ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 73

Жеті күн. 15.10.2016

Жеті күн. 15.10.2016
Сюжеттер
1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 8 елдің елшісі сенім грамоталарын тапсырды 2. Елбасының жұмыс аптасы 3. Диқандарға мың алғыс!
4. Қауіпсіздік – қалың елдің қалауы 5. Ғарыш саласына жауапты жаңа министрлік құрылды 6. 2017-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бюджеті талқыланды
 
7. Жекешелендіру барысы 8. Павлодар өңірі: Тәуелсіздік табыстары  

1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 8 елдің елшісі сенім грамоталарын тапсырды

Елдестірмек елшіден. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 8 елдің елшісі сенім грамоталарын тапсырды. Олар: Австрия, Ватикан, Германия, Грекия, Нидерланд, Швейцария, Жапония, Катардың Төтенше және өкілетті елшілері.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сіздерді шын жүректен ҚР-дағы дипломатиялық миссияның басталуымен құттықтаймын! Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесінде біздің елдер арасында өзара ынтымақтастық жалғасады. Құрметті елшілер, еңбектеріңіз ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығында аса маңызды болып отыр.

Осы шарада Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық жаңа сыйлық тағайындағанын айтты. «Ядролық қарусыздану мен қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» деп аталатын бұл тұңғыш сыйлық Иордания королі ІІ Абдаллаға бұйырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қазақстан жаһандық ядролық қозғалысқа бастамашы болып, оның көшбасшысына айналғанын дүние жүзі мойындады, оны білесіздер. Осы ретте бүгін сіздерге және халқымызға тағы жаңа бастамамызды айтып кеткім келеді. Мен арнаулы сыйлық тағайындау жөнінде шешім қабылдадым.

Келесі жылдан бастап сыйлық иегерлерін арнайы құрылған комитет анықтайды. Сөйтіп бейбітшілікті ту еткен елдер жыл сайын Семей ядролық полигоны жабылған 29 тамызда марапатталады. Қазақстан атом қаруынан азат аймақтар аумағын кеңейтуді әрдайым күн тәртібінен түсірмеген. Адамзатты тыныш өмірге үндеген бұл әрекетімізді әлемдік қауымдастық та жоғары бағалайды. Қызығатындар да көп. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза да Семейге келген сапарында осы жақсылығымызға алғыс айтып, ағынан жарылып еді. 

«Қазақстан қарусыздану процесінде көшбасшы болды, оның үлгісі басқаларды да осындай қадамға бастауы керек. Бас хатшы ретінде мен әлемді ядролық қарудан тазарту үшін бар күш-жігерімді салатын боламын» деген-ді. Айтпақшы, Пан Ги Мун мырзаның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Бас хатшылығы 76 күннен кейін тәмамдалады. 

Өйткені ұйымның бас хатшысы жаңарды. Тоғызыншы рет. 9 жыл отырған орынтағын Пан Ги Мун мырза португалиялық Антониу Гутерришке босатты. 2021 жылға дейін сайланған жаңа хатшы туралы бірер сөз айтсақ: Ол 67 жаста. Мамандығы – физик-инженер. Университетте дәріс оқыған оқытушы. Португалияның экс премьер-министрі. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі бойынша жоғары комиссары болған. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас Хатшысы

-Қауіпсіздік Кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылығына менің кандидатурамды ұсынғанын естігенде, алдымен алғыс айттым, сосын келістім. Мен күн тәртібіне өз көзқарасымды тықпаламай, ұйымның жарғыларын ұстануым керек. Қазіргідей қиын-қыстау заманда түйткілді мәселелер көп. Мен ұйымның бұл күрделі сұрақтарды шешудегі жауапкершілігін терең түйсінемін.

Пан Ги Мун мырза да 9 жыл арқалаған жауапкершілікті абыроймен атқарды. Тындырған тірлігі де ауыз толтырып айтарлықтай. Әлемді қарусыздандыру ісінде біздің елмен мүдделес. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы Астана келген Бас хатшыны «Достық» орденімен марапаттаған-ды. 

Пан Ги Мун мырза 2015 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-съезіне де қатысып кеткен-ді. Бұл 193 мүшесі бар халықаралық ірі ұйымдағы Қазақстанның беделін дәлелдейді. 

Елбасы жаңа хатшы Антониу Гуттеришті құттықтап, желделхат жолдады. Біздің ел мен Біріккен Ұлттар Ұйымының ынтымақтастығы әрі қарай да сәтті жалғасатынына сенім білдірді.

Бейбітшілік – Қазақстанның бренді. Барлық халықаралық басқосуларда Елбасы соғыссыз әлем туралы насихат айтады. Өйткені бір-біріне азу көрсетіп, әскери әлеуетін дәлелдеуге ынтық державалар жарысы тоқтамай тұр. 

Мәселен, Корей түбегіндегі аралдар үшін арпаласып жатқан Оңтүстік Қытай теңіз акваториясындағы ахуалды қантөгіссіз шешу – зор жауапкершілік. Арктикадағы көмірсутегінің бай қорына таласқан Норвегия мен Ресейдің дауы да қауіпті. Таяу шығыстағы, Палестина-Израильдегі, Украинадағы жан-жалдар да қорқынышты. Осындай түйткілдердің бәрін ескерген Елбасы жаһанды «Әлем. 21 ғасыр» атты Манифесінде «Соғыссыз әлемге» шақырады.  

Хамит Карзай, Ауғанстанның бұрынғы Президенті

-Қазақстан Президенті Ауғанстанды тұрақтандырып, бейбітшілікке бастау үшін көп еңбек сіңірді. Н.Назарбаевтың жуырдағы «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінің маңызы қандай болса, біздің елдің тұрақтануына қосқан үлесі де сондай зор.

Атқан оқ, шапқан қылышқа тоқтамаған қос тарапты, бір ауыз жүйелі сөзбен тоқтату – қазақтың қанында да бар қасиет. Елбасының сондай бітімгерлік шеберлігіне Ауғанстанның экс-президенті ғана емес, Ресей мен Түркиядай державалардың басшылары да риза болып, алғыс айтқан-ды. 

