ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 95

Жеті күн 22.10.2016

Жеті күн 22.10.2016
Сюжеттер
1. Елбасы араб елдеріндегі ең беделді CNBC Arabia телеарнасына сұхбат берді 2. Көпсалалы серіктестік 3. Қайран, «Ақбұлақ»!
4. Қаржы баяу игерілуде 5. Фермерлер, бірігіңдер! 6. Кооперация не береді?
7. Салық көбейсе, импорт азаяды 8. БАҚ туралы заң жобасы 9. Бейбітшілік – жаһандық мәселе
   
10. Тәуелсіздік табыстары    

1. Елбасы араб елдеріндегі ең беделді CNBC Arabia телеарнасына сұхбат берді

Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан нақыл сөз. Жай ұран яки пафос емес. Бүгінде әлемдік қауымдастық Қазақстанды сыйлайды, мойындайды, сенеді. 

Атом қаруына қарсы мемлекеттердің көшбасшысы ретінде құрметтейді. Мұның бәрі – тыныштық пен бейбітшіліктің нәтижесі. Президент араб елдеріндегі ең беделді, ең танымал CNBC Arabia телеарнасына берген сұхбатында да бейбітшіліктің бағасын, қадірін сөз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Өзіміздің ішімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын болғандықтан, 17 артық діни конфессия бар, солардың бәрі тату-тәтті өмір сүреді. Бізде дүниежүзілік діндердің съездері өтіп тұрады. Сондай бізге деген сенім бар, өзіңіз білесіз. Соның арқасында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне біз бірінші болып, он бестің біреуі болып тағайындалдық. Біз үшін өте үлкен сенім. Өте үлкен дәреже. Бұл мәселені осы Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесін, шешілмеген мәселелерді шешуге жұмсаймыз ден сенемін. Әрине, төңірегіміздегі болып жатқан Сириядағы лаңкестік мәселелерге де, Таяу Шығыстағы мәселелерге де көңіл бөліп отыратын боламыз. Екі арасы келісілмей жүрген көп мемлекеттердің арасына Қазақстан араағайындық жасап жүр. Ресей мен Түркияның арасындағы жағдайды келістіріп, екі елді достастыруға септігін тигіздік. Солай Украина мен Ресейдің арасындағы, Әзербайжан мен Армения арасындағы жағдайларды түзеу үшін Қазақстан әр уақытта жұмысын жасап жүр.

Араб жұртына ғана емес, төрткүл дүниеге тәулік бойы хабар тарататын, халықаралық, аймақаралық ахуалды арқау еткен CNBC Arabia бизнес-арнасының біздің елдің басшысынан сұхбат алуы – әлемдік деңгейдегі құрмет-дәрежеміздің дәлелі, бос мақтан емес, барды көрсету, жақсылығымызды жариялау, өскелең ұрпаққа өсиет ету, үлгі ету.

2. Көпсалалы серіктестік

Көпвекторлы саясатты ұстанатын Қазақстан – Біріккен Араб әмірліктерімен көп салада серіктес. Астанада салынып жатқан «Әбу Даби Плаза» кешені сол ынтымақтастыққа нақты мысал бола алады.

Елбасы осы аптада Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Олар саясат, сауда-экономика, көлік-транзит, инвестиция салаларындағы байланысты одан әрі нығайту жайын талқылады. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. 

Сондай-ақ Елбасы іргедегі көршіміз, ақ қалпақты ағайынымыз Қырғыз елінің Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаевты қабылдады. Екі елдің татулығын өзгеге үлгі етейік деп, ағалық ақылын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Біз туысқанбыз деп сөзбен айта бермей, іс жүзінде де көрсетіп отыруымыз керек. Қазақстан  Қырғызстан үшін ең жақын көршісі. Қырғызстан да ең жақын ел деп санаймыз. Барлық жағынан қолдаймыз. Қазақстан мен Қырғызстанның арасында шешілмеген еш нәрсе болмауы керек. Оброзцовое отношение надо сделать. Енді ел болғаннан кейін әрқайсысының әртүрлі пікірі болады. Надо учитывать, уважать, находить компромиссное решение.

Ақордаға осы аптада ғалым да, министр де, Үкімет басшысы да бас сұқты. Елбасына атқарылған, атқарылар жұмыстары туралы есеп берді. Жаңа тапсырма арқалап шықты. Мәселен, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан Президент 9 айдың қорытындысын сұрады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 0,4 пайызды құрап отыр. Ол 8 айдың қорытындысынан 0,1 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығы, транспорт бәрі көтеріліп жатыр. Үкіметтің кеңейтілген кеңесіндегі тапсырмаңыз бойынша экономикаға 481 млрд теңге қосымша бердіңіз. Оны бюджеттен қосымша ретінде қарап бекітті. Өзіміздің жоспарларымызды бекіттік. Әкімдермен бірге жұмыс жасадық. Бүгінгі күнде ақшаның бәрі жергілікті жерге жетіп, тапсырма қойып отырмыз.

Елбасы Үкімет басшысына қысқы маусымға дайындықты күшейтуді, астықты экспорттау мәселесін жіті бақылауды нығарлай тапсырды. Ал жаңа құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшысы Бейбіт Атамқұловқа «отандық кәсіпорындар өз мүмкіндіктерін барынша пайдалануы керек» деген кеңес берді.

Ал Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовқа Бейбіт Атамқұлов басшылық ететін министрлікпен берік байланыс орнатуды міндеттеді. 

Елбасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновты да қабылдап, ғылым саласындағы өзгерісті, жетістікті тыңдады. «Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу қажет. Ғылыми зерттеулер заман талабына сай болуы тиіс» деп кездесуді қорытындылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Академия баяғыдай бір жерден ғылым таратады деген жоқ. Экспертиза. Ғылымға баға беру. Ғылым жөнінде заң шығардық. Ғылымға келетін жастар көбейді. Универститеттерде ғылыми жұмыстар көбейді. Жастар тартылды. Барлығы жүріп жатыр.

3. Қайран, «Ақбұлақ»!

Үкімет қайда қарап отыр? Осылай аттандауға көбіміз құмармыз. Мемлекеттің жақсылығын көргіміз келмегендіктен шығар. Әйтпесе Үкімет құр қарап отырған жоқ. Қарашаның қамы үшін барынша тырысады. Әлеумет тарықпасын, әл-ауқаты әлсіз болмасын деп-ақ жүр. Дәлел – түрлі бағдарламалар аясында жасалып жатқан шаралар. Оған бөлінген миллиондаған қаражат. Әр жерде бой көтерген мектеп, аурухана. Салынған тұрғын үйлер. Бәрі – осы халық үшін. Иә, халық үшін қабылданған көп бағдарламаның бірі – «Ақбұлақ». Мақсаты – елді таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Өйткені «ауру астан, оның ішінде әсіресе ішкен судан» деп бағзы заманда Ибн Сина да ескертіп өтіпті. Өкінішке қарай, «Ақбұлақтың» кем-кетігі көп екен. Біраз ауылдарда суға бөлінген ақша жемқорлар жемсауында кеткен. Сөзіміз дәлелді болсын.

