«Жеті күн». Елбасы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовті қабылдады. Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жеті күн». Елбасы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовті қабылдады. Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды

  • Сенбі, 24 Қазан 2015 21:00
Сюжеты
1.Елбасы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовті қабылдады 2.Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды 3.Елбасы бірқатар құттықтау жеделхаттарын жолдады
4.Дағдарыстан дамудың даңғыл жолына 5.Мәжілісте маңызды заңдар қаралды 6.Аптаның маңызды оқиғаларына қысқаша шолу
7.Қыс – қатал сыншы 8.Алматыда апаттар жиілеп кетті 9.«QAZAQ AIR» әуе компаниясының әлеуеті күн санап артуда
   
10.«Хабар» Агенттігінің ақпарат айдынына шыққанына 20 жыл толды    

1.Елбасы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовті қабылдады

Әлемдік дағдарыс дендеп барады. Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады. Тиісті іс-жоспар әзірлеуді тапсырды.

Еліміздің экономикасы күрделі кезеңде тұр. Жаһандық жағдайға қарап біз де алаңдаймыз. Қазір Қазақстан бюджетіне түсетін кірістер 40 пайызға қысқарған. Бұған ең әуелі энергия өнімдерінің арзандауы себеп. Дүниежүзіндегі дағдарыс туралы Мемлекет басшысы өткен бір айдың көлемінде Қытайдың, АҚШ пен Ресейдің жетекшілерімен пікірлескен болатын.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Если проанализировать состояние экономики в Европе и Восточной Азии, то улучшение ситуации невозможно спрогнозировать сейчас. Поэтому мы должны сделать так, чтобы наше население знало ситуацию. Это означает: уменьшение прибыли наших предприятий, снижение доходов, возможное сокращение рабочих мест. То есть наступает кризис - более сильный, чем в 2007-2009 годах. В связи с этим, я поручаю Правительству проанализировать все это, составить план антикризисной работы, определить меры и довести до народа, что мы собираемся делать. 

Экспортқа жіберілетін тауарлардың, оның ішінде қара және түсті металдардың және көмірдің құны арзандады. Өнеркәсіпте, машина жасау саласында өндіріс көлемі азайды. Тек ауыл шаруашылығында шамалы өсім бар. Қалай дегенмен де, бұған дейін де Президент айтқан, осы жолы да басты міндет ретінде белгіледі. Әлеуметтің әлсіз топтарына қолдау көрсетіле бермек. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-При этом, как я говорил, мы не допустим снижение социального самочувствие наших граждан. Программа «Нурлы Жол» позволяет имплементировать программу занятости, расширить возможность получения новых профессий через профессионально-техническое образование. Таким образом, люди смогут при необходимости на своих предприятиях получить новую специальность.

«Дайын асқа тік қасық» енді болмайды. Мемлекеттен қаржы алып, дәніккен, нақты іске келгенде қатарынан қалыс қалған кәсіпорындарға субсидия берілмейді. Президент бұған тиым салды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Предприятия и области не должны ждать, что государство обеспечит их средствами. Этого не будет. Я запрещаю использовать деньги из Национального фонда на строительство новых объектов, а также поддержку и субсидирование плохо работающих предприятий. В этой ситуации сразу будет видно, какие производства работают эффективно, а какие нет. Также мы проводим приватизацию. Еще хочу сказать всем министерствам, ведомствам, акимам областей, городов и районов, что сейчас необходимо подтягивать промышленное производство, чтобы добиться освоения мощностей тех предприятий, которые мы построили. Подтянуть производство и объемы во всех отраслях экономики.

Әлемдік дағдарыстың екпіні қатты екені жыл басынан бері айтылып келеді. Мәселен, ақпан айында Ақордада өткен алқалы жиында Президент: «Бюджетке өзгеріс енгізіледі», – деді. «Бұл мәжбүрліктен туған, бірақ уақытша шара», – деп түсіндірді. Сол кеңесте «Нұрлы Жол» бағдарламасы дағдарысқа қарсы шаралармен толықтырылатын болып шешілді. 

Тамызда өткен тағы бір жиында Елбасы бұл жолғы тоқырауды «секторалды дағдарыс» деп бағалады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан экспорты 73 пайызға кеміді. Кәсіпорындар пайда таппағасын бюджетке түсуі тиіс қаржы қысқарды. 

Соған байланысты шығыстардың көбі оңтайландырылатын болды. Бірақ мұның әлеуметтік салаға қатысы болмайды. Тағы бір жайт – жұмыс орындарын сақтап қалу. Бұл да Елбасының жіті назарындағы мәселе. Дағдарыс қанша қыспаққа алды дегенімізбен, Қазақстанда ашылып жатқан кәсіпорындардың қарасы қалың. 

Мәселен, осы аптада Павлодарда мұнай коксын өндіретін отандық зауыт пайдалануға берілді. Бұл жерде 300-ден астам адам еңбек етпек. 

Ал Ақтөбе облысында тауарлы сүт-фермасы ашылмақ. Қазір қажетті жабдық дайын. Жуырды жұмыс басталады. Кейін бұл жерде айран мен ірімшік шығарылады. 

Оңтүстік Қазақстан облысында да оң өзгеріс көп. Аймақта тағы да екі балық зауытының құрылысы басталды. Демек жаңа жұмыс орындары пайда болады. 

Міне, өңірлер өміріне көз салсақ, күн сайын ірілі-ұсақты кәсіпорындардың ашылып жатқанын көреміз. Апта басында Президент Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Сыр елінде де жаңалық көп. Ірі алты жоба жүзеге асқалы тұр. Биыл 19 мектеп бой көтерді. 4 балабақша тұрғызылды. Ал қаланың өзіндегі шағын ауданда 10 тұрғын үй салынып жатыр. Елбасы: «Келешекте қолжетімді баспана құрылысымен бизнестің өзі айналысуы керек», – деді.

2.Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды

Алты Алаштың анасы атанған Сыр елінің еңсесі биік бүгінде. Өңірде әлеуметтің әлеуетін арттыру жолында жүзеге асырылып жатқан жобалар да жетерлік. Бір ғана мысал. Биыл мұнда құны 2,6 млрд теңгені құрайтын алты жоба пайдалануға беріліп, 280 жаңа жұмыс орны ашылған. Қызылорда қаласындағы құрылыс қарқыны да қуантарлық. Көрсеткіш сегіз есеге артқан. Былтыр шаһарда ұзын саны 364 пәтерлік тұрғын үйлер салынса, биыл оның саны екі жарым мыңға жуықтаған. Араға екі жыл салып, Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Арай-2» кешенінің көп пәтерлі тұрғын үйі таныстырылды. Президент «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істерді бағамдап, жергілікті атқамінерлердің баяндамаларын тыңдады. Елбасы жаһандағы жағымсыз жағдайларды ескеру керектігін ескертіп, қай салаға болмасын инвесторларды барынша тарту қажеттігін қаперге салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ұлттық қордан сендерге бере бермейміз. Жыл сайын «Бәйтерек» те бермейді. Үйді жеке-жеке салу керек. Үйді елдер алып жатыр. Алуға халықтың жағдайы бар. Қолжетімді үйлерді салатын бизнесмендер болуы керек. Қазір жағдай қиын дүниеде де, бізде де жылдан жылға. Бюджетке ақша түспей жатыр. Мұнайдың бағасы 40 пайызға төмендеді. Бюджет те, темір де, көмір де, барлығы төмендеді. Мүмкіншілігі бар инвесторларды тартып, көбірек жағдай жасаңдар. 

Баспаналардың басым бөлігін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісімен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» тұрғызған. Сонымен қатар Қызылорданың сол жағалауын игеруге Азия Даму Банкімен 174 млрд теңге қаржы бөлу туралы келісім жүргізілуде. Бұл ретте Елбасы тиісті сала басшыларына Ұлттық қордың қаржысына телміруді доғарып, жеке кәсіпкерлермен етене жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Через область проходит железная дорога, автомобильная дорога «Западная Европа-Западный Китай». Что еще надо? Газификация идет, вода есть. Привлечение инвестиций это должно быть главной задачей. Деньги из Нацфонда взять это дурак может сделать, а вот деньги изыскать, частников заставить строить вот будет работа.

Жаңа тұрғын үйге қол жеткізген азаматтардың басым бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар. Баспаналы болып шаңырақ шаттығына бөленгендердің бірі – Демесовтер отбасы. 

-Осы уақытқа дейін пәтер жалдап жан-жақта тұрып келдік. Сіздің қолдауыңыздың арқасында үлкен кең 3 бөлмелі пәтерге ие болып жатырмыз.

Елбасы білімді ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік үлес қосып жатқан ұлағатты ұстаздар отбасына бақ-береке, жұмыстарына сәттілік тіледі.

-Мінекей, күріш көп шығарылып жатыр. Мектептер салынып жатыр, ауруханалар салынып жатыр. Қаланың көркі өзгеріп келе жатыр. Құтты болсын!