Қарым-қатынасы шиеленісіп, қанды қақтығыс алдында тұрған екі мемлекетті Нұрсұлтан Назарбаев татуластырған. Мақтанып, я мақтап жатқанымыз жоқ. Владимир Путин мен Режеп Тайип Эрдоғанның өздері айтқан сөзді жеткізіп тұрғанымыз.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті

-О восстановлении российско-турецких отношении. В этой связи хотел бы Вас поблагодарить за те усилия, которые вы предприняли. Имею в виду вашу посредническую миссию. Как мы видим, все увенчалось успехом.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті

-Я и турецкий народ выражаем огромную благодарность Казахстану и лично Президенту Нурсултану Назарбаеву за вклад в улучшение наших отношений с Россией. Участие Казахстана в решении этой проблемы неоценимо. Мы никогда не забудем эту заслугу Нурсултана Назарбаева и еще раз от своего имени, и от имени всего турецкого народа выражаю благодарность за огромный вклад в деле нормализации взаимоотношений между Турцией и Россией.

Осы аптада екі ел басшысы 3-ші мәрте кездесті. Сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға уағдаласты. Орталарындағы тауар айналымын 100 млрд АҚШ долларынан асыруға ниеттенді. Міне, бейбітшілік берекесі деген осы.

2. Елбасының жұмыс аптасы

Ақордадағы оқиғаларға шолу жасасақ. Елбасы Өзбекстан Республикасының Президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеевпен сөйлесті. Телефон арқылы. Олар сауда-экономикалық, инвестиция, көлік-коммуникация, мәдени-рухани тағы басқа салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Таиланд королі Пхумипон Адульядеттің қайтыс болғанын зор күйзеліспен қабылдады. Премьер министр Прают Чан-Очаға корольдің отбасына көңіл айту жедел хатын жолдады. 

«Король Адульядет парасатты басшы. Мемлекеттеріміз арасындағы достықтың  нығаюына үлес қосқан көрнекті тұлға ретінде қазақстандықтар әрдайым есте сақтайды», – деп жазды Мемлекет басшысы. 70 жыл тақта отырып, 88 жасында дүниеден озған патшаларын тай халқы 30 күн аза тұтпақ.

Елбасы Бас прокурор Жақып Асановтан құқық қорғау органдарының жұмысы туралы есеп алды. «Заңның орындалуын, тәртіптің сақталуын қадағала. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыр», – деп нақты міндет жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мына 5 реформа жөніндегі жүріп жатқан жағдайлардың барлығын бақылауға алып, мен барлығының есебін тыңдаймын. Сол құқық қорғау органының шаруаларын айтуға дайын бол.

Бас қаланың әкімі Әсет Исекешевтен де соңғы 9 айда тындырылған шаруалар нәтижесін сұрады. Әкім ЭКСПО-ның жай-күйін, шаһардың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына дайындығын баяндап берді.

3. Диқандарға мың алғыс!

...Алмажан оқыс қармалап, кимешегінің етегіндегі түйіншекті дірілдеген саусақтарымен шешіп, қолына алып еді, бидайы бір-ақ уыс болды... 

Бұл жазушы Мұқтар Мағауиннің «Бір уыс бидай» атты әңгімесінен үзінді. Аштан қырылған қазақтың өмірін суреттеген сұмдық шығарма. Бір уыс бидай, бір үзім нанға зар болған сол нәубет жылдар туралы оқығанда, естігенде, бүгінгі күнге, бүгінгі баршылыққа, тоқшылыққа сансыз шүкір дейсің.

Биыл Қазақстан 23 млн тоннадан асық астық орыпты. Тіпті былтырғыдан бір жарым есе артық. 5 милионнан астам дәнді-дақыл Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына тиесілі. Елбасы Қостанай мен Павлодардағы орақ науқанын өзі барлап қайтқан таяуда. Жемісті жиын-терінге риза болып, диқандарға құттықтау хат та жолдады. 

Бұл жолғы астық – осы кезеңдегі ең ірі жетістіктің бірі екенін айтып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту деп бағалады. Орақ науқаны туралы толығырақ мәлімет алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Нұрболат Мақашевпен сұхбаттассақ.

-Нұрболат Абылайханұлы, еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа райы құбылып тұр, тіпті қар да жауып үлгерді. Жерге салғанымызды жерде қалдырмай, толық жинай аламыз ба? Жиналған тонна-тонна астық ашық аспан астында қалмай ма? 

Нұрболат Мақашев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы 

-Бүгінгі күні Республика бойынша дәнді-дақылдарды жинау аяқталды. Енді солтүстік дәнді-дақылдарды жинаумен айналысатын негізгі 3 өңірде барлығы 85 мың гектар қалып отыр. Ауа райы қолайлы болған жағдайда тәуліктік норма. Биылғы жылғы дәнді-дақылдарды жинаудың қарқыны күніне 375 мың гектарды құрап, өткен жылғы қарқынмен салыстырғанда, 1,3 есеге артқанын атап өту қажет. 

-Нұрболат Абылайханұлы, жиналған астықты қазіргі күні шаруалар қалай, қаншаға және қайда сата алады? 

Нұрболат Мақашев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы 

-Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жиналған астықтарын азық-түлік келісімшарт корпорациясына немесе ұн шығаратын кәсіпорындарға және де қазақстандық астыққа сыртқы нарықта да сұраныс жоғары екенін ескере отырып, сыртқы нарыққа да сата алады. Бүгінгі күні азық-түлік келісімшарт корпорациясы өзінің сатып алатын бағасын жариялаған. Атап айтқанда, 3-сыныпты бидайдың тоннасына 41 мыңнан 50 мың теңгеге. 4-сыныпты 34 мыңнан 36 мыңға және 5-сыныпты бидайды 30 мыңға және 2-сыныпты арпаны 25 мың теңге деп отыр. 

-Қазақстандық бидайдың сапасы жақсы болғандықтан, шетелде сұранысқа ие. Осы жылғы шығым және сапа қалай? Өзге елдерге қанша тонна астық экспорттау жоспарланды?

Нұрболат Мақашев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы 

-Экспортқа келетін болсақ, қазақстандық астық өнімдері негізінен экспортқа шығарылатын елдер Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей, Қытай және тағы басқа. Ендігі болжам бойынша биылғы жылғы экспорт көлемі өткен жылғы деңгейде болады деп күтілуде.

Негізі миллион тоннаны жылда жинаймыз. Алайда сол тонналаған астық рәсуа болған кез де жоқ емес. 

Қайбір жылы Ақмола облысының диқандары бидай сақтайтын қамба таппай қиналып еді. 2014 жылы қостанайлықтар 32 мың гектар алқапты орып үлгере алмаған. Қызыл бидай қар жамылып, көктемге дейін жатты. Оқиға былтыр да қайталанған. Биыл басқа түспесін деп тілейік!

