Жеті күн. 26.03.2016 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн. 26.03.2016

  • Сенбі, 26 Наурыз 2016 23:59
Сюжеты
1.Елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті 2.Сайлауда халық белсенділік танытты 3. «Нұр Отан» сайлаушылардың 82 пайызының дауысын жинады
4. Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды 5. Елбасы VI шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты 6. Халықаралық байқаушылар сайлау барысына оң баға берді
 
7. Елбасының Жарлығымен бірнеше кадрлық тағайындау жасалды 8. Наурыз – жыл басы   

1.Елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті

Сонымен сайлау мәресіне жетті, сәтті өтті. Отандық әрі халықаралық байқаушылардың қай-қайсы да Қазақстандағы науқанға ашық, айқын және әділ деген баға берді. Халықтың белсенділігі – бір бөлек әңгіме. Сайлауға қатысу көрсеткіші 77 пайызды еңсерді. 

Ал саяси додаға түскен алты партияның үшеуі оқ бойы озық шықты. Ұлыстың ұлы күнінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындыларын жариялады.

«Нұр Отан» 82,20 пайыз, Қазақстан коммунистік халық партиясы 7,14 пайыз, «Ақ жол» 7,18 , «Бірлік» 0,29, ЖСДП 1,18, «Ауыл» 2,01 пайыз дауыс жинады.

Осылайша «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының 84 мандатын, «Ақ жол» 7, Қазақстан коммунистік халық партиясы да 7 мандат алды. 

Ал бейсенбі күні үш партиядан Мәжіліске баратын депутаттардың есімдері белгілі болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отанның» Саяси кеңесі бюросының отырысында депутаттық мандаттарды бөлу кезегі анықталды. Елбасы кандидаттардың бекітілген тізімі барлық талаптарға сай екенін айтты және партияның алдына бірқатар міндеттер қойды.Үкіметпен тізе қоса отырып, Ұлт жоспарын және Бес реформаны жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сайлауалды бағдарламаны дер кезінде орындау, «Нұрлы жолға» қарастырылған, сондай-ақ бюджетте бекітілген қаражаттың тиімді жұмсалауын бақылау – мұның бәрі «Нұр Отанға» жүктелген міндет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

-Перед депутатами от партии «Нұр Отан» стоит ряд задач. Первое – совместно с правительством продолжит работу по законодательному обеспечению плана нации по реализации пяти институциональных реформ. Нужно обеспечить партийный мониторинг реализации принятых в рамках нации 59 законов и разъяснений. Второе необходимо вместе с правительством обеспечить качественную и своевременную реализацию предвыборной платформы программы за которую в общем-то голосовали казахстанцы. Совместно с правительством предстоит разработать утвердить перечень показателей по исполнению предвыборной программы с учетом замечаний, предложений, которые были высказаны в ходе предвыборной кампании. И этот мониторинг желательно вести каждые полгода. Третье – усилить партийный  контроль за реализацией программы «Нұрлы жол», за эффективным расходом выделенных государственных средств. Четвертое – надо содействовать выявлению и решению актуальных проблем населения. Они всегда есть, для этого нужно задействовать все партийные проекты. 

«Сайлауда халық партияға үлкен қолдау көрсетті. Осынау жоғары сенімді жаңа шақырылым депутаттары ақтауы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Науқанның ашық әрі әділ өтуін қадағалаған халықаралық байқаушылар жақсы баға бергені белгілі. «Бұл қазақстандықтардың бірлігінің, тұтастығының белгісі», – деп қостады саяси кеңес мүшелері.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

-Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді сайлаудағы осы жеңіспен шын жүректен құттықтаймын. Бұл шын мәнінде Сіздің арқаңызда орын алды. Халықтың Сізге деген сенімі шексіз. Біздің партияға дауыс бергенде халқымыз ең алдымен Сізге сенім білдірді. Және Сіз жүргізіп жатқан реформаларға қолдау көрсетті. Бұл сайлау қазақстандықтардың татулығының кемелдігін тағы көрсетті.

Анатолий Башмаков, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

-Осы сайлауда қазақстандықтар бір мүдделі, бір мақсатты қоғам қалыптасқанын тағы да дәлелдей білді. Еліміздің түрлі ұлт пен ұлыстары біртектілік танытып, науқанды абыроймен өткізуге атсалысты. Осылайша біз бірлігіміз бен тұрақтылығымызды одан әрі нығайта түстік десек болады. Ұстанған бағыт бағдарымыз да айқындалды.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісіне «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттармен кездесіп, сайлаушылардың артқан сенімін ақтап, қысыл-таяң шақта қырағылық танытып, қажырлы еңбек етуге шақырды.

Сайлауды сәтті өткіздік деп бір сәтке де арқаны кеңге салмадық, қайта қауырт болса да, осы аптаның ішінде мерекеден кейін іле-шала заң талаптарына сай бүкіл рәсім орындалды. 

Ал жұма күні алтыншы шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы өтті. Сессияны Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашты. Нақты міндеттерді атады.

2.Сайлауда халық белсенділік танытты

Сайлаушылардың дәл осындай белсенділігі ел тарихындағы Парламент және мәслихат сайлауында тұңғыш рет болды. Қазақстанға келген мыңға жуық байқаушы дауыс берудегі құлшынысқа таңдай қағысты. Наурыздың 20-сы күні Президент те сайлауға келді. Конституциялық құқығын пайдаланды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

 -Дүние жүзінің алдында біз заңды түрде осы сайлауды өткізіп, Парламентті  және жергілікті билікті өзгертуге жұмыс істеп жатырмыз.Осы жағдайды пайдалана отырып, халқыма тағы да бір ризашылығымды білдіремін. Былтыр  Президент сайлауы өтті, биыл Парламент сайлауы өтіп жатыр. Барлығы да жауапкершілікті түсініп, жаңашылдық керек екенін түсініп, халыққа қызмет ету үшін білімді, білгірлі депутаттарды сайлау үшін дауыс беріп жатыр.

Қоғам белсенділері мен қайраткерлері науқаннан шет қалмады. Халық қаһарманы Айдын Айымбетов, Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Александр Винокуровтар өз таңдауларын жасады. 

Жезтаңдай әнші Бибігүл Төлегенова да бір кісідей сайлауға дайындалып келді. 

Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық әртісі

-Мен дауысымды өзімнің балаларым үшін, болашақ немере-шөберелерім үшін, еліміз үшін, халқымыз үшін беремін. Көптеген жақсылыққа барамыз. Соның өзіне мың шүкір, тәуба деймін.