Тарихи сәттің куәсі атанған тұрғын үй иелері Президентке мемлекет тарапынан жасалып жатқан шынайы қамқорлығы үшін шексіз алғыс айтып, Елбасымен естелік суретке түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мұндай бағдарлама бір жерде жоқ. Басқа мемлекеттер де, көршілерімізде де жоқ. Қазір бәрімізге қиын болып тұр. Мемлекетке де, экономикамызға да. Соған қарамастан Қазақстан бойынша осыны жасап жатырмыз. Барлықтарың жассыңдар, болашақтарың алда, соған қамқорлық жасап жатырмыз. Әсіресе жастарға, содан кейін жағдайы төмен адамдар пәтер алсын деп жасап жатырмыз.

Жадыра Құсейінова, ұстаз 

-Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Сыр еліне қош келдіңіз дейміз! Ең бастысы Сіздің бастамаңызбен қолға алынған осындай стратегиялық түрлі бағдарламалардың шарапатын мына қарапайым халық ұдайы сезініп келеміз. Осы Сыр елінің бүкіл халқының атынан Сізге шексіз алғысымды білдіремін!

Айзада Бұрханова, жаңа мөлтек ауданның тұрғыны

-Бүгін біз үшін, біздің отбасы үшін өте қуанышты күн. Себебі Елбасы біздің үйде қонақта болды. Елбасының осындай қамқорлығының арқасында біз сияқты жас отбасылар үйлі болып жатыр. Сондай бақытты отбасылардың бірі – бізбіз.

Елбасы Сыр өңіріне тың серпін берген «Жан Арай жем» зауытының тыныс-тіршілігімен де танысты. Кәсіпорында құрама жеммен қатар күріш салысы өңделеді. 250-ге жуық маман ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірісімен айналысады. Нысанның ашылуы аймақтың мал шаруашылығының дамуына дем беріп, облысқа сырттан əкелінетін құрама жемнің көлемін азайтты. Жем зауытының өнімі сапалы, техникалары су жаңа. Өйткені кәсіпорын құрама жемді неміс технологиясы бойынша өндіреді. 

Елдар Бақпаев, тілші 

-Қалдықсыз технологияны меңгерген зауыт тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіреді. Жылына 60 мың тонна мал азығын тұтынатын аймақта өнімге деген сұраныс жоғары. Сол себепті де санға емес, сапаға мән беру жолында арнайы зертхана да ашылған. Мұндағы мамандардың басты мақсаты – төрт түлікті тез тыңайтатын құнарлы мал азығын дайындау.

Іскер топ өкілдерімен жүздесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс шырмауынан шығу оңайға соқпайтынын тілге тиек етті. «Дегенмен азық-түлікке деген сұраныс әсте бәсеңдемейді», – деді Президент. «Олай болса Ресей мен Орталық Азияға өз өнімін жөнелтіп отырған өңірге экспорт көлемін көбейте түсу қажет. Үш жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім алған Қызылорда облысының асар асуы әлі алда», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ауыл шаруашылығында мынандай дағдарыс болса да, әр адам 3 рет тамақ жейді. Күріштің сыртқа шығуы төмендемейді. Сондықтан ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін әлгі ең алдында тұрған Локомотив сияқты болады.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі

-Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында. «Агро бизнес-2020» бағдарламасының іске асуының аясында соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығы саласында инвестиция көлемі 7,7 есеге өсті. Техника алдық, мүмкіндіктеріміздің барлығы Өзіңіздің бағдарламаңыздың арқасында.

Абзал Ералиев, Қазақстанның Еңбек Ері 

-Біз биыл соңғы 2-3 жыл көлемінде мемлекет тарапынан алған қаражат есебінен біз 28 қыркүйекте егінді бітіріп кеттік. 28 күнде аяқтадық.

Мемлекет басшысына сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен «Ауыл шаруашылығы кешені-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды. Атқарылған істер сараланып, болашақ бағыт-бағдар айқындалды. 

Елбасы сапар аясында Қызылорда облысы әкімдігіндегі аймақтың ахуалдық орталық қызметімен де танысты. Мұндағы жобаның басты мақсаты – әкімдік қызметінің тиімділігін заманауи ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы арттыру. Орталық арқылы облыс басшысы әр аудандағы атқарылып жатқан істі жіті қадағалай алады. Ахуалдық орталық макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау, қаржы, демография, қоғамдық саяси ахуалды талдау қызметін де атқарады. Орталықта жұмыс істейтін 21 маманның біліміне білігі сай, қызметтің қыр-сырына әбден қанық қызметкерлер. Олай деуге толық негіз де бар. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандардың тың жобасы Амстердамда өткен инновациялық көрмеде бас жүлдені иеленді. 

Нұрсұлтан Назарбаев тың тәжірибені игерген «Көксу» қосалқы шаруашылығын да тамашалады. Ағаштардың жəй-күйін білімекке мамандармен тілдесті. Өйткені қолдан орман өсіруде Президенттің бір кісідей тəжірибесі бар. Бас шахарды жағалай жатқан жасыл белдеу бүгінде Астананың климатын айтарлықтай өзгертті. Мұндағы мамандардың да діттегені сол. Экологиялық ахуалды жақсартып, шөлейтті жерлерді көгалдандыру. Елбасы жайқалған жасыл желекті көздің қарашығындай қадірлеп, ерекше қорғауға алу керектігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ағаш, ағаш дейміз. Орта Азия, Қазақстанның даласы беретін оттегі ормандардан да көп. Шөптің беретіні көп. Газонға көңіл бөлу керек.

2000 жылы құрылған тәжірибелік телімде бүгінде қарағай, арша, шырша, емен сияқты аймақтың табиғатына бейімделмеген ағаштар жайқалып өсіп тұр. «Сыр өңірінде сексеуілден өзге ағаш өспейді» деген түсінік түбегейлі өзгергені анық аңғарылады. Жайнаған жасыл бақты тамашалаған Президент бұл ретте Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарын түйіндеп бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мына бақты көріп отырсыздар. Мінекей мынандай бір адам ойымен, жігермен ағаш өспейтін, ылғи тұз соры шығып жатқан жерге орман өсіру деген қандай керемет. Дәл осындай адамдарды мақтау керек. «Астана төңірегінде де ағаш орман өспейді» деп, қазір қандай орман өсті. Жетпіс мың гектар өсіп тұр қазір. Ол енді Бурабайдың орманымен қосылайын деп жатыр. Егерде «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша барлық жастар ағаш отырғызуға ынталанып, сол ағашты өсіруге дейін күтіп бағатын болса, өмірде із қалды деп санауға болады. Екінші жағынан елді көркейтеді, ауаны тазартады. Жеріміз әдемі болады. Қазақстан жері кең байтақ. Ал орман деген үш-төрт пайыздан аспайды.

Мұндағы мамандар қаланы көгалдандырумен қатар, жергілікті климат жағдайында бұрын-соңды көгеріп-көктеп көрмеген өсімдіктер қорын қалыптастыруда. Өз кезегінде «Қызылордада қаулап өскен жасыл желектен бөлек түрлі салалардың қарқынды дамуы байқалады», – деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Жалпы Қызылорда өңірінің территориясына қазір автокөлік дәлізі – «Батыс Қытай-Батыс Еуропа», теміржол, газ құбыры, электр жүйесі түгел өтіп жатыр. Қаланың өзінің тұрғындарының барлығы Сырдың бойында орналасқан, сондықтан ол үлкен жағдай жасайды деп ойлаймын халыққа, жұмыс істеуіне, әрі-бері баруына, жол жүруіне, байланысуына барлық өңірлерменен, сондықтан жалпы жағдайды дұрыс деп айтуға болады. Өндіріс құрылыстарын көрдік, күріш өңдеу деген бұл жерде болмаған, ал енді индустриялық бағдарламамен бұл жерде үлкен мекемелер іске қосылатын болады. Оның ішінде ең үлкені әйнек жасайтын зауыт. Бүкіл Қазақстанға құрылыс әйнегін жасауға болады. 

Тұқым бақтан аймақты абаттандыру үшін әкімдік қазірдің өзінде көшеттер ала бастады. 150 мыңға жуық қылқанды, мәуелі, жапырақты және декоративті ағаш өскіндері бар мұнда. Алқапта еңбек демалысына жіберілген адамдар мен зейнеткерлер жұмыс істеуде. Қосалқы шаруа қожалығынының иесі: «Менің ендігі мақсатым – қаланы толықтай көгалдандыруға өз үлесімді қосу», – дейді. 

Рая Үдербаева, «Көксу» қосалқы шаруашылығының басшысы

-Біздің бүгінгі күнгі басты мақсатымыз – шаһарды шаңнан тазартып, қаланы жүз пайыз көгалдандыру. Жуырда маған қылқан жапырақты ағаштар үшін жылыжай орнатады. Сонда бізде мына ағаштардың барлығын дәннен өсіруге мүмкіндік туады. Біз қазірдің өзінде мандарин, Алматы апортын өсірудеміз. Болашақта оның жемісін көретінімізге кәміл сенемін.

Өзенге өзегін жалғап, жыл санап өсіп-өркендеп келе жатқан Сыр еліндегі сапарын қорытындылай келе, Елбасы ел мен жердің көсегесін көгертіп, өрісі кеңейе түскен өлке жұртына бақ-береке тіледі.