«Ақбұлақ» бағдарламасының шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданына қарасты Мамыр ауылына жап-жаңа су қоймасын салып, жаппай таза сумен жарылқамаққа бюджеттен жүз сексен бес млн теңге бөлінген. Алайда қаржы талан-таражбен жоқ болған. Бұл бір ғана оқиға. Ал қаншама аймақтың жұрты «Ақбұлақтың» емес, құдықтың, арықтың лас суын қорек етуге мәжбүр. Қысқасы, мақсат-міндет орындалмаған. Енді Үкімет басшысы: «Бағдарламаның олқылығын түзеп-күзеңдер! Сонда қомақты қаржы береміз», – деді жауаптыларға. 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы

-Ел ауылдарының тең жартысы орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған. «Ақбұлақ» бағдарламасы іске аспай тұрып, жағдай тіпті мүшкіл еді. 2011-ші жылдан басталған қарқынды жұмыс нәтижесінде біршама ауыл суға жарыды. Ал қалалардың 87 пайызына тіршілік көзі кірді.   

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Бұл – жақсы көрсеткіш. Жағдай солай екен деп қарап қалмауымыз керек. Мәселе қосымша қаржы көзін іздеуде емес сол бағдарлама ішінен қарап, тиімсіз пайдаланылып жатқан қаржыны дұрыс жолға көшіруде. Жобаны жасаған бірқатар олқылықтарымыз да бар жіберіп отырған.

Сәкен Сейітханұлы, шолушы

-Ол қандай олқылық деп отырған боларсыз. Айтайын. Бағдарлама басталған тұста ауылдағы адам санына байланысты жобалар іріктелді. Соның салдарынан тұрғыны 500-ден аспайтын елді мекендер тасада қалып қойды. Соның бірі  Ордабасы ауданына қарасты Сыпатаев ауылы. 212 түтіні бар ауыл тұрғындары ауызсуды өздері қазған құдықтан алады. 

Ерлан Қабылбеков, Сыпатаев ауылының тұрғыны

-Енді соңғы жылдары суымыздың дәмі өзгере бастады. Тұздану болып жатыр. Бұрынғы кездері таза болатын сияқты еді. Қазір ыдысқа, шайнекке қақ тұрады, судың дәмі білінеді.

Сәкен Сейітханұлы, шолушы

-Дәл осындай ауылдардың тұрғындары қашанғы сұраулы жүзбен жүреді. Олар таза суды қанып ішетін күн туады ма? Дәл осы сұрақтарға жауап беру үшін Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің бас маманы Берік Әлзақов бізбен тікелей байланысқа шығып отыр. Берік Исабайұлы сауалды тыңдадыңыз, сіздің жауабыңыз?

Берік Әлзақов, ҚР ҰЭМ Комитетінің бас маманы

-Біздің министрлік тарапынан ұсынысымыз бар. Ол тәуелді су арналарын басқаруды оңтайландыру үшін «ҚазСуШар» мекемесінің бірыңғай басшылығына беру. Одан кейін бытыраңқы су арналарын ірілендіру. Одан кейін «Ақбұлақ» бағдарламасы кезінде қолданылмаған жүйелі кешенді мәселелерді жандандыру керек. 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы

-Жаңағы Сыпатай ауылын көрдіңіз, дәл осындай жағдайда тұрған ауылдарға қашан ауызсу тартылады. Осыған жауап берсеңіз?

Берік Әлзақов, ҚР ҰЭМ Комитетінің бас маманы

-Ешқашан Үкіметтің, жергілікті органдардың атқарушы назарынан тыс қалған емес. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жаңағы айтқан мәселелерді ескере отырып, жобалар қарастырылып, су жеткізіледі деймін.

Министрлер кабинетінің отырысында Үкімет басшысы Тараздағы су бұруға белгіленген ең төменгі тарифке таң қалды. Әулиеатада судың бір текше метрі небәрі 8 теңге екен. Бұл сомма шын мәнінде барлық шығындарды жауып, жалақы төлеуге жеткілікті ме? Біз бұл мәселені зерттеп көрдік. Жамбылда кәріз жүйесіне төленетін ақша 7 теңге болса, сумен жабдықтау небәрі 24 теңге екен. «Тараз су» мекемесінің мамандары:«Бұл бағаны алдағы уақытта көтермесек шығынға ұшыраймыз»,– дейді.

Рахымжан Нығмеджанов, «Тараз су» МКК директорының орынбасары

-Біз бірнеше рет тариф құнын көтеруге тапсырыс бердік. Бірақ монополияға қарсы комитет біздің ұсынысымызды қабыл алмады. Өйткені тариф 5 жылға бекітіледі. Сондықтан баға 2014-2015 жылдары бекігендіктен, сол күшінде болады. Бірақ суға төленетін ақшамен біздің күн көрісіміз қиындап барады. Біз су өз бағасын жапса дейміз. Ол үшін тек кәріз жүйесінің бағасын 24 теңгеге, ал сумен қамтуды 60 теңгеге көтерсек, жетіп жатыр.

Ал Қарағанды қаласының тұрғындары еліміз бойынша ең жоғарғы бағаны төлеп, су алады. Кенді шаһарда бір текше мерт судың құны – 96 теңге. Бағаның не себепті шарықтап кеткенін де біліп көрдік. Сөйтсек, тіршілік нәрінің қымбаттауына тасымал шығынының артуы түрткі болыпты. 

Николай Синьковский, «Қарағанды-су» компаниясының бас инженері

-Каналдың деңгейі Қарағанды қаласымен салыстырғанда, 418 метр төменде тұр. Суды жоғарыға жеткізу үшін сорап станцияларына қаншама күш түседі, электр қуатын жоғалтады. Оның үстіне судың сапасын жақсарту үшін бірнеше мәрте сүзгіден өткізу керек. Қалааралық тозығы жеткен 1040 шақырым құбырды үнемі жөндеп отыру қажет. Осының барлығы келіп тариф бағасына әсер етеді.

Сәкен Сейітханұлы, шолушы

-Міне еліміздің әр өңірінде судың бағасы әртүрлі. Облыс орталықтарында судың шығынын есептеп, бағаны білгілеуге болады ма? Берік Исабайұлы сіз не дейсіз?  

Берік Әлзақов, ҚР ҰЭМ Комитетінің бас маманы

-Тарифке келетін болсақ, бұл жерде табиғи ресурстарды реттеу комитеті бар. Тікелей осы тарифпен шұғылданатын, осы тарифті бекітетін. Жергілікті жерлерде осы комитеттің жергілікті бөлімдері, мекемелердің басшыларымен республикалық деңгейде комитет төрағасының бұйрығымен бекітіледі. Ал судың бағасы әрине, Қарағанды мен Таразды салыстыруға болмайды, себебі өздеріңіз жақсы білесіздер, Қарағандыға судың қайтіп жеткізілетінін. Бұл жерде жер бедеріне, су ресурстарының қандай деңгейде жатқаны, бәрі есепке алынады ғой.

Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, қазір әлемде таза су тапшы. Оның қорын табу тағы жұмысты қажет етеді. Биыл 480 ауылда іздеу-барлау жұмысы жүріп, таза су қорлары анықталды. Демек, осы елді мекендерге су тартуда қиындық тумайды. 