4. Қауіпсіздік – қалың елдің қалауы

Әңгіме тағы да тыныштық туралы. Ереванда ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының отырысы өтті. Бұл нендей ұйым дейсіз ғой? Құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіретін халықаралық аймақтық бірлестік. 

Мақсаты – мүше-мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ұлттық қарулық күштерді нығайту, ТМД-ға кірмейтін мемлекеттермен шекараны бірлесе қорғау. Осындай жауапкершілік арқалаған ұйымның алқалы жиыны туралы тілшіміз Мұхтар Ыбырайым тарқатады.

Ереванның келіссөздер алаңына айналуы бекер емес. Биыл Армения ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етті. Бірлестікке 6 мемлекет мүше. 

Армениядан бөлек, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді. Саммитке алтылық лидерлері жиналды. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан делегациясын Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастап барды.

Алтылық тап болған қатерлер жыл санап артып келеді. Оларға төтеп беруде бірлестіктің еңбегі ерен. Мұны сарапшылар мойындайды. 

Есірткі трафигі мен терроризмнің қаупі барлық елді алаңдатып отыр. Оның алдын алу үшін кезінде жедел әрекет ету күштері құрылған еді. 

Алайда қатерлердің күшейіп келетіні баршаға аян. Бұл орайда ұйым мүшелері ұжымдық қауіпсіздік мәселелерін сараптады. Тиісті шешімдер қабылдады. 2025 жылға дейінгі жоспарын айқандады.

Серж Саргсян, Армения Республикасының Президенті 

-Менің ойымша, қабылданған стратегия ұйым жұмысын үйлестіруді жаңа деңгейге жетелейді. Құжат бұған дейінгі қол жеткізілген келісімдерді іске асырары хақ. Бұл барлық деңгейдегі жемісті жұмыстың нәтижесі. 

Лидерлер ұзақ кеңесті. Жабық есіктің арғы жағында, әрине. Тілшілердің қолына тиген мәлімет аз. Дегенмен, кең көлемде келіссөздер жүргенін ұйым мүшелері жасырмады. Кеңес барысында ұзын саны 22 құжат бекіді. 

Алдағы уақыт дағдарысқа қарсы бірлесіп әрекет ету орталығы құрылмақ. 300 млн адамды құрайтын бірлестіктің іргесін шайқалтпау – басты міндет. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы бірлесіп әрекет ету екенін тараптар жақсы біледі. Ауызбіршілікті терроризммен күресте те таныту керек. Көшбасшылар ұйым шеңберінде лаңкестік топ деп танылғандардың бірыңғай тізімін жасақтауға уағдаласты. 

Қазіргі оған 100-ден астам бірлестік енді. Айтпақшы, алты мемлекеттен 10 мың адам Сириядағы лаңкестік ұйымдарға ессіз еніп кеткен болатын. Оған қарамастан тараптар бітімгерлікті дамытуға бел буып отыр. 

Джонни Меликян, Армения Мемлекеттік басқару академиясы өңірлік зерттеулер орталығының қызметкері

-Сирияға Қазақстан мен Армения гуманитарлық көмек көрсете алады. Ал Ресей серіктестерді қолдауға қауһарлы. Мәселен, біздің жіберген жүктеріміз Ресей базалары арқылы Сирияға жетті. Ресей әскерилері мұқтаж адамдарға жүк тасымалдауға айтарлықтай көмектесті. Демек, ұйым шеңберінде осы бір игі істі ширатуға болады деген сөз.

Алдағы уақыт ұйымның әскери әлеуетін арттыру ойда бар. Бірлестік тіпті НАТО-мен теңесуі мүмкін. Ұйымның амбициялары асқақтап тұр. Беларусь басшысының жиында қабылданған көптеген шешімдерді сыртқа жарияламауды жөн санағаны да сондықтан.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті

-Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын мойындағысы келмейтіндер көп. Әсіресе, НАТО. Дегенмен мойындатуға тиіспіз. Біз басымдықтарды айқындап, ұйымды жоғары деңгейге жеткізуіміз керек. Бізді ел сыйлайтындай болуы тиіс. Қорқыту емес, бастысы - сыйлату. Бізді мойында деп ешқашан жалынбаймыз.

Тараптар Таяу Шығыспен бірге Таулы Қарабаx мәселесін де айналып өткен жоқ. Талайды толғандырған түйткілге талай жыл. Бұл мәселе бойынша да бірлескен мәлімдеме қабылданды. Барлық жақ жағдайдың бейбіт шешілуін қалайды. Жергілікті халықтың да пікірі осыған саяды. Тіпті Еревандағы коняк шығаратын зауыттың бір бұрышы бейбітшілікке арнаулы. 

Мұхтар Ыбырайым, тілші

-Ереванда әйгілі коньяк шығаратын зуытта тұрған мына бөшкеге 15 жыл. Оған спирт сонау 2001 жылы құйылған екен. Одан бері бөшкеден бір тамшы коньяк та алынбаған. Бөшке Таулы Карабахтағы түйіні тарқаған соң бірақ ашылмақ. Мұндағылар мәселенің бейбіт жолмен шешілуін қалайтыны көрініп тұр. Ізгі ниетті мына қабырғаға қалдырылған қолжазбалардан да аңғаруға болады. 

Армяндардың ниеті сезіліп-ақ тұр. Дегенмен, мәселе өздігінен реттелмесі анық. Бұл орайда жергілікті сарапшылар Қазақстанның бітімгерлігі мен араағайындығына арқа сүйеуге әзір. 

Сергей Минасян, Кавказ институты директорының орынбарасы

-Өткенге көз жүгіртсек, араағайындық пен бітімгерлік танытқан Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельциннің Кеңес үкіметі ыдырамай тұрып бейбіт келісімдерге шақырғаны есімізде. Сондықтан Қазақстанның бұл бағытта тәжірибесі зор. Дегенмен, Қазақстанның Әзербайжанмен де, Армениямен де арақатынасының өзіндік ерекшеліктері бар. Олар бұл мәселені шешу кезінде ескерілуі тиіс.

