Хабар телеарнасы

Жеті күн 24.09.2016

Сюжеттер
1. Тәуелсіздік бізге не берді? 2. Жетісу жеріндегі өркенді істер 3. Алматы қаласы жаңаша дамуға бет алды
4. Теріскей өңірінің ширек ғасырдағы табысы 5. Елбасы құтты мекен Қостанайға жұмыс сапарымен барды 6. Жұртшылықпен жылы жүздесу
7. Технологиялық парк ашылды 8. Осы аптада Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады 9. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сыртқы сауда-экономикалық байланыстар дами түспек
10. Азық-түлік неге қымбат? 11. «Нұрлы жер» қалай жұмыс істемек? 12. 61% қазақстандық электронды қызметті пайдаланады

1. Тәуелсіздік бізге не берді?

Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырдағы қол жеткізген табыстары дағдарыстан да маңызды. 25 жылда егемен ел болып қалыптасты. Мемлекеттілігін нығайтты. Дүние жүзіне танылды. Дамыған елдермен тең дәрежеде өркендеуге бет алды. Тәуелсіздікке тәубе. Торқалы тойды толағай табыспен қарсы алғалы отырмыз. Бірақ биылғы мереке – даңғаза дақпырт, көл-көсір шаттық тойы емес, өткенді бағдарлап, саралайтын мәртебелі мейрам. Әрбір жетістікті әрбір азаматтың сезінуі айрықша маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Елдің экономикасы жақсы болса, қуаты күшті болады. 25 жылдық Тәуелсіздік келе жатыр. Ол тек қана той тойлау емес, әрбір қазақстандық тұрғын 25 жылдықтың жемісін көру керек.

25 жылда қандай жетістіктерді бағындырдық? Кеше қандай едік? Бүгін қандаймыз? Тарихқа шегініс.

Мәселен, осыдан 15 жыл бұрын 22 қыркүйекте Алматы облысының  орталығы Талдықорған қаласына көшірілген. Содан бергі санаулы жылда шаһардың сәулеті жаңарды. Тірлігі де түзелді. Тек қала емес, аймақ тіршілігі түбегейлі өзгерді. Зер салыңыз, 25 жылдағы жетістік орасан. 

Аймақ халқының саны 300 мыңға көбейіп, 2 миллионға жуықтаған. Ішкі жалпы өнім соңғы 15 жылда 144 миллиард теңгеден 2 триллион 84,5 миллиард теңгеге дейін өсті. «100 мектеп пен 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде 17 аурухана мен емхана, 88 дәрігерлік амбулатория мен медициналық бекет салынды. Білім беру, мәдениет пен спорт салаларында жетістік көп. 136 мектеп, 42 балабақша, 22 спорт нысаны ел игілігіне берілді. 

Салыстырып қарайық. Өңірде 6 жыл бұрын мектепке дейінгі тәлім ошақтарының саны небары 47 болса, қазір 406-ға жеткен. Соның 57 пайызы – жекеменшік балабақша. 200-ден астам ауылда мәдениет үйі және кітапхана ашылды. 148 елді мекен орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Биыл жыл соңына қарай «Батыс Еуропа- Батыс Қытай», «Алматы-Талдықорған» автокөлік жолдарын жаңғырту жұмыстары, сондай-ақ «Алматы- Талдықорған» газ құбырын тарту құрылысы аяқталады. 

Өңірде құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. 41 мектеп, 84 балабақша салынуда. 400-ге жуық ауылда жолдарды жөндеп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір Алматы облысындағы аға буын осындай жарқын өмірге жеткенімізге шүкіршілік етсе, жас ұрпақ келешекке сеніммен қарайды. Ел дамуы жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор деп біледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Талдықорған деген кезінде облыстың атынан айрылып қалғанда қиын жағдайға түсіп, қаланың жағдайы мүшкіл болғаннан кейін мен облысты қайта орнына келтірдім. Шекара жақын аймақ болғаннан кейін халықтың көп болғаны жақсы.

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының бүгінгі жай-күйімен танысты. Жергілікті халықпен жүздесті. Емен-жарқын әңгімелесті. 

2. Жетісу жеріндегі өркенді істер

Тәуелсіздік жетістіктері ел өмірінен айқын аңғарылады. Мемлекет басшысы жаңарған әуежайда Жетісу жеріндегі өркенді істердің атқарылу барысымен танысты. Елбасы: «Әр аймақта 25 жылдағы нәтижелі көрсеткіштердің осындай есеп тақта арқылы жария етілгені жөн», – деді. 

Президент Талдықорған қаласына осыдан екі жыл бұрын келген. Қазіргі көрініс бұрынғыдан өзгерек. Өйткені көп іс жүйесін тапты. Соның бірегейі – Алакөл мен Балқаш көлінің туристік аймақ ретінде дамуы. Жаз мезгілінде демалушылар саны артқан. Себебі көл аймағында инфрақұрылым жаңарып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Балқаш пен Алакөлдің жағасын игеретін болсақ, туризмның барлығы осында келеді. Әрине, Ыстықкөлде де бар, басқасы да бар. Қазақстанның ортасында тұрған елдердің демалатын жері болады. Халық білмейді, 5, 4 жұлдызды қонай үй бар. Денсаулыққа жақсы көлі бар. Мынандай аурухана орталықтар бар. 

Алматы облысының аграрлық саладағы ең басты жетістіктерінің бірі – қызылша мен жүгері егісінің қайта жолға қойылуы. Аймақта қант қызылшасын егетін шаруалар қатары жыл сайын артып келеді. 

Мәселен, былтыр өңір бойынша балтамыр алқаптары 3800 гектар болса, биыл бұл көрсеткіш 6800 гектарға жетті. Ол, әрине, әуелі мемлекеттің қолдауының арқасында. Жәрдемнің жемісін көріп отырған еңбеккердің бірі – Герман Нам. Президент шаруаның жайқалған алқабын көріп, жоғары бағалады. Себебі диқан: «Әр гектардан орташа есеппен 350 центнер өнім аламын», – деп отыр.

-Прошлом году было 120. А до этого было всего 20.

-До моей команды. Тогда не было у нас такой возможности, поддержки. Было 20 гектаров, стало 200 гектаров. 

-Еще есть возможность. 

-Увеличит до 500 гектаров. 

-Современная техника способен убирать до 500 гектаров. 

Облыстағы қызылша алқаптары былтырғымен салыстырғанда, 3 мың гектарға артық болғанымен де, аздық етіп тұр. Өйткені қанттың 90 пайызын Қазақстан өзге елдерден алады. 

Әбілхайыр Бексұлтанов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

-Медициналық норма бойынша. Азияда бір адамға медициналық норма 20 килограмм болатын болса, Қазақстанда 18 миллион адам халық бар, оған 360-380 мың тонна қант керек. Ал енді біз биыл 20 мың тонна қант өндіреміз. Біздің облыстың тұрғындары 2 миллион болатын болса, оған керегі 40 мың тонна, ал тең жартысын біз биыл қамтамасыз етеміз.

Облыс әкімінің айтуынша, 2020 жылы қызылша алқабы 14 мың гектарға жеткізіліп, 57 мың тонна қант өндірілмек. Аймақта Ақсу, Көксу және Қарабұлақ қант зауыттары бар. Соның негізінде облыстың қажеттілігін толық қамтымақ. 

