«Жетi күн». 07.02.2015 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жетi күн». 07.02.2015

  • Сенбі, 07 Ақпан 2015 21:17

ЖҮРГІЗУШІ

-«ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІЛЕРІ ЖӘНЕ МЕН, НҰРСҰЛТАН ҚҰРМАН АПТАНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙМЫЗ. АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ!

 

БИЫЛ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛЕДІ. ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ НАУРЫЗ БЕН ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН КӨПЭТНОСТЫ ҚОҒАМДАҒЫ КЕЛІСІМ ТАҚЫРЫБЫМЕН ОРАЙЛАСТЫРЫП МЕРЕКЕЛЕГЕН ЖӨН. БҰЛ ЖҰМЫСТАРДЫ ҚАЗІРДЕН БАСТАУ КЕРЕК. ТАҒЫ БІР МАҢЫЗДЫ ТҰС – «ЭКСПО-2017» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ, БҰҒАН ДА ЕРТЕ ҚАМДАНУ ҚАЖЕТ. АҚОРДАДА АСТАНА ӘКІМІН ҚАБЫЛДАҒАН ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫНЫ ТАПСЫРДЫ. ӘДІЛБЕК ЖАҚСЫБЕКОВ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ҚАЛАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ, НЕГІЗГІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ ЖАЙЫ, СОНДАЙ-АҚ ЕЛОРДАНЫҢ  АЛДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРҒА ӘЗІРЛІГІ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ. ПРЕЗИДЕНТ АСТАНАҒА  АЙРЫҚША МӘН БЕРІЛГЕН «НҰРЛЫ ЖОЛ» БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ЖЕКЕ ТОҚТАЛДЫ. ШАҺАРДЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫНА НАЗАР АУДАРДЫ. СОНДАЙ-АҚ ҚАЛАНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫН ҰДАЙЫ АРТТЫРУ, ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС СУБЬЕКТІЛЕРІН ІЛКІМДІ ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН АЙТТЫ. КЕЗДЕСУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ  БІРҚАТАР НАҚТЫ ТАПСЫМАЛАР БЕРДІ.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Ассамблеяның 20 жылдығы келе жатыр. Соған байланысты Наурыз мерекесін, 1 мамыр халық бірлігі мерекесі келе жатыр. Бұл мерекелер елдің бірлігіне, көпұлтты халқымыздың бір-біріне сеніміне арнауымыз керек. Қазірден бастап жұмыс істеуіміз қажет. Содан кейін халықаралық көрме «ЭКСПО-2017» нысандарының салынып жатқаны белгілі. Бұл үлкен жұмыс. Қазір 2015 жыл. 2017 жылға дейін екі-ақ жыл қалды. Оған волонтерлар дайындау керек. Лаготиптер әзірлеу керек. Қонақ үйлердің барлығын қарап шығу керек. Соған байланысты қыруар жұмысты атқаруымыз керек. Қаланың іші дұрыс деп санаймын. Қыста жақсы өтіп жатсыңдар. Жоғары да айтып өткен мәселелерді қалай шешу керектігі жөнінде ақылдасайық.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ. БАСТАПҚЫДА «ІЛКІМДІ ЖОБА» РЕТІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫН БАҒДАРЛАМАДА ҮШ САЛАҒА, АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ, МАШИНА ҚҰРАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫН ШЫҒАРУҒА ДЕН ҚОЙЫЛАДЫ. ОРТА БИЗНЕСТЕГІ ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫНДЫ ДЕМЕУ. ОЛАРДЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ.  МІНЕ, НЕГІЗГІ МАҚСАТ ОСЫ. «БАҒДАРЛАМА СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖАҒДАЙДА», - ДЕЙДІ «БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ. ЭКПОРТТЫҚ ТАУАРЛАРДЫҢ ҮЛЕСІН 30 ПАЙЫЗҒА, ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН ОРТАША ЕСЕППЕН 10 ПАЙЫЗҒА ҰЛҒАЙТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН 20-30 КОМПАНИЯ ПАЙДА БОЛАДЫ. БҰЛ ӘЛЕМДЕ БАР ТӘЖІРИБЕ. МӘСЕЛЕН, БҮГІНГІ КҮНІ МАЛАЙЗИЯДА  ОРТА БИЗНЕСТЕГІ 50 КОМПАНИЯҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛІП КЕЛЕДІ. ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ  ОЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ӨЗ ӨНІМДЕРІН ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРА БАСТАДЫ. НӘТИЖЕСІНДЕ 20 МЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛЫП, ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ 1,7 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ӨСЕДІ ДЕП КҮТІЛУДЕ. СОНЫМЕН ҚАТАР МҰНДАЙ БАҒДАРЛАМАЛАР АҚШ, ФРАНЦИЯ, ГЕРМАНИЯ, ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ СЕКІЛДІ ЕЛДЕРДЕ ӨЗІНІҢ ТИІМДІЛІГІН ДӘЛЕЛДЕДІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОБАНЫ ДАЙЫНДАУ КЕЗІНДЕ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕНІҢ ЕҢ ОЗЫҒЫ ҚАПЕРГЕ АЛЫНДЫ. ЖАҢА БАҒДАРЛАМАҒА ҚАНДАЙ КОМПАНИЯЛАР ІЛІГЕ АЛАДЫ? НЕГІЗГІ ҮШ ТАЛАП ҚАНДАЙ? ӘРІПТЕСІМ АҚБӨПЕ БӘКІР ӘҢГІМЕЛЕЙДІ.

 

Адамға күнделікті өмірде не керек? Тұратын жерің мен жүретін көлігің және тамағың тоқ болса болды. Ал осыларға қол жеткізу барысында үй салу үшін қажет материалдарды, алатын машина мен күнделікті жейтін тамағымызды бізге кім өндіретініне бас қатыра бермейміз. Осы жайлы бір сәт болса да ойланып көрейік. Дүкенде азық-түліктің түр-түрі бар. Мәселен, тауық еті мен жұмыртқаны күнделікті пайдаланамыз. Елімізде 58 құс фабрикасы бар екен, биыл 148 мың тонна құс еті мен 4 млрд-қа жуык жұмыртқа өндіріліпті. Оның басым бөлігін өзіміз пайдаланамыз, қалғанымен көршілермен бөлісеміз, яғни сатамыз. Алайда бүгінде құс өсірушілерге және орта бизнестегі кәсіпкерлерге көмек қажет.

 

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті 

-Жем алу керек, свет пен газға төлеу керек, құс сатып алуымыз керек. Егер осындай шаралар қолданылмаса, птицефабрикалар жабылып калуы мүмкін. Ал үлкен фабрикалар 50-60 пайызға қысқарып қалуы мүмкін. 

 

Атап өткен үш қажеттілік орта бизнестің салаларына жатады. Олар: үй-құрылыс материалдары, көлік-машина жасау және тамақ өнеркәсібі. Ең алдымен осыларды қолдау бекерден-бекер таңдалып отырған жоқ. Басында ілкімді жоба ретінде енгізілгенімен, бір реттік емес ұзақ мерзімге есептеледі.  «Бұл қандайда бір шара немесе жаңа бағдарлама дегеннен гөрі үшінші бесжылдықтың өндірістік саясатының бір тармағы, құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы керек», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев. 

