«Жеті күн». Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысады. Руанда Президенті келді. Құрбан айт мерекесі - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жеті күн». Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысады. Руанда Президенті келді. Құрбан айт мерекесі

  • Сенбі, 26 Қыркүйек 2015 21:00
Сюжеты
1. Президент Н.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясына қатысады 2. Елбасы Руанда Республикасының Президентімен кездесті 3. Президент Н.Назарбаев мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтады 
4. Осы аптада Мәжілісте 35 заң жобасы талқыланды 5. Еліміз 2017 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылады  6. Жекешелендірілуі тиіс нысандар қатары толығады 
7. Теңгенің алдағы ахуалы қандай болмақ? 8. Теңгенің еркін айналымға жіберілуі астық науқанына әсер етпейді  9. Субсидиялау жүйесі жаңартылмақ
 
10. Осы аптаның өзге де елеулі оқиғаларына қысқаша шолу  11. Еңбек миграциясы оң шешімін тауып келеді  

1. Президент Н.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясына қатысады 

Ендігі аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші  сессиясына қатысады. Әлемнің ең биік мінберінен сөз сөйлейді. Саммиттерге барады. Кездесулер өткізеді.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, нақты айтсам екі жарым айдан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтті. 

Дәл сол кезде бірлестік құрамында 168 мемлекет болса, қазір олардың саны 193-ке жетті. Міне сол 193 елдің басын біріктіріп отырған ұйымның жұмысына белсенді түрде араласу – сыртқы саясатымыздағы негізгі бағыттың бірі. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мүлтіксіз орындап келеді әрі осы уақыттың ішінде көптеген бастама көтерді. Ал олар болса, қолдау тапты.

Бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Бірлестік қызметіне қатысты да осыны айтуға болады. Қалай дегенмен де, дөңгеленген дүниеде Біріккен Ұлттар Ұйымының аты аталмайтын оқиғалар кемде кем. Мәселен жетпіс жылдық тарихта бітімгершілік миссиялар жер-жаһандағы 40 әскери операцияның бел ортасында жүріпті. Гуманитарлық миссиялар жұмысы да жемісті.

Бәрін айт та бірін айт. Бас Ассамблеяның мерейтойлық сессиясы шын мәнінде тарихи оқиға екені рас. Өткенді зерделегеннен гөрі қазір күрмеуі көп күрделі мәселелерді шешу әлдеқайда маңызды болып тұр. Олардың арасынан дүниені дүрліктірген дағдарысты, Еуропадан емеурін күткен мигранттар мехнатын бөле-жарып айтуға болады.

Менің әріптесім Мұхтар Ыбырайым Нью-Йорк қаласынан бізбен байланысқа шықты.  Мұхтар, 70-ші сессияға қатысуға кімдер келіп жатыр және жалпы ахуал қандай?

Мұхтар Ыбырайым, тілші 

-Кеш жарық, Дархан! Астанада кеш батқанмен, Нью-Йоркте әлі түс уақыты. Өздеріңіз көріп тұрғандай күн шайдай ашық, ауа райы күлімдеп тұр. Саммитке келген меймандардың да көңіл-күйі жақсы деп ойлаймын. Жиынға алғашқылардың бірі болып Рим папасы Франциск келді. Ватикандық мәртебелі мейман кеше БҰҰ-ның мінбесінен баяндама жасады. Ол әлемді бірлікке шақырып отыр. Ұзын саны 100-ден астам мемлекет және 50-ге тарта үкімет басшылары ертең орнықты дамудың 2030 жылға дейінгі мақсаттарын қарастыру жөніндегі саммитте бас қосады. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Елбасы жиында сөз сөйлейді деп күтілуде. Жалпы бұл саммит соңғы рет 2012 жылы Бразилияда өткен болатын. Ертеңгі құрылтайда алдағы 15 жылға арналған тұрақты дамудың жоспары бекітілейін деп отыр. Адамзат дамуының негізгі 17 мақсаты айқындалмақ. «Басты міндет – кедейлікті жою», – дейді сарапшылар. Келесі күні саммитке келгендер жалпы дебат алаңына жиналады. Онда да Нұрсұлтан Назарбаевтың баянамасы жоспарланған. Жалпы ұйымға мүше 193 елдің барлығына сөз сөйлеу мүмкіндігі беріліп отыр. Сондықтан барлық өңірдің өзекті мәселелері қозғалып, шешу жолдары пысықталады деп болжануда.

Ион Ботнару, БҰҰ Хатшылығының Бас Ассамблея істері жөніндегі директоры 

-Нұрсұлтан Назарбаев мына мінберден баяндама жасайды. Жиналғандар оның әр сөзін әдеттегідей ұйып тыңдайды деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі күрделі экономикалық жағдайда Қазақстан проблемалардан қашпай, өз бағытымен сенімді жүріп келеді. 

Мұхтар Ыбырайым, тілші

-БҰҰ-ның тарихы тереңнен бастау алады. Осыдан тура 70 жыл бұрын соғыс күлі суымай тұрып Сан-Францискода құрылды. 50 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысын қабылдады. Ұлттар Лигасының орнына пайда болған заманның ең іргелі бірлестігіне айналды. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылдан бері мүше. Сол сәттен екіжақты қарым-қатынас жан-жақты дамып келеді. Осы күнге дейін Елбасы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне 10 рет табан тіреген. «Алдағы 11-ші сапардың да маңызы зор», – дейді сарапшылар. Ал екіжақты серіктестікке келер болсақ, ұйымның көптеген бағыттары Қазақстанның халықаралық принциптеріне сай келеді. Ол – ядролық қаруды таратпау бастамасы, халықаралық тероризммен күрес және ең бастысы бейбіт, әрі тұрақты даму қағидаттары. 

Чарльз Мартэн, АҚШ мемлекеттік департаментінің қызметкері 

-Қазақстан – БҰҰ-ның сенімді серіктестерінің бірі. Қай бағытта алсақ та ұқсастық көп. Адам құқығы, тұрақты даму, экология мен климаттың өзгеруі. Әсіресе, соңғысы бойынша БҰҰ-ның Қазақстан бастамаларын құптайды. Астанада 2017 жылы Экспо көрмесі өтеді. Оның басты тақырыбы жасыл энергетиканы дамыту тақырыбы өте өзекті деп ойлаймын. Терроризммен күресті айтсақ, Қазақстан бұл жерде де маңызды рөл атқарады. Ядролық қарусыздануда да көш бастап тұр. Сондықтан біз барлық бағыттарда ынтымақтастықты өрбітіп келеміз. 

Дархан Әбдуахит, жүргізуші 

-Мұхтар, мерейтойлық сессияны атап өтуге америкалық тараптың дайындығы қалай? Оның үстіне көптеген лауазымды тұлғалар келеді. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген бе?

Мұхтар Ыбырайым, тілші

-Иә, Нью-Йоркте қауіпсіздік шаралары айтарлықтай күшейтілген. Шаһар көшелерінде полицейлердің саны көп. Көлік қозғалысы шектелді. Әсіресе, саммит өтетін БҰҰ бас ғимараты маңайында тәртіп күшейді. Қауіпсіздікті қамту үшін елдің 50 мыңға жуық тәртіп сақшылары, барлығы 50-ге тарта құрылымдық күштер жұмылып отыр. Тікұшақтар да қыран қалықтар биіктіктен елдің тыныштығын күзетіп жүр. 193 елдің өкілін қабылдайтын тарихи шараға дайындық ауқымды екені көрініп тұр. Ұйымдастырушылар меймандарды таң қалдырып та көрмек. БҰҰ штаб-пәтерінің жарықтары түн ортасында түрленіп, ұйымның тарихы мен адамзат алдындағы міндеттерін бейне арқылы суреттейді. Ал осы тарихи оқиғалар жайында арнайы келген 10 мыңнан астам журналист әлемге хабар тарататын болады. Менде бар мәлімет осы, Дархан! 

Рахмет! Бізбен мұхиттың арғы бетінен байланысқа шыққан «Жеті күн» тілшісі Мұхтар Ыбырайым. 

2. Елбасы Руанда Республикасының Президентімен кездесті

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамені қабылдады. Елбасы жұмыс сапарымен келген мәртебелі мейманмен сауда-экономикалық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. 