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы

-Жарқын болашақ береді. Біздің таңдауымыз  еңбек, бірлік, тұрақтылық.

Соғыс ардагерлері мен елге еңбегі сіңген ерлердің де осы күндегі белсенділігін айтпасқа болмас. Олар да жарқын болашақ үшін дауыс бергендерін алға тартты. 

Абзал Ерәлиев, Қазақстанның Еңбек Ері

-Елім дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып, ел үшін қызмет ететін елжанды ұрпақтың аренаға шығуы  әрине, ол осы заманның талабы. Бүгінгі күнгі сайлау үлкен ауызбіршілікпен, бірлікпен өтіп жатыр.

Таңсәріден сайлау учаскесіне ағылған ағайынның легі көп болды. Жас та жасамыс та осында. Көбісі отбасы мүшелерімен бірге қол ұстасып келді. Көпбалалы аналар мен үлгілі жанұяларды көптің ішінен бірден тануға болады. 

Нәсіпбай Ерғасенов, ардагер, теміржолшы

-Сайлаудың маңызы өте зор. Сайлау  біз үшін мереке. Отбасымызбен Ерғасеновтар әулеті келіп, дауыс бердік. 

Рауза Шамғанова, көпбалалы ана

-Еліміздің тағдыры бізге маңызды. Сол балалардың болашағы үшін бар дауысымызды осы бүгін сайлау учаскесіне келіп,  бала-шағамызбен беріп тұрмыз. 

Шымкенттегі №1 облыстық перинаталдық орталықта бұл күні бес сәби дүниеге келді. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері таң ертеңімен перзентхананың ішін аралып, жаңа босанған аналарға жылжымалы урналарды алып барды. 

Мәдина Көкенова, №1 Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері

-Біздегі аналар да өздерінің белсенділігін танытып жатыр. Орталыққа негізінен облысымыздың түкпір-түкпірінен жүкті әйелдер келеді. Мақсатымыз – аналарды аман есен босандырып алу. 

Шығыс Қазақстан облысында 100-ден астам мешіт бар. Онда қызмет ететін имамдар өздері тіркелген сайлау учаскелері бойынша дауыс берді. Сондай-ақ өңірде осы күнді 10 жұп отау құру үшін әдейі таңдапты. Жас жұбайлар  өмірлеріндегі ең қуанышты сәттің тарихи күнмен және Наурыз мейрамымен  тұспа-тұс келгенін жақсылыққа балап отыр.  

Дина Мұхамеджанова,  тұрғын

-Наурыз айында үйленуге  келістік. Қарап отырсақ, 20-сы сайлау күні екен. Осы күні үйленуге шешім қабылдадық. Азаматтық борышымызды өтеп, бәрі енді жақсы.

Өткен сайлауда Атырау облысы бойынша 3 мыңнан астам адам еңбек ауысымында болған. Дегенмен олар маңызды шарадан тыс қалған жоқ. 

Арнайы тікұшақтар мен автокөліктер жұмылдырылып, мұнайшылар еңбек ырғағын бұзбай өз еріктерін білдірді. 

Ал ақтөбелік студент Назым Жәнібектің ел өмірі үшін маңызды саяси науқанға алғаш қатысуы. «Мен өз қатарластарымның сайлауда белсенді болып, ел болашағына бей жай қарамай, таңдау жасап жатқанына қуаныштымын», – дейді ол.

Назым Жәнібек, колледж студенті

-Бүгін еліміздің болашағы үшін өте жауапты шешім қабылданатын күн және мен де өз дауысымды бүгін беріп, өз азаматтық міндетімді орындадым. Соған өте қуаныштымын. 

Сайлау  мерекеге айналды. Ұлы Дала халқы кемел болашағын осылай таңдады. Ел астанасынан бастап шалғайдағы ауылдардағы жұрт үшін дауыс беру міндет емес мәртебеге айналды. 

Авторы: Эльвира Тағайқызы

3. «Нұр Отан» сайлаушылардың 82 пайызының дауысын жинады

Нұрсұлтан Назарбаевты Республикалық қоғамдық штаб өкілдері зор қошеметпен қарсы алды. Түн ортасы ауғанымен, көптің көңіл-күйі көтеріңкі. Себебі бұл тарихи сәт.

Сайлаудың алдын ала қорытындыларының алғашқы мәліметтерін «Хабар» арнасының тікелей эфирінде «Демократия институты» жариялады. «Экзитпол нәтижелері бойынша, «Нұр Отан» сайлаушылардың 82 пайызының дауысын жинап, биылғы кезектен тыс сайлауда жеңіске жетті», – деді қоғамдық ұйымның директоры Юлия Кучинская.

Бұл хабарды Мемлекет басшысы жақтастарымен бірге естіді. Олардың қатарында жазушы, спортшылар мен мәдениет майталмандары көп болды. Қоғам және мемлекет қайраткерлері де қуанышқа ортақтасты. Бір айға созылған науқанда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген белсенділерге Елбасы өз алғысын білдірді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Экзитполдың біз естіген нәтижесі бойынша сайлаушылардың басым көпшілігі «Нұр Отанға» өзінің дауысын беріп, сенім артты. Біздің партиямыздың әрбір мүшесі халықтың осы қиын-қыстау замандағы сенімін аса қадірлеуі керек. Жауапкершілігімізді одан әрі ұстауымыз керек. Сондықтан мен бүгін барлық дауыс берушілерге ризашылығымды білдіремін. Екіншіден, «Нұр Отан» үшін жанкүйер болып жұмыс істеген барлық өңірлік штабтарға, жер-жердегі бізбен көмек жасаған адамдарға 30 мың адам қатынасты. Ол жеңіс жай болған жоқ. Бірнеше жылдың жұмыс нәтижесі деп санау керек. Барша қазақстандықтарды «Нұр Отан» партиясының ұлы жеңісімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Зор табыстар, болашақта көп жұмыстар тұр алдымызда. Сондықтан барлығына жан аямай қызмет етіп, халқымызды қуантады деп сенемін. 

Асқар Мырзахметов, Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі 

-Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз қазір мына миллионнан аса нұротандықты жеңіспен құттықтап отырсыз. Біз осы миллионнан аса нұротандықтар осы жеңіспен ең алдымен Сізді құттықтағымыз келеді. Өйткені тек нұротандықтар емес, жалпы «Нұр Отанға» дауыс берген сайлаушылар қазақстандықтар деп айтуға болады. Осы жеңісті алдымен Сіздің жеңісіңіз деп есептейді.