 

Қайрат Мәжібаев, «Resmi» ИҚҮ АҚ директорлар кеңесінің төрағасы 

-Орта бизнестегі компаниялардың бірі ерекшелігі біз орта мерзімді 5, 7 не 10 жылға инвестициялаймыз. Сондықтан қысқа мерзімді жағдайларға аса сезімталмыз. Кедергілерге төтеп беру үшін тұтынушыларға не қажет екенін алдын ала біліп, соны өндіруге күш салуымыз керек. Осы орайда экономикалық қолдау бағдарламалары экспортқа тауар шығарып, әлемдік өндірушілермен бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отырған компанияларға да назар аударылса екен дейміз.

 

«Бәйтерек» холдингі ұсынып отырған қолдау бағдарламасы жеңілдетілген несие, субсидия немесе Ұлттық қордан бөлінетін қаржы түрінде ғана емес, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін менеджмент тұрғысынан консалтингтік көмек, яғни жаңа шетелдік нарыққа қалай шығу керектігін, компания ішіндегі жұмысты жақсарту жағынан кеңес беріп, стратегиясын өзгертуге бағытталған. Алайда ондай көмек алу үшін орта бизнес иесі негізгі үш талапқа сай болуы тиіс.

 

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы

-Бұл компаниялар үш жыл бойы тұрақты жұмыс істеген болуы керек. Олардың қаржылық тұрақтылығы және банктермен жұмыс істейтін тәжірибесі болуы керек. Үшіншіден, үш жылда бір рет болса да, экспортқа шыққан болса, біз үшін бұл индикатор, бұл компания халықаралық деңгейге, бәсекеге қабілетті дегені. Оған қолдау көрсетсек, қаржымен және консалтингтік жұмыстармен сол бар потенциалдың қайта арттыруға жағдай бар деген біз үшін индикатор.

 

Қазақстанның ДСҰ-на мүше болуға ниетті екенін және Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастағанын ескерсек, мұндағы басты мақсаты – жақсы жұмыс істеп отырған өндірушілерді әрі қарай дамытып, позицияларын күшейту, экспортқа шығатын тауарлардың көлемін ұлғайту. Орта бизнесті қолдау бағдарламасына қатысушы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы да іскерлерге арнап орталық ашты.

 

Ербол Есенеев, ҚР ҰКП Тамақ өнеркәсібі комитетінің хатшысы 

-Экспорттайтын мекемелердің выручкалары 25-30 пайызға төмендеді. ҰКП арнайы штаб құрылды. Тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе жергілікті өнеркәсіппен тікелей жұмыс істеп, мемлекеттік госоргандармен бірлесіп отырып, кәсіпкерлерді қолдау мен қорғау іс-шаралары жүзеге асырылуда.

 

Юлия Якупбаева, ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары 

-Нақты мәселелер туралы айтар болсақ. Шекара маңындағы аймақтарға арзан импорттың көптеп келуі. Және контрафактімен күресу керек.

 

Осы мәселелердің барлығын кезең-кезеңімен сауатты шешу үшін орта бизнес сегментін қолдау бағдарламасын халықаралық тәжірибесі мол Маккензи компаниясы әзірлеген. Дәл осындай шаралар Малайзия, Сингапур, Германия, АҚШ-та кеңінен іске асырылуда. Бірақ бұл жолы Қазақстан экономикасының ерекшелігі жан-жақты ескерілген.

 

Юкка Максимайнен, «Mckinsey Company» Қазақстандағы кеңсесінің басқарушы серіктесі 

-Бағдарламаның тиімділігін 12 ай бақылау керек, тиісінше жұмыс істейтініне көз жеткізген соң, ұзақ мерзімге енгізуге болады. Қазақстандағы орта сектордағы компаниялар үшін негізгі мәселе – нарыққа жол ашу. Қазақстандық компаниялар үшін ең маңызды салалар – өнімділікті арттыру мен бағасы жағынан бәсекеге қабілетті тауар өндіру.

 

Елімізде сусындар шығаратын компаниялар жақсы жұмыс істеуде. Өнімге сұраныс мол. Мысалы, мына өндірістік-логистикалық кешен 2009 жылы ашылған, содан бері тауар түрлерін бірнеше есеге ұлғайтқан.

 

Бахаргүл Дауырова, «Rg Brands Kazakhstan «Ақсеңгір» ЖШС филиалының сапа жөніндегі менеджері 

-Шырын және сусын өндіру машиналары 8 линия болатын, 6 жылдан бері тағы 3 шырын өндіретін машина қосылды. Өндіру технологиясы еуропалық құралдармен жабдықталған. Жыл сайын оларға модернизация жұмыстары жасалып, жаңартылып отырады және шырындардың түрлері тұтынушылардың сұранысы бойынша жыл сайын өзгертіліп, жаңартылып отырады.

 

Қазір отандық өндірушілер саннан гөрі сапаға баса назар аударады. Қазақстандық және халықаралық стандартқа сәйкес қызмет етеді. Және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда 500-ге жуық адам еңбек етеді, 60 пайызы – жергілікті тұрғындар. Бұл бір мысал ғана. Елімізде 378 мыңнан астам жеке компания бар екен. Яғни отандық өнімді сатып алғанда, біз бір адамның болса да, жалақы алуына өз үлесімізді қосамыз деген сөз.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЫЛТЫР ҚҰНЫ 2,5 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ БОЛАТЫН ӨНІМ ШЫҒАРЫЛҒАН. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БИДАЙ, КҮРІШ, КӨКӨНІС-БАҚША ДАҚЫЛДАРЫ, ЕТ ПЕН СҮТ ЖӘНЕ ЖҰМЫРТҚА СЫНДЫ НЕГІЗГІ ӨНІМДЕР ТОЛЫҒЫМЕН ІШКІ ҚАЖЕТТІЛІКТІ ӨТЕЙДІ. ӘЙТСЕ ДЕ, АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ БАСҚА ДА ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІҢ ҮЛЕСІ 80 ПАЙЫЗ ҒАНА. МІНЕ, ОСЫ ЖЕТІСПЕУШІЛІКТІ ТОЛЫҚТЫРУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТ АГРАРЛЫҚ САЛАҒА ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ. 

 

«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қаржылай сауықтыру, несие пайызының үстемелерін төмендету, инвестициялық субсидияларды бөлу және ветеринариялық қауіпсіздікті жетілдіру сынды шаралар жүзеге асырылуда. инвестициялық жобалардың басым бөлігі «қазагроқаржы» ұлттық басқарушы холдингі арқылы қаржыландырылып келеді. бүгінге дейін 400-ге жуық жоба іске қосылса, соның жартысынан астамы қазір өндірістік қуатын 70 пайызға жеткізген. осының нәтижесінде аграрлық саладағы қордаланған мәселелер өз шешімін тауып, жергілікті аймақтарда өңдеуші секторды дамытуға жол ашылды. мәселен, былтыр атырау облысында бекіре тұқымдас тауарлы балық өсіретін кешен ашылды. енді тағамдық бекіре уылдырығын шет жерден тасымай, өз елімізде әзірленгенін алуға мүмкіндік бар. республика бойынша асыл тұқымды репродуктивті  орталықтардың ең ірісі  алматы облысында салынды. бұдан бөлек қазақстанда тағы да бірнеше жоба жүзеге асады. 

 

Ринат Кемешов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ресми өкілі  

-Ауыл шаруашылығы саласына 253 млрд теңге қаржы жұмсауды көздеп отырмыз. Ақмола облысы бойынша «Алатау» атты жылыжай кешенін іске қосқалы отырмыз. Жалпы құны – 2,4 млрд теңге. Тағы да осындай жылыжай кешендерінің бірі жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 4,4 гектар жерді алатын жылыжай кешендерін іске қосу. Алматы облысы бойынша құс фабрикасын іске қосып, оның жалпы өнімділік қуаттылығын екі есе арттыру. Павлодар облысында ірі қара малдарын бордақылау орталығын іске қосқалы отырмыз 2015 жылы. 