«Біз – Африка елдерімен қарым-қатынас орнатып жатқан жас мемлекеттердің біріміз», – деп атап өтті Елбасы. Руанда Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өз кезегінде ыстық ықыласы үшін алғысын білдірді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Господин Президент, рад с Вами встретиться. Мы знаем Вашу страну. Вы много сделали для того, чтобы установился мир в Вашей стране. Народ Руанды пережил огромный страшный геницод и Вы смогли это остановить. И много делаете для развития. Мы находимся далеко географически друг от друга, но это не причина для того, чтобы нам не сотрудничать.

3. Президент Н.Назарбаев мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтады 

Рухани кіршіксіз тазалықты, адалдық, төзімділік пен кешірімді ұлықтайтын, адам баласына қамқорлықпен қарап, мейірбандыққа шақыратын қасиетті мереке Құрбан айттың алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзірет сұлтан мешітіне барды. Қазақстандықтар мен барша мұсылман қауымына ізгі тілегін жолдады.

Тәуелсіздік алған соң өз мәдениетіміз, дініміз жаңғырып, бірлігіміз нығайғаны рас. Кеңес Одағы кезінде бірлі-жарым мешіт қана болса, қазір құлшылық үйлерінің саны 3 мыңға жетті. 

«Бұл күні адамдар өкпе-реніштерін кешіріп, бір-біріне жақын бола түседі», – деді Елбасы. Сондықтан мереке біріктіруші рөл атқарады. Қазақстан халқы бейбітшілікті бағалауы тиіс. Таяу Шығыс пен Африкадан шұбырған босқындардың тым көптігінен Еуропа елдері әрі-сәрі күй кешіп отыр. Осы тұста Мемлекет басшысы әлемдегі жағдайға ерекше тоқталды. Дүниежүзіндегі қақтығыстардың 3 себебін атады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

-Бүгінгі қиын-қыстау ғаламдық заманда босып, көшіп үйін тастап, істеген ісін тастап, бала-шағасын мойнына арқалап, қаңғып жүрген адамдар миллиондаған. Еуропаның әр түкпірінен. Ол неліктен?! Дүниедегі қақтығыстардың бәрі бірінші – жер дауы. Біз жер дауы болмасын деп төңірегімізді, шекарамызды шегендеп, барлық халықтармен келісімге келдік. Екінші дау – ұлт арасындағы дау. Ол мәселені де шешіп, көп этностық ел болсақ та ынтымақпен істеп отырмыз. Үшінші дау – дінаралық дау. Мұсылмандар бір-біріне пышақ жұмсап, адамдарды қойша бауыздап жатқаннан біз аулақпыз. Бақ-береке, төзімділік пен шыдамдылықты тілеймін. Болашағымыз жарқын болатынына сенімдімін, құтты болсын Құрбан айт, мерекеміз мүбәрак болсын! 

Елбасы жиналған жамағатпен әңгімелесті. Имандылық қағидаларын қаперге салды. Барша шаңыраққа шаттық тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

-Считать свою нацию выше других – самый большой грех. Все люди одинаковы на земле, они созданы Аллахом равными и пришли таковыми на землю. Уважая всех, мы создаем спокойствие в нашей стране. Казахстанцы, мы уважаем свою религию мусульманство. Мы, казахстанцы, уважаем и любим свою религию мусульманство. Но мы уважаем и все другие религии, которые предпочитают наши граждане. В целом все казахстанцы молясь Аллаху, просят благоденствия, спокойствия и единства всему нашему народу. Этот светлый праздник пусть принесет всем благополучие, счастье, спокойствие каждого дому. 

Еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы биылғы мерекені ұлттық дәстүрге сай атап өту туралы бастама көтерген болатын. Сондықтан да болар мешіт аулаларына киіз үй тігілді. Келушілер ән айтып, мерекелік дастарханнан дәм татты. 

Ал Әзірет сұлтан мешіті «Раббың үшін құрбан шал!» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Қасиетті мерекенің үш күнінде де су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысындағы Жаңажол мен Оразақ ауылының тұрғындарына құрбандыққа шалынған малдың еті апарылды. Ал діни басқарма биыл Астанадағы мал базарларымен баға жөнінде уағдаластыққа келіп, халыққа оңтайлы жағдай жасады. Құрбандық – үлкен тарих, ұлық ғибадат. 

Ол сонау Ибраһим пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы саналған Ибраһимнің сүннеті. Ұлт пен ұлысқа жайлы мекен, құтты қоныс болған еліміз бірлікті ту етіп ұстанып келеді. Сараңдық сыналып, жомарттық бағаланатын, адамның ішкі пейілі мен адалдығы таразыға түсетін күнді де барша қазақстандықтар сол береке-бірлікте атап өтіп жатыр. 

-Отанымыз тыныш болсын, еліміз аман болса, аспанымыз ашық болсын. Аллах тағала тек қана береке бақыт берсін, дұшпандар жоқ болсын. 

-Жастар өсе берсін, аспанымыз ашық болсын, ешқандай жамандық көрмей, жақсылықпен өміріміз өтсін. 

4. Осы аптада Мәжілісте 35 заң жобасы талқыланды 

Олардың қай қайсы да маңызды. Мәселен, 2017 жылдан бастап депуттар, судьялар, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарына байланысты декларация тапсыруға міндеттеледі. Бұл өзгеріс бірінші оқылымда мақұлданған, тиісті заң жобасында қарастырылған. Құжатты Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды. 

Ал екінші кезеңде, яғни 2020 жылдан бастап халықтың қалған бөлігі декларация тапсыратын болады. Сондай-ақ Қаржы министрі мүлікті жария ету бойынша рақымшылық 2016 жылдың аяғына дейін ұзартылатындығын айтты. Ақшаны жария ету бойынша 3 опция ұсынылады. Біріншіден, банк шоттарына олардың сақталуы бойынша міндеттемесіз, салымдарды төлемей, шектеусіз иелік етуіне мүмкіндіктер беріледі. Бұдан бөлек, банк шотына 10 пайыз мөлшерінде алым төлемей-ақ, аударым жасай алады. Заң жобасында басқа да бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бұған дейінгі рақымшылықтан еліміздің банк шоттарына 79 млрд теңге түскен еді. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында құжатта бірқатар жеңілдіктер белгіленді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі 

-Жаңа жеңілдіктер біріншіден, мына ақшаны қолдану үшін, барлық шектеулерді алып тастап отырмыз. Бұрын 5 жыл сақтау керек еді шотта. Бұрын құю үшін негізінен мына құнды қағаздарға бизнеске құюға болатын. Осындай рұқсат берілген. Енді бұл шектеулер толық алынып тастайды.

Ауыл шаруашылығына қажетті жерлер ағылшын әдісімен, яғни аукцион арқылы жеке меншікке сатылады. Қазіргі таңда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1,2 пайызы ғана жекенің еншісінде болса, 98,8 пайызы ұзақ мерзімге жалға берілген. Жердің тиімділігін арттыру үшін, жалға берілетін учаскелерді сатып алу бойынша да жеңілдіктер көзделген. Мәселен, оның құны 50 пайызға дейін арзандатылып, төлеу мерзімі 10 жылға ұзартылады. Сонымен қатар жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша шектеулер жойылды. Яғни жалға алушы иелігіндегі жерді банкке кепілдікке қоюға, субарендаға беруге мүмкіндік алады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл қадам жер ресурстарын ұтымды пайдалануға сеп болмақ. Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі   

-Елімізде 272 млн гектар жеріміз бар. Соның ішіндегі ең пайдалысы - 100 млн-ға гектар. Сол туралы айтып жатырмыз. Соны жекешелендіру, жерді алып, қожайыны болып, заңға өзгертіп жатырмыз. Пайдаланылмай жатқан бізде еліміздің резерві бар. 100 млн-ға жақын. Оның ішінде 86 млн гектар жер ол – мал шаруашылығына арналған жер. Ол бидай өсіруге жарамайтын жерлер ғой.

Бұл – Мәжілісте қаралған заң жобаларының бір парасы ғана. Осы аптада әлеуметтік саланы қамтитын құжаттардың қатары көп болды. Соның бірі – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру». 

5. Еліміз 2017 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылады 

2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Тиісті заң жобасы сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатқа сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын базалық пакет. Оған жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері жатады. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 

-Сол базалық пакет бүтін мына Қазақстанның 17,5 млн азаматына, оралмандарға тиесілі болады. Екінші – жаңа құрылатын қордан берілетін  пакет. Ол – осы медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне мүше болған азаматтар.

