ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн. Елбасы ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Қаржы саласын тұрақтандыру табыс кепілі

Жеті күн. Елбасы ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Қаржы саласын тұрақтандыру табыс кепілі
Сюжеты
1. Елбасы ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиынға қатысты 2. Тәуелсіздік күніне орай елімізде марапаттау салтанаттары өтті 3.Елбасы Парижде өткен 21-сессиясының қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады
4. Қаржы саласын тұрақтандыру табыс кепілі 5. Экономикалық интеграция ел дамуына оң ықпал етеді 6. Тәуелсіздік тарихы
   
7. Тәуелсіздік тынысы    

1. Елбасы ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Күшті рух. Мықты мінез. Тәуелсіздік толқынын ұстап тұру үшін осы екеуі керек. Ал тұрақты экономика, тұрақты саясат және тұрақты қоғам. Бұл Қазақстан әрқашан ұстанатын бағыт. Мұны Президент мерекеге арналған салтанатты жиында айтты. 

Қазақстан 24 жасқа толды. «Нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын азат ел атандық. Тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарып, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдадық. Тәуелсіздік елімізге оңай жолмен келген жоқ, егемендіктің алғашқы жылдарында, кейін де талай қиындықтарды өткердік. Қазіргі қым-қуыт кезең де уақытша. Қиындықтарға қарамастан, экономикалық өсімді сақтадық. Индустрияландыру жалғасты. «Нұрлы Жол» басталды. Ұлт жоспары жарияланды». Елбасы осындай ірі істерді атады. Сосын биылғы елеулі оқиғаларға тоқталды. Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылдық. Ядролық отын банкі құрылды. Тағы бір қазақ ғарышқа сапар шекті. Тізбектей берсең, биылғы жыл да берекелі болды. Мұның бәрі Тәуелсіз елге жарасатын жеңістер. 

Қазақстан Тәуелсіздігіне – 24 жыл. Мемлекет басшысы ұлық мерекемен құттықтап, ширек ғасырлық мерейтойға дайындықты бастауға пәрмен берді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ұлы дала елінің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Ерен ерлер, еңбегі еленгендер! Торқалы той қарсаңында мемлекеттік наградалар кімдерге бұйырды? 

Е.Хасағалиев: Бұл бір менің 56 жылғы творчествомдағы еңбегімнің жемісі деп түсінемін. 

Тәуелсіздік! Одан асқан құндылық жоқ жер бетінде. Ұлы Дала елі оның қадір-қасиетін жақсы біледі. Бұл күн елдіктің, егемендіктің ұлық мерекесі. Тәуелсіздікке тағзым ету үшін елдің саяси, мәдени, ғылыми элитасы түгел жиналды Астанаға. Бас шаһарда дәстүрлі жиын. Көш басында Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев. 

Соқпағы көп қилы-қилы замандар, бәйгеге басын тіккен адамдар, азаттық деп аласұрғандар. Мұның бәрі артта қалды. Ұмытпаймыз. Қазір Қазақстан тәуелсіз. Ешкімге бас ұрмайды, бағынбайды. Егеменді ел бастар көшбасшысы, уыздай ұйыған елі аманда. Президент өткенге тәу етіп сөз бастады. Екі мүшел жасаған елдің ерліктерін, жеткен жетістіктерін айтып. Болдық, толдық дегендік емес. Өткенге тағзым! 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Баршаңызды Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне толуға, 25 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылмамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыр кешті таңдары болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты мәңгілік жұлдыз жарқырай тұрды. 

Алда асулар көп бағындырар. Ендігі жылы мерейтой келе жатыр. Қазақ Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы. Елбасы оған әзірлікті бастауға рұқсат берді. Осы жылдар ішінде істелген игі істерді насихаттап, алға сеніммен адымдау – басты мұрат. Бұл орайда Мемлекет басшысы өскелең жастарға зор сенім артып отыр. Елдікті, бірлікті сақтап қалатын, Тәуелсіздік тұрғырын асқақтататын да сол егемендіктің бел құрдастары. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Биыл, міне, осынау рухы асқақ, тұғыры биік, төл мемлекетімізге 24 жыл толды. Қарапайым тілмен айтқанда нағыз ердің жасында. Ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Аман-саулық адамның нағыз бақыты болса, Тәуелсіздік халықтың жалғыз бақыты. Тәуелсіздік тарихтың толқыны шайқалмай, уақыттың соққысына байқалмай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес. Оны қолда ұстап тұратын тек шар болаттай шыңдалған рух, наркескен жаңашыл мінез. Арайлы ақ таң үшін күрес. Міне мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі осы. 

Тәуелсіздіктің ақ таңын ғасырлар тоғысында бізге көру бұйырыпты. Оны бағалай білу керек енді. Елбасының меңзеп жүргені де сол. Құттықтау лебіздер мерекелік концертке ұласты. Онда да елдіктің, ерліктің әні шырқалып, көп ұлтты Қазақстан халқы биден шашу шашты. 

Несіпбек Айтұлы, ақын

-Бұл күн біздің халқымыздың тарихындағы ең ұлы күн, ең қадірлі күн, ең қасиетті күн. Өйткені бұл күнді бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған. Сол үшін қан төккен. Сол үшін күрескен. Міне, осы бір ұлы мерекемен бүкіл қазақ халқын құттықтаймын!

Мәрзия Тұрлыханова, Батыр ана

-Мінекей Тәуелсіздік алғанымыздың өзіне ширек ғасыр болып қалыпты. Уақыт деген тез өтеді ғой. Осы жылдардың ішінде Елбасымыздың көрегендікпен көрсетіп отырған әрбір бағытын, бағдарламаларын, жобаларын соның барлығын халқымыз қолдай біліп, келешегіміздің қандай болатынына да сеніммен қараймыз. Өте қуаныштымыз!

Сәуле Досжанова, жазушы

-Қасиетті, қадірлі Тәуелсіздігімізден артық не бар? Ата-бабаларымыз егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып армандап өткен тәуелсіздік еді. Осыған біздің ұрпақ жетті. Біз жеттік соған. 

Асқақтатып азаттықтың тұғырын, 

Аспандатып көк байрақтың ғұмырын.

Қазақ елі жатыр қайта тірілтіп,

Қасиетті Мәңгілік Ел ғұмырын! – деп жырлағым келеді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында елге еңбегі сіңген бірқатар қайраткерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мәртебелі марапаттардың бір парасын Нұрсұлтан Назарбаев табыстады. Өнегелі істерімен үлгі болған, ел тәуелсіздігін нығайтуда сүбелі үлес қосқандардың мерейі үстем. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Тәуелсіздік деген еш уақытта ешнәрсеге айырбастамайтын ең жоғарғы, мәртебелі құндылығымыз. Біз азаттықтың арқасында ел ретінде еңсе тіктеп, мемлекеттік тұғырымызды бекіттік. Бұған бүгінгі марапат иелерінің қосқан үлесі зор. Сіздер өнегелі істеріңізбен көпке үлгі болып, ел құрметіне бөленіп келесіздер. Өз саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарды ең жоғарғы наградаларға лайық деп санаймыз.

Наградалардың арасында «Қазақстанның Еңбек Ері» деген марапатты баса айтуға болады. Бұл атақ биыл үш адамға бұйырды. Олар нағыз еңбектің адамдары. Механик Ришат Әміренов, «Қазфосфат» серіктестігінің директоры Мұқаш Ескендіров пен шаруа қожалығының басшысы Борис Князев. 

