтыну несиелері. Оның көлемі – 440 млрд теңге, яғни – 2,5 млрд доллар. Ол онша көп емес. Сондықтан Ұлттық Банк банктермен келісіп не сол несиелерді сатып алып, олардың қайтарылуына кепіл бола алады. Және шетел валютасымен несие беруге шектеу қоя алады. Яғни долларға сұраныс кемиді. Валюталық займы бар заңды тұлғаларға келсек, олардың банктердегі несиелерінің көлемі – 17 млрд доллардай. Олардың депозиттері теңгеге ауыстырылса, банк қайта қаржыландыруға оңай барады. «Ал Ұлттық Банк бұдан тек ұтады, себебі жеке не заңды тұлғалар бағам айырмашылығының кепілдігіне сеніп, қаржысын депозитке салса, Ұлттық Банктің қоры 10-25 млрд долларға өседі», – дейді қаржыгерлер.

 

Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры 

-Келесі шара банктердің өздеріне байланысты. Бұл қаржы ұйымдарының валюта саясатын ұстануға қызығушылығы болмауы үшін «ең төменгі қор талаптары» нормасын қолдануға болады. Қазір банк депозит алғанда 2,5 пайызын Ұлттық Банкке береді. Егер бұл санды 10 пайызға дейін өсірсе, банкке валюталық депозит ұстау тиімсіз болады. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕКІНШІ БЕСЖЫЛДЫҒЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ. ЖОБАНЫ ЖАЛҒАСТЫРМАС БҰРЫН МЫҚТЫ САРАПШЫЛАР ТАРТЫЛЫП, ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ. БАНК, БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН БІРГЕ ӨҢІР-ӨҢІРДІ АРАЛАП, СОЛ ЖЕРДІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ, СҰРАНЫСЫНА САЙ ЖОБАЛАР ҒАНА ІРІКТЕЛДІ. ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ ӘСЕТ ИСЕКЕШЕВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ БІРІНЕ БЕРГЕН СҰХБАТЫНДА ОСЫЛАЙ ДЕП МӘЛІМ ЕТТІ. БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЕКІНШІ БЕСЖЫЛДЫҒЫНЫҢ НЕНДЕЙ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ БАР? ОДАН НЕ КҮТЕМІЗ? МҰНЫ СТУДИЯДАҒЫ ӘРІПТЕСІМ АЙДОС ТҰРЫСБЕКТЕН СҰРАЙЫҚ.

 

Экономиканы диверсификациялау бағытындағы жұмыстар жалғасады.  Басты назар өңдеу өнеркәсібі мен инновация болып қала береді. Үдемелі-индустриалды даму бағдарламасы – елімізде жүзеге асып жатқан ең ауқымды жоба. Мақсаты – шикізатқа тәуелді емес экономиканы дамыту. Ұзақмерзімді жоспар, әрине. Жемісін 5-10 жылдан кейін ғана көруге болады. Бұған біз білетін бүгінгі Оңтүстік Корея, Малайзия мен Қытай экономикасы дәлел. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары индустрия мен инновацияға бет бұрған Азия елдері араға 30-40 жыл салып, төрткүл дүние тамсанған табысқа жетіп отыр.

Болашаққа бағдар болған бағдарламаның бірінші белесін біз де бағындырдық. Индустриаландырудың алғашқы бесжылдығы артта қалды. Соған аз-кем тоқталсақ. 3 триллион теңге инвестиция тартылып, ірілі-ұсақты 770 жоба іске қосылды. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Яғни өнеркәсіп саласында ашылған 10 жаңа жұмыс орнының жетеуі индустриаландыру  картасы бойынша пайдалануға берілген тың жобаларға тиесілі. Тағы бір маңызды жетістік, жаңа жобалардың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 13 пайызға жуықтады. Жаңа кәсіпорындарда 4,2 триллион теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішіндегі 628 миллиард теңгенің өнімі экспортқа шығарылды. Бүгінде Қазақстанда шығарылған тауарларды  100-ден астам елдің тұрғындары тұтынады. 

 

Айта кету керек, бұл жобалардың бәрі мұқият іріктеуден өткен, соңғы дайын өнімді жоғары технологиялық деңгейде қайта өңдейтін кәсіпорындар. Оның ішінде елімізде бұрын-соңды шығарылмаған электровоз, тепловоз, жүк және жолаушылар вагоны, тікұшақ, автокөлік өнеркәсібі, өрт сөндіру және жанармай тасу техникалары, мотор майлары, каустикалық сода, панельді радиаторлар, титан құймалары, мұнайгаз жабдықтары сияқты 400-ге тарта өнім бар. 