Екінші, яғни сақтандыру пакеті бойынша, амбулаторлық-емханалық, стационарлық көмек, медициналық реабилитация мен жоғарғы технологиялық көмек көрсетіледі. Жаңа жүйе мемлекет пен жұмыс беруші және азаматтардың денсаулық сақтау бойынша жауапкершілігін арттырмақ. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 

-Жұмыс беруші 5 пайызды еңбекақы қорынан беретін болады әрқайсымызға. Әрбір азамат өзінің еңбекақысынан 2019 жылдан  бастап 2 пайыздан төлейді. Жұмыс істемейтін азамттар егер де жұмыссыз болып тіркелген болатын болса, оған мемлекет төлейді.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы аталған салым түрінен босатылмақ. Олардың қатарында балалар, көп балалы аналар, ҰОС ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер мен әскери қызметкерлер бар.  Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлер немесе адвокаттар жалақысының 7 пайыз мөлшерінде жарна төлейді. Еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен дүниежүзілік банк сарапшылары 57 елдің тәжірибесі ескерілген заң жобасын 3 жыл көлемінде дайындап, тиімді модель ұсынғандықтарын алға тартуда.

Салыстырмалы түрде алар болсақ, Францияда халық жалақысының 16 пайызы жарна ретінде ұсталса, Италияда бұл көрсеткіш –13, Нидерландыда – 9, Жапонияда  – 7 %. 

Сонымен қатар Францияда халықтың – 80, Германияда – 90, Бельгияда 98 пайызы міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылып отыр. Әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген сақтандыру түрінің келер жылдан бастап біздің елімізге де енгізілетіндігі халықтың қуантуда.

-Денсаулық бәрімізге керек. Әркім өзінің жалақысынан аямайды деп ойлаймын.  

-Енді басқалары былай айтуы мүмкін. «Неше түрлі ұстайтын налогтары болған кезде, қолына түсетін айлығы азайып қалады», – деп. Бірақ болашақта бәрі өзіне қарай қайтарылатын болса, неге?! Жақсы!  

-Екі пайыз деген былай қарағанда айлықтан дым емес қой. Шынымен толық емдейміз десе, барлық адам беретініне сенімдімін. 

-Бұл жерде білмеймін, көру керек қалай сақтандыру бойынша?

Алайда жаңа жүйеге күмәнмен қарайтындар да жок емес. Олар: «90 жылдардың кебін кимесек болғаны», – деп есептейді. Осыдан 25 жыл бұрын елімізде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылған болатын. Оның басшысы халық қаражатын жымқырып, шетел асып кеткен еді. Енді ғана еңсесін көтерген елдің сақтандыру қорын құруда бір емес, бірнеше кемшілігі болғандығын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің өзі мойындап отыр. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 

-90 жылдарда құрылған фондтың бірнеше кемшіліктері болды. Біріншіден, барлық  ауруларға бірдей тариф болған жоқ. Сондықтан әр облыста бір ауруды әртүрлі тарифпен емдеп жатты. Екіншіден, бірде-бір  төлеп отыратын орталық болған жоқ. Үшіншіден,  конкуренция болған жоқ. Себебі жеке медициналық ауруханалар, стационарлар ашыла қойған жоқ. 

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші 

-Алдағы уақытта Қазақстан бойынша ортақ тариф жасалады. Содан кейін мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар арасында байқау жарияланып, тек үздіктері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік алады. Жаңа жүйе бұл саладағы бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету сапасын көтермек.

Сонымен қатар міндетті ай сайынғы жарналар мен министрліктің медициналық қызметтерді төлеу комитетінің базасында қор құрылады. Оның құрылтайшысы әрі жалғыз акционері – Үкімет. 

Жұмағали Ысмайылов, «Республикалық денсаулық сақтау орталығы» РМК бас директоры 

-Бөлініп  жатқан қаржылардың тиімді пайдалануы экономикалық тұрақсыз кезеңде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты өзінің міндетін атқаруға ары қарай дамытуға негіз табуы қажет. 

Әлеуметтік саладағы жаңалықтар мұнымен шектелмейді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектер тағайындалмақ. Бұл заң жобасы да депутаттар тарапынан бірінші оқылымда қолдау тапты. Алдағы уақытта әрбір отбасы мүшесіне қаржылай көмек ұсынылып, талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылады. Бұл елорда тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Мәрияш Туқылова үшін – жағымды жаңалық. Себебі ол әлеуметтік көмек алу үшін үш ай сайын анықтамалар жинаудан шаршағандығын айтады. 7 перзентін жетелеген ананың: «Әлеуметтік төлем тағайындалмас бұрын әрбір балаға кететін шығын емес, отбасына кіретін жалпы табыс есептелсе екен», – деген тілегі бар. 

Мәрияш Туқылова, көп балалы ана 

-Әлеуметтік көмек алғанымен, ол мына үлкен отбасыға өте аз. Өйткені бала өседі, оның да аяқкиімі өседі, киімдері өседі. 

Алдағы уақытта атаулы әлеуметтік көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызға көтерілмек. Алайда бұл да «Алтын алқа» иегерінің жыртығын жамауға жетпес. Дегенмен жүйе жұмысы оңтайландырылуда.

Гүлнар Сейтмағанбетова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты 

-Көп балалы аналарға бүгінгі таңда 3 жәрдемақы беріліп отыр. Бірінші 4 және одан да көп баласы бар анаға беріледі. Екіншісі 18 жасқа дейін баласы бар анаға беріледі. Үшіншісі - арнайы әлеуметтік көмек. Соның үшеуі біріктіріліп, көп балалы анаға деген жәрдемақымен беріледі.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін бірнеше әлеуметтік жәрдемақылар да біріктіріліп, құжаттарының тізімі қысқартылады.  Сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақы алушыларды еңбек етуге ынталандыру жоспарланып отыр.

Гүлнар Сейтмағанбетова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты 

-Атаулы көмекті алатын азаматқа әлеуметтік келісім шартқа отыру керек. Ол әлеуметтік келісім шарт бойынша сол азамат жұмыспен қамтамасыз етіледі. Тағы да басқа медициналық көмектер көрсетіледі. Егер ол нашақор болса, арақ ішетін азамат болса, оған тегін медициналық көмек көрсетіледі. 

Еңбек етуге қауқарлы азамат келісімшарт бойынша мемлекет ұсынып отырған жұмыстан бас тартқан жайдайда әлеуметтік жәрдемақыдан қағылады. Осылайша мемлекет есебінен күнкөруге дағдыланған жатып ішер жалқаулар саны да азаймақ. Жаңа әлеуметтік көмек түрлеріне 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 11,8 млрд теңге қарастырылған. Ең бастысы – әлемдегі қаржылық дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік төлемдер ұлғаймаса, қысқармайды.   

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Жасұлан Шәкенов

6. Жекешелендірілуі тиіс нысандар қатары толығады 

ТОП-60. Алдағы уақытта жекешелендірілуі тиіс нысандар тізімін 60 ірі компания толықтыратын болады. Апта ішінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері Орталық коммункациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Ірілі-ұсақты мыңнан астам нысанды жекешелендірудің жай-жапсарын түсіндірді.

Былтыр үш жүзден астам нысан саудаға қойылды. Оның 205-сі сатылды. Жекешелендіруден 68 миллиард теңге табыс түсті. Кәсіпкерлер пайда әкелетін мекемелерді «қағып алады», ал мәдениет үйлерін, спорт алаңдарын иемденуге келгенде – құлықсыз. Баспасөз мәслихатында Бақытжан Сағынтаев осыны баса айтты.

Үкіметтің мақсаты – айқын. Экономикадағы жекенің капиталын көтеріп, мемлекеттің үлесін 15 пайызға  дейін азайту. Тиісті механизмдер анықталды. Заң қабылданды.

Сарапшылардың пайымдауынша, жекешелендіру мемлекеттің бизнес ісіне араласуын азайтып қана қоймай, қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Ал мұның қазіргі экономикалық жағдайда, мұнай мен түрлі ресурстардың бағасы арзандаған тұста маңызы өте зор.

Тізім түзілді. Нысандар дайын. Жекешелендіру жалғасады. Үкімет мүшелері мұны  осы аптада жариялады. Саудаға табысты компаниялар түседі. ТОР-60 дейді. «Самұрық-Қазынадан» – 38. «Бәйтеректен» – 4.  «ҚазАгро да» 4-еуін шығарды. Мемлекет меншігіндегі 14 мекеме тағы бар. Арзаны да, қымбаты да бар. Барлығы  бизнеске пайда әкеледі.  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың сөзі бұл. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Көбіне кіргізілген концерт залдары, спорт алаңдары болмаса БАҚ газеттер енді ол бизнеске шығыннан пайдасы жоқ. Шығыннан басқа. Сондықтан да қазіргі көтеріліп отырған мәселе жекешелендіруге байланысты қазіргі біздің сіздердің алдарыңызға келіп отырғанымыз қазіргі бизнеске қажетті қызығушылық танытатын ертеңіне бизнесті көтеріп пайда табу жөнінде. 