Ришат Әміренов, механик, Қазақстанның Еңбек Ері

-Мен өзім Шығыс кенішінде 30 жылдай жұмыс істеймін. Өзіммен бірге отбасым да еңбек жолын жалғастырып жатыр. Біздің жалпы еңбектегі үлесіміз 120 жылдан астам. Еліміздің дамуына әрі қарай да осы үлесімізді сала береміз.  

Мұқаш Ескендіров, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры

-Бұл тек қана менің ғана еңбегім емес. Біздің 6 мыңдық ұжым бар. Сондықтан осы марапат, әрине, бізге көптеген міндет жүктейді. Соның бәрін орындауға тырысамыз.

«Отан» орденін иеленгендер де осал емес. Өндіріс мамандарымен бірге, жазушы-сазгерлердің де кеудесіне төсбелгі тағылды. Тағы бір мәртебелі марапат «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Президент Әкімшілігінің басшысы және Қызылорда облысының әкімі марапатталды. «Барыс», «Парасат», «Достық» пен «Құрмет» ордендері де Тәуелсіздік күніне нағыз тарту десек болады. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі 

-Сыр елі Тәуелсіз елімізге, Елбасыға тірек болуға әрқашан дайын. Сырттан келген дағдарыс кезеңінде Сыр елі сыр бермей, лайықты үлесін қосады деп ойлаймын. 

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры

-Келешектің барлығы қазіргі жағдайда тек қана еңбекке тіреліп тұрғанын, инновацияға, жаңашылдыққа, ғылымға тіреліп тұрғанының барлығын әлем мойындап отыр. Міне, осы тұрғыда біздің университеттің ғалымдары да биік жоғары деңгейден өздерін көрсетеді. Мен оған сенемін.

Елбасы биыл алғаш рет «Еңбек даңқы» орденін де табыстады. Мұндай марапатты өнеркәсіп, құрылыс пен ауыл шаруашылығында қызмет ететін 52 жұмысшы иеленді. Ал, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы мәдениет пен әлеуметтік саланың 50 көрнекті өкіліне берілсе, Құрмет грамотасы 326 адамға бұйырды. Әскерилер мен тәртіп сақшылары да назардан тыс қалмады. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүргендер «Даңқ», «Айбын» ордендері, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Көпшіліктің көңілі көтеріңкі. Еңбегі еленген азаматтар Ақордадан шабыттанып шығып, келешекке нық қадам баспақ. 

Ескендір Хасанғалиев, ҚР халық әртісі, «Отан» орденінің иегері

-Бұл бір менің 56 жылғы творчествомдағы еңбегімнің жемісі деп түсінемін. Елбасымызға мың да бір рахмет. Қалған өмірімнің барлығын халқым үшін, елім үшін, атамекен, жерім үшін қызмет етем деп уәде беремін!

Қоғамға еңбегі сіңгендерді  ынталандыру жалғаса бермек. Бұл да Тәуелсіздіктің тартуы.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Айдос Меделбеков, Қанат Әбілдин

2. Тәуелсіздік күніне орай елімізде марапаттау салтанаттары өтті

Әр қазақстандық хал-қадірінше Тәуелсіздіктің тұғырын берік етуге өз үлесін қосып келеді. Бірақ араларында өзгелерден иығы асып жүрген, ел алдындағы еңбегі ерек жандар бар.

Төл мерекеміздің қарсаңында олардың бірсыпырасын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да марапаттады. «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленгендердің ішінде әріптестеріміз, еліміздің ірі ақпарат құралдарының жетекшілері – Нұржан Мұхамеджанова мен Ләззат Танысбай да бар. 

Жалпы Тәуелсіздіктің 24 жылдығына орайластырылған марапаттау салтанаттары республикамыздың барлық өңірлерінде өтті. Алқа тағынып, төс белгі алғандардың қатарында түрлі сала мамандарын кездестіруге болады. Бұл күні сырт елден келген құттықтауларда есеп болмады. 

Мемлекет басшылары, Үкімет жетекшілері, ірі бірлестіктер мен іргелі ұйым өкілдері жазған тілектер түрлі мәтінде, түрлі формада келіп жатты. Мәселен, Мәскеуден жеткен құттықтауда Владимир Путин: «Қазақстан мен Ресейдің көпғасырлық дәстүрлі достық пен тату көршілікке негізделген байланыстарының деңгейі жоғары екенін қанағаттанушылықпен атап өтемін. Еуразиялық экономикалық одақтың қарқын алып келе жатқан қызметі өзара тиімді ынтымақтастық үшін түрлі салаларда жаңа перспективаларға жол ашады», – дейді.

Ал АҚШ Президенті Барак Обама: «Құрама Штаттар өркендеу және демократия жолымен жүріп келе жатқан Қазақстанның серіктесі болып табылатынын мақтан тұтады. Біз алдағы жылдарда да Тәуелсіздік күні мерекесін Сіздермен бірге қуанышпен атап өтетін боламыз», – деп жылы лебізін жолдаған. 

Сондай-ақ Ұлыбритания патшайымы, Жапония императоры, Сауд Арабиясы королі, Франция, Германия, Австрия, Чехия секілді көптеген елдердің президенттері Қазақстанды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ал бірқатар елшілер елімізге деген құрметін қазақ тілінде білдірді. 

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі

-Тәуелсіздік күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. АҚШ – 24 жыл бұрын Қазақстанда өз елшілігін ашқан бірінші мемлекет. Содан бері Америка Қазақстанның серіктесі және жақсы досы болып келді. Барша халыққа бақыт, еңбектеріңе табыс тілеймін! 

Кэролин Браун, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Қазақстандағы елшісі

-Құрметті қазақстандықтар, Сіздерді Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтау мүмкіндігін пайдалануға қуаныштымын. Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап, 24 жыл ішінде айтарлықтай табыстарға жетті. Осы уақыт аралығында тез дамыды және әрі қарай дамитынына сенемін.

Аймақтар да Тәуелсіздік мерекесін тайлы-тұяғы қалмай тойлады. Бірақ биыл басы артық шығын жоқ секілді. Қаражат жөнімен жаратылған. Бұдан мейрамның мерейі ортайған жоқ. 

Елбасы апта ішінде әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау рәсіміне де қатысты. «Отандық мамандардың шетелдік ғылыми журналдардағы жарияланымдарының айтарлықтай көбеюі – елдің ғылымға зор көңіл бөліп отырғанын байқатады. Бұл жастарға үлгі. Қай бағытта жұмыс істеу қажеттігі жөнінде бағдар береді», – деді Президент. 

Том-томдаған кітаптардан бас алмай, бар уақытын зертханада өткізетін ғалымдар бұл. Бір сәт ақ халаттарын шешіп, еліміздің бас кеңсесіне келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылдан бастап ғылым мен техника саласында жаңа жетістіктерге жеткен ғалымдарға әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөнінде тапсырма берген болатын. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық ғылым мен техника саласындағы ең жоғары марапат болып саналады. Оған биыл бір жеке және алты ұжымдық ғылыми жобалар лайық деп табылып отыр. Бұл еңбектер көмірсутегі, ғарыш және ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялық әдістерге жол ашты. Металлургия, физика, медицина салаларында инновациялық жаңалықтар енгізді. 

Биыл тұңғыш рет табысталған әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты тағайындау комиссиясына 26 ғылыми жұмыс ұсынылған болатын. Осының ішінен іріктелген жеті жоба Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деп танылған. Президенттің қолынан төсбелгі алу мәртебесіне ие болған ғалымдардың жүзінен сәл қобалжу да байқалды. 