Қазақстан екі жұртпен де жақын. Бірі бауыр, бірі дос. Каспийдің арғы жағындағы Әзербайжанға да, Арараттың бергі жағындағы армянға да ниеті бірдей. Тәуелсіздікті қатар иеленген елдердің сабақтастығы тереңде жатыр. Бүгінде қазақ-армян қатынасы қарқынды өрбіп келеді деуге негіз бар. Әсіресе мәдени байланыстар. Ереванда 6 жыл бұрын қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылғаны есімізде. Бұл сырт елдерде бой түзеген қазақ орталықтарының алғашқыларының бірі.

Шушана Хачатрян, студент

-Мен бірнеше тілдер білемін. Ағылшын, орысша, түрікше, әзербайжанша. Бірақ қазақ тілі өте қиын болды мен үшін. Өйткені өте бай, көне сөздер көп қазақ тілінде. Және Арменияда қазақтар болмаған соң өте қиын және тәжірибе жоқ. Менің бірінші мамандығым - түркітанушы. Сондықтан да қазақ тілі мен үшін өте қызықты болды. 

Не керек?! Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер кез келген мәселені бірлесіп шешуге, жұмылып төтеп беруге дайын. 20 жылдай мүлтіксіз қызмет етіп келетін бірлестік мақсатынан тайған емес. Таймайды да! Ереван жиынынан түйгеніміз осы! 

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Айдос Меделбеков, Руслан Жәкеев

5. Ғарыш саласына жауапты жаңа министрлік құрылды

Әскери-техникалық саясатты, әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру мақсатында 6 қазанда жаңа министрлік құрылған. Президент Жарлығымен. Бұл құрылым ақпараттық қауіпсіздікке, ғарыш саласына да жауапты. 

Күні кеше Мемлекет басшысының өкімімен Әнуар Ахметжанов осы министрлікке жауапты хатшы болып тағайындалды. Жаңа орган еліміздің қорғаныс, ғарыш саласын қай бағытта, қалай дамытады? Қазақстанның ендігі ұстанымы осы. Бұдан былай күрес күшейеді. Өйткені жаңа министрлік құрылды.

Тоқтар Әубәкіров, Халық Қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш

-Ол не себептен екенін білу үшін оны ғарыштан ғана игеруге болады. Сондай мәселелер ғарыштан анық көрініп тұр, қай жерде, қандай байлығымыз жатыр.

Шындығында, ғарыш – ғаламат. Біреу айтпақшы: «Барлығы алақандағыдай көрінеді». Дәлел – мына сурет. «Балқашты бақылаймын» дегенге керегі осы. Бірақ мұндай өнімдерді өзгеден сатып алмай, өзіміз өндіруіміз қажет! Бұл – Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің алдында тұрған басты міндет. Жаңа құрам жасақталған соң атқарылар жұмыс көп. Ақпараттық қауіпсіздікті қатайту. Ғарышты игеруге қарышты қадамдар жасау. Қорғаныс қаруларының қарымын күшейту.

Сергей Громов, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары

-Бүкіл әлемге қандай қауіп төніп тұрғанын көріп отырмыз. Егер планетамызды алып қарасақ, бірде-бір соғыссыз, тыныш жер жоқ шығар, бәлкім. Өте сұрапыл қақтығыстар жүріп жатыр. Сондықтан біздің Президент, Жоғарғы Бас қолбасшы мобильді армия жасақтауды тапсырды. Және біздің әскер заманауи қауіп-қатерлерге төтеп бере алуы керек. Бүгінгі «гибридті соғыс» шапшаң және нәтижелі жауап беруді талап етеді. 

Қазіргі соғыстың сыйқы басқа. Гибридті. Яғни әркімнің қойнына «тыққан тасы» бар. Сол тастың қай тасадан келіп тиерін ешкім білмейді. Тосыннан топалаң салғанын талай көрген біздің әлем. 

«Кең жерде тар отырсаң, тар жерде кең отырарсың» деп бағзыда айтқан біздің халық. Сондықтан сақтықты сайлап, бес қаруды майлау естен шықты деп елеңдейміз. Егемендікті еншілеп, етек-жеңді жыя сала мемлекеттің қолға алғаны – Қарулы Күштердің қуатын арттыру. Арттырды да. 

Қазір қорғаныс саласының өндірісі өркендеп келеді. Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен 2003 жылы «Қазақстан инжиниринг» аталатын Ұлттық компания құрылды. Оның құрамында 27 кәсіпорын бар. 27 кәсіпорынның жетістігін «Кадекстан» көргенсіз?!

Бұл – Арлан. Аты затына сай. Сағатына 120 шақырымды артқа тастайды. Кез келген қиындыққа төтеп береді. Қашықтан басқарылатын қарумен қарсыласқан жауды көлік ішінде отырып-ақ атуға болады.

Ал мынау – Барыс. Бұның да болмысы бөлек. Жылдамдығы сағатына - 110 шақырым. Дөңгелегі сондай мықты, анау-мынау минаны менсінбейді. Тіпті 200 оқ тиген соң тағы да 80 километр жүруге қауқарлы. Осы екеуі-ақ отандық қорғаныс индустриясының жетістігінен жеткілікті хабар берер?! Бірақ «озып келеміз» деп отырып қалуға да болмас. Заманауи қақтығыстардан тәжірибесі бар өзге мемлекеттерден үйренеріміз әлі көп... өте көп. Дегенмен, үйреніп те жатырмыз. Оған халықаралық әскери көрме «Кадекске» қатысушылардың жыл санап артуы дәлел. Осы жылы 45 елден 350-ге жуық компания келді.

Сергей Громов, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары

-Кеңес Одағы кезінен қалған әскери техникалардан бас тартар уақыт келді. Сондықтан жаңа қару-жарақтарды, ұрыс техникаларын шығаруымыз қажет. Осы орайда жаңа министрлікке мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды. 

Масса. Энергия. Адам өмірінде екеуінің де орны ерек. Ал олардан кейінгі үшінші зат – ақпарат. Бұны мен емес, француз философы Поль Вирильо айтқан. Дұрыс та. 

Өйткені қоғамның идеологиясын қалыптастыратын сол ақпарат. Мұндағы майдан көзге көрінбейді. Мылтықсыз. Бірақ ортаңды ойран қылады. 

Білерсіз, бұл Конфуций. Қытай бұрын осы кісімен ақпараттық экспансиясын жүргізетін. Енді оның орнын телевизия мен киноға алмастырған. Яғни олар «мәдениет арқылы достасу» саясатынан әлі айныған жоқ. Айнымас та. 