Сатылымда – 1024 нысан. Әр түрлі сала бар. Бастысы – бағыт сақталады. Қысқарту. Қайта құру. Өзгеріс енгізу. Жаңа қожайын. Жаңа тәртіп деген болмайды. Оны мемлекет қадағалайды.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі 

-Біздің басты және жалғыз талабымыз ол – жекешелендірілген нысандар өзінің салалық қызметін сақтауы тиіс. Сондай-ақ кәсіпорындарды алған адам бір-бірінен бөлмей, қайта құрылымға түсірмей тұтастай иелік етуі керек. 

Тізімде «Қазақфильм» де бар.  Үлестің 49 пайызы сатылмақ. Құлдилап қалмай ма? Журналистерді осы толғандырды. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары  

-Министрліктің 49 пайыз акцияны сату бастамасын дұрыс шешім деп ойлаймын. Біз оны толық саудалайын деп отырғанымыз жоқ. Жылда бұл мекемеге 5 млрд теңге бөлеміз. Ол өте аз қаражат. Ал жақсы дүниелер түсіру үшін одан да көп ақша керек. Фильмдеріміздің сапалы шығып, шетелге көрсетуге лайық болғанын қалаймыз. Ірі инвесторлармен жұмыс жасауды көздеп отырмыз. Кім біледі мүмкін бізге голливудтан да адамдар келіп қалар. 

«Тұрғын үй жинақ банкі». Ол да үлесін сатпақ. Қаншасын беретіні белгісіз. 550 мың салымшысы бар. Оларға кесірі тимейді. Бұл – банк басшыларының уәдесі. Инвестор даму  үшін қажет. 

Айжан Медеуова, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары 

-Жинақ жүйесі туралы елімізде заң бар. Банк өз жұмысын, әлеуметтік міндетін атқара береді. Қолжетімді баспана аясында жалғасып жатқан жұмыстар, іс-шаралар жасала береді. Өзгерістер ешқандай болмайды.

Тәжірибе де нәтиже де бар. Өткен жылғы жекешелендіруде сатылымға 309 нысан шықты. Оның 205-інің иесі табылды. Қызығушылық танытпаған 174-і бар. Түскен қаражат – 68 млрд теңге. Айтарлықтай. Бірақ бюджетке түскеннен одан шықпағаны тиімді. Сарапшы Сапарбай Жұбаевтың пікірі. 

Сапарбай Жұбаев, экономист 

-Қазіргі күндегі біздің мақсатымыз соларды сатып, бюджетке ақша түсіруден көрі бюджетіміздегі қаржы жағынан соларды қаржыландырудан құтылу мәселесі. Себебі оларды өзіне беретін болсақ, олар өздері қаржыландырады, өздері тиімді жұмыс істеп жақсы бір экономикалық жетістіктерге жетеді. 

700-дей балаға қажет. Шахмат клубы. Екінші толқынға ілінді. Баланың логисын дамытады. Чемпиондар тәрбиелейді. Мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Бұл жерде жекешелендіруге жатырқап қарайды. 

Сабыр Әбдіғалиев, жаттықтырушы  

-Көп ата-аналардың ақша төлеп, балаларын шахмат үйретуге жағдайлары келмейді. Сондықтан біздің мектепте тегін білім алып жатыр  балалар. Сондықтан бұл мектептің балалар үшін маңызы өте зор. Оларды бюджеттің қаржысына жарыстарға баруға, тіпті біздің балалардың көбі әлемдік деңгейде жарыстарға барып, содан өскендер бар.

Елордадағы елеулі нысандар. Олар да жекенің қолына өтпек. Қаланы көгалдандыру. Тазалық. Автобус паркі. Қаланың көрікті жерлері.  

Эльвира Тағайқызы, тілші 

-Астаналықтардың көз қуанышына айналып үлгерген «Думан» ойын-сауық орталығы – мемлекеттің қарауындағы нысан. Мұхиттан 3000 шақырым қашықтықта орналасқан бірден бір мекеме де жекешелендірудің тізіміне енді. Яғни оны кез келген адам сатып ала алады. 

Баға әлі белгісіз. Тек құрылысына 9,5 млрд теңге жұмсалған. Нысан арзан болмайды. Осы уақытқа дейінгі статистика. «Транстелеком» – 9 млрд теңгеге. Мұнай және газ институты – 7,54 млрд теңгеге. «Теміржол энерго» – 5,9 млрд теңгеге. «Қамқор локомотив» – 4,97 млрд теңгеге. «Қазақстан Вагонқұрылыс компаниясы» – 3,47 млрд теңгеге бағаланды. Саудаға түсті. Қожайын табылды. Екінші кезең қалай өтеді? Үкімет әділ өтуін тапсырды. Ол үшін мониторинг жүргізеді. Шетелден сарапшылар келеді. Сату әдісі де белгілі. 

Нұрлан Құлбатыров, экономикалық зерттеу институты кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры 

-Жекешелендіруде қолданылатын сату әдістері бірнеше. Ірі компаниялар тікелей сатылады. Екінш і ол – аукциондар. Яғни бағаны көтеру әдісімен. Үшінші әдіс ол – голландтық. Үш рет сауда жүргізгеннен кейін сатып алушылар болмаған жағдайда, объекті таратылуға жатады.

Жаңа заң тағы талқыланады. Алдымен Үкімет қабылдайды. Кейін Парламент қарайды. Ө  згерістер енгізіледі. Сүзгіден өтіп, сөзбен айтылады. Қалай дегенмен де, бұл – дәл қазір кезде қажетті қадам. 

Авторлары: Эльвира Тағайқызы, Серік Қоңырбаев

7. Теңгенің алдағы ахуалы қандай болмақ? 

Әлемдік экономиканы алып ағза деп елестетсек, сол ағзаның жүрек қағысы мен қан ағысы бұл күндері бәсеңдеген сыңайлы. Қытай секілді іргедегі ірінің ахуалы әрине, Қазақстанның да  дамуын іркілтіп қойды. Дегенмен мүлдем тұсап тастаған жоқ.

Осы аптада Астанада сарапшылар экономика мәселелерін талқылады. Басқосуда алдағы жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2 пайызға ұлғаяды деген болжам жасалды. Көрші Ресей мен Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш тек 1 пайызға дейін ғана көтеріледі. Алайда Қазақстанның ішкі әлеуеті жуық арада қарыштап дамып кетпейді. Себебі мұнайдың баррелі 40 доллардан қозғалатын күн алдағы болашақта тумайды.

Лейла Мұзапарова, ҚСЗИ директорының орынбасары 

-Экономикалық қиындықтардан шығудың дұрыс жолдарын таба білген елдер қай уақытта да өзге мемлекеттерден көш ілгері болады. Өз мүмкіндіктерімізді оңтайлы пайдалануымыз үшін мықты импульс қажет. Біз өз экономикамызды өзге елдердің стратегиялық қадамдары арқылы бейімдеп отыруымыз қажет.

Бұл пікірді тәуелсіз консалтингтік компания мамандары да қуаттайды. Әлемге әйгілі «Маккинзи» компаниясының өкілі: «Қазақстан бұл бағыттағы қадамды жасап үлгерді», – деп топшылайды. Ол қадам – ұлттық валютаның еркін бағамы.

Юкки Максимайнен, «Mckinsey & company» компаниясының қазақстандық өкілдігінің жетекшісі 

-Соңғы бес жылда Қазақстан экономикасы айтарлықтай өсті және ғаламдық экономикамен байланыса түсті. Бұны елдің дүниежүзілік сауда ұйымына енуінен байқауға болады. Теңгенің еркін бағамы – экономиканы сауықтандыру және инфляция өсімін болдыртпау жолындағы маңызды қадам. Бұл өз кезегінде Қазақстанның банк саласын нығайтуға мүмкіндік береді. Ал бағамның тұрақтануы елдегі өндірушілерге тиімді болады.

Бағам демекші осы аптада АҚШ доллары күрт ауытқудан алшақ болды. Қазақстан қор биржасындағы дүйсенбілік саудада америкалық валюта 270 теңгемен саудаланса, келесі күні төл ақшамыз тіптен сегіз теңгеге қымбаттады. Сәрсенбілік саудада доллар жіберген есесін қайтарып, қайтадан 270 теңгеге дейін қымбаттап, бұл бағам бейсенбі күні де қалпын бұзбады. Жұмадағы саудада доллар 270 теңге төңірегінде тұрақтады. 