Амандық Баталов соя өсімдігін өсіру де жанданып келе жатқанын жеткізді. Биыл 100 мың гектарға соя егіліп, одан 240 мың тонна өнім алмақшы. Қазақстанды қамтып қана қоймай, шетелдерге де саудаламақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Әр гектарға емес, гектарға субсидия аласыңдар да ертең өнім болады ма, болмайды ма, Үкіметтің ақшасы суға кетеді. Шығарасың, сол үшін аласың субсидияны. Сонда барлығы саған қалады. Содан кейін өнімділігін көтеру керек, ол үшін не керек? Ол үшін өңдеу керек. Айтып баяғыдан отырмын, осы өңірде туып-өсіп келе жатырмыз ғой. Алматы облысының ең бірінші дүрілдеп тұрғаны жүгері болатын. 

Тәтті тағамдарға, шоколадтарға қосатын крахмал қазір Алматы облысында дайындалады. Ол жүгеріден алынады. Биыл облыста 76 мың гектарға жүгері егілді. Жоспар бойынша одан 460 мың тонна өнім жиналады. 

Жаркент жүгерісін өңдеп, дайын өнім шығаратын зауыт алыста емес, ауданның өзінде орналасқан. Кәсіпорын крахмал, сірне, мал азығын шығарып, еліміздің әр өңіріне саудалайды. Болашақта Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан, Украинаға экспорттайды.

Әлібек Шәріпов, Жаркент крахмал-сірне зауыты директорлар кеңесінің төрағасы

-Біздің зауыт күніне, тәулігіне 170 тонна жүгеріні өндіреді. Жылына 60 мың тонна өндіріп жатыр. Біздің толық қуатымыз 2018 жылға таман 300-350 мың тонна болмақ. Соған барамыз деген ойдамыз.

Өңірдің дамуы аграрлық саламен тығыз байланысты. Сол себепті әр алқапты тиімді пайдалану жергілікті биліктің басты міндеті десек, ол жұмысты да әкімдік жүйелі атқарып отыр. Өткен жылдан бері мамандар облыс аумағындағы барлық жерді электронды картаға түсірді. 

Кімнің қалай игеріп отырғанын анықтады. Нәтижесінде босқа жатқан жерлер кері қайтарылып алынды.

Елбасы жердің жауапты әрі жанашыр азаматтарға берілуін қадағалауды тапсырды. Сонда ғана жерге күтім болады. Ел ризығы да молынан алынады.  

Президент «Текелі тау-кен байыту» зауытына да барды. Кәсіпорында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді. Жаңарған өндіріс орны осы жылдың аяғында іске қосылады. Жылына 400 мың тонна шойын өндіруге қауқарлы. 

Жетісу жерінде «100 мектеп пен 100 аурухана» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда. Биыл облыс орталығынан 300 адамға шақталған көпсалалы аурухана ашылды. Президент жаңа нысанның жұмысымен танысып, мамандармен жүздесті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Кадрлармен қамтамасыз ету қалай. Мамандар бар ма?

-Мамандар бар, түгел. Дефицит жоқ. Барлығының мамандығы дұрыс, дипломмен. Жаңағы қондырғылардың бәрін біледі.

-Где их обучали?

-Благодаря вашей политике, наши специалисты обучались зарубежом.

Халық қаһарманы Айдын Айымбетов оқушы кезінде Талдықорған қаласында жас технолог үйірмесіне қатысқан. Оның қосымша уақытын тиімді пайдаланғаны өз нәтижесін берді деп айтуға болады. Осыдан-ақ балаға жасында білім ғана емес бағыт-бағдар берудің қаншалықты маңызды екенін аңғарасың. 

Айымбетовтың жерлес ізбасарлары жан-жақты тәлім алу үшін  биыл жаңа оқушылар сарайы ашылды. Мұнда 45 үйірмеге 1800 бала қатысады. Елбасы талапты жастармен кездесіп, оларды білікті болуға шақырды. 

Бұл – жастарға қызмет көрсету орталығы. Жыл басынан бері 500-ден аса адамға кеңес берілген. Онлайн тәртібімен 3565 адам керекті мәлімет алған. Солардың жартысына жуығы жұмысқа орналасқан. Жастарға қызмет көрсету орталығынан кейін Президент «Жастар» саябағына аялдады. Жаңартылған парктің келбетін көрді. Жиылған көпшілікпен кездесті. Облыс белсенділерімен емен-жарқын жүздесіп, елдің жайын сұрады.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Жаңадан Талдықорған салынып жатыр. Оның бәріне мемлекет көмектесіп жатыр. Ауыл шаруашылығына да. Мен Талдықорғанға ылғи көңіл бөліп, қарап тұрамын. Жетісудың ортасы осы. Алдымызда істейтін жұмыс көп. Барлық халық болып жұмыс істеуіміз керек. Елдің экономикасы жақсы болса, қуаты, күші де мықты болады. 25 жылдыққа Тәуелсіздікке келе жатырмыз. Тек қана той тойлап, мереке жасау емес, әрбір Қазақстанның тұрғыны 25 жылдықтың жемісін көру керек.

Тәуелсіздік жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылды. Талдықорған қаласында салынған әлеуметтік нысандар, жаңа өндіріс орындары – соның айғағы. 

Халыққа тұрақты жұмыс табылып, қолайлы жағдай жасалды. Нәтижесінде әлеуметтік ахуалы түзеліп келеді. Осындай қарқынды жұмыс жүйесін көрген Елбасы Алматы облысындағы сапарын қорытындылап, облыс әкімдігінің жұмысына оң бағасын берді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Алматы облысының, Талдықорғанның жағдайын түзеу үшін Алматыдан Өскеменге дейін кәдімгі батыстағыдай автобан жол салынып жатыр. Ол қазір Талдықорғанға келді, Талдықорғанан Үшаралға барады. Ары қарай Өскеменге барады. Бұл жерде электр жүйесі бір-ақ жақтан келетін, енді солтүстіктен әкеліп жатырмыз. Теміржол торабы бар. Облыста су бар. Көтеретін жағдайды үлкен мүмкіншілік бар, ауылда да, қалада да, далада да. Соның барлығы дұрыс жұмыс істеп жатыр. Сондықтан әкімге, облыстық әкімшілікке істеп жатқан дұрыс шаруалары үшін мен ризашылығымды білдіремін.

Талдықорған – таң қалуға тұрарлық қала. Өйткені орталық жайқалып тұрса, аудандардың тірлігі берекелі екені байқалып тұр. Өңір дамуының жарқын кезеңі әлі де алда. Демек, Алматы облысының келбеті алдағы уақытта келісті бола бермек.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

3. Алматы қаласы жаңаша дамуға бет алды

Жетісу өңіріндегі Алматы қаласы да жаңаша дамуға бет алды. Мәдени руханият ордасы енді қаржы орталығына айналды. Өткен жексенбіде мыңжылдық мерекесін атап өткен шаһарға Елбасы ат басын бұрып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көрді. 

Жұмыс сапары барысында жаңадан бой көтерген №168 мектепте болды. Нысанның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып, оқытушылар құрамымен жүздесті. Мектеп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған. Құрылысына небәрі 4-ақ ай жұмсалды. Бірақ сапасында мін жоқ. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көз жеткізді. 

Көп ұзамай мұнда 600 оқушы білім алатын болады. Мектеп соңғы үлгіде салынған. Мультимедиялық сыныбы бар. Физика, химия, биология кабинеттері арнайы құрал-жабдықтармен жасақталған. Жұмсалған қыруар қаражаттың тең жартысын жеке инвестор төледі. Бастысы, нысанның ашылуымен жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Әкімшілік бизнесмендермен қосылып, жақсы бастама жасап жатыр. Енді осы жылдардың ішінде мемлекет талай ауқатты адамдарды тәрбиеледі ғой сен сияқты. Бар ғой! Мемлекеттік саясаттың арқасында ауқатты болдыңдар. Енді содан біраз халықпен бөліскен дұрыс. Мемлекет пен жеке бизнесмендер екеуі қосылса, сонда тез-тез осындай объектілер соғатын боламыз. Балабақшалар ашылып жатыр, мектептер ашылып жатыр. Еліміздегі ең үлкен қала болғаннан кейін 2 млн адамға жақындап келе жатыр, мектеп те керек, елдің ауқаты жақсарғаннан кейін баланың туу да көп болып келе жатыр. 

Жаңа мектептен таяқ тастам жерде тағы бір заманауи нысан бой көтерді. «Халық Арена» деген атау берілген көп функционалды мұз айдыны – Универсиада нысандарының бірі. 4 айдан кейін әлемнің 57 елінен келген хоккейшілер мұнда өзара мықтыны анықтайды. 

Кейін кешен тұрғындардың жаппай сырғанау орталығына айналады. Конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау секциялары ашылып, дербес хоккей командасы жасақталады. Мемлекет басшысы кешеннің келісті сәулетіне оң бағасын беріп, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Өткен Олимпиада көрсетті. Одан бұрынғылары да көрсетті. Мынау спортқа жастарымызды баулуымыз керек. Денсаулық болса, өмір де, бизнес те, ақша да, бәрі де болады. Денсаулық болмаса, ешнәрсе болмайды. Жастарды ең алдымен спортқа баулу керек. Борцы девчата наши хорошо показали себя на прошлых играх. Рекордное количество медалей получили. Но все равно больше надо. Казахстан показал себя спортивной державой. Там есть несправедливость, судейство подводит. Надо бороться!

Ал «Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығын» аралауы кезінде Елбасы домбырадан күмбірлете күй төгіп, жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. 

Кейін орталыққа өзінің осы жеке домбырасы мен әйгілі күйші Дина Нұрпейісоваға арналған «Дала әуендері» атты мүсінді тарту етті. Айта кетейік, кешенде мемлекеттік мұрағаттар қорынан алынған қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлерінің бірегей аспаптары қойылған.

4. Теріскей өңірінің ширек ғасырдағы табысы

Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап агроөндірісті жаңартуға ден қойды. Ата кәсіп бизнес кәсібіне айналды. Нарық талаптары енгізілді. Қазір міне нәтижесі айқын. 

Мәселен, аграрлық аймақтардың бірі Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 380 млрд теңгеге жетті. Бұл 25 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге артық.  

Өнеркәсіптегі табыс та екі есеге көбейген. Былтыр 166,9 млрд теңгенің өнімі алынды. Ал инвестиция көлемі 14 есеге артып, 155,4 миллиард теңгеге жуықтады. Өңірде өзге салаларда да өсім бар. Құрылыс қарқын алды. 25 жылда 3 миллион 224 мың шаршы метрден астам үй қолданысқа берілген.  

Теріскейдегі диқандар биыл мол табысқа кенелеміз деп отыр. Қазір бітік шыққан егінді жинау қамында. Осы өңірге жұмыс сапарымен барған Елбасы егіс басындағы қауырт жұмыс барысын көрді. Аймақтың даму қарқынын бағамдап, қоғам белсенділерімен жүздесті. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары әуежайды аралаудан басталды. Қазір мұнда жолаушылар терминалы жөнделіп жатыр. Былтыр ұшып-қону жолағы жаңартылған болатын. Сәтін салса, жыл соңына дейін әуежай кез келген ұшақты қабылдайды. 

Қазір аймақта егін орағы қызған шақ. Бүгінге дейін теріскейлік диқандар 4 млн тонна астық жинаған. Өнімділік жоғары биыл. Кейбір қожалықтар гектарынан 33-37 центнер дән алып жатыр. Осылайша, шаруалар мол ырыздыққа кенелді. Елбасымен бөлісер жаңалықтардың бірі осы. 

Бұл – «Шағала Агро» серіктестігінің комбайншылары, алқаптарда тер төгіп жүргендер. Ас атасының қадірін жақсы біледі. Аста-төк астықтың бір түйірін қалдырмай жинап алу міндеті. 

Елбасы егістік алқаптарын аралады. Шаруашылық көбіне астықпен шұғылданады. Биыл 23 мың га алқапқа дән сепкен. Дені – майлы дақылдар. Өнімділікті арттыру үшін тыңайтқыштар мен заманауи технологияларды көптеп пайдаланады мұндағылар. Мәселен, мына қаптар сабанды сақтауға ыңғайлы. Бірнеше жыл тұрса да шөптің құнарлығы жоғалмайды.

Мұхтар Ыбырайым, тілші

-Биыл күзгі жиын-терімге 8 мың комбайн жұмылдырылды. Олардың арасында Петропавлда құрастырылған техникалар бар. Мәселен, мынау Сампо Азия комбайндары шетелдіктерден артық түспесе, кем емес. Қазір жергілікті диқандар отандық өнімді егістік жұмыстарына молынан пайдаланып жатыр. Оның бір артықшылығы – жауын-шашыннан кейін дымқыл бидайды жинауға мүмкіндігі бар.

Аққайыңдар өлкесінде 13 аудан бар. Барлығы астық егеді. 4,3 млн га егістік десеңіз, оның жартысынан көбі – бидай. Ел астығының үштен бір бөлігі осы өңірге тиеслі. Биыл аймақ 5,5 млн тонна егін бермек. 

Жомарт Омаров, серіктестік директоры

-Елбасының нұсқауы бойынша жаңа көзқараспен қарап жатырмыз. Негізі майлы дақылдарға көшіп жатыр. Өйткені экономикалық жағынан, бағасы жағынан өте тиімді. Оның жұмысы, кішкене әуресі көп болғанмен, баға жағынан көп ұтамыз.

Биыл өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға қазынадан 23 млрд теңге құйылды. Қолдау қомақты. Оның сыртында мемлекет беретін субсидиялар бар. Шаруалардың ендігі міндеті  дайын өнім шығарып, шаруашылықты әртараптандыру. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ауыл шаруашылығында 25 пайыз халық тұрады. Ал адам басына шаққанда өнім – 800 мың теңге. Өндірісте 27 млн. Байқайсың ба, 20 есе. Бизнесте, сервисте 4 млн теңге. Сондықтан ана шығарған өнімнің өнімділігін көтеру керек. Ол қалай, мынаны өңдеу керек, сатып, ұн ретінде, макарон ретінде алсаң, осының өзі артады. 

