Жеті күн 14.01.2017 жыл - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 14.01.2017 жыл

  • Сенбі, 14 Қаңтар 2017 21:03
Сюжеттер
1. Елбасы Үндеуі БҰҰ ресми құжаты болды театры 2. Қауіпсіздік пен экономикалық мәселелер басты назарда 3. Қабылдаулар, тағайындаулар мен өкімдер
4. Жырақтағы жұртқа жәрдем 5. Әлем Қазақстанды «азиялық» Женеваға балауда 6. Заңдастыру науқанының қорытындысы
7. Жастарды дамыту көрсеткіші бойынша Қазақстан 61-ші орынға тұрақтады 8. Жаңарған жүйе 9. Утилизациядан ұтарымыз көп

1. Елбасы Үндеуі БҰҰ ресми құжаты болды театры

 
«Қазақстан – Азияның барысы». Тегін берілген теңеу емес бұл. Болмысымыздағы ұқсастықтан туған сөз. Барыс – бітімі бөлек, сыры жұмбақ жануар. Бастысы – тектілігі. Ешбір аңға өздігінен шабуыл жасамайды. Бірақ тиіскенді оңдырмайды. Қазақ елінің сыртқы саясаттағы ұстанымы да осындай.
Дала демократтары салған сара жолды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев одан ары дамыта түсті. Нәтижесінде қазақстандық ұстанымды әлем «ұтымды» деп мойындап отыр. Оған еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы дәлел.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Сегодня ведущие мировые политики, международные эксперты признают Казахстан лидером глобального антиядерного движения и последовательным миротворцем. Новый генеральный секретарь ООН господин Антониу Гутерриш, который недавно был в Казахстане, в ходе нашей встречи подчеркнул, что именно Казахстан, обладая солидными традициями посредничества и диалога, поможет ООН с минимизацией мировой напряженности, построением мостов мировой арены.
Бірінші қаңтардан бастап мәртебелі міндетке кірістік. Алдағы екі жылда атқарылар іс ауқымды. Әрине, мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Күні кеше тұғырлы төрден Қазақстан Президентінің саяси Үндеуі жарияланды. Біз жаһан жұртын «қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру» жолында жұдырық болып жұмылуға шақырдық.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі
-Қазақстан Президенті өз Үндеуінде нақты диалогтар болмайынша, жанжалдардың алдын алып, бейбітшілік орнату мүмкін еместігін сөз етеді. БҰҰ-ның 100 жылдығына дейін әлемді ядролық қарудан азат болуға шақырды. Бұл бағытта нақты іс-қимыл жоспары да айтылған. Жалпы Мемлекет басшысының Үндеуінде 7 басым бағыт атап өтілген.
Ядролық қауіпсіздік ісінің көшбасшысы әрі білікті бітімгер саналатын Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы Үндеуі де Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде қабылданды. 
Бұған дейін жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі де сол қатарда. Жалпы екеуінің түйіні  бір – адамзатты «бейбітшілікке бастау».
Қауіпсіздік Кеңесінде бірнеше комитет жұмыс істейді. Соның үшеуіне Қазақстан төрағалық етеді. 
Атап айтсақ, бірінші комитет Ауғанстандағы ахуалды реттеуге қатысты. Бұл мәселені шешудің біздің елге міндеттелуі, сөзсіз, абыройымыздың асқақ екенін тағы бір дәлелдеді. 
Ал екінші комитет терроризммен күрестегі істерді үйлестірумен айналысады. Анығы, ДАИШ пен Аль-Каида ұйымдарына қарсы «соққы» береді. Үшіншісі – Сомали мемлекетінің ішкі жағдайын жөнге келтіруді қарастыратын комитет.
Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары
-Қауіпсіздік кеңесінде әр мемлекет реттік тізім бойынша төрағалық жасайтын болады. Біздің төрағалығымыз 2018 жылдың қаңтарына түсіп отыр. Басты ойымыз осы төрағалық кезінде Орталық Азиядағы жағдай, Ауғанстандағы жағдайға байланысты ашық пікірталастарды өткізу және олардың нәтижесінде белгілі бір БҰҰ ҚК-нің құжатын шығару болып табылады.
«G-20» деген бірлестікті білесіз. Ол әлемдегі ең дамыған елдерді топтастырған күш. Бірақ олардан да басқа мемлекеттердің көзқарастары ескерілуі тиіс емес пе?! Дәл осы тұста, Қазақстан сан пікірді бір арнаға тоғыстыру мүмкіндігіне ие екендігін, атап өткен жөн. Оған Елбасының «G-global» идеясы себепкер болмақ. Демек, біздің ел Қауіпсіздік Кеңесінде алпауыттарға тек өзінің ғана емес, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы шағын мемлекеттердің де үнін жеткізеді.
Ерлан Қарин, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры
-Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде жай ғана мүше емес, өте белсенді мүше болатыны сөзсіз. Ең бастысы Қазақстан бұл кеңестің құрамында тек жалғыз өзіміздің мүддеміз емес, бүкіл аймақтың мүддесін қорғап, көздейтін болатынын айта кету керек. Себебі Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында жалпы Орталық Азияның дауысын жеткізуді әрекет ететін болады.
 

2. Қауіпсіздік пен экономикалық мәселелер басты назарда

Қазақстан Халықаралық контртеррористік коалицияны құруда және оның жұмысына атсалысуда белсенді қызмет атқарды. 2015 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы Елбасы ұсынған «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ» резолюцияны бекіткен. Осылайша күллі дүниеге «29 тамыз – ядролық сынақтарға қарсы күн» ретінде насихатталып, барша адамзат баласын «бір мүддеге» тоғыстыру жұмыстары жасалып жатыр.
Мүдде дегеннен шығады, Нұрсұлтан Назарбаевпен жаһандану жолындағы ұстанымы ұқсас Дональд Трамп АҚШ билігіне келді. Ал Барак Обама америкалықтармен қоштасты. Жай емес, жылап қоштасты. Жиырма мың адамның алдында сөйлеген соңғы сөзінде ол: «АҚШ-тың басты жауы – Ресей мен Қытай», – деп қадады. Бұл ретте жаңа сайланған президенттің ойы «әзірге жақсы».
Дональд Трамп, АҚШ Президенті
-Президенттік міндетімді атқаруға кіріскен соң Ресей мен АҚШ-тың арақатынасы жақсарады деп үміттенемін. Бірақ олай болмауы да мүмкін. «Компромат» жайында жазған Buzzfeed сайтына келетін болсам, олар мұндай мәліметтер бергені үшін әлі өкінеді деп ойлаймын. Ал Си-Эн-Эн болса, өз беделін көтеріп, трафик жинау үшін бәріне дайын тұрды.
Егер «айтылған сөз атылған оқ» болса, сөзсіз, санкциялар алынады. Демек, көршілес елдің экономикасы еселенеді. Бұдан біз – ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Ал тікелей «Қазақстан-Америка қарым-қатынасы қалай болады?» дегенге келсек, ол енді Дональд Трамптың қызметке кіріспес бұрын Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесуінен-ақ сезілді. 
Сарапшылардың айтуынша, стратегиялық әріптестік әлі артады. Әсіресе екі арадағы байланыста инновациялық сектордың дамуына басымдық беріледі. Білесіз, инновация деген адам капиталын сапалы тұрғыда өсіреді.
Осы тұста мынадай бір аксиоманы айтып өтсем. Адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнімділігін 4 пайызға дейін арттырады. Бұдан шығар қорытынды зерделіктен асқан күш жоқ. Бұл орайда Қазақ елінің екпіні жақсы. Біз дағдарыс жағдайында да еңсемізді түсірген жоқпыз. Әлеуметтік көмектердің жыл сайын артуы соның айқын дәлелі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-В ознаменование нашего праздника 25-летия Независимости, я поручаю Правительству в следующем году повысить размеры пенсии на 20 процентов к уровню 2016 года. Это повышение охватит 2 млн 200 тысяч казахстанцев. Также поручаю, с 1 июля также 2017 года увеличить размер единовременного государственного пособия в связи с рождением ребенка на 20 процентов.