Талғат Мұсабаев, ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы

-Біз ғарыштық ғылымды дамытып, оның Тәуелсіз елімізге пайда әкелуіне бар білім және тәжірибемізді жұмсаймыз. Келе жатқан Тәуелсіздік күнімен Сізді шын жүректен құттықтаймын! Алла сізге күш-қуат, зор денсаулық берсін! Честное слово Нурсултан Абишович. Волнуюсь больше, чем когда вылетаю в космос. Шын жүрегімнен. Кешіріңіз. 

Плазманың кванттық қасиеттері, ғарыш саласындағы жаңа жетістіктер, бекіре шаруашылығын жетілдіру мен металлургия саласы сынды түрлі бағытта тыңнан түрен салған ғалымдарға 18,6 миллион теңгеден сыйақы да беріледі.

Людмила Болотова, химия ғылымдарының кандидаты

-Кто как не Вы, выходец из горно-металлургической сферы лучше понимаете значимость наших разработок. Получение свинца и золото из трудно обоготимого сырья. Нурсултан Абишевич, тепло Ваших рук я сохраню в своем сердце. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-У нас недро очень богатое конечно. Сколько вынули миллионов тон уже руды. Но то что лежит на отвалах, в запасах еще больше. Придет время мы все это будем разробатовать. Я знаю. 

Домна пештің алдында 9 жыл тұрып, металлургия саласында біраз тер төккен Нұрсұлтан Назарбаев сол жылдары тірнектеп жинаған тәжірибесін әлі де ұмыта қоймағанын байқатты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Это было моя докторская дессертация в Москве, в Советское время. Только в отвалах Сарбайско-Соколовского комбината сотни миллионов тон железа, ванадия, вольфрама и тогдали. А в отвалах Экибастуза лежит горнозем, который мы будем потом добывать. Вы делаете большое дело. Второе богатство Казахстана.

әл-Фараби сыйлығына ие болған ғалымдардың бірі Орал Ақшолақов. Минералды ресурстар Академиясының академигі Қазақстан территориясындағы жер қойнауында жатқан мұнай мен газдың мөлшерін нақты анықтаған. 

Орал Ақшолақов, ҚР Минералдық ресурстар Академиясының академигі

-Бұндай жұмыс біздің елімізде соңғы 25-30 жылдың ішінде жасалған жоқ еді. Мәні, мағынасы, көлемі үлкен болып шықты. Осы күнге дейін мұнайдың, газдың қорын есептедік. Ол әлі де 76 млрд тонна. Біздің әлі де мұнайымыз болашаққа жеткілікті. Тек қана қазіргі осы өмір сүріп жатқандар ғана емес, олардың немерелері, шөберлеріне біздің байлығымыз жетеді деген сөз. 

Қанат Күзгібекова, Техника ғылымдарының кандидаты, доцент

-Қазір сөз де жетпейді. Өте бақыттымыз. Неше жыл істеген еңбегіміз осылай марапатталды. Сондықтан әрине, біздің Елбасымызға өте рахмет, халыққа рахмет! 

әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық әр екі жыл сайын табысталады. Ол ғалымдарды ынталандыру және ғылымды қажет ететін бүгінгі экономикаға аса қажетті салаларды ілгерілету үшін тағайындалады. 

Талғат Уәли, тілші

-Осылайша биыл елімізде кен барлау ісі, медицина, химия, физика, биология сынды салаларда жаңа ашылулар жасаған ғалымдарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік сыйлықтың төсбелгілерін өзі табыстады. 

Айта кетерлігі, бұл жобалардың барлығы әлемдік ғылыми қауымдастықтың шешімімен үздік деп танылған. 

Авторлары: Талғат Уәли, Қанат Әбілдин

3.Елбасы Парижде өткен 21-сессиясының қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады

Қазір жалпақ жұртты тегіс алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол – жаһандық жылыну. Ғалымдардың дерегі бойынша өткен ғасырда планетамыздағы ауа райы орташа алғанда 7-8 градусқа жылынған. Салдарынан мыңдаған жылдар бойы міз бақпай жатқан мұздықтар ери бастады. Бұл өз кезегінде әлем мұхиттары деңгейінің көтерілуіне әкеп соқты. 

1993 жылдан бері олардың көлемі жыл сайын 3,2 милиметрге кеңейіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, 50-70 жылдың орайында дүниежүзі бойынша ондаған шаһарлар, тіпті тұтас бір мемлекеттер су астында қалуы мүмкін.

30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Парижде осы проблемаға арналған үлкен конференция өтті. БҰҰ-ға мүше 196 елдің өкілдері қатысқан жиын соңында халықаралық тарихи келісім бекіді. Құжат ХХІ ғасырдың аяғына дейін ауа райының орташа жылынуын 2 градустан асырмауды көздейді. Бұл үшін барлық мемлекеттер ауаға таралатын парниктік газдардың көлемін азайтуға міндеттелді. Себебі атмосферада СО2-нің шектен тыс көбеюі – жаһандық жылынуға басты себеп болып отыр. Ал парниктік газды азайтудың амалы жалғыз. Жел күн секілді залалы аз энергия көздерін өндіруге көшу керек.

Әрине, көп мемлекеттің жасыл экономикаға бірден бейімделіп кетуі екіталай. Сондықтан оларға алып державалар алғашқыда қаржылай демеу жасайды. Ауаны ең көп ластайтын 32 мемлекеттің арнайы тізімі түзілді. Олар 2020 жылдан бастап дамуы бәсең елдерге жыл сайын 100 млрд доллар көлемінде көмек көрсетеді. Бұл Париж келісімінің басты шарттары.  

Қазақстанның ұстанған жолы осы келісімнің ұстанымдарымен мұраттас. Біздің ел 2013 жылы арнайы Тұжырымдама қабылдап, «Жасыл экономикаға» бет бұрған болатын. 2050 жылға дейін республика аумағында өндірілетін баламалы энергияның үлесін 50 пайызға жеткізуді меже етіп белгіледік. Сондықтан Франция астанасында қабылданған қорытынды құжаттың орындалуына өз үлесімізді қосуға әбден дайынбыз. Бұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жасаған мәлімдемесінде анық аңғартты. 

«Қазақстан өз міндеттемелерін орындауға және Парниктік қалдықтарды азайту жөніндегі жаңа келісімді имплементациялау ісіне өз үлесін қосуға әзір. Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Климат жөніндегі конференция мақсаттарымен тікелей үндесетін Мамандандырылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу біздің елдің маңызды үлесі болып саналады», – делінген Ақорданың сайтында жарияланған мәлімдемеде. 

4. Қаржы саласын тұрақтандыру табыс кепілі

Экономикада көксеген бір мәселе бар. Шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығару. Бұл оңай шаруа емес. Бірақ, соған апарар жолмен келеміз. Ал осы жолда жолығатын қиындықтарды еңсеру үшін ең әуелі қаржы секторының тұрақты болғаны абзал. 

Президенттің биылғы Жолдауында сол тұрақтылыққа жетудің тетіктері көрсетілді. Үкімет болса, нақты міндеттердің айналасында жұмысқа кірісті.

Отандық банктердің өресін көтеру. Елбасы жүктеген маңызды тапсырма. Мәселен, халықаралық стандарттардың ішінде, Базель талабы бар. Осы талапқа сай болсақ, Қазақстандағы қаржы институттарының жарғылық капиталы артады. Банктер халықтың сеніміне кіреді. Қандай дағдарыс болмасын, шыдас береді. Демек, түпкі нәтижесі жақсы.