Нені меңзедім, сөзсіз, түсініп отырсыз. Ендігі күрес жаңа министрліктің құзыретінде. Ал олар қалай күреспек? Күрестің үлкені ғарышта. Ғарышқа жол ашқан біз, яғни Байқоңыр. Қазір жер мен ғарышты байланыстырып тұрған 28 айлақ бар. Соның үштігінде Байқоңыр тұр. Осындай байлығы бар ел ғарыштық державаға айналуы тиіс. Себебі мүмкіндік бар. Әзірге үш ғарышкеріміз ұшып, 359 тәулік 4 сағат 14 минут 31 секундтық тәжірибе жинадық. Сондай-ақ екі жерсерігіміз бар. «Орбитада қалқып жүр» деп айта салу қарапайымдылық болар, олардың артында талай еңбек жатыр.

Бауыржан Құдабаев, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ вице-президенті

-2011 жылы ғарышты жерден басқару резервінің құрылысы басталды. 2013 жылы іске қосылды. Сол сәттен бастап біз Ресейге тәуелді болмайтын болдық. Бұл бізге ақша жағынан да үнемдеуге мүмкіндік туғызды.

Екі жерсеріктің қызметі мен жағдайы осы бөлмеде бақыланады. Ал сигнал мына қос мұнара арқылы келеді. Айыру қабілеті жоғары жерсерік жердің кез келген нүктесінен фототүсірілім жасауға қауқарлы. Дәлдігі – 1 метр. Мәселен, Астананың бұл көрінісі сол жерсеріктің көмегімен түсірілген. 

Тоқтар Әубәкіров, Халық Қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш

-Электроника жағынан алсақ, барлық жерде ғарыш бар. Ғарышсыз ештеңе игерілмейді. Сонымен мына парақорлықты да жабуға болады. Бізде барлығын электроникаға енгізсек. Осының барлығын спутник арқылы ғарыштан бақылап тұруға мүмкіншілігіміз туады.

Қорғаны мықтыны жау алмайды. Бұл тәмсіл жаңа министрліктің жадында. Құрметті, Отан қорғаушы, Сіз де ұмытпаңыз! Біз өзгенің емес, өз әскерімізді асыраймыз.

Авторлары:  Мырзабек Түсіпов, Абдулла Исаев

6. 2017-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бюджеті талқыланды

Енді әлеуметтік жағдай туралы сөз қозғасақ. Мәжілісте 2017-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бюджеті талқыланды. Министрлік үш жылға 10 трлндай теңге қажет деп есептепті. 915 миллиард теңгені медициналық көмек көрсетуге шығындамақ. Зейнетақы, жәрдемақы сияқты әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын теңге көлемі 1 трлн 998 млрдты құрайды. Жұмыспен қамтуға 37 млрд, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғауға 9 млрд қарастырылған. 

Айтпақшы, жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 9 пайызға артады. Орташа базалық зейнетақының мөлшері – 12802 теңге. Ал негізгі зейнетақымен қоса есептегенде  60 мың теңге шамасында болады.

Назар аударыңыз! Сөз алданған үлескерлер туралы.

Бас прокурор санап берген санға, келтірген мысалға сүйеніп сөйлесек. Қазақстанда 450-дей құрылысы аяқталмаған тұрғын үй бар. Зардабы алпыс мың адамға тиіп отыр. Тапқан-таянғанын баспанаға салған үлескерлердің басым үлесі Астана мен Алматыда. 

Мысалмен айтсақ, бас қалада «Азбука жилья» компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжанов 2000-нан астам адамды алдап, 42 млн долларды қалтасына басып, Австрия асқан.

Жауапсыз құрылыс компанияларының құрбаны болғандар елдің басқа аймақтарында да жетерлік. Қараңыз:

Алматыда 7 тұрғын үй аяқталмаған. 700 үлескер алданған.

Маңғыстау облысында 5 құрылыс нысаны пайдалануға берілмеген. 200 үлескер зардап шеккен.

Ақмола облысында 4 нысан салынбаған. 400 үлескер үйсіз қалған.

Үлескерлер шағымданды. Арыз жазды. Аштық та жариялады. Бірақ мәселе түбегейлі шешім таппады.

Жақып Асанов, ҚР Бас Прокуроры

-Кейбір құрылыс компаниялары арзан бағамен қызықтырып, күмәнді шарттар ұсынып, көп адамды алдап кетті. Азаматтар жылдап жинаған ақшасынан айырылып, армандаған пәтерін ала алмай қалған.

Бұл түйткілдің түйінін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң тарқата ма деген үміт бар. Үлкескерлер құқығын қорғайтын заң күшіне енді 10 қазанда. Жаңа заңның жаңалықтарымен шолушымыз Жансая Қожахметова таныстырады.

Ринат Думанұлы, тележүргізуші

-Жансая, Жаңа заң үлескер дауына нүкте қоя ала ма? Не түйдің?   

Жансая Қожахметова, шолушы

-Ринат мырза, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды «Үлескерлер мүддесімен үндескен құжат» деп атар едім. Неге дейсіз ғой? Өткенге көз жүгіртсек, талай азамат ақшасын құрылыс компаниясына алдын ала құйып қойып, бірталай уақыт не берген ақшасына не пәтеріне қолы жетпей жүрген еді. Бұдан былай азаматтардың баспана кілтін алуына мемлекет кепіл болады.

Ұлан Жазылбек, ҚР ҰЭМ Департаментінің директоры

-«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жанынан Қазақстан Республикасында үлестік салымдарына кепілдік беру жүйесін құру үшін 10 млрд теңге жарғылық капиталы бар «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» қоры құрылған, ол капитал жетімділігінің нормативіне сәйкес тұрғын үй объектілері құрылысын 200 млрд теңгеден аспайтын сомаға кепілдік беруге мүмкіндік беретін болады. Қордың кепілдігін алу үшін құрылыс салушысы және уәкілетті компания белгіленген талаптарға сай болу керек.

Ол қандай талаптар? Біріншісі, үйлі болғысы келетіндер «Бәйтерек» холдингі жанындағы қордың кепілдігін алуы шарт. Екіншісі, үлескерлердің қаражаты екінші деңгейлі банктерде салынып, ол заңмен қадағаланады. Ал үшіншісі, мердігер тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын тартуға құқылы. Осылайша «Жаңа заң құрылыстың орта жолдан тоқтап қалуына жол бермейді. Мен емес, бұл пайымды Дәурен Оңаев айтты.