 

Өткен жылы мал шаруашылығының дамуына 50 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Қой мен жылқы шаруашылықтарын жүйелі түрде алға ілгерілету үшін арнайы несиелік бағдарламалар түзілді. Осы тармақтар арқылы фермерлік шаруашылықтар несие алып, оған 90 мыңға жуық қой, 12 мыңдай жылқы сатып алды. Айтпақшы, Қазақстан соңғы 5 жылда алғаш рет ірі қара мал етінің экспортын 14 есеге ұлғайтты. Былтыр шамамен 12 мың тонна отандық ет өнімі шетел нарығына саудаланған. Бұл, әрине, жергілікті  ауыл шаруашылығындағы жетістіктің айғағы. Өңдеу мен әртараптандыруға басымдық берген мемлекеттік қолдау саясатының оң нәтижесі. «Жеті күн» тілшісі Бағдат Бектұрғанқызы ауыл-аймақты аралап, агробизнестегі жаңа жобаларды саралап көрді. Қазы-қарта, жал-жая, ет пен балықтың түр-түрі, сиыр сүтінің сапалысы да біздің елде. Тек өндіріс қарқынын арттыра түссе болғаны. Қазіргі деңгейін саралап көрсек, жыл сайын өсім бар. Мәселен, былтыр 900 мың тоннаға жуық ет өнімі шығарылған. 2013 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Сүт 2,6 пайызға, ал жұмыртқа 10,1 пайызға артығымен өндірілген. Жергілікті кәсіпкерлер қазір мал басын көбейтіп қана қоймай, дайын өнім шығарудың анағұрлым тиімділігін ұғынды. Бауыржан Қосшығұловтың жеке бизнесте өзіндік стратегиясы бар.  

 

Бауыржан Қосшұғылов, «Қарасу ет» ЖШС директоры 

-Тұтынушының сұранысын қанағаттандыру үшін біз қашанда қоғамдық пікірді есепке алып отырамыз. Ай сайын жаңа өнім түрін шығарып, оны жұрт қалай қабылдағандығын бақылаймыз. Егер көңілдерінен шықса, жаппай өндіріске енгіземіз.

 

Кәсіпорын қызметі кластерлік жүйеде қалыптасқан. Малды бордақылау алаңы мен сою цехы бар. Дамыған елдердегі озық тәжірибенің бірі «Хассп» жүйесін енгізген.  

 

Марина Сухорукова, «Қарасу ет» комбинатының бас технологы  

-Біздің компания өз жерімізде жайылған мал еттерін ғана пайдаланады. Өйткені ол – жергілікті экологиялық таза өнім. Технология бойынша шетелдік мал еттерін қабылдамаймыз. Көпшілікке мәлім Австралия, Бразилиядан әкелінген еттерге ылғал сақтау үшін түрлі қоспалар егіледі.

 

Экологиялық таза, сапасы да жоғары өнімге сұраныс жоғары. Шұжықтың 140 түрі шығарылады. Қазы-қарта, жал-жая керек пе? Әлде еттің консервіленген немесе қаптамаға оралғаны ма? Қажеттісін орталықтағы дүкендерден табасыз.   

 

Әйгерім Өмірбаева, Қостанай қаласының тұрғыны 

-Мен осы жерден келіп аламын. Өйткені мында жергілікті өнімдер біздің. Жал-жая барлығы да бар. Шұжықтың әр түрі бар, мында таңдау өте үлкен Бағасы да тиімді. Арзан барлығы.

 

Сапасы жоғары, ал бағасы арзан өнімді шетел нарығына шығаруға мүмкіндік те бар. Кәсіпкер үлкен бәсекелестік алаңын бағындыруға күш салып жатыр.  

 

Бауыржан Қосшұғылов, «Қарасу ет» ЖШС директоры  

-Жұмыс орындарын қысқарту деген тіптен ойымызда жоқ. Әлі де өндірісті өрістетуге мүмкіндігіміз бар. Қазір қанша дағдарыс, оның үстіне бәсекелестік бар десек те, өнімді өткізу нарығын кеңейтуге күш салып жатырмыз. 

 

Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір. Осыны түсінген Руслан Ялдаров  «Алтын асық» несие бағдарламасының игілігін пайдаланды.  

 

Руслан Ялдаров, шаруа  

-Қой тез көбейеді. Екі жылда үш төл алуға болады. Оның етіне деген сұраныс жоғалған емес.  

 

Алтынбек Абдоллаев, СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары 

-Біздің облысымыз бойынша 242 мың қой болса, соның ішінде биыл «Алтын асық» бағдарламасына 38 шаруашылық қатысып, 134,5 млн теңгенің қаржысын игеріп, биыл 5 мың басқа біз қой басын көбейтіп отырмыз. 

 

Енді олар Петропавл мен Көкшетау қалаларын етпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қадірін бағалай білсеңіз ешкі бағып та баюға болады. Оның сүті йод жетіспеушілігі мен жүрек қан тамырлары сынды сан ауруға мың да бір ем. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Тоқтар Әубәкіров ауылындағы кәсіпкер Нұрлан Төлеутаев мемлекеттен үстемесіз 15 миллион теңге қаржы алды. Оған шетелден 50 бас асыл тұқымды ешкі әкелді.

    

Нұрлан Төлеутаев, жеке кәсіпкер

-Ешкінің басын бір отарға жеткізу. Содан кейін мына «ҚазАгроҚаржымен» келісіп отырмыз. Мына 250 литрлік ірімшік жасайтын құрал-сайман аламыз. Ешкінің сүтінің өзін де сатуды жоспарлап отырмыз. 

 

Жергілікті саудада ешкі сүтінің бір литрі 800, ал ірімшігі 900 теңгеге бағаланып отыр. Демек, кәсіптің келешегі мол. Осы ауылдағы кәсіпкерлердің енді бірі – Сәкен Әбдірахманов. Ол бөдене құсын өсіріп, оның жұмыртқасы мен етін де саудаға шығаруда. Омарташылық кәсібі тағы бар. Жылына 1 тоннаға жуық бал өнімін алып отыр. Енді астық нарығына ойыссақ. Экспорттық өнімнің бірі – бидай. Шетелге шығаратын бір жол – осы Ақтау теңіз портындағы арнайы терминал. Кәсіпорын былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 682 мың тонна бидай қабылдап, өзге елдерге жөнелткен. Жуырда жаңа келісімдер жасалып, астық тиелген алғашқы кеме Иранға жол тартты.   

 

Рафаэль Галямов, Астық тасымалдау терминалының басшысы

 -Былтырғы жыл біз үшін сәтті жыл болды. Өндірістік қуатымыздан артық астық тиедік. 682 мың тонна бидай мен арпа шетелге экспортталды. Үздік нәтиже көрсеткеніміз үшін Елбасының «Алтын сапа» жүлдесі берілді. Бұл марапат бізді жігерлендіре түсті. 