Солтүстік Қазақстан – жері құнарлы өлке. Мұнда бидайдан бөлек, кез келген дақыл жақсы өседі. Енді шаруаларға өнімділікпен қатар, өнім сапасын арттыруға да зейін салған абзал. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ваше хозяйство доказало что ни только монозерновым может быть СКО. В свое время было когда целину поднимали , пшеницу давай что бы трава не росла. Всех овец уничтожили, здесь крупно рогатый скот. Так нельзя. Картофель растет у вас, лук растет, овощи, масличные культуры растут, то-есть здесь все растет. Самый высокий балл бонитет  это СКО. Хорошая земля. И всем надо идти к этому.

Теріскей бірнеше нарықтың тоғысында орналасқан. Демек тауар өткізетін жер іздеудің қажеті шамалы. Алып Астана мен көрші Ресей қалалары мұндағы өнімдерге кәдімгідей қызығушылықпен қарайды. Есесіне Орталық Азия елдері мен Қытайдың да ет, сүт, астық өнімдерін биыл көптеп алатыны белгілі. Демек бәсекеге қабілеттілікті тек күшейте беру керек. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Четвертого октября будет большой бизнес форум Россия-Казахстан, визит Путина. Еще раз посмотрим. Богом данный сосед, надо научится торговать, конкурировать с ними. Чтобы наши товары шли туда, и оттуда брать что нам надо. То есть, 25 лет, за эти годы сельское хозяйство я поставил на ноги. Я могу сказать, оснащены техникой, умения работать. Сейчас развиваем мясо производство, как вы видите в каких масштабах идем. 97 млрд только в этом году выделяется на диверсификацию. На создание кооперативов.

Бұдан бөлек, Елбасы Петропавл қаласындағы спорт сарайында болып, өңірдің аты шыққан спортшыларымен кездесті. Жабық мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежі бар кешен өткен жылы халық игілігіне тапсырылған болатын. 

Бүгінде спорт кешенінде мыңдаған адам хоккей, күрес, мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика, бокс және тағы да басқа спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысады. Айта кетейік, бұқаралық спортпен шұғылданатын өңір тұрғындарының үлесі қазір 30 пайыздан асады.

Александр Винокуров, Лондон Олимпиадасының чемпионы

-Әрине, Олимпиада жеңімпазы атанғысы келмейтін спортшы жоқ шығар. Сондықтан ол үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы. Қазіргі таңда бұл кешенде 1200-ден астам азамат спорттың 10-нан астам түрімен шұғылданады. Болашақта нақ осы жерден талай чемпиондардың шығатынын сеніммен айта аламын. 

Мұз аренасында жергілікті «Құлагер» хоккей командасының өкілдері Елбасыға команданың жеңіл жидесін естелікке сыйға тартты.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Руслан Жәкеев, Хасен Омарқұлов және Алмаз Омарғалиев 

5. Елбасы құтты мекен Қостанайға жұмыс сапарымен барды

Қостанайдағы машина жасаушы зауыттар 2020 жылдан бастап жылына 50 мыңнан астам көлік шығарады. 25 жыл ішінде Қостанай аграрлы өңірден индустриалды-аграрлы аймаққа айналды. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі  400 есеге өскен. 1991 жылы 10,4 миллион теңгені құраса, былтыр 443 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде кен өндірісінің үлесі 52 пайызға тең.

Бұл саладағы өнім өндіру көлемі бүгінде 161,3 млрд тенгені құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1991 жылғы көрсеткіш  2 жарым миллион теңгеге жуық болатын. Соңғы алты жылдың ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 82 инвестициялық жоба іске асырылды.

5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Машина жасау саласы қарқын алды. Дүние жүзіне белгілі «Пежо», «Ивеко», «Тoyota Фортунер», отандық «Nomad» маркалы автокөліктері құрастырылуда. Биыл қостанайлық зауыт 8 мың машина шығармақ. Ал әлеуметтік салада 25 жылда 4 жарым миллион шаршы метрге жуық баспана салынған. Сондай-ақ 16 мектеп, 3 балабақша, 22 денсаулық сақтау нысандары бой көтерді.

Жалпы өңірлік өнімнің 21 пайызы, ал еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 14 пайызы осы Қостанай облысының үлесінде. Қазақстан бойынша ұн өндіруде әзірге Қостанайдың алдына еш облыс түскен жоқ. Қашаннан ауыл шаруашылығымен даңқы шыққан өңірге осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен барды. 

Алқабы астыққа, қойнауы қазба байлыққа толы Қостанай облысының ел экономикасында үлесі аз емес. Астықтың астанасы саналатын Тобыл өңіріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл да диқандармен дидарласу үшін арнайы келді.

Күзгі жиын-терім науқанның қызған шақта шаруалардың жағдайын біліп, қарапайым халықтан хал сұрасу – Мемлекет басшысының басты қағидасының бірі. Құт дарыған Қостанайдың өзге өңірлерге қарағанда егістік алқабы шағын. Бірақ шығымы мен түсімі жағынан басқа аймақтардан оқ бойы озық. Оған бір ғана «Өтеулин» шаруа қожалығы дәлел. 2003 жылы құрылған қожалықта бүгінде 35 адам жұмыс істейді. 

Диқандар негізінен бидай, арпа, зығыр өсіруді қолға алған. Өз істерін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін фермерлер Президент алдында жетістіктерін жарыса жеткізді. «Қазақтың алтын бесігі ауылдың ахуалы оңалмайынша, экономиканың еңсесін тіктеу мүмкін емес», – деп атап өтті Президент. 

«Жер емген жұртқа жағдай жасап қана қоймай, жұмыстарын жүйелі жүзеге асыруға көңіл бөлу қажет», – деді Елбасы. Президент жергілікті атқамінерлерге санға емес, сапаға мән бере отыра шетелдің озық технологиясын меңгеру керектігін кезекті рет қаперге салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-В Канаде точно как наша земля. Я там был. Сколько они получают каждый год? Соны неге зерттемедің? Почему они больше получают? Я не знаю, он тоже не знает. Ты изучи технологию. Прежде всего сорт который дает производительность. Второе изпользование техники которое быстро сеют, быстро убирают. Третье минеральное удобрение и защита растение. Вот это внедряй.

Орақ науқанын бәйге деп білсек, қостанайлық диқандар сол доданың алдын бірнеше жыл қатарынан бермей келеді. Бұл – ең алдымен шаруалардың ынтасы мен жаңа технологияның жемісі. Екіншіден, мемлекеттік қолдаудың шарапаты.

Нұркелген Өтеулин, «Өтеулин» шаруа қожалығының басшысы

-Жыл сайын субсидиялау көлемі артып келе жатқандығын атап өткен жөн. Лизинг арқылы біз техникаларымызды жаңарттық. Көктемгі жиын терімге жанар-жағармайды 96 теңгеден алып, еш тапшылық көрмедік. Шығындарымыздың 20-30% мемлекет жауып отыр. Елбасының шаруаларға деген ерекше ықыласының арқасында диқандардың киімі көк, қарыны тоқ бүгінде. Мұндай қолдау барда құлшыныспен жұмыс жасауымыз керек.