Өткен жылға өкпе жоқ. Десек те, оңай болды деп ойлау ағаттық. Экономикаға төнген бес қауіптің «жаңбырдай нөсерлете жауғаны» рас. Бірақ біз берілмедік. Бес институционалды реформаны «қолшатыр» еттік, қорғандық. Ал биылғы бағындырар белес былтырғыдан да биік болғалы тұр.
2017 жылы Қазақстан экономикасы 2,2 пайызға артады. Қуаныңыз! Алпауыттардың бірінен озып, енді бірімен тең түстік. Бұл Дүниежүзілік банк жасаған болжам. 
Банк сарапшылары: «Қазақстан қаржылық дағдарысқа алдын ала қам жасап, қазіргі экономикалық ахуалға бейімделе білді» – деп бағалапты.
«Жалпы 2017 жылы әлемдік тауар нарығы қалыпқа келеді». Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қариннің айтқаны бұл. Мұндай ой түюге мұнай бағасының өсуі, яғни 50 мен 65 доллар аралығында тұрақталуы себеп. Шикізатқа тәуелді ел ретінде бұл көрсеткіш біздің экономикамызға оң әсерін тигізері сөзсіз.
2016 жылы қазақстандықтар 39 мыңнан аса жаңа темір тұлпарды тізгіндепті. Әсілі әлемдегі сатылған көліктер саны жылдағыдан көп. Бұл жанармай пайдаланудың анағұрлым артатынын байқатады. Демек, мұнайға деген сұраныс та жоғарылайды. 
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның болжамы бойынша, 2017 жылы сұраныс деңгейі тәулігіне орташа есеппен 96,5 миллион баррельге дейін жетуі ықтимал.
 

3. Қабылдаулар, тағайындаулар мен өкімдер

Экономикалық ақпараттар легін Ақордада өткен қабылдаулармен жалғасақ. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысына өткен жылдың қорытындыларын баяндады. 
Былтыр холдинг 30 миллиард теңге таза табыс тапқан. Ал активі болса, 4 триллион 100 миллиард теңгеден асып отыр. 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-«Бәйтеректі» құрған кездегі мақсат ұзақ уақытқа кредит беретін мемлекеттің банкі болсын дедік. Бұл үлкен-үлкен проектерді іске асыру үшін Қазақстанға керек. Басқа банктердің орнына жұмыс істемейтін, өз алдына жұмыс істейтін организация.
Ерболат Досаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы
-Алдымызға қойған барлық мақсаттарымызға жеттік. Кредитный портфельдің өсуіне қарағанда өткен жылға 63 миллиардқа жетпей қалдық. Бірақ оның ішінде теңгенің курсы өзгергендіктен біз алдында 360 теңге қойғанбыз 1 долларға, енді өткен жылы 335-пен бітірдік.
Әуел бастан ірі жобаларды несиелеуді мақсат тұтқан «Бәйтерекке» экономикалық дағдарыс тұсында қосымша міндеттер жүктелген еді. Соған байланысты холдингтің бұдан арғы қызметінің стратегиясын айқындау қажет. Елбасы Ерболат Досаевқа осындай міндет жүктеді.
Ал «Самұрық-Қазына» қорының сатуға қойылған 217 активінің 120-сы баланстан шығарылған. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, екінші тізімдегі нысандардың 70 пайызы іске асырылып, бірінші тізімнің 11 ірі нысаны жөнінде шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. 
Президент Қазақстанда Сингапурдың «Темасек» қорының моделіне сай холдинг құру міндеті тұрғанын, соған байланысты «Самұрық-Қазынаны» сапалы трансформациялаудың маңызын атап өтті. 