4. Қаржы баяу игерілуде

Сөз тағы да мемлекеттік бағдарлама туралы. Инфрақұрылымды дамытып, жұрттың жағдайын жақсартпақ ниетпен «Нұрлы жол» бағдарламасы бекітілген. Жүзеге асыру үшін АҚШ ақшасына шаққанда 16,2 млрд қаржы бөлінген. Бағдарламаның биылғы қоры – 770 миллиард теңге. Аз ақша емес. Біржылдық Қырғыз Республикасының бюджеті. Қомақты қаражаттың есебінен кәсіпкерлік, білім, тұрғын үй құрылысы, жол инфрақұрылымы, энергия желілері, туризм саласы жандану керек еді. Жұмыс жасалды, жоққа шығармаймыз. Өткен жылдан бері кәсіп ашқандар арқасында 14 мың адам екі қолға бір күрек тапты. 9 мыңға жуық отбасы, яғни 40 мың адам қоныс тойын тойлады. Бұның бәрі «Нұрлы жол» бағдарламасының шарапаты. Жетістік бар, кемшілік те жоқ емес. Мұны «Нұр Отан» партиясының өкілдері айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» Партиясы Төрағасының Бірінші Орынбасары

-Елбасымыз жаһандық экономиканы жайлаған дағдарысқа қарамастан, «Нұрлы жол» бағдарламасына миллиардтаған доллар көлемінде қаржы бөлгізді. Сол орасан зор қаражатқа атқарылған жұмыстың сапасы, мерзімі және мақсатты игерілуінде өрескел қателіктер жіберілуде. Енді бұл мәселе ұдайы партия бақылауында болады. Халыққа арналған әрбір теңге сол халықтың игілігіне айналуға тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар мен барлық партия ұйымдарына аталған мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл бағдарламаның әрдайым Елбасының ерекше назарында болатынын ұмытпаңыздар.

Ел игілігіне бөлінген қаржы әлсіз кәсіпкерлерді қолдауға жұмсалған. Нәтижесінде, бюджетке салық төлемеу деректері тіркелген. Әзірге осындай 55 оқиға белгілі болған. Мәселен, «Асыл арман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Нұрлы жолдың» қорынан 1 миллиард 100 миллион теңге алып, 502 жұмыс орнын ашқан. Алайда бір жылда төлеген табыс салығы небәрі 3 миллион теңге. Демек серіктестік әр жұмысшыға 5 мың теңгеден айлық беріп отырған. Бұл кемдікті Ұлттық экономика министрлігі көрмеген сияқты. Өйткені министр банктермен бірлесіп бұл жобаларды енді қарайды. 

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық Экономика Министрі

-Бизнесмендердің және олардың жобаларын қаржыландыру «Нұрлы жол» бағдарлама бойынша банктер арқылы атқарылады. Сондықтан айтылған 55 жобаны банктермен бірге қарап, неге сондай нәтижеге жеткендігін зерттеп, сізге толығырақ баяндауға рұқсат беріңіз.

2020-жылға дейін еліміздің 7 мың шақырым жол жаңаруы тиіс. Алайда қазірдің өзінде мердігерлер тасжолдарды межелі мерзімінде бітере алмайтын болып тұр. Мәселен, биыл аяқталуға тиіс «Астана-Теміртау» жолының 12 шақырымы ғана пайдаға берілді. Ал оның ұзындығы – 171 шақырым. Қалған жұмыс 3 айда бітеді дегенге сену қиындау. Өйткені қолданысқа берілген жол қайтадан жырымдалып жатқан көрінеді.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Астанадан Қарағандыға беттеген жол бітуге жақын. Ол қуантады. Бірақ трассаның сапасы сын көтермейді. Жап-жаңа салынған жолдың 33 километрінде ойықтар пайда болды. Ол мердігерлердің есебінен қайта жөнделеді, әрине. Бірақ «ҚазАвтоЖол» осының бәрін қадағалау керек.

Сапасыз жолдан бөлек, тұрғын үй салған мердігерлер де ісіне салғырт қараған. Жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған 326 мың шаршы метр үйдің 97 мың шаршы метрі ғана өткізілген. Демек қаңтарға дейін 70 пайыздық жұмыс тәмәмдалуы тиіс. «Нұрлы жолдың» орындалу барысын талқылағандар өрескел қателердің бір себебі, бөлінген қаржының жұмысшыға кешігіп жетуінен деп түйіндеді. Яғни мемлекеттен мердіргерге жеткенше біраз мекемеден өтіп, уақыт шығандалады. Мұны бір жүйеге келтірмей іс оңалмайды. Ал ақшаны алып, қисынсыз есеп жазып жүргендер заң алдында жауап бермек.

5. Фермерлер, бірігіңдер!

Бірлескен істе береке бар. Бұл сөзді ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қатысты айтып тұрмыз. Яғни шағын шаруалар бірігіп, іріленсе, жер көлемі ұлғаяр еді, жұмыстары жеңілдер еді, техникалық керек-жарақ сатып алу мүмкіндігі молаяр еді. Сондықтан жыл соңына дейін 150 кооператив құрылады деп жоспарлап отыр Ауыл шаруашылығы министрлігі. Яғни 100 сүт қабылдау бекеті мен 2 мыңнан астам мал бордақылайтын отбасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тіршілік етпек.

Айтпақшы, дүние жүзіндегі кооперацияның тарихы да осы сүт өндірісін біріктіруден бастау алған. Италияның Флоренция аймағында. Сөйтіп басқа елдерге де бұл үлгі кең тарайды. Қазір Еуропа, Жапония ауылшаруашылық өнімдерінің 60, тіпті 100 пайызын осы кооперативтер өндіреді. Финляндияда сүт өнімдерінің 65-70 пайызы бірлескен шаруа қожалықтар үлесінде. Осы тұста, Жапонияның тәжірибесін кеңірек айтуға болар еді. Уақыт тығыз. Десе де, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Күншығыс елі 52 пайыз территориясынан айрылды. Аралдарында агросекторды дамытатын жағдай мүлде жоқ еді. 75 млн халыққа қалай азық-түлік тауып береміз деп бас қатырған жапондықтар, тығырықтан шығады. Кооперативтер құрады, шаруаларға барынша жағдай жасайды. Ал біздер, қазақстандықтар, бірлесуге немқұрайлы қарап отырмыз. Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан тіпті құлықсыз сияқты. Неге? 

Біреуінің қоймасы, біреуінің қырманы жоқ. Біреуінің дән кептіргіші жоқ. Біреуінің комбайны ескі.  

Менде техникам жоқ, тракторым жоқ. Кооперативте біреуінде трактор бар. Біреуінде жері бар деген сияқты.

Ерлан Көпенов секілді қолы қысқа шаруа көп. Ауылда малмен жан бағатын ағайынның көбінде техника жоқ. Немесе керісінше. Барының тозығы жеткен. Қайтпек керек? Қазір «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұғым маңыздылығын жойды. Уақыт талабы солай. Қорасында азын-аулақ малы бар шағын шаруалар кооператив құруға жанталасуда. Көктемде шығысқазақстандық фермерлер қожалықтарын біріктірді. Ірі қара мен ұсақ малды бөлек-бөлек баққаннан осы тиімді. 

Ерлан Көпенов, Фермерлік кооператив мүшесі

-Кооператив құрған дұрыс деп ойлаймын. Сонда шөп дайындауға да оңай болады. Солярка алсақ та. Малдарымызды қосып, бір жерде ұстаймыз.

Аграрлық құрылымға көбі үрке қарап отыр. «90-шы жылдары жеке шаруа болыңдар деп тараттыңдар, енді қайта бірігіңдер дейсіңдер? Ол не үшін қажет?». Орынды сұрақ. Тәуелсіздік алған тұста шаруалар тоқырауды бастан кешкені рас. Қыруар қаржы мен реформа сала еңсесін қайта тіктеп келеді. Үкіметтің басты жоспары – алдағы 2 айда 150 кооператив құру. Құрылатын кооперативтер 100 сүт қабылдау бекеті мен 2 мыңнан аса отбасылық бордақылау алаңын біріктірмек.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-Пилоттық жобаға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарын таңдадық. Басты талап кооперативке бірігетін шаруа саны 20-дан кем болмауы керек.