 

Ең әуелі өңдеу өнеркәсібінің алты саласына басымдық беріліп отыр. Металлургия, химия, мұнайхимиясы, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру мен азық-түлік шығару. Оның өзі тағы сан-салалы 14 секторға бөлінеді. 6 триллион теңге шамасындағы қомақты қаражат тарту көзделген. Биылдың өзінде жалпы құны 600 миллиард теңге болатын 75 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ең ірілері – Шығыс Қазақстан облысындағы Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты мен Астанадағы жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі. Бірі 405, екіншісі 70 миллиард теңгеден астам қаржыны қажет етеді. Инвестициялар және даму министрлігінің дерегінше, өткен бес жылда 10 арнайы экономикалық аймақ пен 10 индустриалды аймақ құрылды. Бұл кезең  бірқатар өңірлердің индустриалық дамуына серпін берді. Ақмола, Маңғыстау, Қостанай облыстары мен Астана қаласындағы өңдеу өнеркәсібі саласында біршама өсім байқалды. Иә, жасыратыны жоқ, алғашқыда кез келген бастамаға назар аударылса, енді әр өңірдің қажеттілігіне жауап беретін жобаларға ғана қолдау көрсетіледі. Бұрыннан бар, өнімі сұранысқа сай бірдей кәсіпорындарды көбейтуге жол берілмейді. Инвестор мен инвестиция тартуда да әр өңір белсенділік танытуы керек. Бұған әкімдер тікелей жауап береді.   

 

Өткен жылдары 75 мың кәсіпкерге қолдау жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қазірдің өзінде Индустрияны дамыту институты жанынан инжиниринг, технология мен экономикалық жоспарлау бойынша кәсіпкерлерге кеңес беру қызметі көрсетіледі. Бұған қоса бизнес-ахуалды жақсарту үшін алдағы уақытта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары енгізілетін болады.  Әр саланы дамыту үшін 55 мың маман керек екен. Оларды даярлауға 10 жоғарғы және 11 орта білім ордасы іріктеліп алынды. Енді кәсіби мамандарды дайындау басталады. Мұның сыртында шетелдік компанияларда біліктілікті шыңдау жалғаса береді.  Әлемдік экономикадағы өзгерістер мен шикізат бағасының тұрақсыздығы бірқатар елдердің экономикалық даму саясатын өзгертуіне алып келді. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, біздегі өңдеу өнеркәсібі мен инновацияға басымдық берілуі таңдалған бағыттың дұрыстығын растайды. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-«НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ БОЙЫНША КӨЛІК, ЭНЕРГЕТИКА, ИНДУСТРИАЛДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ОДАН ӘРІ ДАМЫТУ КӨЗДЕЛГЕН. ИНДУСТРИАЛАНДЫРУ КАРТАСЫ БҰЛ САЛАЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫН ҚАМТИТЫН БОЛАДЫ. ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕГІ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҮКІМЕТ САҒАТЫНА ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ ВЛАДИМИР ШКОЛЬНИК КЕЛДІ. САЛАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫН БАЯНДАП,  ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫНДА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАУ БАРЫСЫНА ТОҚТАЛДЫ. 

 

Министрдің айтуынша,  биыл энергетика саласына 178 миллиард теңге көлемінде инвестиция жұмсалады. Жылу мен энергия өндіруші кәсіпорындардың кері кеткен тірлігін түзеу үшін бірқатар тың технологиялар енгізілген болатын. Соның бірі – шекті тарифтерді пайдалану. Соңғы алты жылдан бері қолданыстағы бұл жүйе өз нәтижесін берді. Бұл бір жағынан инвестиция көлемін 5 есеге ұлғайтты. Екіншіден, үнемдеп пайдалану көзқарасын қалыптастырды. Енді алдағы уақытта шекті тарифтің жұмысы шектеледі. Неге? Себебі отын-энергетикалық кешеннің болашағы 2030 жылға дейінгі арнайы тұжырымдама негізінде айқындалған. Былтыр қабылданған бұл құжатқа сәйкес келер жылы қуат нарығы қалыптасады, ал ол үшін жаңа нормалар бекітілуі тиіс. 

 

Бұған байланысты заң жобасы жуық арада Мәжілісте қаралады. Әзірге министр айтқан жаңалықтың бірі абоненттік төлем түріндегі жүйенің енгізілуі мүмкін екендігіне қатысты. «Сонда баға тұрақтылығы қамтылады. Және тарифті қымбаттатуға жол берілмейді», – дейді министр. Айта кету керек, қарапайым тұтынушылар үшін еш алаңдауға негіз жоқ. Бұл тек энергетиканың  көтерме нарығында яғни электр қуатын тасымалдау, сатып-өткізумен айналысатын кәсіпкерлікке қатысты өзгеріс. Депутаттар болса, бұл мәселе әлі де талқылану керек екенін айтады.    