Халықтың зор сенімін арқалаған нұротандықтар ресми мәлімдемеден кейін «Жеңімпаздар форумын» өткізді. «Сарыарқа» велотрегінде жиналған партияның жақтастары Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты ыстық ықыласпен қарсы алды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Құрметті отандастар! Құрметті қазақстандықтар! Форумға жиналған барша қауым, бәріңізді кешегі өткен сайлауда жеткен жеңісімізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл «Нұр Отан» партиясының жеңісі  біздің халқымыздың жеңісі. Бұндай бірауыздық, мынау аласапыран заманда дүниедегі ешбір ел, ешбір халық көрсетіп отырған жоқ. Біздің қазақтың, қазақстандықтардың ерекшелігі дәл осында.

Қазақ елінің бірауыздылығын күллі жаһан жұрты көрді. Науқанға қызығушылық танытқан шетелдің байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шартарапқа Мәңгілік ел халқының өз таңдауын жасап, бірлік пен тұрақтылығын бекемдей түскенін жариялап, сайлау барысына жақсы деген баға берді. Бұл жетістікті Президент халықтың бірлігі және ынтымақтастығымен байланыстырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Бүкіл дүниенің алдында, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында, 60 мемлекеттің бақылаушылары, өзіміздің байқаушылар, 200-ден астам ақпарат құралы, дүние жүзінің ақпарат құралдары біздің сайлауымызды демократияның шыңында деп айтты. Бұл біздің жетістігіміз. Қазақстан бұдан былай өзінің шынайы демократиялық ел екенін, осындай өте ашық, заңды түрде сайлауды өткізетінін және көппартиялы болып өткізетінін бүкіл дүниеге дәлелдеді. Мінекей, біздің жетістігіміздің ең ұлысы осы болады. Осы орайда мен республикалық сайлау штабына, өңірлердегі штаб мүшелеріне, екі жүз сегіз біздің штабтарға, отыз мың жанкүйерге, әсіресе жастарға шын жүрегімнен алғысымды айтамын.

Билік партиясы құрылған сәттен бастап ел сенімін ақтап, биік тұғырдан көрініп, елдің саяси, экономикалық әрі әлеуметтік өміріне белсенді атсалысып келеді. Ұйымның негізгі басымдығы – әрине, ең алдымен ел-жұрттың қамын жасау, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ықпалдасу. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы істің бәрі нәтижелі жүргізіліп отырғандықтан, халық сенімі биыл да «Нұр Отанға» ауып, үлкен міндет жүктелгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Наурыз мерекесімен бірге келген біздің қуанышымыз, сайлауымыз, бұрын-соңды болмаған белсенділік, 77 пайыздан артық халық келіп, 82 пайызы біздің елімізге, біздің «Нұр Отанға» дауыс бергені  өте үлкен қолдау, сенім. Сол сенімді ақтау үшін біз жұмыс істеуіміз керек.  

Тамыры терең ағаштың діңгегі бекем. Сол сияқты әр мемлекеттің өскелең ұрпағы – елдің кемел келешегінің кепілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдау танытып, белсенді болған халыққа, әсіресе жастарға ыстық ықыласымен батасын беріп, бірлік пен татулықты сақтап, ұлт-ұлыстардың достастығын жоғалтпай, Тәуелсіздігімізді қадір тұтуға шақырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сендерге жастарға менің беретін батам бірінші, айтатын аманатым, Отанды сақтап, Тәуелсіздікті құрметтеп, қасық қандарың қалғанша осыны құрметтеп, осыны білу бірінші, екінші қазақтың, Қазақстанның бірлігін сақтап, ел ішіндегі көпэтносты халықтың бірлігін сақтап, ешкімді ренжітпей, сендерді де ешкім ренжітпей, аман-есен болып, Алла, Жаратқан ием, сіздерге зор бақыт пен денсаулық берсін.   

Асқар Мырзахметов, Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі

-Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді тағы да үлкен жеңісіңізбен құттықтай отырып, Сіз межелеген келелі мақсаттарға жету жолында нұротандықтар бір кісідей жұмылатынына тағы да сенімді екенімізді жеткізгім келеді. 

«Сын сағатта барша Қазақстан халқы болашақ жолын таңдады», – деді форумға қатысушылар. Олардың арасында белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, танымал спортшылар, зиялы қауым өкілдері болды.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры

-Ұлы даланың ұлы мұратын, Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді, қайратымызды жұмсаймыз. Ал мәңгі елдің мығым іргетасын Сізбен бірге, Сіздің саяси тірегіңіз «Нұр Отанмен» бірге қалаймыз. 

Жұрағат Баман, тілші

«Нұр Отан» партиясының сайлауда 82 пайыз дауыс жинап, халықтың сеніміне ие екенін тағы бір көрсетті. Бұл еліміз ұстанған бағыт-бағдар бір екенін айқындайды. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық. Міне, осы үш ұғым  әрі қарай дамуымыздың діңгегі. Форумға қатысқандар Қазақстанның бір мүдделі, бір мақсатты ел екенін тағы да дәлелдеді.

Форум соңы мерекелік ән-шашуға ұласты. Жиналғандар көктемгі жайма шуақ көңіл күйлерімен Наурыз меркесімен тұспа-тұс келген саяси додадағы жеңістерін тойласты.

Авторы: Жұрағат Баман, Айдос Меделбеков

4. Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды

Апта басында елордадағы бейбітшілік және келісім сарайына жиналған түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері төменгі палатаға 9 бірдей кандидат ұсынды. Дауыс беруге Президент Нұрсұлтан Назарбаев та келді.

Өз таңдауын жасаған Нұрсұлтан Назарбаев бюллетенін жәшікке тастады. Одан соң аймақтардан келген Ассамблея өкілдерімен әңгімелесті. Тіпті өзінің қолсағатын сол жердегі қариялардың біріне сыйға тартты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ассамблея от имени 100 этносов делегирует своих 9 депутатов, которые должны защищать интересы всех, такого нигде в мире нет. Наблюдатели всего мира говорили об этом, что это уникальный опыт, который надо распространять. 962 этнических объединения на местах, во всех областях дома Дружбы, есть возможность молодежи, детям не забывать свой язык, свою культуру, историю этим и обогащаемся. Я пользуясь случаем, хочу сказать вам огромное спасибо. Сделать Казахстан удобным для всех домом это наша с вами задача. Это в наших руках.