 

Каспий жағалауындағы қос елмен біріккен кәсіпорындар құрылды. Келісімге сай Баку мен Амирабад теңіз порттарында елімізден жөнелтілген бидайды сақтайтын қоймалар салынды. Ал болашақта «Бекет ата» және «Түркістан» атауларын иеленген астық тасымалдайтын отандық кемелердің қатары көбеймек. Көп ұзамай Арал тұзының экспорты арта бастайды. ТМД елдеріне жақсы таныс бұл отандық өнімге Ресейден тапсырыс жоғары. Енді Араб әмірлігі, Түркия, Қытай мен Жапония нарығын бағындырады. Зауыт бәсекеге дес бермес үшін тұз өнімдерін жаңа қаптамада шығарып, төрт түлікті бордақылауға қажетті брикеттелген тұзды өндіре бастады. Ал Арал балық өңдеу зауытының өндірістік қуатын толық игермек керек. Оған шикізат тапшылығы – басты кедергі. Бұл жайды осы аптада сыр өңіріне іссапармен барған ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков назарға алды. Мәселе шешімін тапса, зауытта жылына 6 мың тонна балық өнімін өңдеп шығаруға жол ашылады.  

 

Талғат Жұмашев, Балық зауытының директоры

-Біз салып жатқан балық өңдейтін цехымыз бар. Ол балықты каптить етіп, вялить ететін, кептіретін цех. Онда болашақта біз бұдан жоғары пайда көруімізге болады. Өйткені біздің Арал балығына сұраныс өте үлкен.

 

Ішкі нарықтағы құс етінің импортын азайтуға мүмкіндік жасалуда. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асырылды. Алғашқы болып жұмысын бастаған зауыттардың бірі Шығыс Қазақстан облысында. Мұнда құс етінен 70-тен астам тағам түрі шығарылады.  

 

Дүйсембай Селиханов, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы 

-Келешегі үлкен. Қазақстанда бірінші жоспар жасаған. Ерекшелігі өздері ет өндіреді. «Өскемен құс» фабрикасы жылына 20 мың тонна ет өндіреді. Сол еттен жылына, жоспарына шаққанда 10 мың тонна өнім  шығады.  

 

Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыруда Ақмола облысының үлесі басым. Бүгінде өңір кәсіпорындары елорданы ет және сүт өнімдерімен 50 пайызға, ал картоп және жұмыртқамен толық қамтамасыз етіп отыр.  

 

Диас Испанов, Құс фабрикасының атқарушы директоры 

-Жұмыртқаның негізгі сатып алушылары – Щучинск қаласы, Астана қаласы және Қарағанды. Бүгінгі таңда Көкшетауға сатып жатырмыз. Толық өндірістік қуаттылыққа осы 2015 жылдың маусым айында шығатын боламыз.

 

Кәсіпорындағы қондырғылардың 70 пайызы – отандық өнім. Бүгінде 50-ден астам жергілікті тұрғын осы жерде еңбек етеді. Құс фабрикасы қазір күніне 130 мың дана жұмыртқа шығарып отыр. Ал толық жобалық қуаттылығын еңсерген кезде жылына 90 млн жұмыртқа өндіруге қауқарлы. Міне, отандық өндірушілер олқы емес. Тек ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, шетел нарығын бағындыруға ұмтылыс бар. Қазақстандық азық түрлері сапасы мен құнарлылығы жағынан ешкімнен кем түспейді. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ИӘ, ОТАНДЫҚ ӨНІМ ОЛҚЫ ЕМЕС. ҒАЛЫМДАР  ЖЕРГІЛІКТЕ ЖЕРДЕ ШЫҒАРЫЛҒАН АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕРДІ  КӨПТЕП ҚОЛДАНУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ. МӘСЕЛЕН, ПАСТЕРЛЕНГЕН СҮТ ПЕН ЗАРАРСЫЗДАНДЫРЫЛҒАН СҮТТІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ? БҰЛ САУАЛДАР СІЗДІҢ ДЕ САНАҢЫЗДЫ ШАРПЫП ӨТКЕН БОЛАР. ЕНДЕШЕ ҚАПЕРІҢІЗДЕ БОЛСЫН, ҚАЗАҚСТАНДА ТҰТЫНЫЛАТЫН СҮТ ӨНІМДЕРІНІҢ 40 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ СЫРТТАН ТАСЫМАЛДАНАДЫ. ӘРІ ОЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ДЕРЛІК ЗАРАРСЫЗДАНДЫРЫЛҒАН. БІР ҚАРАҒАНДА ҚОРАПШАСЫ ТАРТЫМДЫ, ДӘМІ ТАТЫМДЫ БОЛЫП КӨРІНГЕНІМЕН, ЗАРАРСЫЗДАНДЫРЫЛҒАН СҮТТІҢ ПАЙДАСЫНАН, ЗИЯНЫ КӨП. ӨҢДЕУ БАРЫСЫНДА БАКТЕРИЯЛАРМЕН ҚАТАР, МИКРОФЛОРА ЖӘНЕ БҮКІЛ ДӘРУМЕНДЕР ЖОЙЫЛЫП КЕТЕДІ. ӘРІ ОНЫҢ АҒЗАҒА СІҢІМДІЛІГІ НАШАРЛАП, БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ТӨМЕНДЕЙДІ. 

 

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик -Былай қарасаң, дәмі бірдей. Стерилизацияланған сүтте майлар, тағы басқасы өзгерістерге ұшырайды. Белоктың да құрамында конфармациялық өзгерістер болады. Ол өзгерістердің зияндылығы соншалықты, ол мысалы, бойға сіңіруде тоқтап қалады да, адамның ағзасына әсерін тигізіп тұрады.

 

«Мұндай өнім қатерлі ісікке шалдыққан адамдар санын молайтып, семіздіктің жаппай белең алуына, қант диабетінің және аллергиялық аурудың асқынуына сеп болады», - дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті. Сондай-ақ Төрегелді Шарманов пастерленген сүт аз сақталғанымен, оның құрамындағы дәрумендер мен ақуыздар құндылығын жоғалтпайтындығын еске салады. Өкінішке орай шетелден импортталатын мұздатылған еттің де пайдасы шамалы. 

 

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик

-Мұздатқан кезде витаминдер жоғалады 40 пайызға дейін. Құрамындағы өзгерістердің барлығы зиынды бағытқа кетіп қалады. Тағы бір сұрақ бар, антибиотиктер, гармондар. Не үшін пайдаланылады. Оны тез, жедел өсіру үшін. Бірақ антибиотик те, гармон да етте әр жерде қалады. Ол жай ғана жаман әсер етпейді. Қауіпті ісік ауруларға да алып баруға септігін тигізеді. 

 

Мұздатылған етке қарағанда отандық салқындатылған еттің пайдасы жоғары. Сондықтан, қазақстандықтар жергілікті жердің өнімдерін   пайдаланғаны   дұрыс. Бұл ғалымдардың пайымы. Ал, тұтынушылар қазір қандай өнімді таңдап жүр? «Жеті күн» тілшісі Нұрбек Әмиша Астанадағы сауда орындарының бірінде болды.