Жұмыс істемейтін несиелерді стресс-тестілеу. Яғни, елеп-екшеу. Дамыған елдерде қайтарылмай жүрген берешек не бары 5 пайыз болса, Қазақстанда оның мөлшері бір кездері 30 пайызды еңсерген еді. Кейін бұл деңгейді 10 пайызға төмендету міндеті қойылды. Мұнымен Ұлттық банк айналысады. Жолдаудан кейін жұмысты күшейтудің жолдары қарастырылып жатыр.

Ал зейнетақы активтерін қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына беру мәселесіне келгенде, экономистер: «Бұдан сескенбеу керек» дейді. Әлемдік тәжірибеге иек артсақ, дүниежүзінде бұл істі дөңгелетіп әкете алатын алпауыт қорлар бар. Сосын біз зейнетақы активтерін басыбайлы емес, басқаруға береміз, осыны қаперде ұстаған жөн. Басқаруға беру арқылы қаржыны көбейтуді, тиімді жұмсауды үйренеміз.

«Антидағдарыс» жоспары. 5 бағыт пен 39 іс-шарадан тұратын бағдарлама 2 жыл мерзімге арналған. Досаев министрлігі күні-түні бар-жоғы екі айға жуық уақыт ішінде әзірлеген құжат экономиканың барлық салаларын ауыр жағдайдан алып шығуды көздейді. 

Себебі әлемдік ахуалды түсіндіріп жатудың өзі артық. Мұнай құны күн санап сырғып барады. Дүниежүзілік нарықтағы көмірсутегі, металдар, азық-түлік базары құбылмалы, Қазақстан сондықтан қазба байлыққа құрылған экспорттық сауда-саттығын жүргізе алмай отыр. Демек, дағдарыс тығырықтан шығудың жолын көрсетуді қалады. Елбасы өзінің Жолдауында бағытты көрсетті. Негізін Жолдаудан алған жоба қазір Үкіметте тағы бір пысықталуда, кейбір тармақтары нақтыланғасын келер жыл басында орындауға бет алады. 

Азамат Ақайдаров, ҚР Ұлттық экономика министрлігі департамент директорының орынбасары 

-Республикалық және жергілікті бюджеттердің ішіндегі бағдарламалары толық ревизиядан өтеді. Соның арқасында тиімсіз шығыстарын мемлекеттің айқындай отырып, оларды қысқартамыз. 

Айтпақшы, Елбасы экономиканың қиын сәттерге ұрынатынын талай ескерткен болатын. Сондықтан бұл жоба асып-сасқанның емес, ақырын жүріп, анық басқанның әрекеті деп ұғынған дұрыс. «Нұрлы жол» және «100 нақты қадам да» қаржылық нарықты қадағалаудан туындаған еді. 

Бауыржан Ысқақов, экономист

-Мемлекеттің құрамында тұрған көптеген обьектілердің тиімсіз жұмыстарын жекеге беру арқылы олардың жұмыстарын жандануына әкелу бойынша да тиімді жұмыстар осы дағдарысқа қарсы жоспарда жақсы қарастырылған. 

Экономиканың көрсеткіші – инфлияцияның деңгейімен байланысты. Яғни, қолыңыздағы бір сомаға көп уақыт бойы аз тауар сатып алуыңыз және сізге төмен қызмет көрсетілуі. Инфлияция дегеніміз осы. Биыл инфляция 6-8-ден 8-10 пайызға дейін өсіп кетті. 

2015 жылы Қазақстандағы Жалпы ішкі өнім деңгейі 0,3 пайызға құлдырап, 1,2 пайызға жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4,3 пайызға артқан еді. Антидағдарыс жоспарының басты бағыты да осы инфляцияны төмендету. 4 жыл ішінде 3-4 пайызға дейін. 

Жангелді Шымшықов, ҚР БҒМ Экономика институты Астана филиалының директоры

-Инфляцияның қандай зияны бар дейтін болсақ? Ол мына шынайы тауарлардың бағасы мен олардың қалыптасқан құнының арасындағы диспрорпорция. Ол әр адамның алатын табысы мен шынайы сатып алатын тауарларының мөлшерінің арасындағы пропорция. Ол барып айналып келгенде өндірушіні де ынталандырмайды, сатып алушыны да ынталандырмайды, сөйтіп экономикаға қатты соққы береді. 

Ал Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Мадияр Кенжеболат қаржы желісін тығырықтан шығаруда жоспардың үлкен маңызға ие екенін айтады. 

Мадияр Кенжеболат, Экономикалық зерттеулер институының сарапшысы

-Ұлттық банк ақшаны теңгемен бергісі келеді. Теңге жетіспей отыр. Теңгені берген кезде валюта нарығына кетеді, теңге теңгеге қарсы жұмыс істейді. Қазір теңге сенімге ие болмай жатқан себебі, теңгені берген кезде банк, компаниялар, адамдар да валюта нарығына барып, долларды сатып алады. 

Айтпақшы, «нашар несие» деген термин де осы жоспар аясында өмірге келді. Ол не? Банктен алынып, қайтарылмаған қарыздардың «қара тізімге» ілінгендеріне осындай айдар тағылады. 

Мадияр Кенжеболат, Экономикалық зерттеулер институының сарапшысы

-90 күннен астам банкке клиенті ақша төлемесе, жаман кредит қара тізіміне түседі. 2009  жылдардағы дағдарыстан соң банктік жүйе өте қатты зақым алды, 2013-14 жылдары жаман кредиттердің барлық кредиттегі үлесі 30 пайызға жетті, кей мемлекетте 10 пайыздан асса, қиын жағдай дейді. 

Тағы бір жаңалық – зейнетақы жинақтары енді Ұлттық банктен жеке қорларға берілмекші. Себебі, бас банктің басқа да атқаратын қызметтері жетерлік. Оның үстіне қордағы салымдар құнсызданып жатыр. Себебі пайыздық өсімді инфляция жойып жіберуде. Сондықтан бұл салаға өзгеріс керек екенін экономистер сезді. 

Азамат Ақайдаров, ҚР Ұлттық экономика министрлігі департамент директорының орынбасары 

-Зейнетақы қорының ақшасы тек қана бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға ғана кету керек, қалғандары Ұлттық қордың басқару принципіне сай үйлестіру керек, басты жаңашылдық осы. 

Жангелді Шымшықов, ҚР БҒМ Экономика институты Астана филиалының директоры

-Зейнетақы қорын әуелде жеке жеке қорлар болды, оны біріктірдік, біріккен қор жасап, ҰБ құзырына бердік. Ал ҰБ оны дұрыс жарата алған жоқ. Бір жағы оны сақтау үшін әрі өсімін қамтамасыз ету үшін оны жеке компанияларға, әсіресе, шет ел компанияларыны басқаруға беру көзделіп отыр. Неге? Ол қаражаттарды инвестиция, кәдімгі өндіріске салатын кредит ретінде салатын болса, ол анагұрлым үлкен пайыз пайда әкеледі. 

Бұл пікірмен қаржыгерлер де келіседі. Себебі кезіндегі қаржы саласындағы жүйесіз саясаттың салдарын енді түзейтін кез келді. Зейнетақы қорларындағы 5,5 трлн теңге аз ақша емес. Айтпақшы, жуырда ғана Ұлттық банк басшылығы зейнетақы қорынынан 1 трлн теңгені алып, бюджет қажеттілігі мен құрылысқа салатынын айтқан еді. Алайда күні кеше ғана банк ресми мәлімдеме жасады, салымдар тек құнды қағаздарға салынады. Бұл – уақытша шешім. 