Дәурен Оңаев, «Тұрғын Үй Құрылысына Кепілдік Беру» АҚ Басқарма төрағасы

-Жарғылық міндеттерге сәйкес қор құрылыс салушының тұрғын үй құрылысы бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда үлескерлерге тұрғын үй құрылысының аяқталуы бойынша кепілдіктер береді.

«Үйден үмітті үлескерлер енді алаңдамайтындай бұл қандай кепілдік», – деп отырған боларсыз. Назар аударыңыз.

Егер құрылыс мерзімі себепсіз кешіге бастайтын болса, ақша мақсатына жұмсалмаса, немесе құрылысшының дәрменсіздігі жөнінде сот шешімі шықса, арнайы құрылған кепілдендіру қоры билікті өзіне алады.

Дәурен Оңаев, «Тұрғын Үй Құрылысына Кепілдік Беру» АҚ Басқарма төрағасы

-Қор жауапты компанияны басқару құқын өз қолына алып, қажет болған жағдайда құрылысты уақытында бітіріп, пайдалануға бере алатын басқа мердігерді жұмысқа тартады. Осылайша механизмді жетілдіруге түрткі болған құрылыстың аяқталмай қалу қаупі азаяды.

Демек, құрылыс қалай болғанда да, аяғына жеткізіледі. Сондай-ақ заңда мердігерге қойылатын талап та күшейтілді. Мәселен, құрылыс салушының осы салада кемінде 3 жыл тәжірибесі болуы шарт. Республикалық маңызы бар қалалардағы, Астанадағы құрылыста кемінде 18 мың шаршы метр, ал  өңірлерде кемінде 9 мың шаршы метр құрылыс салған болуы керек, соңғы 2  жылда қаржылық тұрғыдан қызметі олқылықсыз болуы тиіс. Осылайша құрылыс компанияларына қойылған талап қатаң, міндет зор. 

Талғат Ерғалиев, Қазақстан Құрылысшылары одағының төрағасы

-Бізге сапа қажет, баға қажет. Дұрыс қой. Баға мен сапа қай уақытта, қай жағдайда қолжетімді болады? Түрғын үй алатын азаматтарымыздың үлесі болғанда. Бәсекелестік болғанда. Сонда ғана нарық экономикасы дамиды.

Айтпақшы, жаңа заңның тағы бір талабы бар. Бір құрылыс компаниясы бірнеше тұрғын үйді бір мезетте сала алмайды. Яғни бастаған ісін аяғына жеткізіп, баспананы ел игілігіне тапсырған соң ғана екінші нысанның құрылысына кірісе алады.

«Бұл жайт сан соққан үлескер санын азайтып, тұрғын үй сапасын арттырады», – дейді заңгер Жандос Тұяқов. 

Жандос Тұяқов, заңгер

-Бұрын бізде лицензия алып алып, әрбір мердігер үйді салуға рұқсаттама алып, бастай беретін. Жаңа заң бойынша кез келген мердігер мұндай іс-шараларды жүзеге асыра алмайды. Өйткені жаңа заң бойынша құрылысты бастау үшін үлкен қаражаттар керек.

Үлескерлер құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Себебі заңда құрылыс салуға міндетті өкілетті компанияның жеке интернет ресурсы болуы тиіс деп тайға таңба басқандай көрсетілген. 

Айына кем дегенде бір рет жаңартылатын сайтта құрылыс мерзімдері, аумағы, жобалық-сметалық құжаттама, құрылыс жұмыстарының барысы туралы мәлімет орналастырылады.

Заңның азы, орындалуының көбі – ләзім. Жаңа заңды қоғам қалай қабылдады? Кішігірім сауалнама шолуымның нүктесі болсын.

Арзан ұсынысқа алданбаңыз! Жиған-терген ақшаңызды кім көрінгенге ұстата салмаңыз! Таразылап, тексеріңіз! Бас прокурор Жақып Асанов үлескерлерге осындай кеңес айтты! Ендеше, сақ болыңыз!

7. Жекешелендіру барысы

«Арзанның сорпасы татымайды» дейін десек, «Астана» көкпар клубы небары 198 мың 700 теңгеге сатылды. Алайда жекелей есептесең, мекеме арзан емес еді. Ондағы 11 асыл тұқымды жылқының әрқайсысы нарықта 5 мың АҚШ ақшасы тұрады. Олардың тіпті ертоқымының өзі 350 мың теңге шамасында. 2004 жылы құрылған көкпар клубының керек-жарағына жыл сайын 150 млн теңге жұмсалады. Бірақ шығын ақталмайды. Сөйтіп жекешелендіру жоспарына аясында үш рет аукционға шығарылған. Бастапқыда 41 млн 174 мыңға бағаланған. Соңында аукционның голландық әдісімен болмашы теңгеге сатылған.

Дәл осылай «Қайсар» спорт клубы 697 мың, «Омаров» атындағы шахмат клубы 12 870 теңге, «Астана батыры жекпе-жектер» клубы 9 386 мың 426 теңгеге сатылды. Жалпы жыл соңына дейін республика бойынша 551 нысанды сату жоспарланған. Алайда 518 объекті шығарылған, оның ішінде 322 сатылған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі

-Жекешелендірудегі мақсат – мемлекет балансынан жекешеге өткен мекемелердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жұмысын жақсарту. Ал жекешелендірудің қаржысы, егер мекеме республикалық деңгейде болса, республикалық бюджетке, облыстікі сол облыстың қорына түседі.

Ал осы уақытқа дейін 2,7 трлн теңге заңдастырылған. Тарқатып айтсақ, ел аумағындағы 104 мың 903 нысан, 846,3 млрд теңгені құрайтын құнды қағаз, ал шетелдегі  159 объект, 6,9 млрд теңгелік құнды қағаз енді заңсыз емес. Ақша, құнды қағаздар, жылжымайтын мүлікті жариялауға арналған бұл амнистия үш айдан соң тәмамдалады. Осындай акция әлемде бар тәжірибе. Бұл шара Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Францияда, Австрияда 2 рет, ал АҚШ-тың 40 штатында 62 рет өткен. Мұндай салықтық амнистиялар көлеңкедегі капиталды жарыққа шығарудың бір жолы. Сондай-ақ шетелде немесе ел аумағында жарияланбаған дүние-мүлкі бар ықпалды инвесторларға жасалған жақсылық. 