Ассамблея ұсынған 9 кандидаттың үшеуі бүған дейін де Мәжіліс депутаты болған. Енді олардың қатарына Сауытбек Әбдірахманов пен Владимир Божко да қосылды. Бұл сайлауға Ішкі істер министрінің орынбасарын Алматы облысындағы Ассамблея өкілдері ұсынған екен. «Жұрт сенім артып, қолқа салғаннан кейін келістім», – дейді өзі.

Владимир Божко, «Нұр Отан» партиясының мүшесі

-Ешқашан мені қандай да бір қызметке тағайындаңызшы деп сұранған емеспін. Маған Ассамблея атынан депутаттыққа кандидат атаныңыз деп ұсыныс айтты. Мен оны қабыл алдым. Үміттерін ақтауға тырысамын. Әрине, біраз қобалжу да бар бойымда. Төтенше жағдайларға бюджет қаражатының да дұрыс бөлінуін қадағалаймын.

Кандидаттарға дауыс бері үшін еліміздің әр аймағынан 400-ге тарта Ассамблея өкілі келді. Айта кетейік, әр үміткер сайлаушылардың 50 пайыздан артық дауысын жинауы шарт.

Әскер Пириев, Түрік этномәдени орталығының төрағасы

-Біздің мына сайлаудың өзі үлкен бізге қазір әрі мереке, әрі тарихи оқиға. Неге десеңіз, бірлік, тұрақтылық және жасампаздықтың тарихы  келешектің тарихы. Бүгін бізге жаңалық ретінде көрініп отыр. Бірақ ол тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатын үлкен-үлкен оқиға деп есептейміз.

Бұл сайлауда еліміздің саяси элиталары да өз таңдауын жасады, Президент аппаратының жетекшісі Нұрлан Нығматулин, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтер лайық деп тапқан кандидаттарын бюллетеньнен белгіледі.  

Орал Шәріпбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

-Ассамблея мүшелерінің атынан сайланып жатқан депутаттар олар тек қана өзінің ұлтының, өзінің халқының, не болмаса өзінің этносының мүддесін қорғамайды. Олар Қазақстанның мүддесін қорғайды. Қазақстан елінің мүддесін қорғайды. Қазақ мемлекетінің мүддесін қозғайды. 

Дауыс санау нәтижесі көрсеткендей, кандидаттардың барлығы тиісті межені еңсерді. Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыровтың айтуынша, Ассамблея сайлауына 372 адам қатысып, өз таңдауларын жасаған. Ал үміткерлерге берілген дауыстар саны келесідегідей. 

Игілік Жалбыров, Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы 

-Депутаттыққа үміткерлерге берілген дауыстар саны: Сауытбек Абдрахманов - 345, Владимир Божко - 349, Наталья Жумаділдаева - 343, Роман Ким - 346, Наринэ Микаелян - 336, Ахмет Мурадов - 339, Шаймардан Нурумов - 337, Юрий Тимощенко - 341, Шакир Хахазов - 342. 

Осылайша еліміздің этномәдени бірлестік өкілдері өздері лайық деп тапқан кандидаттарын төменгі палатаға жіберді. Енді олар саяси белсенділіктерін Мәжіліс мінберінде байқатпақ.

Авторы: Талғат Уәли

5. Елбасы VI шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты

Жаңа саяси маусымның бастауы. Алтыншы шақырылым депутаттары бірлескен отырысқа асық. Зәулім залда ескі әріптестер қауышып, жаңалары танысып жатты. Екі ай бойы тым-тырыс болған Мәжіліске жан біткендей. Саяси элитаның саңлақтары осында жүр. Бұл шақырылымның жүгі жеңіл емес. Қызметі қиын-қыстау кезеңге келіп отыр. Дағдарыстан елді аман-есен алып шығуға септігі мол болмақ. Құрамында үш партия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бар жаңа Мәжіліс тек жаңа белестерге бастауы тиіс. Әуелі заңнамалық қамтамасыз ету тұрғысында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жаһандық даму тұрғысынан аса күрделі кезеңге сәйкес келді. Әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз сіздерге зор сенім білдірді. Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі.

Қазір күллі әлем дамуы тежеліп тұр. Қазақстан бұл күрделі кезеңді өткеру үшін алдын ала қамданып қойған. Ұзақмерзімді стратегия, «Нұрлы жол» мен Ұлт жоспары бекіді. Терең күйзеліске тап болмағанымыз да сондықтан. 

Мемлекет басшысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан Ұлт жоспарын жүзеге асырудың аралық нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Қазірдің өзінде Қазақстан жаңа құқықтық ортада өмір сүріп жатыр. Заман талабы сондай. 59 заң қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік аппарат жаңарған ережелерге сай жұмыс істеуде. Қызметінен командалық ауысу тоқтатылды. Алдағы уақытта да негізгі жоспарды жүзеге асыруда босаңсу болмасын», – деді Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Я чувствую сейчас желание чиновников опять спустить на тормозах кое какие вещи, и из ста шагов которые мы наметили ничего не должно поправляться, ничего не должно искривляться в году каких то чиновников нам местах. Я еще раз предупреждаю ответственных лиц.

Заңнамалардың дені экономиканы ілгерілету үшін қабылданды. Әуелі бизнестің мүддесіне лайық екінін айтты Президент. Инвестициялық қарқын күшейіп, аграрлық салаға стратегиялық инвесторлар тартылды. Жаңа өндірістер бой көтеріп, алдағы 10 жылда 660 мың жұмыс орны ашылады. Жақын арада Қазақстан жаһандық логистиканың бөлшегіне айналмақ. Еуразиялық транс континентті дәліз қалыптасуда. Біздің ел арқылы Ляньюньган портына беттеген бір ғана логистикалық аймақтың өзі жүк тасымалын 7 есе артырып отыр. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін заң шығарушы органның Үкіметпен етене жұмыс істеуі қажет. Президент қос органның алдына бірқатар тапсырмалар қойды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Во-первых, надо принять единый налоговый и таможенный кодекс, который обеспечит прозрачность всех финансовых процедур. Во-вторых, с принятием кодекса «О недрах и недропользовании» будут аккумулированы в одном законодательном акте все нормы, регулирующие отношения в этой сфере. В-третьих, нужны изменения в действующее законодательство по вопросам электроэнергетики. Это требуется для процесса укрупнения энергопередающих организаций. В-четвертых, в рамках второго этапа реформирования антимонопольной сферы необходимо внести изменения и дополнения в законодательные акты по вопросам конкуренции. В-пятых, следует модернизировать законодательство в части дальнейшей передачи государственных функций в конкурентную среду. 