 

Светлана Романовская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Школьниктің ұсынғаны – бизнесті яғни электр мен жылу энергиясын тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлікті несиелендіру. Бұл жердегі абоненттік төлем дегеніміз не? Біз алдын ала ақша төлеуіміз керек. Ол таусылып қалса, оны толықтырып отырамыз. Меніңше, бұл конституциялық құқығымызға қайшы келеді. Біз бұл мәлімдемені талқылаймыз. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ АЯСЫНДА 2019 ЖЫЛДАН БАСТАП ОРТАҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ НАРЫҚ ҚҰРЫЛАДЫ. ДЕМЕК, ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІМІЗ АРТА ТҮСЕДІ. БҰЛ ӘРИНЕ МҰНАЙ-ГАЗ, КӨМІР СОНДАЙ-АҚ АТОМ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУДАҒЫ АЙТУЛЫ ЖОБАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕЛІ БОЛУЫНА КЕПІЛДІК БЕРЕДІ. ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ ҚЫТАЙ, ӨЗБЕКСТАН МЕН АУҒАНСТАНҒА ЭНЕРГИЯ ТАСЫМАЛДАУДА БІРҚАТАР ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНУДА. АЛ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕЙІНГЕ ЫСЫРЫЛУЫ МҮМКІН. БІРАҚ БҰЛ ЖОБА ЖОСПАРДАН ТЫСҚАРЫ ҚАЛАДЫ ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС.  

 

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі

-Бізде атом стансасы болған. 20 жылдай жұмыс жасады, өте жоғарғы көрсеткіштерді еңсерді. Әлем бойынша озық тәжірибе бар. Мамандар тобы қалыптасқан. Уран қоры да бар. Арнайы комиссия АЭС салынуы мүмкін деген екі жерді белгіледі. Курчатов аумағындағы бұрынғы полигон, ОҚО-дағы су стансасының алаңы.  

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕНДІ ІШКІ ҚАЖЕТТІЛІКТІ ӨТЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ЖӘНЕ ЖАҢАРТЫЛҒАН ҚУАТ КӨЗДЕРІН ИГЕРУ ЖОБАЛАРЫНА КЕҢІРЕК ТОҚТАЛАЙЫҚ. ОҢТҮСТІКТЕГІ ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛДЫ? АЛ АСТАНАҒА ГАЗ ҚАШАН КЕЛЕДІ? ТАҚЫРЫПТЫ БАҒДАТ БЕКТҰРҒАНҚЫЗЫ ТАРҚАТАДЫ.    

 

БҰҰ-ның дерегінше жаһан жұртының электр қуатын пайдаланудағы өсімі 2 есеге жуық артқан. Сондықтан  тапшылықты толығымен жою күн тәртібінен түспек емес. Қазақстанда қуат көзінің жетіспеушілігі 2000-шы жылдарда айқын сезілген. Экономикасы қарқын алған сайын сұраныстың артуы заңды. Кеңестік кезеңнен қалған ескі жүйені жаңартуда ірі жобалар қолға алынды. 

Оның көбі оңтүстіктегі тапшылықты жоюға бағытталды. Бұл аймақтарда энергия өндірісі аз, ал тұтыну көрсеткіші өте жоғары. 

 

Батырша Маханов, ОҚО ТКШ және Автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары  

-Облысымыздың жаз айларында электр энергия қажеттілігі 300-350 мВт болса, оның 45-46 пайызын біз солтүстік және Жамбыл облысынан тасымалдаймыз. Қыс мезгілінде жалпы облыстың қажеттілігі 400-450 мВт болса, соның 60-тан астам пайызын солтүстіктен және Жамбылдан тасымалдаймыз. 

 

Шығыс Қазақстан облысында 2 миллиард киловатт сағатқа жуық электр қуаты жетіспейді. Ал өндірісі қарқынды дамуда. Кеңестік кезеңде салынған су электр станцияларының қуаты қазір мардымсыз. Тіпті желілердің көбі ескірген. Сондықтан энергияны Ресейден тасымалдап келді. Ал Екібастұзда өндірілген қуатты өзге аймақтарға жеткізу жағы қиын. Өйткені аралық  станцияларда өткізу мүмкіндігі жоқ. Бұл тығырықтан шығу үшін «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитін салу» қолға алынды. Ұлттық электр торабындағы жаңа желінің құрылысы былтыр басталды. Бірінші кезеңінде 678 шақырым желі тартылады. Қазірге дейін 96 шақырымы салынған. Ал екінші кезеңінде Семейден Жетісу жеріне дейін 883 шақырым желі тартылмақ. Бүгінде инженерлік жұмыстар жүргізілуде.  

 

Владимир Школьник, ҚР Энергетика Министрі 

-Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты  жолдауына сәйкес «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарында жоғарғы вольтті желілер құрылады.  «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитін салу» нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның Шығыс аймағымен байланыс күшейеді. Темір жол учаскелерін электрофикациялауға жағдай жасалады.  