Қазіргі жағдай осындай. Теңгенің алдағы ахуалы қандай болмақ? 

Былтырдан бері АҚШ доллары күшейіп тұр. Оның алдында Жапон иені де, Қытай юаньі да, Ресей рублі де, қазақ теңгесі де дәрменсіз. Оған себеп көп. Бастысы – мұнай құнының құлдырауы. Баррелі 100-120 доллар болған қара алтын бірден елу пайызға арзандаған.  

Ғалым Байназаров, қаржыгер 

-Былтырғы жылы осы мұнайдың бағасы елуден төмен түспейді, алпыс, жетпістің маңайында болады деген көпшілігі. Ал қазіргі жағдайда мұнай қырыққа түсіп кетті. Одан да төмен түсуі мүмкін. Қазіргі экономистер: «Осы қазір мына белгісіздік жайлаған он жылдық басымызға тап келіп тұр», – дейді. 

Қазақстан экспортының 60 пайызы мұнайға тиесілі. Ал ол өткен жылдың жазынан бері 60 пайызға құнсызданған. Қара алтыннан түсетін табыс 12,6 пайызға төмендеген. Басты сауда серіктесіміз Ресейге қарсы санкциялар да күшейе берді. Алайда Ұлттық банк бұл қиындықтың бәріне қарамастан, екі жылға таяу теңге бағамын барынша тұрақты ұстады. Тұрақтылық үшін 28 млрд көк қағаз шығындады. Тек 20 тамызда валютамызды еркіне қойып еді, теңге сол күні сол сәтте-ақ 23 пайызға бір-ақ құлады. Бір доллар 185-187 теңге болып тұрған бағам тақтасы 240-қа көтеріліп, одан сағат сайын өзгеріп, 300-304 теңгеге дейін өсті.

Вячеслав Дадонов, экономика ғылымдарының докторы 

-Мен теңге курсы мұншалықты жоғары болуы керек деп ойламаймын. Ары кеткенде 240-250 шамасында тұрақтауы тиіс. Неге десеңіз, біз былтыр мұнайдың осындай арзан кезде де  Ұлттық банктің қорын сақтай отырып, 180 теңгелік бағамды ұстап тұрдық емес пе?!  Ұлттық қорға шетелден қайтарылған валюталар мен құны 6,5 млрд долларды құрайтын екі ірі евро құнды қағазды жараттық. 

Қазақстан экономикасы шикізат экспортына байлаулы. Жыл басынан есептесек, экспорт тауарлары түсті металл мен мұнай бағасы 19-20 пайызға арзандаған. Ал теңге бағамы бірден 42-43 пайызға құлдыраған. Яғни ұлттық валютаның төмендеу жылдамдығы негізгі факторлардан екі есе артық екенін айтады қаржыгер Ғалым Байназаров.

Ғалым Байназаров, қаржыгер 

-Мұндай жағдайда спекулятивтік факторлардың бар екенін айтуға болады. Валюталық рыноктың негізгі ойыншылары – сол банктер. Олардан да көбірек ойнайтын ойыншылар бар. Осылардың барлығы біреуі былай, біреуі былай деп айтпаймыз. Олардың ешқайсысы банк туралы, биржа туралы заңды бұзып жатқан жоқ. Әрине теңгенің бағамы үлкен көлемде тербелген кезде үлкен ақша табуға болады.

Тым еркіне кеткен валюта нарығын реттеп, теңге бағамын тұрақтандыру үшін Ұлттық банк саудаға араласып, 16 қыркүйекте интервенция жасады. Нәтижесінде, әзірге доллар құны 260-270 теңгеге тоқтады. Валюталық сауда-саттықты ұйымдастырушы КАСЕ орталығы да «қаржы ойыншыларының бастапқыдағы дүрбелеңі қазір бәсеңсіді», – дейді.

Андрей Цалюк, «Қазақстан қор биржасы» АҚ төрағасының орынбасары  

-Мен нарық қазір поляризацияланды деп айта алмаймын. Яғни сату мен сатып алу мөлшері бірдей. Нарық Ұлттық банктің бағамды реттеу туралы дабылын түсінді. Бүгінде бір доллар 270 теңге маңайында тұрақтап тұр.

КАСЕ-нің сауда-саттығына қатысуға 31 банктің құқығы бар. Бүгінде қаржы ойынына 22-25 банк араласуда. Бастапқыда алып-сату көлемі күніне 300-400 млн долларды құраса, қазір 100 млн долларға дейін төмендеген. Ұлттын банк алып-сатуға қатысатын банктердің тізімін ашық жариялап жатыр. Бұл қаржы ойыншыларының жауапкершілігін арттыру үшін қажет болған. 

Сұлтан Әкімбеков, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры 

-Қаржы нарығында ірі ойыншы жоқ кезде осындай тербеліс орын алады. Егер ірі ойыншы бар болып, ол ірі көлемде ақша салса, сол өзі ғана валюта курсын басқарып отыратын еді. Бізде қазір бәрі ішкі ойынның шеңберінде жүріп жатыр. Ұлттық банктің интервенциясы бұл процесті барынша реттейді. 

Ғалым Байназаров, қаржыгер

-Жуықта ғана біздің Үкімет пен Ұлттық банк: «Инфляцияны таргеттеу саясатына биылдан бастап көшеміз», – деп айтты. Олай болатын болса, ұлттық банктің алдында ешқандай жауапкершілік жоқ, қанша ол интервенция жасайды осы жылдың аяғына дейін. 

Қаржыгерлер дәл қазіргі таңда теңгенің шынайы құнын да, бұл қаржылық ахуал қанша уақытқа жалғасатынын да дөп басып айта алмайды.

Сұлтан Әкімбеков, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры 

-Қазір теңге құны долларға шаққанда 260 па, әлде 300 бе нақты айта алмаймын. Бағамды анықтайтын арнайы биржа бар. Бәрі сол жерде шешіледі. Биржаға қатысатындардың да бізде саны көп емес. Оның үстіне біздікі ашық экономика. Сондықтан Ұлттық банкті қорған тұтуымыз керек. Тағы айтарым, бізде Ресеймен салыстырғанда әлеуметтік шығын аз. Зейнеткерлеріміз аз.Осы факторларға сүйене отырып, қатты даурығудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді.   

Ғалым Байназаров, қаржыгер 

-Доллар әрмен қарай күшейеді. Теңге әрмен қарай әлсіреуі мүмкін. Неге десеңіз, біздің Ресейден алатын импортымыздың көлемі үлкен. Ал тенді осыдан үш жыл бұрын біздің теңге бір Ресейдің бес теңгенің маңайында болды. Мен ойлаймын, доллардан гөрі біз доллардан гөрі Ресей рублінің бағамына көп көңіл аударылып отыр.

Доллар бағамының тұрақтауы мұнайдың бағасына тікелей байланысты. Бір сарапшылар: «Мұнай құны бір жылдан кейін көтеріледі», – деп үміттенеді. Енді бірі: «Ол күн әлі алыс», – дейді. Біздің Үкімет осы бір тұманды жағдайда мемлекет бюджетін мұнай құнын барреліне 40 доллардан есептеп, жоспарлап отыр. «Қандай қиындық болса да, бюджетті қанша қысқартса да, әлеуметтік жобаларға салқынын тигізбейміз», – деп сендіріп отыр.

Авторлары: Мақпал Мадиярова, Бекболат Базаров

8. Теңгенің еркін айналымға жіберілуі астық науқанына әсер етпейді 

Әсері болса да, оң ықпалы болды. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, негізгі шығындар теңгенің ескі бағамымен жасалды. Ал теңгенің долларға шаққандағы бүгінгі бағамымен есептейтін болсақ, отандық өнім бағасы әлемдік нарықтағы бағаға сай келеді. 