Кооператив коммерциялық ұйым болғандықтан әркім табыстан түскен үлесін алады. Бұған мемлекет беретін субсидия мен жеңілдетілген несиені қосыңыз. Елімізде тиісті заң биыл қаңтар айынан бастап күшіне енді. Бұл қайта толықтырылған құжат. 10 ай артта қалды. 

Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың пікірінше, шаруаларға бірігудің артықшылығын кеңінен насихаттау қажет.

Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек Ері

-Кепілге де бір мүлік керек. Енді бәрі біріксе, біреуі кепілге машинасын қояды. Біреуі үйін қояды. Әңгіме сонда ғой. Жалғыздың қолынан не келеді?

Көктемде құрылған шағын кешендердің бірімен танысу үшін Ақмола облысының Целиноград ауданына ат басын бұрдық. Елорданың маңы. Жаңажол – 74 түтіні бар шағын елді мекен. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы.

Әсем Әшірханқызы, тілші

-Астананың іргесіндегі «Қос қопа» кооперативі қарапайым тұрғындардың жан қалауымен бірлесіп құрылған. Мұның құрамында 54 тұрғын бар. Әрқайсысы өз қорасындағы ірі қарасын бір өрісте жайып, мұнда мал бордақылаумен айналысуда.

Түсірілім тобын қарсы алған кооператив төрағасы Жақия Аманжолов. Айтуынша, ауыл халқы ақылдасып, мал бордақылауды жөн санапты. Тұқым сапасын арттыруға бұқалар қажет. Жекелеген шаруалардың бұқа алуға шамасы жоқ. Сөйтіп 3,5 млн теңге субсидия қолға тиген соң, іске кіріседі. 

Жақия Аманжолов, «Қос қопа» кооперативінің төрағасы

-Өзі 185 сиыр тіркелді. Әрбір сиырға 18 мыңнан ақша бөлінді. Сол ақшаға біз бұқаларды сатып алдық, өзіміздің атымызға түсірдік. Қала берді бақташыға төледік. Сосын жем-шөбін алдық.

Малды асыл тұқымдандыру мен бордақылауға ангус пен қазақтың алабас бұқасы тиімді. 

Мұқажан Хамзенов, «Қос қопа» кооперативі төрағасының орынбасары, зоотехник

-Рацион бойынша бір бұқаға 2 келіден беретін болсақ, сонда 7-уіне 14 келі. 14 келіге мынадан бір флаконның өзінің жартысын соған саламыз. 

Бұқаларға күнде берілетін дәрумендерді тексеру – зоотехниктің міндеті.

Шағын кооперативтің жоспары көп. Әзірге тұрғындар сиырларын бір өрісте жайып, өз қорасында ұстап отыр. Алайда жем-шөп ортақ. Іс алға басса, тозығы жеткен техниканы ауыстыру кезекте тұр. Ауданында былтыр екеу, биыл 7 кооператив құрылған. Берілген субсидия көлемі – 30 млн теңге.

Берікжан Әбутәліпов, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары

-Бұқадан басқа тағы да асылтұқымды сиырларды сатып алуға деген сондай жоспарды біз қарастырып жатырмыз. Сондайға Үкімет тағы да ақша бөлсе, сүттің мәселесі біраз көтерілер еді. Өйткені сүтке қызығып жатыр.

Жауапты министрлік жылжымалы сүт қабылдау бекеттеріне ден қойып отыр. Себебі шаруаларға сауылған сүтті нарыққа шығару қиын. Көбіне дайын өнімнің қызығын делдал көреді.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-Міне, 5 млн ауылға келді. Осындай пункт оған қолма-қол құжаттар жинаған соң, Үкімет тарапынан 30 пайызын жауып отырады, яғни 1,5 млн. Қалғаны 3,5 млн болады. 3,5 млн оны сүт жиналған соң 5-6 жылда осылай жабады.

Вице-министрдің сөзінше, фермерлерге пилоттық жоба аясында 3-тен 30 млн-ға дейін несие беріледі. Үкімет жақында ауыл бизнесіне серпін әкелетін 4 түрлі несие бекітті. Оның ерекшелігі – мал бордақылайтын алаңдар мен сүт қабылдау орындарын кепілдіксіз сатып алуға болады.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-«Ынтымақ» ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға, «Игілік» мал өсіруге, «Бірлік» сүт қабылдау пункттерін құруға, «Береке» – отбасылық бордақылау алаңдарына арналған несие.

Қайрат Айтуғанов Үкімет отырысында Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстанда мал бордақылау жұмысы көңіл көншітпейтінін айтты. Әкімдер жоспарға сай жұмыс істемеген. Тапсырма қағаз күйінде тұр. Мәселен, еліміздің шығысында бордақылау алаңдарын құру небәрі 15 пайызға орындалыпты. Оларға ескерту жасалды. Елімізде кооператив құру ісіне неміс мамандары көмектесіп жүр. «Ұжымдасқан соң жұмысты реттемесе, ыдырауы оңай. Сондықтан қиын-қыстау кезеңге арнайы қор құрған жөн», – дейді Дитхард Рудерт. 

Дитхард Рудерт, «Қазақ-герман аграрлы-саяси диалогы» жобасының басшысы

-Қазақ-герман диалогы кооператив құруға қатысты біріге жұмыс істеп келеді. Кооператив басқару – өте жауапты іс. Үнемі кіріс бола бермейді. Германияда табысты бөлу кезінде резервті қорға да ақша аудару дәстүрге айналған. Сосын аудиторлық тексеру жүргізу артық болмайды. Бұл бірін-бірі аңду емес, жұмысты жүйелеуге сеп.

Кооператив құру – монополист, делдал мен шетелден келетін өнімдерге тосқауыл. Яғни тұтынушы ет, сүт, көкөніс секілді табиғи өнімдерді арзан бағаға алады. Бұл – Жетісуда бау-бақша өсіретін 20 кәсіпкердің басын қосқан Бақытгүл Елшібекованың пікірі.

Бақытгүл Елшібекова, «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры» атқарушы директоры

-Қайдан келіп жатқан тауарды тұтынғаннан, міне, іргеңде тұрған фермерлерден алып, соны таза күйінде тұтынуға мүмкіндік береді. 

Жаһандану заманында азық-түлік қауіпсіздігі Ұлттық қауіпсіздіктен кем түспейді. Ал ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған елдің есебі түгел.

Авторлары: Әсем Әшірханқызы, Айдос Меделбеков, Абылайхан Сейілбек

6. Кооперация не береді?

Шаруа қожалықтарды ірілендіру мәселесін Сенат депутаты Қуаныш Айтахановпен әрі қарай талқылаймыз. Қуаныш мырзаны таңдаған себебіміз: біріншіден, оның мамандығы – ветеринар-дәрігер. Яғни малдың жайын жақсы біледі. Екіншіден, заманында Оңтүстік Қазақстанның агроөнеркәсіпті дамыту басқармасын басқарған. Әкім болған тәжірибесі және бар. Ал қазір Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі.

Ринат Думанұлы, жүргізуші

-Сонымен Қуаныш Айтаханұлы, шағын кооперативтердің құрылуына мемлекеттен қолдау жоқ емес. Дегенмен үйір-үйір жылқы, отарымен қой айдап, табын сиыр баққан халық ұжымдасып жұмыс істеуге құлықты емес. Жұрттың пікірін қалай өзгертуге болады?