Астықты өлке Қостанай тəттісімен де аты шыққан аймақ. Қазақстанлық бренд қалыптастырып үлгерген кәсіпорынның бірі – «Баян Сұлу» фабрикасы. 250-ден астам кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорыннан нәсіп тауып отырғандар қаншама. 

Мысалға, Қостанай тəттілеріне Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Германия және Қытай елдерінен сұраныс толастар емес. Фабриканы тамашалау барысында Президент тіл үйірер тәттінің сыры неде екендігін де нақтылап берді.

Бұл зауыт қызметкерлерінің Мемлекет басшысымен алғаш жүздесуі емес. Əр кезде бизнес жоспарлар сөз болып, алдағы атқарылар істер сараланады. 

Осы тұста жиырма жыл бұрын Президентпен жүздескен қызметкерлердің бірі де тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды еске алып, Елбасына кезекті рет алғыс білдірді.

-Почти двадцать лет назад вы посещали нашу фабрику. И мне сегодня посчастливилось быть второй раз участником встречи с вами.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Ну тогда были трудные годы. Мы с уверенностью смотрим в будущее. Когда то самым лучшим кондитерским был Карагандинский. Вы теперь обогнали. Мы очень рады.

Тамақ және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің барлығы осы өңірде өндіріледі. Химиялық қоспасыз табиғи таза тауарлар. Бір жарым мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған кəсіпорын жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейді.

Елдар Бақпаев, тілші

-Қазақстандық бренд деп танылған «Баян Сұлу» кәсіпорнының өнімдеріне елімізде ғана емес, өзге елдерден де сұраныс жоғары. Жылына шығарылатын 66 мың тоннаға жуық өнімнің 30 пайыздан астамы экспортқа жөнелтіледі. Тіл үйіретін тәттілігі ғана емес, жоғары сапалылығымен де ерекшеленетін өнімнің кереметіне біз де көз жеткіздік.

Кəсіпорын қырық жылдың ішінде талай тоқырауды да көрді, бірнеше дағдарысты да еңсерді. Алайда көштен қалмады, қазақстандықтардың көңілінен шығып, «енді төрткүл дүниенің төрт бұрышын мойындатсақ па?!», – дейді.

Гаухар Маханова, «Баян Сұлу» АҚ қызметкері

-Мен «Баян сұлу» фабрикасына жуырда орналастым. Әріптестерім болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі. Осы жұмыста абыройлы қызмет етіп, еліміздің гүлденуіне бар күш-жігерімізді жұмсаймын. Біздің өніміміз тек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал болып жатыр. Мен осы «Баян Сұлуда» жұмыс істегеніме өте қуаныштымын.

Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы толайым табыстарға толы. Қазақстанның ширек ғасырда бағындырған белестерінің арасында инновациядағы аяқ алысымыз айтарлықтай ілгерледі. Қазақстанда көлік құрастырылады деген жаңалық кезінде қиялдай көрінсе, бүгінде шынайы шындыққа айналды. 

Ал қазақстандық электромобиль өндірісіне тіпті де күмәнмен қарағандар жетіп артылады. Бұл мақсат та іске асты. Мұндай көліктердің алғашқы легі Елбасына таныстырылды. Бір шақырымға тек бір теңге шығын кететін электромобильді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тізгіндеп, темір тұлпардың икемділігін байқап көрді.

Елбасының көңілінен шыққан көлікті біз де тақымдамай кете алмадық.

Елдар Бақпаев, тілші

-15 минутта қуат алатын бұл заманауи электромобиль 240 шақырымды бағындыруға қауқарлы. Соңғы үлгідегі темір тұлпардың құны 8 млн теңге шамасында. Экологияға еш зияны жоқ бұл көліктер «Экспо-2017» көрмесі қарсаңында сатылатын болады деп жоспарлануда.

Қай тұрғыдан да тиімді көліктің ішінде ауа баптағыштан бастап жолаушыға қажеттігінің бəрі бар.

Андрей Лаврентьев, Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы

-Бүгін  біз үшін ерекше күн. Біз Президентке бірқатар электромобильді көрсетіп, жетістіктерімізбен бөлістік. Екі аптадан кейін осы көліктерді кез келген адамға сынап көру мүмкіндігі туады. Біз барлық кемшіліктерді ескеретін боламыз. Қуат беретін қондырғылар Астана мен Алматы қаласына және екі қаланың арасында қойылады. Арнайы мамандандырылған құрылғыға баруды жөн көрмегендер көлікке үйденде 220 вольттік тоқ арқылы қуат бере алады.

«Бізде мынадай бар, мынадай бар» деп санаулы сағаттың ішінде облыс басшылығы Президентке бар жетістігін көрсетуге тырысты. Бұл үшін тиісті бағасын да алып үлгерді. Тапсырмалар да аз болмады. Ал олардың нəтижесі келесі сапар барысында сараланатын болады.

Авторлары: Елдар Бақпаев, Жанұзақ Боранбаев, Өмірбек Ізімов Алмас Омарғалиев 

6. Жұртшылықпен жылы жүздесу

Аграрлық аймақтардағы бұл өзгерістерге қарап, нақты қорытынды шығаруға болады. Кезінде тұралап қалған әлжуаз сала еңсесін тіктеді. Даму бағыты айқын, жоспары ауқымды.

Қарышты қадамдар бүгінгімен шектеліп қалмайды. Агроөнеркәсіп кешенін бұдан әрі қарай дамыту үшін мемлекеттен 97 миллиард теңге бөлінеді. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендету мақсатында шағын несиемен қамту көлемі үш есеге көбейеді. 

Бұл туралы Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарындағы қоғам белсенділерімен кездесуінде айтты. Елбасының жергілікті халықпен өткізген ашық сұхбатын Достық Талғатұлы тыңдап көрді.

Елбасы Теріскейде қоғам белсенділерімен емен-жарқын әңгіме құрды. Президент үстел басындағылардың көбін сөзге тартып, жергілікті халықтың хал-ахуалын сұрап білді. Ашық сұхбат кезінде солтүстікқазақстандықтар өңірде, тұтас елде атқарылып жатқан шарапаты мол игі істер үшін Елбасыға алғыс білдірді. Қаузалған мәселе көп. 

Аграрлы аймақтың кәсіпкерлері негізінен жерден нәпақа тауып отыр. Егемендіктің арқасында Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында тың технологияларды қолданып, жоғары сапалы астық өсіруге мүмкіндік алды. Осы тұста шаруалар «Экономиканың негізі – ауыл шаруашылығы» деп, ата кәсіптің өрлеуіне жағдай жасап отырған Елбасы саясатының жемісті екенін алға тартты. 

Өңірдің ұстаздар қауымы да қалыс қалмады. Себебі білім саласында жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде Қазақстан жастары шетелде білімін шыңдап, бүгінде ел игілігі үшін еңбек етуде.

Рахат Әзімбаева,  мұғалім

-Үш тілді еркін меңгерген шәкірттерім әлемнің 20 шақты елінде білім алуда. Ең алдымен Сізге қаламыздағы Назарбаев интеллектуалдық мектебі үшін жеке ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі бізге Англиядан, Швейцариядан, Ресейден келген әріптестеріміз сіздерге үйретерімізден үйренеріміз көп деп таңдай қағып кетті.

