«Жетi күн». 14.11.2015 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жетi күн». 14.11.2015

  • Сенбі, 14 Қараша 2015 21:11
Сюжеты
1. Астаналық клуб әлемге әйгілілердің басын қосты 2. Елбасы Париж қаласында болған террорлық әрекеттерге байланысты Франция президентіне көңіл айтты 3. Париждегі теракт 
4. Сербия мен Австриядағы босқындар. Ауғанстан Президентінің сұхбаты 5. Астанада Халықаралық  инновациялық форум өтті 6. Таусылмас табысқа талпыну
7. Президент Заңдарға қол қойды   8. Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі 9. Апта ішіндегі маңызды оқиғаларға шолу
   
10. Бүгін – Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні    

1. Астаналық клуб әлемге әйгілілердің басын қосты

«Еуразиялық одақ – тек экономикалық жоба. Саяси астар іздеудің еш қисыны жоқ». Көпке белгілі, бірақ көптен бері айтылмай жүрген бұл ой Астана клубының отырысында ортаға қайта оралды. 

Қазір бірлестік аясында алыс-беріс бәсеңдеген болар, бірақ бұл уақытша. Күні ертең игілігін көреміз. Сосын біз үшін Аспанасты елінің «Бір белбеу, бір жол» бағдарламасына қатысу маңызды. 

Бес жылдан кейін Еуропа мен Қытай арасында 800 миллиард доллардың жүгі айналады. Сарапшылар мұны сеніммен айтады. Қалай дегенмен де, бұл Қазақстан үшін өз аумағы арқылы транзиттік тасымалды көбейтуге мүмкіндік береді.

Тағы бір серіктес – Еуропалық одақ. Келесі айда кеңейтілген өзара әріптестік жөніндегі келісім бекітіледі. Әріге бармай-ақ қояйық, өткен аптадағы Елбасының Франция мен Ұлыбританияға сапарынан қарт құрлықпен қарым-қатынастың қарқынын аңғаруға болады. Елге 25 миллиард долларлық инвестиция келмек. АҚШ-пен де ынмақтастық жарасымды. Міне, осы бағыттағы байланыстар жалғаса бермек. 

Бұл – Астана клубының отырысында талқыланған бір тақырып. 

Кеңеске келгендерге құр сарапшы деп қарауға болмас сірә, олар өз ісінің кәнігі маманы. Үкіметтерге ақыл айтып жүрген, әлемдегі кейбір саяси шешімдердің қабылдануына ықпал еткен, жаһандағы жағдайды жақсы білетін олардың бәрі қазақтың кіндік қаласына бекер келген жоқ.

Қазір бүкіл ел Еуразияға елеңдейді. Экономикалық одақтың құрылуы, «Жаңа Жібек жолы» жобасының жүзеге асуы, осы секілді өзгерістер ешкімді бейжай қалдырмайды. 

АҚШ, Ресей, Қытай, Иран, Түркия, тіпті Пәкістанның саясаткерлері мен сарапшылары Қазақстанда неге жолығып жүр? 

Ресей, Қытай, АҚШ секілді алып державалардың назары Еуразияда. Себебі дәл осы аумақта жаһанның саяси көңіл-күйіне ықпал ететін алпауыттардың қызығушылығы түйіседі. Мемлекеттік, тіпті халықаралық деңгейдегі мәселелерді шешуге үлес қосатын салмақты сарапшылар неге басқа емес Қазақстанға жиналып отыр? Себебі бұл елдердің барлығымен ынтымақтасып, достық қарым-қатынасты үзбей көпвекторлы саясатты ұстанып отырған біздің мемлекетте бас қосқанды лайық деп тапқан. 

«Әлемнің барлық сипаттағы дамуына Еуразиядағы соңғы оқиғалар толқыны ықпалын тигізбей қоймайтыны белгілі. Осы ретте Қазақстан бір-бірінің қас-қабағын баққан елдердің тіл табысып қалуында адал делдал іспетті», – деп жатты саясаттанушылар. 

Штефан Майстер, Сыртқы саясат жөніндегі Германия кеңесінің Орталық Азияны зерттеу жөніндегі директоры 

-Қазақстандағы осы кездесудің арқасында Еуропа елдері мен Еуразия қай тұста бірігуге болатынын байқады. Өңірді дұрыс бағытта дамытуға қатысты қаншама ойлар айтылды.

Пікірталастың ең қызу сәттерін естіп, көру тілшілерге бұйырған жоқ. Себебі жиын тәртібі бойынша елдердің ішкі мәселелері жарияланбауы тиіс. 

Әлем назарын тіккен саяси ұйғарым алаңын Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырды. Астана клубының алғашқы отырысында Еуразияның географиялық орталығы, Орталық Азияның көшбасшысы Қазақстанның реформаларына баға берілді. Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бюджеті мұнай бағасына тәуелді Қазақстан нарықта қара алтын құнының құлдырағанында қарап қалмай, институционалдық реформаларға көшкенін түсіндіріп берді. Ал сарапшылар болса, бұл бастамаларды байыпты деп санайды. 

Анжела Стент, Джордтаун университетінің Еуразияны зерттеу жөніндегі орталық директоры  

-Қазақстан өткізіліп жатқан реформалардың әрқайсысын жоғары бағалаймын. Кейбірі бұрыннан жүргізіліп жатыр, ал жаңа «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қолға алу – батылдық. Қазіргі дағдарыс жағдайында бұл даналық, экономиканың көтерілуіне серпін береді деген сенім бар.

Бірнеше алпауыт елмен достықты дамытқан Қазақстанның іс-қимылы қолдау тапқанымен, кей сарапшылар стратегиялық әріптестер Қытай мен Ресейге біздің елдің көзқарасын сұрады. Ондай сауал қоюына негіз бар. Себебі олар «Ұлы Жібек жолы мен Еуразиялық экономикалық одақтың бір-біріне кері әсері болмай ма?» деген алаңдаушылықты білдірді. Бірақ Үкімет басшысы Қытайдан бастау алып Еуропаға беттейтін керуен жолында да, ТМД елдерінен бөлек, басқа да талай мемлекетпен еркін сауда аймағын құруға мүдделі одақ жұмысында да тек экономикалық мүдде екендігіне тағы бір тоқталды. Қытайдың «Бір белбеу, бір жол» бастамасын Қазақстан толық қолдайды. 

Фэн Шаолей, Шығыс-Қытай университетінің халықаралық зерттеулер мектебінің профессоры 

-Орталық Азияда Қазақстанның мысы басым екендігін мойындау қажет. Қытай Қазақ елімен байланысын нығайта түседі. Экономикалық қиындықтар кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік танытып, бірталай реформалар енгізіп жатыр. Шама-шарқынша қарманып, жан-жағымен серіктестік орната білген елдің болашағы зор.

Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын құрайтын Еуразияда планета халқының төрттен үш бөлігі тұрады. Сондықтан да бұл өңірдің шебіндегі тыныштық әлем қақпасының да мызғымастығына кепілдік береді. Шығыс Еуропадағы алаңдаушылық пен Таяу Шығыста соғыстың жаңа қарқын алуы ақиқат, ол салмақты шешімді талап етіп отыр. 