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты  

-Дұрыс айтасыз. Ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселе  ұсақ, майда шаруашылықтарды, жеке, қосалқы шаруашылықтарды ірілендіру. Іріленген шаруашылықтарды ары қарай мамандандыру, сөйтіп ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, өнімнің өзіндік құнын азайту, халқымызды арзан сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, артылғанын терең өңдеп, экспортқа шығарып, бюджетке қомақты валюта әкелу болып табылады. Заңды Парламент қабылдады. Түсініктеме жұмыстары барлық жерде жүріп жатыр, алғашқы ұйымдастыру мәселелері де істеліп жатыр, кооперация болып жатырмыз деген хабарлар келіп жатыр, бірақ үлкен жұмыстың түрлі жағдайлары болады, кемшілігі де болады, жақсылығы да болады. Бұл бір сөзбен айтқанда, бұрынғыдай емес шамалы да болса алға ілгерілеушілік бар. Бұл ұсақ, майда шаруашылықтарға кооперация қажет.

Ринат Думанұлы, жүргізуші

-Сол ұсақ шаруашылықтардың белсенділігін арттыру үшін бірінші кезекте неден бастау керек?

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты  

-Мысалы, бізде сүт-ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың қуаты 60-70 пайызға ғана пайдаланып жатыр. 30-40 пайыз көлемінде шикізат жетіспейді, ал өзімізде шикізат бар. Әр үйде бір сиырдан, екі сиырдан бар, олар өздерінің ішіп-жегенінен артылғанын қайда апарарын білмейді, міне осыған байланысты қазір қол алынып, барлық елді мекендерде сүт қабылдайтын пункттер ашылып, молоковоздар беріліп, оның жанынан зертханалар ашылып, осыған қаржы бөлініп жатыр. Мысалы, 2016 жылы жақында ғана бюджетті бекіттік, осы бағытқа республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығын кооперацияландыруға, тағы да басқа жұмыстарды ұйымдастыруға 97 млрд теңге қаржы бөлінді. Егер республикалық АШМ бюджеті 1 жылға 210 млрд дейтін болсақ, 97 млрд оның тең жартысы. 

Ринат Думанұлы, Жүргізуші

-Бірақ бұл әлі де болса шикізаттық өндірістік кооперацияға.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты  

-Ал енді өндірістік кооперативті дамыту мәселесіне келгенде бұл жерде ең бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіру үшін оларға техника беру керек. Ең үлкен мәселе – техника. 200 мың ауыл шаруашылығы субъектілерінің 160 мыңы ұсақ, майда. ОҚО-да 60 мыңнан астам ұсақ қожалықтар бар. Соларды біріктіру үшін оларды қызықтыру керек. Ол үшін техника беру керек. Менің ойымша, техника беріп, сен бірігетін болсаң, мемлекет тарапынан техника беріледі, ұзақ мерзімге, арзан бағамен, төменгі процентпен беріледі, ол сенің жеріңді өңдеп береді, жинап береді. Бұрынғы МТС тәртібі сияқты. Ал қазіргі нарықтық жағдайда бұл мәселені тек мемлекеттің есебінен емес, мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің есебінен шешу керек деп ойлаймын. Техниканың құны арзан болса, оның шаруаға жасайтын қызметі арзан болса, шаруа сонымен жұмыс істеген болар еді. Соны айналасына топтасып, үлкен кооператив құрылған болар еді. Өндірістік кооператив техникамен құрылғаннан кейін оны обслуживать ету керек, ол жағы тағы бар, соған байланысты сервистік жағы дамыған болар еді. Сөйтіп бірімен бірі байланысып, кеткен болар еді. Осы мәселе ең негізгі мәселе болуы керек. 

7. Салық көбейсе, импорт азаяды

Айтпақшы, отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қолдайтын Заң жобасы таныстырылды Мәжілісте. Заң импортқа шығарылатын асыл тұқымды мал өсірушілерге қосымша құн салығын жеңілдетпек. Ал арақ-шарап, темекі өнімдеріне акциздік салық қымбаттауы мүмкін. Жалпы бұл құжат қолайлы кәсіпкерлік орта құруға, әлеуметтік-экономиканы дамытуға бағытталған. 

Жаңа жылдан бастап арақ-шарап пен темекі өнімдеріне салық өседі. Бюджетке де жаңа түсімдер келеді.Бағасы да бір жарым есеге қымбаттауы мүмкін. Біздің арақ-шарабымыз Ресей, Белоруссия нарығына жете ме деген үміттеміз.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге салықтан жеңілдік жасалмақ.

Бірыңғай жер салығына көшіретін болса отандық тауар өндірушілерге жасалып жатқан үлкен қамқорлығы деп түсінемін.  

Қазақстанда алкогольді ішімдік нарығының көлемі соңғы 10 жылда 30 пайызға төмендеді. Елде арақ ішетіндердің қатары азайды. Бұған біз қуанғанымызбен, бизнес қуанбай отыр. Себебі нарықта бәсеке күшейді. Қазір біздің дүкендердегі әрбір төртінші арақ – импорттық өнім. Ресей, Белоруссия мен Украинадан әкелінеді. Оған біздегі акциздік салықтың арзандығы басты себеп.  

Әміржан Қалиев, «Қазалко» Алкоголь өнімдерін өндірушілер және сатушылар қауымдастығының президенті

-Ресейлік, беларустық арақ өндірушілерге өте тиімді болып қалғанын көрдік. Олар өздерінің елдерінде арақ-шарапты шығарып, Қазақстанға әкеліп, Қазақстанның екі есе аз акциздік салығын төлеп, қосымша пайызға 12 пайызды төлеп, оларда 18 пайыз мысалы, біздің нарыққа кіру оларға материалдық жағынан көп стимул болып отыр. Сондықтан біз осыны азайту үшін ұсыныс жасадық.

Спиртті ішімдік өнімдеріне акциз салығы артса, импорт азаяды. Бұл бәсекелестікті арттыру үшін де керек. Соған сәйкес атқарушы билік арнайы заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынды.

Қуандық Бишімбаев ҚР Ұлттық Экономика Министрі

-Оны біздің өндірушілердің ұсынысымен жасадық. Өйткені қазір олар Ресеймен бірлескен экономикалық одағында акциздік саясатын біріктіруде. Өйткені бөлек болса, біздің өндірушілер бәсекелестік қабілеті жағынан жетпей жатқан. Ол  тек қана салықтық акциздік саясатына байланысты. Соны біз қазір реттеп отырмыз.   

Енді тиісті заң жобасы бекісе, алкоголь өнімдеріне акциздік салық рет-ретімен өседі. Келер жылы 45 пайызға, 2018 жылы 14, 2019 жылы 12 пайызға қымбаттайды.  

Отандық арақ-шарап өндірушілер бұған дейін дайын өнімге ғана емес, шикізатқа да салық төлейтін. Енді олар қосарланған салықтан босатылады. 

Әміржан Қалиев, «Қазалко» Алкоголь өнімдерін өндірушілер және сатушылар қауымдастығының президенті

-Біздің арағымыздың бәсекелестігі күшейеді. Осы мақсатпен біз этил спиртіндегі акцизді дайын өнімге ауыстыруға ұсыныс жасадық. Түркияға шығардық өткен жылы. Биыл Әзербайжан, Вьетнамға шығарғалы отырмыз. Шығарған кезде бізге арзанырақ келеді. Мысалы, біз оларға шығарған кезде өзіміздің акцизді төлемейміз. Қосымша құн салық төлемейміз.