Асқар Елемесов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы

-Сол ақша құр жата бергенше жұмыс істесін деп Ұлттық банк сондай шешім қабылдады. Мемлекеттің құнды қағаздары ол не? Бұл Қаржы министрлігі. Ол ақшаны қарызға алады. Сөйтіп бірнеше ай немесе бірнеше жылдан кейін қайтарып береді. Үстінен сыйақы төлейді, пайыз төлейді. 

Демек, бұл да Үкіметтің дұрыс шешімдерінің бірі. Экономиканы долларсыздандыру да жоспар көтерген жүкке жатады. Өйткені, валюта нарығындағы ахуал күрделі. Сондықтан құнды қағаздар нарығында ел аумағында сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тек қана теңгемен жүргізіледі. Ұлттық валютаны қолдансаңыз Үкіметтік табыс қорыңызға құйылады. Мұны министрлік қазір есептеп жатыр. 

Нұрлан Құлбатыров, Экономикалық зерттеулер институтының орталық директоры

-Бұл жоба дер кезінде қабылданып отыр, сондықтан мәні зор. 

Сосын облыс әкімдері Үкіметтен қарызға ақша ала алады. 3 жыл мерзімге шейін. Осы тармақ та дәл қазір талқыланып жатыр. 2017 жылдан бастап өңірлік инвестициялық жобаларды қаржыландыру түгелдей жергілікті жерлерге беріледі. 

Еске саларлығы, бұл жоспардың түп атасы – 2007 жылғы бірінші дағдарысқа қарсы жоба. Сол кездегі алмағайып жағдайда бағдарлама қиындықтан құтқарудың жолын көрсеткен еді. Дағдарысқа қарсы бас бағдарламының қолданысқа енер күні – 2016 жылдың 1 қаңтары. 

Авторлары: Нұрбек Әмиша, Айтжан Отызбаев 

5. Экономикалық интеграция ел дамуына оң ықпал етеді

Өтіп бара жатқан қой жылындағы елеулі оқиғаның бірі – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы. Осы апта біз бірлестіктің ресми мүшесі атандық.

Енді отандық кәсіпкерлер әлемдік нарыққа төмендетілген кедендік баж салығы негізінде тауар тасымалдай алады. Яғни бұл – қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілетті болуына кепіл. Сәйкесінше біздің елге импортталатын тауарларға салынатын салық жеңілдетіледі. Осылайша сырттан келетін өнімді отандастарымыз арзан бағаға сатып ала алады.

Әзірге кедендік баж тек 1347 тауар түрі үшін төмен. Кейін олардың қатары 3 800-ге жетеді. Ең алдымен шетелден тасымалданатын көлік, азық-түлік, ағаш бұйымдары сияқты өнімдердің құны арзандайды. 

Айта кетейін, келіссөздер кезінде Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды сақтап қалды. 2020 жылға дейін бұл мақсатқа бюджеттен 1,4 трлн теңге қаражат қарастырылып отыр.

Дүниежүзілік сауда ұйымына қамданып жатсақ, жақында Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы жылды қорытындылаймыз. Алғашқы жыл оңайға түспеді. Дағдарыс дегбірді қашырды. Десе де, сарапшылар экономикалық бірлестіктің қуатын оң бағалап отыр. 

Осы аптада Кенияда ДСҰ-ның оныншы министрлік кездесуі өтті. Қазақстан әлемдік сауданың көрігін қыздырып отырған алып ұйымның құрамына қосылған 162-ші ел атанды. Алғашқы қадамын шикізат секторына инвесторларды тартудан бастады.  

Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі 

-Біздегі өңдеуші және қызмет көрсету салаларына әлемдік компаниялар, трансұлттық корпорациялар келеді. Олар экономикамыздың дамуына үлес қосады. Капиталдарын әкеліп, технологияларын ендіреді. Жаңа жұмыс орындарын ашады.   

Кенияда алғашқы міндеттер айқындалып жатқан сәтте Астанада алғашқы талаптарды орындау тетіктері қарастырылды. ДСҰ аясында кедендік баж салығы төмендетілді. Әзірге 1347 тауар түрі тізімге алынған. 

Дана Жүнісова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы 

-Желтоқсанның 1-інен бастап Қазақстан ДСҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Қазақстанның басты міндеттерінің бірі – импорттық баж салығын төмендету. Біз 3 877 тауарлық позицияда баж салығын азайтамыз. Бұл төмендету кезең кезеңімен жүргізіледі.  

Осы тұста сарапшылар кедендік баж салығы төмендетілген тауарлардың ЕАЭО аумағына реэкспортталуы мүмкін деген уәж айтқан-ды. Алайда Қазақстан көлеңкелі бизнеске жол бермеудің алғы шарттарын қарастырып қойды.  

Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі 

-Елімізге төмендетілген баж салығымен келген тауарлар қалған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге реэкспорт жасалмауы үшін баж салығының алуандығы ескерілетін болады.

Арғын Қыпшақов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары

-Қазақстанға әкелінген осы тізімдегі тауарларды ЕАЭО елдеріне апаруға болмайды. Оған апаратын болса кедендік баж салығын толығымен төлеуі керек. Мемлекеттік кіріс комитеті осы тауарлар ЕАЭО елдеріне бармауы үшін жүйе құрып жатыр. Электронды есеп шотқа енгізу қарастырылған. Импортқа әкелінген тауарларды сол электронды жүйе арқылы қараймыз. Егер де импорттаушы тауарларды Ресейге, Қырғызстанға апаратын болса ол тауарларға екі рұқсат алу керек. Содан кейін ғана оларды ЕАЭО-ның басқа елдеріне апаруға болады.    

Айта кету керек, ЕАЭО мен ДСҰ талаптары бір-біріне қайшы келмейді. Сол себепті Қазақстанның бұл ұйымға қосылуы интеграцияның айқын нәтижесі ретінде бағаланып отыр.  

Татьяна Валовая, ЕЭК Интеграция мен макроэкономиканың негізгі бағыттары жөніндегі министрі 

-ЕАЭО құрамындағы Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы біздің ұйым әлеуетінің шектеусіз екендігін көрсетеді. Біздің жаһандық экономикаға беталысымыздың дәлелі.  

Бауыржан Исабеков, экономист

-Біз ДСҰ-ға кірердің алдында 19 жылдай келісімшарт жүргіздік. Халықаралық құқық, нормативтік заңдар негізінде қайшылықтар жоқ. Біздің ДСҰ-ға кіруіміздің арқасында Ресейдің де Қазақстан, Белорусия арқылы өзінің экспорттық мүмкіншіліктерін либеризациялауға мүмкіншілігі бар. 

Өзара экономикалық байланыстың тиімділігін ЕАЭО елдері байқатты. Биыл барлығы да тұрақты даму жолынан айныған жоқ. Ал өзара сауда көлемінің азаюына, экономиканың әлсіреуіне валюталық құнсыздануы мен Ресейге қатысты түрлі геосаяси оқиғалар әсер етті.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ресей – біздің жақын көршіміз әрі одақтасымыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындамыз. Және біз рубль құнсыздануының бізге қаншалықты әсер еткенін көрдік. Егер осы құлдырау болмағанда біздегі экономика әлдеқайда жақсырақ болар еді.  

Татьяна Валовая, ЕЭК Интеграция мен макроэкономиканың негізгі бағыттары жөніндегі министрі 

-Экономикалық тұрғыдан қарағанда биыл біз бәсекелестіктің айқын нәтижесін көрдік. Биыл ЕАЭО-ға мүше елдердің барлығында өсу байқалды. Ол көрсеткіштер Doing bisness рейтінгі бойынша көрінді. Армения, Қазақстан, Белоруссия, Ресей мен Қырғызстанда оң өзгерістер бар. Бұл интеграция нәтижесі. Сауда бағыты 2015 жылы өзгере қойған жоқ. Былтырғы жылмен шамалас. Салалар бойынша айтсақ көлік құралдарын, агроөнеркәсіп тауарларын сату көбейген.