Сұлтан Әкімбеков, ҚР Тұңғыш Президенті қорының Әлемдік экономика және саясат институтының директоры 

-Көп жобаларға қатысты пікірлер айтылды. Барлық сарапшы емін-еркін өз позициясын, өз ұстанымын білдірді. Кейбір жобаларға қатысты айтарым, бұл жай ғана сөз жүзінде айтыла салмайды, бұл ойлар қаперге алынып, болашақта нақты шешімдер шығарылады.

Ірі саяси ойыншылар Еуразияны кикілжің мен жанжал алаңы емес, серіктестік аймағына айналдырғысы келсе, сол үшін тараптар ортақ шешімге келу қажеттігін түсініп отыр. 

Иван Тимофеев, Ресейдің Халықаралық істер жөніндегі кеңесінің бағдарламалық директоры

-Біздің айналамызда қаншама оқиғалар болып жатыр. Ресей мен Батыстың арақатынасын жарасымды деуге келмейді. Қытай мен АҚШ-тың да позициялары бір жерден шыға бермейді. Міне, осындай пікірталас алаңында осы елдер бір-бірімен түсінісіп, көп мәселелердің басын ашуы мүмкін.

Иә, олай дейтін жөні бар. Себебі саяси сараптама жасау оңай емес, бұл жерде салиқалы ой айтар, айтқанына әлем қауымдастығы құлақ асатын саясаткерлерге дейін болды. Өңірлік, ғаламдық қауіпсіздік, ауған мәселесі, тәліптерге тойтарыс секілді тақырыптар тағы да сұхбат көрігін қыздыра түсті. Сириядан ауған босқындар жайын да бос жіберген жоқ. 

Эндрю Качинс, Джордтаун университеті Еуразияны зерттеу жөніндегі орталығының аға ғылыми қызметкері 

-Біз өте сақ болуымыз қажет. Интеграцияның тиімді бағдарламасын ойлап табу керек. Кикілжің құрбаны болған қарапайым халыққа көмек керек. Олар тірлік ету үшін Еуропада бас сауғалап жатыр. Көмек керек. Бұл көп елге саяси соққы болмауы үшін тиімді жүйені табуға тиіспіз.

Астана клубына жиналғандар тіпті аймақ дамуына тікелей әсері бар Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынасқа да баға берді. Екі алпауыттың ДАИШ топтарымен күрестегі ерекшеліктерін сөз етті. 

Отырыс соңында жасалған бірлескен баяндама халықаралық сарапшылар қауымдастығына жолданбақ. 

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов 

2. Елбасы Париж қаласында болған террорлық әрекеттерге байланысты Франция президентіне көңіл айтты

Жойқын теракт. Париждегі лаңкестік әрекет кезінде шамамен 150-ден астам азамат қаза тапты.

Қайғылы оқиғаға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Франция басшысы Франсуа Олландқа көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Жеделхатта жантүршігерлік әрекеттер салдарынан көп адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды Президент зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. 

«Қазіргі таңда терроризмнің етек алуы барлық мемлекеттер үшін ортақ қауіп-қатерге айналып отыр. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін лаңкестік пен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды» делінген жеделхатта.

«Қазақстан Париждегі лаңкестік әрекетті айыптап, терроризмнің барлық сипаттағы көрінісін қолдаудан аулақ». Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бүгін осындай мәлімдеме жасады. Сондай-ақ зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың жоқ екенін айтты. 

3. Париждегі теракт

Бұл Франция тарихындағы ең ірі теракт. Қантөгіс жұма күні кешкісін Астана уақытымен түнгі сағат 03.00-де Камбоджа мейрамханасында басталған. 

Лаңкестер Париждің солтүстігіндегі дәмханада отырғандарға оқ жаудырған. 14 адамды атып тастаған. Жаппай қыру әрекеті мұнымен тынбай стадионда екі жарылыс болған. 

Футболдан Франция мен Германия құрамаларының кездесуін көруге жиылған мыңдаған жанкүйердің арасында осы елдің Президенті Франсуа Олланд та болған. Алғашқы деректер бойынша жойқын жарылыстардан 40 адам қаза тапқан. 

Лаңкестер «Батаклан» концерт залындағы ондаған адамды тұтқынға алып, аяусыз ата бастаған. Қантөгіс кезінде 112 адам қаза тапқан. 

Джером Бартелеми, куәгер

-Олар бізге төмен жатуға бұйырды. Бөлмеде болғандардың бәрі жата қалды. Мен түгелімен басқа адамдардың астында қалдым. Осыдан кейін олар ата бастады. Міз бақпай соншама адамды қырғандарына таң қалдым.

Полицияның арнайы бөлімі ғимаратты бір сағат бойы шабуылдаған. Қанды қырғыннан аман қалған куәгерлердің айтуынша, содырлар жүзге жуық адамды айуандықпен өлтірген. 

Полицияның лаңкестерге қарсы шабуылынан кейін ғана «Батаклан» залында тұтқында болғандар босатылды. Осы оқиғаның ізін ала ұлттық өнер мен мәдениет орталығында атыс басталған. Францияда төтенше жағдай жарияланып, Парижге 1,5 мың әскер кіргізілді. 

Франция билігі таратқан ресми ақпаратқа сәйкес шабуыл кезінде 8 лаңкестің көзі жойылды. Олардың алтауы өз-өздерін жарып жіберген. Біреуі Вольтер гүлзар бағында минамен қоса жарылған.  

Ел билігі 150-ден астам адамның мерт болып, 200-ден астамы жарақат алғанын мәлімдеді. Жан түршігерлік жарылыстардан кейін Франция Президенті Франсуа Олланд шекараны жауып, елде төтенше жағдай жариялады. 

Франсуа Олланд, Франция Президенті

-Лаңкестерді жойып, бүкіл аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарамағымыздағы бар күшті жұмылдыруды шештік. Парижбен қалаға іргелес елдімекендерде тәртіп сақшылары кезекшілік етеді. Сондай-ақ шекараларымызды жабуды ұйғардық. Лаң салуға ниетті ешкімнің сырттан келмейтініне көзімізді жеткізуіміз керек.

Бүгін осы елдегі барлық мемлекеттік мекемелер мен мәдени орындар өз жұмысын тоқтатты. Метро жабылды. Париждің ең басты ғимараты Эйфель мұнарасының жарығы сөндірілді.  

Париждегі қантөгіс жаһанды дүрліктірді. Әлем жұртшылығы ауыр қайғыны күйзеліспен қабылдады. Бірқатар елдер мемлекеттік туларын төмен түсірген. Халық қайғыға ортақтастығын білдіріп, Франция елшілігіне гүлдер әкеліп, шырақтар жағуда. 

Әлем мемлекеттерінің басшылары Франция халқының қайғысына ортақтасып, көңіл қосын білдірді. АҚШ Президенті Барак Обама лаңкестік әрекетті айыптаған мәлімдемесін жария етті.  

Барак Обама, АҚШ Президенті

-Осы ойранның ұйымдастырушыларын жазаға тарту үшін барын саламыз. Еліміз лаңкестік шабуыл құрбандарының туыстары және одан зардап шеккендерге көңіл білдіреді. Франция халқына толық қолдау көрсетеміз.

Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон, Германия канцлері Ангела Меркель, Ресей Президенті Владимир Путин және АҚШ Президенті Барак Обама Францияға көмек беруге әзір екендіктерін айтты. 

БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты төрағалығы да француз халқының ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл қосын білдірді: «Біз француз халқының ауыр қазасына ортақпыз және халықаралық қауымдастықтан осындай қанқұйлы оқиғаларға тосқауыл қоюын сұраймыз. Лаңкестіктің көзін жою жолында біз бәріміз біргеміз және Францияның достары оны бостандық, теңдік және бауырластықтың елі деп біледі. Сондықтан елде қауіпсіздік орнатуға талпынады». 

Көңіл айту жеделхатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында айтқан орынды ұсыныстары атап өтілген. Онда Президент әлемдік көшбасшыларды терроризм, экстремизммен күресуге шақырып, ұйым жанында антитеррористік ұйым құруды ұсынған болатын. 

Париждегі дүрбелеңнен кейін әлем елдері жаппай қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Халықаралық әуе компаниялары осы елге ұшу сапарларын тоқтатты. «Джи-Тиби», «Американ Эйрлайнс Груп» сынды ірі әуе компаниялары Франциямен әуе қатынасын уақытша доғарды. «Эйр Франс» болса, жолаушылардан жоспарлы сапарларын кейінге қалдыруды өтінген. Алайда жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, әуе және теміржол байланысы үзілмейді.  

«Париждегі лаңкестік әрекеттер салдарынан қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ». Еліміздің Сыртқы істер министрлігі осылай деп мәлімдеді. Қазір Париждегі Қазақстан елшілігінде және Астанадағы Сыртқы істер министрлігінде жедел хабарласу желісі іске қосылған. Қажет болған жағдайда қоңырау шалып, дерек алмасуға болады. 

Айта кету керек, Париждегі қанды оқиғаларға қатысты мәліметтер сәт сайын өзгеруде. Соңғы ақпараттар бойынша қаза тапқандардың саны 150-ден асып кетті. Ал жарақат алғандар 200-ден астам деген дерек таратылды.  

Авторлары : Бағдат Бектұрғанқызы, Бекболат Тұрмаханов

4. Сербия мен Австриядағы босқындар. Ауғанстан Президентінің сұхбаты

Қазір бүкіл әлем лаңкестікке лағынет айтады. Бұл жер-жаһанға төнген ортақ қауіп, Париждегі оқиға соны тағы бір еске салды.

Террозим талай елдің тыныштығын бұзды, талай жанды жылы орнынан қозғады. Қазір бұл мәселе төрткүл дүниені түгел алаңдатып отыр. Шығыстан жөңкілген жұрт Түркия асып, Грекияны кесіп, Сербия мен Словения арқылы Еуропаға табан тіреуді көксейді. 

Сарапшылар: «Ағылған лек саябырсымаса, батысқа қарай босқандардың саны келесі жылдың соңына қарай 3 млн-ға жетеді», – деп отыр. Алайда мұндай нөпірді ың-шыңсыз қабылдап алуға Кәрі Құрлық дайын болмай шықты. Тіпті Еуродақтың кей елдері келімсектерді күшпен болсын кері қайтаруға барын салуда. Бірақ нәтиже шамалы. Босқындар соғыс пен жоқшылық жайлаған елдерге оралғысы келмейді.

Мохиаддин Сороуш, сириялық босқын

-Біз өзімізді қауіпсіз сезінетін ел іздеп жүрміз. Соғыстан әбден мезі болдық. Сирияда қалу күннен-күнге үлкен қауіп тудырады. Сербияға жетудің өзі біз үшін мұң болды. 3 күн ұйықтаған жоқпыз. Тіпті алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. 

Заңсыз мигранттардың дені – дәл осы Сирия, Ирак және Ауғанстандағы түтінін тастап, жолға шыққандар. Бұл елдерде «Ирак және Левант» бастаған халықаралық лаңкестік ұйымдардың лаңы өршіп тұр. Босқындар берісі Австрия, арысы Германияға жетуді аңсайды. Алайда аш-жалаңаш, ат-көліксіз жолға шыққан олар талай сынаққа тап болуда. 

Арнамыздың тілшілері Артем Истомин мен Иван Тулинов Австрия мен Словения шекарасындағы, сондай-ақ Сербия аумағындағы босқындардың ең ірі лагерьлерінде болып, жағдайды өз көздерімен көріп қайтты. Айтуларынша, келімсектер әсіресе азық-түлік, жылы киім-кешектен тарлық көруде. 

Ахмад, ауғанстандық босқын 

-Көптеген азаматтар шекараларда 6 сағаттап тежелуде. Күн болса суытты. Біз болсақ межелі жерімізге жете алмай әлекпіз. Көбіміздің кішкентай балаларымыз бар.  

Ахмадтың бас сауғалауы бекер емес. Онсыз да тыныштығы бұзылған Ауғанстанда лаңкестік актілер жиілеп кеткен. Жуырда Забуль провинциясында содырлар 7 бейбіт тұрғынды аяусыз өлтіргеннен кейін елдегі жағдай мүлде ушықты. Қарапайым халық ашуға бұлығып, бас көтерді. Президент резиденциясына кіруге талпынды. Ақыр аяғы, сақшылармен қақтығысып тынды. Бірақ жағдай жөнделген жоқ. Керісінше, күрделеніп тұр. 

Кейбір деректер бойынша елдегі содырлар саны 5 мыңды маңайлайды. Демек лаңкестер тақау жатқан төңіректің түгелі үшін қауіпті.  

Астанада өткен ТМД елдерінің әскери қолбасшылары кеңесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев: «Шекара қауіпсіздігі мәселесінде Қазақстан барлық деңгейдегі ынтымақтастыққа дайын», – деді. 

Ресми Кабул болса лаңкестік ұйымдардың жолын кесу үшін хал-қадірінше барлық қажет шараларды қабылдап жатыр. Осы елдің Президенті Ашраф Ғани «Хабар» арнасына арнайы сұхбат берді. 

Ашраф Ғани, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті

-Қауіпсіздік мәселесін шешу үшін лаңкестік ұйымдар, екінші, Ауғанстан мен Пәкістандағы талибан лаңкестік ұйымдары, үшінші, Пәкістанның Ауғанстанға үнсіз соғыс жариялағаны сынды үш негізгі мәселені әлемдік деңгейдегі консенсус түрінде шешу керек. Сондай-ақ ДАИШ сынды қауіппен де бірлесіп күресе аламыз. Бұл туралы Уфадағы конференцияда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан. Қылмысты экономика, әсіресе, есірткі трафигі  терроризм мен экстремизмді қаржыландырып отырғаны сөзсіз. Ал есірткі трафигімен күресу үшін оны алушылар болмаса, ұсынушылар да кемиді. Мен осыған дейін де айтқанмын, заңсыз бизнеспен айналысудан жұмыс қана арылтады. Ауғанстан 4 млрд доллардың ауылшаруашылық өнімін сырттан алады. Сондықтан неге осы саланы дамытпасқа? Ол үшін, әрине, өнімді сыртқа жіберу туралы да келісу керек.