Авторлар: Елдар Бақпаев, Қанат Әбілдин, Дулат Ентебеков

3.Елбасы бірқатар құттықтау жеделхаттарын жолдады

Елбасы Канаданың Либералдар партиясының парламенттік сайлауда жеңіске жетуіне байланысты Джастин Трюдоға құттықтау жеделхатын жолдады.

Жеделхатта сайлаудағы жеңіс Д.Трюдоның саясатын Канада халқының кеңінен қолдайтындығының көрсеткіші екені айтылған.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трюдоның Премьер-министр лауазымындағы қызметі Канаданың өсіп-өркендеуіне және елдеріміз арасындағы серіктестік қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

Соңында Қазақстан Президенті Канаданың Либералдар партиясы көшбасшысына зор денсаулық, қызметіне табыс тіледі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинге оның бокстан WBA, IBO, IBF және WBC interim тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жектегі жеңісіне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

Елбасы жеделхатта Г.Головкиннің өзіне сенім артқан қазақстандықтардың үмітін ақтағанын атап өткен.

«Атақты қарсыласпен өткен әділ әрі ымырасыз жекпе-жекте жоғары спорттық шеберлігің мен жігерлі мінезіңді көрсету арқылы сен өз Отаның – Қазақстан Республикасын лайықты таныта білдің. Сенің жарқын жетістіктерің біздің спортшыларымыз үшін жақсы үлгі болатынына және еліміздегі бокстың одан әрі дамуын ынталандыратынына сенімдімін», – делінген құттықтауда.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Г.Головкинге мықты денсаулық және жаңа спорт биіктерін бағындыру жолында табыс тіледі.

4.Дағдарыстан дамудың даңғыл жолына

Тарта жесең, тай қалады. Дағдарыс бізді үнемдеуге, барға қанағат етуге үйретеді. Қол қусырып, қарап отырғаннан гөрі, нақты іске кірісу керек екендігін терең түсіндіреді. Дүйім елдің күйін қашырған дағдарыс дейміз, сындарлы шақ дейміз, бірақ біз осы кезеңнің пайдасын аз айтып жүрген сыңайлымыз.

Тоқырау тұсында шағын және орта бизнес өзгеруге, бейімделуге икемді келеді деген ұғым бар. Міне, сол кәсіпкерлік қазіргідей қысылтаяң шақта жаңашылдықты жатсынбайтынын көрсетті. «Жеті күн» тілшісі Бағдат Бектұрғанқызы бір апта бойы дағдарыс кезінде дағдарып қалмай, керісінше бизнесін бәсеңдетпеудің тың жолдарын тапқан кісілермен кезікті. Мәселен, кәсіпкердің бірі суретшілерді табиғат аясында сейіл құруға шақырса, енді бірі апорттың атағын асқақтатуға кірісті. Іскерлердің келесі бір легі ұлттық қолөнер бұйымдарын заманауи үлгіде ұсынып, балаларға арналған сапалы киімдерді шығаруға бел буды. Кәдімгі бизнес дерсіз. Бірақ, сіз ойлағандай емес.

Экономикалық тұрақсыздықта табыс мінберінен түспейтін салалар қатарында азық-түлікпен қамту, жеңіл өнеркәсіп пен мәдениет және қызмет көрсету. Ас-ауқатқа, киімге тіпті рухани дүниелерге сұраныс қашан да бар. Мамандар қазіргі кезеңді «ұлттық брендтерді қалыптастыруға қолайлы сәт», – дейді. Себебі әрбір өңірдің символына айналған бренд өнімдері бар. Оларды жұрт іздеп жүріп сатып алатыны ақиқат. Мәселен, Алматының исі жұпар аңқыған, етжеңді апорт алмасын сағынған боларсыз. Апорт алманың даңқы кезінде шартарапқа тараған. Кейін көмескі тартты. Алма бақтарының жұрнағы да қалмады.   

Азат Әбдірахманов, Сапа және инновациялық менеджмент ұйымының президенті -

-Апортқа да көңіл бөліп, ауыл шаруашылығында жүрген мамандар қайтадан жаңартуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Ол бренд болуы мүмкін. Қазақстанның жеке өнімі болып шығуына оған күмән жоқ. Бірақ оған көп зерттеу жұмыс жасау керек.   

Көп зерттеумен бірге жанашырлық та керек. Оны қарапайым жастар ұғындырды бүгінде. Алматылық Тимур Тақабаев пен Андрей Ким ешқандай химикат қосылмаған, үлкендігі алақанға сыймайтын нағыз апорт алмасын саудаға шығарды. 

Андрей Ким, кәсіпкер

-Біз әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан осы іске бел будық. Себебі қазір нарықта Польша, Қытай, Қырғызстан секілді шетелдерден әкелінген алмалар сатылуда.  

Алма бағы бар жерді Андрейдің отбасы 8 жыл бұрын алған. Тау етегінде зәулім үйлер құрылысы қызған сол уақытта қаншама бақ тамырынан үзілген-ді. 

Тимур Тақабаев, кәсіпкер

-Ағаштардың жай күйі біз келгенде аянышты халде болатын. Қурап, бұтақтары сынып, топырағы аршылып, құты қашып кеткен. Бір жылдай күтім жасадық. Сөйтіп қазіргідей жағдайға келтірдік.

Тимур мен Андрейдің бағбандық тәжірибелері жоқ. Бірі менеджмент, екіншісі қаржы саласының маманы. Бірақ олар табиғатқа жанашырлық танытты. Мемлекеттен жәрдем күтпеді. Өздері білек сыбанып кірісіп кетті. Іле Алатауы бөктеріндегі үш жүзге жуық алма ағашын көптің көмегімен қалпына келтірді.   

Андрей Ким, кәсіпкер

-Алматының апорт алмасына астаналықтардың қызығушылығы өте жоғары екенін байқадық. Сатып алғысы келетіндер әлеуметтік желідегі біздің парақшамызға хабарлама жазуда. Қазірдің өзінде тапсырыс көп. Тіпті Астанадағы өкілдеріміз арқылы сатуға үлгермей өзіміз көлікпен тасуға мәжбүр болдық. 2 жарым тоннадай алма апарып саттық.  

Жас бағбандар келер жылға бизнес жоспарын даяр етіп қойған. Жеміс сақтайтын қойма салып, сосын тасымалдау логистикасын ұйымдастырмақ. Тағы бір қызығы халықтың экологиялық сауатын арттыруға ден қоймақ. Апорт алмасының қаншалықты күтімге алынғаны әлеуметтік желі арқылы жария етіліп тұрады. Сонда тұтынушы өнімді сатып аларда ешбір күмәнсіз апорттың нағыз өзі екеніне және оны зор ықылас, үлкен еңбекпен өсіргеніне көз жеткізеді. 

Ізгі ниетпен жасалған істің қайыры барын тағы бір кәсіпкер өмірлік ұстаным етіп алған. Руханиятқа жанашырлық танытудағы мақсаты – әуелі табыс табу емес, шығармашылықты өркендету. Әлеуметтік желі арқылы жария етілген шақырту 40-тан астам суретшінің Зеренді көліндегі демалыс орталығына жиналуына сеп болды. 

Бағдат Бектұрғанқызы, тілші 

-Қарағайлы орман, Зеренді көлінің жағасындағы бұл сұлулықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал қылқалам шеберлері өнер тілімен насихаттауға тырысып жатыр. 

Табиғаттың көпшілік түсіне бермейтін тылсым сыры, күші бар. Шығармашылық өкілдері сол құпияларды кенептің бетіне майлы бояулармен өрнектеді. 

Гүлмира Телғозиева, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі 

-Бұл керемет жобаны ұйымдастыру сәтті бастама. Бұл жерде тамаша табиғат. Көк аспан, мөлдір су, сары күздің тамылжыған бояулары тұнып тұр. Ауа райының салқындығы да сезілмейді. Шабыттанып, қанаттанып ерекше құлшыныспен салып жатырмыз.  

Жеңіс Молдабеков, жас суретшілер одағының мүшесі 

-Таза ауада сурет сала білудің өзі өнер. Шығармашалығыма жақсы техника, жақсы бояулар мына жерде таңғы кезді, кешкі кезді салып жатырмыз.   

Бұл рухани қайырымдылық шарасына еліміздің бірнеше облыстарынан белгілі қылқалам шеберлерімен қатар жас суретшілер де қатысты. Олар салған картиналардың бірқатары қонақ үйге тарту етілді. Қарағандылық суретші Марьяна Макееваның керемет туындылары көпті таңдандырып үлгерді.    

Марьяна Макеева, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі 

-Қазіргідей дағдарыс кезінде осындай демалыс ұйымдастырғаны шығармашылығымызға үлкен серпін берді. Аға буын өкілдерімен бірге жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадық. Мүмкіндігі шектеулі студенттер де қатысты. Қазір жеке көрмемді өткізуге әзірленіп жатырмын.  

Қиындықта туған тың идея. Алматылық кәсіпкердің бірі екі жыл бұрын жеке бизнесін құрақ көрпе тігуден бастаған.  