Сарапшылар бұл міндеттердің ел экономикасы үшін аса қажет екенін алға тартты. «Әлемдік дағдарыс жағдайында ең алдымен экономиканы жандандыратын заң жобалар қажет», – дейді. 

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлімінің басшысы

-Елбасы атап өткендей, ең алдымен жаңа кеден кодексі керек. Одан бөлек экономиканың әрбір секторын Ұлт жоспарының экономикалық реформаларын жүзеге асыруға үлкен заң жобалар кешенін дайындау керек болады. Соның ең алғашқы кешенді жұмысын Парламент жүргізеді. 

Білім саласын да бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Алдағы уақыт еліміз бес күндік оқу аптасына көшуі мүмкін. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-В школах всех развитых стран действует пятидневная учебная неделя. Ребенку дают восстановиться, педагогу – отдохнуть и подготовиться к урокам. В некоторых из них действует даже четырехдневная учебная неделя. И переход на такой формат сегодня общемировой тренд развитых стран. Ученые уже научно доказали, что при сокращении продолжительности учебной недели повышается результативность обучения. Нам также нужно внедрять эту практику. Министерству образования и науки нужно начать хотя бы с начальной школы. 

Ең бастысы, мемлекеттік органдардың жұмысы ашық жүргізілуі тиіс. Мұны Елбасы тілге тиек етті. Есепті мемлекет құру үшін ауқымды реформалар жүргізілуде. Мемлекеттік органдар жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Барлық министрліктер мен әкімшіліктерде қоғамдық кеңестер құрылуда. Қағазбастылық айтарлықтай азайды. «Азаматтар үшін Үкімет» корпорациясы құрылды.  

Осылайша Ұлт жоспары жаһандық жағдайда қоғамдық келісім мен ел экономикасын дамытуға жұмыс істеп жатыр. Бұл қадамдар негізгі мақсатқа, дамыған 30 елдің қатарына енуге бір табан жақындатты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Хочу особо отметить, что в новых условиях возрастает общеполитическая роль и ответственность Парламента в целом и каждой из его палат. Надо усиливать межпартийное взаимодействие парламентариев, добиться слаженной работы всех фракций и депутатских групп. Важная задача активное участие казахстанских депутатов в международном межпарламентском сообществе. Уверен, что новые депутаты оперативно включатся в работу, а депутаты прежнего состава обеспечат преемственность и быстрый переход на новые рельсы.

«Депутаттар бұл жұмыстарды жалғастыруы тиіс. Сол үшін жасақталған Мәжілістің құрамы қолайлы», – дейді сарапшылар. Дені – тәжірибелі заңгерлер мен экономистер. 

Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Өзім заңгер ретінде, енді әділет саласында 20 жыл бойы қызмет істедім. Ең бастысы – қабылданатын заңдардың сапалылығы, қазақ тіліндегі заңдардың сапалылығы. Алдымызға қойып отырған бес реформаны қамтамасыз ететін заңдарды тиісті деңгейде қамтамасыз ету. 

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Қарапайым өмірден түсіп, мына үлкен өмірге қадам аттағаннан кейін адам өзгеріп кетеді деп айтады. Жоқ, ол олай емес. Қазақта жақсы мақал бар. Гүл жапырағымен сыйлы, жақсы адам жыртық тонымен сыйлы. Халыққа көзқарасың түзу болса, халық та солай қарайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Жаңа әріптестерімізбен танысып жатырмыз. Енді кеше ғана кездестік. Бірақ енді біраз азаматтарды білеміз. Олар өзінің жаңа ойларын, тың ойларын алып келеді деп сенеміз. 6-шы шақырылымдағы Мәжіліс Елбасының тапсырмаларын орындауға қабілетті, мықты кадрлар жиналды деп есептеймін. 

Жиын барысында жаңадан сайланған халық қалаулылары ант берді. Жауапты қызметке кіріскені көрініп тұр. Қобалжу байқалды жүздерінен. Тіпті президиум мен трибунаны шатастырып алғандар бар. 

Елбасымен өткен жиыннан соң Мәжіліс жалпы отырысын өткізді. Ереже бойынша жаңа құрам өз төрағасын сайлайды. Дауыс беру нәтижесінде бірауыздан палата спикері етіп Бақтықожа Ізмұхамбетовты таңдады. 

Одан соң төрағаның екі орынбасары тағайындалып, олар да президиумға жайғасты. Конституциялық заң аясында депутаттар Үкімет басшысына да сенім білдіріп, дауыс берді. 

Сөйтіп басты басымдықтарын айқындап алған халық қалаулылары жұмысқа білек сыбана кірісті. «Заң шығарушы ұйымды алда игі істер күтіп тұр», – дейді сарапшылар. 

Зулфухар Гаипов, Саяси ғылымдарының докторы

-Өткен бесінші сайлаудағы біз базасын жасадық заңнамалық. Енді солардың бәрін жүзеге асыру үшін бұл Парламент тағы да жаңа заңдар қабылдау керек, сол арқылы біз сол Елбасының 5 реформасын, «Нұрлы жол» бар, солардың барлығын жүзеге асыруға тиіспіз. 

Депутаттардың дені кабинеттеріне орналасып та үлгерді. Ел үшін маңызды құжаттар осы бөлмелерде жасақталады. Осылайша алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс алғашқы күнінде-ақ реттелген жүйелі жұмыстың үлгісін көрсетті. Депутаттардың жартысынан көбі – жаңа азаматтар. Демек, заң жобалармен жұмысы да енді басталмақ. 

«Бұл жерде өмірлік тәжірибе маңызды», – дейді өздері. Өмірбаяндарына көз жүгіртсек, өңір-өңірде қомақты істер атқарып келгендер топтасыпты. 

Авторы: Мұхтар Ыбырайым

6. Халықаралық байқаушылар сайлау барысына оң баға берді

Партиялардың саяси портретін айқындаған, халықтың бірлігін, азаматтық ұстанымын көрсеткен науқан. Сарапшылар осылай сөйледі. Бірі: «Үгіт жүргізу кезеңінің қара пиарсыз, ешбір даусыз өтуі – саяси мәдениеттің қалыптасқаны», –деген ой түйді. Енді бірі: «Партиялар интернет ресурстарды пайдалану жағын әлі де жетілдіру түсуі керек», – деген пікір айтты. 