Сондай-ақ Ауғанстан Президенті қаржылық дағдарыс жағдайында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуы маңызды екенін айтты. Бұдан бөлек, Ашраф Ғани осы айға жоспарланған өзінің Қазақстанға алғашқы ресми сарапынан мол үміт күтетінін айтты. 

Ашраф Ғани, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті

-Басты мақсат – жан-жақты сауда-экономикалық қатынасты дамыту. Қазақстан – аймақтағы ең негізгі бидай және болат өндіруші ел. Сондай-ақ қазақстандық инвестицияны елімізге тартуға мүдделіміз. Техникалық жетістіктеріңіз де бізді қызықтырады. Көптеген ауған студенттері сіздерде білім алып жатқанына алғысымды білдіремін.

5. Астанада Халықаралық инновациялық форум өтті

Әдетте көбіне көп саяси-экономикалық іс-шаралар ұйымдастырылатын Астанадағы Тәуелсіздік сарайы осы аптада инновациялық идеялардың ордасына айналды. Инновациялар апталығы аясындағы өткен халықаралық форум – соны технологияны ойлап тапқандардың жүздесуі. 

Бұл басқосу өзгеше ой, тың идеяларға, сонымен қатар бизнес, ғылым, білім салаларын тығыз байланыста ұстай отырып, шикізаттан инновациялық бағытқа өтуге жол ашады. Білімділер жиынын Елбасы да елеусіз қалдырмады, құттықтау хатын жолдады.

Технологиялық конференцияға инновациялар саласындағы 45 сарапшы, 150 инвестор, 150 үздік стартаптың негізін қалаушы марғасқалар әлемнің әр тұсынан Астанаға бет бұрды. 

Форум аясында стартаптар сайысы болды. Жобалардың 10 топ үздігі анықталып, іріктелгендері 4 аталым бойынша ірі көлемдегі сыйақыларға ие болды. Ал бас жүлде – 25 мың доллар.

Бұл шара «ЭКСПО-2017» көрмесін жарнамалаудың жақсы тәсілі. «Стартап» сарытап болған термин демеңіз, бизнесіңізді ақпараттық технологиямен байланыстырсаңыз, бұл сізге арналған сипаттама. 

Techconnect конференция – технология саласындағы тапқыр жандардың тоғысатын жері. Сөреде тұрған стартап жобаның ішінен керегін таңдау – Үкіметтің жұмысы. IT арқылы нан тауып жүрген инвесторлар мен ақылмандар алыс-шалғай шетелдерден келді. «Бизнесті қалай бастау керек?» деген сауалға сағаттап жауап іздеді.       

Каушал Чокши, «Scaale Group» венчурлық қорының президенті (АҚШ)

-Сіздерде жоғары технологияны дамытуға қажетті инфраструктура дайын. Ол білім жүйесі, тиімді инвест орта, биліктің қамқорлығы. Енді сәл қарқын қосып, жергілікті инновациялық хабқа айналу үшін шетелдік технология мен мамандар қажет. 

Қазақтың басқосуы бәйгесіз болсын ба, 312 инновациялық жоба өзара сайысқа түсті. Идеясы мықты 10 стартапқа жүлде бар. 

Лусия Гарсия. Испан. Алыстан, сонау ғарыштан суретке түсіретін бизнесі бар. Тіпті біздің Астананы да Лусия обьективке ілген. Мақсаты – ауыл шаруашылығы, өндіріс орындары тапсырыс берсе, жоғарыдан фото жасап беру. 

Лусия Гарсия, Urthecast компаниясының өкілі (Испания)

-Біздің компаниямыз ғарыштағы жер серіктеріне орнатылған аппараттарымыз арқылы Жердегі нысандардың суреттерін түсірумен айналысады. Тіпті планетаның тұтас бейнесін түсіре аламыз. Экономиканың қай саласына болсын, осы фотолардың берер пайдасы мол деп есептейміз. Міне, мынау мысалы, Астананың бейнесі. Егер әріптес болам деген бизнес немесе мемлекеттік органдар болса, қарым-қатынас жасауға әзірміз. Айтпақшы, Қазақстанның екі жер серігі бар екенін білемін. Соны да пайдалансақ дейміз. 

Дағдарған экономиканы білімділер ғана құтқарады. Біздің Үкімет IT саласындағы «әлемнің миын» пайдаланғысы келеді. Сондықтан Қазақ елі болашағы бар жобалар мен инвесторларды шақырады, өзіміздің инновацияланған ойларымызды жарнамалайды. 

Нұрбек Әмиша, тілші

-Ақылды адам. Ғылымның өскені соншалық енді тұрмыстық дүниелер мен тұтас қалалар ақылды деген атқа ие бола бастады. Бүгінгі конгреске де біраз ақылды заттар әкелінді. Тіпті оқымыстылар адам миының көшірмесін таптық деп жария салды. Бірақ бұл тек стартап сүйінші ғана.

Кіл жүйрікте, кім жүйрік екенін ажырату қиын мұнда. Мәселен, украиналық Андрей Панфилийдің мына аппараты біздің елде әлі пайдаланылмаған. Биопромин құрылғысы адамның бойындағы 131 өмірлік маңызы бар анализді санаулы секунда ғана әзір етеді. Бұл дәстүрлі медицинадағы төңкеріс.  

Жаңалықты көрмекке. Түсірілім арасында құрылғыны сынап, керісінше, құрылғы бізді сынап көрді.

Андрей Панфилий, жоба директоры 

-Әр ай сайын әлемде 3,5 млн адам анализдерді алу мен беру кезінде ауру жұқтырады. Оның жартысы тіпті, өлімге душар ететін науқастан көз жұмады. Мына аппараттың арқасында ешқандай инфекция жұқпайды. 

Көрмені көруге көз керек. Бірінен-бірі өтеді. Келесі сұхбаттасымыз америкалық мейман – Марк Гудстейн. Калифорниялық жігіт те Қазақстанға бизнестің қамымен келген. Алматыда фармацевтика, мұнай өңдеу ісіне қажетті материалдар шығаратын өндіріс орнын салып жатыр.   

Марк Гудстейн, The Design Accelerator басқарушы директоры 

-Бұл ұсақ өндіріс, көлік, ауыр металл жасау, мұнай-газ өндіру ісіне қажетті арзан материалдардан дайындайтын платформа болады. Оны силикон алқабынан Қазақстанға әкелу үшін бүгін әріптестікке қол қоямыз.

Балаңызды спутник арқылы бақылағыңыз келе ме? Ол қиын емес. Жерлесіміз Роман ойлап тапқан мына флешка бүлдіршініңіздің қайда жүргенінен хабар береді. Ол үшін ұялы телефон көмегі қажет. Тек трекерді перзентіңіздің киіміне бекітсеңіз болғаны. Суға салсаң бұзылмайтын құрал қазір жасалу үстінде. Келесі жылдың басында сатылымға шығады. Қазақстандық құнды құрылғының бағасы – 12 мың теңге. Ай сайынғы абоненттік төлем – 1 мың теңге болады. Қазірдің өзінде 500 ата-анадан сұраныс түскен. 