Айдос Тұрысбек, шолушы

-Астық жөніндегі халықаралық кеңес сарапшылары биыл әлем елдерінде 710-720 миллион тонна бидай өндіріледі деген болжам келтіреді. Бұл – былтырғыдан 11 миллион тоннаға аз. Ірі өндірушілер АҚШ, Ресей, Қазақстан мен Украинада өсім байқалса, Канада мен Еуропалық одақ елдерінде керісінше астық әдеттегіден аздау жиналатын көрінеді. Әлемдік тұтыну көлемі де 5 жарым миллионға төмендеп, 714 миллион тоннадан сәл асады деген болжамдар бар. Ал біздің елімізде үстіміздегі жылы 17,5 млн тоннадай астық бастыру жоспарланып отыр. Қазір оның жартысынан көбі жиналған. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Бүгінгі күні әкімдіктер берген мәліметтерге сәйкес 9,1 млн гектар алқаптың дәнді-дақылы жиналды. Бұл – жалпы егістік алқабының 62 пайызын құрайды. Өнімділігі гектарына – 11,6  центнер. Өткен жылмен салыстырғанда 0,7 центнерге артық. 10,6 млн тонна астық тартылды. 

Күзгі жиын-терін науқанына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Жер емген шаруаларға қаржылай көмек беріліп, жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай өнімдері үлестірілген.  

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға фермерлердің сұраулары бойынша 60 млрд теңгеге жуық несие берілді. 421 мың тонна жанармай жеңілдетілген бағамен бөлінді. Оның ішінде бүгінгі күні фермерлерге 300 мың тонна жанармай жеткізілді. Астық қабылдау кәсіпорындары мен фермерлерде астық сақтауға арналған орындардың сыйымдылығы 26 млн тоннадан астам құрайды. 

2015-2016 жылдары  бидай экспорттаушылар әлемдік нарыққа 158 миллион тоннадан астам өнім шығарады. Соның ішінде Америка Құрама Штаттары – 30 миллион тонна, Ресей – 22, Украина – 12,5, Қазақстан 7 миллион тонна экспорттайды. Былтыр оның көлемі 8,3 миллион тонна болған. Өткен жылы дәнді дақыл құны да басқа еді. Валюта нарығындағы соңғы өзгерістерге байланысты енді қазақстандық бидай қалай бағаланады? Мұны Асылжан Мамытбеков былайша түсіндіреді.  

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 

-Теңгенің еркін айналымға жіберілуі егін шаруашылығына аса әсер еткен жоқ. Әсері болса да, оң ықпалы болды. Негізгі шығыстар теңгенің ескі бағамымен жасалды және инфляциялық таргеттеу болмаған жағдайда қазір әлемдік нарықтағы астық бағасының құлдырауына байланысты, оның бағасы біршама төмен болар еді. Бүгінде Париж биржасында үшінші сыныпты астық шамамен 165 доллар, Чикаго биржасында шамамен 170 долларды құрайды. 1 долларды шамамен 250-260 теңге деп есептейтін болсақ, онда бүгінгі Қазақстандағы баға әлемдік бағаға сай келеді.

Қазақстанда ұн өнімдерін әзірлеуге таптырмайтын жоғары сұрыпты дәнді дақыл өседі. Жерінде бір түйір бидай шықпайтын елдер оны аттай қалап алуы да сондықтан. Қазір қазақстандық бидай Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Әзірбайжан мен Иранға экспортталады. Алдағы уақытта Қытайға және осы ел арқылы Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттеріне, Иран арқылы Парсы шығанағы елдеріне экспортты ұлғайту көзделіп отыр. 

Автор: Айдос Тұрысбек

9. Субсидиялау жүйесі жаңартылмақ

Ұсақ істен ауқымды бизнеске бетбұрыс жасайтын кез келді. Үкімет шаруа қожалықтарына жеке дара тірлік еткеннен гөрі, бірлесіп атқарған істің анағұрлым тиімді екенін түсіндіруге тырысып келеді. Мемлекеттің көмегіне иек артып, масылдыққа бой алдыратын дәуреннің өтіп кеткені осы аптада тағы айтылды. Ұсақ қожалықтардың ірі шаруашылықтарға бірігіп, кооператив болып еңбек етуін реттейтін «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заң жобасын Мәжіліс мақұлдады. 

Осы саладағы күрделі өзгерістің бірі – субсидиялау жүйесі жаңартылмақ. Енді мемлекет қаржысы нәтижеге қарай бөлінеді. Сапалы өнім алып, өндірісті дамытуға күш салатындарға басымдық беріледі. Оңды-солды ысырапшылдыққа тоқтам салу үшін барынша тиімді жолдары қарастырылған. Қожалықтарды ірілендіре отырып, шағын бизнесті өркендету көзделген. 

Топтасу кімдерге пайда әкеледі? Субсидия бөлудегі жоспарлы реформа қандай мақсатты көздейді? 

Ақмола облысының Есіл ауданындағы серіктестіктің бірі астық өсіріп, мал басын көбейтумен айналысады. Егіс көлеміне, алынған өнімге қарай, жанармай, тыңайтқышқа төленетіні бар 100 миллион теңге субсидия алады. 

Уәлихан Әріпов, серіктестік директоры

-Мемлекеттің қолдауы бізге жаңа технологияларды ендіруге, жаңа техника сатып алуға, тіпті шөлейтті аймақтың өзінен мол өнім алуға мүмкіндік беруде. Бұған қоса мал өсіремін. Өндірілген еттің әр келісіне де субсидия төленеді. Мен тұрақты қолдау барда бизнесімді әрі қарай өркендетемін деп сенемін.

Мәселе – ел қаржысын кімнің қайда жұмсайтындығында. Қостанайлық шаруа Ибраш Естаевтың егіншілікте жүргеніне ширек ғасырға жуықтаған. Қара жердің қадірін білетін ол талайдың дайын асқа тік қасық болатынына қарны ашады.   

Ибраш Естаев, шаруа   

-Кейбір шаруашылықтардың істеп жатқан істеріне ішім удай ашиды. Осы уақытқа дейін әлі шаруасын дұрыстай алмаған шаруашылықтарды. Өзіне де пайда жоқ, семьясына да пайда жоқ. Үкіметке де пайда әкеліп жатқан жоқ.  

Прокуратуралық тексерулер көп жайттың бетін ашты. 2013-2014 жылдары  республика бойынша субсидияны игеруге қатысты 4 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды. 2 мыңнан астам шаруашылық мемлекеттен алған 663 млрд теңгені мақсатсыз жұмсаған. Өткен жылғы көрсеткіштер де қазына қаражатының ысырап болғанын растайды. Бір жылда 5 мыңдай заң бұзушылық тіркелген.  

Әуезхан Даринов «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасы 

-Коррупциялық жағдайлар да бар. Мысалы 400 гектардың ортасына сеппей, шет жағына сеуіп Үкіметтің ақшасын алып отырғандар бар. Майлы дақылдарды сеуіп, гектарына 12 мың төлеп, оны не алған емес. Былтырлары далада қалды.   

Енді бірі бизнес жоспарындағы нәтижені еңсере алмаса да, мемлекеттің көмегінен бас тартқысы келмеген. Мәселен Қостанай облысындағы құс фабрикасы 1-ші сұрыпты жұмыртқа шығаруды көздейді. Бөлінген субсидия да соған сай белгіленіп, 275 млн теңгеге жуықтайды. Тексеру кезінде ірі жұмыртқаның орнына орташа көлемдісі алынғаны әшкере болды. Сөйтіп артық ақшаны прокурорлық тексеруден кейін Үкіметке кері қайтарыпты амалсыз.  

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 

-Алматы облысында да 2 құс фабрикасы жабылып қалған. Бірақ бізге жергілікті әкімдіктің берген есебі бойынша кәсіпорын қарқынды жұмыс істейді. Өнімі жыл сайын көбейіп отыр. Олар ұялмай бізден тағы субсидия сұрайды.  

Мамандардың айтуынша, қаржыны тиімді жұмсаудың бір жолы – ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру. Бұл мәселе көп жылдан бері айтылып та жүр.  Енді түбегейлі түрде шешетін уақыт жетті. 

Әуезхан Дарынов «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасы 

-Фермерлер кооперативке бастары қосылса, сонда шағын фермерлер 1-2 мың гектары бар фермерлер 10-ы қосылғанда 10 мың гектар болады. Сонда 10 мың гектарға жаңа техника ала алады. 30 пайыз субсидияландырылады. Процентная ставка дейтін банк. Сол да субсидияланады. Міне осындай пайдасы бар. Бұл жобаны біздің қолдап отырғанымыз сол.   

Елімізде кооператив болып жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер аз болса да, бар. Бірақ осы жүйені дамытуда заңдылықты жетілдірмек керек.    

Асылжан Мамытбеков ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 

-Қазіргі бар заңдарда өте үлкен системалық кедергілер бар бірігуге. Мысалы егер шаруалар біріксе, тапқан пайданы бөле алмайды. Екіншіден, біріксе қазіргі төлеп отырған салықтан көп төлейтін болады. Осы кедергілерді алып тастап, артық 5 заңның орнына бір заңның ішінде бәрін реттейтіндей қылып жасап отырмыз. 