Сәйкесінше, алкоголь мен темекі өнімдерінің құны 2019 жылға дейін сатылап өседі. Мәселен, қазір 1 литр араққа акциздік салық 1 мың 380 теңге болса, жаңа жылдан бастап 2 мың теңгеге жуықтайды. Ең жоғарғы өсім 45 пайызға жетуі мүмкін. 2018 жылы бұл көрсеткіш 2 275 теңге, 2019 жылы 2 550 теңге болмақ. Ал сыраның бір литріне баж салығы 219 пайызға көбейеді. Ал темекінің бір қорабы үшін ең төменгі баға 300-теңгеге жетіп қалуы мүмкін.   

Қосымша құн салығына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілмек. Қолданыстағы ең төменгі мөлшерді 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен азайту жоспарда.  

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Бизнесмендердің сауда жүргізуі бойынша 6 млн теңгеден асса, олар қосымша салық төлеу керек. Бүгінгі экономикалық қиын уақытта ондай салық кіргізсе, онда олардың жағдайы қиындап кетеді. Сондықтан өзгерту енгізіп келген заң жобасына біздер ретімен 2018-2020 жылға дейін түсіретін болып қалдырдық.

Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де бірқатар көмекке қол жеткізуі мүмкін. Қызылордалық кәсіпкер Самұрат Имандосов ет және сүт өнімдерін шығару бизнесін жолға қойған. Венгриядан әкелген 660 бас асыл тұқымды ірі қараны көбейтті. Тауарлы сүт фермасын салып, жылына 5 мың тоннадан астам сүт өнімін саудалауда. Енді осындай кәсіпті қолға алған шаруашылықтарға қосымша құн салығын төлеуде жеңілдіктер қаралуы мүмкін.   

Самұрат Имандосов, кәсіпкер

-Кедендік заң актілеріне байланысты лизингіге әкелінген импортталған малдар лизинг пайдаланушыға НДС қосымша құн салығынан босатылып, бағасы сөйтіп беріледі де, егер де лизинг срогы бітпей, малдар өлетін болса я мәжбүрлеп сойылатын болса, сол малды алушы иегері қосымша құн салықтарын төлейді деген. Ендігі кезде министрлік тарапынан айтылып отырған ұсыныс өте орынды. Бұл жерде осы қосымша құн салығынан тауар өндірушілерді босататын болса, бізге үлкен көмек болады.

Тағы бір жаңалық. Жеке тұлғалар үшін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу мерзімі ұзартылмақ. Бұл шараны бір кезеңде 2020 жылдан бастап іске асыру жоспарда. 

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Марат Тоқмағамбет, Нұрлан Жақыпбек, Әлхайдар Тұрлыханов, Әлібек Әлиев 

8. БАҚ туралы заң жобасы

Осындай түрлі құқықтық құжаттарды, жаңаша реформаларды қазақстандықтарға түсіндіру Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелген. Сөйтіп, 9 ай бұрын құрылған құрылым ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін, тиімділігін жақсартуға кірісті. Мемлекеттік телеарналарда өзгеріс жасады. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Жаңа жылдан кейін Парламентке ұсынады. Құжат қоғамның ашық талқылауына шығарылды. Қызу пікірталастар болды. Заңда қазір дәурені жүріп тұрған әлеуметтік желі белсінделері үшін жақсы жаңалық бар. Олар өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеле алады. Сондай-ақ отандық телевизия, жарнама нарығын жетілдіру, ақпарат құралдарының жүктемесін жеңілдету де құқықтық құжатта жан-жақты қамтылған. Айтпақшы, министр Дәурен Абаев елдегі интернет пайдаланушылар саны күн санап артып жатқанын жеткізді. 2017 жылы республикадағы барлық аудан орталығы 4G стандартымен жарылқанбақ.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және Коммуникациялар Министрі

-Бүгінгі күні елімізде интернетті қолданушылар 73 пайызға жетіп, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтінгінде 41 орынға көтерілдік. Бұл нәтиже өткен жылмен салыстырғанда, 21 пунктке жақсарғанын көрсетеді. Бұған қоса цифрлік теңсіздікті азайту мақсатында ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы әзірленді. Осының арқасында 1291 ауылға интернет байланысының инфрақұрылымын жеткіземіз.

Сондай-ақ электронды қызметтер саны да көбеймек. Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Egov порталы арқылы 530 қызмет түрі көрсетілед. Жыл аяғына дейін мемлекеттік қызметтің 65 пайызы электронды болмақ. 

9. Бейбітшілік – жаһандық мәселе

Ислам – бейбітшілік діні! Дәлел – Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Лаңкестік пен мұсылмандықтың арасында ешқандай байланыс жоқ», – деді CNBC Arabiya арнасына берген сұхбатында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ең бірінші мәселеде барлық мүдделі мемлекеттердің келісіп, бір жерден сөз шығаруы қажет. Әсіресе араласып жатқан үлкен мемлекеттер өкінішке орай әрқайсысы өз мүддесін қалап, әртүрлі жағдаймен кіріседі. Әрқайсының өз мүддесі бар. Лаңкесте қатынасып жүрген адамдар соны қолданады. Біріне-бірін қарсы қояды. Сол қайшылықтан өздеріне орын табады. Сондықтан менің ұсынысым – БҰҰ аясында бүкіл дүниежүзілік қоғамдастық бірлесіп, лаңкестікке қарсы тұру керек те, Сирияның мәселесін шешу керек. Басқа жол жоқ деп санаймын. Себебі бұл барлық мемлекетттерге қауіп. Басқа дүние, бізді білмейтін Батыс елдері бұның барлығы мұсылмандардан шығып отыр деп ойлайды. Лаңкестік пен мұсылманның арасында ешқандай теңдік жоқ. Барлық елдер бірігіп қарсы шықса, оны жеңуге болады.

Әлемді тығырыққа тіреген бұл қатерге біздің ел барынша қарсы тұрып жатыр. Күресті күшейтетін заң жобасын депутаттар, сарапшылар, ғалымдар, дін мамандары жабылып талқылауда. Осы орайда Мәжіліс адамзатқа төнген қауіпті сейілтудің жолдарын табу үшін кеңес өткізді. Сол жиынға Астанадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалары кеңсесінің басшысы Сабо Дьердь те қатысты. Ұсынысын айтты. Яғни терроризм және экстремизммен күресте заң да, адам құқықтары да бұзылмауы тиіс.     

Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалары Кеңсесінің Басшысы

-Бұл отырыста көп идея айтылды. Менің ойымша, осыдан-ақ Парламенттің ерік-жігерін аңғаруға болды. Қазақстан терроризммен күреске келгенде біраз іс атқарды. Өзіндік жүйе қалыптасты. Мемлекет қауіпсіздік мәселесін ерекше назарға алып отырғанын азаматтар сезінуі тиіс. Өз басым бүгінгі жиынға шақырту алғаныма өте қуаныштымын.

Шын мұсылман маңындағы адамнан оқшауланбайды, қайта жамағатпен бірге болуды жөн көреді. Ешкімге тілімен де, ісімен де зиянын тигізбейді. Мұсылманның қанын төкпейді. Шын мұсылман өз Отанын ұрлап-қорлап, тонамайды. Өйткені Отанды сүю иманнан екенін терең түйсінеді. Ол патшасына бағынады, заңдарына жүгінеді. Шын мұсылман бүліктен бойын аулақ салады. Ал радикал көзқарастағы, теріс ағым идеясымен уланғандар ше? Олардың бетін қалай қайтарамыз? Осы бір өзекті мәселе туралы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпеновпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Ринат Думанұлы, жүргізуші

-Нурызбай Тағанұлы, салафизм қауіпті ағым деп жатырсыздар ғой. Неге заңмен тыйып, бұғаттамасқа сол ағымды?      

Наурызбай Өтпенов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы

-Бісмиллә! Әрине, қазіргі кезде қоғамда салафизмге байланысты көптеген әңгіме жүріп жатыр. Бұл ағымның жетегінде жүргендердің біразы қылмысқа барып, қапастарға қамалып, жазасын өтеп жатқандар да бар. Сондықтан әр кезде қоғамды реттеу үшін оған арнайы бір заң қажет, сондықтан салафизмнің біздің қоғамға оның кері әсері тиіп, қоғамға зияны тиіп жатса, оны, әрине, заңдармен реттеу қажет. Қазіргі қолданыстағы заңның өзінде көптеген мәселе қаралған, заңның өзі өңірлерде жетік орындалып жатса. Парламентімізде де бұл заң мәселесі қаралып жатыр. Егер де бұл заңды қолдан келгенше жетілдірсек, біз Алла бұйырса, алдағы уақытта осындай экстремистік топтардың алдын алуға және бейбіт халқымыздың өміріне деген қауіп сейіліп, бейбітшілікке бұл үлкен септігін тигізеді. Дініміз Ислам әрқашан адамды жақсылыққа тәрбиелейді, бұл жерде біз Ислам дініменен ағымды ажырата білгеніміз жөн. 

Ринат Думанұлы, жүргізуші

-Қазір сақалы бар, орамалы бар, намазы түгел адам көрсек, бірден салафист дейтін жағдайға жеттік. Бұл дұрыс па?   

Наурызбай Өтпенов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы

-Әрине, қазіргі кезде адамдар қорыққаннан осындай жағдайлардың көріністері болғаннан, балаларын мешіттерге беруге қорқып қалды, болмаса сақалды адамды көрсе, намаз оқыған адамды көрсе, олардың бәрі экстермист пе, террорист пе деген сияқты үрей оларда пайда болды. Біз бұл тұста Елбасымыздың айтқан сөзі бар, «экстремизммен күрес дінмен күреске айналып кетпеу керек» деді. Яғни біз өзіміздің дінімізді экстремистік ағымнан ажырата білуіміз керек. Аллаға шүкір, біздің дініміз Ислам діні ол бейбітшілік діні. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бұл дінімізбен өмір сүріп келе жатыр. Көптеген жетістікке жеттік. Біздің көптеген бабаларымыз медреселерде тәлім алды. Соның бірі – Абай атамыздың өзі медресседе күнде тәлім алып, Абай атамыздың абыройының арқасында қазақтың абыройы әлемге жетті. Сондықтан біз дінімізді қастерлей білуіміз керек, дініміздің дұрыс түсінігін біліп, елімізге жастарымызға жеткізсек, Иншалла біз дінді дұрыс түсінудің нәтижесінде неше түрлі дұрыс емес ағымдардың алдын аламыз.

Ринат Думанұлы, жүргізуші

-Ал экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін сіздер, имамдар, яғни Мұсылмандар діни басқармасы қандай іс-әрекет жасап жатырсыздар? 

Наурызбай Өтпенов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы

-Аллаға шүкір, қазіргі таңда ҚМДБ 4 негізгі бағыты бар. Оның бірі – насихат жұмысы, екіншісі – теріс ағыммен жұмыс, үшінші – сауат ашу курсы және қайырымдылық бағытындағы жұмыс. Насихат жұмысына келетін болсақ, дәстүрлі дінімізді елімізге жеткізетін болсақ, мұның өзі ағымдардың алдын алу болып есептеледі. Екіншіден, тікелей жұмыс, нүктелі жұмыс деп айтамыз, ол теріс ағыммен жұмыс, яғни ақпараттық заман болғаннан кейін жастар мешітке келіп бірден имамнан үйренбейді. Мүмкін танысынан, ғаламторлардан дінді үйреніп, адасып кеткен бауырларымыз болса, оларды өзімізге шақырып, болмаса тіптен өзіміз оларға барып, тіптен кейбір кездерде оларға арнайы дастархан ұйымдастырып, оларға біздің дініміздің құндылықтарын түсіндіру арқылы және адасқан ағымның аяғы жақсылыққа алып бармайтынын, ол адасу Алланың разылығынан ұзақтатады және бұл қоғамда да адамға зиянын тигізу мүмкін деген түсініктер беру арқылы біз Аллаға шүкір еліміздегі кейбір білмей, адасып кеткен бауырларымызды өз қатарымызға қосуда қолымыздан келгенше жұмыстарымызды жүргізіп жатырмыз.

Ринат Думанұлы, жүргізуші

-Рахмет сізге. Табыс тілейміз. 

10. Тәуелсіздік табыстары

Қазақстандағы экстремизм, терроризм десек, алдымен Ақтөбе облысы еске түседі. Өйткені 2011 жылы өзін-өзі жарып жіберу оқиғасы осы өңірде орын алған. Одан кейін де лаңкестер бірнеше рет елдің берекесін бұзған-ды. Әйтпесе Ақтөбе – халық санымен 5-ші орында тұрған республикадағы ірі облыс. Ақтөбе – кенді, мұнайлы өлке. Хром қоры бойынша Оңтүстік Африкадан кейінгі екінші орындағы әлемге әйгілі аймақ. Елбасы «Ел экономикасының локомотиві» деп баға берген осы облыстың 25 жылдағы табысы Нұргүл Қонақбаеваның репортажында.

25 жылдағы Тәуелсіздіктің жемісін іс жүзінде сезінген отбасылардың бірі – Хромтаудағы Айтанатовтар әулеті. Айтановтар Дөң кен байыту комбинаты мен Восход кенішінде еңбек етіп, шахтерлік кәсіптің тізгінін ұстап, көпке үлгі болып жүр. 25 жылдықты олар толағай табыстармен қарсы алып отыр. Ғалымжан Айтанатовтың шахтада еңбек еткеніне 17 жылдан асқан. Еңбек жолын алғаш Дөң кен байыту комбинатында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Қазір Восход кенішінде бөлім бастығы болып еңбек жолын жалғастыруда. Жер астында еңбек етудің өз қиындығы мен қызығы да бар. Тәуелсіздік нәтижесінде қол күші жеңілдеп, шахтаға да жаңа заманауи технологиялар көптеп енгізіліп келеді.  

Ғалымжан Айтанатов, шахтер

-Бұл жерде адам қолмен аз жұмыс істейді. Негізі бәрі жаңа технология. Мен әрине өзімнің отбасымды мақтан етемін. Егер бәрі де еңбекқор. Олар бәрі де жаңағыдай жұмысшы болып бастаған. Бәрі  үлкен мамандар. 

Тәуелсіздік жылдары хром өндірісі ұлғайып, Ақтөбе феррорқорытпа зауытының әлемде теңдесі жоқ 4-ші цехы ашылды. Тағы бір маңызды жоба рельс арқалық зауытының іске қосылуы. Зауытта металл илектері мен ұзындығы 120 метрге дейінгі жоғары жылдамдықтағы магистральдарға арналған рельстер шығарылады. Бұл өнім «Қазақстан темір жолы» компаниясының кажеттігін толық қамтамасыз етеді және экспорттауға мүмкіндік береді.

Марат Ибрагимов, зауыттың бас директорының бірінші орынбасары

-Өнімді дайындау кезінде болатты ауа су қоспасы жүйесінен бірден өткізіп, қалыптап аламыз. Бөлек қойып, уақыт алмаймыз. Біз қатты ыстық пен суыққа төзімді, берік рельстер дайындап шығарамыз. Біздің рельстерімізге Еуропа және Таяу Шығыс елдері мен Иран да қызығушылық танытып отыр.