Роман Баранов, жобаның техникалық директоры 

-Трейкерді балаға жапсырасыз. Қалтаға немесе сөмкеге саласыздар. Сол арқылы ЖПС көмегімен, ұялы телефон арқылы балаңыздың қайда жүргенін біліп отырасыз. Міне, мына қараңыз, бала үйде, енді мектепте жүр. Бұл құралды аптасына бір рет қуаттап тұрасыз. 

Роман адамды жоғалтпаудың қамында жүрсе, алматылық Ағила қажетіңізді тауып берумен айналысады. 

Ағила Тәңірбергенова, жоба сарапшысы

-Күнделікті өмірде сізге қандай көмек керек біз көрсетеміз. 5 мың маманымыз бар. Сайтымыз арқылы, мобильдік қосымша арқылы, коллсентерге звондап не керегін айтасыз, 15 минутта тауып береміз, үйіңізде бір нәрсе бұзылып қалса, ағылшын мұғалімін іздесеңіз, заңгер, есепші керек болса тауып береміз. 

«Бұлтты технология». Бұл не? Қарапайым сөзбен айтқанда, сіз әлемнің кез келген нүктесінде жүрсеңіз де, интернет қосылған компьютер арқылы өз компьютеріңіздегі дереккөздер мен бағдарламаларыңызды пайдаланып, жұмыс істей бересіз. Бұл жүйенің дамығаны соншалық, Украинадағы PrivatBank креативтік директоры Егор Аветисов «бұлтты банкинг» жүйесін ұсынды осы жиында. Яғни онлайн-сақтаушылар қауіпсіз. Бұл технология тұтынушының уақыты мен ақшасын үнемдеуге жол ашады. 

Егор Аветисов, Privatbank-тың креативті директоры (Украина)

-Банктерде Сіз қандай төлемдер жасадыңыз, Сіздің карточкаңыз қандай, фотоңыз қандай деген секілді миллиардтаған мәліметтер сақтаулы. Бұрын біз бұндай ақпараттарды компьютерлерде немесе альбомдарда сақтаушы едік. Ал қазір «Вконтакте» немесе «Фейсбукта» сақтаймыз. Бұлт дегеніміз осы. Көптеген елдің заңдары жеке мәліметтерді бұлтта сақтауға тиым салады. Сондықтан банктер жеке мәліметті өзінде сақтап, ал Сізге көрсетілген қызметтер сипаты бұлтта тұрады.  

Нұрбек Әмиша, тілші

-Кел, балалар, кітаптан ертегі көрейік. Бұл сөз тіркесі грамматикалық тұрғыдан қате болғанымен, енді кітапты оқудан басқа, көру мен есту де таңсық болмайтын түрі бар. Қазақстандық жас мамандар ойлап тапқан мына жоба қызық. Ұялы телефонды кез келген бала кітаптың үстіне қойса, жансыз суреттер ойнап сала береді.

Бұл әзірге жоба ғана. Егер қолдау болса, смартбуук аталатын ақылды да аса қажет идея талай сәбидің көзқуанышына айналмақ. Айтпақшы өнертапқыштар «Кітап-киноның» қазақ тіліндегі нұсқасын да дайындамақшы.

Конференция аяғына жетті. Халықаралық инвесторлар желісі әзірлеген 25 мың доллар сыйлық тауардың сапасын анықтайтын «Уипон» жобасына бұйырды. 

Рүстем Сұлтанмұрадов, Гран-при иегері (Қазақстан)

-Өзіміздің базамызға дәрі-дәрмектерді қосып отырмыз. Ендігі жылы азық-түліктерді қосатын ойымыз бар. 

«ХХІ ғасыр – білектінің емес, біліктінің заманы» деген осы. 

Авторлары: Нұрбек Әмиша, Айдос Меделбек, Азамат Сәмет 

6. Таусылмас табысқа талпыну

Ендігі жылы Дүниежүзілік Сауда ұйымына кірген соң ішкі нарыққа бұрын-соңды көрмеген тауарлар, жұмыстар, қызметтер келеді. Олардың зияткерлік меншік құқығы сақталуы тиіс. Оны сақтау жөнінде қатаң талап қойылады. 

Жалпы қатарға қосылғысы келетін кез келген елге жаһандық сауда бірлестігіндегілер ең әуелі «Сіздің елде интеллектуалды меншік қалай қорғалған?» деген сауал тастайды. Осыдан-ақ ақыл-ой шығармашылығының маңызын аңғаруға болады.

Сонымен талап қатаң дедік, ал оны орындауға келгенде біз салғырттық танытпаймыз ба? Әрине, зияткерлік меншік құқығын қорғау жөнінде ұлттық заңдар бар, түрлі халықаралық конвенцияларды құптадық. Бұл тұста бір мін жоқ. Мәселе осылардың орындалуында. Кісінің ала жібін аттауға болмайтынын жақсы білгенімізбен, интеллектуалды қызметтің туындыларын рұқсатсыз пайдалануды қылмыс деп санамаймыз. Ойланатын, бұл істі ерекше бақылауға алатын кез келген секілді.

Бүгін біз ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру тақырыбына арнайы тоқталмақпыз. Президент тиісті заңға осы аптада қол қойды. Әлгі мен айтып отырған зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі де осы құжатта қарастырылған.

Дегенмен, негізгі жайт Қазақстан өнертабыстардан кенде емес, ғалымдар ашқан жаңалық көп. Оларды халықаралық рейтингтер жоғары бағалайды. Бірақ ойлап табу бір бөлек, сол ойды нарыққа жеткізу, табыс көзіне айналдыру мүлде басқа. Біздің ақсайтын тұсымыз осы. «Енді олқылықтың орны толады», – дейді мамандар.

Бұл азамат – Олжас Әбішев. Жоғары білімді Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінен алған. Магистрлік, докторлық дәрежені Оңтүстік Кореяның ұлттық университетінде қорғаған. Ақпараттық-технология саласын зерттеген. Радиожелілік чиптармен мәлімет алмасатын құрылғы ойлап тапқан. 

Олжас Әбішев, фрилансер

-Электронды паспорт ішіне чиптарды жабыстырып, соның ішіне бүкіл адам туралы мәліметтерді жазып, ол 128 биттік кілтпен қорғалған. Бизнес идеяны құқық қорғау органдарынан басқа ешкім көре алмайтындай қылып істегенбіз. 

4 жыл бойы ойланып, толғанып тапқан бұл инновациялық идеясына кәріс компаниясы қызығып, сатып алған. Қазір олар қазақ баласына ақы төлейді. Ол төлем радиожелілік чиптар қолданыстан ысырылғанша тоқтамайды. 

Олжас Әбішев ақыл-ойының жемісін сыртқа сатпас еді. Өкініштісі, ашқан жаңалығын өз елінде өндіріске енгізуге мүмкіндік болмаған.

Олжас Әбішев, фрилансер

-Ол идеяны іске асыру үшін өндіріс қажет. Чиптерді шығаратын зауыт қажет. Шыққан чиптерді сататын нарық қажет. Мысалға, чиптер шыққан соң, қайда өткізесіз?

Бұл олқылықтың енді орны толмақ. Ғалымдардың ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізуге жол ашатын Заңға осы аптада Елбасы қол қойды. Құқықтық құжаттың құрылымына үлес қосқан сенатор Ахан Бижанов: «Ендігәрі ғылым мен бизнес бірге жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін архив сөрелерінде ғана қалатын небір ғылыми жаңалықтар тіріледі. Пайдаға асады. Табыс көзіне айналады», – дейді.