Министрдің айтуынша, кооперативтерге бірігу арқылы сауда саттық пен тұтыну кооперациясы дамиды. Нарықта ірі бизнеспен қатар шағын кәсіпкерлерге де жол ашылады.  

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы 

-Мысалы, 400 бас және одан да көп малы бар ірі компаниялар дотация алды делік. Ал 2-3 сиыры ғана бар шағын шаруалар еш көмек ала алмайды. Енді сіздер соларды біріктіріп, әрқайсысына дотация берілуін реттейміз деп отырсыздар.  Ерекшелігі осында ма? 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 

-Егер олар бірігетін болса, әрине мүмкіндіктері субсидия алу талаптарына сай келеді. Сөйтіп көмек қол жетімді болады. 

Абзал Ералиев, күріш өндірушілер қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның еңбек ері  

-Бір гектарға берілетін субсидия пайдалығы жағынан төмендігін көрсетіп отыр деп отыр. Бірақ күріштің бір гектарға берілетін субсидиясы көтерілуімен қатар, өнімі де көтеріліп отыр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Кішкене қиын болып қала ма деп отырмын. Әсіресе майда шаруашылықтарға. Өйткені майда шаруашылықтар соңғы кездерде енді енді дамып көтеріліп келе жатыр. Оларда көлемі аз болғаннан кейін, жиналған өнімі де аз болады да, субсидия қол жетімсіз болып қалады.

Жоба бойынша мал шаруашылығындағы қожалықтарға берілетін жеңілдіктердің біразы бұрынғыша сақталады. Жаңа жобада төрт түлікке арналған қора-қопсыны салу шығынын субсидиялау қарастырылып отыр. Бұл ет кластерін дамытуға жол ашпақ. Мәселен, ақтөбелік кәсіпкерлер: «Экспорттық әлеуетті арттыра түсуге мүмкіндік артады», – деп отыр.     

Динара Жанғылышбаева, шаруа қожалығы басшысының орынбасары

-Жем-шөп алғанға сонымен қатар жыл сайынғы аналық басқа төленіп отыр. Әрине бұл өте көп көмек. Соның арқасында  қазір бізде мал сою алаңы бар. Қараша айының басында ет өңдеу кешені ашылғалы тұр. Мұндай қолдаулар болатын болса, Үкіметтің арқасында әрине одан да көп, көлемді жұмыстар істеуге мүмкіндік мол.  

Ал құс өсірушілердің өз айтары бар. Олар даму қарқынынан жаңылып қалмас үшін бизнес жоспарларын жасауға кіріскен. Себебі кейбір жеңілдіктер алынып тасталуы мүмкін. Сондықтан инвестицияны субсидиялаудан бастап, құс өсіруге қажетті азық пен дәрі-дәрмекті алуға дейінгі біраз шығындарға жеңілдіктер берілсе деген ұсыныс айтады.   

Ниязбек Такибеков, Талдықорған құс фабрикасының қаржы жөніндегі директоры

-Құс фабрикаларына өте көп қаржы, инвестиция жұмсадық. Қазіргі біздің фабрикалардың барлығы кредитте отыр. Мысалыға біздің 1 жарым млрд кредитіміз бар. Айына 80-90 млн қаржы төлеп отырмыз банкке, егер осы жағынан бізге жеңілдететін болса. 

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті 

-Үкімет бізге инвестсубсидия басқа кредиттермен көмектессе, кооператив жасап, зауыт фабрикалар өздері ақшасын салып, завод по переработка яйца деген балапан шығаратын асыл тұқымды шаруашылық салу ойда бар. 

56 құс шаруашылығы етпен қамтуды 55 пайызға жеткізді. Ішкі нарықтағы саудада 100 пайыз отандық жұмыртқа. Кәсіпкерлер осы жетістіктің барлығын мемлекет қолдауының нәтижесі деп біледі. Әрбір жұмыртқа мен еттің келісіне, техникамен жабдықталуына субсидия төленеді. Құс өсірушілер осы қарқыннан жаңылып қалғысы жоқ. 

Александр Предко, серіктестік директоры

-Меніңше бұл жерде кім қайта құрылымдауға бейімделеді, сол тиімділігін көреді. Енді субсидияландыруды жаңарту өндірістің даму қарқынын бәсеңдетіп алмас үшін жасалып отыр деп ойлаймын. 

Айта кету керек, ауыл шаруашылығын қолдауға 2020 жылға дейін жоспарланған мемлекет қаржысы қысқартылмайды. Ал субсидияландырудың жаңа жобасын 2017 жылдан бастап енгізу жоспарланған. 

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Абылай Сейілбек, Әнуар Тәуекелов Алмат Ермекпаев 

10. Осы аптаның өзге де елеулі оқиғаларына қысқаша шолу 

Еуроодаққа мүше елдердің ішкі істер министрлері 120 мың босқынды өзара бөліп орналастыруға байланысты оң шешімдерін шығарды. Дауыс беру арқылы қабылданған қадам Грекия, Италия мен Венгриядағы келімсектерге байланысты болып отыр. Бұл алдағы екі жыл уақытта жүзеге аспақ.  Брюссельде өткен жиында Чехия, Словакия, Румыния мен Венгрия елдері бастамаға қарсы болды. Ал Финляндия дауыс беруден бас тартты. Биыл  Еуропаға босқындар  толассыз ағылды. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2015 жылдың басынан Еуроаймаққа 300 мыңға жуық келімсек келген.  

Меккенің іргесіндегі Мина жазығында қаза тапқандар саны 700-ден асты. 

Оқиға адам санының көптігінен, жұрттың бірін-бірі таптап, басып кетуінен болған. Тағы 800-ден астам адам жарақат алған. Қазақстанның  Сыртқы істер министрлігі: «Қаза болғандар мен жарақат алғандардың арасында отандастарымыз жоқ», – деп мәлімдеді. 

«Ақ бұлақ» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының игерілуі тексеріліп жатыр. Ақордада Президент жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысында мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін бюджет шығыстарына қатаң бақылау болатынын айтты.

2017 жылға қарай Қазақстан бензин мен дизель отынының ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Алайда бұл деңгейге еліміз үш мұнай өңдеу зауытының үшеуі де қайта жаңартылғаннан кейін бірақ жетеді. Жоспар бойынша, алдағы жылдың аяғына таман Қазақстандағы ең көне Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңартылғаннан кейін, онда 5 миллион тоннадан астам шикі мұнай өңделуі тиіс. Шымкенттегі мұнай айдау зауытында бұл көлем 6 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Алайда қара алтынды өңдеудің ең үлкен көлемі Павлодардағы зауытқа тиесілі. Оның қуаттылығы 7 миллион тонна мұнайға шақ болады деп күтілуде.

Ішкі рейстер  авиабилеттерінің бағасы өзгермейді. Ал халықаралық бағыттар бойынша билет құны 20 пайызға көтерілді. Бұл доллар бағамының өсуіне байланысты. Біздің авиакомпаниялар Қазақстан аумағынан тыс жерлерде шартты белгімен есептеседі. Бұл туралы журналистерге Азаматтық авиация комитетінің өкілдері мәлімдеді. Бекен Сейдахметовтың айтуынша, еліміздегі 18 ірі әуежайдың 13-інде бүгінде ұшып-қону алаңдарына жөндеу жүргізілді. Қалғандары 2020 жылға дейін қалыпқа келтіріледі. 

11. Еңбек миграциясы оң шешімін тауып келеді

Еуразиялық экономикалық одақ өз мүмкіндігін енді паш ете бастады. Бірлестіктің сегіз айлық «өмірбаянына» көз жүгіртсек, озған тұстары көп. Әсіресе, әлемдік нөмірі бірінші тақырып: Еңбек миграциясы оң шешіліп келеді.

Азия мен Еуропаны жалғастырған одақ енді еңбеккерлерінің еркін айналымына қол жеткізді. 5 ел басшыларының бәтуаға келуімен, көші-қон құжаттарының ішінен азаматтардың айналымын азайтатын бес күндік шектеу алынып тасталды. Әлеуметтік себет еңбек мигранттарының жүріп-тұруын жеңілдетті. 