 

Біз қазір Астана қаласындағы сауда үйлерінің бірінде тұрмыз. Халық қандай өнімдер тұтынады және қай елдің өнімдерін тұтынады? Оның ішінде қазақстандық өнімдердің үлесі қаншалықты? Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз қазір міне сүт өнімдерінің қатарына келдік. Мұнда негізінен қазақстандық өнімдер бар. 90-95 процентке дейін қазақ өнімдері. Мәселен, қазір қарайық, мынау Алматыдан өндірілген кәдімгі сүтіміз. Міне, қаймақ, құрт. Бәрі өз еліміздің өнімдері, келесі қатарды көрейік. Жаңа айтқанымыздай, келесі қатардағылар негізінен қазақстандық өнімдер болса, дегенмен шетелдік импорттық тауарлар да жоқ емес. Мәселен, ресейлік тауарлар, оның ішінде қаймақ балалар тағамдарының дені Ресейден келген. Ендігі баратын қатарымыз, қазақтың басты тағамы – ет. Мына жаққа барайық, жүріңдер.  Жалпы сауда үйінен байқағанымыз, таңдау өте көп. Бір қызығы, өзіміздің таза отандық өнім, ешқандай біз артық жарнама жасап жатқан жоқпыз. Сыйтабақ, кәдімгі жылқының сүрленген еті, таңсық тағамдар дейсіз бе, қазақтың отбасылық өнімдері, қазы, ысталып пісірілген, Қазақстанда жасалған. Өзіміздің Алматыдан, бағасы да ондай қымбат емес. Алуға болады, кез келген қарапайым халықтың қалтасына тиімді заттар. Келесі қатарды қарап көрейік. Бұл жерде негізінен ет өнімдері. Қай жердің еттері бұл? Осы Астананікі ғой. Астананың еті, иә. Бағасы ондай қатты қымбат емес, жылқы, сиыр, қой еттерінің барлығын табуға болады. Біздің жанұялық, отбасылық тізімде қазір, шұжық өнімдері емес, салаттарға тиіспейміз, келесі өнім нан өнімдері. Кеттік, саудаңыз сәтті болсын! Нанның барлық түрі бар. Барлығы –өзіміздің елдің өнімі. Тіпті алысқа кетпей-ақ, осы Солтүстік облыстардан, Астана қаласының өзі жалпы осы жердегі халықтың негізгі бөлігін қамтып отыр десе болады, жүріңіз. Енді балаларымызға арналған тағамдарды да көрейік. Кәдімгі алмадан, шабдалыдан жасалған өнімдер. Негізінен байқап отырғанымыз, барлығы дерлік импорт. Бұдан шығатын қорытынды, сәбилерге, бүлдіршіндерге арналған тағамдардың барлығы дерлік шетелден, сырттан әкелінеді. Яғни әзірге Қазақстанда әзірге өндіріс жоқ деген сөз. Келесі біздің баратын бөлігіміз, бұл макарон! 

 

Қарап жатырмын, қарап жатырмын, қара макаронды да көріп жатырмын. Қызыл макаронды да көрдім. Италиядан, Еуропа елдерінен импортталған тауарлар көп. Ой, кешір, бұл не, бұл өзіміздің өнім бар деген сөз. Шынымен де, біздің операторымыз дұрыс айтып тұр, қазақтың өнімдері жеткілікті деңгейде. 

 

-Кешіріңіз, сәлеметсіз бе? Қандай өнім алып жатырсыз?

-Өз елімізден шыққан, Қазақстан өнімдерін алып жатырмыз. 

-Жалпы бұл дүкеннен қандай өнімдер алып жатырсыз? 

-Ана жақтан детская продукция, жаңа, бір телешка ішінде енді бес-алты баночка продукция российский, белорусский выжатый детский продукцияны алдық. Енді өзімізге келгенде, қаншама алма бар бізде, Шымкент бар, Алматы бар, түгел регионда бар ғой, бірақ детский продукция аз. Балалардың тағамдары жоқ. Нан тағамына келсек, түгелі енді жақсы. Наны да, кеспелері де, белоктары де ұнайды. Қазақтар – етпен өскен кісіміз, өзімізбен, өзіміздің ұннан алып, сонан еттің нанын содан ғана істейміз. 

-Шыныңызды айтыңызшы, телеарна түсіріп тұрғасын, патриоттығыңыз оянып, қазақтың өнімін аламын деп тұрсыз ба, әлде бұл сіздің шындық ойыңыз ба?

-Жоқ, біз качестваға қараймыз ғой. Өз жеріміз, суымен шыққан өнім, өзімізге жақын. 

 

Халық негізінен, жеміс-жидекте. Кеттік, көрейік. Алма, жаңа ғана біз сұрап білдік, алманың исі аңқып тұр, бірақ Алматының, Қазақстанның алмасына жетпейді. Бұның барлығы Еуропа елдерінен, Италиядан келген алмалар деп бізге мақтап жатыр. Дегенмен өзіміздің өндіріс болғанда тіптен жақсы болатын еді. Бұл жерде сұрап білгеніміздей, бұл қатарда тек өзіміздің картоп, кәдімгі сәбіз Қазақстаннан. Қалғандарының барлығы дерлік – сырттан әкелінетін тауарлар. Өкінішті, әрине! Мұны біздің кәсіпкерлеріміздің ескеретін шаруасы деп есептейміз. 

 

Ирина Хегай, маркетолог

-Қазақстандық тауарлардың сапасы жоғары. Сыртқы тауарлармен бәсекеге түсе алады. Дегенмен, халыққа таңдау болу керек. Сол үшін шетелден әкелеміз. Табиғатымыз суықтау болғандықтан, қызанақты Өзбекстаннан тасимыз. Ал қырыққабат жергілікті. Қытайдан, Голландиядан да тасимыз жеміс-жидекті. Алайда сараптамадан өткіземіз. Көкөністер неге сырттан әкелінеді десеңіз, кәсіпкерлерге көкөністерді жергілікті сауда орындарына өткізгеннен гөрі, Ресей мен Белоруссияға тасымалдаған тиімді. Себебі импортқа өте жоғары бағамен шығара алады. Көрші елдер де көп көлемде сатып алуға дайын. Ал құс өнімдерінің көбі өзімізден. Беларуссиядан көбіне балаларға арналған тағамдар, бұқтырылған еттер келеді.     

 

Нұрбек Әмиша, тілші

-Сонымен қорытындылаймыз. Мексиканың майы да, мұқиттың балығы да бар. Еуразиядық одақ елдерінен келетін тауарлардың саны да жеткілікті. Дегенмен, бір байқағанымыз, әлде де біздің кәсіпкерлерге көбірек, жұмыс істеуге, бәсекелесуге тура келеді. Сонда ғана біз үлкен нарықты жаулай аламыз.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-АГРОБИЗНЕСТЕГІ НӘТИЖЕЛІ КӨРСЕТКІШТЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ТИЕСІЛІ. ТӨРТ ТҮЛІКТІ ӨСІРІП, ТІРЛІКТІ ТҮЗЕТУ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АТА КӘСІБІ. БҰЛ ТӘЖІРИБЕНІ ЗАМАНАУИ ТАЛАПТАРМЕН ҰШТАСТЫРА ОТЫРЫП, ДАМЫТУДА ҚЫРУАР ШАРУА АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР. ОСЫ ТҰРҒЫДАҒЫ САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРУ ҮШІН СТУДИЯМЫЗҒА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНЕН АРНАЙЫ МАМАН ШАҚЫРТТЫҚ. МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ЕРКЕБҰЛАН АХМЕТОВ «ЖЕТІ КҮН» СТУДИЯСЫНДА ҚОНАҚТА. ЕРКЕБҰЛАН ҚАРТАЙҰЛЫ ҚОШ КЕЛІПСІЗ!

 

-Мемлекет басшысы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында тамақ өнеркәсібін дамыту мәселесіне тоқталды. Осыған орай ауыл шаруашылығы, әсіресе мал шаруашылығы саласында қандай шаруалар қолға алынып жатыр?    

 

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры 

-Былтырғы жылы «Агробизнес-2020» аясында жаңадан несиелік бағдарламалар қабылданып, олардың жүзеге асырылуы басталды. Жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Яғни бұл жерде фермерлік шаруашылықтар үшін шалғайдағы жайылымдарды игеру мақсатында суландыру құрылғыларын салуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.      