Халық көп жерде ғана кәсіп өрге домалайды. Себебі тауардың тұтынушылары көп, сәйкесінше сұраныс пен табыс та бар. Серпін бағдарламасының діттегені де осы еді. Халқының саны аз Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік аймақтардан көптеген отбасы қоныс аударды. Бұл көштің арқасында шағын елді мекендердегі жабылудың шақ алдында тұрған талай мектеп жұмысы қайта жанданған.

Гүлнәр Есбатырова, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы

-Біз «Серпін» бағдарламасының көшін бастадық. Солтүстік салқын болса да, еш тоңғаным жоқ. Елдің ықыласы ыстық екен. Бәрі бірдей бауырына тартты. Мен өзімді осы өлкеде баяғыдан өмір сүріп келе жатқандай сезінемін. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында «Серпін» бағдарламасы бойынша мыңнан астам студент білім алуда. Біз оқуымызды аяқтаған соң, осы өңірде еңбек етіп, солтүстік аймақтың дамуына өз үлесімізді қосамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-«Серпін» бағдарламасын бірнеше жыл бұрын біз жүргіздік. Оңтүстікте өзіміз білеміз, еліміздің 10 миллионнан артық халқы тұрады. Жер тар. Жұмыссыздық көп. Оқуды бітіргеннен кейін жұмыссыз жүрген жастар көп. Сондықтан мына жерде мамандық алатын оқу орындары толмайды. Бала жоқ. Келіп оқып, мамандық алып, осы жерде қалсаңдар, мынау біздің жеріміз, отанымыз, кең жер, қолыңнан келеді. Оңтүстікте жермен жұмыс істеуді біледі. Ол өте жақсы.

Қостанай тұрғындары да Президентті ыстық ілтипатпен қарсы алды. Бұл облыс бүгінде аграрлы өңірден индустриалды-аграрлы аймаққа айналған. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы экономиканың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Аймақ жұрты Президентпен бірге өткенді саралап, болашаққа бағдар жасады. Сөз алған түрлі сала мамандары мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезініп отырғандарын айтты.

Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері

-Мына 15 жыл бұрын біз қырда кездесіп едік. Ол кезде біз тек қана дәнді дақыл себеміз. Оның ішінде 95 пайыз бидай болған. Сонда Сіз бізге: «Бидай біздің басты байлығымыз болса да, бірақ осы нарық уақытында бидаймен өсе алмайсыңдар», – деп айтып едіңіз. Міне қазір сол айтқан ақылыңыз бен соның нәтижесі бүгін осындай. Біздің «Қарқын» ұжымында егістікте бидайдың үлесі 65 пайызға дейін төмендеді. Ал майлы дақылдардың пайызы 25-ке дейін жетті. Міне былтыр бидайдың тиімділігі, пайдалығы 27 пайыз болса, рапстікі 45, күнбағыстікі 51, ал мынау зығырдікі 70-ке дейін жетті. Жетістік дейтін осы.

Бүгінде Қазақстан халқының 42 пайызы ауылда тұрады. Көбі – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, яғни төрт түлік өнімдерін саудалап, күн көріп жатқандар. Елбасы осы тұста кооперативтерді құрудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мы воссоздаем кооперативы. Были же кооперативы. Есть заводы, фабрики которые построенные, мясокомбинаты, молокозаводы, но они не загружены, потому что 80 процентов мяса и молока производится в частном секторе у каждого. Между его товаром и между базаром становятся два, три посредника, которые зарабатывают на нем деньги. Так вот этими кооперативами загрузить заводы, которые дадут товаропроизводителю большую стоимость продукции чем он допустим продал бы.

Егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстан Кеңес одағы кезіндегі шектеулерді алып тастап, кәсіп ашамын деушілерге мейлінше қолдау көрсетті, қомақты қаражат бөлді. Нәтижесінде қолынан іс келетіндері шаруаларын дөңгелетіп, ауқатты азаматқа айналды. 

Енді олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға демеу болса игі. Бұл өз кезегінде Тәуелсіз елдің торқалы тойына деген тамаша тарту болар еді. Елбасы осылай деп, қалталы қостанайлықтарды ізгілікті амал жасауға шақырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Честный бизнесмен, он зарабатывает, он своим трудом предоставляет работу всем. Люди зарабатывают. Государство получает налог от этого. Вот сейчас не пожалейте помощи в каждом селе, в каждом районе низко оплачиваемым людям. Семьям с низкими доходами. Инвалидам и старикам. Чтобы каждый почувствовал радость, благо когда мы будем отмечать 25 летие.

Ал әлеуметті қолдаудың тағы бір тетігі – жұртты баспанамен қамту. Президент «Нұрлы жер» бағдарламасының біраз түйткілді шешуге бағытталатынын айтты. Келер жылы инженерлік инфрақұрылым тартылған жер телімдері халыққа таратылады. Бұл бастама да – егемендіктің тартуы, мемлекеттік қолдаудың нышаны.  

Автор: Достық Талғатұлы

7. Технологиялық парк ашылды

Агроөндірістегі көліктер енді өз елімізде құрастырылады. Ақмола облысында бұрын-соңды болмаған түрлі техникалар шығарыла бастады. Еліміз бойынша жүк көліктері өндірісінің 30 пайызы осы аймақтың еншісінде. Бұл – кешегі аграрлық қазіргі өндірістік аймақтағы жетістіктердің бір парасы ғана.  

Әр салада өсім бар. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 25 жыл бұрын 11,3 млн теңгені құраса, қазір 300 млрд теңгеге жуықтаған. Ал бидайдың өнімділігі екі есеге артқан. Облыс экономикасына тартылған инвестиция қомақты. 

1991 жылы негізгі капиталға 1,3 млрд теңге, ал 2015 жылы 199 млрд теңге қаржы құйылған. Тұрғын үй құрылысындағы өсім 1991 жылмен салыстырғанда 8 есеге өскен. Тәуелсіздік жылдары 2,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Осылайша 17 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге жайғасқан. 154 балабақша мен 377 шағын орталық ашылған. 

Осылайша бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі 91 пайызға жетті. Ал осыдан 17 жыл бұрын, яғни 1999 жылы бұл көрсеткіш 8,3 пайыз ғана болатын. 

Сәкен Сейітханұлы, тілші

-Осы уақытқа дейін Ақмола облысының шаруалары, соны технология, жаңа көлік керек болса, өзге елдерге сабылатын. Енді бұл қиындық артта қалды. Көкшетау қаласында жаңа технологиялық парк ашылды. Мұнда жылына 25 түрлі техниканың 5000 данасы шығарылады. Әрине, жұмысшылардың күшімен. Қазір олардың саны 50-ден асса, зауыт толық қуатына көшкен кезде мамандар қатары 300-ден асып жығылады. Мемлекет басшысы осы зауыттағы еңбеккерлермен жүздесіп, хал-жағдайын сұрады.