Гүлмира Кеделбаева, «Құрақ көрпе» компаниясының директоры

-Біз табысқа жетуге ниеттіміз. Себебі дағдарысқа әзірлік бар. Екі жыл бұрын бір жастық, бір көрпе тігуден бастаған кезімізде де көп кедергілер болған. Қызымды ұзатарда ұлттық нақыштағы төсек жабдықтарының керемет үлгілерін таба алмай қиналдық. Сонда неге өзіміз жасамасқа деген ой келді.

Шеберлер төсек жабдықтарының түр-түрін, шапан үлгісіндегі сыртқы киімдерді де тігеді. Аз уақытта алыс-жақын шетелдерге танылып үлгерген. Ал жуырда «Құрақ көрпе» тауар белгісін иеленді. Енді бұл бұйымдар қазақстандық өнім болып бекіді.  

Тағы бір қазақстандық жаңа өнімнің тұсауы кесілді жақында. Солтүстік қазақстандық ісмерлер тұралап қалған жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бел буған.   

Елімізде мұндай өндіріс орны жоқтың қасы. Қазір фабрикадағы эксперименттік цехтың білікті мамандары жеті мен он төрт жастағы балғындарға арналған киімдердің сан алуан үлгілерін тігіп жатыр. Өнімдердің барлығы әлемдік стандарттарға сай. Сондықтан кәсіпкер бұл өнімдердің қазақстандық брендке айналарына толық сенімді. Сарапшы мамандардың айтуынша дағдарыс тоқырауға емес, жаңаруға бастайтын кезең. Дағдылы істің бағытын өзгертіп немесе табыстың қай салада еселеп артатындығын дәл тапқандардың ұтары көп.  

Авторлар: Бағдат Бектұрғанқызы, Ұлан Нарынбек, Абылай Сейілхан

5.Мәжілісте маңызды заңдар қаралды

Бизнесті қолдауға қаржы керек. Алайда, бұл үшін берешекке батуды депутаттар құп көрмейді. Осы аптада Мәжілісте Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісім ратификацияланды.

Құжатқа сәйкес, «Шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» деп аталатын жобаны қаржыландыруға 40 миллион доллар жұмсалады. Қарызды өтеу мерзімі – 5 жылдық жеңілдік кезеңін қосқанда 17 жыл.

Розақұл Халмұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-40 млн долларды алып, тек қана баяғы оқыту, семинар, шағын-орта бизнеске сертификатталған өнім беруші деген атақ беру үшін жұмсалса, оның қаншалықты қажеттілігі бар деген сұраққа осы шараны ұйымдастырмасақ, 200 млн АҚШ долларын бізге қарыз бермейді. Осы шығынға бару қаншалықты тиімді деп санайсыз? 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі 

-Бәсекелестікке дайындап, сапасын көтеру керек. Барлық кредит 100 пайызбен қайтарылды. Ұлттық палатамен жұмыстарымызды өткіземіз. 

Сондай-ақ, Мәжілістің жалпы отырысы кезінде Зейнетақы қорында жатқан қаржының экономиканы қолдауға жұмсалуы мүмкін екендігі айтылды. Ал, кеше Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында бұл ақпаратты нақтылады. 

Келесі жылы қордан 1 триллион теңге алынады. Оның 400 миллиарды бюджет тапшылығын жоюға жұмсалса, қалғаны экономиканы сауықтыруға беріледі. Қалай дегенмен де, «бұдан салымшылар да, мемлекет те ұтады» дейді мамандар. 

Осы аптада Парламент Мәжілісінде біраз құжат қаралды. Солардың салмақтысы – «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру» конституциялық заң жобасын депутаттар тұтастай мақұлдап, Сенатқа жолдады. Қорға бюджеттен ақша жұмсалмайды. Сондай-ақ, ғарыш мәселелерін қамтитын заң жобасы таныстырылды. Енді қазақстандық жер серіктері лаңкестердің әрекетін ғарыштан бақылай алмақ. Бұдан бөлек, ұялы байланыс тарифтері арзандауы ықтимал. 

Мыш мыш ақша. Астанаға келеді. Қаржы орталығы құрылса. Уыс-уыс доллар елімізде қалады. Ғарышымызды қолға алса. Осы аптада мәжілісмендер қаржы орталығын құру, ғарышты ел игілігіне пайдалану мәселелерін қарастырды. Алғашқы заң қабылданды. Депутаттар қолдады. Ал екінші құжат комитетте қаралды. Ол да қажет екені айтылды. 

Алдымен қаржы орталығы. Көп болды айтылғаны. Алматыда құрылады. Хабқа айналады. Екінші Франкфурт болады деп едік. Жоспар да болды. Инфрақұрылым да жетті. Тек айы оңынан тумады. Жауапсыз органдар мен Дағдарыс. Кінәлілер осылар. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы 

-Сіздер білесіздер 2004-2007 жылдары Қаржы орталығын құру туралы шешім қабылдаған едік. Оның бой көтеруіне Ұлттық банктан өзге бірнеше мекеме жауапты болды. Бірақ олардың орталықты құруға қажетті деңгейде көңіл бөлмегендігінен, сондай-ақ әлемдік дағдарыстың орын алуынан жоспарымыз орындалмады. 

Жоспар Астанада орындалмақ. 2018 жылы. ЭКСПО-дан кейін. Көрмеден қалған нысанда. Бір оқпен екі қоянды атпақпыз. Орталық халықаралық деңгейде болады. Тура Дубайдағыдай. Сингапурдан да аларымыз бар. Ол ел бюрократиядан ада. Инвесторға пайда. Қазақстанға қосымша ақша әкелетін құрылым болмақ. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы 

-Қаржы орталығына республикалық бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Ол үшін Ұлттық банк жыл сайын 3 млрд теңге бөлуді қарастырып отыр. Бірақ ол уақытша ғана. Орталық қалай іске қосылады, солай өзін-өзі ақтап, қосымша табыс әкеле бастайды. 

Депутат Тұрсынбек Өмірзақов олай ойламайды. Ол Қаржы орталығын қолдайды. Бірақ, тиімді жұмыс істейтініне күмәнді. 

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Дүниежүзілік Қаржы орталығын ашу үшін жалғыз сол орталық жете ме, жетпейді ме? Оған не істеу керек тағы да? Мынау Эмиратта сондай дүниежүзілік Қаржы орталығы бар. Бірақ онда заңдары басқа. Мынау арнайы экономикалық зоналары бар. Сондай зоналар көп. Біздің зоналар істемейді. Біздің зоналар істемесе бізге ешкім келмейді. Инвесторлар келмейді.

Дубай қаласы. 100 га аумақты Қаржы орталығы алып жатыр. 10 жыл бойғы таза пайда 3,5 трлн АҚШ доллары. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық кеңістіктері бар. Олардың саны 40-қа жуық. 

Бізде де жағдай болады. Келген компания 50 жыл салықтан босатылады. Визасыз режим тағы бар. Тәуелсіз сот. Әкімшілік. Қызметті бақылайтын кеңес жұмысын істейді. Халыққа да тиімді. Әсіресе кәсіпкерге. Шетелдік банк саны көбейеді. Несие арзандайды. Қазіргі 20 пайыздық төлем. Ол кезде шамамен 4 пайыз болуы мүмкін.

«Ғарыш» қарыштамай тұр. Оған заң кедергі. Мәжілісте осы да айтылды. ҚазСат-2 - 75 %, ҚазСат-3 -30 % ғана жұмыс істеуде. Жер серіктердің қауқарын білмейміз. Қабілетін бағаламаймыз. 

Мейірбек Молдабеков, ҚР ИДМ Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары 

-Мысалы біз қазір ғарыштық байланыс жүйесін жасадық. Бірақ оны толық пайдалана алмай отырмыз. Неге десеңіз басқа шет елдің ғарыштық байланыс жүйелері келіп, біздің елдегі қызметтің жартысын солар орындап жатыр. Демек миллиардтаған ақша шет елге кетіп жатыр деген сөз. Егерде біз заңның ішіне ұлттық оператор деген түсінік енгізсек, онда сол қызметтерді шет елдің операторлары атқармайды.

Жер серіктер егін өнімін де дәл болжайды. Қашан, қай жерге астық егуді де біледі. 

Гүлнар Қабжанова, Ақпаратты тақырыпты өңдеу бөлімінің басшысы

-Біз осы жылда егін қанша түсім беретінін бір ай бұрын білгенбіз. Сондай-ақ жер серіктер арқылы қай аймаққа қандай астық түрін егуді, олар қаншалықты өнім беретінін де дәл болжап айта аламыз. Бірақ өкінішке орай бізден ондай ақпаратты ешкім сұрамайды. 

Апат айтып келмейді. Бірақ оны спутниктен көруге болады. Фотосуреттер арқылы. Ұшаққа не арнайы аэрофототүсірілімге тапсырыс берудің қажет жоқ. Оның үстіне ондай қызмет түрі қымбат. 

Марат Нұрғожин, «Қазақстан Ғарыш сапары»ҰҚ» АҚ президентінің міндетін атқарушы

-Кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бар. Ол үшін ғарыштан арнайы фотосуретті түсіреді. Ал арнайы мамандар оны 3D моделін жасау арқылы оқиды. Нәтижесінде су басатын аймақтарды, сел келуі мүмкін мекемелерді толығымен анықтай аламыз. 