Апта ішінде Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне Марат Тәжин тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымын атқарған. 
Елбасы Жарлығымен Бағлан Майлыбаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды. 
Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды. Жұмыс тобын Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы басқарады. Оның құрамына Парламенттің, Үкіметттің, Жоғарғы Сотттың және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заңгерлер қоғамдастығы мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың мүшелері – ұзын саны он екі адам кірді. 
Күні кеше жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу барысына талдау жасалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Сейчас задача такая, что постепенно от Президента передавать больше власти Правительству, Парламенту. Мы это будем делать. Слишком много связывать с Президентом не надо. Постепенно надо учиться этому. Если есть моменты, которые угрожают в условиях экономического кризиса нашей стабильности, мы ничего не будем делать. Но есть вопросы, которые не угрожают и можно проводить, их будем проводить, такие вопросы у нас есть и необходимость такая есть. Так что ничего мы просто так, чтобы понравиться кому-то, делать не будем. Мы будем делать то, что нужно Казахстану, нашему народу для стабильного развития экономики, внутренней стабильности.
 

4. Жырақтағы жұртқа жәрдем

Сөз басында барыстың тектілігі тілге тиек етілген еді. Ол әрқашан өз территориясын жаудан қорғай білген. Сөйте тұра, өзгемен азығын бөлісе алатын қасиетке ие. 
Қазақ елінің пейілі де осындай жүрегі – жомарт, қолы – кең. Жыл сайын қамбасына миллиондаған пұт астық құйылатын Қазақстан мұқтаж елден көмегін аяған емес. Бұған дәлел Сирияға жіберілген гуманитарлық көмек. Жақында Елбасының шешімімен оттың ортасында қалған халыққа 500 тонна азық-түлік жөнелтілді.
Осы тұста айта кетсек, біздің ел бұған дейін Ауған жұртына да қолдау көрсеткен. Бір емес, бірнеше мәрте. Жанар-жағармай, азық-түліктен бөлек, мектеп, балабақша тұрғызып, жол да салып берген. 
Одан қала берді, Астана, Алматы қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында ауған студенттері тегін білім алып жатыр. Бұл жолғы Сирия қайырымдылық керуені жайлы тілшіміз тарқатады.
Қанға бөккен Сирия. Әлемдік саяси тартыстың құрбаны. Шам шаһары десе алдымен Әл-Фараби мен Бейбарыс Сұлтан бабаларымыз есімізге оралатыны рас. Тарихы тереңде жатқан Шам елінің бүгінгі хәлі осы. Ойраны шыққан. Қаңыраған қалалар. Үйлер. Базарлар. Бәрі бос. 
Кезінде қайнаған тіршіліктің ордасы болған. Әуе шабуылынан қансыраған жұрт бас сауғалап жан-жаққа кетті. Көне өркениеттің мұрагері, исламдық ғылымның ордасы, ежелгі мәдениеттің ошағы адам танымастай өзгерген. Хомс қаласындағы мүлгіген тыныштықты қаланың әр бұрышынан әуеге атылған мылтық даусы ғана бұзып тұр.
Бабхуд ауданы Сирия оппозициялық тобының негізгі штабы болды. Аумақты азат ету кезінде қаншама қан төгілді. Көз жұмғандар саны қисапсыз. Бұл ауданды қауіпсіз деуге ерте. Кей жерлер әлі де қарулы топтарға бағынышты. 
Хомсты бірден қалпына келтіру мүмкін болмаса да, тыныш аумақтарда қызу тірлік. Тұрғындар азаттықтың ақ таңын 5 жыл күтті. Барар жер, басар тауы қалмаған жұрт үйінділерді аршып, тазалауға кіріскен. Қирандылар өте көп. Мына шығыс базарының үш мыңжылдық тарихы бар. Шартараптан сауда керуені үзілмеген жердің күл талқаны шыққан. Сау-тамтығы қалмапты.
Гасан Жансиз, Бабхуд ауданын қалпына келтіру жөніндегі бас инженер
-Біз Хомс қаласындағы тарихи орындарды қалпына келтіру жұмыстарын бастадық. Барлығы қайталанбас әлемдік сәулет мұрасы, құнды жәдігерлер. Жұмысты Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз. Біздің елге туристер бұрынғыдай емін-еркін келсе деп армандаймын. Бейбіт Сирияны көргім келеді.
Аллепо – Сирияның солтүстік астанасы. Қала желтоқсанның соңында содырлардан азат етілді. Ұзақ уақыт көтеріліс орталығына айналған бұл шаһарда жағдай мәз емес. 
Шаһарға барар жол қарулы топтың бақылауында. Тартус порты оған іргелес жатыр. Курортты аймаққа бұрынғыдай ағылып келетін туристер жоқ. Сырттан ешкім аттап аяқ баспайды. Демалыс орны соғыстан қашқан босқындарға пана. Туғалы өркениеттің игілігін сезінбеген балалар түсіру тобымыздың бейнекамерасын көргенде шулап қоя берді.
Ашқұрсақ балғындар – соғыстың құрбаны. Тойып тамақ ішпейді. Электр жарығын мүлдем көрмеген. Бар тауқымет осылардың мойнында. 
Сирия жеріндегі бес жылғы соғыста құрбан болғандардың 50 пайызы – балалар. Қарулы қақтығыс оң-солын танып үлгермеген жеткіншектерді ерте есейткен. Кейбірінің көз ашқалы оқ пен оттың төпелеуіне еті үйренген. Оқымаса да саясат пен соғыс туралы әңгімені ересектерден кем талқыламайды. Бәрінің тілегі біреу – бейбітшілік орнап, тезірек мектепке бару. 
Сириялық Саид түскі асқа брокколи қырыққабатын қуырып жатыр. Оның маңайын торауылдап жүргендер жаңадан көшіп келген көршілері. Бұл – қоныс аударушылар лагері. Бұрынғы әлеуметтік қорғау басқармасының ғимаратында қазір 80 отбасы тұрады. Дені – Алеппо мен Дамаск қаласының тұрғындары. Атыс-шабыстан қалжырап, осында қоныс аударған. 
Пұшайман болған тұрғындар кез келген көмекке зәру. Бәрі бірдей батыстан пана таппайтынын жақсы түсінеді. Амалсыз осында қалуға мәжбүр. Оқтың астында жүрсе де Отанынан безбегендер үшін әзірге қауіпсіз жер осы. 
Ясер Лаббас – босқындар лагеріндегі тұрғындарға жауапты тұлға. Отбасымен осында тұрады. Бүгін ол үшін айрықша күн. Әдеттегідей емес, ерекше киінуінің себебі бар. Қазақстаннан гуманитарлық көмек келетінін естіп, көппен бірге делегаттарды тағатсыздана күтіп жүр.
Ясер Лаббас, босқындар лагерінің тұрғыны
-Көбіміз қайда барарымызды білмейміз. Осы ғимаратта жылдар бойы тұрып жатқандар бар. Жан жағымызда жарылған бомба. Жараланған адам. Қираған үйлер. Бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деген қорқыныш та жоқ емес.
Әмина Мұхаммад Аббах, босқындар лагерінің тұрғыны
-Соғыс бізді әбден қалжыратты. Халықтың тоз-тозы шықты. Біздің қиналғанымызды Қазақстан халқы да біліп, сіздердің Президенттеріңіз бізге көмек көрсету жөнінде шешім қабылдағанын естігенде көздерім жасқа толды. Бұл біз үшін, біздің балаларымыз үшін өте маңызды. Сіздердің жеріңізде мұндай соғыс бола көрмесін, халықтарыңыз біздің көргенімізді көрмесін.
Тартус порты. Қазақстан жіберген гуманитарлық көмек діттеген жерге ойдағыдай жетті. Қала Сирия астанасынан алыс. Ол жерге айналма жолдармен ғана келуге болады. Себебі қаруланған топ жан жақты бақылауда ұстап отыр. Сондықтан портқа ресми тұлғалардан тек Тартус губернаторы ғана келді. Сирия тарапы 33 контейнерге тиелген 500 тонналық азық-түлікті қуана қабылдады. 
Ясер Диб, Тартус провинциясы кеңесінің төрағасы
-Бүгінде Тартуста Сирияның өзге де өңірлерінен келген азаматтар да тұрады. Сол себепті бұл гуманитарлық көмектің біз үшін орны бөлек. Қазақстанның осы бір қиын-қыстау сәтте қолұшын беруі қаншама отбасының өмірге деген сенімін оятты. Бұл ретте мен барша Сирия халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына шексіз ризашылығымды білдіремін.
Елдің аманатын арқалаған қазақ елшісі Азамат Бердібай Сириядағы қарулы қақтығысты тоқтату үшін Қазақстан аянып қалмайтынын жеткізді.
Азамат Бердібай, Қазақстанның Иорданиядағы Төтенше және өкілетті елшісі
-Қазақстан Республикасының Сирия Араб Республикасының халқына деген қайырымдылық көмегі. Қазіргі уақытта Сирия халқы үлкен гуманитарлық апатты басынан кешіріп отыр. Сондықтан мынау біздің жасап жатқан көмегіміз Сирияның халқына сәл де болса көмек болсын деп.
Біздің ел жіберген көмекке жергілікті тұрғындар дән риза. Жүк тиелген көліктер үй-үйді аралап, азық-түлік тарата бастады. Ұнды түсіруге балалар да көмектесті. Кішкентайлар бір күн болса да бейбіт күндегідей тоя тамақ жемек. Ыстық нанды ұмытқалы қашан. Астықтан бөлек макарон өнімдері, күріш, шай және ет консервілері бар. Оларды тұрғындарға кейін әкелмек. 
Мұндағы уақытша лагерлер көп. Көбі үйінен кетсе де, Отанын мүлде тастағылары жоқ. Бәрі жақсылықтан үмітті.
Ал ел астанасы Дамаскіде Сирия Сыртқы істер вице-министрі Фейсал Әл-Мекдад қазақ дипломаты Азамат Бердібаймен кездесіп, Үкімет атынан Қазақстан Президенті және халқына алғыс айтты.
Фейсал Әл-Мекдад, Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары
-Сирия бұрын болмаған ірі көлемдегі терроризммен күресіп, қиын жағдайларды бастан кешіруде. Қазақстан өз ішінде, Орталық Азия немесе Таяу Шығыста, Сирияда болсын лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес жүргізетініне күмәніміз жоқ. Біз терроризмге қатысты Қазақстанның ұстанымын білеміз және Сіздерге арқа сүйей аламыз. Бізді қолдап, көмек көрсеткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын.  
Тартустан бөлек Алеппо, Дамаск секілді қалаларға бірнеше апта ішінде азық-түлік жөнетілмек. Көмек халықтың қажеттілігіне қарай бөлінеді. 
Халықаралық қауымдастық қанша күш біріктірсе де, аймақтағы ахуал көңіл көншітпей тұр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сирия жеріне азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдаған болатын. 
Қазақ халқына алғысын білдірген сириялықтар жақсылықтан әлі де үмітті. Дінге берік. Қаншама қанды қырғынды бастан кешсе де бес уақыт намазды қаза қылмай, Тәңірден тыныштық орнауын тілеуден жалықпайды.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Әсем Қабылбек, Руслан Ыдырысов, Қанат Әбілдин 
 

5. Әлем Қазақстанды «азиялық» Женеваға балауда

Бірі көрші, енді бірі бауырымызға арағайындық жасап, бітімгерлік миссиясын атқарған қазақ билігінің даналығын әлем алпауыттары мойындады. 
Жалаң ұран емес, нақты дерекпен сөйлесек. Жақында Астана тіресіп жүргендердің сұхбат жүргізетін алаңына айналуы ықтимал. Келіссөздер барысында «Сириядағы соғысқа нүкте қойылмаса да, қарсыластар бейбітшілікке қарай қадам жасайды» деп күтіліп отыр. Бұл деген бір үстелдің басында жинала алмай жүргендер үшін – үлкен жеңіс.
Ерлан Қарин, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры
-Қазақстан – бейтарап жақ. Және де жай ғана бейтарап емес, негізгі келіссөздерге түрткі болып отырған негізгі үш ел Ресей, Иран және Түркиямен де бірдей қарым-қатынасы жақсы, мол сенімге ие жақтардың бірі. Сондықтан да бұл келіссөздердің Астанада өтуінің де бір себебі осында. Бұл Қазақстанның халықаралық беделінің өсуіне менің шетелдегі әріптестерім осы оқиғаға бағасын бере отыра, Астананың осындай кездесулер, саммиттер өтуінің арқасында «азиялық Женева» секілді мәртебеге ие болып жатыр дейді. Бұл біздегі емес, сырттағы бақылаушылардың пікірі. Меніңше, осындай секілді бағаның берілуі бұл, әрине, еліміздің халықаралық беделіне оң ықпалын тигізеді қалай болғанда да.
Астанада өтетін Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі келіссөздерге дайындық барысын Елбасы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы талқылады. 
Сондай-ақ әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегі туралы да пікірлесті. 
 

6. Заңдастыру науқанының қорытындысы

Өз көлеңкесін көрген адам кәсіптің де көлеңкелі тұсын қылуға болады деген шығар?! Жолын тапты. Қаржыға бірі белшесінен батса, енді бір «батамын» деп жүргенде Заң қырына ілікті. 
Алайда екі топ та өз көлеңкесінен өздері қорқып жүрді. Үрей ұйқыны бұзды. 2014-тің 1 қыркүйегінен 2016-ның соңына дейін қорқыныштан арылуға мүмкіндік туды. Яғни қалтарыстағы капиталға рақымшылық жарияланды.
Капиталдың келуі мен кетуінің басты факторы – сенімділік пен оған кепілділік. Сенім болмаса, көлеңкелі капиталдың сыртқа ағылуына тоқтау салу қиын.
Ескертетін жайт, бұл науқан жалпы халыққа бағытталғанымен астарында заңсыз жолмен байығандарға «сәті түскенде мүмкіндігіңді жіберме» дегенді аңғартады.
Капиталға жарияланған үшінші рақымшылықтың мақсаты – заңды айналымға түспеген әрі декларацияланбаған ақшаны ел экономикасына қайтару. Бұл науқан діттегеніне жетті ме? Қанша қаржы және мүлік заңдастырылды? Қаумалаған көп сұрақтың жауабын тілшіміз Жансая Қожахметова іздеп көрді.
Жансая Қожахметова, шолушы
-«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Қалайша тауып айтқан десеңізші халқымыз. Мүлікті жариялау науқанын аяқтадық. Басымыз бірігіп, іс-шараға 140 000 отандасымыз атсалысты. Нәтиже жаман емес. Сөзімді сүйекті етсем. Заңдастырылған активтер саны – 5,7 трлн теңге. 4,1 трлн теңге - ақша, ал 1,6 трлн теңгеге – мүлік жария етілді. Қарап тұрсаңыз, мұның мемлекетке пайдасы көп. Осы рақымшылықтың арқасында қаншама үй, дүкен заңдастырылды. Мемлекетке салық төленеді. Осылайша бюджеттің бүйірі толады. Ал қазынасы қампайған мемлекеттің халқының да қарыны тоқ болады. Мен емес, Қаржы министрі солай дейді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы Министрі
-Біріншіден, жылжымайтын мүліктің жария етілген 151 мың объектісінен 9,5 мың объектісі коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде есепке қойылды. Бұл мүлік салығының шамамен жылына 800 млн теңге түсімін арттырады. Екіншіден, экономикаға енген қаражат қосымша тұтыну мен инвестициялық сұранысты көбейтіп, елдің ішкі дамуы мен салық түсімін арттырмақ.