Ақмола облысы аграрлық аймақтан индустриялы өлкеге айналып келеді. Бұл бағыттың дұрыстығын мамандар да айтып отыр. Себебі ауыл шаруашылығы мен өндіріс қатар дамыса, облыс экономикасының көрсеткіші арта береді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-На очень хорошем предприятии работаете. Такого в Кокшетау не было. Нет. Новые профессии, новые рабочие места. Промышленность в центре зерносеющего хозяйства. Потребность есть. Бәрі жақсы ғой. Дұрыс.

Өңірдің инвестициялық әлеуеті басым. Өткен жылы аймақ экономикасына 200 млрд теңге тартылған. Бірнеше кәсіпорын ашылып, 200 мың адам жұмысқа орналасты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Четверть высококачественной пшеницы страны поставляете вы. Высококачественное мясо, молоко, яйцо и другую сельхозпродукцию тоже. Промышленность тоже растет в регионе. Есть обрабатывающая, выпуск большегрузных автомобилей. Комбайны увеличились. Производства увеличиваются.

Ақмола облысының дамуына қарқын беретін тағы бір тың сала бар. Елбасы туризмді алға ілгерілету жайын сөз етті. Алдағы жылы ЕХРО көрмесіне дайындықты жеделдету керектігін де қаперге салды. 

Нұрсұлтан  Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сюда приезжают сотни туристов. Я стараюсь развивать Щучинско-Боровскую курортную зону. Там появился впервые пятизвездочный отель. Дороги мы строим. В то же время нельзя давить на экологию этого региона. Все должно быть очищено, чтоб озера были чистыми, экология была чистая. В связи с ЕХПО в следующем году мы ожидаем несколько миллионов туристов. Они все поедут сюда, к вам. А это очень важно. Надо к этому готовиться.

Аймақтың даму қарқыны алдағы уақытта еселеп арта бермек. Бұған ауқымды жоспарлары дәлел. Индустрияландыру аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа зауыт іске қосылмақ. Жылына 2 млн тонна цемент шығарылып, өндірісті алға жетейлейді.      

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебек, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев 

8. Осы аптада Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады

Кездесу барысында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының орындалу жайы сөз болды. Және биылғы 8 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру жұмыстарының қорытындылары мен ел судьяларының алдағы VII съезіне дайындық барысы талқыланды. Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, Ұлт жоспарының сот жүйесіне қатысты барлық он қадамы орындалған. 

Бұл реформалар сот ісін жүргізуді одан әрі жетілдіруге зор серпін берген. Сондай-ақ инвестициялық дауларды қарайтын Жоғары Соттың мамандандырылған алқасы мен Астана қалалық сотының мамандандырылған құрамы, бұған қоса, Жоғары Сот жанынан құрылған Халықаралық кеңестің толыққанды қызмет атқарып отырғанын мәлімдеді. Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.

Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы

-Ұлт жоспары – 5 реформаның екінші тармағы заң үстемдігіне арналған болатын. Сол заң үстемдігі бойынша 100 қадамның 26-сы заң үстемдігін іске асыру жөнінде. Соның 11-і сот жүйесіне тікелей байланысты еді. 11 бойынша да қажетті заңдарға өзгерістер енгізілді. Біз оның практикалық кезеңін бастап кеттік. Мына 8 айдың қорытындысы біздің жасаған қадамдарымыздың оң екенін дәлелдеп отыр. Әсіресе мына 5 сатылы сот жүйесінен 3 сатылы сот жүйесіне көшіп, ол бірінші қаңтардан бастап іске кірісіп кетті.

9. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сыртқы сауда-экономикалық байланыстар дами түспек

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған делегацияның Ташкентке сапары барысында екі елдің тауарларын әлемдік нарыққа шығару жайы қарастырылды. 

Тараптар бірлесіп, ірі сауда орындарын құруға уағдаласты. Еуропа елдеріне шығатын көлік дәлізі мен трансазиялық шойын жол және автомобиль магистральдарын тиімді пайдаланудың тиімділігі сөз болды.  

Ұлы Жібек жолы екі елдің тауарларын әлемдік нарыққа шығаратын бағыт екені белгілі. Сондықтан осы аралықта тасымалданатын жүктерге ортақ тарифтік жеңілдіктер жасау, жеміс-жидек пен көкөніс таситын контейнерлік пойыздарды іске қосу, сондай-ақ теміржол қызметін жандандыру сияқты екі елге ортақ мәселелер қаралды. 

Бұған қоса, Қазақстан Өзбекстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін, астық пен ұн экспортын ұлғайтуға келісті. Тиісінше болашақта бірлескен кәсіпорын құрып, ірі сауда үйлерін ашу мәселесі де талқыланды. Қазақстандық делегаттардың Ташкентке жасаған сапары барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасы Президентінің уақытша міндетін атқарушы

-Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен Асқар Ұзақбайұлының осында келіп отырғанын халық біледі. Бүгінгі кездесу барысында бір-бірімізді  жақсы, дұрыс түсіндік деп ойлаймын. Мәселені шешу керек. Бір жерде тұрып қалмай, алға жылжуымыз керек. Жұрт осы кездесуден нәтиже күтеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

-Кездесу барысында екіжақты барлық мәселелер бойынша сұрақтар талқыланды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистикалық және басқа да салалар бойынша ортақ келісімге келдік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен қысқа мерзім ішінде сауда-экономикалық айналымын 5 миллиард АҚШ долларына жеткізуге жоспарлап отырмыз.

10. Азық-түлік неге қымбат?

Елде азық-түлік, жалпы әлеуметтік маңызы басым тауарлар құны қымбаттаған. Оған қоса қыс болса қыр астында. Ал кей өңірлердің әзірлігі Үкімет сағатында әлсіз деген ақпар айтылды. 

Мырзабек Түсіпов, шолушы

-Биыл бидай бітік шықты. Бірақ нан қымбат. Парадоксты жағдайдың үзеңгісі жаңа Үкіметтің қолында.

Бақытжан  Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Бағаның көтерілуіне әдеттегідей жанармай бағасы, тасымал мен алып-сатарлар кінәлі дейсіздер. Электр қуаты қымбаттаса, ол да әсер ететін көрінеді. Бірақ бәрі өздеріңіздің қолдарыңызда. Реттеуге болады. Өңірдегі әкімдіктерге тауар құнын тұрақтандыру үшін қаржы да бөлінуде. Бір айдың ішінде нақты шараларға көшу керек.

Соңғы жарты жылда әлеуметтік маңызды тауарлардың 33 түрі 5,4 пайызға қымбаттаған. Мүмкін «қымбаттаған» дегеннен гөрі, «қымбаттатқан» десек дұрыс шығар?! Мәселен, кей өңірлерде тауардың зауыттан шыққан өзіндік құнына 200 пайызға дейін үстеме қосылыпты. Сонда қалай? Алыпсатарлардың араны бағаны басқарушылардың батылдығынан басымырақ болғаны ма?

Қуандық  Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі

-Мәселен, вермишель бағасы зауыттан нарыққа жеткенше 172 пайызға қымбаттаған. Бағаның орынсыз көтерілуіне жол бермес үшін монополияға қарсы агенттікпен бірлесіп, 27 зерттеу жұмыстарын бастадық. Бесеуінде заң бұзушылықтар анықталып, айыппұл салынды.

