ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жетi күн» 20.12.2014

«Жетi күн» 20.12.2014

ЖҮРГІЗУШІ

-«ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІЛЕРІ ЖӘНЕ МЕН, НҰРСҰЛТАН ҚҰРМАН АПТАНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙМЫЗ. АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ!

БІРЛІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ – ЕҢ ИГІ ІС. 21-ШІ ҒАСЫРДА ТЕК БІРЛІГІ БЕКЕМ, ЕҢБЕГІНЕН РАХАТ ТАПҚАН, АЗАМАТТАРЫ ТАТУ ЕЛ ҒАНА БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРЕДІ. БІЗДЕР, ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ОНЫ ЖҮРЕГІМІЗБЕН СЕЗІНДІК. ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫНДА ҚАЗАҚСТАН ӨЗ ТАРИХЫНЫҢ ТАҒЫ БІР БЕЛЕСІНЕ СЕНІМДІ ТҮРДЕ ӨТКЕНІН АЙТТЫ. «ХАЛЫҚ ЖАСАҒАН ТАҢДАУДЫҢ САРҚЫЛМАС ТАРИХИ КҮШІН БІЗ ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН ТЕРЕҢ СЕЗІНІП КЕЛЕМІЗ», - ДЕДІ ПРЕЗИДЕНТ: «ОЛ – ЕРКІН, ЕГЕМЕН ЕЛДЕ ТАТУЛЫҚТА, БІР-БІРІНЕ ДЕГЕН СЕНІМ ЖӘНЕ КЕЛІСІМДЕ ӨМІР СҮРУ ТАҢДАУЫ, ӨЗ ТАҒДЫРЫН ҚАШАНДА ӨЗІ АЙҚЫНДАП, БОЛАШАҒЫН ЖАСАУ. «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ – ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕРГЕ ЛАЙЫҚТЫ ЖАУАП. БҮГІНГІ КҮНІ ДҮНИЕЖҮЗІНДЕ ӨЗІН ТАБЫСТЫ САНАЙТЫН МЕМЛЕКЕТТЕР ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУҒА ДЕН ҚОЙЫП ОТЫР. БҰДАН БӨЛЕК САПАЛЫ ЖОЛ МЕН КОММУНИКАЦИЯ САЛУ АЙМАҚТЫҚ ӘРІ ӘЛЕМДІК БАЙЛАНЫСТАРДЫ ТЕРЕҢДЕТУГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ САҚТАЛАДЫ. ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛ-АУҚАТЫ АРТАДЫ. БҰЛ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АТАҒАН МҮМКІНДІКТЕРДІҢ БІР ПАРАСЫ ҒАНА. ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ҚАЙ ҚАЙСЫНА ДА ОҢАЙ ЕМЕС. ДАҒДАРЫСТЫҢ САЛҚЫНЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ТИЕДІ. «ҮКІМЕТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЕРЛЕРДІҢ АЛДЫН АЛУҒА КІРІСТІ. БҰҒАН ДЕЙІН БЕКІТІЛГЕН БЮДЖЕТТІҢ ШЫҒЫС БӨЛІГІН ҚЫСҚАРТУҒА ТУРА КЕЛЕДІ. БІРАҚ МҰНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРГЕ ҚАТЫСЫ БОЛМАЙДЫ», – ДЕДІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ. САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ЖАЙЫНДА БАУЫРЖАН БАҚЫТБЕКҰЛЫ ӘҢГІМЕЛЕЙДІ.

 

«Астана Опера» театрына жұрт ерте жиналды. Дені – парасатымен, өнерімен танылғандар, ел алдындағы еңбегі еленгендер. Көбінің көңілі көтеріңкі. Себебі бұл – мемлекетіміздің дербестігі мойындалған күн. Тәуелсіздік күні биыл осымен 23-рет аталып отыр. Еліміз артта қалған сүрлеу-соқпағы көп қиын жылдардан қыры сынбай өтті. Алға деген бағыт-бағдарымыз айқын.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан тәуелсіз Қазақстан еді. Ғасырлар бойы халқымыздың арманы 1191 жылы 16 желтоқсанда бүгінгі күннің таңдауына айналды. Өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн. Тарихи әділет орнап, ата-бабаларымыздың өлшеусіз қанының өтеуі қайтқан ұмытылмас күн. Сан дәуір өтсе де ұрпағымыз ұлықтап өтетін ұлағатты күн. Жер бетінде дербес мемлекет құрған жүздеген ұлттар мен ұлыс бар. Біз – егемен ел құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз.

 

Әлбетте, тәуелсіз атанған сол 193-тің түгелі дәулетін дөңгелетіп отыр деуге келмес. Тіпті егемендікті елімізбен қатар алған көп елдің бүгінгі алымы Қазақстанның шалымына да келмейді. Біз бірден жаңаруға, жаңғыруға талпындық. Индустрияға иек арттық. Мәңгілік ел болуды мақсат қылып, «Нұрлы жолмен» келешекке жол тарттық.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Біріншіден, әлемдік алмағайып жағдайда инфрақұрылымдық дамуға ден қою – қазіргі әлемдегі табысты елдерге тән ортақ тренд. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникациялар салу арқылы біз өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарға тереңірек бойлаймыз. Үшіншіден, инфрақұрылым құрылысының ірі жобалары шетелдік инвестициялардың тұрақтылығын сақтайды. Олар ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Төртіншіден, бұл – лайықты еңбекпен қамтудың, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың берік кепілі. Бесіншіден,  «Нұрлы Жол» – барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер.

 

Елбасы атаған бұл бес мүмкіндік Қазақстанның жаһандық дағдарысқа қарсы қарекеті деп түсінген жөн. Қаржылық қиындықтарды қазір дүниежүзі елдері сезініп отыр. Әлемдік нарықтың белді мүшесі ретінде бізге де оның салқыны сезілері хақ. Сондықтан, бюджет қайта қаралып, мемлекет шығындары қысқартылатын болады. Бірақ, Президент халыққа берілетін әлеуметтік төлемдер бір тиынға да азаймайды, - деді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Шынында да алдымызда аумалы-төкпелі заман тұр. Тұтас әлемді шарпыған дағдарыстар бүгінгі күннің басты сипатына айналды. Бізге де оңай болмайды. Сондықтан біз алдағы сын-қатерлерге дайын болуымыз керек. Кризис пройдет, сложности пройдут и мы снова вернемся к той политике, которую мы проводили и мы обязательно наверстаем динамику роста по всем направлениям.

 

Уақытша қиындықтарға төтеп берудің жолын елбасы әлдеқашан көрсетіп берген. 2007-дегі сәтті тәжірибеміз бар. Өзге елдер дағдарыстың салдарымен күресіп жатқанда Қазақстан жаңа өндіріс ошақтарын ашатын болады. Экономикасын әртараптандыруды жалғастырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бұл мақсаттарға қазынадан жыл сайын 3 млрд доллардан бөлініп отырады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Капиталистік әлемде экономиканың бірде өрлеп, бірде төмендеуі заңды құбылыс. Заманның осы сынына төтеп беру үшін мен арнайы бағдарлама қабылдадым. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын 3 млрд доллардан бөлу туралы шешім шығардық. Бұл тек жол салу, әуежайлар мен порттарды жаңғырту емес, бұл зәру жандар үшін тұрғын үйлер салу, коммуналдық шаруашылық, 3 ауысымды, апатты жағдайдағы мектептер, т.б.

 

Тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктер, еліміздің ішкі һәм сыртқы саясаттағы ұстанымының дұрыстығын көрсетті. Бүгінде біз әлемнің 180 елімен берік байланыс орнаттық. Түбі түркі саналатын мемлекеттермен бауырласпыз, күнгейдегі Қытаймен, терістіктегі Ресеймен стратегиялық серіктеспіз, Еуропамен ынтымақтастығымыздың көкжиегін кеңейттік. Бірақ бұның бәрінен артық ең үлкен байлығымыз бар. Ол – еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың ұйыған бірлігі.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Сегодня в День Независимости страны мой призыв нашему благословенному народу: вся история казахов, вся история независимого Казахстана это история сплочения и единения, беречь и укреплять единство самая высшая добродетель. В 21 веке только та страна заживет счастливо, которая будет сильна единством, радостная своим трудом, дружна своими людьми.

 

Мемлекет басшысы салатантты шара барысында өзінің «Тәуелсіздік толғауын» жариялады. Бұл егеменді елімізді «Мәңгілік елге» айналдыру туралы Елбасының ойлары.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Біз жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясат – халықтың даналығы. Қазақстанды өркендету жолындағы күллі жауапты шешімдердің даналығы. Халқымыздың асқақ  абыройының, қонақжайлығы мен кең пейілінің даналығы. Тәуелсіздік дегеніміз – Жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Мәңгілік ел – Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы. Бұл қағидаларды мүлтіксіз сақтай отырып, біз Отанымыздың көк байрағын нық ұстаймыз, оны Қазақстан дамуының жаңа биіктерінде асқақтата желбіретеміз. Бұл – біздің мәңгілік ұстанымымыз!

 

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев ел келешігінің кемел болуына кепіл болатын екі басты қағидатты атады. Олар – ұлттың бірлігі мен ширақтығы. Әсіресе бүгінгі заманда жастарға тым жайдақ болу жараспас. Елбасы: «Кейінгі буын мейлінше, инновацияға бейім болуы керек», - деп түйді.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ОСЫДАН 23 ЖЫЛ БҰРЫН ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖАРИЯ ЕТТІ. АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ САН МЫҢ ЖЫЛ АРМАНДАҒАН АЗАТТЫҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ. ТІЛІМІЗДІ ЖАҢҒЫРТЫП, ДІНІМІЗДІ ҚАЙТАРЫП, ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕП, ТАҒДЫРЫМЫЗДЫ ТАҢДАДЫҚ. ТӘУЕЛСІЗДІК ЕЛІМІЗГЕ ОҢАЙ ЖОЛМЕН КЕЛГЕН ЖОҚ, ЕГЕМЕНДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ДЕ ТАЛАЙ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ӨТКЕРДІК. 1991 ЖЫЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖАРИЯЛАҒАНДА ҚАЗАҚСТАН ҚАЗЫНАСЫНДА КӨК ТИЫН ҚАРАЖАТ БОЛҒАН ЖОҚ. ЕЛ АУМАҒЫНДАҒЫ ЗАУЫТ, ФАБРИКАЛАРДЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРЫ САЛЫНҒАНДЫҚТАН, ТОЗЫҒЫ ЖЕТІП, ЖАБЫЛА БАСТАДЫ. ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ КҮЙРЕУІ, ТАУАР ТАПШЫЛЫҒЫ, КЕЗ КЕЛГЕН ДҮКЕНДЕГІ ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕКТЕР ХАЛЫҚ ЕСІНЕН ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ШЫҒА ҚОЙМАСА КЕРЕК. ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАҒАН МЕМЛЕКЕТ АЗ УАҚЫТТА БАРЛЫҚ ҚИЫНДЫҚҚА ТӨТЕП БЕРДІ. БҮГІНГІ ТАҢДА ЕЛІМІЗДІҢ АЛТЫН ВАЛЮТА ҚОРЫ 104 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЖЕТТІ. БАРЛЫҚ КОНТИНЕНТТЕРДЕГІ 212 МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЕРІКТЕСІНЕ АЙНАЛЫП, САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТТЫ. ЕЛІМІЗ ӘЛЕМДЕГІ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЕЛУ ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНАН ӨЗ ОРНЫН ОЙЫП АЛЫП, ЖАҢА МЕЖЕНІ БАҒЫНДЫРУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫС ЖАСАУДА. ЕЛБАСЫНЫҢ СЫНДАРЛЫ САЯСАТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БОЛАШАҚҚА БАТЫЛ ҚАДАМ ЖАСАУЫНА СЕРПІН БЕРІП, ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ, САЯСИ, ӘЛЕУМЕТТТІК ТҰРҒЫДАН ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫР. ТӘУЕКЕЛШІЛ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЕНДІГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ − МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ АЙНАЛУ.

 

Анатолий Спицын, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті

-Қазақстанда жасалған реформалар сәтті орындалды. Тәуелсіздік жылдар ішінде мемлекет үлкен жетістіктерге жетті. Мұның бәрі – Н.Назарбаевтың енбегі. Өзімнің енбек жолымды Қазқастанда бастадым. Сондықтан өмірімде қол жеткізген жетістіктерді Қазақстанмен байланыстырамын. Н.Назарбаев – Қазақстанның бағына туылған жан.

 

Ермахан Ыбырайымов, Олимпиада чемпионы

-Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша күресіп, еркіндікті аңсап кеткен. Алайда олардың несібелі ұрпағы ұрпағына нәсіп болган Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазақстанның Тәуелсіздік күні – басты мейрамы. Тәуелсіздік аркасында Астана салдық, Алматы гүлденді. Облыс орталықтары гүлдене түсті. Қазақстанның әл ауқаты жақсарды. Осының бәрі Елбасының салиқалы саясатының арқасы.

 

Мақсұт Нәрікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері

-Меніңше, бүгінгі мерекенің кереметтей нүкте қойылған болашаққа бағдарлама берген сөзі Елбасымыздың аузынан шықты. Ол Тәуелсіздік толғауы деп, бүгінгі ұрпақтың дәл мына 23 жылда біздің егемендік мемлекетімізді құрған ұрпақты, оның үлкені, орта жастағы, жасы бар, осы ұрпақтың болашақ ұрпаққа, 2050 жылғы ұрпаққа Жолдауын айтты деп білемін. Біздің ең үлкен, ең қасиетті мерекеміз Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

 

Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары

-Біздің шетелдердегі 5 млн қандастарымыз Қазақстан Тәуелсіздігін естіген кезде еңіреп, жылап қуанған. Той жасап, ат шаптырып, үлкен қуанышқа кенелгенін әлі күнге дейін айтып жүреді. Сондықтан бұл – өте қасиетті мейрам.

 

Болат Көмеков, ҰҒА академигі

-Елбасы жаңа керемет сөздер айтты. Әсіресе біздің тарихымызға байланысты. Жалпы қазақ елі – бұл дәстүрлі ел, мәдениеті жоғары ел. Мемлекетін бұрыннан құрған ел. Сондықтан біздің мемлекеттілігіміздің тарихы 2,5 жарым мың жылға созылады. Соның үрдісі қазір өте айқын байқалады. Осы сол мезгілден басталған әдет-ғұрыптар бүгінге дейін сақталған.

 

Хасан Шарипов, Астана қаласы өзбек ұлттық мәдени орталығы төрағасының орынбасары 

-Мына 23 жыл ішінде Қазақстанымыз алға басты. Бұл бәрі біздің татулығымыз бен бірлігіміздің арқасында болды. Елбасымыз айтып өтті, Мәңгілік ел татулық арқасында болады.

Иван Сауэр, Қазақстанның Еңбек Ері

-Жиырма үш жыл деген адам өмірінің небәрі үштен бірі ғана. Ал осы жирма үш жыл ішінде Қазақстан қандай жетісіктерге жетті. Мемлекеттің алған асуларына көз тастасаң, таң-тамаша қаласың. Қазір Қазақстан озық 50 елдің қатарында. Менінше, Қазақстанның және оның көшбасшысының тәжірибесінен өзге мемлекеттер үлгі алуы керек.

 

Күләш Шәмшидинова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ президенті

-Отандастарымды еліміздің тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтагым келеді. Бұл біздің мемлекетіміз үшін ең керемет, ең құрметті мереке деп есептеймін. Біз Отанымыздың Тәуелсіздігін тарихтан оқып біліп жатқан жоқпыз, Тәуелсіздікпен бірге есейіп, мемлекетімізбен бірге өсіп келе жатырмыз. Сондықтан еліміз «Нұрлы жолмен» нұрлы болашаққа жетеді деген сенімдемін. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕЛ ЕГЕМЕНДІГІНІҢ ЕСЕЮ ЖЫЛДАРЫНДА ҚАЗАҚСТАН АЛҒАН АСУЛАР КӨП. ТҰҒЫРЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІК, АЙБАРЛЫ АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАСЫНДА ОТАНЫМЫЗ ӨЗГЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕН ОҚ БОЙЫ ОЗЫП КЕТТІ. ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛАРЫМЫЗ ҰТЫМДЫ ОРЫНДАЛЫП, БОЛАШАҚТЫ БАЙЫПТАҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ. МҰНЫҢ БӘРІ ТӘУЕЛСІЗДІК ДЕП АТАЛАТЫН ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМДЫ ҚАСТЕРЛЕЙ ОТЫРЫП, ӨЗ АЛДЫНА ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЖЫРЛЫ ХАЛҚЫНЫҢ АТҚАРҒАН ЖЕМІСТІ ІСТЕРІ. МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ НЫҒАЙТУ ЖОЛЫНДА ЖАСАЛҒАН ЕРЕН ЕҢБЕКТІ ЕЛБАСЫ ЕЛЕМЕЙ ҚАЛҒАН ЖОҚ. ҚАЙРАТКЕРДІ МАРАПАТТАДЫ, ЕҢБЕККЕРДІ ЫНТАЛАНДЫРДЫ. АҚОРДАДА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР МЕН СЫЙЛЫҚТАРДЫ ТАПСЫРУ РӘСІМДЕ ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ ЕСЕЛЕП АРТЫП КЕЛЕДІ», – ДЕДІ. БҰЛ ДА ЭКОНОМИКА, САЯСАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТІҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТІҢ НӘТИЖЕСІ. МҰХТАР ЫБЫРАЙЫМ БАЯНДАЙДЫ.

 

Ерен ерлер, еңбегі еленгендер. Қазақстанның гүлденуіне зор үлес жүрген айтулы азаматтардың еңбегі бағаланды. Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Нұрсұлтан Назарбаев игі жақсылардың жемісті жұмысын атап өтті.

 

 Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Әлеуметтік жағдайда да, білім-ғылым, өнерде көптеген жетістіктерге жеттік. Сол мақсаттарымызды алдымызға қойған орындап келе жатырмыз. Оның барлығын жасаған біздің халық. Осының бәріне ел азаматтарының ерен еңбегінің арқасында жеттік. Сіздер бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыруға ат салысып келесіздер. Бұл марапат сіздердің еселі еңбектеріңізге мемлекеттің берген бағасы болып саналады.

 

Айман Мұсақожаева Қазақстанның еңбек ері атанды. Жоғары дәрежелі марапат оның еңбекқорлығының жемісі. Ел ішінде өнердің кенішіне айналған университеттің іргесін шайқалтпай, талай өнерпазды түлетті, қазақтың атын әлемге танытты.

 

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры

-Біздің еңбегімізді жоғары бағалағаны үшін Елбасыға алғыс білдіремін. Бұл барлық өнер майталмандарының марапаты. Сондықтан өнер саласының әрі қарай өркендеуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын.  

 

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградаларды өз қолымен тапсырып, қайраткерлерді қанаттандырды. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы мен құқық қорғау, қорғаныс салаларының  майталмандары «Отан», «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Даңқ» және «Айбын» ордендеріне ие болды. Олардың қатарында жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлері де бар.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы

-Сіздің саясатыңыздың арқасында Қазақстанымыз мықты беделді елге айналды. Алдымызда тұрған міндеттер де күрделі. Халықаралық ахуал құбылмалы. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз президентіміздің айналасында жұмыла отырып, белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүрген адамдар.

 

Сейітхан Жошыбаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры

-Сіздің үнемі қолдауыңыз бен ықыласыңыздың арқасында денсаулық сақтау саласы елімізде көп жетістіктерге жетіп келе жатыр. Медицина қызметкерлерінің атынан сізге шексіз ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ел қамын терең ойлап, ынтымағын жарастыра берген Елбасымыз, сіз аман болыңыз!

 

Қазақ өнерінде ойып алар орны бар Асаналі Әшімов 1-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Награда ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қоқандарға беріледі.

 

Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі

-Бірінші президент қолынан алған марапат әр уақытта қымбат сонысымен. Бүгін – біраз қуанышты күн. Тәуелсіздіктің алдында көптеген қайраткерлер марапатталды. Барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

 

Рымкеш Омарханова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі

-Сондай қуанышты болып тұрмын. Өзім жасым 75-ке келдім. Мінекей, осынша жасымда Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан орден алу мен үшін зор бақыт.

 

Жеке ерлігімен көзге түскен қайраткерлердің де еңбегі елеусіз қалмақ емес. Өрт сөндіруші Рүстем Мусин оттың арасынан 4 адамды құтқарды. Міндеті болғанмен, жауапкершілікті абыроймен орындай білу де марапатқа лайық. Елбасы «Ерлігі үшін» медалін оның кеудесіне тақты.

 

Рүстем Мусин, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті №1 Өрт бөлімі бөлімшесінің командирі

-Біз келген кезде қатты түтін болып, кісілер айқайлап, жүгіріп жүрді. Кіріп бара жатқан кезде подъездің 3 этажында екі бала, әжесімен тұншығып жатты. Соларды алып шығып, скорый картаға беріп, қатадан кірдік. Жанағы балконнан секірейін деп жатқан әйелді шығарып, құтқарып қалдым. Бұл менің жалғыз ерлігім емес. Менің орнымда кез келген азамат істейді деп ойлаймын. Бұл менің жұмысым.

 

Ғалым  Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры

-Бұл енді Тәуелсіздіктің үлкен нығаюына еңбек жасауға үлкен міндет. Еліміз мәңгілік болу үшін, елдің бірлігі үшін Елбасымыз айтқан мәңгілік ел идеясы жасай берсін деп айтқым келеді.

 

Елбасы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды да табыстады. Үздік туындылар, шығармалар мен жинақтардың авторлары аталып, үлкен марапатқа ие болды. Олардың қатарында Шымкенттегі тәуелсіздік саябағы бар.

 

Әмірхан Шүменов, Тәуелсіздік саябағы авторларының бірі

-Біздің еңбегімізді бағалап, Тәуелсіздік саябағын салғанымыз үшін бізді марапаттады Елбасы. Үлкен мемлекеттік сыйлық, жоғары награда беріп жатыр. Алғысымызды білдіреміз.

 

Еңбегімен ерекшеленген азаматтар лайықты бағаланды. Бұл күндері еліміз бойынша барлығы 1 жарым мың адамға түрлі наградалар берілді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Всех наградить тем, что они хотят невозможно. Я тоже подчиняюсь различным комиссиям, советникам. Вы думаете все так просто. Когда-то мне в Израиле расказывали, что первый президент Израиля после 48-годов, когда государство становилось, приехал к президенту америки и говорит: «Мне очень тяжело Господинн президент у вас 150 млн американцев, у меня 4 млн евреев, и каждый из них президент». Так и мы, біздің қазақтар да сондай ғой. Қайсыбірің«жаймын» деп ойлайсың? Шетінен батыр, тарихымызда да сондай, кемеңгер. Оның бәрінің ойынша, асқан жазушы, ақын да сол. Лайым сондай болсын! Барлық халықтың еңбегі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын! Мереке құтты болсын!

 

Бұл азаматтардың елге бергенінен берері көп. Елбасы шабыттандырды, еңбегін елеп-ескерді. Тұлға, қайраткер, қоғамның ең белсенді өкілі. Қай кезеңде де Президенттің жанынан табылып, ел мен Елбасы үмітін ақтағандар. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ ЕҢ АЛДЫМЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ЕЛДЕРІМІЗДІҢ АРАСЫНДА АУМАҚТЫҚ ДАУДЫҢ БОЛМАУЫ ҮШІН, СОНДАЙ-АҚ БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ ҮШ ҚАТЕРІ СЕПАРАТИЗМГЕ, ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ЛАҢКЕСТІККЕ ҚАРСЫ БІРЛЕСІП КҮРЕСУ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ. ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АҚОРДАДА ҰЙЫМҒА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҮКІМЕТ БАСШЫЛАРЫН ҚАБЫЛДАП: «БІЗГЕ АЗЫҚ-ТҮЛІКТІК, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ДЕ ШЕШУ КЕРЕК», – ДЕДІ. БҮГІНГІ КҮНІ БІРЛЕСТІККЕ КІРЕТІН МЕМЛЕКЕТТЕР ЭНЕРГИЯ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР МЕН АЗЫҚ-ТҮЛІККЕ ДЕГЕН СҰРАНЫСТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МҮМКІНДІКТЕРІНЕ ИЕ. БҰДАН БӨЛЕК, ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ЖҰМЫС ІСТЕСЕ, СУ ТАПШЫЛЫҒЫ МЕН ӨЗГЕ РЕСУРСТАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ДЕ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫҒАН БАСА НАЗАР АУДАРДЫ.

 

Сондай-ақ Елбасы Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары отырысының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін, өйткені ұйымның алғашқы отырысы 2001 жылы Алматыда өткенін айтты. Премьер-министрлер деңгейіндегі басқосу Қазақстанда осымен үшінші рет өткізіліп отыр. «Ұйым саяси салмақ пен экономикалық қуатқа ие болып келеді. Бүгінде ол баршаға кеңінен танылды», – деді Елбасы. Уфада ұйымдастырылатын мүше-мемлекет басшыларының  келесі басқосуында 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту жоспарланған.  Осыған байланысты үкіметтерге ауқымды жұмыс атқаруға тура келеді. Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде жаңа мүшелер қабылдау тәртібіне қатысты құжаттарға қол қойылғанына назар аударып, бұл мәселеге сындарлы әрі әділ көзқарас керек екенін айтты. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жалпы азиялық әл-ауқат қоры іспеттес және оған  мүше мемлекеттердің барлығы толық  қатысуы тиіс. Бұдан бөлек Қазақстан Президенті ұйымның даму банкін құру туралы бастаманы қолдайтынын жеткізді. Көлік саласындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту – ықпалдастық бағыттарының бірі. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан отандық экономиканы дамытуды ғана емес, бүкіл өңірдегі өзара сауда мен іскерлік байланыстарды жандандыруды көздейтін бірқатар маңызды көлік жобаларын іске асыратын болады. «Атқарылатын жұмыстар «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  Жолдауында жарияланғанын айтқан Елбасы осы жаңа көліктік мүмкіндіктердің бәрін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының барлық мүшелері пайдаланатын болады деп ойлаймын», – деді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-ШОС работает, прежде всего, на стабильность, отсутствия территориальных споров между нами, а также совместной борьбы против трех зол современности: сепаратизма, экстремизма и терроризма. Перед нами стоит несколько вопросов. Сегодняшние риски мы знаем. Все равно вопросы продовольственной, энергетической и экологической безопасности мы должны решать. В государствах ШОС есть собственные возможности обеспечить энергетикой всех. У нас есть возможность прокормить население. Я считаю, что это основные пункты безопасности. Есть вопросы дефицита воды, демографии и доступа к ресурсам. Эти вопросы тоже можно решать, если мы совместно будем работать.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ҚАЗІРГІДЕЙ ЖАҒДАЙДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АХУАЛДЫ РЕСЕЙ МЕН БАТЫС ЕЛДЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ӨРБУІ МЕН ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ТРЕНДТЕР АЯСЫНДА ҮНЕМІ САРАЛАП ОТЫРУ ҚАЖЕТ. АҚОРДАДА СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАҒАН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫЛАЙ ДЕДІ. ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВ ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫН БАЯНДАДЫ.

 

Елбасы  2014 жылдың өте мазмұнды өткенін айтып, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар есебінен Қазақстанға деген сырт елдердің қызығушылығы артқанына тоқталды. Өз кезегінде Ерлан Ыдырысов, Елбасының бастамалары серіктес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Кездесулер мен іс-шаралардың көп болуының арқасында өзге елдердің Қазақстанға деген қызығушылықтары артып, олармен өзара тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Біз қабылдап жатқан іс-қимылдарды әлемдік қоғамдастық қолдайды. Қазіргідей жағдайда халықаралық ахуалды Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынастардың өрбуі мен жаһандық экономикадағы трендтер аясында үнемі саралап отыру қажет.

 

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі

-Сіз жариялаған «Нұрлы жол» саясаты әлемде жоғары бағаланып отыр. Ол қазіргідей күрделі жағдайда Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуын қамтамасыз ететін жақсы бағдарлама ретінде қабылдануда. Біздің міндетіміз стратегиялық құжатты елдің сыртқы саясатының өзге де басым бағыттарымен бірге нақтылы жүзеге асыру болып саналады.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ӨРКЕНДЕГЕН МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БІР ШОҒЫРЫ ЗОР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНІП, МАРАПАТТАЛДЫ  ДЕДІК. ОЛАР – ҚОҒАМНЫҢ ӘР САЛАСЫНДА БАР ҚЫЗМЕТІН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ АРНАП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЕҢБЕК АДАМДАРЫ. БІРІ АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫН АСҚАҚТАТЫП, ӨНЕРІН ДӘРІПТЕГЕН. ЕНДІ БІРІ ОЗЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ  ТЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН МЕҢГЕРІП, ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ АЛҒА ІЛГЕРІЛЕУІНЕ СҮБЕЛІ ҮЛЕСІН ҚОСҚАН. ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТУГЕ АТ САЛЫСЫП, СӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН САЯБАҚ САЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР ДЕ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚТЫ ДЕП ТАНЫЛДЫ. ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІН БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМ ДЕП БІЛЕТІН АЙТУЛЫ МАРАПАТ ИЕЛЕРІМЕН МЕРЕЙЛІ СӘТТЕ «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ БАҒДАТ БЕКТҰРҒАНҚЫЗЫ  ЖҮЗДЕСІП ҚАЙТТЫ.

 

Ол скрипкада ойнағанда құлпырып, қанаттанып кететін музыкант. Ол 7 жасында-ақ сахнада өнер көрсетіп, дара қасиетімен танылған тұлға. Музыканың биік шыңын бағындырған Айман Мұсақожаеваның талантымен талай елдің майталмандарын таңдай қақтырғалы қашан. Бұл – Париж сахнасында өнер көрсетуі. Шетелдік өнерсүйер қауым классикалық музыканың хас шеберіне айналған қазақ қызының ешкімге ұқсамайтын шеберлігіне сүйсінді. Өнеріне тәнті болып қана қоймай, мақтан етті. Қазір оның есімі музыкалық олимпте Плетнев, Кремер, Третьяков сынды әлем жұлдыздарымен қатар аталады. Ал мынау Ұлыбритания сахнасын бағындыруы. Айман Қожабекқызының өзі ғана емес, шәкірттері де алыс-жақын шетелге танылып үлгерді бүгінде.

 

Роза Мұқанова, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері 

-Айман Қожабекқызы Астананың қалыптасу кезінде Президенттің тапсырмасымен бұл кісі өнер жолында үлкен дүниелер жасады. Соның бір айғағы – Болашақ ұрпақты тәрбиелеп жатқандығы. 

 

Қазақстанның халық әртісі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, әлем әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева үшін уақыттың әрбір сәті қымбат. Ол берілген атақ, мәртебені әрі қарайғы қызметіңе артылған үлкен сенім деп біледі.

 

Жүрекжарды әндерінің тыңдарман жүрегіне ұялағанын көріп, халықтың шынайы қошеметіне бөлену. Бұл тек талантымен талайды табындырған өнер иесіне бұйыратын бақыт. Сондай құрметке кенелген өнер адамдарының қатарында белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев те бар. Сырлы әуеннің сиқырымен жан-дүниеңді баурайтын бұл туындысын автордың өзі «керемет дүние» деп санамаса да,  дәл осы «Ноктюрнді» шетелдік айтулы музыканттар тыңдағанда сілтідей тынған. Өміріме қайта тыныс берді деп, нотасын аттай қалап Алматыдан Лондонға алдыртқандары да бар. Ал қазір жастар легі ғаламтор арқылы таратып, дәріптеп жүр.

 

Кеңес Дүйсекеев, композитор, «Парасат» орденінің иегері

-Шынына келгенде халық сыншы ғой. Бір жігіт келіп, сіз 20-30 жылға алға кетіп қалған адамсыз, өзіңіздің «творчествоңыздан» дейді. Мен аң-таң болдым. «Сен не жұмыс істейсің?» деп сұрасам. «Ауылда шопырмын», - дейді.

 

Ол халықтың интонациялық байлығын қазіргі заманғы эстрадамен үндестірді. Оның әндері арқылы Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Сембек Жүмағалиев сынды майталман өнер жұлдыздары тәуелсіз қазақ елін әлемге танытты. Ал композитордың туындылары талай әншінің өнердегі бағын  ашты. Айтпақшы Кеңес Дүйсекеұлы – Айман Мұсақожаеваның қолқа салуымен Елордаға қоныс жаңартқан өнер саңлақтарының бірі. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп келеді.

 

Кеңес Дүйсекеев, композитор, «Парасат» орденінің иегері

-Қазақтың кең даласында таланттар жетеді. Қазірдің өзінде осы жерде өте талантты балалар оқып жатыр. Құдайға шүкір, қазір 5 шәкіртім бар үйретіп жатқан композиторлық өнерге. Бәрі – талантты балалар. Өнерде қолынан іс келетін, құдай құдірет берген адамдар ғана жүру керек деп ойлаймын. Сол қағиданы өмір бойы ұстануға тырысамын.

 

Астана талай өнер адамы үшін бақ мекенге айналғанын айтпасқа болмас. Театр саңлақтарының бірі Рымкеш Омарханованың да кеудесіне Тәуелсіздік мерекесінде «Құрмет» ордені тағылды.

 

Рымкеш Омарханова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері

-Нұрсұлтанның арқасында бүкіл әлемге жер жүзіне танымал болып жатырмыз. Рахмет, өз қолынан орден алып жатырмын. Менің қуанышымда шек жоқ. 

 

Ең алғаш 22 жасында «Ромео мен Джульетта» қойылымындағы ғашық бойжеткеннің ролін сомдаған актрисаның өнер жолы жетістікке толы болды. Еңлік, Баян сынды қазақ аруларының, қазақ әйелінің сахналық бейнесін көрерменге шебер жеткізе білді. Қазір де жасы 75-ке келсе де киелі шаңырақтан жырақтағысы жоқ. Өнері мен еңбегін елге ұсынудан шаршамайтынын, халықтың ықыласы мен құрметінен бойына қуат алатынын айтады. 

 

Рымкеш Омарханова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері

-Астанамды мен еш қалаға айырбастаймын. Бұл – менің туған жерім. Қарағандыдан кейінгі өмірім осы жерде. 

 

Елбасы айтқандай, Астанаға қарап еліміз бой түзеді. Елордада бастау алған ілкімді істерді аймақтар жалғастырып әкетті. Өмірлік маңызы зор саланың бірі отандық медицина кластерінің бір тармағы Тараз қаласында қалыптасты. Оның негізін қалаған есімі елге жақсы таныс білікті дәрігер, профессор Сейітхан Жошыбаев. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-зерттеу орталығы сырқатына ем іздеген талай жанның шетелге сабылмай, жергілікті жерден емделуіне мүмкіндік берді.

 

Боранкүл Қалиева, емделуші 

-Қатты ауырып келгенмін. 10 күн ем қабылдап, содан операция жасады. Жағдайым жақсы. Бұрында ем іздеп шетелдерге шығып, көп қиналатын еді. Қазір жақсы болды.   

 

Сейітхан Жошыбаев, кардиохирург, «Барыс» орденінің иегері

-Тек қана жүрекке операция жасау емес, органдарды бүйрек, бауыр, жүректі алмастыруға соған кірісуіміз керек. Бұрын кішкентай арендада 15 койкалы орында отырсақ, қазір құдайға шүкір, 60 койкалы барлығына жағдай жасап жатырмыз. Қансыз операция жасау, қанды қолданбай, донорсыз операция жасау соған бейімделгенбіз.

 

Болашақтың қамын күн ілгері ойлайтын білікті дәрігер жас мамандардың сапалы құрамын жасақтауды қатар атқаруда. Жеке орталық болғандығына қарамастан жастардың білімін жетілдіруді жүйелі түрде іске асыра бастады.

 

Сейітхан Жошыбаев, кардиохирург, «Барыс» орденінің иегері 

-Жастарды тәрбиелеп, оқытып, резидентура университеттен кейінгі. Содан кейін ары қарата магистратура дейді. PhD докторантура дейді, соған біз оқытып, ары қарата ғылыми жағынан да өсіп жатырмыз да.

 

Отандық медицинаға озық технологияны енгізген дәрігердің де, өнерімен елдің рухын асқақтатқан саңлақтардың да, қарттық жасты еңсергендігіне қарамастан халыққа қызмет етуден тартынбаған кейуананың да тілегі – бір. Азат елдің ертеңі жолында аянбай еңбек ету, сол еңбегінің ізгілікті жалғасын көру. 

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚҰТТЫҚТАП, ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕРІН АРНАДЫ. ШЕТ ЕЛДЕРДЕГІ БАРЛЫҚ ЕЛШІЛІКТЕРДЕ РЕСМИ ҚАБЫЛДАУЛАР ӨТТІ. МӘСКЕУДЕ ЕГЕМЕНДІГІМІЗ ҰЛЫҚТАЛҒАН ШАРАҒА РЕСЕЙ ҮКІМЕТІНІҢ МҮШЕЛЕРІ,  МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ДЕПУТАТТАРЫ, ҒАЛЫМДАР МЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСТЫ. САЛТАНАТТЫ ЖИЫНДА СӨЗ АЛҒАН РЕСЕЙДІҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ ГРИГОРИЙ КАРАСИН ЖАС ӘРІ ЖАСАМПАЗ МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫНА БҮКІЛ ӘЛЕМ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙТЫНЫН АЙТТЫ. ШАРА АЯСЫНДА «БЕЙМӘЛІМ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ ФОТО-КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, КӨПШІЛІК НАЗАРЫНА  ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭТНО-МӘДЕНИ ЖӘДІГЕРЛЕРІ ҰСЫНЫЛДЫ.

 

Армен Джигарханян, КСРО Халық әртісі

-Барша қазақстандықтарды осынау мән-маңызы жоғары мерекемен құттықтаймын. Мен Қазақстанға сан мәрте бардым. Түрлі кинотуындылар түсірдік. Тек жақсы әсермен еске аламын. Сол ыстық ықыласымыз ешқашан суымасын. Сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше қадір тұтамын. 

 

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде еліміздің Тәуелсіздігіне арналған қазақстандық қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды. Беделді халықаралық бірлестік ғимаратының қабырғаларына әртүрлі стильдегі туындылар ілінді.

 

Андрей Дапкюнас, Беларусь Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі

-Мен қазақстандық достарымыз бен бауырларымыздың бұл игі шарасына ризашылығымды білдіремін. Бүгін қазақ елінің тек Біріккен Ұлттар Ұйымындағы қатардағы мемлекет емес, тарихы мен мәдениеті тереңде жатқан  ұлт екенін сезіне түстік. Бұл өте маңызды.

 

Бір күндік тиражы 1 миллионға жететін Түркияның ең танымал «Заман» газеті 17 желтоқсандағы санын толығымен Қазақстанға арнады. Тәуелсіздік күні мейрамын арқау еткен басылым еліміздің 23 жылда саяси-экономикалық, спорт пен мәдени саладағы жетістіктеріне жан-жақты шолу жасап, қазақ-түрік ынтымақтастығын саралапты. Сондай-ақ оқырмандар бұл жолғы санынан Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясы мен «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне еліміздің дайындық барысы және келесі жылғы Алаштың дүбірлі тойы Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты мол мағлұматпен танысты. Саясаттанушы Абдулхамит Билиджи Қазақстанда жаңаша ойлайтын, сауатты жастардың легі өсіп-жетіліп келе жатқандығын мақалаға арқау еткен.

 

АБДУЛХАМИТ БИЛИДЖИ САЯСАТТАНУШЫ

-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кеңес одағынан бөлініп шыққан мемлекеттердің арасында Қазақстанның дербес ел болу жағдайы қауіпті көрінді маған. Өйткені жері үлкен, халқы аз, көп ұлтты, экономикасы әлсіз мемлекеттің болашағы қандай болмақ деген сұрақ мазалайтын. Міне, осындай шарттағы Қазақстан небары 23 жылда экономикасын екпінді дамытып, елдегі ұлттар мен ұлыстарды Қазақстан халқы Ассамблеясы төңірегінде топтап, бірлігін нығайтты. Жоқ жерден қала салып, заманауи Астана тұрғызды. Және ең маңыздысы мемлекеттің қозғаушы күші өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасап, әлемнің үздік оқу орындарында оқытты.

 

Қазақстанның өнер майталмандары мереке күндері Париж сахнасында шеберлік танытты. Франциядағы ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының концерті жоғары деңгейде өтті. Осыдан бір ай бұрын қазақтың күйі адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне енгені белгілі. Сол себептен, музыканттар ұлттық өнерді дәріптеуге ден қойды. Байырғы көшпенділердің әуезді әні мен күмбірлеген күйі дүйім жұртты таң қалдырды. Күллі қазақ халқының жауһар  жырларын танытқан Құрманғазы, Тәттімбет пен  Нұрғиса Тілендиевтің күйлері париждік көрерменді сілтідей тындырды.

 

Рене Канья, Орталық Азияның адамзат прогресс қорының өкілі

-Домбыра – менің үлкен махаббатымды оятқан аспап. Домбыра мен үшін жұмақтың үні сияқты. Қобызды да ерекше жақсы көрем, алайда домбыра дауысын естігінде жүрегім аттай тулайды. Бүгінгі кеш керемет өтті, оркестр, өнер майталмандары туындыны шын жүрегімен орындады. Керемет әсерге бөледі.

 

Мерекелік шара Қазақстанның студенттері білім алып жатқан Британияның бірқатар білім ордасы мен ондаған университетінде де ұйымдастырылды. Лондонның университеттік колледжі Корольдіктің көне оқу ғимараты саналады. Айта кету керек, Назарбаев университетінің әріптес оқу ордасында бүгінгі күні елден келген 40-қа  жуық студент білім алады. Мұнда Тәуелсіздік күні ерекше аталып өтілді. Ұлттық тағам түрлері, спорттық жарыстар, шығармашылық конкурс ұйымдастырылды.

 

Жантуар Жұманалин, Westminster университетінің студенті

-Тәуелсіздік күнін Лондонда атап өту – мен үшін алдымен осы елдегі қазақтармен, өзімнің жерлестеріммен жүздесу. Осынау мерекені студенттер қауымы бірлікпен атап өтіп жатқаны қуантады. 23 жылда Қазақстанның бағындырған белесі биік деп ойлаймын, сондықтан елдің біз сияқты студенттері шетелде білім алуға мүмкіндігі бар. 

 

Еліміздің бас мерекесімен Беларусь халқы да құттықтады. Әрі туымызда бейнеленген бүркіт құсы сияқты Қазақстанның ұшар қанаты талмай, тек биіктерге самғай берсін деп, жылы тілектерін әнмен жеткізді.

 

Михаил Русый, Беларусь үкімет жетекшісінің орынбасары

-Беларусь үкіметінің атынан Қазақстан халқын ең басты мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтағымыз келеді. Қай халық болмасын егемен болуды аңсайды. Бұл ретте қазақ халқы алып жер аумағына ие әрі оны сақтап, бүгінгі ұрпағына аман етіп отыр. Бүгінгі күні Қазақстан экономикалық мықты мемлекетке айналды.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ – БҰЛ ӨТКЕНГЕ САЛАУАТ, БҮГІНГЕ ШҮКІР, БОЛАШАҚҚА БАҒДАР ЖАСАЙТЫН КҮН. БІРЛІГІН БЕКЕМДЕП, ТІРЛІГІН ТҮГЕНДЕГЕН ТЕКТІ ТОЙ. АСТАНАНЫ АЙНАЛА ЖАТҚАН 14 АЙМАҚТАҒЫ АҒАЙЫН ОСЫЛАЙ ДЕЙДІ. ОБЛЫСТАРДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ БЕРІЛСЕ, ЕНДІ БІРІНДЕ БҰҚАРА ЖҰРТ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ. ЕҢСЕЛІ ЕМХАНАЛАР ЕСІГІН АЙҚАРА АШЫП, ЖАҢА БАЛАБАҚШАЛАРДА БҮЛДІРШІНДЕР ШАТТАНДЫ. КЕУДЕЛЕРІНЕ ОРДЕН, МЕДАЛЬ ТАҚҚАНДАРЫ, КӨЛІКТІҢ КІЛТІН АЛЫП ЖАТҚАНДАРЫ БІР ШОҒЫР. СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАР МЕН ӘН-ШАШУЛАРЫ ТАҒЫ БАР. ҚЫСҚАСЫ, ТӘУБЕ ДЕГІЗГЕН ТӘУЕЛСІЗДІК ӨҢІРЛЕРДЕ ӨЗГЕШЕ ЛЕППЕН, КӨЛ-КӨСІР ТІЛЕКПЕН ТОЙЛАНДЫ. АЙМАҚТАРДАҒЫ АЙТУЛЫ КҮН, АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕНІ «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ ЖАСҰЛАН ӘБДІХАЛЫҚ ШОЛЫП ШЫҚТЫ.

 

Ақтау әрқашан алдынғы шепте. Құрылықтағы құрылыс пен теңіздегі тасымалы қатар дамып, өңірдің өндірісін өрге сүйреп келеді. Содан болар, арнайы экономикалық аймақ деген атақ берілген. Төл мереке тұсында тонналап құбыр шығаратын кәсіпорын ашты. Полителенді құбырларға сұраныс көп, себебі сапасы ширек ғасыр сыр бермейді. Одан бөлек орнату кезінде көп шығын жұмсалмайды және өнімнің өзіндік құны да арзан.

 

Артем Неумывакин, зауыт жұмысшысы

-Еліміздегі өнеркәсіптің дамуы халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Біздің құбырлардың сапасы да жоғары, 50 жылға дейін кепілдік береміз.

 

Тәуелсіздік тойына тараздықтардың тартуы тіпті тамаша. Құм арасында жатқан Мойынқұм ауданында балық зауытын ашып, айды аспаннан шығарды. Кәсіпорын жылына бір жарым мың тонна балық өңдеуге қауқарлы. Жалпы құны 600 миллион тұратын жобаның тағы бір тиімділігі шикізат қалдықсыз өндіріледі. Енді «Балқаштың бергі бетіндегі балықшылар өнімді ТМД-ның арғы бетіне  шығаруға мүмкіндік алды. Бұған қоса Шу Өзеннің төменгі сағасындағы Радай өзегіне суды реттеп тұратын гидроқұрылғы орнатылды.

 

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі

-Бүкіл тұрғындардың арманы еді. Осының жолын қалай жасаймыз, реттейміз деп ойлаушы едік. Жылда бұған 5-6 миллион қаржы шығып тұратын еді. Енді осы ретін тауып, мына үлкен Тәуелсіздік мерекесінің алдында осындай үлкен гидроузел ашып отырмыз.

 

Қара алтынның қайнар көзінде отырған атыраулық ағайындар баспаналы болып, бөріктерін аспанға атты. Бірден 106 отбасы жылы үй, жайлы пәтерлерге жайғасты. Солардың бірі – үш баланың әкесі Ақан Сүндетов. Пәтерден пәтерге көшкен қиындықты қоныс тойдың қуанышы ұмыттырып жіберіпті. 

 

Ақан Сүндетов, Атырау қаласының тұрғыны

-Қиыншылықтар болды, пәтер жалдап тұрдық. Әйелім үйде үш баламен отырды. Қазір енді пәтер алып отырмыз. Елбасына рахмет, өкімет басшыларына рахмет. Осы еңбегімнің арқасында осы пәтерді алып отырмын. 