 

-Енді мал өнімдерін өңдеу жағына баса мән беріле ме? Жалпы қазіргі таңда ауыл кәсіпкерлерінің көпшілігі төрт түлікті көбейтуге ынталы. Осы шарада бұл тұрғыда қандай қолдау шаралары болуы мүмкін?  

 

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры 

-Мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары енгізіліп отыр. Атап өтетін болсам былтырғы жылы сүт өңдеу кәсіпорындарына сатып алынатын шикізаттың құнын ішінара өтеуге, субсидиялау бағыты енгізілді. Және ол былтырғы жылы 6 облыс бойынша пилоттық негізде жүзеге асырылды. Бұл дегініміз олардың қуаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылықтар үшін, шағын және орта фермерлік шаруашылықтар үшін өнімді тапсыру нарығы пайда болады. Соңғы 4 жылда мемлекеттік қолдау көлемі артып, мал шаруашылығына бөлінетін субсидяи көлемі 52 миллиардтан асып отыр.      

 

-Еліміз ет экспортының көлемін ұлғайтуға кіріскеніне бірнеше жыл болды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қазіргі таңда қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Қандай жетістіктер бар? 

 

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры 

-4 жылдың ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 220 мыңнан астам ірі қара малды сатып алуға несие берілді. Сонымен қатар асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде әр фермерлік шаруашылықтар осы «Сыбаға» бағдарламасына қатысу арқылы мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Яғни орта есеппен келгенде әр малдың басына жыл сайынғы 18-20 мың көлемінде субсидия алып отырады. Осы 4 жылдың ішінде біз 130 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын салдық. Олардың бүгінде қуаттылығына шығу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет тарапынан осындай инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қаржы бөлінген. Және де бұл жобаларға да мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. 

   

-Енді биылғы бұл бағдарламаның жоспары қандай? Шетелден мал әкелу жалғаса ма? Әлде біздегі қолдан ұрықтандыру бекеттерін жетілдіру арқылы мал тұқымын асылдандыруға бетбұрыс жасала ма? 

 

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры 

-35 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын салу жоспарланды. Және бұл әр облыс бойынша, әр жергілікті орын бойынша өзінің индикаторлары анықталған. Фермерлік шаруашылықтарды несиелеуге 105 мың мал басын сатып алуға жоспар бар. Биылғы жылдан бастап біз ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малды әкелу көрсеткішін азайтып отырмыз. Себебі осы жобаны жүзеге асыру барысында біз өзімізге тиісті қажетті асыл тұқымды малды жинақтадық. Енді одан төл алынуда. Фермерлік шаруашылықтарға асыл тұқымды бұқаларды сату жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты біздегі енді басты бағыт – осы асыл тұқымды бұқалардың генетикалық әлеуетін пайдалана отырып, жергілікті малдың еттік қасиетін арттыру.       

  

-Еркебұлан Қартайұлы, соңғы сұрақ болсын. Енді мемлекеттік субсидиялардың тиімділігін оңтайландыру шаралары басталды. Бұл тұрғыда қандай өзгерістер болуы мүмкін? 

 

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры 

-Биылғы жылдан бастап біз барлық субсидиялау бағыттарын автоматтандыруға көшеміз. Яғни бұл дегеніміз шаруа өтінім тапсырған мезеттен бастап оны жергілікті атқару органдарында қарау, тиісті қаражатты белгілеу, комиссия отырысында белгіленген соманы есепшотына аудару процестерінің барлығы автоматтандырылып, Үкіметтің порталы арқылы жүзеге асырылатын болады.      

 

-Еркебұлан Қартайұлы, уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет! Алдағы істеріңізге тек табыс тілейміз. Біз бағдарламамызды жалғастырамыз. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ОСЫ АПТА МӘЖІЛІСТЕ «КӘСІПКЕРЛІК КОДЕКСІНІҢ» ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ. ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚҰЖАТ ІСКЕР АДАМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТ АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУ, БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ЖАЗЫЛЫП ОТЫР. МӘСЕЛЕН, БҰРЫН ӨЗІНЕ ҚАЖЕТТІ 20-ҒА ЖУЫҚ ЗАҢДЫ АҚТАРАТЫН БИЗНЕСМЕН ЕНДІ БІР ҒАНА КОДЕКСКЕ СҮЙЕНУІ ТИІС. 465 БАПТАН ТҰРАТЫН ЖОБАҒА КӘСІПТІК ҚЫЗМЕТТІ РЕТТЕЙТІН ЕЛІМІЗДІҢ 11 ЗАҢЫ ШОҒЫРЛАНДЫРЫЛҒАН.  БҰДАН БӨЛЕК, 10 КОДЕКС, 83 ЗАҢҒА КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗГЕРТУЛЕР ЕНГІЗУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР.  КОДЕКС ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАУҒА ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМА ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ДАМУ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕЛЕРІ БЕЛСЕНЕ АРАЛАСТЫ. ҰСЫНЫСТАР БЕРДІ. БІРАЗ СЫН-ЕСКЕРТПЕЛЕР АЙТТЫ. КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ СЕЙІТСҰЛТАН ӘЙІМБЕТОВ ЖОБАНЫҢ ЖЕТІЛДІРЕТІН ТҰСТАРЫНА ТОҚТАЛДЫ.      

 

Зәуреш Баймолдина, ҚР Әділет вице-министрі 

-Кодекс жобасы жасалып жатқан кезде Ұлттық кәсіпкерлік палатасы туралы заңды осында енгізу мәселесі қарастырылды. Көп талқыладық осы сауалды. Сосын ол Заңды өзінше қалдыру туралы шешімге келдік. Жалпы Кодексте Ұлттық кәсіпкерлік палатаға қатысты 7 бап бар. 

 

Депутаттар сонымен бірге Кодексте шағын бизнеске мән беріліп, орта бизнестің ахуалына қатысты ештеңе айтылмағанына қынжылды. 

 

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары 

-Әріптестеріме қосылам, бұл заңда орта бизнестің мүддесі жөнінде ештеңе айтылмаған. Елімізде 2015 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша шағын бизнестің саны – 5 мың, орта бизнес 4,5 мың ғана. Ал қазақстандық өнімдердің 70-73 пайызы осы орта бизнеске тиесілі. Әрине, шағын бизнесті қолдау керек. Елбасы да солай дейді. Дегенмен орта бизнесті де ұмытпау керек. Сондықтан осы Кодекске шағын бизнес туралы норма енгізілуі керек деп ойлаймын.

 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Кейбір заңдардың бұл Кодекске енуі – қате. Техникалық реттеу туралы занды бұл Кодекске косу дұрыс емес, техникалық реттеу арқылы кәсіпкерлерді емес, тұтынушыларды қорғап отырмыз. Халқымыз қолданатын өнімді, азық-түлікті, киімдерді басқа бір тауарларды сатып алғанда, бул тауарлар қай талапқа сай болу керек, қандай қауіпсіздік талаптарына сай болу керек деп көрсетілді. Тек кәсіпкерлерге ғана келтірсек. Бизнестің мақсаты өз пайдасын табу – арзан шикізат алып, қымбат бағамен сатып, қауіпсіздігіне қарамастан деп, бұл күмәнді жағдай. 

 

Кодекс нұсқасы сын-ескертпелерді арқалап кері қайтарылды. Айта кету керек, бұл құжатты әзірлеуге Елбасының өзі тапсырма берген болатын. 2013 жылы бесінші шақырылған Парламенттің үшінші сессиясын ашқан Президент Кодекс қазақстандық бизнестің конституциясы болуы керек дегені есімізде. Әзірше кәсіпкерлердің Ата заңының ахуалы осындай!   