 

Амангелді Нұрғалиев – байырғы энергетик. 40 жылдан астам осы салада еңбек еткен. Екібастұз бен Семейден бастау алған ірі жобалардың оңтүстік пен шығыстағы ахуалды түбегейлі жақсартатынын айтады. 

 

Амангелді Нұрғалиев, ШҚО Энергетик ардагерлер кеңесінің төрағасы

-Ақтоғайдағы мыс өндірісі комбинат салып жатыр. Оның әкелген қуаты өзіне жетпейді. Міндетті түрде ол жерде пайдалана алады. Ары қарай оңтүстік жаққа жетпей жатқан энергия бітісімен, олар да бірталай проблемаларын желілер арқылы шешеді.

 

Ал қосымша қуат көзі Екібастұз ГРЭС-інен тартылады. Отандық энергияның 15 пайызы осы жерде өндіріледі. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Біріншісі – стансадағы жаңа энергоблоктың құрылысы. 

 

Николай Тушинский, «Екібастұз Грэс-2» стансасы ақ басқарма төрағасы 

-Көптен күткен блок осы жерде салынады. Біз бұрынғы құрылыс орнында қалған фундаментті сүріп тастадық. Оны жаңа технологиямен алмастырдық. 

 

Бірегей нысан толық салынып бітсе, өндірістік қуаты артады. Әрі энергия  қорын сақтауға мүмкіндік бермек.

 

Өмірхан Салманов, энергетик 

-Осы бүкіл Қазақстан болып күтіп отырған 3-ші блок егер салынып бітсе, жаңағы Қазақстандағы сұраныс энергияға шешіледі деп ойлаймын. Бүгінгі күні 1-ші, 2-ші блогымыздың істеп тұрған белгіленген қуаты 1 мың мегаватт болса, салынып біткеннен кейін блокта ол 3 мың 600, 3 мың 700 мегаваттқа өседі. 

 

Екінші жоба – осы стансадағы тоқтап тұрған энергоблоктарды толығымен жаңарту. Бұл  қуаттылығы 4000 МВт болатын жылу электр станциясы. 2016 жылға дейін толығымен іске асыру көзделген. Бұл мақсатқа 280 миллард теңгеден астам қаржы жұмсалады. 

 

Қараменде Омарбеков, 1-МАЭС электр бөлімінің бас инженерінің орынбасары

-2004-ші жылдан басталды. Ең бірінші 3-ші блокты іске қостық. Көп бөлшектерін ауыстырып, сол процесс осы күнге дейін әлі жалғасып жатыр. Қазір алты блокты жаңартудан өткіздік.  

 

Инвестиция кәсіпорындағы көп түйткілдің түйінін тарқатуға септігін тигізді. Химиялық жолмен су тазарту жүйесі іске қосылды. Жаңа мембрандық технология қолданысқа енді. Нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілетін залал азайды. Енді қолданыстағы электр сүзгілеріне жапондық технологияны қолдану жоспарда. Мұның барлығы өндіріс қарқынын еселеп арттыра түсуге ықпал етеді.   

 

Бағдат Бектұрғанқызы, тілші 

-Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде жылма-жыл электр қуатын өндіру көлемі артып келеді. Мәселен, былтыр тұтыну көлемі 91,6 млрд кВт/сағатты құраса, өндірілгені – 93,9 млрд кВт/сағат. Өсім – 102,1 пайыз. 

 

Талғат Әбілғазы, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары   

-2014 жылдың қорытындысы бойынша біз Ресей энергожүйесіне 1 жарым млрд электр энергиясын саттық. Орталық Азияны алатын болсақ, Қырғыз Республикасына 300 млн-дай квт сағат электр энергиясын сатқан болатынбыз. Болжамды теңгерімге қарайтын болсақ, бізде 7 жылға дейін электр энергиясының тапшылығы болмайды.  

 

Әзірге елімізде орталықтандырылған электр желісі жоқ 200-ден астам шалғай елді мекен бар. Нарықтық кезеңде экономикалық тиімділігі болмаса, заманауи қызмет жүйесін тарту қыруар шығын. Сондықтан төрт түлігін түлетіп отырған алыстағы ағайынның баламалы қуат көзіне иек артқаны абзал. Қызылорда облысының Арал ауданындағы Мойнақ ауылына беріде ғана жарық келді. Түзу тірліктің көзі – күн сәулесі.  

 

Аралбай Құрманбаев, Мойнақ ауылының тұрғыны

-Бұрын мотор іздеп, болмаса, шам жағып әуреленіп жатсақ, енді кіттай ғана түймені басып жіберсек, жарқ етіп жарық жағылады. Көзімізге де жақсы, үй ішінде де жылу-берекет.