Джейкоб Зенн, Jamestown Foundation сарапшысы

-Мен Қазақстанда жүргеніме 1 айға жуық уақыт болды. Халықаралық байқаушы ретінде сайлауға қатысушылардың барлығының сайлау кампаниясымен таныстым. Мұнымен қоса аумақтарға сапар кезінде сайлау учаскелеріне барып, саяси науқанды ұйымдастыру, өткізу барысымен тереңірек таныстым. Сондықтан сайлау өте жоғары деңгейде өтті деп сеніммен айта аламын. 

Жарқын Түсіпбекұлы, Саясаттанушы

-2012 жылы АҚШ-тағы Президент сайлау кезінде халықтың 30 пайызы әлеуметтік желіде посттарды оқығаннан кейін мойындаған. Өзгелерді сайлауға баруға үгіттеген. Бұл тенденцияның бізге де келгені кешегі парламенттік сайлаудан да байқауға болады. Біздегі саяси пиардың, саяси технологияның стратегиялық жүрістері заманға сай өзгеріп отыруы керек.

Сайлаудан кейінгі саясаттанушылардың пікірлері арнайы жинаққа топтастырылады. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Қазақстандағы парламенттік сайлау: негізгі қорытындылар мен пікірлер» атты сараптамалық баяндама әзірледі. Талқылау кезінде сайлауалды кампанияның, партиялар мен халық  белсенділігінің өзіндік ерекшеліктері айқындалды. Үгіт-насихат кезеңіндегі шараларға да баға беріледі. Бұған дейін өткізілген сайлаумен салыстыра отырып, талдау жасалады. Айта кету керек, бұл – тәуелсіз отандық және шетелдік сарапшылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазір мамандар барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауына қатысты ой-пікірлерді зерделеп жатыр.  

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры 

-Саяси партиялардың саяси бағдарламаларына талдау берілген. Сайлауалды бағдарламаларының мазмұнымен сайлауалды штабтарының жұмыс істеуіне талдау берілді. Бұрынғы сайлаулармен салыстырмалы талдау бердік. Бүгінгі Парламент шақырылымындағы құрамы қандай болды? Қатысқан саяси партиялардың барлығына саяси портрет бердік.

Сайлау барысын мыңға жуық шетелдік байқаушы бақылады. Олар да өз бағасын берді. 

Ел үшін маңызды күнде сайлаушылармен бірге байқаушылар да жүрді. Олар әдеттегідей дауыс беру рәсімінің әділ өтуін сын таразысынан өткізді. Миссиялары жексенбіде аяқталған олар елдеріне оралмас бұрын көрген білгендерін, көңілге түйгендерін айтып қалысты. Орталық сайлау комиссиясы ғимаратының есігі бір сәтке де жабылған жоқ. Малайзиядан келген байқаушы сайлауға бала-шағасын ертіп барған ата-анаға тәнті болды.

Мохд Хашим Абдулла, Малайзия сайлау комиссиясының төрағасы

-Маған сіздердің сайлауға кішкентай балаларыңызбен келгендеріңіз ұнады. Бұл жастайынан азаматтық борышын өтеуге баулу, жүрекке партриоттық сезім ұялатудың мықты тәсілі деп ойлаймын.

Бұл жолы сайлау науқанымен бірге Ұлыстың ұлы күні – Наурыз да тойланды. Жыл жаңарған уақытта ел болып депутаттарды жаңарту шарасына қатысқан сайлаушылардың көңіл-күйі де көтеріңкі болды.

Азизи Насиров, ШЫҰ Байқаушылар миссиясының басшысы 

-Сайлауға дайындық барысын, дауыс беру және дауыстарды санау процесін бақылаған сарапшылардың барлығы сайлаудың ашық өткенін, қажетті ақпараттың жан-жақты таратылғанын айтты. Саяси партиялар, депутаттыққа кандидаттарға тең мүмкіндік берілді. Сайлау демократия нормаларына сай өтті.

Қазақстан – әлемнің алпауыт елдерімен бірге іргелес мықты ұйымдармен ынтымақтастық орнатып отырған ел. 1 мыңға жуық шетелдік байқаушы келіп, саяси науқанды бақылады. ТМД миссиясы бар, Шанхай және Ислам ынтымақтастығы ұйымдары, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесінен, басқа да бірлестіктерден ат арытып жетті. 

Қазақстанда талай рет болғандары бұған дейінгі сайлау процестерімен салыстырмалы түрде бағалап, әзірліктің мығым екенін айтып жатты. «Бұрынғыдай емес, халықтың саяси санасы сергек, жетіле түскен», – деді ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев. 

Сергей Лебедев, ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы

-Сайлау кезеңін өткізуде қарқынды даму барын байқадық. Өткен жылғы Президент сайлауында да келіп едік. Дауыс берушілердің белсенділігі де, сайлау учаскелерінің дайындығында да серпін бар. Әсіресе комиссия мүшелерінің арасынан жастарды көргенде қуандым.

Саяси науқан кезінде барлығы мыңға жуық халықаралық байқаушы келді. Солардың арасында германиялық Андреас Ян да бар. 

Андреас Ян, Халықаралық байқаушы (Германия)

-Біз тіпті сайлау аяқталған кезде, халықтың даусын санаған кезде де болдық. Бәрі әділ өтті. Бір айтарым, гендерлік теңдік те сақталған. Қазақстандық әйелдер аса белсенді екен. Жалпы көпшілікпен тілдескенде халықтың өз билігінен үміт күтетіні, сенім артатыны байқалып тұрды.

«Албанияда, Өзбекстанда, тіпті туған жері Германияда да мұндай белсенділік байқамадым», – деп таңданды Андреас Ян. Канададан келген Маргарет Скок 12 сайлау учаскесін аралап үлгерген.

Маргарет Скок, Халықаралық байқаушы (Канада)

-Мен өзге халықаралық байқаушылармен сөйлестім. Бір ақсақалдан не үшін дауыс бердіңіз деп сұрадым. Ол: «Мен қарт болсам да, ұрпағымның болашағы үшін үлесімді қосқым келеді», – деді. Бұл сөздер жүрегімде қалып, қатты әсерлендім.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы төрағасы, Австриядан келген Вольфганг Гроссрук та қазақстандықтардың сайлауға қатысуға деген құлшынысы, электоралдық кампанияның жұмысы туралы көзбен көріп, көңілге түйгенін айтты.