Енді отандық кәсіпкерлер үшін әлемдік саудаға жол ашылды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге төмендетілген кедендік баж салығы негізінде тауар тасымалдай бастайды. Біздің елге импортталатын тауарларға да төмендетілген салық салынады. 

Сарапшылардың пайымдауынша ең алдымен сырттан келетін көлік, азық-түлік пен ағаш бұйымдарының құны арзандайды.  

Бауыржан Исабеков, экономист

-Автомобильдің кедендік баж бағалары төмендейді. Бұл біздің тұтынушы нарығындағы 90 пайызға дейінгі импорттық тауарлардың қолжетімділігі артады деген сөз. Біздегі күнделікті тұтыну тауарларының, азық-түлік тауарларының, өнеркәсіп тауарларының бағалары төмендейді.

Бірақ бұл тізімдегі тауарлардың барлығы арзандай бастайды деген сөз емес. Бағаның қалай құбылуы, бәсекеде қай елдің тауары өтімді болатыны енді тек нарыққа тәуелді.  

Дана Жүнісова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы 

-Бұл тауарлар құны күрт арзандайды деген болжам жасап отырған жоқпыз. Тізімдегі тауарларға кедендік баж салығының төмендетілуі отандық кәсіпкерлерге тың серпін береді. Себебі шикізаттық тауарларды қайта өңдеп, дайын өнім шығарсақ, сонда өнімнің соңғы сату бағасына әсері болады.  

Мейіржан Майкенов, «Kaznex Invest» Ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары 

-Мен экспорттаушыларды нарықтың батырлары деп атаған болар едім. Себебі Қазақстанды сыртқы саудада танытатын, бәсекеге түсетін дәл осы кәсіпорындар. Бүгінге дейін қазақстандық тауар өндірушілердің жартысынан астамы сыртқы нарықты бағындыруға әзір.  

Отандық кәсіпорындар әлемдік нарыққа бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін шығармақ. Ұлттық брендтердің саудасы да қыза түседі деген сенім бар. 

Марат Ыдырысов, «ҚИДИ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары 

-Біз қазір Қазақстанның әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілік әлеуетін айқындауымыз керек. Мемлекет басшысы да айтқан бізге, бірнеше ұлттық брендті шығаруға, оларды әлемге танытуға мүмкіндік бар.  

Мемлекет Индустрияландыру, бизнесті қолдау бағытында қыруар іс тындырды. Ұлттық чемпиондарды іріктеп, әлемдік нарыққа бейімдеді. Енді отандық бизнестің сыналар шағы туды. Келер жыл отандық өнім өндірушілер үшін тарихи сындарлы кезең болмақ. Ал сыртқы саудада тұтынушы үшін бәсеке қызу жүріп жатыр. Бәсекелестік өте жоғары деңгейде. 

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Дана Нұржан, Әнуар Тәуекелов 

6. Тәуелсіздік тарихы

Ел егемендігінің есею жылдарында Қазақстан бағындырған белес көп. Азаттықтың арқасында алға басып, Ұлттық стратегиялар ұтымды орындалып, болашақты байыптаған бағдарламалар жүзеге асып келеді. Тәуелсіздік күніне орай әлемнің әр түкпірінде бірнеше іс-шара болды. Шетелдік қайраткерлер Қазақстанның жетістіктерін атап өтті.

Мәселен, Мәскеудегі жиында ресейлік саясаткерлер, жазушылар мен ғалымдар еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы орнын, аймақтық әрі жаһандық проблемаларды шешудегі рөлін айтты. Қазақстан тәуелсіздік жылдары экономикасын нығайтумен қатар, ұлттық құндылықтарын да сақтай білді деп санайды олар. 

Эдвард Радзинский, тележүргізуші

-Бұл – өте маңызды күн. Өйткені ежелгі ұлттың Тәуелсіздік алып, бүгінгідей тұрақты саясат құрып, аяғына нық тұруы ерекше жетістік. Келешегінен де зор үміт күттіреді. Мен бүгін бұл жерде тұрып, Сіздерге құттықтау сөздерін арнап тұрғаным үшін қуаныштымын. Ұлы халыққа бақыт пен сәттілік тілеймін! 

Қытай астанасы Бейжіңде де Қазақстан елшілігі салтанатты шара ұйымдастырды. Мерекелік кешке негізінен шетелдік дипломатия өкілдері, қытайлық қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер, жергілікті қазақ диаспорасы және студенттер жиналды. Егемендік алған 24 жылдың ішінде Қазақстан Қытаймен өзара саяси әрі сенімді байланыс орнатты. Көрші мемлекеттің Орта Азиядағы стратегиялық әріптесіне деген құрметі ерекше. 

Жимин Жаң, Қытай цемент қауымдастығының президенті

-Біз сияқты инвесторлар Қазақ еліне еш алаңсыз ақша салады. Өйткені сіздерде тұрақтылық пен бейбітшілік бар. Мысалы, біз «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойынша Алматы облысында цемент зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Әзірге бұл жобаға 150 млн доллар инвестиция құйдық. Жоба келер жылы толықтай іске қосылады. Біз Қазақстанның өркендеп дами беруіне тілектеспіз. 

Еуропарламент депутаттары да Тәуелсіздіктің 24 жылдығымен құттықтады. Олар Қазақстанды стратегиялық маңызды серіктес деп таниды. Бұл тек энергетика секторына ғана емес, сондай-ақ жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына да қатысты. Астанада кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан кейін екіжақты қарым-қатынас тек нығая түспек. 

Татьяна Жданок, Латвияның Еуропарламенттегі депутаты

-Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын! Сіздер мақтан тұтатындай елде тұрасыздар. Қауіпсіз өмір сүріп, болашаққа жоспар құра аласыздар. Бұл дегеніміз жастар үшін де, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де аса маңызды. 

Сондай-ақ халықаралық ұйым өкілдері де жылы лебіздерін білдірді. Олар Қазақстанның жарқын келешегіне сенеді. Бастамаларын қолдайды. 

Урбан Руснак, Энергетикалық хартияның бас хатшысы 

-Қазақстан осы 24 жылда аса зор жетістікке жетті. Әрине, бұған қол жеткізу оңай емес. Сіздер дұрыс қабылданған шешімнің арқасында жолда кездескен барлық қиындықтарды еңсердіңіздер. Бастысы, ертеңгі күнге сеніммен қарай алатындай Тәуелсіз мемлекет құрдыңыздар. Ағымдағы жылы әлемде түрлі қиындықтар болып жатыр. Соған қарамастан, сіздер дамып келесіздер. Мен қазақ еліне табыс тілеймін!

Ахмет Узумчу, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының Бас хатшысы

-Бүкіл әлем Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын жақсы біледі. Осы қадам арқылы бүкіл әлемді бейбітшілік пен татулыққа шақырып отыр. Біз де бұл бастаманы жоғары бағалаймыз.

Иә, әлем елдері құрметпен қарайтын Қазақстан бастамалары көп. Қазір айтуға оңай, бірақ сол кезде – алмағайып тұста «атымызды шығарайық, абырой жинайық» дегеннен гөрі әбден құлдыраған экономиканы көтеру, сосын жас мемлекетті жаһанға таныту – басты міндет болды. Тәуелсіздігін енді алған елдің келешегіне күмәнмен қарағандар көп еді. Тіпті оптимистердің өзі Қазақстанның ғұмыржасын әрі кетсе «он жыл» деп болжады.