Қазір тұрақтандыру қорларының ағымдағы және депозиттік шоттарында 4 млрд теңгеден астам ақша жатыр. Қашанғы жатады? Үкімет басшысы әкімдерге тапсырма берді. 

Бақытжан  Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Тұрақтандыру қорының ақшалары депозиттерде жатыр. Ол неге қолданылмайды? Жаңа баяндамада көрсетілді. Неге пайдаланылмайды?  

-Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, біз жартылай оны пайдаланып отырмыз. 150 тонна пияз, күнбағыс, өсімдік майы, бірақ осы қазан айында қосымша алатын боламыз, бізде ол қаражат бақылауда бар.

-Алдағы уақытта игергенше, қазіргі күннің бағасын төмендетуге пайдалану қажет қой. Депозиттерде ұстап отыра бермеңдер.

«Қымбатшылықтың» өзін де қысатын кез келді. Егер белгілі бір тауардың құны тым «шарықтап» тұрғанын көрсеңіз, монополияға қарсы агенттікке шағымдануға құқылысыз. Бұған қоса, Ұлттық экономика министрі отандық өнім бағасына қосылатын үстемені 25-30 пайыздан асырмауды Заңмен бекітуді ұсынды.

Қалай болғанда да, тауар мен қызмет көрсету құны көтерілмеу керек. Себебі Қазақстандағы инфляция деңгейі төмендеп келеді. Мұны Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банк Төрағасы

-Қыркүйектегі жағдай тұрақты. Өткен аймен салыстырғанда, АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы 339 теңгені құрап, 0,2% пайызға нығайып отыр. Бұл ең алдымен теңгені тұрақтандырушы сыртқы факторларға байланысты болды. Олар – әлемдік мұнай бағасы мен елімізбен сауда-әріптестік жасайтын елдердегі ұлттық валюталардың тұрақтылығы. Қажет болған жағдайда Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін қаржы нарығындағы сауда операцияларына қатысады.

Ал Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, тамыз айында айлық инфляция 0,2 пайызға дейiн баяулап, жыл басынан бері 5,4 пайызды құрады. Бұл енді жақсы төмендеу шығар?! 

Бірақ жылу маусымына дайындықтағы салғырттық тіпті де жақсы емес екені анық. Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары Үкіметтен қосымша отынға қосымша қаржы сұрап отыр. Себеп айта берсең, көп. Жұрттың жылуға деген былтырғы берешегі қайтарылмаған. Тозығы жеткен қазандықтарды жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаған. Мәселен, Теміртауда.

Қанат Бозымбаев  ҚР Энергетика Министрі

-Құрылыс материалдарының кеш жеткізілуіне орай, «Арселор Миттал Темиртау» АҚ-ның №1 ЖЭО-2 және №1 қазандығының толық жөндеу жұмыстары қазан айының ортасына дейін ұзартылды. Ал №2 қазандығының жөндеуі 30 қыркүйектен 25 желтоқсан аралығында жүзеге асырылмақ. Яғни жылу маусымының басында Теміртаудағы негізгі жабдық қосымша отын қорымен қамтамасыз етілмейді. Енді оған қажеттілік туындамайды, ешқандай қауіп төнбейді деп сенеміз. 

Қауіп төнер ме, төнбес пе? Түсініп тұрмын, орынсыз сұрақ. Бұл жерде ең дұрысыжылу маусымына дайындықты жеделдету керек! Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев сала мамандарының әрекетіне «пәрмен беруді» тапсырды.

Айтпақшы, Энергетика министрі Қаржы министріне хат жолдапты. Мазут пен көмір алу үшін. Қысқасы, Үкімет қорынан 1 млрд 835 млн теңге бөлуді сұрапты. Күн суытқанша бөлінеді деп сенейік! Үкімет сағатынан көңілге түйгеніміз осы!

11. «Нұрлы жер» қалай жұмыс істемек?

Енді әлеумет үшін тағы бір маңызды салаға ойыссақ. Бүгінде ел бойынша тұрғын үй кезегінде 350 мыңға жуық адам, ал жер телімінен үмітті 1 миллионнан астам азамат бар. Осы орайда Мемлекет басшысының бұйрығымен Үкіметке халықты баспанамен қамту үшін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу тапсырылған-ды. Бастама қашан іске асырылады? Аптадағы Үкімет отырысында министрлер кабинеті осы мәселелерді талқылады. 

Бүгінде халықты баспанамен қамту үшін бірыңғай жеке тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп жатқаны белгілі. Биыл 57 мың жер теліміне, ал келер жылы 44 мыңға жуық учаскеге су, жол, жылу және электр желілері, яғни инженерлік инфрақұрылым тартылатын болады. Бұл мақсатта 84 миллиард теңге жұмсау жоспарлануда. 

Сондай-ақ тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру үшін аталған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ипотекалық несие беруді жеңілдету, яғни банктен алған қарызға мемлекеттік субсидия қарастыру көзделуде. Бұл азаматтар несиеге үй алса, жарты ақшасына жуығын өтеуге, мемлекет демеу болады деген сөз.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық Экономика Министрі

-Елімізде тұрақты табысы бар азаматтар көп. Бірақ жалақылары ипотека алуға жетпейді. Осы орайда мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, ипотека алған азаматтардың қарызын субсидиялау арқылы тұрғын үйге қолжетімділікті арттырмақпыз. Осылайша жеке тұрғын үй салу және қарызды субсидиялау бағдарламасы тұрғын үй кезегін тез сейілту мүмкіндігін тудырады.

Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы 3 бағыт бойынша іске асырылады. Айтып өткеніміздей, біріншіден, ипотека арқылы жаңа пәтерді сатып алуға басымдық беріледі. 

Екіншіден, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылады. Үшіншіден, тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса береді.  

12. 61% қазақстандық электронды қызметті пайдаланады

Елімізде мемлекеттік қызмет түрлері электрондық жүйеге көшкелі бюрократиядан арылып, жаңашылдықтың тиімділігі байқалуда. Айлап күтетін құжаттар бір күнде берілетін дәрежеге жетті.

Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметтер реестрінде 739 қызмет түрі болса, соның 530-ы электронды үкімет порталы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. 

Ал жыл соңына дейін бұл қызметтердің 80 пайызын автоматтандыру көзделуде. Мемлекеттік қызмет түрлері ауыл тұрғындарына да қолжетімді бола түсуі қажет. Бүгінде алыс-шалғай елді мекендерде интернет бар, алайда байланыс желісі қаладағыдай жақсы жұмыс істемейтіні белгілі. 

Бұл мәселе «Сандық Қазақстан» жобасы аясында шешілмек. Ал әзірге шалғайларға жылжымалы қызмет көрсету көліктері жіберілуде. Жалпы электронды үкімет сайтын қолданатын қазақстандықтардың қатары артыпты. Биыл портал 147 млн қызмет көрсеткен. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, қажет құжаттарды 14-14 нөміріне хабарласып алуға болады. Бұл – бірыңғай байланыс орталығы.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі

-«Сандық Қазақстан» деген Арнайы бағдарлама бойынша болады. Бірақ ол проблеманы қазір шешу мәселесі бар. Сондықтан біз 70 автокөлік алдық. Сол автокөліктер шалғайдағы ауылдарға барып, қызмет көрсететін болады.