Вольфганг Гроссрук, Халықаралық байқаушы (Австрия)

-Бұл Австриядан келген байқаушылардың Қазақстанға осымен 10-шы сапары. Алғашқы кездерге қарағанда, қазір халықтың белсенділігі жоғары.

АҚШ сарапшылары партияларға қойылған 7 пайыздық шектеудің тиімділігін атап өтті. Себебі саяси тәжірибесі жоқ ұйымдардың ертең тың идеялар ұсынуы неғайбыл.

Владимир Сокор, Халықаралық байқаушы  (АҚШ)

-Егер Ақш-та Парламент сайлауына халықтың 40 пайызы, Еуропада 50 пайызы келсе, сіздерде 77 пайыздан астамы дауыс берді. Бұл ерекше көрсеткіш. Сонымен қатар дауыс берушілердің басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына сенетінін байқадық. Бұл халықтың партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімі.

Аболхассани Шахреза Али, ИЫҰ Хатшылығы департаментінің директоры

-Сайлау тыныш, еркін өтті. Біз еш учаскеде заң бұзушылық байқамадық. Шағым түскен жоқ. Мен Қазақстанмен серіктестікті жоғары бағалаймын. Түркітілдес халықтың Жаңа жылы Наурыз мерекесі де осы сайлауға дөп түсіпті, адамдардың көңіл-күйі де көтеріңкі болды.

Бірінен соң бірі пікірлерін білдірген байқаушылардың ішінде аспан асты елінің өкілі Яо Пэйшен де болды. Ол сайлауда заң нормалары сақталып, ешкімнің құқы тапталмағанына сенімді.

Яо Пэйшэн, ҚХР Қазақстандағы бұрынғы елшісі

-Жұмысын қорытындылаған біздің делегация атынан сайлаудың ашық өткенін айтқым келеді. Қазақстан жалпыға ортақ халықаралық құқық нормаларын сақтай білді.

АҚШ-тың тағы бір топ әлеуметанушылары Қазақстанда осымен 6-шы сайлауды бақылағанын айтты.

Дональд Бонкер, Халықаралық байқаушы  ( АҚШ )

-Барлығы лайықты деңгейде ұйымдастырылған. Сайлаушылардың партиоттық сезімі ерекше әсер етті. Белсенділік белгісі қазақстандық сайлаушылардың саяси сауатының арта түскенін білдіреді.

Сырт көз сыншы. Қазақстан осылайша әлем қауымдастықтары мен ұйымдары өкілдерінің алдында саяси доданы абыроймен атқарды. Байқаушылар бағасынан кейінгі байлам осы.  

Авторы: Индира Жылқайдарова

7. Елбасының Жарлығымен бірнеше кадрлық тағайындау жасалды

Ауыс-түйістер бүгін де жалғасты. Президенттің Жарлығымен Нұрлан Ноғаев Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Ол осыған дейін Батыс Қазақстан облысына жетекшілік етіп келген. 

Мұнайлы өңірдің жаңа басшысын облыс активіне Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин таныстырды. Тағайындалған әкім бүгін облыстағы ардагерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің алдында елдің және Елбасының сенімін ақтауға уәде берді.

Ал Алтай Көлгінов Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ол осыған дейін Орал қаласының басшысы қызметін атқарды. 

Бүгін Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин өңірдің жаңа жетекшісін облыс активіне таныстырды. Алтай Көлгінов еңбек жолын Әділет министрлігінде бастаған. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері Агенттігінде, Бас прокуратурада жұмыс істеген. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары да болған.  

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі

-Елбасының сеніміне ие болу – үлкен жауапкершілікті сездіреді және үлкен мәртебе. Сондықтан барлық күш-жігерім мен білім-тәжірибемді Елбасының сенімін ақтауға, өңірдің дамуына, әріптестерімізбен бірге халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсаймын.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Президенттің Жарлығымен Павлодар облысына да жаңа басшы тағайындалған еді. Ол 44 жастағы Болат Бақауов. Бұған дейін Павлодар қаласы әкімі қызметін атқарған. Жаңа жетекшіні облыс активіне Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллин таныстырды. 

Болат Бақауов – осы өңірдің тумасы. Еңбек жолын қатардағы жұмысшысы болып бастаған. Бизнесте жинаған тәжірибесі мол. Мемлекеттік салада жауапты қызметтер атқарған.  

Ал аймақтың бұрынғы жетекшісі Қанат Бозымбаев Энергетика министрі болып тағайындалды. Президенттің тиісті Жарлығы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. 

Ал салаға бұған дейін жетекшілік етіп келген Владимир Школьник қызметінен босатылды. Ол 2014 жылдың тамызынан бері Энергетика министрі лауазымын атқарып келген. 

8. Наурыз – жыл басы

Әз Наурыз келді еліме! Күллі Қазақстан Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Астанадағы мерекелік бағдарламаны Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады. Елбасы көпшілік алдына қазақтың зерлі шапанын киіп шықты. 

«Астана Арена» маңында орналасқан этноауылға халық көп жиналды. Киіз үйлер тігілді. Әсем ән мен тәтті күй тойдың көрігін қыздырды. Жиналғандар ұлттық ойындарды тамашалады. Балуандар күресті. Қолөнершілер мен зергерлер жұртшылықа өз бұйымдарын ұсынды. Тойшы қауым бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татып, мәз-мейрам болысты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз барша халқымызға құтты болсын! Осы жерге жиналған халыққа, барлық қазақстандықтарға бақ-береке тілеймін шын жүрегімнен. Ұлыстың ұлы күні кешегі сайлаудағы ұлы жеңісімізбен қатар келді. Сондықтан біз қазақ халқы, қазақстандықтар бір үйдің баласындай, бір колдың саласындай аман-есен жүріп жатқан жағдайымыз бар. Осы бірліктен Құдай бізді ажыратпасын әр уақыт. Барлық істеліп жатқан жұмыс  келер ұрпақтың қамы. Келер ұрпаққа беретін аманатымыз елдің бірлігін сақтап, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай күтіп, қорғап, болашаққа жол салатын болсын. Жаңа жылда, жаңарған көктемде жер жаңарады, ел жаңарады. Біздің еліміз де жаңарып келе жатыр.

Наурыз – ынтымақтың бастауы. Араздасқан татуласады. Алыстағы бауырлар қауышады. Наурыз – ырыс-құттың бастауы. Ақ көбейіп, дастарқан толады. Осындай ұлық мейрамды Қазақстан халқы бір атаның баласындай ауызбірлікте  тойлады. 

Серік Сәулебеков, Астана қаласының тұрғыны

-Кең болсын қазағымның керегесі. Кетпесін Алла берген берекесі. Алаштың баласына несіп еткен, Құтты болсын Наурыз мерекесі.

Гүлзира Бөкейханқызы, Астана Қаласының Тұрғыны

-Жуанның жіңішкелеп, жіңішкенің үзілетін кезі. Көктем мерекесі құтты болсын! Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын!

Асхат Сұлтан, Астана қаласының тұрғыны

-Тек қана жақсылық болсын. Аспанымыз осы күндей ашық болсын! Жеріміз тыныш болсын!

Сұлушаш Елубайқызы, Астана қаласының тұрғыны

-Елім, жерім аман болсын! Болашақтың иесі жастар аман болсын! Осындай бақытты күнге жеткізген Елбасымыз аман болсын! Әрқашан да той тойға ұлассын! 

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әдеттегідей бірлігінен жаңылмай, саяси науқанды сәтті ұйымдастырып, ендігі мақсат-мұратына қадам басқан қазақ елі Наурызды айрықша атап өтті. 

Күллі түркі жұртының төл мерекесі Наурыз елімізде халықтық мейрам ретінде қалыптасты. Өйткені көктем тойы биыл да Қазақстанда айрықша аталып өтті. 

Ибадулла Тәутенов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

-Тіршіліктің, жан-жануардың, өсімдіктің, барлық биологиялық ағзалардың қозғалатын мезгілі. Мал төлдеп, ақ молайып, ел тіршілігінің, егіншіліктің басталатын кезеңі Наурыз құтты болсын!

Ғалымдар бұл күннің маңызын ілкіде айтып кеткен еді. Күн мен түннің теңеліп, жаңа күннің бастау алар шағын дүйім жұрт жайдары жүзбен, үмітті оймен қарсы алған. Өткен күнге өпке айтпай, жаңа күннен жақсылық күткен. Сөйтіп ұлан-асыр той жасап, жұртшылықтың жаны жылыған. 

Ұлыстың ұлы күнін Жетісу халқы бар сән-салтанатымен қарсы алды. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір ауылының тұрғындары кең жазыққа ақшаңқан үйлер тігіп, ұлан-асыр той жасады. 

«Өлкеге ырыс қонып, бақ дарып, жыл басы Наурыз елімізге жақсылық әкелсін», – деген ауыл ақсақалдары жиналғандарға батасын берді. 

Шымкент жұрты бұл күнді әдеттегіден өзгеше тойланды. Сахна маңына 36 ақ шаңқан киіз үй тігіліп, алтыбақан тұрғызылды. Мереке «Наурызнама» деп аталған театрландырылған қойылыммен басталып, ұлттық киім киген қыздар би билеп, күміс көмей әншілер тамылжытып ән салды. 

Ерлан Айтбаев, Шымкент қаласының тұрғыны 

-Табиғат жаңарып жатыр. Одан қалса, кеше ғана сайлау өтті. Ол да Қазақстанның жаңаруы. Бүгінгі мереке мен кешегі мерекенің ұштасуы – ел жаңаруы. Сондықтан Қазақстанға жаңару мерекесі, Наурыз мерекесі құтты болсын! 

Ал Маңғыстау жастары Ұлыстың ұлы күні теңіз жағасын күйге бөледі. 50-ге тарта жыр-термеші, күйшілер Каспий жағалауын домбыра үнімен тербеді. 

Солтүстікқазақстандықтар да Наурыз мерекесін өзіндік нақышпен тойлады. Тоқшылық жылы, той жылы болсын деген ниетпен қала көшелерінің бірінде кең дастарқан жайылды. 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай дастарқанда 25 метрге созылды. Ас мәзірі де әртүрлі. Қазақ, орыс, татар, поляк сынды жүзден астам ұлттың ұлттық тағамдары қойылды. Ал тіл үйіретін тағамнан қала тұрғындары мен қонақтары қалауынша дәм татты.

Сағындық Салмұрзин, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының жетекшісі

 -Біз бір халық болған соң бір дастарқан болу керек. Сондықтан «Бір дастарқан бір халыққа» деген көрме болып жатыр. Әртүрлі ұмытылған да, қазіргі қолданыста пайдаланып жүрген тағамдар көрсетіліп жатыр. Ол енді біздің байлығымыз. 

Осы мейрамда Сыр өңірі салт-дәстүрді тағы бір жаңғыртты. Тәуелсіздік құрметіне Наурызбен нақыштап 25 Сыр перзентінің тұсауы кесілді.

Мәскеуде мерекелік шара 35 мың адамның басын қосты. Ұлыстың ұлы күнін атап өту – он жылдан бергі дәстүр. Десе де, осынша адам алғаш келді. Наурызда әдетте ұлттық тағамдар фестивалі мен шығармашылық көрме өтеді. Ала шапан киген өзбектер, билеген палестиналықтар және бауырсақтан халыққа ауыз тигізген қазақтар осында. 

Серік Тойғанбаев, Мәскеу ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті 

-Бұл көп ұлт үшін ортақ мереке. Мына жерде қаншама халық жиылғанын көрдіңіздер. Көктемнің шырайлы мінезімен үндескен мейрамда халықтың көңіл-күйі де көтеріңкі. Бұл расымен де рухани азық алатын шара. 

Күн мен түннің теңелген күнін армян халқы да тойлайды. Аманор мерекесі, яғни Жаңа жыл мейрамын атап өтті. Жаңа жылды қарсы алу шарасы Гарни шіркеуінің маңында от жағудан басталады. 

«Тілек айту кезінде жоралғылар дұрыс орындалса, жыл жақсылық әкеледі», – деп сенеді жергілікті халық. 

Сергей Симонян, Мереке мейманы

-Көнеден бері тойланып келген дәстүрлі Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Біздің бабамыз Айк күнтізбесін жасап, келер ұрпаққа қалдырған. Ол парсы, тәжік және өзге де шығыс елдерінің күнтізбесімен үндеседі. 

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын мәлімдеді. 

Ресми мәліметке қараған адамның көзі сүрінеді. Демек, жалпы халықтық мерекенің мазмұны терең екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан қазақтың да қанына сіңген жыл басы тойын ізгі ниетпен қарсы алған жұртқа жақсылық әкелсін деген тілік бар бізде.  

Авторы: Сәкен Сейітханұлы 

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.