Тәуелсіздік бізді қалай сынады? Азаттық рахатын көру үшін қандай қиындықтарды бастан өткердік? 

Төлеутай Сүлейменов

-Бізде Сыртқы саясат болған жоқ. Бізде бөлім болды. 

Жаңа валютаны айналымға енгізу үшін құпия Жарлық шықты. Теңге халыққа жасырынып жетті. 

Сергей Терещенко

-Деньги, давай деньги, мы деньги самолетами возили. 

Тәуелсіздікті тағатсыздана күткен журналистердің қазіргі пікірі. 

Сауытбек Абдрахманов

-Тәуелсіздік күні қыстың басында, жылдың соңында ауа райы қолайсыз кезде аталады. 

Он жыл. Азат қазақ. Осынша уақыт тұрады. Әрі қарай күйрейді. Шетелдік оптимисстердің айтқаны. Пессимистер көздеріне де ілмеді. Індет инфляцияда. Кесір конституциялық дағдарыста десті. 

Сергей Терещенко, ҚР экс-Премьер-министрі (1991-1994 жж.) 

-Таңымыз бізден ақша сұраудан басталатын. Қарметкомбинат, Қарағанды көмір, трактор зауыты, мұнайшылар. Барлығы бірінен-кейін бірі хабарласып қаражат талап етті. Тапқанымызды ұшаққа тиеп, алып бардық. 

2 миллион орыс, 400 мың неміс. Жаппай көшу осылай басталды. Ауыл шаруашылық. Машина жасау. Кен өндіру. Салалар мамансыз қалды. Қаражат жетіспеді. Қарқын азайды.

Джонатан Айткен жазған кітаптан: «Ол кезде Ресейдің экономикалық саясаты мүлдем болжап болмайтындай еді», – деп еске алады Назарбаев. «Нақты ақшаның қатты жетіспеушілігіненбіз экономиканың жалпы сұранысын айтпағанның өзінде, еңбекақыны төлеу үшін нақты ақшаны «жұлып» алу мақсатында Мәскеуге ұдайы сапар шегуге мәжбүр болып жүрдік. Мұндай сапарлар 1992 жылдың жазы мен күзі бойына жалғасты».

Сылбыр қатынас. Уәдеден тайқу. Жаңа валютаның шығуына алып келді. Мәскеу Қазақстанды рубль аймағынан шететті.

Сергей Терещенко, ҚР экс-Премьер-министрі (1991-1994 жж.) 

-Біз бірден алдын ала ойластырып қойған жоспарымызды іске асыруға асықтық. 15 қараша мен 19 қараша ішінде барлық ақшаны дайын тұрған жаңа валютаға ауыстырып, есепшоттарымызды өзгерттік. Міне, содан бастап біз Ресейдің ұлттық банкіне тәуелді болмадық. 

Ядролық қарудан бас тарту. Шиеленіс көп болды. Мәскеу асықты. Асағысы келді. Тағы бір жерге көз салды. Полигон жасағысы келді. 12 мың гектар сұратты. Талдықорғанды таңдапты. Ойрандатар еді. Тоқтатпағанда.

Төлеутай Сүлейменов, ҚР экс- Сыртқы істер министрі ( 1991-1994 жж. ) 

-Тарихи шешім мына ядролық полигонды жапқанымыз. Ол тарихи шешім. Екінші мынау Вашингтонда Саммит болды сонда біздің Президент докладымен осы мәселемен сөйлегенде, Оңтүстік Кореяда сөйлегенде сонда АҚШ-тың Президенті келіп құшақтап, мақтап: «Көрдіңіз бе, Қазақтың Президенті қандай ұсыныспен шығып отыр. Біз қолдаймыз. Біз көмектесеміз», – деді.

Сүлейменов мырза Семейдікі. Зұлым қаруды жақсы таниды. Жарылыс жанында туған. Қасіреті әкесіне, кейін қарындасына төнген. Ол Сыртқы істер министрі болды. Семей сұмдығының куәгері атанды. Шетелдіктерді сендірді.

Джонатан Айткен жазған кітаптан: «Ендігі бір мұнай өндіруші бай мемлекеттің өкілі ядролық қаруды сақтау үшін Қазақстанға 6 миллиард доллар ұсынды. Назарбаев мұндай ұсыныстарды оғаш деп есептеді. Ол халықаралық танылуға, құрметке, инвестициялар тартуға және қауіпсіздікді қамтамассыз етуге ұмтылды».

Тәуелсіздік шекарадан басталады. Дегенмен Қазақстан белгілеуге асықпады. Орталық-Азия одағы құрылды. Көршілер біресе бірікті. 1999 жыл. Ауғанстан мен Тәжікстаннан келді қауіп. Етек-жең жиналды. Делимитация. Демаркация жүзеге асты.

Болат Сұлтанов, Халықаралық және аймақтық әріптестік зерттеу институтының директоры

-Орталық Азия бойынша тек Қазақстан ғана өз шекарасын көрші елдермен айшықтап алған. Бір жағынан Ресей мен Қытай, екінші жағынан Түркіменстан мен Қырғызстан арасын заңдастырып, белгілеген. Сондықтан қазір өзге елдің бізбен, біздің басқа мемлекеттермен шекара бойынша дауымыз жоқ.

Тәуелсіздікке тәубе етті. Журналистер қауымы. Сауытбек Абдрахманов та бар. Қаламмен қазақ деп жазуға асыққан. Әрбір сәт есінде. Президентті ұлықтау рәсімін айтты. Жүзі де жүрегі де күлімдеді. 

Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ президенті

-Сахна төріндегі Тудың ауыр шымылдықтың жел екпінімен құлап кетіп бара жатқанда Президенттің аспай-саспай тез бұрылып ұстап қалғаны. Жұрттың бәріне ерекше әсер етті. Жұрттың бәрі: «Енді Туымыз берік қолда», – деді. Міне, ширек ғасырдан аса уақыт болды сол Туды Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті ретінде берік қолда ұстап келеді.

Бодандықтан босау. Тарихи әділеттілік. Одан да қорыққандар болды. Экономикалық хаос. Валютаның өзгеруі. Көпті титықтатты. 1993 жыл. Жоғарғы Кеңесте 360 мүше. Оның 200-і орнынан түсті. Санасына берік. Болашағына үмітпен қарағандар тапжылмады. Қайролла Ережепов. Қабылданған құжаттардың барлығына куә. 

Қайролла Ережепов, ҚР Жоғарғы Кеңес төрағасының экс-орынбасары (1991-1993 жж. ) 

-Міне, біз сол 1990 жылғы 24 сәуірден бастап, 12-ші шақырылған Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясынан бастап, Қазақстанның Тәуелсіздігіне байланысты қажетті барлық құжаттарды қабылдадық.

Жалтақтамаймыз. Азатпыз. Жоғымыз түгенделді. Барымыз толықтырылды. Өзгелер қызғанады. Алпауыттар санасады. 

Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ президенті

-Біздің басты, ең қасиетті мерекеміз – Тәуелсіздік күні қыстың басында, жылдың соңында ауа райы қолайсыз кезде аталады. Арқа тұрмақ Оңтүстіктің өзінде күн суытады. Адамдар мерекелік сейілге шығуға кәдімгідей тоңып тұрады. Бірақ маған парадокс болса да айтайын, дәл осындай кезде Тәуелсіздік алғанымыз ерекше ұнайды. Осындай суық кезде келген Тәуелсіздік бізге оның қаншалықты қиын жағдайда келгенін, қаншалықты қадірлі екенін, қаншалықты қасиетті екендігін ерекше көрсетіп тұратын сияқты.