Террористерге тосқауыл. Есірткі тасымалдауды құрықтау. Ол да ғарыш аппаратының қолынан келеді. Шекара аспауын қадағалайды. 

Мейірбек Молдабеков, ҚР ИДМ Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары 

-Террористер көлікпен тұрып, немесе бір өздерінің заттарын біздің шекараға орнатса, соны ғарыштан суретке түсіріп көруге алдын ала болады. 

Заң осыларға жол ашады. Комитет құп көрді. Құжат ортақ талқылауға түседі. Маңызы орасан. Қажеті бар заң. Ұялы байланыс та арзандайды. Астық түсімін болжайды. Қылмыскерді құрықтайды. Төтенше жағдайдың алдын алады. Былайша айтқанда шығынды кемітеді. Көкте жүріп жердің жайын жайғастырады. Жерсеріктің игілігі осындай болса керек.

Авторлар: Эльвира Тағайқызы, Санжар Жартиев

6.Аптаның маңызды оқиғаларына қысқаша шолу

Бішкекте түрмеден қашқан соңғы экстремистің көзі жойылды. Өкінішке орай, арнайы операция барысында тағы үш азамат қаза тапқан. Оның біреуі қылмыскердің жақтасы болса, қалған екеуі бейбіт тұрғындар. Естеріңізге сала кетейік, 12 қазан күні Қырғызстанда 9 тұтқын колонияның үш қызметкерін өлтіріп, түрмеден қашып кеткен болатын. Олардың бесеуі бірден қолға түсіп, қалған төрт қашқын із суытып үлгерген еді. 

Пастереллез бе, әлде тейлериоз ауруы ма? Ел аумағында киіктердің жаппай қырылуына әкелген індетке байланысты отандық ғалымдардың пікірлері қақ жарылды. Ал, шетелдік мамандардың қатысуымен арнайы жасақталған жұмыс тобы зерттеулерінің қорытындысын жариялауға асығар емес. Осы аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мен депутаттар ғалымдардан жұмысты жеделдетуді талап етті. «Ауруды анықтап, оның алдын алу шараларын қолға алмасақ, қайғылы жағдай қайталануы мүмкін»,- дейді олар. 

«Азық-түлік бағасын негізсіз қымбаттатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады». Монополияға қарсы мекеме өкілдері іскер азаматтарға осындай ескерту жасады. Ведомства қазір тиыннан теңге өсірмек болған 130 бизнес өкіліне қатысты тексеру жүргізіп жатқан көрінеді. Кінәләрі дәлелденген жағдайда, оларға үлкен көлемде айыппұл салынады. 

Ұрлық түбі – қорлық. Басы дауға қалған «ШейхКазИнвест» пен «Аль Баракат Company» серіктестіктерінің басшылары қамауға алынды. Астана қалалық прокуратурасы өкілдерінің хабарлауынша, олар тергеу аяқталғанға дейінгі екі ай мерзімді темір торда өткізеді. Құрылыс компанияларының басшылары «үлескерлердің қаражатын қолды қылды» деп айыпталып отыр. Дәл осындай айыппен қазір «Азбука жилья» компаниясының жетекшісі Ерқанат Тайжановқа іздеу салынды. 

Елорданың темір жол вокзалы төңірегінде темір тәртіп орнайды. Қала билігі «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында нысанның маңын ретке келтірмек. Бірінші кезекте, автотұрақ пен такси қызметін әлемдік стандарттарға бейімдеу көзделіп отыр. Қазір құзырлы мекемелер вокзалды «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының басқаруына беру мәселесін қарап жатыр.

7.Қыс – қатал сыншы

Солтүстікке ерте келіп, оңтүстікке кеш баратын «Кәрі құда» қыс мезгілі де табалдырығымыздан аттай бастады. Қыстың қамын жаз ойлайтын Үкімет тұрғындарды тоңдырмаудың сан амалын жасап-ақ келеді. Орталық жылу қазандықтары жөнделді. Қажетті отын-су алынды. Бірақ, кейбір өңірлерде іркіліс бар.

Жылудың жайын айтқанда, жылда алдымыздан екі мәселе кес-кестеп шығады. Біріншісі, көпқабатты үйлерге тартылған құбырлар жөнделіп біте қоймайды. Оған себеп тендердің кеш өтуі. Екіншіден, тұрғындардың былтырғы жылуға берешек болып, қарызға батуы. Бұлармен тиісті органдар айналысып жатыр.

Қар қазақ жеріне ерте түсті. Қазан айының жартысынан аумай жатып, жер тоңданды, ел тоңды. «Қазгидромет» мамандары қарашада 20 градустық аяз боларын болжады. Ал қыстың қақ ортасы қаңтарда теріскейде 40, түстікте 30 градустық суық тағы жақындап келеді. Сондықтан, Қазақстан Үкіметіне қамсыз отыруға болмайды. 

Үкіметтің берген мәліметі бойынша, әлеуметтік нысандар қысқа түгел әзір. Ал тұрғын үйлер қазанның 15-інде түгел сақадай сай болды. Алайда, иә, алайда деп алаңдауға тұрарлық кей жағдайлар бар. Нақтыласақ, ақжарылқап ақпаратты артқа тартатын мәліметтер жоқ емес. 

Ұлттық экономика министрлігінің мамандары: «Жылыту маусымына қажетті барлық жөндеу жұмыстары аяқталды», – дейді. Тек Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қуаттылығы 100 Гигакалорияға дейінгі кей жылумен жадбықтау қазандықтарына қажетті отын дер кезінде жетпей қалған. Жауапты органдар мұны былай түсіндірді. 

Жанболат Ғұсманов, ҚР ҰЭМ комитетінің бас сарапшысы 

-Отын сатып алуға қаражат жеткіліксіз болды, тарифта қарастырылмаған, уақытының өзгеруіне, құнның, көлемнің өзгеруіне байланысты қаражат жетіспеді. Қазіргі күні Үкімет қаулысы шығуы керек. Ақмола облысы, Жамбыл, Қызылорда облыстарына қажетті қаражат 747 млн қаражат республика бойынша, бөлу туралы, сонан соң мәселе шешіледі. 

Семейде де жылыту маусымы кешігіп басталды. Мектеп пен балабақшаға жылу толық берілгенмен, 3-жатақхана тұрғындары қалтырап отыр әлі. Бұл үйде барлығы 170 отбасы тұрады. 

Самал Айтмұхамбетова, Семей қаласының тұрғыны

-Қиын, тоңып жатырмыз, вообще жылу қосылған жоқ. Негізі 19-ы қосылады деген, былтыр 19-ы қосылған болатын. Биыл 500 теңгеден ақша жинап жатқан, қосып береміз деп. Білмедік, сұрап едік, айтты, пока әлі қосылмайды деп айтты. 

Себебі, бұл үйдің «Жылукоммунэнерго» компаниясы алдындағы қарызы миллион теңгеден асқан. Алайда қалалық әкімдіктің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары қарыз өтелмейінше жылу бермейміз деп қасарысып отыр. 

Қаланың жылу желілерін жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазылған қазан шұңқырлар тұрғындардың жүріп-тұруына бөгет болуда. Әкімдіктегі жауапты мамандар бұл жұмыстар қараша айына дейін толық аяқталарына сенімді. 

Александр Генрих, Семей қалалық әкімдігінің ТКШ бөлімінің жетекшісі

-Жылу құбырларын күрделі жөндеуге байланысты байқау тек тамыз айында өтті. Сәйкесінше, қаржыландыру да кеш басталып, мердігерлер келісім шартты 25 тамызда ғана жасады. Құбырларды ауыстыру 10 қыркүйекте басталды. Сметалық құжаттар бойынша 5 айдың жұмысын олар 1 айда аяқтауға күш салды. Барлық жұмыстар қараша айына дейін толық аяқталады.

Шығыстағы жұртшылықтың мәселесі мұнымен бітпейді. Өскемен, Риддер және Курчатов қалаларының тұрғындары мен мекемелері су, жылуға 2,5 млрд теңге қарыз. Жергілікті әкімдіктер қарыздарды кесте бойынша кешігіп төлеу тәсілін ұсынған. Мәжбүрлік. Жеке тұтынушылар борышын үш ай ішінде өтемесе, сот алдында жауап береді. Демек, мәселенің бір ұшы, тұтынушылардың өздеріне тиеді. 

Динара Әбдірахманова, республикалық ПИК қауымдастығының төрайымы

-Көрдіңіздер ме, тағы да тұрғындардың өзі кінәлі. Яғни, төлемақыны өтемей отыр. Адамдардың төлегісі келмейді. Жылумен қамтамасыз ету үшін бұл салада жұмыс істеп жүрген адамдарға жалақы керек, олардың да бала-шағасы бар. 

Ал, қызылордадағы Бектұрғанов көшесі, 17-үйдің тұрғындарының жылу мекемесіне өкпесі қара қазандай. Ақысын төлеген, алайда аула мен бөлменің температурасы бірдей. Салқын. Сондықтан олар жылынудың түрлі тәсілін қолданып, жан бағып жатыр. 

Дастан Баймұрзаев, Қызылорда қаласының тұрғыны

-Трубаны істеп жатырмыз, үлгере алмай жатырмыз деп жатыр ғой. Үйді газбен, торт катушканы ашамыз, сонымен жылынамыз. Төлеп отырмыз, төлемесең бірден қырғын болады.

Бір қызығы, біздің меншікті тілшілеріміздің түсірілімінен соң жеткен жауапты орган қызметкерлері, жылуды қосыпты. 

Ал қарағандылық жылуға жауапты компания керісінше, кәсіпкерлерге қолайсыз жағдай туғызып отыр. Жаз бойы жерді қазып, құбыр ауыстырған «Теплотранзит» мекемесі 30-дан аса бизнес өкілдеріне зиянын тигізген. Гоголь мен Ленин көшелері жағалай қазылып тасталғандықтан сол маңдағы шаштараз, дәріхана, дүкен секілді шағын және орта бизнес нысандарына барар жолдар жабылған. Соның салдарынан кәсіпкерлер тұтынушыларын жоғалтып, табыстан қағылуда. Ең көп зардап шеккен - Ленин кинотеатры. Директоры Игорь Нестеренконың айтуынша, бүгінгі күні олардың кинокомпаниялар мен жұмыскерлер алдындағы берешегі 8 миллион теңгеден асқан. Нәтижесінде мамандар санын 50 пайызға дейін қысқартуға тура келген.  

Игорь Нестеренко, кинотеатр директоры

-Біз, зардап шеккен кәсіпкерлер, жарты жылға жылу ақысынан босатуды сұрап, «Қарағанды Теплотранзит» мекемесіне өтініш хат жолдадық. Осылайша аз да болса шығынның орнын жабамыз ба деп үміттендік. Бірақ өкінішке орай, монополист бұл өтінішімізді қанағаттандырған жоқ.  

Жалпы,еліміз бойынша ірі энергия станцияларында 3,5 млн тонна көмір дайындалған. 9 энергетикалық блок, 59 қазандық және 47 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, жылу электр қуатына төлемақы тарифы жыл соңына дейін көтерілмейді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің өкілдері айтты. 

Айтпақшы, отын демекші, Арқалық қаласының жылу қазандықтары жағатын мазут қымбатқа түсіп отыр. Атыраудан тасылатын мазут жол құнын қоссаңыз, келем дегенше тоннасы 60 мың теңгеге шығып кетеді. Есесіне, қала көмір кеніші Шұбаркөлге тиіп тұр. Әрі екі ортаға былтыр темір жол тартылған. «215 шақырымдық кеніштен көмір тасымылданса, тоннасы 10 мың теңгені ғана шамалайды» дейді мамандар. Шығыны сол, қазір Арқалық бір жылыту маусымында шамамен 24-25 мың тонна мазут жағады, оның 17 тоннасы республикалық бюджеттен төленеді. Былтыр Үкімет бұл мақсатқа 1 млрд теңгеге жуық қаржы берген. Қала әкімшілігі осы сомадағы көмекті биыл да күтеді. 

Ғазиз Бекмұхамбетов, Арқалық қаласының әкімі

-Қазір тариф құны әр шаршы метрге 132 теңге шамасында. Егер Үкімет қорынан бөлінген қаржы болмаса, ол 300 теңгеге шығар еді. Бұл 30 шаршы метр бір бөлмелі үйді жылытудың өзіне айына он мың теңгедей шығын кетеді деген сөз. 

Айналып келгенде, үйдің жылы болмағы, тек қана мемлекеттік органдарға ғана байланысты емес. Тұрғындардың өзі де жауапкершілікті сезінуі тиіс. Мәселен Астанадағы мына үйдің тұрғындары қыстан қысылмай шығады. Себебі, төлемақы толық төленген, тұрғындар да белсенді. Мемлекеттік бағдарламаға сай, баспана да жөнделген. 

-Бұрын ана бұрыштардың бәрі плесень болып тұратын. Биыл, енді қыс алдымызда, тепло қазір, жылы. Ауыстырды жақсы батареяларға. 

Мемлекет жылу жүйелерін жаңартуға көп қаржы бөліп жатыр. Ескерте кетейік, жылыту кезеңінің жұмысы электр энергиясы, көмір және газдың жеткілікті болуына да байланысты. Ал көп қабатты тұрғын үйлер мен желілердің тозығы жеткені де өз алдына тақырып. 

Авторлар: Нұрбек Әмиша, Абдулла Исаев, Жанбек Дәулетбек

8.Алматыда апаттар жиілеп кетті

Алматыда трамвай апаты жиілеп кетті. Бір айдың көлемінде екі оқиға тіркелді. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алайда, 10 азамат ауруханаға түсіп, 28 көлік қираған. Куәгерлердің айтуына қарағанда, шойын жолмен жүйіткіген 20 тонналық көлік мүлдем басқарусыз қалыпты. Қазір тиісті мекемелер тексеруді бастады. Техникалық сараптамалар жүргізілетін болады.

Тексеру аяқталғанша, Алматының қоғамдық көліктеріне жауапты шенділер ресми сұхбат беруден бас тартып отыр. Дегенмен, істің мән – жайын өзіміз саралауға бекіндік. Асқар Серғалиевтің сараптамасы.

Асқар Серғалиев, тілші

-13 қазан күні кешкі жетілер шамасында Мақатаев көшесіндегі аялдамада трамвай күтіп тұрған халық жантүршігерлік көріністің куәсі болды. Басқарусыз зуылдап бара жатқан қоғамдық көліктен, жолаушылардың бір бөлігі секіріп, жарақат алып жатса, басқалары трамвайды тоқтатуға әрекет жасаған. Абырой болғанда, Жаратқан адам шығынынан сақтады. Бірақ соңғы үш аптада орын алған екі бірдей оқиғаның себептері осы уақытқа дейін белгісіз болып қалуда. 

Мына бейне көріністе трамвайдың қызыл шамға тоқтамай келе жатқаны анық байқалады. Салмағы 20 тонна болатын көлік үшін, жеңіл машиналар ойыншық тәрізді. Мүлдем басқарусыз қалған ауыр техниканың қандай шығын келтірерін елестетудің өзі қиын. Бірақ жолаушылардың бағына болса керек,сол трамвайға мінген ауған студенті, батылдық танытып, темір тұлпарды тізгіндеп алыпты. 

Башарат Хан Юсуори, Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің студенті 

-Артыма қарадым барлығы мамалар. 50-45 адам бар. Бір әйел жылап жатыр, кішкене баласы бар екен. Сенің балам қазір өмір сүру уақытың бар, мен өлсем де сен өлме, деп жылайды. Оны көріп көзіме жас келді. Бірден кейінге айналып сумкамды қойып, сосын есікті ашам деп едім ашылмады. Аяғыммен теуіп сындырып ішіне кіріп, кнопка болмады, сосын стопты тоқтаттым. 

Куәлердің айтуынша алтыншы бағытпен келе жатқан трамвай кенеттен бұзылып қалады. Бір қарағанда үйреншікті көрініс. Бірақ бұл жолы, оқиға, миға мүлдем қонбайтын сценарий бойынша өрбіген. Алдымен зіл батпан көлікті итерейік деп маңайдағы ер азаматтарды жұмылдырған жүргізуші, артынан тіпті жолаушыларға басқару тетіктерін сеніп тапсырыпты. Соңғылары әлде нені шатастырса керек, трамвай кенеттен орнынан қозғалып 40 жолаушыны ала жөнелген.  

Хиуаз Рақымбайқызы, оқиға куәгері

-Трамвай атылып кете ме? Өртеніп кете ме? Елдің бәрі жылап, еңіреп жатыр. Біреулер, әйтеуір құдай сақтады бізді. Бір қыздар секіріп жатыр ма, машинаның астына түсіп қалды ма, біреу больницаға түсіп жатыр. Әйтеуір бір құдайдың, ажалымыз жоқ шығар, сол жерден бір 20 шақты адам шоковый состояниеде шықтық, шыны керек.

Тоқтаған сәтке дейін, бірнеше шақырымды еңсеріп үлгерген трамвай 14 көлікті қаңбақтай ұшырып, 5 адамға ауыр жарақат келтіреді. Науқастардың бірі, жүріп бара жатқан қоғамдық көліктен секірген сәтте бас жарақатын алып, жан сақтау бөліміне түскен. 

Нұржан Исабеков, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі

-Бас миының ауыр жарақатының диагнозымен жатқызылып қазіргі таңда реанимаия бөлімінде жатыр. Науқастың жағдайы ауыр. Бірақ өз есінде. Арнаулы тағайындаулар жасалып қазір зерттеу жасалып, қазіргі таңда ем алып жатыр. 

Алғашқы трамвай желісі Алматыда сонау 37 жылы іске қосылыпты. Бірақ мұндай қауіпті жағдайлар бұған дейін тіркелмеген. Ондаған жылдар бойы, тоқпен жүретін қоғамдық көлік ең қауіпсіз болып есептелетін. Ал биыл темір тұлпардың бойына жын қонса керек, 3 аптаның ішінде, бір шаhарда 2 бірдей келеңсіз оқиға орын алған. Қыркүйектің 21 болған жағдай, жауапты лауазым иелеріне мүлдем сабақ болмаса керек. Сол күні де, тапа-тал түсте, өзінен-өзі жүріп кеткен трамвай, 14 автокөлікті қиратып барып, бірақ тоқтаған. 

Қонысбай Жәлімбетов, оқиға куәгері

-Трамвайдың өзін көрдім. Қатты скоростьпен келе жатты. Жоғарыдан төмен қарай. Бірақ алдында бір ақ машинаны іліп кеткен. Іліп кетті ана жерден бастап былай қарай. И до конца бірінен соң бірін көтеріп кетті. Бірақ қызыл жанып тұрды светофор. Машиналар ешқайда қаша алмады. 

Жол оқиғасының екеуі де мистика тәрізді. Себебі, бұл жолы да трамвай иесін айдалада қалдырып, жөнеле кеткен. Шевченко көшесімен басқарусыз жүріп бара жатқан қоғамдық көлікті ондаған куәлер өз көзімен көріпті. Бір таң қалатыны, бақылаусыз қалған трамвай, бағдаршамы жұмыс істеп тұрған бірнеше көшені аман есен қиып, 2 көлікті ғана жеңіл сүзеді. Бұдан кейін, Байтұрсынов көшесіне бұрылып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, төмен қарай құлдилап, тығында тұрған көліктерді жапырған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі

-Бастапқы жорамал бойынша, трамвайдың ішінде жүргізуші болмаған. Бірақ оқиғаның анық-қанығы, кешенді тексеру аяқталғаннан кейін ғана жарияланатын болады. 

Қала жұртының үрейін ұшырған бұл оқиғалардың себебін анықтау мақсатында, техникалық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы 2 айдан кейін ғана белгілі болады. Оған дейін қаладағы қоғамдық тасымалға жауапты шенділер, тергеу барысы жайында қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Қоғам белсенділері болса, трамвай депосының жұмысын тоқтатуды сұрап, шаhар басшысына өтініш түсіріпті. 

Қазір қала әкімінің бұйырығымен, полиция қызметкерлері Алматыдағы барлық қоғамдық көлік парктерін жіті тексеруде. Соңғы уақытта ішкі істер департаментіне, жолаушылардан, автобус жүргізушілерін тәртіпке шақыруды талап ететін арыз-шағымдар көптеп түсуде. 

Жандос Мұратәлиев, Алматы қалалық ІІД ӘПБ басшысының орынбасары

-600-ге жуық хаттаманың ішінде осы көбінесе жүргізушілер ұялы телефонмен көп қолданады, бір қатардан екінші қатарға сигналын қоспай ауысады. Маневр жасайды. Қарсы бағытқа шығу бойынша 2 күнде 2 жүргізуші жауапқа тартылды. 

Болашақта заманы өтіп бара жатқан трамвайлардың орнын, жеңіл рельсті заманауи қоғамдық көліктер басуы тиіс. Кім білсін, бәлкім бұл оқиғалар, келешектегі жобаның межелеген мерзімінен әлде-қайда бұрын жүзеге асуына себепші болар.

Авторлар: Асқар Серғалиев, Ерлан Әбжанов

9.«QAZAQ AIR» әуе компаниясының әлеуеті күн санап артуда

Артық жүріс артта қалады. Бұрын Қазақстанның бір жерінен екінші жеріне ұшу үшін Астанаға не болмаса Алматыға бару керек болатын. Қазір ішкі әуе рейтері қарқын ала бастады. Жақында Алатау баурайынан бірден Балқаштың жағасына ұшақпен жететін күн де келеді.

Бұл ауқымды жұмыс – «QAZAQ AIR» әуе компаниясының жақын болашаққа белгілеп отырған жаңа бағдары. Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып, осыдан екі-ай бұрын ғана алғашқы рейсін орындаған әуе компаниясы қысқа мерзім ішінде 10 мыңнан астам жолаушыны тасып үлгерген.

«QAZAQ AIR» әуе компаниясының әлеуеті күн санап артуда. Елбасы жүктеген міндеттен өрбіп, Қазақстан өңірлерін тікелей әуе рейстерімен қамту мақсатында құрылған компания артылған міндетті абыроймен атқаруда. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «QAZAQ AIR» әзірге 10 бағыт бойынша жолаушы тасымалдап келеді. Алдағы қараша айынан бастап Талдықорғанды Астана және Алматымен тікелей рейс арқылы жалғау мәселесі және шешілген. Компания басшылығының тағы бір ақжолтай жаңалығы - Алматыдан Балқашқа, Қарағандыдан Шымкентке де тікелей ұшақ қатынасын іске қосу туралы жоспары. 

Блэр Поллок, «QAZAQ AIR» әуе компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы 

-Балқаш қаласында әуежайды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Қарағанды әуежайы өте жақсы. Сондықтан Қарағанды-Шымкент рейсін ашуды ойластырып отырмыз. 

Құрылған уақыттан бері компания 10 мыңнан астам жолаушыны тасымалдап үлгерген. 

Рустам Тян, жолаушы

-Мені қызықтырғаны мінсіз қызмет пен арзан баға. Борт серіктер де өте сыпайы. Сұрағыңды асықпай тыңдап, жауап береді. 

Беген Тойғанбаев, жолаушы

-Ұшқан кезде басында қорыққан едім. Самолет дыбысы қатты шыға ма деп. Себебі бұл турбовинтовой самолет болғаннан кейін. Ұшқан кезде ондай қатты ұшу да болған жоқ. Ішінде бәрі жақсы болды. 

Жақсы болатын жөні бар. Өйткені «QAZAQ AIR-ге» тиесілі ұшақтардың барлығы биыл ғана зауыттан шығарылған канадалық «Bombardier» компаниясының турбовинттік Q-400 әуе кемелері. Бұл әлемдегі ең қауіпсіз лайнерлердің бірі. Оның бір артықшылығы - күннің ыстығы мен суығын елемей, тіптен –54 градуста да ұша беретіндігі. Q-400 кемелері реактивті лайнерлермен салыстырғанда жанармайды 30 пайызға аз тұтынады. 

«QAZAQ AIR» билеттерінің арзандығына әсер ететін бірден бір фактор – осы. Бұл туралы «QAZAQ AIRдің» алғашқы жетістіктерін айтуға арналған отырыста компания басшылығы мәлімдеді. 

Адель Дәулетбек, «QAZAQ AIR» әуе компаниясының коммерциялық директоры: 

-Біздің рейстеріміздің арқасында жолаушылардың уақыты ғана емес, қаржысы да үнемделеді. Есептеуімізше, «QAZAQ AIR-мен» ұшқан жолаушының уақыты - 90, жол шығыны 50 пайызға дейін азаяды. Өйткені компаниямыздың орындайтын рейстері тікелей. 

Осы аралықты айқындай түссек. Мәселен ішкі бағытта кең тараған Алматы-Астана рейсі бойынша өзге әуе компанияларының билеттері 15 пен 30 мың теңге аралығында болса, «QAZAQ AIR-дің» бұл бағыттағы билеті небәрі 11мың теңге шамасында. 

Ал енді компанияның жаңадан ашқан бағыты Шымкент-Павлодар рейсі бойынша билет сомасы 17 мың теңгені құраса, өзге әуе компанияларында баға 40 пен 50 мың теңге аралығында. Себебі олар Павлодарға жету жолында не Алматы, не Астанаға аялдайды. 

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты; 

-Жаңадан құрылып жатқан «QAZAQ AIR» компаниясы өте ыңғайлы. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін өңіраралық рейстер азайып, Қазақстанның бір шетінен бір шетіне жылдам жету ісі қиындап кеткен еді. Енді жаңа тасымалдаушы бұл олқылықтың орнын толтырып, өңірлер арасындағы байланысты арттыруға кірісіп кетті. 

Авиация индустриясымен етене таныс кәсіби маманның бұл пікірін еліміздегі Азаматтық авиация комитетінің басшылығы да қуаттайды. Олар жыл сайын жүздеген әуе компанияларын жіті тексерістен өткізеді. «QAZAQ AIR-ге» де тыңғылықты талаптар қойылды» дейді. Айтуларынша, компания барлық тексерістерден мүдірмей өткен. 

Көпбосын Тоқпақбаев, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті ұшуды пайдалану басқармасының басшысы

-Халық бізге өмірін сеніп тапсырады. Сондықтан мен өзім басшы ретінде, «QAZAQ AIR» компаниясының өтінішін қабылдаудан бастап, әуе рейстерін орындауға рұқсат беруге дейінгі жұмыстардың басында жүрдім. Олар құжат бойынша да, техникалық міндеттер бойынша да барлық талаптарға сай келеді. 

Ал бұл – Джордан Карамалаков. Авиация саласында 70 жылдық тарихы бар беделді де белді ұйым - ИАТА-ның Қазақстандағы өкілі. Әлемнің 150 мемлекетінде орналасқан 230 әуе компанияларын біріктірген «Әуе транспортының Халықаралық қауымдастығына» мүше атану – авиация саласындағы кез келген компанияға қызмет сапасын арттырудан бастап ұшу қауіпсіздігін қалыптастыруға дейінгі мәселеде көптеген мүмкіндіктер береді. Бұл ретте қауымдастық өкілі ұйымға ену үшін компания құрылған мерзіменен үш жыл уақыт өту керектігін айтты. Алайда ол «QAZAQ AIR-дің» алғашқы қадамынан-ақ алдына қойған мақсатына еш қиындықсыз, яғни ИАТА мүшесі атанарына күмән келтірмейтінін жеткізді. 