 

Баспаналы болу бақыты Қызылжар қаласының 144 отбасына да бұйырды. Петропавлда  шаңырақты болғандар қатарында көп балалы аналар, бюджеттік мекеме қызметкерлері және мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жыл басынан бері 20 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген.

 

Махаббат Исмайлова, Петропавл қаласының тұрғыны

-Қуаныштымыз. Балалар да, міне, қуанышты. 9 жыл тосқан үйіміз. Көп балалы отбасымыз. Рахмет.

 

Сыр бойының жұрты салтанатты күнді саулыққа арнады. Қармақшы ауданында  250 келушіге лайықталған жаңа емхана ашылды. Оның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Медициналық нысан «350 дәрігерлік амбулатория және емхана» бағдарламасы аясында салынып, республикалық бюджеттен бөлінген бір жарым миллиард теңге толық игерілді. Емханада отызға жуық жоғары білікті дәрігер мен 200 қызметкер жұмыспен қамтылды.

 

Сәкен Серғазиев, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

-Соңғы екі жылда біз 3 емхананы іске қостық. Тағы да бір емханамыз қазір аяқталуға жақындап қалды. Ол аудандық емхана 250 келушіге. Келесі жылға жоспарымыз бойынша 10 дәрігерлік амбулаториялық емхананың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Осы бағдарлама аясында.

 

Ал  кербез қала Көкшетауда балабақша бой көтерді.  Мектепке дейінгі мекеме   240 орынға лайықтап салынған. Нысанның құрылысына жергілікті қазынадан  620 млн. теңге қаржы жұмсалды. Қазір мұнда 14 топ жұмыс істейді. Балабақшада өзін-өзі тану кабинетімен қоса, психолог және логопед мамандары бар. Мереке күні ашылған бүлдіршіндер үйі Көкшетаудағы «Жайлау» шағын ауданының тұрғындары үшін, үлкен сый болды.

 

Жанжу Секерова, Көкшетау қаласының тұрғыны 

-Өзім 2 жыл тосып едім, мінекей. Арманымыз орындалып, өзім қуанып отырмын енді. Жалғыз мен емес, ата-аналардың барлығы қуанып, осында келіп, міне, концертін көріп, сол енді жақсылық болсын деймін. Тәуелсіз еліміз көркейе берсін мінекей!

 

Төл мереке Қостанайда тарих қойнауына саяхат жасаған қойылымдарымен ерекшеленді. Өнерпаздар қазақ хандарының рольдерін сомдап, жұртшылық жігерін жанитын рухты шығармаларды орындады. Баһадүр бабалардың бейнесін сомдаған әртістер, көрермендерді ерлікке, елдікке үндеді. Ал мейірбан да меймандос ұлтымыздың бейнесіндей болған ақ жаулықты аналар, ұрпаққа ұлағатты өсиет айтты. Өнерпаздар орындаған патриоттық әндер мерекені әсерлесе,  көпшілікке үлкен экраннан еліміздің жетістік-тері көрсетіліп отырды.

 

Ақдәмен Досанова, І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі

-Бүкіл әлемде түрлі жағдайлар болып жатқанда, Құдайға шүкір, біздің елімізде тыныштық, бейбітшілік, тоқшылық бәрі бар.

 

Тәуелсіздік жылдары төгілген тердің өтемі де зор. Қажырлы еңбек еткендер қалтарыста қалмайды. Ақтөбеде бір топ азамат мемлекеттік наградаға ие болды. Кеуделеріне орден, медаль таққандардың қуанышы ерекше. Тарихи күнде табысқа жеткен тұрғындар тұғыры биік Тәуелсіздікке тәубә десті. Ал өңір басшысы аймақты дамытуға үлес қосқан 3 бірдей профессорға темір тұлпар мінгізді.

 

Асқат Балықов, «Шапағат» медалінің иегері

-Медицина асқан қарқынмен дамып келеді. Осы салада еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. «Шапағат» медалін алып, қуанып тұрмын. Барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

 

Қашанда мерекелік шараларды өткізудің тың тәсілдерін іздейтін шымкенттіктер бұл жолы жарыстың жаңа түрін жария етті. «Наурыз» алаңына таңертеңмен жастар жиналып, 700 метр қашықтыққа, баспалдақпен жоғары қарай жүгіруден жарысты.

 

Алина Байменова, жарыс жеңімпазы

-Жарыс қызықты, ерекше өтті. Осындай керемет мереке кезінде барлығының да бірінші келгісі келеді. Сондықтан жарыс тартысты өтті. Біздің бүгінгідей жарқын күніміз – Тәуелсіздіктің жемісі. Маған бүгінгі күн сонысымен қымбат.

 

Ал Мерекелік дастарханға деп шаруалар өздерінің өнімдерін жәрмеңкеге алып шықты. Арада делдал болмаған соң, баға да біршама арзан. Бұл жағдай да көңіл-күйге оң әсер етті.

 

Ару қала Алматының жұрты  Тәуелсіздік монументінің маңына жиналды. Қала әкімшілігі мен ардагерлер ұйымы, қалалық жастар ұйымдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Тәуелсіздіктің нышанына айналған монументке гүл шоқтарын қойды. «Көкке ұмтылған «Алтын адам» бейнесі Қазақстанның бүгінгі келбеті іспеттес», - деді жиналғандар. Сондай-ақ республика алаңында салтанатты түрде әскери шеру өтті.

 

Мансұр Милазаев, ҚХА Әзербайжан қоғамы жастар комитетінің төрағасы

-Бүгін ауа райының өзі шуағын шашып тұр. Тәуелсіздік Қазақстан 140 ұлт пен ұлыстың ынтымақтаса өмір сүруінің өзі елбасының сындарлы саясатының арқасында. Осы жылдар ішінде біз тәуелсіз мықты ел болдық.

 

Ербол Махметұлы, Алматы қаласының тұрғыны 

-Бүгін осы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұрпақтардың санасына сіңіру үшін  отбасымызбен осы алаңға келіп отырмыз. Тәуелсіздік монументінің алдына келіп, Тәуелсіздіктің қалай келгендігі туралы еске алып, енді Елбасы айтып жатыр. Кеше Жолдауында Тәуелсіздікті алу бір мәселе,  оны сақтап қалу үлкен міндет деп.

 

Баршымыздың ортақ мақсатымыз да, мүддеміз де – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау. Алып даланың әр тұсын иеленген аймақтардағы Тәуелсіздік тойындағы басты тілек осы болды.

 

ЖҮРГІЗУШІ

-ЕРТЕҢ САҒАТ 21.30-ДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЕТЕКШІ ТЕЛЕАРНАЛАР ӨКІЛДЕРІНЕ БЕРГЕН СҰХБАТЫН КӨРІҢІЗДЕР! ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ, ЕЛІМІЗ МӘҢГІЛІК БОЛСЫН! КЕЛЕСІ СЕНБІДЕ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ, АҒАЙЫН!