Ахан Бижанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты

-Ғылыми жетістіктерді ендіру жұмыстарында біздің бизнес қауымдастығы ақырғы кезде қатысуы 12 пайыз ғана. Заңның ең бірінші мақсаты – бизнес қауымдастықты ғалымдармен бірге отырғызып, жалпы ғылыми жұмыстарды өндіріске, экономикаға енгізу.

Енді өнертабыс авторларына сыйақы төленеді. Мемлекет олардың ашқан жаңалықтарын коммерциялауға грант береді. Ойлап тапқан дүниесін өнімге айналдыратын өндірістерді құруға жәрдемдеседі. Ғылыми нәтижені жүзеге асыруға қатысатын мамандардың біліктілігін арттыруына жағдай жасайды.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі

-Коммерцияландыру кезінде пилоттық жобалар жасауға арнайы қаржыландыру қарастырылмақ. Мұндай механизмдер бізде бұрын-соңды болмаған. Жеке сектор мен өндіріске ғалымдармен етене жұмыс істеуі үшін ынталандыру қаралады. Мәселен, ғалымға кеткен шығынның орнына салықтық жеңілдіктер беріледі. Сол арқылы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу жүйесі құрылмақ.

Егер жұмыс беруші жаңаша өнеркәсіптік үлгілерді, өнертабыстарды жеке өндірісіне енгізсе, онда сол жаңалық авторына жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жыл сайын сыйақы төлейді. Жұмыс беруші авторға сыйақыны уақытында төлемесе, әрбір кешіккен күні үшін өсімпұл беруге міндетті. Десек те PhD докторы Олжас Әбішев бізде идеяңды заң жүзінде бекітіп, патенттеу жолында кездесер кедергі көп екенін айтты.

Олжас Әбішев, фрилансер

-Бізде өз идеяңды заң жүзінде бекітерде бюрократия процестері көп. Мысалы, менің идеям болса, оны қорғап, оған құжат жинауыма 1-1,5 жарым жыл өтеді. Ол 1,5 жыл ішінде ол идея қажеттілігін жоғалтады. Себебі зерттеу жұмыстарында уақыт өте тығыз.

Өнертабыстарды, селекциялық жетістіктерді, электрондық есептеу машиналары мен дерекқорға арналған бағдарламаларды коммерциялау үшін арнайы орталықтар қажет. Қазақша айтқанда, олар – делдалдар. Алайда олардың қызметінсіз өнертабыс коммерцияланбайды. Бұл – Заң ғылымдарының докторы, профессор Төлеш Қаудыровтың пікірі.

Төлеш Қаудыров, заң ғылымдарының докторы, профессор

-Өнертабыс ой түрінде ме, ол патент түрінде ме? Оны тауар қып шығару ұзақ жол. Бірақ ол компаниялар дайын боп тұру керек. Ол өнертабыстың шыққанын күтіп отыру керек. Сонда тез арада біздің ғылыми техникалық жетістіктер нарыққа барады. Бізде коммерциялау жүйесі жоқ. Банкілер үй алуға, шетелден тауар алуға ақша береді. Өзіміздің ойымызды тауар қылуға қаражат бермейді. 

Ғылыми жобалар тәуекелге тәуелді. Ол жүзеге аса ма, жоқ сәтсіздікпен тына ма? Оны уақыт көрсетеді. «Сондықтан да бізге венчурлік қаражат беруге ықтияр банктер болу керек», – деп ойын сабақтайды заңгер Төлеш Қаудыров. 

Бұл мәселе Заңда да жазылған. Яғни ғылыми жетістікті коммерцияландыру үшін технологиялар іздейтін, маркетингтік зерттеулер жасайтын, зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мен қорғау туралы кеңес беретін, коммерциялау стратегиясын әзірлейтін арнайы орталықтар болады.

Академик Мұрат Жұрынов бұл Заңның әсіресе, металлургия, химия, ауыл шаруашылығы салаларындағы ізденушілерді ынталандыратынына қуанады. Заманында қаншама құнды идеяларымыздың қолды болып кеткеніне қынжылады.

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі

-Өтпелі кезеңде біздің ғылым өте қиын жағдайда болды. Қаржыландыру жағынан. Сол кезде НАТО, ИНТАС, МНТС деген халықаралық қорлар аз ғана қаржы беріп, көптеген жаңалықтарымызды пайдаланып кетті.

Ал «Сапа және инновациялық менеджмент» ұйымының басшысы Азат Әбдірахманов елдегі өнертапқыштарды 2010 жылдан бері сапалы инновация байқауына қатысуға үндеп жүр. Бұл халықаралық конкурсқа 10 елдің өкілі қатысады. Былтыр Қазақстан денсаулық сақтау мен білім беру салаларына қатысты екі инновациялық жобаны жарысқа салыпты. 

Азат Әбдірахманов, «Сапа және Инновациялық менеджмент» ұйымының төрағасы

-Биыл 5 инновациялық жобаны іріктеп алдық. Бірақ мен ойлаймын, бұл біздің республикаға өте аз. Өкінішке орай, біздің инноваторлар кездесуге бірге жұмыс істеуге ынталанбай жатыр. Егер де біздің инновациялық жобаларды шетелге шығарсақ, жаңағы байқаудың арқасында Еуропа елдеріне біздің жобаларымыз танымал болады. Танымал болғаннан кейін шетелден басқа инвесторлар шығуы мүмкін.

Біздің кейіпкеріміз Олжас Әбішев радиожелілік чиптармен шектеліп қалған жоқ. Бірегей ақпараттық жүйелерді жасаумен айналысып жүр. Олжас сияқты сапалы оғландарымыздың ғылыми жетістіктерін өз елімізде пайдаланатын күн де алыс емес. Себебі 3-тарау 19-баптан тұратын құқықтық құжаттың ғалымға да, ғылымға да тигізер шарапаты мол-ақ. 

Авторлары: Мақпал Мадиярова, Аят Дүйсенбаев

7. Президент Заңдарға қол қойды

Осы аптада Президент ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудан бөлек, тағы да көптеген Заңдарға қол қойды. Олардың басым бөлігі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған.

Мәселен, тәртіп сақшыларының жұмысына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Елбасы қол қойған Заңға сәйкес, учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік қызмет, табиғатты қорғау полициясы жергілікті полиция құрамына біріктіріледі. Соңғылары әкімдіктерге бағынышты болады. 

Жергілікті полицияның басшыларын облыс әкімі мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды. Бірақ оларды ұсыну Ішкі істер министрлігінің құзыретіне берілмек. 

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Өзін-өзі реттеу», «Жер Кодексі», «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» секілді бірқатар Заңдарға қол қойды. 

Ал Парламент Мәжілісі болса, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қажетті заң жобаларының барлығын мақұлдады.

8. Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі

2016-2018 жылдарға арналған үш жылдық бюджет бірінші желтоқсанға дейін нақтыланады. Бұл жайында Ұлттық экономика министрі айтты. 