Джордан Карамалаков, Әуе транспортының халықаралық қауымдастығының өңірлік менеджері

-Әуе компаниясы қазірден бастап ұшулардың қауіпсіздігін анықтауға бағытталған IOSA тексерістерінен өтуге дайындалып жатқандығынан біздерді хабардар етті. Бұл компанияның жоғары әлеуетін аңғартып, алдағы жылдары ИАТА қатары Қазақстанның тағы бір әуе компаниясымен толығарынан хабар береді. 

«Самұрық-Қазына» қоры құрған «QAZAQ AIR» әуе компаниясының негізгі қағидасы – мінсіз қызмет. Бұл бағытта отандық тасымалдаушы билеттердің он-лайн сатылымын іске қосып, рұқсат етілген қол жүгінің салмағын арттырмақ. Өйткені ұлы жетістіктер ұсақ мәселелерді шешуден басталса керек. 

Авторлар: Бақтияр Хамит, Айдын Өнербаев, Ағабек Казанбай

10.«Хабар» Агенттігінің ақпарат айдынына шыққанына 20 жыл толды

Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан тележурналистикасында шоқтығы биік жаңа телеарна эфирге жол тартты. Бүгінде 4 арнаны бір шаңырақ астына біріктірген іргелі телеотбасы «Хабар» Агенттігіне 20 жыл! 

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат таратып, отандық телевизияның дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан «Хабардың» мерейтойы біздің ұжымның ғана емес, дүйім елдің қуанышына айналғаны қуантады. «Хабар» Агенттігіне ізгі тілектерін жолдаған құттықтау хаттар толассыз түсіп жатыр. Алғашқы болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. « «Хабар» телеарнасы елдегі және әлемдегі оқиғаларды шынайы әрі жан-жақты көрсетіп, жаңашыл жоба, мазмұнды хабарларды көптеп таратып, аса ауқымды көрермен аудиториясын қамтып отыр. Телеарнаның 20 жылдық тойы тек кәсіби мереке ғана емес, бұл – өткеннің өнегесін байыптап, жаңа мақсат-міндет қою мүмкіндігі». Президент құттықтауында осылай делінген. 

20 жылдағы табыс –  толағай. Ұлттық жерсерікті телеарнаның негізін қалап, әлемнің 118 еліне қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратып келеміз. Республикамыздың барлық аймақтарында және шет жердегі 20 мемлекетте тілшілер қосыны жұмыс жасайды. 

Осыдан жиырма жыл бұрын «Хабар» арнасы аядай бөлмеден ақпарат таратып бастады. Тәуелсіздік алғанына 4-ақ жыл толған, еңсесін тіктеп үлгермеген, экономикалық дағдарыс шырмауындағы Қазақстанда жаңа арна ашу ерлік еді. Қағаз-қалам тапшы, техника жеткіліксіз болса да, «Хабар» қызметкерлері тартынған жоқ. Барын салып, жанын салып жұмыс істеді.

Ләззат Танысбай, тележүргізуші

-1995 жылы сол кездегі жалғыз Қазақ ТВ ішінене Дариға Нұрссұлтанқызы шағын «Хабар» Агенттігі деп құрып, сол жерде жұмыс істеп жүрген 50 шақты қызметкерді жаңа агенттікке жұмысқа шақырды. 

Қайрат Атагелдиев, «Хабар» агенттігі» АҚ Алматыдағы бөлімшесінің бас операторы 

-«Хабар» басталғанда 4 оператор, 4 осветитель бастағанбыз. Сол кезде бізде 2 «Бетекам» камера болды, 2 VHS камера болды. 4 осветительный прибор болды. Содан басқа техника жоқ еді бізде. 2 монтажный аппаратный болды. 

Талантты, табанды мамандар шоғыры көрермен көңілінен шығу үшін түрлі эксперименттер жасады. 1998 жылы ғарышта жүрген Талғат Мұсабаевпен тікелей байланыс орнатып, көпшілікті таң-тамаша етті.

Жаңа арнаның тілшілері өмірлерін қауіпке тігіп, бораған оқ пен оттың ортасынан арнайы репортаждар жасады.

Бибігүл Жексенбай, тележүргізуші

-Қызық жайт, біздің әріптестеріміз, мысалы әртүрлі соғыс болып жатқан жерлерге, мысалы Ауғанстанға, Сербияға, Шығыс Еуропаға, Кавказ елдеріне сапарға шығып тұратын. Сол кезде мысалы журналистің өмірі 1 мың долларға сақтандырылса, камера 45 мың долларға. Ешкім онда тіпті ойланбайтынбыз.

Жұмысын тек ақпарат таратудан бастаған арна көрермен көрер бағдарламаларды көбейтті...

Әсіресе, ащы сынды астарлы әзілмен өрнектеген «Жетпіс жеті күн», әні де, әңгімесі де әдемі «Ұят болмасын», таңертеңгі көңіл ашар «Сәлем, Қазақстан» көрермен көңілін баураған жобалар еді...

Арман Қарабаев, продюсер, режиссер

-Бір маусымда 15 жаңа жоба жасадық. Ескі бағдарламалар жабылып, ұдайы жаңартып отырдық. Көркемдік кеңес күндіз-түні жұмыс істейтін. Біздің көркемдік кеңес жаңа идеяларды шығаратын фабрика іспетті болатын.

«Хабар» арнасы елмен ғана шектелген жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірендегі жаңалықтарды жеткізуді қолға алды. Бүгінде дүниенің төрт бұрышындағы 20-ға жуық мемлекеттен меншікті тілшілеріміз ақпарат таратады. «Хабар» арнасы 20 жылдық тарихында талай көрерменнің түйткілді мәселесінің шешілуіне ұйытқы болды. Үйі құлағалы тұрған отандасымыздың баспанасының жөнделуіне, көз жанары суалуға жақын науқастың айығуына, қызылордалық Жансая Айкөпешованың шетелде емделуіне қажетті 25 мың еуроны аз уақытта жинауға жәрдемдесті.

Шынар Елемесова, Жансаяның анасы

-Біз елдің жасаған, «Хабар» Агенттігінің жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз. 

Алғашқы қадамын аядай бөлмеде бастаған «Хабар» агенттігінің бүгінде аты әлемге әйгілі. Қазақ телевизиясының бренді. Студиясы да, операторлары да, монтаж аппараттары да ең соңғы үлгідегі техникамен қамтылған. 4 арнаның басын қосын қосқан іргелі, берекелі, ұйымшыл телеотбасы. 

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі

-Өткен уақыт ішінде «Хабар» еліміздің тәуелсіздігінің жетістігінің жаршысына айналды және Қазақстан бойынша 99 пайыз көрермендер аудиториясын қамтиды. Алдағы уақытта телеарна отандық телевизиялық өнімдердің сапасын одан әрі дамытып, жаңа жобалар ашады деп сенемін.

20 жылдан бері Хабарға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қызметкерлердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Олар «Хабар» Агенттігінің даму жолындағы еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Құрмет» дипломдарымен марапатталды. Қошаметке ие болғандар арасында тілшілермен қатар оператор, режиссер, техникалық мамандар, тіпті көлік жүргізушілері де бар. 

Тұрсын Ыдырысова, эфир режиссері 

-Инженер монтажда да болдық, стилист визажист та болдық. «Хабар» жедел дамыды. Техника, жабдықтар келді. Мерейтоймен құттықтаймын. «Хабар» өсе берсін, дами берсін

Гүлжахрам Тұрдиева, жетекші визажист-шаштараз 

-«Хабар» Агенттігін бүгінгі күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық бақыт тілеймін.

Хабардың қара шаңырағы Алматыдағы филиалында Агенттіктің іргесі қаланған күннен еңбек етіп келе жатқан 35 азамат бар. Светлана Федорова, Күләш Ертілеуова, Қымбат Хангельдина, Қайрат Атагелдиев, Рәзия Ахметова, Серік Бақбаевтар да мерекелік төсбелгімен марапатталды.   

Ләззат Айтханқызы, «Хабар» агенттігінің ардагер журналисі 

-Қазір қарап отырсақ, 20 жыл деген бізге бір 20 күн секілді өтіп кеткен сияқты. 20 жыл деген аз тарих емес.

20 жыл бойы «Хабар» агенттігі қазақтың үнін, саяси, елдік көзқарасын Қазақстанға, әлемге жеткізіп келеді. 20 жылда ел есінен кетпейтін небір түрлі жобалар жасады. 20 жылда есімі, үні елге танылған, құрметті азаматтарды тәрбиеледі. Бұл үрдіс үзілмек емес! Осы жиырма жылдыққа орай, Хабар агенттігі Астанадағы «Ғашықтар саябағына» 20 терек отырғызды. Арна тарихы да терек тамырындай тереңге тартсын, көрерменге берері жасыл желектей саялы болсын деген ниет бұл! 

Авторлар: Мақпал Мадиярова, Назира Оразалиева

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.