 

ЖҮРГІЗУШІ

-МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ  МЮНХЕНДЕ БАСТАЛҒАН ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ  КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУДА. ОЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР МЕН ДИПЛОМАТИЯДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҰСЫНЫСТАР ӘЗІРЛЕЙТІН ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА ҚОСЫЛДЫ. ЖИЫННЫҢ БИЫЛҒЫ КҮН ТӘРТІБІНДЕ УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ РЕТТЕУ, ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ ЛАҢКЕСТІК ҰЙЫМЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ӘЛСІРЕТУ ЖАН-ЖАҚТЫ САРАЛАНБАҚ. КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ НАТО-НЫҢ БАС  ХАТШЫСЫ ЙЕНС СТОЛТЕНБЕРГ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ, ФРАНЦИЯНЫҢ  ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛЕРІ, АҚШ ПЕН ҚЫТАЙДЫҢ ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ ӨКІЛДЕРІ СӨЗ СӨЙЛЕДІ. РЕЙТИНГ ТҮЗЕТІН АГЕНТТІКТЕРДІҢ МӘЛІМЕТІНШЕ, БҰЛ ФОРУМ - БЕДЕЛДІ САЯСАТКЕРЛЕР МЕН ЕЛШІЛЕРДІҢ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ МЕН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН,  ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАЙТЫН АШЫҚ АЛАҢ САНАЛАДЫ.

 

Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі өтті. Бұл  биыл ғана өз жұмысын бастаған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы алғашқы кездесу. Интеграциялық бірлестік  әлем елдерін қызықтырып отыр. Мәселен, «Шетел басшылары одақпен сауда-саттық жүргізуді еркін сауда аймағы арқылы жүзеге асыруды көздейді», - деді кеңеске қатысқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев. 

 

Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Сол себептен де негізгі мәселе – алдағы уақытта біздің іс-қимылдарымыз. Бұның барлығын айтқанда, тек саяси ғана емес, сауда-экономикалық жүйеде де. Мысалы, бүгінгі таңда бізге Вьетнамнан қызуғышылық танытып отыр. Жақын арада еларалық келісімдерді бекітетін болсақ. Онда ЕАЭО Вьетнамның арасында зона «свободной торговли» дейді, сондай келісімшартқа қол қою дайындалып жатыр. Осындай мәселе Египет, Израиль, Малазиямен де басқа да мемлекеттермен көтеріліп жатыр. Жақын арада баспасөз беттерінде жариялап жатыр. Германия Канцлері Ангела Меркель де айтып өтті. Мысалы, Еуроодақпен ЕАЭО кеңесі арасында мүмкін біраз келісімшарттарға барып, зона свободной торговли арқылы мәселені жүргізсек деген мәселені көтеріп жатыр. Ол деген біздің одақтың болашағы зор екенін көрсетеді. 

 

Жаңа құрылған халықаралық ұйымның осал тұстарын жою мақсатымен, төрт елдің мамандары білек сыбанып жұмыс істеп жатыр. Одаққа жан-жақтан ағылған заңсыз тауарларға тосқауыл қою мәселесі ерекше бақылауға алынған. Сондықтан Мәскеуде өткен үкімет басшыларының отырысында тараптар 2015-2016 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіп өнімдерін таңбалаудың пилоттық жүйесін кезең-кезеңмен енгізу мәселесі бойынша ортақ ұйғарымға келді.

 

Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Бүгіндері контрафакт өте көп келіп жатқан. Сол себептен бүгінгі сол берген тапсырма бойынша мысалы, мех өнімдерін, мехтан жасаған өнімдерге маркировка жасау қажет деген тапсырма болған. Соны біз жоспарға бәріне бекіттік. Екінші мәселе, талқыға түскен бұл енді жаңа одақ болғаннан кейін, жаңа одақтың өзінің жаңа Кедендік Кодексі болу керек, осы төңіректе біраз талқылаулар болды. Негізінен біз финишке жетіп қалдық. Жақын арада біраз түсініспеушіліктердің бәрі шешімін табады. Оған қазір біздің сарапшылар жұмыс жүргізіп, келесі отырыстарда шешімге келеміз. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-СОНЫМЕН ҚАТАР МӘСКЕУДЕ БОЛҒАН БАСҚОСУДА ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚҚА ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫН ҚАТАРҒА АЛУ МӘСЕЛЕСІ ДЕ ҚАРАЛДЫ. ӨЗАРА КЕЛІСІМ БАР, БІРЛЕСТІККЕ ҚОСЫЛУ ТУРАЛЫ ХАТТАМА ЖОБАЛАРЫ ДАЙЫН. АЛ ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ӨЗІНДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҰЙЫМҒА ӨТУГЕ ҚАМДАНЫП ЖАТҚАН ТҰСТА ЕЛГЕ ТАРТЫЛҒАН ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ КӨЛЕМІ КӨБЕЙДІ. АСПАН АСТЫ ЕЛІНІҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ ЕНДІ ТЕК САУДА-САТТЫҚҚА ҒАНА ЕМЕС, ІРІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА МӘН БЕРІП ОТЫР. ЖАНДОС ЖҰМАБЕК ЖАЛҒАСТЫРАДЫ.

 

Қырғызстандағы Қытай бизнесі өз бағытын өзгертуде. Бастапқыда олар жұмысты  автокөлік жолдарын салудан бастаса, бүгінде өздері жеңілдікпен несие беріп, құрылысты қаржыландырып отыр. Қазір Қытайдың шығыс шекарасына барып тірелетін «Бішкек-Нарын-Торугарт» автожолдарының құрылысы аяқталуға жақын. Қытайдың инвеститция салу үшін  көз тігіп отырған тағы бір маңызды бағыты – энергетика саласы. Соңғы бірнеше жыл бойы қытайлық инженерлер жоғары вольтты электр беруші жүйелерді  қалпына келтірді. Соның бірі – «Датқа Кемин» электр орталығы. Ол Қырғызстанның оңтүстігі мен солтүстігін тікелей байланыстырады. Жұмыс құны 600 миллион долларды құрайды. Қаражатты Қытайдың экспорт-импорт банкі бөлген. Сонымен қатар қытайлықтар Бішкек жылу электрорталығын жөндеуге тағы 400 миллион доллар қаржы жұмсауға ниетті. 

 

Джоомарт Оторбаев, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі 

-Қаланың энергетикалық инфрақұрылымына қажетті шығарылатын қуат жетіспейді. Бөліп таратқыш желілер әлсіз. Менің ойымша, бұл жерде де нәтижелі жұмысты жалғастыру қажет. Біз Қытай несиесін 1-ші Жылу электр орталығын жаңалау үшін қаржыландырып отырмыз. Осы бағытта нақты жұмыс жасауымыз керек.

 

Бүгінгі таңда Қытай-Қырғызстан экономикасының барлық саласына араласып келеді. Екі елдің мақсаты тәжірибе көрсеткендей, тығыз байланысқан әрі Қырғызстанды инвестиция қызықтырып отыр. Экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті. Ал Қытай елі өз технологиясын қолданатын аймақтардағы үлкен жобаларға ақша салып отыр. Бейжіңнің Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан арасындағы шекарааралық теміржол құрылысын салу бастамасының құны 2 миллиард долларға бағаланды.  Бұл жағдайда Қырғыз Республикасы тек транзитті мемлекет қана болмақ. Жалпы алғанда мұндай жоба шетел қаражаты үшін ортақ инвестициялық жағдай жасайды. 