Оған қоса медициналық сақтандыру да экономикалық кеңістік тұрғындарын осы мемлекеттер ішінде шетелдік ретінде сезінбеуіне жол ашады. Дағдарыс күллі әлемді  алқымынан алған тұста әрине, өзге тұрмақ өзін асырау – достастық елдерінің алға шығарған мүддесі. Ішкі еңбек нарығын қорғауда Ресей алдына жан салмайды.  Армения географиялық тұрғыдан қиян-шетте, ал Беларусь болса, жаппай миграциялық ағынға ұшырай қоймайтын секілді. Қырғыздың экономикасының мүмкіндігі шектеулі екенін ескерсек, Қазақстанға Алатаудың арғы жағындағы ағайыннан келер көш көп болуы мүмкін. Алматы жағалап, арзан жұмыс күші ретінде танымал болған айыр қалпақты жұртқа кеден ғана кедергі еді. Енді жағдай қалай болмақ? 

Астана қаласының көші-қон полициясы басқармасы. Мұнда күніне жүздеген шетелдік тіркеледі. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін еңбек мигранттары ТМД бөлімі арқылы құжаттарын рәсімдейді. Полиция полковнигі Еркін Шомбинов одақ аясындағы жұмыс күшінің құжаттарын ресімдеуге арналған ережені түсіндірді. 

Еркін Шомбинов, Астана қаласы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары

-Бұрын 5 күн ішінде тіркеуге туру керек болатын. Келген іс бабымен келе алмайтын, тек қонаққа келетін. Қазір іс бабымен келеді де, 1 айдың ішінде отыра алады тіркеуге. 

Оған қоса, Армения, Ресей, Белоруссия және Қырғызстанның еңбек мигранттары біздің елімізде тіркеуден өткен соң, жеке сәйкестендіру нөмірін алуға және жеке кәсіпкерлік ашуға құқылы. Қазақстандықтар да осы төрттіктің кез келгеніне барып, әлгі жеңілдіктерге ие бола алады. 

Еркін Шомбинов, Астана қаласы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары

-Бірінші тіркеледі, сосын бір ЖШС-мен келісім шартқа отырады. ЖШС өкілі бізге келіп, ана адамды документ жинаған соң, тіркеуге тұргызады 6 айға. 6 айдан сон тағы 6 айға созылады. 1 жылдан сон шыгып кету керек, қайта кіру керек. Бұл төрт елге қатысты. Дегенмен одаққа жақында ғана кірген Қырғызстанның құжаттары келісімшарт көлеміндегі құжаттары реттелгенше, оңтүстіктегі көршілер Қазақстанда әзірге 5 күнге ғана тұрақтай алады. 

Заң күшіне кірмейінше, ешкім ештеңе айта алмайды. Заң күшіне кірсе, жақсы болады. Қазақ-қырғыз бір бауыр ел ғой, ойлап тұрмыз, бір ай болса.

Ресейден жыл басынан бері 85 мыңнан астам адам шекарамыздан кірсе, оның 6649-ы жұмыс бабы бойынша топырағымызды басқан. 2014-149 мың 577 / 8 мың 672/. Беларусь Республикасынан жалпы 1757 адам, оның 322-сі екі қолға бір күрек іздеп келгендер. 2014-5 мың 714/598/, Армения 6 мың 122 адам шекарамыздан аттаған, 1 мың 446 кісі – еңбек мигранты. 2014 жылы – 10 мың 82/272. 2015 жылдың 8 айында 61 мың 321 қырғыз азаматы кеденнен бері кірсе, 612 азамат жұмыс бойынша қазақ жерін кезген. 2014-94 мың 313/798. 

Кесте көрсеткендей, негізінен нәпақа іздеген ресейліктердің үлесі көп. Ресми Мәскеу жұмыс күшінің ағыны бойынша АҚШ-тан кейінгі орында. Көрші ел де ішкі еңбек нарығын өткен жылы қорғап алды, дегенмен Еуразиялық экономикалық алаңында еш шектеу жоқ. 

Михаил Кирсанов, РФ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшысы   

-Біз Ресей азаматтарының еңбек ағынын шектей алмаймыз. Өйткені еркін нарық болуы үшін ортақ жүйе жасалды. Сондықтан біздің және сіздің еңбеккерлер қайда қолайлы жұмыс орны болса, соны таңдайды. Әрине біз төмен білікке ие жұмысшыларды шекарамыздан кіргізбеуге тырысып отырмыз. Алайда бұл Еуразиядық экономикалық одаққа қатысты емес. 

Ал тиісінше топтасқан төрт елге атбасын бұрған отандастардың саны көп емес. 10 мың қазақстандық Ресейге, 256 адам Беларуське, Қырғызстанға 66 және Арменияға 2 жерлесіміз әртүрлі себептермен барған. Яғни жұмыс күші елімізден сыртқа кетіп жатқан жоқ. Мұның себебін мамандар Қазақстандағы экономикалық жағдайдың тұрақтылығымен түсіндіреді. Керісінше, ішкі нарығымызды қорғау шаралары күшейеді. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Қырғызстанға қатысты біраз көші-қон үрдісі көбеюі мүмкін деп санаймыз. Бірінші кезекте төмен білікті жұмысшыларға қатысты болады. Төмен білікті мамандар, Қазақстанда өзіміз азаматтар бармай отырған орындарды алуы мүмкін, сауда, саттық көтерме бөлшек сауда арасында үрдістері көбеюі мүмкін деп санаймыз. Мұны еңбек нарығы реттейді. 

Иә, нарық заңы солай. Дегенмен экономикамызды негізінен төмен білікті мамандар, яғни қара жұмысшылар жаулап алғаны жасырын емес. Олар құрылыс, тұрмыстық және сервистік қызметтерде жүреді көбіне. 2 жыл бұрын жеке тұлғалардың шетелдік жұмысшыларды тарту туралы тәртібі күшіне енісімен, нарығымызға өзбекстандық арзан жұмыс күшіне толып кеткені жасырын емес. ІІМ министрлігі былай дейді: Жеті айда жерлестеріміз 85 мың шетелдікті жұмыс істеуге алдырған, оның 80 мыңы өзбекстандықтар екен. Ал экономикалық одақтың еңбек миграциясы қанша жағдай жасалғанмен, қанатын кеңге жая қойған жоқ әлі.  Дегенмен отандық бизнес өкілдері де қарап отырған жоқ, сырт елде сауда саттықты дамыту қазақстандық кәсіпкерлердің де жоспарында бар. 

Азаматхан Әміртаев, «Қазақстанның инвесторлар альянсы» РҚБ төрағасы

-Коммуникация мәселесі бойынша біз өзімізде таныстығымызды күшейту үшін онда баруымыз керек. Жұмыс жасауымыз керек. Ойымыз бар, Ресейдің инвесторларын шақырсақ деп Қазақстанға.

Дегенмен экономикалық одақ шеңберінде жұмыс миграциясына бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалған. Бастысы, бес елдің жұмысшысы қызмет істеп жүрген жерлерінде медициналық қызметке жүгіне алады. Олар мыналар:

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Жазатайым жағдайдан сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру. Мемлекеттік сақтандыру қоры бар. Соған одақ мүшелерінің азаматтары жұмыс істеп жатса, 5 пайыз сақтандыру жарнасын қорына жұмыс беруші аударып отырады. 

Қазақстанға қара қазан, сары баланың қамымен Ресейден келген Дмитрий Санаров темір-арматура зауытында жұмыс істейді. Жалпы көрші елдің 11 азаматы осы жерде еңбек етеді. 

Дмитрий Санаров, ауыстырмалы құрал-жабдықтар дайындайтын цех басшысы

-Үйден екі мың шақырым қашықтықта жүргенімді онша сезініп жүрген жоқпын. Әлеуметтік, еңбек құқықтарымыз толық қорғалған. Балам осында мектепке барады. Сөзімнің дәлелі мен өзім Ресейдің азаматы еш қиындықсыз Қазақстанға келіп, кәсіби мамандығым бойынша еңбек етіп жүргеніме міне бір жылдан асты. 

Сонымен бес елдің жұмыс күші осы экономикалық кеңістікте 30 күн ішінде еш тіркеусіз жүре алады. Әрі жұмыс істеу үшін ресми органдардан арнайы рұқсат сұрамайды. Айтпақшы Экономикалық одақ азаматтары енді интеграция аймағындағы мемлекеттің біріне көшетін болса, сол елге оның зейнетақысы аударылуы мүмкін. Бұл – әзірге жоба. 

Авторлары: Нұрбек Әмиша, Мейрамбек Ақмаханов, Айтжан Отызбаев, Жасұлан Шәкенов, Мағауия Қалиев

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.