Тағы бір мақсат, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әрбір қазақстандық өзінің кіріс шығысы туралы декларация тапсырады. Бұл – сол науқанға дайындық. Қалған мәселені Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Нұрлан Намысовтан сұраймыз.

Ринат Думанұлы, тележүргізуші

-Қайырлы кеш! Нұрлан мырза, акцияның аяқталуына 3-ақ ай қалды. Үлгереміз бе? Қаншама қаражат, мүлік заңдастырылмай қалады-ау деген күдік бар ма?

Нұрлан Намысов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы

-Дұрыс айтасыз, қазіргі науқанға үш ай қалды. Өтініш берген сомма 3 трлнды құрайды. Оның 2,7 трл-ны жария етілді. Мүлік – 858,4 млрд. Ақша болса, 1 869,7 трлнды құрап отыр. Біз осы акция басталардың алдында 10-12 млрд долларды құрайды деп мәлімдеме бергенбіз. Ол мәлімдеме кезінде 1 АҚШ доллары 182 теңгені құраған. Атап өтетін болсақ, алдыңғы тәжірибелердің мәлімдемелерін алғанда, біз ең ақырғы 2-3 айда осы науқанда жақсы мүліктер жария етілген. Оған дәлел 2006-2007 жылдары 2-3 ай қалған кезде жалпы мүлік жария етілгеннің 75 пайызы сол кезде жария етілген.

Ринат Думанұлы, тележүргізуші

-Мүлікті және ақшаны жария ету рәсімдері бұрын қалай еді, қазір қалай?

Нұрлан Намысов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы

-Алдыңғы заңда бізде ақшаны жария ететін болсаңыз, ол банктік шотқа салу керек еді. Банктік шотта ол ақша бес жыл сақталу керек еді. Немесе шот ашып, алған жағдайда 10 пайыз алым төленетін. Қазіргі таңда жаңа заңға сәйкес ақшаны қазір банктік шот ашатын болсаңыз, 10 пайыздық алым төленбейді және ол ақшаны алып, өзіңізге коммерцияға немесе мүлік сатып алсаңыз да болады. Екінші тәсіл, ол банкте көрсетпей ақшаңызды жария ететін болсаңыз, мемлекеттік кіріс органдарына барып, арнайы декларация тапсырып, 10 пайыздық алым төлеу қажет болады. Атап өтетін бір мәселе, қазір шетелде әрбір азамат өзінің мүлкін бағалай алады. Содан 10 пайыздық алым төленеді.

Ринат Думанұлы, тележүргізуші

-Әрине, заңдастыру әркімнің өз еркі, ешкім міндеттейтінін білеміз. Алайда жария етпей қалған жағдайда кейін салдары қандай болуы мүмкін?

Нұрлан Намысов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы

-Иә, дұрыс айтасыз, мемлекет ешкімді міндеттемейді. Заңға өзгерістер енгізгенін айттық. Осы толықтыруларда біз жаңа кепілдіктер бердік. Бұл кепілдіктер бірінші банктік салықтық құпия болып есептеледі. Жария етілген мүлкі тәркіленбейді. Осы науқанды пайдаланбай жүріп қалған азаматтар науқан біткеннен кейін ондай азаматтарға қылмыстық және әкімшілік іс-шаралар қолданатын боламыз. Біз Страсбургтік конвенцияға қол қойғанбыз, ол шетелдегі мемлекеттермен ақпарат алмасу туралы конвенция. Ол біздің азаматтардың шетелде қандай мүлкі бар, қаражаты, бағалы қағаздары бар соның бәрін ала отырып, біз іс-шаралар қолданатын боламыз. 

Ринат Думанұлы, тележүргізуші

Нақты сұрақтарымызға, нақты жауап бергеніңізге рахмет айтамыз.

8. Павлодар өңірі: Тәуелсіздік табыстары

Кеше ғана Қашаған кен орнынан 7700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясы жөнелтілді. Қашаған тұрақты жұмыс режиміне толық қосылса, жылына 5-6 млн тонна қара алтын өндіреміз. Ел игілігі үшін жасалған тағы бір шаруа, 25 жылда республика бойынша 10,5  шақырым жол жаңартылған. 29 көпір салынған. Ең ірісі Павлодар облысында. Ертістің екі жағасын ғана емес, Азия мен Еуропаны жалғаған ол үлкен көпірді таяуда Елбасы көріп, бағасын беріп қайтқан.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті    

-«Жол сал», «көпір сал» деген қазақта. Мұсылмандарға сауап болатын не? Көпір. Жолаушының жолын қысқартады. Жұмысы мен жүгін жеңілдетеді. Барлығы жол. Елімізде жол болса, экономика өседі. Қарым-қатынас жақсы болады. Еліміз бір-бірімен бірігеді. Әрі-бері қарым-қатынас болғаннан кейін жағдайдың бәрі дұрыс болады.

Павлодар өңірі 25 жылда тек «Ғасыр жобасы» аталған көпірмен шектелген жоқ. Басқа салада да дамыды. Өсті. Өркендеді. Толығырақ аймақтағы тілшіміз Ақмарал Есімханова айтсын.

Бөркімізді аспанға атып, мақтанбас бұрын, тоқсаныншы жылдарда ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңді еске түсірейік. Күрмеуі қалың мәселелер Кеңес дәуірінен қалған мұра іспеттес. 

Айтпағымыз, жұрттың зәресін ұшырған экологиялық жағдай туралы. Кезінде дүркіреп дамыған химиялық зауыт жұмысын тоқтатып, аумағына сынап төгілді. Топырақ құрамында сұйық металлдың 900 тоннасы жиналды. Облыста тіпті төтенше жағдай жарияланды.

Ақмарал Есімханова, тілші

-Бұл – 90 жылдары жұмыс істеген Павлодар химия зауытының территориясы. Экологиялық қауіп төнгендіктен, өндірістік қалдықтарр дәл осы жерге көмілген. Осы жерде, сол сәтте сынаптың көлшіктері пайда болған. Ал мамандарда мен киіп тұрғандай қорғаныс костюмдері де болмаған. Ал ауыр металл шелектеп те, күректеп те жиналды.

Зиянды металл Ертіс өзеніне құйылса, әлемде бұрын-соңды орын алмаған экологиялық апат болар еді. Аймақтың білікті эколог-мамандары бұған жол бермеді. Ал шетелдік экологтар бұған күмәнмен қарады. Білікті мамандар сынаптан арылу технологиясын қолға алды. Бүгін осы тәжірибені өзге мемлекеттер де кәдеге жаратты.