 

Амангелді Давлеталиев, Қырғыз Республикасы Сауда-Өнеркәсіп  Палатасының вице-президенті 

-Осыдан бір апта бұрын біздің елге Чайна Машинери компаниясының өкілдері келіп кетті. Бұл телекоммуникациядан бастап, ядролық  және су энергетикасымен, машина құрастырумен, логистикамен айналысатын көп салалы үлкен ұйым. Қазір олар Ош қаласын жылумен қамтитын ЖылуЭлектрОрталығын қайта қалпына келтіру жобасына қызығушылық танытып отыр. Корпорация көмір алу мен көмірді газдандыруды, яғни ЖЭО-н отынмен қамтамасыз ету жағын да ойластырған. Олардың мақсаты – тек нысанды салып, ақша алу ғана емес, осы нысанның кешенді жұмыс істеуіне ат салысу.

 

Қытай бизнесі назар аударып отырған тағы бір сала – Қырғыз елінің кен өндіру саласы. Инвесторларды алтын өндіру мен сирек кездесетін металлдар қызықтырады. Сонымен қатар қытайлықтар мұнай өңдеу зауытының құрылысына қызу кірісіп кетті. Мұндай зауыттың бірі Шу облысында іске қосылды. Ол жылына 800 мың тонна мұнай өңдеуге қауқарлы. Екінші зауыт Токмак қаласында салынып, ағымдағы жылы қолданысқа беріледі. Қытайлық кәсіпкерлердің айтуынша, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге шешім қабылдағаннан кейін жергілікті экономикаға тартылатын қытай инвестициясы тіпті ұлғая түскен. 

 

Жұмақадір Акенеев, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген экономист 

-Бүгінгі күні қытай инвесторына дайын өнімді алып келу тиімсіз. Оларға осы жерде өндіріс орындарын ашып, Қырғыз жерінде тауар өндірген пайдалы. Қазақстан мен Ресейге қарағанда, неге бізде жеңіл өнеркәсәпті дамыту оңай? Себебі бізде электр қуаты мен жұмыс күші арзан, әрі бізде либералды экономика. Яғни тауарлар өз бағасынан 25-30 пайызға  арзан шығады деген сөз. Әрі қарай бұл өнімдерді Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарығына еш кедергісіз өткізуге болады.

 

Қырғызстанның тігін саласында 300 мың адам жұмыс істейді. Республиканың жеңіл өнеркәсібі  ел өндірісінің 5 пайызын құрайды. Жергілікті тауар  өндірушілер: «Егер Қытай әлемнің тігін фабрикасы болса, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың тігін фабрикасы болады», – деп үміттенеді. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ДОСТЫҚТЫҢ БЕРІК ДІҢГЕГІНЕ АЙНАЛҒАН  ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА БИЫЛ 20 ЖЫЛ ТОЛДЫ. БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ ҰЛАН-ҒАЙЫР ЖЕРДЕ ЕМЕС, БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН КӨП ҰЛТТЫ ЕЛДЕ ЕКЕНІН УАҚЫТ ДӘЛЕЛДЕП БЕРДІ. ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫ ЖЫЛДЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖЫЛЫ ДЕП АТАУДЫ ҰЙҒАРДЫ. ЕЛІМІЗДЕ БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА ТАТУ-ТӘТТІ ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН 100-ДЕН АСА ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ЫНТЫМАҚТЫҢ, БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ. КЕШЕ  АССАМБЛЕЯ ЖЫЛЫН ТОЙЛАУ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ. БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ САРАЙЫНА ЖИНАЛҒАН ТҮРЛІ ҰЛТ ӨКІЛІ ЭТНОСАРАЛЫҚ ЖАРАСТЫҚ, КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ БІРЛІКТІ АЙШЫҚТАДЫ. САЛТАНАТТЫ ЖИЫНДА ӘУЕЛІ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ  АССАМБЛЕЯСЫ ЖЫЛЫНЫҢ ТУЫ КӨТЕРІЛДІ, СОДАН СОҢ БҰЛ ІС «ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ ҚОЛДАЙДЫ» ДЕГЕН ФЛЕШМОБҚА ҰЛАСТЫ. ТАҒЫ БІР АЙТУЛЫ РӘСІМ – «ТАЙҚАЗАНДЫ» ТАПСЫРУ.  ОЛ «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ – 20 ІЗГІ ІС»  АТТЫ ЭСТАФЕТАСЫМЕН БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДЫ ШАРЛАЙТЫН БОЛАДЫ. ҚАСИЕТТІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНАН АСТАНАҒА ӘКЕЛІНГЕН  ТАЙҚАЗАН АҚМОЛА ОБЛЫСЫНА САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ТАПСЫРЫЛДЫ. ОНДАҒЫ МАҚСАТ – АССАМБЛЕЯНЫҢ КЕЗЕКТІ 22 СЕССИЯСЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ДЕЙІН  ТАЙҚАЗАНДЫ ЖАҚСЫ ІСТЕРГЕ ТОЛТЫРЫП, ЕЛОРДАМЫЗҒА ҚАЙТА ЖЕТКІЗУ. БҰЛ КҮННІҢ ЕРЕКШЕ МАҢЫЗҒА ИЕ  ЕКЕНІН  МЕМЛЕКЕТТІК  ХАТШЫ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА ДА АТАП ӨТТІ. ОЛ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА  ЕЛБАСЫНЫҢ АРНАЙЫ ҚҰТТЫҚТАУ СӨЗІН ЖЕТКІЗДІ. 

 

Гүлшара Әбдіқалықова, Мемлекеттік хатшысы  

-Ассамблея жылы – 17 млн қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Еліміздің әрбір азаматы атамекеніміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінуі керек. Бұл – Қазақстан болашағының негізі. Бұл жыл ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл. 

 

Ералы Тоғжанов, ҚХА Төрағасының  орынбасары, хатшылық меңгерушісі  

-Елдің басына қиын кезеңдерде біріктірген тайқазан. Елімізді алып шыққан тайқазан. Қиын қыстау кезінде әртүрлі ұлттар елімізге келгенде бір нанды бөліп жегізген тайқазан. Бірліктің негізі де астары да деп айтуға толықтай айтуға болады. 

 

Шерзот Пулатов, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы  

-Осы жылы біз тек қана тойламамаймыз. Осы жылы біз барлық орталықтар өзінің жұмыстарын көрсету керек. Барлық қазақстандықтар барлық ұлттар өзінің үлесін қосу керек. Осындай татулықты, бірлікті, келісімді сақтау үшін  өзіміз жұмыс істеуіміз керек бәріміз. 

 

Тамара Ширмер, «Оберег» украин қоғамдық бірлестігінің жетекшісі  

-Біз бірге өсіп, біте қайнасып кеткен елміз. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы ірі этностардың да өздерінің ұлттық мүдделерін ойлауына, тілдерін дамытып, дәстүрлерін сақтауына әбден қақысы бар екенін санамызға сіңіріп келеді. Ол үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. 

 

Ибрахим Йылдырым, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының директоры 

-Түркиядан келген кезде біз негізі түрік халқы өте аз. Қазақстандағы сынды бізде басқа-басқа халықтар аз. Былай қарағанда, басқа-басқа халықтар бірге болып, бейбіт өмір сүргеніне өте риза болдым. Таң қалдым! 

ЖҮРГІЗУШІ

- ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА ОСЫНДАЙ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. КЕЛЕСІ СЕНБІДЕ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ!

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.