 

Бұл қондырғылар Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық экономикалық қоры бөлген қаржыға орнатылды. Қоршаған ортаға залалы жоқ күн батареялары ауа райының түрлі құбылыстарына төзімді келеді. Болашақтың энергиясы келешекте кеңінен қолданысқа енбек. Жаңартылған энергия көздерінен алынатын қуат мөлшерін 2020 жылы 3 пайыз, 2030 жылы 10 пайыз, ал 2050 жылы 50 пайызға жеткізу межеленген. Елімізде өндірілетін энергияның 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Келешекте осы шикізаттың жер қыртысындағы қабаттарынан метан газын игеру көзделіп отыр. Әлбетте оның мол қоры Қарағанды аумағында.  

 

Серік Сұлтанғали, «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы 

-Триллиондаған куб метр газ жатыр. Метанды шығарып, елімізге пайдасына жіберсек, көмірдің қысымы да аздау болады. Қарағанды облысындағы ғалымдармен бұрыннан сол салада істеп келе жатқан ардагерлермен ақылдасып, жергілікті акиматпен шартқа қол қойып, сол жұмысты бастап жатырмыз. Шетелдік тәжірибені біз мұқият қарадық. Біздің мамандар Америкаға дейін барды.

 

Метан газын игеру арқылы Америка, Австралия сынды көптеген мемлекеттер қыруар табыс тауып отыр. Қазақстанда алғаш рет қолға алынбақ. Жобаға америкалық компаниялар белсене атсалысуға ниетті. Егер инвестиция бөлінер болса, Қарағанды, Бурабай аумақтары мен Астана қаласын газдандыруға жол ашылады. Айтпақшы елордаға көгілдір отын жеткізудегі болжамды жоспардың бірі – осы метан газы. Екінші бағыт – батыстан газ құбырын тарту. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-БҮГІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫР АТЛЕТИКАСЫНАН ӘЛЕМ ЖАСҚАНАДЫ. МОЙЫНДАЙДЫ. САНАСАДЫ. БЫЛТЫР ЖЕР ШАРЫНЫҢ 72 МЕМЛЕКЕТІНЕН КЕЛГЕН 526 ЗІЛТЕМІРШІНІҢ БАСЫН ҚОСЫП, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН ӨТКІЗДІК АБЫРОЙМЕН. ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ БОЛҒАН СОЛ ДОДАНЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АУЫР АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ «ӘЛЕМДІК АУЫР АТЛЕТИКАНЫҢ 109 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ МЫҚТЫ ТУРНИР» ДЕП БАҒАЛАДЫ. БҰЛ БӘЙГЕДЕ ДЕ БІЗДІҢ АТЛЕТШІЛЕР АЛТЫНСЫЗ ҚАЛҒАН ЖОҚ. ҮЛКЕН-КІШІ ЖАРЫСТАРДЫҢ БӘРІНДЕ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫН БОСАТПАЙТЫН ЗІЛТЕМІРШІЛЕРГЕ АУЫР АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҚОЛДАН КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДЫ ЖАСАП ОТЫР. ЕЛДІҢ АТЫН ШЫҒАРҒАН ЕРЛЕРДІҢ ӘСЕРІ БОЛСА КЕРЕК, ОСЫ БІР СПОРТ ТҮРІМЕН АЙНАЛЫСА БАСТАҒАН ЖАСТАРДЫҢ ДА ҚАРАСЫ КӨП ҚАЗІР. СОНДЫҚТАН РЕСПУБЛИКАНЫҢ БАРЛЫҚ АЙМАҒЫНДА АУЫР АТЛЕТИКАНЫ ДАМЫТУ, ЖАТТЫҒУ ЗАЛДАРЫН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА. БІРЕР СӘТТЕН КЕЙІН  ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ, АУЫР АТЛЕТИКАДАН АЛТЫН АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ЖАСҰЛАН ҚЫДЫРБАЕВ «ЖЕТІ КҮНГЕ» СҰХБАТ БЕРЕДІ. АЛ ӘЗІРГЕ АУЫР АТЛЕТИКАНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ, АЛДАҒЫ ЖАҢА ЖОСПАРЫ ТУРАЛЫ ЖУРНАЛИСТ МАҚПАЛ МАДИЯРОВАНЫҢ РЕПОРТАЖЫН КӨРЕЙІК.  

 

Бұл – Қазақстан ауыр атлетшілерінің жеңісті сәті. Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктері! Зілтеміршілердің алтыннан алқа тағып, ер танылып, ел сүйінген кез! Тарихқа көз жүгіртсек. Тәуелсіз Қазақстанның ауыр атлетикасы тарихында Олимпиада ойындарының алғаш алтынын алған – Илья Ильин. 2009 жылы. Бейжің жерінде.Одан кейін Олимпиада чемпиондары еселене бастады. 2012 жылы. Лондонда. Олимпиаданың екінші күні. Қазақ елі алақайлап қуанды. Бұл қуаныштың себепкері 19 жастағы зілтемірші Зульфия Чиншалло еді! Батыр қыз 131 келі зілтемірді аспанға атып, серпе көтеруден әлем рекордын жаңартты. Зульфияның жеңісін ертесіне 63 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Мая Манеза жалғастырды. Қазақтың әнұраны айтылып, туы көтерілгенде, қуаныштан егіле жылаған Зульфия мен Мая шыққан алтын тұғырда келесі күні Светлана Подобедова көзіне жас алып тұрды. Олимпиаданың 8-ші күні. Ни бапкермен қоса күллі Қазақстан жұрты тағы да қуанышқа кенелді. Ехсел аренасында толағай ұлымыз Илья Ильин жеңіске жетті. Сөйтіп 3 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин 2 дүркін Олимпиада чемпионы атанған-ды.

 

Жанат Түсіпбеков, ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті 

-Біз Лондонда өте жақсы нәтиже көрсеттік. 4 алтын алдық. Біздің қазір алдымызда тұрған мақсат – осы көрсеткішті сақтап қалу, одан ары жақсарту. Сондықтан Риодағы Олимпиада алтын санын 5 жеткізуді көздеп отырмыз.

 

Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни да Бразилияға ең мықты атлеттеріміз баратынын, алтынсыз қайтпайтынын сенімді айтты. Баптаған батырлары зілтемірді жұлқып алып, серпи көтергенде, жүрегі жарылардай қуанып, алақайлап аспанға секіріп жүретін осынау күйкентайдай көзілдірікті кісінің ел құрамасын жаттықтырғанына 17 жылдың жүзі болыпты. Алдыңғы олимпиадаларда ауыр атлеттеріміз күміспен, қоламен шектелетін. Соңғы 6-7 жылда толағайларымыз жеңіс тұғырын босатпайтын болды. 

 

Алексей Ни, ҚР Ауыр атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы  

-Бізде қазір өз атлетшілеріміздің арасында бәсеке мықты. Өздеріңіз көріп жүрген батырларымыздан да бөлек білегі мықты қыз-жігіттер бар. Мәселен, Жазира Жапарқұлды былтырғы чемпионатта екінші орын алады, Жасұлан Қыдырбаев алтын алады деп кім ойлады? Осындай тағы үш мықты спортшымыз Хьюстонда өздерін дәлелдесе, Риоға жолдама алады. 

 

Ауыр атлетшілеріміздің айбарын былтырғы әлем біріншілігінде де төрткүл дүние мойындады. Өз елімізде өткен чемпионатта Зульфия Чиншалло, Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин алтын тұғырға көтерілді. Әнұран үш рет шырқалып, көк байрақ үш рет желбіреді. Лондон Олимпиадасында ресейлікпен тайталасқан Илья бұл додада өзбекстандық Руслан Нурудиновпен арпалысты. Екі алып әбден тіресті. Бірақ жүйкесі темір Илья қаймыққан жоқ. Сүрініп барып, өз-өзін қайта қайрады. Осылайша серпе көтеруде рекордты жаңартып, әлемнің басын шайқатты. Өзін тағы да мойындатты.

 

Расымен, Ауыр атлетикаға федерация барын салуда. Спортшылар жаттығатын залдар толығымен жөнделіп, құрал-жабдықтар жаңартылуда. Атлеттердің жалақысы мен стипендиясы да дамыған елдердің табысымен шамалас. Алтын тұғырдан түспейтіндерге берілетін сыйақы саны да шектеулі емес. Мәселен, былтырғы әлем чемпионатынының жеңімпазы Зульфия Чиншаллоға федерация президенті Жанат Түсіпбеков өз қолымен көлік кілтін табыс етті. Сондай-ақ ауыр атлетиканың ыстығы мен суығына күйіп, күні-түні басы-қасында жүрген федерация қызметкерлеріне, бапкерлерге алғыс хаттар үлестірілді.  Былтыр демеушілер қарайласқан 960 млн қаржы да ауыр атлетика саласындағы біршама кем-кетіктің орнын толтыруға толығымен жұмсалыпты. Осы аптада өткен федерацияның жылдық есебінде осылайша былтырғы жыл қорытындыланып, болашақ жоспарланды.  

 

Жанат Түсіпбеков, ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті 

-Бізде қазір бюджетімз бар. Соны жаратып жатырмыз. Ауыр атлетиканың жағдайын жақсарту үшін біз түрлі жолдарды қарастырамыз. Шығындарымызды өз деңгейінде сақтап қаламыз. Өйткені ауыр атлетиканың жетістіктері оның еліміздегі нөмір бірінші спорт түрі екенін дәлелдейді.

 

Еліміздегі нөмірі бірінші спорт түріне жастардың қызығушылығы артқан. Нақты сан айтсақ, бүгінде 5000 қазақстандықтың 5-6 сағаты зілтемір көтерумен, жаттығу залында өтеді екен. Сол толағайлар жыл сайын болатын 7 түрлі республикалық чемпионатта өз деңгей-дәрежесін дәлелдеп те жүр. Аймақтардағы ауыр атлетиканың хал-ахуалы да назардан тыс емес. Жаттығу залдары жөнделіп, спорттық керек-жарақ жаңарған. Республиканың 14 облысына 94 штангінің комплектісі жөнелтілген.   

 

Темірхан Кенжебаев, Қызылорда облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті 

-Бұрынғы залдар қанша жыл ремонт көрмеген. Ауыр атлетикадағы инвентарлар жаңарып жатыр. Бапкерлердің жалақысы оларға беріліп жатқан сыйлықтар үлкен көмегін көрсетіп жатыр

 

Әлем мойындаған Қазақстанның ауыр атлетикасы әлемдік дауға қалған. 2013 жылы. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қолданған 38 спортшының тізімін жариялады. Сол қара тізімде 9 қазақстандық атлеттің есімі жүрді. Сөйтіп қанынан рұқсат етілмеген препарат табылған тоғызды екі жылға спорттан аластап, атақ-абыройларын алып қойды. Федерация «Содан сабақ алдық. Тексерісті күшейттік. Бір жақсысы, тасада жүрген жаңа таланттарды таптық», – дейді.  

 

Димаш Сұлтанов, ҚР Ауыр атлетика федерациясының спорт жөніндегі директоры 

-Әр спортсменнің өз басы бар. Ешбір бапкер оған зияншылық тілемейді. Себептер өте көп. Нақты себептерді ешкім айта алмаймыз. Болғаны болды, одан әрі жол бермеу – біздің мақсатымыз. 

 

Ауыр атлетика федерациясының межелеген мақсаты көп. Ең бастысы – алтын тұғырлы осы  спортты қазіргі биігінен түсірмеу. Байрақты бәсекелерде алтын тістеп, жеңіс тұғырында тұрар зілтеміршілер қатарын көбейту.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕНДІ БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДАН КЕЙІН РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО ОЛИМПИАДАСЫ БАСТАЛАДЫ. ЕЛІМІЗДЕГІ СПОРТШЫЛАР АРАСЫНАН АЛҒАШҚЫ БОЛЫП, АУЫР АТЛЕТТЕР ТӨРТЖЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ ДОДАСЫНА МІНДЕТ АЛДЫ. БЕС АЛТЫН ДЕП БЕЛДІ БУҒАН СПОРШЫНЫҢ БІРІ ЖАСҰЛАН ҚЫДЫРБАЕВ БҮГІН БІЗДІҢ СТУДИЯҒА АРНАЙЫ ҚОНАҚҚА КЕЛДІ. ЖАСҰЛАН, ҚОШ КЕЛДІҢІЗ!

 

Жасұлан, өткен жыл біз үшін, сіз үшін, жалпы қазақ елі үшін ауыр атлетика табысты жыл болды. Әрине, әлем біріншілігінде ұлттық құрама үлкен нәтижеге қол жеткізді. Дәл осы додадан кейін Жасұлан демалыс үстінде ме, әлде жаттығуды бастап кетті ме? 

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Әр жарыстан кейін демалыс керек. Жұмыстың ақырына жеткізіп, демалып, әке-шеше жанында болып, ауыл-аймақта барып, сол жерде демалып жатырмыз. Жаттығу да қалған жоқ. Аптасына екі мәрте, үш мәрте барып, жаттығу істеп тұрамыз. Қатты босауға да болмайды ғой. 

 

-Дәл осы көрсеткіштен жеңістен кейін Жасұланның жаттығуында методикалық бір өзгерістер орын алды ма, әлде дәл бұрынғыдай жаттығу ма?

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Орынды сұрақ. Енді бұл жағынан қарасақ, бұл бапкерлерге байланысты. Жалғыз маған емес, бапкерлердің ертеңгі осы жиналыс барысында бапкерлер ақылдасып, сол кісілердің көзқарасымен байқалады. Болады, жаңағы өткен жылға қарағанда осы жылдың жаттығу барысы кішкене бір пайыз болсын қиындайды. Қиындап, жаңағы спортшының өзі енді көбірек еңбек ету керек. Өйткені бір жеңістің артынан екінші жеңіс оңайлықпен келмейді.  

 

-Осындай үлкен жеңістен кейін спортшылар демалып жатады. Ұзақ мерзімге алып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс, әлде жаттығуды көп ұзатпай кішігірім демалыстан кейін бастап кеткен дұрыс па? Әлде әркімдігі әртүрлі ме екен?

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Жоқ, бұл жерде спортшының өзіне байланысты. Әр баланың өзінің мінезі бар. Енді соған қарамастан демалған дұрыс. Енді мен өзім үшін демалған дұрыс. Демалғанда да, жарты жыл, жылдатып демалу емес, нақты. Өзімнің демалып жатқаныма екі ай болды. 

 

-Осы аптада Ауыр атлетика федерациясының отырысы өтті. Рио-де-Жанейрода дәл осы спорт түрінен Қазақстан бес алтын медальға қол жеткізеді дегенді. Енді Лондонда төрт алтынды еншілеген болатынбыз. Яғни бесіншісін шыны керек, әркім ойланса да, өзің болып тұрсың. Бұған не дейсің?

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Иә, біріншіден осы жерден алғысымды білдірем. Осы әлем чемпионатынан кейін жаңағы, өзіміздің басшылар, Елбасы қолдау көрсетіп жатыр біздің спортқа. Сол алғысымды білдіргім келеді. Осындай енді сенім артып жатқандарына, осы сенімді ақтауға баршамыз атсалысамыз. Үміт деген, үміт арту деген ол маңызды. Сеніп жатыр ғой маған, сенім жатыр ғой деген үмітпен зілтемірді тастамасам-ау, құлатпасам-ау дегендей жаттығу істейміз.

 

-Олимпиада, әлем біріншілігі болсын, спортшы дәл осы спорт түрінде бірінші темірді емес, өзін жеңе білуі керек. Қобалжу, қорқыныш деген спортшыға кедергі келтіретін ең басты факторлар бар. Дәл осы жағдайда психолог мамандардың көмегіне жүгіне ме, әлде психологсыз-ақ өзінің ерекше күш беретін факторларыңыз бар ма?

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Енді бұл жерде психолог дейтіндей өзіміздің бапкерлеріміз бар. Өзіміздің бапкерлеріміз психологымыз да болады, керек кезінде әкеміз де болады, керек кезінде ағамыз да болады. Енді көбірек білім алу керек. Білім бұл өте маңызды екен. 11 жыл мектепте алмаған білімдерді қазір кітаптан оқып, мысалы, оқыған адам өзі де белгілі екен. Соған бір көз жетіп, психологиялық кітап, діни кітап және тағы да басқа кітаптарды оқи берген абзал. 

 

-Ауыр атлетикада 94 келі біздің салмақ десек, қателеспейміз. Үш бірдей біздің үміткер спортшы бар екен. Үшеуі де әлем біріншілігінің жүлдегері екен. Бұл мәселе қалай шешілмек, бәсекелестік өте жоғары. Екеуіне ғана жолдама беріледі. Мысалы, Алматыдағы әлем біріншілігін алып қарайтын болсақ, сені 105 келі салмақтағы Б тобына жіберсек деген әңгімелер айтылыпты. Бірақ сен 94-те топ жардыңыз. Олимпиадада қалай болады?

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Мұның жарасы жеңіл ғой. Бұл жерде жаңағы менің салмағым өспеді, біріншіден. Салмақ өспеуі себебінен салмақ түсірген оңай болды маған. «Сол үшін жарысқа бір екі-үш күн қалған кезде сол 94 келіге шығамыз», – деген шешім қабылдады бапкерлер. Енді ол жерде спортшымен ақылдасып өздері қадағалайды. Өзіме келіп айтқан еді, мен айттым жоқ, өзіме 94 дұрыс болады. Сөйтіп салмақ қуалаған жеңілдеу болады, салмақ жинағаннан гөрі. 94-ке шықтық, нәтижесін көріп отырсыздар. Алдағы жарыстарда көреміз, осы жылы Американың Хьюстон қаласында әлем чемпионаты болады.

 

-Кім барады, екі спортшы барады ма?

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Енді осы жылдың ортасында өзіміздің ішкі біріншілік болады. Сол жерде белгілі болады. Содан ұтқан спортшы сол жаққа жолдама алады. 

       

-Дәл қазіргі жағдайда еліміздің осы спорт түрімен допингпен күресу жағдайы қалай болып жатыр? Өзің бұл допингтен қалай сақтанасың?     

 

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы 

-Иә, өте орынды сұрақ. Өте қиын сұрақ, бірақ допинг жағдайы қазіргі таңда ол өте қиын шыны керек. Өзім осы неден ондай қатты алшақпыз. Бапкерлердің өздері қадағалаумен, бапкерлердің шешімімен болатын зат. Өздері айтады жаңағы, мынау мынадай, мынау былай деп. Сол кісілердің қадағалауымен болады ғой. 

 

- Бізге келіп, ой бөліскеніңізге рахмет!

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА ОСЫНДАЙ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. КЕЛЕСІ СЕНБІДЕ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ!

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.