Айгерім Қабылтаева, облыстық қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары

-Бүгінгі таңда 70-тен астам атмосфералық ауа сынамалары, 100-ден астам жерасты, 24 сынама топырақтан алынды. Солардың қорытындылары бойынша ешқандай экологиялық қауіп жоқ деп тұжырымдай аламыз.

Қазіргі таңда бұрынғы химия зауытының жері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына айналған. Озық технологиялы бес бірдей кәсіпорын бой көтерді. Бірегей жобаларды жүзеге асыруға 43 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда шығарылатын күйдірілген мұнай коксы, тұрмыстық химия құралдары мен агроөнеркәсіпке қажет өнімдер ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. 

Биеке Болатов, «Павлодар» АЭА инвестициялық жобалар департаментінің директоры

-Осы күнге дейін 17 млрд-тан астам теңгеге өнім шығарылды, 3 млрд теңгеден астам салық төленді. Жақын арада тағы 6 кәсіпорын іске қосылады.

Екібастұз өңірінің халқы тоқсаныншы жылдардағы қиын заманды иық тіресіп бірге еңсерді. Индустриялық әлеуеті қарыштаған аймақтың өркендеуіне «Еңбек Ері» атағына ие болған Рышат Әміреновтей азаматтар атсалысты. Бүгінде кеншілер әулетінің бірнеше ұрпағы әлемге танымал «Шығыс» кенішінде 130 жылдан астам еңбек етуде.

Рышат Әміренов, Қазақстанның Еңбек Ері

-Айта кетейін, екі ұлым, 2 қызым, керек десеңіз, екі күйеу балам да сол «Шығыс» кенішінде қызмет істейміз!

Екібастұз өңірінің электр станциясы – отандық энергетика алыбы. «Богатырь» кенішінен алынатын көмірден өндірілетін энергияны бүгінде алыс-жақын шетел тұтынады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мұнда ТМД елдерінде теңдесі жоқ бірегей жоба іске қосылмақ. Бұрын осы тектес жобалар тек Еуропаға мемлекеттерінде ғана болған. Енді қуаты 500 киловаттық ашық тарату кабелінің көмегімен еліміздегі электр жүйесі тұрақтана түспек. 

Қараменде Омарбеков, энергетика ардагері

-Ол енді ТМД елдерінде жоқ деп айтуға болады. Бізде бірінші рет. Өте соған ризамыз.

Ақмарал Есімханова, тілші

-Екібастұз өңірі әу бастан энегретикасымен, көмірімен танылған аймақ еді. Десе де, қазіргі таңда бұл түсінік түбегейлі өзгерді. Бүгінгі таңда Екібастұз өңірінде осындай раушан гүлдер өсірілетін алып жылыжай кешені іске қосылды.

Алдағы уақытта кешеннің аумағы тағы 5 гектарға кеңейтіліп, әсем гүлдердің 8 сұрыбы өсірілмек. Отандық өндіруші импорттық раушандарды ығыстырып, сапалы өнімін Мәскеуге де тасымалдамақ.

Айтмағамбет Сәрсенбекұлы, жылыжай кешенінің директоры

-Осындай раушан гүлдер өсіріледі деп кім ойлаған. Осы раушан гүлдерімізді бүгін Қазақстанға «Екібастұз гүлі» ретінде танытуға бел будық.

Бұл музыкалық мектеп осыдан бес жыл бұрын ашылған. Мұнда 500-ден астам дарынды ұл-қыз білім алады. 14 жасар Анастасия Захарованың домбыраға деген сүйіспеншілігі ерте жастан ояныпты. Жеткіншек фортепианоны да қатар меңгерген. Халықаралық байқаулардың лауреаты күйші Динаның жолын қууды мақсат етеді. 

Ал бұл кадрлар осыдан 16 жыл бұрын түсірілді. Қара шай мен нанға зәру болған көпбалалы аналар шеруге шығуға мәжбүр болған. Осы күндер келмеске кетті. Бүгін қаймағы бұзылмаған өлке тұрғындарының жұмысы жемісті, өмірі келісті. Бұл кәсіпорын жас мемлекетімізбен бірге түледі. Қазірде осында шығарылатын ет өнімдері облыстың брендіне айналған. 

Гүлзира Қазылова, «Ақжар-өндіріс» ЖШС басшысы

-Ет өнімдері мен консервілердің 11 түрін шығарамыз. Бұл 100 пайыз отандық өнім. Еңбекқор жандардың арқасында еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз.

Аудан Семей ядролық полигонының аумағында орналасқан, сондықтан бұл жерге «болашағы бұлыңғыр» деген айдар тағылған. Ауылдың бүгінгі келбетін көрсеңіз, бұған сену қиын. Денсаулық сақтау, білім беру салалары мен ауыл шаруашылығы дамыды. Қазіргі таңда ядролық сынақтардың куәсі болған халық арасында қатерлі ісік аурулары кездеспейді, ал ана мен бала өлімі тіпті жоқ.

Байболат Қазбеков, Май аудандық ауруханасының бас дәрігері

-Бір отделениеде 15-20 бала жатса, қазір 1-2 бала бар, соның өзі жақсы. Өйткені алдын алу күшейген деген сөз.

Нейрохирургия, кардиология, нефрология, қан тамырлар хирургиясы. Ширек ғасырда Ертіс өңірінің дәрігерлері бұл салалар бойынша өзге елдердің мамандарымен бәсекелес бола білді. Әсіресе ана мен бала денсаулығын сақтау қызметінде жетістік мол.

Жаңадан ашылған мекемеде іңгәләған сәби дауысы күнде естіледі. Заманауи перинаталды орталықта озық технологиялардың көмегімен шала туылған балалардың өмірін сақтауға мүмкіндік мол.  

Ақмарал Есімханова, тілші

-Заман талаптарына сай келетін перинаталды орталық мамыр айында ашылған. Содан бері бұл жерде мыңға жуық бала дүние есігін ашты. Дәрігерлердің айтуынша, күніне мұнда 20-ға жуық сәби жарық дүниеге келеді екен.

Қаныш Сәтбаев, Сұлтанмахмұт Торағйров, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Естай Беркімбаев, Иманжүсіп Құтпанұлы сияқты дара дарындарды тудырған өлкенің 25 жылда жеткен толағай табыстарының бір парасы бұл. Бағындырар белестеріміз әлі алда!

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий