ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 94

Жеті күн 03.12.2016

Жеті күн 03.12.2016
Сюжеттер
1. Қазақстанның халықаралық аренадағы ықпалы артуда 2. Тұңғыш Президент күні атап өтілді 3. Елбасы туралы жаңа кітап жарыққа шықты
4. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарымен кездесті 5. Халықаралық конференцияда Қазақстанның жетістігі сараланды 6. ASTEX Astana Smart City 2016 форумында 20-дан астам меморандум бекіді
7. Жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу 8. Ұжымдасқанның ұтары көп 9. Білім мен еңбек – Тәуелсіздік тірегі

1. Қазақстанның халықаралық аренадағы ықпалы артуда

Қазақстан 25 жылда «Тұғырлы төр иесі, төрелік айтар сөз иесі» атанды. Әлемнің іргелі мемлекеттерімен тереземіз теңесіп, талай рет төрге оздық. Елбасының Вашингтондағы ғаламдық саммитте көтерген ойларының әлі күнге дейін қызу талқыланып жатқандығы соның айғағы. Одан қала берді ықпалды тараптардың өзі маңызды мәселелерде Қазақстан Президентімен пікір алысып, кеңеседі. 

Мемлекет басшысы өткен аптада БҰҰ-ның жаңадан тағайындалған бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездессе, осы аптада Америка Құрама Штаттарының сайланған Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі. Ал Дональд Трамп қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Республикамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғажап жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Сондай-ақ әңгіме барысында әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жайы қозғалды. Бұл мәселеде екі тараптың ойы бір арнада тоғысады. Мұны Елбасы «Блумберг Ньюс» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтқан еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Что мне нравится в предложениях господина Трампа? Мне нравится, что он против фрагментации экономики мира. Ну что происходит, смотрите чисто политически. Транс-Тихоокеанское сотрудничество. Раз. Там США. Заговорили транс-Атлантическое. Там Америка и Европа. И мы где остались? Посередине на карту. То есть мы, Россия и весь наш регион: Китай, Индия, Пакистан и вот этот срединные кусок ни там ни тут. То есть здесь придется объединяться в рамках ШОС или Евразийского большого объединения. То есть что мы сделали с ВТО тогда, каждый будет тянуть на себя, свободной торговли не будет. Будет патернализм. Каждый: «Сам я сделаю». Всемирная торговля нарушается. Границы возникают. Это опасно для всей мировой экономики. Какая глобализация тогда? То есть еще один кризис после этого ожидается. Вот то, что господин Трамп против этого, я очень сильно поддерживаю.

Дональд Трамппен телефонмен әңгіме кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Америка ынтымақтастығын нығайтудың жолын ұсынды. Ол үшін терроризммен күресіп, Украинадағы дағдарысты реттеп және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту керек. АҚШ-тың қырық бесінші Президенті бұған қарсы емес. Керісінше, татуласуға деген талпынысы күшті. Бұл орайда Қазақстан да қарап қалмайды. Ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан ел ретінде күллі әлемді қарусыздандыру жолында тер төгеді. Себебі біз үшін маңыздысы – бейбітшілік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Маленькая территория вот этого ИГИЛ или ДАИШ будем говорить, несколько десятков тысяч человек. Можно победить, когда мировое сообщество объединиться и все вместе будут особенно крупные государства. А сегодня разрозненность, несогласованность. Этим пользуются любые экстремистские силы. Там где есть несогласованность, у них есть жизненное пространство. Так они и действуют.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс 1991 жылдың 26 желтоқсанынан бастау алады. Қарым-қатынас алғашқы күндерден-ақ қарқынды. Қазір екі елдің сауда айналымы 1,7 миллиард долларды құрап отыр. Енді достық байланыс жаңа деңгейге көтерілмек. Бұны Дональд Трамптың жақын арада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге мүдделі екенінен байқауға болады.

Елбасының саясатымен жаһан санасады. Маргарет Тэтчердің айтқаны бар еді: «Қазір әлемде бес-алты ірі және де беделді саясаткерлер бар, солардың біреуі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мен оған сенемін және Қазақстанда атқарып жатқан істерімен келісемін». 

Ал Барак Обама: «Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізген елдердің үлгісі бола алады», – деп ой толғаған.

Осындай игі істердің бастауында тұрған тұлғаны ұлықтау – өткеннен өнеге өріп, жаңашылдыққа ұмтылудың белгісі. Биыл 5-ші мәрте Тұңғыш Президент күнін тойладық. Уақыт өткен сайын мерекенің маңызы артып, жалпы халықтық шараға айналуда.

2. Тұңғыш Президент күні атап өтілді

Тұңғыш Президент күнін атап өту дәстүр бойынша Ақордадан басталды. Мемлекеттік күзет қызметінің таңдаулы сарбаздары сап түзеп, Қазақстан Президентінің байрағын көкке көтерді. Сөйтіп Әнұранның әуенімен ту тұғырына қонып, соңы әскери шеруге ұласты. Бұл шара мерекені тойлауға ресми түрде пәрмен берілгенін айғақтайды.

«Есті кісілердің қатарында болғың келсе, өзіңнен әрдайым есеп алып отыр». Дана Абайдың бұл сөзі осы мерекеде тағы бір көрініс тапты. Елбасы республикалық жастар форумы аясында Тәуелсіздіктің құрдастарымен жүздесіп, екі сағаттай емен-жарқын әңгімелесті. Бұл жай әңгімелесу емес. Егемендікті еншілеген тұстан тағылым тарқатқан, өнегесі мол өрелі сөздер айтылған алқалы жиын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мировой опыт показывает, что не все люди одинаковые по возможностям. Вообще, не все могут иметь возможность оканчивать университет, правильно? Люди разные, и по-разному все решается. И не надо, вот родители говорят: «Ты обязательно должен выучиться, быть таким», и говорят: «Будешь президентом!». Я не возражаю, пусть будет президентом, но вот это усаживается в голову ребенка, и когда это не случается, у него ломка. Не обязательно быть президентом, чтобы быть счастливым, а может, как раз и наоборот.

Мемлекет басшысы бұдан кейінгі сөзін қалжыңмен қайырады. Бірде Нұрсұлтан Назарбаев Ельцинге: «Борис Николаевич, немереңіз президент болғысы келеді», – депті. Сонда ол: «Ресейге екі президенттің қажеті қанша?», – деп жауап берсе керек. Әзіл болғанымен, тағылымы әлді. Рас, ең бастысы – адам болу, еліңе еңбегің сіңер маман болу. Ол үшін біздің елде мүмкіндік мол. Бір ғана мысал. Осы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды шетелде оқытуға 24 миллиард теңге бөлінді. Өлшемге салсаң, бір қаланың қаражаты. Ал «дана ел мыңдаған жылдар өмір сүреді» дегенді ойласаң, түк те емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сегодня мы видим как, небольшие компании, которые начинают, как Билл Гейтс начал свою компанию в гараже, и сегодня у него транснациональная компания. Вы знаете компанию Uber. Ни гаражей, ни станций, ни автомобилей у нее нет, а перевозят. Позвонил по телефону, через две минуты есть машина. Доехал и отпустил. Мы покупаем машины, и подсчитано статистически, что пользуемся ими четыре часа в день. А какие переживания, чтобы не украли, не ударили. Нужно ухаживать, заправлять, ремонтировать. А здесь ничего не надо. В связи с внедрением этой технологии ожидается сокращение производства автомобилей.

«Ебін тапқан, екі асайды» дегенге саяды бұл. Жаһандық дамуда жұтылмай, бәсекеге төтеп беру үшін басқалар ертең ойлайтын нәрсені бүгін жасау керек. Осыны жастардың санасына сіңіру форумның басты миссиясы еді. 

Тәуелсіздік сарайында ерекше көтеріңкі көңіл-күй. Көшбасшымен жүздесуге жас толқын Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді. Сарайды қошеметпен бірге үлкен шаттық кернеп тұр. Қос қуаныш десек болады. Екеуі де тарихи. Тұңғыш Президент күні мен торқалы той Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Қос қуанышқа да Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысы бар. Мұны жастар жақсы біледі. Егемендік алып, елдік орнатқан Елбасының еңбегі ерен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Бұрынғы Кеңес одағының бір бөлшегі едік. Сол бөлшектен ел жасау, жұрт жасау, оның барлық керекті рәміздерін тағайындау, дүние жүзіне паш ету оңай болған жоқ. Аштықтан да, жалаңаштықтан да, жұмыссыздықтан да барлығынан өттік. Бүгін әл-ауқаты орта деңгейден жоғары деңгейге жеткен мемлекеттің ішіне кірдік. Оған тәуба дейміз. Барлығымыздың еңбегіміздің арқасы.

Бұл жастардың дені Тәуелсіздіктің құрдастары. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауын көрмесе де, естіп жүр. Қиындықтан аман алып шыққан Елбасы ондай күнге оралмауы үшін жас өрендердің әрқайсысын қанатының астына алды. Жастарға жағдай жасау – мемлекеттің басты бағыты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Среди вас немало ребят, чьи ум и знания уже сейчас приносят пользу нашей Родине. Когда мне говорят, мол, молодежь нынче пошла не та, я говорю так ведь бабушки тоже уже не те, носки не вяжут, пирожки не жарят. Зато в интернете шарят. Это, конечно, шутка, но на самом деле так. Молодежь та, которая нужна для современного мира, для современной жизни.

Келешекті кемел ететін жастар баршылық. Білікті ғалым да, шебер шаруа, заманауи кәсіпкер мен дарынды спортшы да өркендеп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сабит Наукенов – основатель компании Gift Sensor из Астаны. В этом году он стал победителем крупнейшей азиатской IT-конференции в Сингапуре. Ранее побеждал в конкурсах стартапов в Назарбаев Университете.

Сәбит Наукенов, Gift sensor компаниясының негізін қалаушы

-Біз жасанды интелект жасап шығардық. Ол әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратты сараптай алады. Біздің алгоритм желідегі адамдардың профилін жақын досыңнан да жақсы тани біледі. Бұл болашақтың индустриясы мен робот технологияларының бір баспалдағына айналары сөзсіз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Видите, чем не Билл Гейтс? Скажите. Ничем не отстают, у нас есть талантливая молодежь, есть желания, есть мысли.

Билл Гейтстермен бірге қазақтың Джек Малары да осы залда отыр. Болашағынан үлкен үміт күттіреді барлығы. Бірі инновация, жаңа технологиялардың тізгінін ұстаса, екіншісі бизнес жолын таңдаған. Солардың бірі – Арман Тосқанбаев. 25 жасар кәсіпкердің 4 компаниясы бар. Соның біреуі отандық сағат шығарады.

Арман Тосқанбаев, кәсіпкер

-Өзіңізге арнап жасаған қолсағатты сыйға тартуға рұқсат етіңіз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Теперь будем носит свои, а не швейцарские.

Ұлттық нақыштағы сағатты Елбасыға тарту ету Арманның асқақ арманы болатын. Алда көздеген мақсаты – сыртқы нарықтарға шығу.  

Арман Тосқанбаев,  кәсіпкер

-Біз бұл сағатты өзіміздің жанымызды, күшімізді, махаббатымызды салып жасадық. Бұл – экслюзивті, арнайы Елбасыға жасалған сағат. Швейцар сағатынан кем емес.

Арқа-жарқа әңгімеге жастардың барлығы араласып отырды. Олардың дені Президентке таныс. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолдап, қолпаштап жүрген дарынды азаматтар алғыстарын айтты.  

Дмитрий Баландин, Олимпиада чемпионы

-Екі жыл бұрын Олимпиада алдында Астанаға тек жеңіспен оралатынымызды айтқан едім. Сіздің қолдауыңыздың арқасында бұл қолымыздан келді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-У тебя это получится. У тебя впереди много Олимпиад. Тебе только 20 лет. Я когда спрашивал у своих знакомых, кое-кто говорил, что Дмитрий побеждает, потому что у него не нога, а лапа 50-й размер. Наверное, большая нога. Но это не самое главное в плавании?

Дмитрий Баландин, Олимпиада чемпионы

- Ну, конечно.

Жас ғалымдардың да айтары бар. Олардың саны еліміз бойынша соңғы 5 жылда 60 пайызға өскен. Стартап жобалардан бастап, нанотехнологиялар, компьютерлік ілімнің жілігін шағып, майын ішкен өнертапқыштар тың салаларды зерделеп жүр. 

Арман Сүлейменов, жас ғалым

-Менің алдағы уақытта Қазақстанда жасалған компьютерлік бағдарламалар бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болса деген арманым бар.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Молодец, он создал стартап инкубатор. Это очень важно. Более полусотни приложении для смартфонов на различных платформах. Всегда умных ученых представляют как безволосыми и лысыми, посмотрите какая у него шевелюра.

Қазір өз ісіңді бастап, кәсіп ашуға мүмкіндік мол. Мемлекет мейлінше жағдай жасады. Экономиканың жетістігі шағын кәсіпорындардың еншісінде болмақ. Президент жаңа өндірістер мен стартап жобаларды жүзеге асыру үшін жол ашық екенін айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сегодня перед вами весь мир. Почему я говорю? В наше время, когда я был в вашем возрасте, моим сверстникам вообще запрещалось выезжать за границу. Нельзя было, никаких документов, ничего. Если попадали мы в какую-нибудь туристическую группу, рабочих, профсоюзных и так далее, среди нас всегда было несколько работников специальных органов. Чтобы за нами смотреть там, чтобы ничего там не натворили. У вас же все открыто. Счастливые вы люди, я скажу вам. И семимильными шагами развивается мир, и вы это видите. 

Елдің рухани-мәдени өміріне де серпіліс беретін жастар. Сол дарынның бірі, әрі бірегейі – Рахат-Би Әбдісағин. 17 жаста, магистрант. Жас та болса 100-ден астам классикалық шығарманың авторы. Дені симфония. Жас өрен қазақ өнерін әлемге насихаттап, елдің мәдени дамуына сүбелі үлес қосып жүр. 

Рахат-Би Әбдісағин, жас композитор

-Мен көптеген мемлекеттерде болдым. Жақында ғана симфониялық оркестрдің құрамында Прагада концерт қойып келдік. Ол жақта менің шығармам орындалды. Бұл жетістіктеріміз – Тәуелсіздікке тартқан сыйлығымыз.

Әлемді мойындатсаң да ұлтыңа адал бол. Бұл қай кезеңнің де басты ұлағаты. Қазақ жастары соған лайық. Олар Елбасының кемел ойларын құлағына құйып отырды. Нұрсұлтан Назарбаевты жас қауым бас идеалы деп таниды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Я специально хожу на фабрики, где шьют одежду,  костюмы надеваю. Прекрасную обувь сейчас они готовят, женская одежда хорошая готовится. Надо поддержать нашу легкую промышленность, которая способна создать такую же продукцию, как они. Вы думаете, эти бренды, за которыми мы бегаем, такие хорошие? Нет, они имя продают. А наши шьют, если посмотреть, получше, чем то, что они шьют. Наши девушки привыкли: «На мне Chanel или Gucci». А вообще, качество-то никакое, если посмотреть.

Жас толқын Президент сөзін жерге тастамайтыны хақ. Мұны сөзбен емес, іспен көрсетті. Толағай жетістіктері бір дәлел. Елбасы іштей тамсанып отырды. Әзілі аралас, ең бастысы әні мен сәні жарасқан отырыс болды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-В шутку скажу, в одно время мой друг Борису Николаевичу  сказал: «Внук Ваш хочет быть президентом». А он ответил: «А зачем в России два президента?». Я хочу сказать,  надо внушать молодежи реальные вещи, самое главное вырасти человеком, получить образование, хорошую профессию, которую никто у тебя не отберет, как и хорошие знания. Никто. Деньги могут отобрать, дом могут отобрать, еще чего-нибудь. Но знания в голове, человечность в голове никто не отберет. Я к этому призываю. Тогда ты пробьешься в жизни, найдешь свое место.

Қамқорлығы, даналығы мен даралығы. Ең бастысы жастар Елбасының адамгершілігін терең бағалайды. Сондықтан айтар алғыстары шексіз. Мамандықтары әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір. Ол – іргелі мемлекет қалыптастырып, Елбасының салиқалы саясатын жалғастыру. Шен үшін емес, ел үшін, марапатқа емес, парасатқа қызмет ету. 

Әсел Жиенбаева, «Болашақ» бағдарламасының түлегі

-10 жыл бойы мен шетелде жүріп, бірнәрсені байқадым.  Әлемнің ешбір елі жастарға барлық мүмкіндікті жасаған емес. Сіз біз үшін үлкен әлемге есік аштыңыз. Біз «Болашақ» бағдарламасының түлектері Қазақстанды цифрлық мемлекет етіп, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосуға үлес қосамыз.

Бұл жастар өмірде өз орнын тапқан. Білімді, алғыр, еңбекқор, қазіргі қоғамның бет бейнесі. Демек, 25 жылдың  жемісі де, жеңісі де осы жастар болмақ. Ал олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қарап, бой түзейді. 

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Әлібек Әлиев 

3. Елбасы туралы жаңа кітап жарыққа шықты

«Табиғаттың қызықты көрінісін іздейтін кез келген суретші сияқты мен де қызықты кейіпкерді іздеймін. Менің ойымша, Назарбаевтың өмір тарихы өте тартымды». Бұл Ұлыбритания Министрлер кабинетінің бұрынғы мүшесі, белгілі жазушы Джонатан Айткеннің айтқаны. Ресейлік жазушы Николай Зенькович те мұны растайды. Дәлелі – мына кітап. «Имя, ставшее эпохой». Шығармада Қазақстан Президентінің өмір жолы мен оның бастамаларына әлем көшбасшыларының берген бағасы баяндалады. Сондай-ақ Елбасының қатысуымен жүзеге асқан жаһандық тарихи оқиғалар жайында айтылған. Мәселен, қазақстандық бастама болып табылатын Еуразиялық экономикалық Одақтың құрылуы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей мен Түркия Президенттерінің уағдаластыққа келуіне қосқан үлесі жайында сөз қозғалады.

Николай Зенькович, кітап авторы

-Мен кітапты жазуда Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл өмірлік жолын бүгінгі көзқараспен қарауға тырыстым. Осы ретте жаһандық және Қазақстанның саяси құрылымының өзгеруінен туындаған жаңа кезеңдерге көз жүгірттім. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қазақстандық мемлекеттілікті жасады. Бұл – үлкен қызығушылық тудыратын үдеріс.

Виктор Садовничий, М.В. Ломоносов атындағы ММУ ректоры

-Ғұлама саяси қайраткер, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптың тұсауы кесілді. Мен оны толығымен оқып шықтым. Керемет жазылған. Кітаптағы басты оқиғалар мен ақпарат Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

4. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарымен кездесті

Осы аптада Мемлекет басшысы Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарымен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Рогозин Байқоңыр ғарыш айлағын одан әрі дамыту, қорғаныс және қару-жарақты қуаттау мәселесін қарап, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері жүргізіп жатқан жұмыстар барысын талқылады. Қорғаныс өнеркәсібі саласында бірлескен кәсіпорындар құру жайы көптен бері қозғалып келеді. Президент осы мақсатпен біздің елде жеке министрлік құрылғанын айтты. Өз кезегінде Рогозин бірлескен «Бәйтерек» жобасы туралы егжей-тегжейлі баяндады. 

Дмитрий Рогозин, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары

-«Бәйтерек» жобасы жаңа зымыран-ғарыш техникасын құру мен ұшыру кешенін жетілдіруге бағытталған. Егер екі елдің басшылары келісімге келсе, онда Байқоңыр қаласы мен ұшыру кешенінің болашағы жарқын болады.

Қазіргі соғыстың сыйқы басқа. Ол – гибридті. Яғни әркімнің қойынына тыққан тасы бар. Сол тастың қай тасадан келіп тиерін ешкім білмейді. Тосыннан топалаң салғанын талай көрген біздің әлем. Бірақ сақтықты сайлап, бес қаруды майлау, естен шықты деп елеңдемейміз. Егемендікті еншілеп, етек-жеңді жыя сала мемлекеттің қолға алғаны – Қарулы Күштердің қуатын арттыру. Арттырды да. Қазір қорғаныс саласының өндірісі өркендеп келеді. Аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі министрлігінің құрылуы да мақсатымыздың мығым екенін айқындаса керек. 

Бұл аптада Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевты қабылдады. Кездесу барысында өндірістік-қаржылық және әлеуметтік саланың қызметі мен жаңа жобалар жайы сөз болды. «ҚазМұнайГаздың» басшысы мұнай бағасы төмендегеніне қарамастан, компания өндірген және өңдеген мұнай көлемінің арта түскенін жеткізді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мұнай-газдың Қазақстандағы биылғы ауқымы қандай? Жылды қалай аяқтап жатырмыз? Қашаған не болып жатыр? Соны білейін деп әдейі шақырып отырмын.

Бұдан бөлек, мұнай-газ өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобалар жайлы айтылды. Соның ішінде, Теңіз бен Қарашығанақ кен орындарының өндірістік қуаттын арттыру және Қашағанның қарқыны турасында әңгіме өрбіді.

Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы

-Қашаған жобасы 1 қарашада комерциялық өндіріске жеткен болатын. Содан бері мөлшері 600 мың тоннадай мұнай өндірілді. Экспортқа шықты.

Біз үшін «қара алтын» қалай маңызды болса, масса мен энергия күллі адамзат үшін де солай. Екеуінің де орны ерек. Ал олардан кейінгі үшінші зат – ақпарат. Бұны мен емес, француз философы Поль Вирильо айтқан. Дұрыс та. Өйткені қоғамның идеологиясын қалыптастыратын сол ақпарат болмақ.

Аптаның алғашқы күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заманауи үлгідегі «Қазмедиа орталығына» келді. Елдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесті. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Ақпарат құралдары, оның ішінде теледидар мемлекеттің қолындағы насихат, үгіт құралы болып саналады. Дұрыс жолға салып, қисық жолдан алып кету үшін. Жастар ажырасады.  Бұл – проблема. Қазақстан жастары әке-шешесін шалдардың тұратын үйіне апарып тастайды. Ондай еш уақытта болмайтын. Соларға арналған сериалдардың сондай мағынасы болса, елдер қарап отыратын болса, мынадайдан шығудың қандай жолдары бар екен деп, аяқ жағында шешіп кетсеңдер тамаша болар еді. Осындай түпкілікті жұртқа қажетті мәселелерді көтеріңдер.

Мемлекет басшысы «Хабар» агенттігінің құрамындағы телеарналардың жұмысымен жақынырақ танысты. Сөз барысында әр жарты сағат сайын жаңалық таратуда көш бастап тұрған «Хабар 24» арнасының тың жобалары туралы айтылып, алдағы атқарылар жоспары сараланды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Хороший «24», я смотрю, новостные каналы хорошие. Ну, это – главный информационный канал. Достоверную, совершенно объективную информацию. Пусть рассуждает каждый.

Бұл ретте «Хабар» агенттігінің тағлымы мол тартымды бағдарламалар әзірлеу ісін одан әрі жетілдіруді бірден қолға алғанын айта кеткен жөн. 

Ақордадан жеткен ақпараттар легін ары жалғасақ. Мемлекет басшысы Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Мишел Темерге көңіл айту жеделхатын жолдады. 29 қараша күні Сан-Паулу әуежайынан Колумбияның солтүстік-батысындағы Медельин қаласына бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта Оңтүстік Америка кубогының ақтық сайысына қатысуға бара жатқан «Шапекоэнсе» футбол командасының ойыншылары мен журналистер болған. 77 адамның тек алтауы аман. Елбасы бұл хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын айтып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша бразилиялықтарға Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.

5. Халықаралық конференцияда Қазақстанның жетістігі сараланды

Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары – Владимир Абдуалиевич. Әбдуәліұлы десек те ағаттық болмас. Себебі бұл кісінің тегі – қазақ. Ол қазақ болып туғаны үшін қуанады, мақтан тұтады. Саясат серкесі: «Бойымда қазақ қаны бар адам ретінде кеудемді қуаныш кернеп тұр», – деп сөз бастаған жиында. Жиын деп тұрғаным «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл. Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» деп аталатын халықаралық конференция. Мәжіліс пен Сыртқы істер министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шара жайында тілшіміз айтып береді.

Ширек ғасыр бұрын ата-бабаларымыз сан жылдар аңсаған азаттықтың таңы атты. Кеше кім едік? Қазіргі тұрмыс қандай? Біз үшін 25 жылдың әрбір айы, аптасы тіпті әр күніне дейін тарихи шешімдерге толы болды. Алға қойған мақсатқа жету үшін Қазақстан қадамдап болмаса да, табандап алға басты.

Алдымен егемендікке өзін, кейін өзгенің бойын үйретті. Мұндай жетістікке жетудің құпиясы – салмақты саясат, батыл әрекет пен көрегенділік. Тұңғыш Президенттің тұлғалық қасиетіне берілген баға осындай.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы

-Біз 25 жылдың ішінде барлық қиындықты жеңіп, дамыған 50 елдің қатарына кірдік. Бұл – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің жеңісі. Сондықтан 25 жылдық биыл белестер еліміз үшін, халқымыз үшін жарқын болашаққа жол ашып отыр.

Астанадағы халықаралық конференцияда Қазақстанның жетістігі сараланды. Шараның салмағы ауыр. Себебі алыстан ат терлетіп келген меймандар – бір-бір елдің заң шығарушы органдарының өкілдері. Кейбірінің Қазақстанға алғаш рет жолы түсіп отыр. Олар еліміздің экономикасы мен реформаларға қатысты баяндамалар жасады. Мінберге шыққандардың осалы жоқ. Ресейлік қонақ толқынысын жасырмады.

Владимир Васильев, РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума Төрағасының орынбасары

-Бойымда жартылай қазақ қаны бар адам ретінде кеудемді мақтаныш кернеп тұр. Қазақстан аймақтық, халықаралық мәселелерге бей-жай қарамайды. 

Посткеңестік кеңістікте өте үлкен мәртебеге ие. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өткен жөн. Президенттеріңіз қайда барса да үлкен абыройға ие екенін байқаймыз. Бұл сөзсіз елге деген құрметті одан әрі арттырады.

260 миллиард доллар! Бұл – 25 жылда қазақ экономикасына құйылған инвестиция көлемі. Еліміз өзге мемлекеттен қаржы тарту жөнінен әзірге ТМД-да Ресейден кейін тұр. Егемендік алғалы өнеркәсіп өнімдері 10, ал жалақы 17 есеге көбейген. Осы уақыт аралығында 2 млн жұмыс орны ашылды. Бұған заң шығарушы органның да қосқан үлесі бар. Заң елге қызмет етсе, қоғам дамиды.

Мәселен, аграрлы ел Беларусь шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, экономиканы әртараптындыру және жекешелендіру науқанын құптайды.

Болеслав Пирштук, Беларусь Ұлттық Жиналыс Өкілдер Палатасы Төрағасының орынбасары

-Қазақстанда Тәуелсіздік алғалы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 16 есеге көбейді. Сырттан тартылатын тікелей инвестиция көлемі де артты. Инвестиция экономиканы алға сүйрейді. Болашаққа құйылған капитал. Бір мезетте егемендік алғандықтан Қазақстанның даму жолы біз үшін әрқашан қызықты. Бірлескен кәсіпорындарымыз сәтті жұмыс істеуде.

Маури Пеккаринен, Финляндия Парламенті Төрағасының бірінші орынбасары

-Қазақстан бізден алыс болғанымен, қарым-қатынас жыл өткен сайын нығая түсуде. Өзара тауар айналымы 200 млн долларға жетті. Астана мен Хельсинки арасында тікелей әуе рейсін ашу керек. Мен Сіздердің Президентпен Финляндияда кездестім. Ол кезде сауда министрі едім. Біз инновация туралы сөйлестік. Қазақстанның экономикалық және саяси даму жолына қарап, Сіздерге 25 жыл емес, бірнеше ғасырды беруге болады.

Сырт көз қашанда сыншы. Қазақстанмен әріптес елдер біздегі реформаларды жан-жақты саралады. Ескерер тұстар жоқ емес. 

Сю Цзянь, Қытай Халықаралық Зерттеулер Институты Төрағасының орынбасары

-Ежелгі «Ұлы Жібек жолын» құру бастамасы үлкен мәнге ие. Қазақстанның жер қойнауы байлыққа толы. Ал біз Сіздердің энергетикалық ресурстарыңызға тәуелдіміз. Бұдан өзге инфрақұрылымды  дамытуда қытайлықтардың әлеуеті зор. Қазақстан мен Қытай арасында қатынайтын жүрдек пойыздар соның дәлелі.

Әсіресе Джонс Хопкинс университетіне қарасты Орталық Азия және Кавказ бойынша институттың төрағасы Фредерик Старрдың пайымы көпті бей-жай қалдырмады. Аузы дуалы сарапшы Қазақстанның алдағы 25 жылдық дамуына болжам жасапты. Біріншіден, жаңадан құрылатын Астана қаржы орталығына қатысты бағыт-бағдар берді.

Фредерик Старр, Дж.Хопкинс университетінің Орталық Азия және Кавказ бойынша институттың төрағасы

-Мұнай бағасы құлдыраған сәтте Қазақстан бағаны өзінше реттеді. Келер жылы «Астана» xалықаралық қаржы орталығы құрылған соң, елге инвестор ағылады. Сондықтан алдағы уақытта болатын экономикалық даулар мен жемқорлықты да ескерген жөн. Үкімет пен бизнес және қарапайым азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлерін электрондық жүйеге көшіру мәселені түбегейлі шешпек.

Ғалымның пікірінше, алдағы 25 жылда Қазақстан халқының саны 20 пайызға өседі. Жұрттың дені қалаға көшеді. Сол кезде экономикаға салмақ түсірмес үшін қазірден қам жасау керек. Әсіресе ауылшаруашылығы мен инновацияны қатар дамыту өте маңызды. Жаһанда 15-20 жылдан кейін азық-түлікті көп өндіретін мемлекеттердің дәурені басталмақ. Бұл – Фредерик Старрдың пайымы.

Еліміз Шығыс пен Батыс, Ислам және Түрік әлемімен, Азия-Тынық мұхиты аймағымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Атқарылған істер соның айқын дәлелі. 

Мехмет Хамзачеби, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжіліс Төрағасының орынбасары 

-Қазақстан – ядролық қарусыздандыру сияқты аса маңызды салада көшбасшы. Терроризм және экстремизммен күрес жолында батыл бастамалары үшін үлкен құрметке ие. Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің көшбасшысы. Анадолы жерінде 15-ші шілде күні арам пиғылдылар әскери төңкеріс жасамақ болды. Сол жағдайдан кейін бауырлас елдің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Түркияға бірінші болып сапарлап, қиын сәтте бізді демеді. Түркия Сіздердерді әрқашан қолдауға әзір.

Хайсам Салах Камел Ибрахим, Египеттің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі

-25 жылдың ішінде Египет пен Қазақстан тығыс байланыс орнатты. Бізді ортақ мәдениетіміз, асыл дініміз, қазіргі таңда экономикалық қарым-қатынас байланыстырады. Ақпан айында Мысыр басшысы Абдель Фаттах әл-Сиси Астанаға арнайы келді. Сол кезде әріптестікті одан әрі дамыту талқыланды. Біз «ЭКСПО» көрмесіне әзірлікті бастадық.

Аз уақытта Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы мемлекетті жаһан жұрты таныды. Ең бастысы еліміздің шекарасы шегенделіп, іргесі қымталды. Көршімен тату, алыспен сыйлас. Бүгінде халықаралық қауымдастықта айтары бар елге айналдық. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Келер жылы жауапты миссияны мінсіз атқару үшін барын салмақ.

Джордж Кроль, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі

-Жақында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтті. Сол кезде мүшелікке уақытша сайланған елдермен жан-жақты талқылау болды. Америка Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның бейбітшілікті орнату жолындағы бастамаларын қолдайды. АҚШ-та өткен президенттік сайлаудан кейін де қарым-қатынас бұрынғыдай жалғасын табады деп сенем.

Конференция жұмысына 16 елдің Парламент өкілдері мен сарапшылары қатысты. Көптің тілегі бір. 

Аксель Фишер, Германия Бундестагының депутаты

-Қазақстан әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танымал. Сіздердің Президенттеріңіз Германияға 2 рет келді. Біз оған қуаныштымыз. Келер жылы бізде Парламент сайлауы өтеді. Саяси науқанда біздің партия жеңеді деген үмітім зор. Содан кейін Қазақстанға тағы келуді жоспарлаймын.

Қазақ елі 25 жылда жаһан жұртына танылды. Әлемдік саясат пен экономикада аузы алты қарыс, жуан елдермен иық тіресті. Қазір олар бізбен санасады. Жеткен жетістік біршама. Ендігі міндет – осы биігімізден түспей, Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау. 

Авторлары: Мырзабек Түсіпов, Әсем Қабылбек, Азамат Сәметов, Бекболат Базаров 

6. ASTEX Astana Smart City 2016 форумында 20-дан астам меморандум бекіді

Тәуелсіздіктің бір тартуы – Астана. Қазір елорданы төрткүл дүние біледі. Қауіпсіз қала деп таңғалады, тамсанады. Бірақ біздің бас қаламыз таңғалдыруын да, тамсандыруын да мұнымен тоқтатпақ емес. Шаһарда қоғамдық орындардан бөлек, үйлердің аулаларында 500 бейнебақылау  камерасы орнатылмақ. Бұған қоса 80 көше қиылысында шамамен әрқайсысында 10 шақты камерадан есептегенде барлығы 800 бақылау құрылғысы ілінбек. Осы аптаның ортасында елордада өткен ASTEX Astana Smart City 2016  форумында осыған қатысты құжатқа қол қойылды. Жалпы форум аясында ынтымақтастық жөніндегі 20-дан астам меморандум бекіді. Серіктестер ішінде ақпараттық, желілік технологияларда көш бастаған әйгілі компаниялар бар.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі

-Мұндай үдеріс жол-көлік және тұрғын үймен қамту жүйелерін қиындатуы мүмкін. Озық технологиялар, блокчейн, бірнеше салада, тіпті қалалық ландшафт секторында да пайдаланылады. Халықаралық электр байланысы одағының мәліметінше, 2018 жылы ақылды қалаларда интернетке қосылғандар 3 млрд-ты құрамақ. 2020 жылы блокчейн негізіндегі бизнес құны 10 млрд долларды құрайды. Жаһандық экономикадан қалыс қалмаудың қамын қарастыру керек.

«Смарт Астана» тұжырымдамасы негізінде медицина, білім беру секілді салаларда қанатқақты жобалар жүзеге асырылмақ. Соны жобалардың бірі – қала көшелерін жарықпен қамтуды  жетілдіру. Ескі үлгідегі шамдар 100 пайыз жаңа, сапалы 25 мың шамдармен алмастырылмақ. «Бұл жоба электр қуаты мен осы жүйеге кететін қаржыны 60 пайызға үнемдейді», – деп отыр мамандар. 

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі

-«Ақылды қала» бағдарламасы екі бағыт бойынша, бірі – бизнес өкілдері мен азаматтарға мемлекеттік қызметті жеңілдету, әкімдіктің ашықтығына қол жеткізу, екіншісі – әлеуметтік жағынан пайдалы жобалар. Медицина, білім беру жобаларына бөлінген қаржының 80 пайызы мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде келеді.

7. Жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу

Осы аптада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша дайындалған қос бірдей жаңа бағдарламаның жобалары мақұлданды. Оның бірі Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы болса, енді бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Екі бағдарламаның да негізгі мақсаты – жұмыссыз жүргендер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тұрақты жұмысқа тарта отырып, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұрын дағдарысқа қарсы шаралар ретінде уақытша жұмыс орындарын құруға көңіл бөлінсе, енді тұрақты жұмыс орындарын ашуға басымдық беріледі. Жаңа бағдарлама 550 мыңға жуық адамды қамтиды деп отыр. Олардың 84 пайызы – ауыл тұрғындары.

Нәтижелі жұмыспен қамту дегеніміз не? Жаңа құжаттың бұрынғы бағдарламалардан айырмашылығы неде? Ол туралы жауаптылардан сұрап білдік. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов сұхбатына назар аударайық.

Әсем Қабылбек, тілші 

-Біржан Бидайбекұлы, «Жеті күн» бағдарламасынан арнайы сұхбат алуға келдік. Себебі келер жылдан бастап елімізде азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған жаңа бағдарлама алынбақ. Бұл бағдарламаның, жобаның алдыңғы «Жол картасынан» қандай ерекшелігі бар? 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Жұмыспен қамту саясаты осы экономикамыздағы ахуалдарға, өзгерістерге тікелей байланысты. Сондықтан бұрынғы «Жұмыспен қамту жол картасы» незігінде дағдарысқа қарсы көзделген болатын болса, жаңа бағдарламада мына өнімді жұмыспен қамтуы, жаппай кәсіпкерлікпен дамытуға бағытталып отыр. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасында» бізде 65 пайызға дейін көлемі елді мекендерде әлеуметтік нысандарды, жолдарды жөндеп, абаттандыру жұмыстарымен уақытша жұмыс орындарын құрушы едік. Ендігі жаңа бағдарламаның бағыты – халыққа тұрақты жұмыс орынға, тұрақты табысқа ие болуға көмек көрсету. 

Әсем Қабылбек, тілші

-Қалай көрсетесіздер?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Оның негізінде кәсіби білімдері жоқ азаматтардың барлығына жаппай білім беру бағыты болады. Бұл жерде 2 тетігі бар. Өкінішке қарай, мектеп бітірген балаларымыздың есеп бойынша 21 мыңы бірыңғай тесттен өте алмай, оқуға түсе алмай қалады екен. Біріншіден, соларға кәсіби-техникалық білім тегін беруді біз көздеп отырмыз. Адамда тек қана кәсіби дағды болса, бір икемдері болса, ары қарай өзінің тіршілігімен айналысып кетіп, тұрақты табысқа ие болуы мүмкін. Ересек жұмыссыз азаматтардың ішінде қысқа мерзімдік оқыту арқылы 1 айдан 6 айға дейін білім беріледі. Екіншісі – кәсіпкерлікті дамыту. Егер біз «Жол картасы» бойынша тек қана ауылдық жерде шағын несие берген болсақ, енді шағын несие беру тәртібін ауылмен қоса қалаға да таратамыз. 

Әсем Қабылбек, тілші

-Несиені алу үшін қарапайым азаматтар не істеу керек? 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Бағдарламаға жұмыссыз жүрген азаматтар, өз бетінше жұмыспен айналысып жүрген, кәсіппен айналысамын деген азаматтар қатысады. Ауылдық жерде Ауылшаруашылығы министрлігі басқарса, қалада Ұлттық экономикалық министрлігі басқарып, «Даму» қоры, «ҚазАгро» фонды бар. Солар несие береді. Несиенің шарттары жеңілдетілген. Мысалы, соңғы салымшыға 6 пайызбен беріледі. Несие мерзімін біз 5 жылдан 7 жылға дейін көбейтіп отырмыз. Ал несиенің мөлшерін 3 миллион теңгеден 16 миллион теңгеге дейін арттырдық. Шағын несиені алып, кәсіпкерлікпен айналысудың алдында «Бизнес бастау» деген үлкен жоба енгізіледі. Сол арқылы азаматтарды 30 күннің ішінде кәсіпкерліктің негіздерін үйретуге оқытамыз.

Әсем Қабылбек, тілші

-30 күнде үлгеру керек пе?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Кәсіби бағыттау жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп үміткермен бірге айналысады, кәсіпті таңдайды. Жоғары, білікті мамандар, қазіргі аяғына тұрып жатқан бизнесмендер қатысып, соның бәрін үйретіп, оның жоспарларын жасақтап, оны әрі қарай несие алуға, бизнесін бастап кетуге дейін оны жетектеп, сүйемелдейді.

Әсем Қабылбек, тілші

-Жалпы жоба барысында қанша адамды оқыту көзделіп отыр? Қандай кәсіп ашады? 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Мынау мектепті бітірген түлектердің арасынан жылына осы 2017 жылы 21 мың адам болса, ары қарай сол 40 мың адамға дейін оқытамыз деп жатырмыз. Ересек адамдардың ішінен 26 мыңдай бар. Әр өңірде өзінің кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бекітіледі. Мысалы, бір өңірде мал шаруашылығымен айналысқан тиімді, бір жерде етпен айналысқан дұрыс шығар. 

Әсем Қабылбек, тілші

-Егер іс бастаған адам кейде әртүрлі жағдай болып, ары қарай ісі алға баспай, орта жолда тоқтап қалса, кепілдемеге қойылған мүлкін аласыздар ма?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Жаңа бағдарламада кепілдемені мемлекет береді. Қарапайым азамат өзінің мүлігін кепілге қойғанына қарамастан, қаржылық институттың алдында, несие беріп жатқан ұйымның алдында мемлекет өз қаражатымен кепілдеме береді. 

Әсем Қабылбек, тілші

-Жаңа жобада ауыл тұрғындарына көбірек ден қойылады деп айтылып жатыр. Осы туралы не айтасыз?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-Біздің елімізде жұмыссыздармен қатар өз бетінше жұмыспен қамтылған 2 млн 200 азамат бар. Солардың ішінде 1 млн 400 адам егер де кәсіпкер ретінде тіркелген болса, тіркеуден тыс 365 мың азаматтың тіршілігі күнкөріске де жетпейді. Ол кісілердің басым бөлігі ауылдық жерде тұрады. Сол азаматтарды егер де біз кәсіби білімге тартып, ары қарай жалдамалы жұмыс берсек дейміз. 

Әсем Қабылбек, тілші

-Екінші жобада сіздер қанша азаматты жұмыспен қамтып, әрі қарай кәсібін ашуға көмектеспекшісіздер?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

-«Жұмыспен қамту жол картасы» 2011 жылы жүзеге асырыла бастады. 2016 жылға дейін бізде 770 000 адам қатысушы ретінде мемлекеттің тарапынан әртүрлі қолдаударға ие болды. Оның ішінде 568 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасы аясында 2017 жылы тек қана мемлекеттің тарапынан 100 мыңға жуық адамға көмектесеміз. 

8. Ұжымдасқанның ұтары көп

Жаңа жылдан бастап қолданысқа енуі тиіс тағы бір жаңа құжат  «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бес жылға арналған бағдарламасы» да ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр. Алдымен осы саладағы қаржыландыру тетіктері қайта қаралып, әр үйдегі жеке қосалқы шаруашылықтардың, ұсақ фермерлердің әлеуетін кеңінен пайдалану көзделген. 

Сықпа құрт, ежігей құрт, май құрт. Үрпек ауылының тұрғыны Күлән апай ұлттық өнімнің түр-түрін жасайды. Жылына 1,5 қап алады. Немерелерінен артылғанын сатып, пайда тапқысы-ақ келеді.  

Ал қырдағы жұрттың қысы-жазы жинаған қорын сүт зауытынан келіп, арзан бағаға алып кетеді. Бейнеті көп, қайтарымы аз. Қарағанды облысындағы дәл осы Нұра ауданындағы 12 ауылда 10 мыңға жуық сиырдан жылына 5 мың тоннаға жуық сүт жинауға болады екен.  

Сараптама нәтижесі бойынша қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін өнімнің 80 пайызы ауылдық жерде қалып қояды. Есесіне сүт және ет өңдеу кәсіпорындары өндірістік қуатын толық еңсере алмай келеді. Бұл көрсеткіш 50-60 пайыз ғана. Себебі өнім өндіріске жетпейді.   

Үкімет ауылдағы осы жүйесіз тірлікті табысты бизнеске айналдырудың ұтымды жолын тапты. Оны іске асыру тетіктері Елбасының тікелей тапсырмасымен әзірленген «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» жобасында көрсетілді. Құжат Парламентте сарапшылар қауымдастығы мен бизнес өкілдерінің талқылауынан өтті.  

Негізгі мақсаттың бірі – кооперацияларды дамыту. 2021 жылға қарай 500 мың жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ қожалық біріктіріледі. 1,5 мың кооперация құрылады. Соған сәйкес ауыл тұрғындарының кірісін 300 миллиард теңгеге жеткізіп, делдалдарды азайту арқылы саудадағы үстеме бағаны 15-20 пайызға төмендету жоспарда.  

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес бағдарламаның тиімді тұстары ауылдағы ағайынға да жете түсіндіріліп жатыр.  Оңтүстіктегі төрт облыстың тауар өндірушілері Таразда бас қосып, жаңа құжаттың шарттарын бірлесе талқылады.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі

-Пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Солардың бәрі мүше боп маған кіретін болса, сол жерден 50 гектар жер шығатын болса, осы 50 гектарға біз кооператив есебінен тиісті техника бөлетін боламыз. Егіске керек техниканы береміз. Жинайтын техника мен кормоцех керек пе? Соны да береміз. Кооператив дегеніміз осы.  

Қанатқақты жобаның алғашқысы Қарағанды облысы Нұра ауданындағы 12 ауылда қолға алынды. Нұржан Төлеуов – Ақмешіт ауылында құрылған кооперативтің төрағасы. Іскер жігітті жергілікті халық сайлапты. Әзірге жаңа ұжымның құрамына 39 отбасы енген. Қолдарында азын-аулақ малы бар ауыл тұрғындары үшін бұл – табыс табудың таптырмас жолы.

Нұржан Төлеуов, кооператив төрағасы

-Сүт өнімін жақсы тапсырса оларға да табыс түседі, күнделікті өздерінің ақшасы болады. Кооперативтің арқасында арзан бағамен жем-шөбін дайындап алады. Мемлекеттік бағдарламаны халық бірдей қолдады.

Тұрғындарға сауын аппараттары алынады. Сүттің әр литрі кооперативке жыл бойы 80 теңгеден тапсырылады. Ақшасы әр адамның есепшотына аударылады. Сүт қабылдайтын пункттер ашылады. Жиналған сүт шағын контейнерлерде сақталады. Оның сапасы бақылауда болады.

Мешітбай Жұманов, Нұра ауданы әкімінің орынбасары

-Тапсырған сүттің әр литріне 10 теңгеден субсидия төлейді. Ол субсидия кооперативтің есепшотына келіп түседі. Сол субсидиядан өзіне еңбекақы алады. Сонымен қатар әр ай алынған қондырғының құнын төлейді.

Кооперативке бірігудің пайдасын түсінгендердің бірі Қостанай облысындағы Үрпек ауылында тұрады. Ұжым құрамында 60 отбасы бар. Келешекте 100-ге жетпек.  

Таңатар Ахметов, кооператив басшысы

-«Жалғыздың үні шықпас» дейді. Біріккенде көп күш болады. Адамның күші де көбейеді. Жаңағы қаражатты жұмсауға, ортаққа шығарса, үкіметтен мал басына беріліп жатқан субсидиялар да көмек болады.

Тағы бір тиімді тұсы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы ауыл тұрғындарына төмен пайызбен несие беріледі. Оның шарттары жеңілдетілген. Жалпы көлемі 16 миллион теңгеге жеткізілмек.  

Бес жылдық бағдарламадан күтілетін нәтижелер де айқын. 2021 жылға қарай фермерлерге көрсетілетін қолдау 7 есеге артады. Мал шаруашылығының өнімділігін 40 пайызға, ал өсімдік шаруашылығында 30 пайызға арттыру көзделген. Бұл саладағы ІЖӨ 30 пайызға көбейіп, экспорт 17 пайызға ұлғайтылады. Ал импортты 17 пайызға азайту жоспарда.

Бұл үшін азық-түлік келісімшарт корпорациясының негізінде бірыңғай экспорттық орталық құрылады.  Ең бастысы бағдарлама қосымша қаржыны талап етпейді. Осы уақытқа дейін Парламентпен бекітілген бюджет шеңберінде жүзеге асырылмақ. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес тұжырымдамалық құжат жетілдіріліп,  2017 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап іске асырылуы тиіс.  

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Ардақ Асылханұлы, Мағауия Қалиев, Нұржан 

9. Білім мен еңбек – Тәуелсіздік тірегі

«Еліміздің 25 жылда жеткен табысының тарихы – ең алдымен оның жастары қол жеткізген табыстың тарихы». Елбасы жастар форумында осылай ой түйген еді. Бұдан жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының басты мән-маңызы болғанын аңғарамыз. Осының нәтижесінде Тәуелсіз Қазақстан тарихында Олжас Сүлеймен, Дінмұхаммед Сапарбек, Бақтыбай Құрман сынды белсенді жастар бой түзеді. Олар бізге ғана емес, барша әлемге үлгі болуға жарарлық жандар. 

Олжас Сүлеймен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, құрылыс компаниясының бас директоры

-Тәуелсіздігіміздің арқасында тереземіз өзге елдермен тең болып, жастарымыз дүниежүзіндегі алдыңғы қатарындағы оқу орнында білім алуға мүмкіншілік алып отыр. Елімізде осындай «Болашақ» бағдарламасы секілді мемлекеттің қолдауы болмаса, бұл арманға жету өте қиын болар еді.

Бала арманы Олжасты алдамады. «Болашақ» бағдарламасы түлегінің мамандығы – құрылысшы. Қытайда білім алған. Төрт тілді жетік біледі. Ол діттеген мақсатына жету үшін мектеп жасынан аянған жоқ. Талмай тер төкті. Сүрінді. Қайта тұрды. Қазір 26 жастағы іскер жігіт құрылыс компаниясының бас директоры. Мақсаты айқын. Қол астында 2 мың жұмысшы бар. Бұл – екі есе жауапкершілік.

Олжас Сүлеймен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, құрылыс компаниясының бас директоры

-Өзімнің мамандығым бойынша ұстаздарымның, ағаларымның жақсы тәжірибесі мен білімін алып, осы жақта алған тәжірибемді 5-6 жыл жұмыс істеп, мемлекет қызметінде қолдансам деген ниетім бар.

Талмай еңбектеніп, тәуекелге бару – Олжастың өмірлік қағидасы. Екі жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы өткізген «Көп тілдер – бір әлем» атты дүниежүзілік шығармашылық сайысты қазақ тілінде бастады.

Мәртебелі ұйымның бас мінберінен сөйлеген Олжас Сүлеймен хаттама ережесін бұзғанына еш өкінбейді. Ана тілінің әуезді үнін әлем естіді.

Адам бойындағы табандылық тәрізді асыл қасиет бала күннен қалыптасады. Ал 10 жасар Дінмұхаммед спорттағы биік шыңды бағындыру жолында. Арманы – даңқты хоккейші болу. Сабақтан соң спорттық ауыр сөмкені арқалау, үздіксіз жаттығу – Дінмұхаммедтің күнделікті тәртібі. Дағдыға айналған. Ол үйде ойын баласы, мұз айдынында ел чемпионы.

Дінмұхаммед Сапарбек, оқушы

-Біз Қазақстан чемпионатында 1-ші орын алдық. Ресейде де бірінші және екінші орын алдық. Омбы қаласында да топ жардық.

Мұзайдынындағы әр жеңіс жеткіншекті алға жетелеп, қиялына қанат бітіреді. Хоккей – нағыз ерлерге айналған ойын. Оның үстіне қазақ баласына бағына қоймаған спорт түрі. Ережесі қатал. Ешқандай еркелікті көтермейді. Дегенмен Дінмұхаммедтің мақсатына деген бекемділігі сенім ұялатады. 

Дінмұхаммед Сапарбек, оқушы

-«Вашингтон кэпиталз» клубында ойнап, әйгілі ойыншы болғым келеді.

Қай саланы болмасын таңдап, оның шыңына жету – ол алдымен өз-өзіңмен күрес. 25 жылда өнер, әдебиет, спорт, ғылымға жаңа леп, жалынды, жігерлі жастар келді. Олардың шырағын сөндірмей, қолдау көрсетуде мемлекет аянып қалған емес. Соның ең басында «Болашақ» халықаралық стипендиясы тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік туын көтерген күннен бастап жастарды шетелге жіберді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сейчас «Болашаковцы», как мы говорим, в Правительстве сидят. У нас несколько министров в возрасте 35-36 лет, они справляются с работой нормально. Они прошли школу. В основном, костяк управленческого персонала в Правительстве - примерно от 35 до 45 лет. Я думаю, что мы не должны повторять времена застоя. 

«Болашақтың» игілігін көрген Олжастың ендігі мақсаты – құрылыс саласында өз қолтаңбасын қалдыру. Бұл істің басты құпиясы – сапа мен жылдамдық. Мамандықты таңдауы кездейсоқ емес. 

Олжас Сүлеймен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, құрылыс компаниясының бас директоры

-Қытайда 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының дайындығы жүріп жатқанын көрген кезде, керемет зәулім ғимараттар салынып жатқан сәтте өте қызығып, таңқалғанмын. Қазақта жақсы сөз бар: «Жерде ізің қалмаса, жер басқанға мәз болма». Құрылыс саласында жерде із қалдыруға жақсы бір мүмкіншілік бар деп есептеймін.

ХХІ ғасыр – білімділердің заманы. Қазір кәсіп игергеннің келешегі жарқын. Елімізде екі жыл бұрын осы мақсатта «Серпін» бағдарламасы қолға алынды. Жоба Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Маңғыстау өңірлерінің жастарына арналған.

Мирлан Нұртазин, саясаттанушы

-Бүкіл жастар 1990-2000 жылдары тек заңгер, экономист болған. Елбасымыз қойған мақсатқа жету үшін Қазақстанға техникалық мамандық игерген жастар керек.

«Ұлт жоспарындағы» 77 қадам жастарды тегін кәсіптік білім берумен қамтамасыз етуге арналған. «Серпін» мыңдаған жастың өшкен үмітін қайта маздатты. Олай дейтініміз мектеп бітірген түлектердің дені сынақ тапсыра алмай, кейін жұмыссыздар қатарын толықтырады. Оқу, жұмыс және жарқын болашақ. Бір шетінен елдегі әлеуметтік және экономикалық мәселені шешуге сеп. 

Бақтыбай Құрман – Қызылорданың тумасы. «Серпін» жобасы бойынша грант иегері атанған. Павлодардағы химия-механикалық колледжінің студенті. Оқу үлгерімі жаман емес. Шәкіртақы алады. Тұратын жатақханасы бар. Өзі секілді 25 жеткіншек жаңа кәсіпті меңгеріп жүр. Мұнай, газ, химия өнеркәсібі саласын таңдапты.

Бақтыбай Құрман, Павлодар химия-механикалық колледжінің студенті

-Бізде теория, практика жүзінде жақсы қарастырылған. Бізге мұғалімдер жақсы тәжірибе береді. Зертханалық бәрі осында жабдықталған. Жақсы оқумен алға келемін.

Мұнда ілім мен ғылымды таңдаған жастарға барлық жағдай жасалған. Оның үстіне «Оқу бітірген соң, жұмыс таба аламын ба?» деген қорқыныш жоқ. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында кәсіптік мамандықтар сұраныс көп. Жаңадан ашылатын зауыттарға жұмыс күшін тарту қажет. 

Бақтыбай Құрман, Павлодар химия-механикалық колледжінің студенті

-Оқуды бітіргеннен кейін осында қалып, зауытқа жұмысқа орналасамын.

Келер жылдан бастап елімізде кәсіптік-техникалық мамандықтар тегін. Алайда Павлодар өңірі мерзімінен бұрын іске кірісіп кетті. Өңір кәсіптік мамандықты оқытуда көшбасшы. Биылдан бастап облыстағы барлық колледжде кәсіптік мамандықтар бойынша жаппай тегін білім берілуде. Оған қаражат жергілікті қазынадан бөлінген. Бұдан шығатын түйін, келешегі кемел ел ғана жастар ісіне мән береді.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Марат Таубаев