Ата заң берік. Ұлт түгел. Іргеміз бүтін. Қиыннан қиыстырдық. Түрегелдік. Оптимистердің айтқаны орындалмады. Пессимистер таныды. Тарих түзілді. Тәубе!

Авторы: Эльвира Тағайқызы

7. Тәуелсіздік тынысы

Барға шүкір. Жоққа сабыр. 16 желтоқсан – Тәуелсіздігімізге тәубе деп, болашаққа бағдар жасайтын күн. Бірілігімізді бекемдеп, тірлігімізді түгендейтін текті күн. Мерекені Астананы айнала жатқан аймақтар тегіс тойлады. Облыстарда өндірістер ашылды. Баспана берілді. Спорттық нысандар салынды. Балабақшалар мен емханалар ашылды.

Тәуелсіздік күні әр өңірде өзіндік ерекшелігімен жұртылықтың есінде қалмақ. Ең бастысы, басы артық шығын болған жоқ. Ат шаптырып, ас беріп, думандатуды жөн санайтын қазекем, түлкі заманда, тазы боп шалуды, яғни үнемдеуді үйрене бастағандай. Той-томалақ, үлкен концерттердің орнына аймақтарда түрлі әлеуметтік нысандар ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. 

Мәселен, Петропавлда 16 желтоқсан күні 280 бүлдіршін балабақшаға барды. Мерекеде пайдалануға берілген қос қабатты әсем ғимарат жергілікті халық үшін ең үлкен сый. Алайда сүйінші хабар мұнымен шектелмейді. Тап осы күні 150-ге жуық отбасына пәтер кілті табыс етілді. Сондай-ақ жас мамандар мен ата-ана қамқорлығынсыз өскен жастар да екі бірдей жаңа жатақханаға қоныстанды.

Әсемгүл Пилявская, қала тұрғыны

-Еліміздің Тәуелсіздік күнінде біз пәтер алып жатырмыз. Келешекте көбейсек деген ойымыз бар. Ол үшін пәтеріміз бар. Қорқатын ештеңе жоқ. Өте қуаныштымыз!

Ал Оралда Ұлттық Ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайы ашылды. Онда мақтанышқа айналған азаматтар мен Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан қаһарман ұл-қыздарымыздың ескерткіш-бюсттері қойылып, суреттері ілінген. Және Қазақ елінің Тұңғыш Президентіне арналған бұрыш пен Ұлы Отан соғысы жылдарынан қалған құнды жәдігерлер де бар. 

Тәуелсіздік мерекесінде бейбіт күннің батырларын да халық еске алды. Өзенге батып бара жатқан 4 жігітті құтқарып, өзі қыршын кеткен қарағандылық Оразмұхаммед Құмарға тағайындалған «Ерлігі үшін» медалін облыс басшысы марқұмның әкесіне табыстады. Не бары 20 жастағы жігіттің бұл ерлігі ел есінде. 

Бақытжан Құмар, Оразмұхаммедтің әкесі

-Жалғыздан айырылудың қандай екенін түсінесіздер ғой. Отанымыз тыныш болсын. Ұлы мерекенің қарсаңында бізді елеп, баламыздың ерлігін ескеріп жатқан ел-жұртымызға рахмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Еліміздің шығысында аумағы 4 мың шаршы метр болатын мұз айдыны пайдалануға берілді. Енді балалар қыс бойы осы жерде коньки теуіп, спорттың тағы түрін тереңірек игеретін болады. 

Сонымен қатар осы күні бірнеше жұп отау құрды. Бұдан былай, олар үшін 16 желтоқсан қос қуанышқа айналмақ. Жалпы аймақта мерекеге орай 300-ге жуық шара ұйымдастырылды.

Ал Павлодар қаласындағы алюминий зауытында жұмыс жасайтын тәуелсіздік құрдастары меркеге ерекше сый жасаған екен. Олардың «Мен Қазақстаннанмын!» атты рэпі әлеуметтік желі тұтынушыларын бірден баулап алған. 

Қостанайда халыққа қызмет көрсету және заманауи теннис орталықтары ашылды. Бұл жағымды жаңалық қала тұрғындарының қуанышын еселей түскендей. 

Мереке күні орталыққа жиналған жұртшылық концертті тамашалап, түрлі ойындар мен байқауларда бақтарын сынады. Ақындар жырдан шашу шашып, қылқалам шеберлерінің өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. 

Қонысбек Бегайдаров, қала тұрғыны

-Бұл мереке адамның бойында, жүрегінде қалыптасқан, мынау тамырыңмен бірге қалыптасқан мереке. Бүкіл мерекелердің атасы деп білемін. Сондықтан мынау мерекеміз құтты болсын!  

Ақтөбеде «Туған жерге тағзым!» акциясы ұйымдастырылды. Мектеп түлектерінің бірі өзі білім алған қара шаңырақтың спортзалына заманауи жабдықтарды тарту еткен. Ондағы ойы кейінгі ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына өз үлесін қосу еді. 

Тағы бір азамат «Түлек кз» сайтын ашып берген.  

Ал еліміздің бас қаласы Астанада «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 161 отбасына пәтер кілті табыс етілді. Баспана сатып алу құқығымен жалға беріліп отыр. Шаршы метрі – 1120 теңге. Тәуелсіздік күні қос қуанышты тойлаушылардың бірі – Нұржан Ысқаққызы.

Нұржан Қарабақсина, пәтер иесі

-Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығында алдым осы үйді. Өте қуаныштымын. Өз басым көп балалы жанұяданмын. Менің балаларым да қуанып жатыр. Ризамын.

Ал Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттері айрықша флеш-моб өткізді. Саксафон мен барабанда патриоттық туындыларды шебер орындаумен қатар, 16 санын тізген жастар өнерімен және тапқырлықтарымен көпшілікті тәнті етті.

Сонымен қатар «Бәйтерек» монументі алдында, «Хан шатыр» сауда орталығының жанындағы мұз қалашығында арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне арналған концерттер ұйымдастырылды. Онда Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары елдігіміз бен бірлігімізді дәріптейтін, азаттығымызды ту ететін патриоттық әндерді шырқап, халыққа отансүйгіштік рух сыйлады. 

Сәлімкүл Асанова, Жезқазған қаласының тұрғыны

-Осындай мерекені көруге арнайы Жезқазған қаласынан келіп отырмыз. Бүкіл қазақстандықтарға зор денсаулық тілеймін. Бақытты болайық. Заманымыз тыныш болсын! Еліміз аман болсын! 

Жалпы, мереке күндері әлеуметтік желілерде құттықтаулар легі толастамады. Ғаламтор арқылы шынайы тілектерімен бөліскен жұртшылықтың дені «Тәуелсіздігіміз баянды болсын!»,- деген ұранмен ойларын түйген екен. 

Айдар:

-Дербестігіміз мәңгі болсыншы, достар! Одан асқан бақыт жоқ. 

Қарлығаш: 

-Бізде бардың бәрі азаттықтың арқасы. Қолда бардың қадіріне жете білейік!

Дидар:

-Отанымыздың іргесі берік, болашағы баянды болғай! Мереке құтты болсын, ағайын! 

Тәуелсіздіктің 24 жылдығын осылайша тойлаған халық, азаттыққа қол жеткізген тағдырына тәубе деп, болашаққа үлкен сеніммен қарышты қадам жасауда. Тәуекелшіл қазақстандықтардың ендігі ұлттық идеясы − Мәңгілік Елге айналу.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Қанат Әбілдін