Өндірісі дамыған өңірден Қазақстанның индустрияландыру картасына 91 жоба еніп, оның жартысынан астамы іске асырылды. Нәтижесінде, 6 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Экономика қарқынды дамыды. 

Нұргүл Қонақбаева, тілші

-Ақтөбе инвесторлар үшін ең қолайлы өңір боп тұр. Ең бастысы, газ бен электр қуаты арзан. Әрі өңір арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді.

Осындай іргелі, бай да байтақ өңірдің білім, денсаулық сақтау саласы да ерекше қарқынмен дамып, жыл санап жақсарып келеді. Оның дәлелі, Тәуелсіздік жылдары облыста 126 медициналық мекеме салынған. 293 нысан күрделі жөндеуден өткен. Медициналық кластер қалыптаса бастады. Ақтөбеде биыл бауыр трансплантациясы жасалды. Батыс өңірдегі бес облыстың тұрғындары енді Ақтөбеге келіп денсаулығын жақсартады. Әлемдегі озық клиникалардың жетекші мамандары бас қосып,  жуырда өзара ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойды. Израиль, Оңтүстік Корея, Ресей және Беларусь елдерінен келген мамандары енді күрделі операцияларды бірлесе жасамақ.

Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы

-Қазірдің өзінде үш жоба бекітілді. Олар офтольмологиялық клиника, жедел жәрдем станциясының құрылысы, стамотологиялық емхана және басқа келесі жылы жұмысын бастайтын екі қалалық емхана. Бұның бәрі жекеменшік-мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Ширек ғасыр ішінде ауыл шаруашылық саласына қомақты инвестиция құйылып, үздік технологиялар енгізілді. Агроөнеркәсіп өндіріс саласымен қатар дамыды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қатары артты. Ақтөбеде өсірілетін көкөністер мен нан, ет, сүт өнімдері көрші Ресей нарығына да шыға бастады. Азық түлік бағасы әлдеқайда арзан.

Нұргүл Қонақбаева, тілші

-Ақтөбеде негізгі азық-түлік қоржынына енетін өнімдердің түгелге дерлігі шығарылады. Мәселен, Хромтауда шығарылатын мына сүт өніміне бүгінде сұраныс өте жоғары. Менің өзім күнделікті тұрмыста осыны сатып алып қолданамын.

Ақтөбеде соңғы жылдары мектеп пен балабақша саны да артты. Өңірдегі мектепке дейінгі мекемелер саны 76-дан 503-ке дейін өскен. «Балапан» бағдарламасына сәйкес 2009-2011 жылдары аралығында шамамен 170 балабақша ашылған. Олардың біразы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде іске асырылған. Мәселен, 28 жастағы жас кәсіпкер Ардақ Садуақасов осы әріптестік негізінде 3 жыл ішінде 6 балабақша ашып, 800-ден астам баланы қамтып, 300-ге тарта жаңа жұмыс орнын ашып отыр. Соның бірі – Тұрғындар қалашығындағы балабақша. Бүгінде мұнда 320 бала тәрбиеленіп жатыр. Ардақ өз жетістігін ел Тәуелсіздігінің жемісі деп біледі.

Ардақ Сәдуақасов, кәсіпкер

-Біз жыл сайын дамып келеміз. «Балапан» бағдарламасын орындауға өз үлесімізді қосып отырмыз. Мемлекетке алғысымыз шексіз, осындай мүмкіндік бергені үшін. Біз алда тағы бір жобаны қолға алмақпыз. Ақтөбеде мүгедек балалар үшін оңалту орталығын ашсақ па деген жоспарымыз да бар. Бұл бағдарлама, әрине, кәсіпкерлерге өте ұтымды боп тұр деп ойлаймын.

Нұргүл Қонақбаева, тілші

-Ақтөбе республикада тұрғын үй салудан көш бастап келеді. Қолжетімді баспана бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін өңірде 4 млн. шаршы метр тұрғын үй салу міндеті тұр.

Құрылыс материалдарының 90 пайызы өңірден шығады. Ал Батыс-2 жаңа мөлтек ауданынан бөлек қала шетінен 250 мың тұрғынға арналған «Нұр Ақтөбе» қалашығы да бойкөтеріп келеді.  Жуырда Үкімет бекітіп берген Ақтөбе қаласының бас жоспарымен нақты жұмыстар басталды. Жаңадан бой көтеретін «Батыс-3» шағын ауданының жобасы дайын. Сонымен қатар қаланың жоспарында 40 қабатты үйлер мен 30 мың орындық стадион салу жобалары да бар.

Жандос Байырханов, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары

-Бізде қазір неке сарайы, Жастар сарайы, Оқушылар сарайы. Қалалық, облыстық музей және де хоккей модулі, хоккей алаңдары салынуда. Сондай көптеген жұмыстар басталмақ. Сонымен қатар қаланың Батыс бөлігінде орналасқан жаңа Ақтөбе сити мөлтек ауданы бой көтеретін болады. Ол жақта 110 мыңға жуық халық тұрады деп жоспарланып, инфрақұқрылым жоспарлап жатырмыз.

Ақтөбе – еліміздің Батыс өңіріндегі ең ірі қала. Қала келбетін жақсартуға өңір азаматтары да белсенді үлес қосып жүр. Солардың бірі – кәсіпкер әйел Зәмзәгүл Баймағамбетова. Ол қалада жекеменшік серіктестік арқылы 4 балабақша мен бір спорт кешенін салған. Қазір неке сарайының құрылысын бастап кетті. Келер жылы шілдеде ел игілігіне беріледі.

Зәмзагүл Баймағамбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны

-Осыдан 25 жыл бұрын мен бұндай  жетістіктерге қол жеткіземіз деп, тіпті ойлаған да емеспін. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы  мен үшін ең маңызды мереке. Біз бәріміз ел, халық болып, көпұлтты Қазақстанымыздың бақуатты әрі өзгелерден көш ілгері болуына әрқайсысымыз өзімізше үлес қосып жүрміз. 

Басты байлық бірлігіміз деп біледі ақтөбеліктер. Елімізбен бірге қарыштап дамып, өсіп өркендеген Ақтөбенің шығар белесі әлі алда. Ендігі меже – миллион тұрғыны бар үлкен бес агломерация орталығының бірі болу.

Авторлары: Нұргүл Қонақбаева, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов


Ақтөбе облысының халқы ширек ғасырда 100 мыңға көбейіп, 840 мыңнан асыпты. Әрине, қуанышты ақпар.

Ал 1997 жылы 270 мың ғана тұрғыны бар Астана жұртының саны 19 жылда миллионға жетті. Астананы неге айтып тұр дейсіз ғой. 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болатынын ресми түрде жариялады. Бұл батыл шешім ешкімге бірден ұнамады. Құптамады. Келіспеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Объявить в Парламенте в 1994 году что надо перенести столицу - это было равносильно взорвавшейся бомбой, на меня смотрели как на человека сдвинутого по фазе, кругом пенсии не платят, зарплату не платим учителям, врачам, а он столицу просит перенести, это миллиарды же. Миллиарды.

Еш қарсылыққа, қиындыққа қарамастан бас қала Ақмола боп бекітілді. Ол уақта аумағы 25 мың ғана гектар еді. Қазір 71 мың гектарға ұлғайған. Астана бүгінде саяси, экономикалық, мәдени-рухани орталық. Дәл қазір Арқа төсіндегі әсем қаланың тамаша көрінісіне куә болыңыздар, құрметті көрермен!