Сенаттың жалпы отырысынан соң тілшілердің сұрақтарына жауап берген Ерболат Досаев: «Қазір министрлік мамандары күн-түн демей жұмыс істеп жатыр», – деді.

Құжатты әзірлеу кезінде бір нәрсе қаперге алынған. Ол – теңгенің долларға қатысты бағамының құбылуы. Бұған дейін бюджет жобасы бекітілгенде АҚШ ақшасы – 250 теңге деп белгіленген еді, енді бұл көрсеткіштер өзгерді. 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі 

-Ашығын айтайын, қазір де қаржылық көрсеткіштер нақтыланбады. Соны бекіту үшін Ұлттық банкпен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Өз есебіміз бойынша келер айдың басында бюджетті дайындап, Парламентке ұсынамыз.

Қалай болғанда да, бұл өзгерістердің салқыны әлеуметтік салаға тимейді. Қайта жұмсалатын қаржы көлемі көбеймесе, қысқармайды. Мәселен, білім беру ісіне қосымша 124 миллиард бөлінеді. Денсаулық сақтауға 54,7 миллиард теңге қарастырылған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы үстеме ретінде 35 миллиард алады. Ал әлеуметтік қамсыздандырудың қазынасы 12 миллиард теңгеге толыға түспек.  

Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Жоспарланған әлеуметтік бағдарламаларға қарастырылған қаржы қысқармайды. Зейнетақы көбейеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жәрдемақы, студенттердің шәкіртақасы ұлғаяды. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы өседі.

Қазір жаһандағы жағдай жайсыз. Қазақстан да күрделі кезеңде тұр. Энергия өнімдері арзандады. Соның салдарынан бюджетке түсетін кірістер 40 пайызға қысқарды. Өткен айда Президент Үкіметке тиісті іс-жоспар әзірлеуді тапсырды. Әлеуметтің әлсіз топтарын қолдау керектігін баса айтты.

Осы аптада Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі аймақтарды аралап, саладағы көп өзгерісті өзі түсіндіруге кірісті. Тамара Дүйсенова кездесулерде Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіндегі жаңашылдықтар жайын да әңгімелеп берді.

«Жалақы өседі» деген жаңалықтың әркімнің де жанына майдай жағары жасырын емес. Бұл ретте ең алдымен, ұстаздар, дәрігерлер, кітапханашылар, қысқасы, Азаматтық қызметшілердің айы оңынан туайын деп тұр. Жаңа жылдан бастап олардың еңбекақысы айтарлықтай көтеріледі. Мәселен, денсаулық сақтау саласындағы жалақы өсімі 7-ден 28 пайызға дейін, білім беруде 15-тен 29 пайызға дейін және өзге салаларда 28-ден 40 пайызға дейін жетеді. Соңғысына мәдениет саласының қызметкерлері жатады. Олардың айлық табысы қаншаға ұлғаярын Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың өзі айтып берген болатын. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрі 

-Мәдениет саласында жұмыс істейтін әртістер, музей қызметкерлері, кітапхана қызметкерлері, театр қызметкерлерінің орташа еңбекақысы бүгін 37-47 мыңның арасында болса, жаңа системада 69 мыңға шейін көтерілетін болды. 

Ал енді еңбекақы тағайындаудың жаңа жүйесі бойынша мұғалімдер қауымының айлық табысы қаншаға артады? Жауапты ұстаздардың өздерінен сұрап білдік.

Гүлдана Жауынбекова, Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы басшысының орынбасары

-Бүгінгі күні орта есеппен жоғары білімді 2-ші категориялы мұғалімнің айлығы орта есеппен 75 мың айлық қолына алып отыр. Жаңа жүйемен есептейтін болсақ, бұл әзірге жоба, 95 мың көлемінде алады деп жоспарлануда.

Жалақы тағайындаудың жаңа жүйесіндегі тағы бір ауқымды өзгеріс жұмысшылардың топтары мен категорияларына байланысты. Қолданыстағы жүйе бойынша 14 еңбек категориясы бар. Және мұнда бір категориядағы мамандар жұмыс ауқымына, еңбек өтіліне, біліктілік пен біліміне қарамастан бірдей жалақы алады. Жаңа модельде мұндай ерекшеліктердің ара-жігі айқындалып, еңбекақы қызметкерлердің атқаратын қызметінің күрделілігі мен жауаптылығына байланысты болады. Және еңбек категориялары 4-уге дейін қысқартылады.

Дариға Қарабалина, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбекақы төлеу басқармасының басшысы

-Ол – басқарушы персонал блогы. Негізі персонал. Және әкімшілік персонал. Қосалқы персонал блоктарына. Екіншіден, бұл лауазымдардың ақыларын есептейтін коээфиценттер өзгереді. Олардың мөлшерлері өседі. Және әрбір блокқа өзінің коээфиценттер кестесі болады.

Жалақы өсіміне қажет қаражат сомасы да есептеліп қойған. Бұл мақсатқа 2016 жылы бюджеттен 272 миллиард теңге қарастырылып отыр. 

Авторы: Бақтияр Хамит, шолушы

9. Апта ішіндегі маңызды оқиғаларға шолу

Нанның құнын нарық реттейді. Үкімет Жаңа жылдан бастап әлеуметтік нанның бағасын еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдады. Алайда әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға тиісті көмек көрсетіледі. Биліктің бұл қадамы қазынаның 1,5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік бермек. 

Елімізде құрастырылатын көліктердің құны апта орайында 9 пайызға дейін қымбаттады. Сарапшылар баға жыл соңына қарай тағы шарықтайды деп отыр. Бұл доллар бағамының өзгеруімен байланысты көрінеді. Себебі отандық машина жасау саласына қажет бөлшектердің 80 пайызы сырттан әкелінеді. 

Қорғастағы құрғақ порт жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі. Логистикалық аймақтың инфрақұрылымдық һәм коммуникациялық жұмыстары толық аяқталған. Енді инвесторлармен келісімдер жасалуда. Қазірдің өзінде шетелдік 20 компания осында өз кәсіпорындарын салуға ниет білдірді. 

«Бәйтерек» холдингі еліміздің 8 ірі қаласында жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысын бастады. Келер жылы көпқабатты 13 үйді қолданысқа бермек. Сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлерге бюджеттік қызметкерлер, этникалық қандастарымыз, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен әскерилер қоныстанады.

10. Бүгін – Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні

«Саламатты Қазақстан» сәтті жүзеге асты ма? Мемлекеттік бағдарламаның негізгі жетістігі ретінде мамандар соңғы бес жылда өлім-жітім санының 15 пайызға азайғанын, өмір сүрудің 3,5 жылға ұзарғанын айтады.

Жоба аясында 28 науқастың жүрегі алмастырылды. Осы шаралардың нәтижесінде еліміз жүрекке операция жасаудан әлем бойынша 22-орынға табан тіреді. Бұған қоса бүйрек, бауыр ауыстыру сынды күрделі ем-шаралар да атқарылып келеді. 

Дегенмен кемшіліктер жоқ емес. Дәрігерлердің біліктілік деңгейі төмен. Маман тапшылығы әлі де толық шешімін таппаған. Бұл олқылықты жою үшін бағдарлама аясында 92 мың кадр дайындалып, 800 дәрігер шетелде оқып келді. Сосын салада жұмыс істейтіндердің жалақысы мардымсыз. Бұл мәселе келер жылы іске асырылатын «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында шешімін таппақ. 

Қадыр Омаров, ҚР Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басқарма төрағасы

-Әр адамның көңілін таба алмайсыз. Бізді де, бағдарламаны да сынайды. Жетіспеген тұстары бар шығар. Біз бәрін білеміз. Сол жетіспейтін мәселелерді біз 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасына кіргізіп отырмыз. Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру «Саламатты Қазақстанда» болмаған еді. Оны біз осы бағдарламаға кіргізейін деп отырмыз.

Бүгін – Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні. Халықаралық институттардың болжамы бойынша 25 жылдан кейін дүниежүзінде бұл сырқатқа шалдыққандардың саны 600 миллионға жуықтайды.

Бүгін Алматыда Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күніне орай арт-инсталляция ұйымдастырылды.

Диабеттің белгілері бірден білінбейді. Бірақ жүрек, бүйрек, көз және басқа да ағзаларды құртып, адам өміріне қауіп төндіреді. Ауруды асқындырмау үшін скринингтен өту маңызды. 

Қант мөлшерін соңғы рет қашан тексерттіңіз. Есіңізде ме?

Үлкен ДНК-ның құрамында газды сусын, гамбургер, поп-корн, теледидар пульті және басқа да заттар бар. Арт-инсталляцияның мақсаты – келушілердің көңілін диабетке аударып, қауіп аймағында барлық адам тұруы мүмкін екенін жеткізу. Іс-шараны «Қазақстан Республикасы Диабеттік оқу-ағарту қоры» және «Ново Нордиск компаниясының Қазақстандағы өкілдігі» ұйымдастырып отыр. Арт-туынды «Абай бол: Диабет жаныңда» жобасының бір бөлшегі саналады. 

Алексей Сакун, «Ново Нордиск а/с» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы 

-Қазақстанда шамамен 270 мыңға жуық адам диабет диагнозымен өмір сүруде. Және тағы осынша адам өз бойында бұл дерттің барын білмеуі мүмкін. Бізде көп жағдайда адам ауырғаннан соң 5 немесе 10 жыл өтіп кеткен соң диагноз қойылады. Осы уақыт ішінде ол ағзаға көп зиянын тигізеді. Бұның себебі адамдар өздерінің қауіп аймағында тұрғанын білмейтіндіктен. Сондықтан арт-инсталляцияның мақсаты – адамдарға ой салу. Өйткені композициядағы элементтер әр адамның өмірінде кездеседі. 

2-типті диабеттің пайда болуының негізгі себептері – дұрыс тамақтанбау мен аз қимылдау. Қазақстандағы диабетпен ауыратын адамдардың 90 пайыздан астамында осы 2-тип кездеседі. 

Наталья Тукалевская, «ҚР Диабеттік оқу-ағарту қоры» атқарушы директоры

-Біздің қорға келетін адамдардан: «Ой, білмей жүре берген жақсы», – деген сөзді жиі естимін. Диабет мұндайды кешірмейді. Диабет – барлық ағзанының тас-талқанын шығарып жіберетін ауру. Жүрек, бүйрек, бауыр, көз, қан тамырлары, барлығына зияны орасан. Бірақ диабет  ерекше ауру. Егер емделуді дер кезінде бастап, дәрігерлердің айтқан талаптары толық орындалатын болса диабетпен ұзақ әрі бақытты өмір сүруге болады. Ол үшін дәрілерді уақытында ішіп, дұрыс тамақтанып, денешынықтыруға көп көңіл бөлу қажет. Бұған дағдылану керек. Диабет жөнінде көп білген абзал. 

Дүниежүзінде 2010 жылға қарай диабет диагнозымен тіркелген адамдардың саны 221 млн адам болады деген болжам жасалған еді. Дегенмен 2007 жылдың өзінде-ақ бұл цифр 250 миллионнан асып кетті. Ал 2014 жылы сусамырға шалдыққандардың саны 387 млн-ға жеткен. 

«Абай бол: Диабет жаныңда» жобасы жағдайды түзеуге бел буып отыр. Диабет жайында халықтың сауатын ашып, алдын алуға күш салмақ. Сәуір айында басталған жобаға студенттер қатарынан 130 ерікті қатысуда. 

Алматы мектептерінде ағарту жұмыстарын қолға алған олар жобаның нағыз қозғаушы күшіне айналды. Еріктілер диабет және оның алдын алу туралы оқушылар мен ұстаздарға дәрістер оқиды. Ұжым басшыларымен мектепте диабеттің пайда болу қаупін азайтуға арналған жоспар құрады. Арнайы диабет бұрышнамасын жасайды. Стендтерде қант диабетінің пайда болу себептері мен белгілері жазылған. 

Мира, еріктілер тобының басшысы

-Жобаның негізгі мақсаты – халық арасында жастар арқылы қантты диабет арқылы ақпаратты насихаттау. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші қантты диабет 2-ші типінің профилактикасына көп көңіл бөлу, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс рационалды тамақтану және де зиянды әдеттерден бас тарту. Егер де осылардың бәрін адамның күнделікті өміріне, әдетіне айналдыратын болсақ, онда біздің жобамыз іске асырылмақ. 

Осы және келесі жылы еріктілер Алматының 201 мектебінде дәріс оқиды. Мегаполистерде бұл дертке шалдығу қаупі өте жоғары. Өйткені ірі шаһарларда дұрыс тамақтанып, дене шынықтыруға көңіл бөлу қиын. Алды алу шараларынан өзге сусамырды ерте анықтауда маңызды. 

Ұлан Нарынбек, тілші

-Қант диабеті жасыңызға немесе әлеуметтік статусыңызға қарамайды. Сондықтан анда-санда тұрғылықты жер бойынша емханаңызға барып, қанның құрамындағы қанттың мөлшерін тексертіп тұрған абзал. ХХІ ғасыр – бұл технологияның ғасыры. Сондықтан бұл іс-шара әп-сәтте жүреді. Қазір мынандай глюкометрдің көмегімен менің қанымдағы қанттың мөлшерін білеміз. Ол үшін бірнеше секунд қана жеткілікті. Мөлшері – 5,7. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жаман көрсеткіш емес. 

15 қараша мен 20 желтоқсан аралығында кез келген азамат «Сұңқар» клиникалар желісіне барып, қант диабетіне тегін тексеруден өте алады. Бүгін көптің назарына қойылған «Диабет ДНК-сы» инсталляциясы біраз адамға ой салғаны сөзсіз. 

Клара Сұрманова, қала тұрғыны

-Баламыз екеуміз қыдыруға келгенбіз. Мағлұмат алып жатырмыз. Қант диабетіне қарсы ұйымдастырып жатыр екен. 40-тан асқандар енді жылына бір рет қант диабетіне қарсы тексеріліп тұру керек екенін естіп біліп жатырмыз.   

Мектеп белсенділері мен еріктілер спорттық шараларды да ұйымдастырмақшы. Мақсат – оқушылар мен олардың ата-аналарының диабет туралы білімін арттыру. «Абай бол: Диабет жаныңда» жобасы 2016 жылдан бастап Астана қаласында жалғасады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.