Жансая Қожахметова,  шолушы
-Айтпақшы, жария ету жөніндегі науқанға 30 банк және ұлттық пошта операторы қатысты. Олар арнайы шоттар ашып, ақша қаражатын қабылдады. Барлығы 11 821 шот ашылды. Алайда аяғы тәтті болғанымен, басы қатты болды бұл науқанның. Сол кезде кейбір сарапшылар: «Қазақстандықтар әдетте кеш қимылдайды. Істі соңғы атқарылу мерзіміне дейін созып, негізгі қаржы 2016 жылдың аяғында түседі», – деп жұбату айтқан еді. Айтқандарындай-ақ, белсенділік 2016 жылдың 4 тоқсанында байқалды. Себебін Ұлттық банк басшысы айтсын. 
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы
-Бұрын қаражатты банкте 5 жыл көлемінде сақтап, оның 10 пайыздық жинағын төлесе ғана қаражат заңдастырылған болып есептелетін. Бұл үрдіс оңтайландырылып, міндетті рәсімдер біршама жеңілдетілді. Оның үстіне жарияланған мүлік пен тұлға туралы ақпарат құпиялылығы қатаң қадағаланатын болды. Сол себепті де тұрғындардың науқанға қатысу белсенділігі артты.
Жансая Қожахметова,  шолушы
-Белсенділік демекші, еліміздің кей өңірлері науқанға ерекше ыждаһаттылықпен кірісті. Мәселен, жария ету көлемі бойынша көшті бастап Алматы қаласы тұр. 3 трлн 981 млрд теңге заңдастырған олар. Елордамыз екінші орында. 533 млрд теңге. Ал Алматы облысы бойынша 390 млрд теңгеге мүлік жария етілген. Заңдастырылған активтердің 5 трлн теңгесі Қазақстаннан, ал қалған 700 млрд теңгесі елге шетелден оралса керек. Жақсы жаңалық меніңше.
Айта кету керек, мүлікті жария ету әлемдік тәжірибеде жаңа нәрсе емес. Еуропаның бірқатар елдері мұндай акцияны жиі өткізіп тұрады. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде өте өзекті. Мәселен, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Францияда, Австрияда, Ирландияда 2 реттен іске асырылған. Ал біздің елде мүлікті жария ету мүмкіндігі 3-ші рет берілді. Жалғасы болар ма екен? Сарапшыларды тыңдайық. 
Тұрсынбек Өмірзақов, экономист
-Үшінші, төртінші заңдастырулар болуы мүмкін. Өйткені дамыған елдерде ондай заңдастырулар болып жатыр. Америка, Германия елдерінде ондай заңдастырулар әрбір 10 жыл сайын болып тұрады. Өйткені қазіргі уақытта мүлік пен қаржы емес, салықты да заңдастырады.
Марат Бәшімов, заңгер
-Қазір сарапшылардың ойы бойынша ақшаны тығудың пайдасы жоқ, тық-тықпа бәрібір тауып алады. Сол үшін мемлекет осындай мүмкіндік беріп отыр, жағдай жасадық, заңдастырып, ақшаларың қоғамға көмектессін, ал егер сіздер қашып-тығылып жүрсеңіздер мемлекет ертең тауып алады да қылмыстық жауапкершілікке тартып береді.
Жансая Қожахметова,  шолушы
-Бұл «қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?» деушілердің назарына. Тоқсан ауыз сөзімді түйіндей түссем. Мүлікті жария етудің 3-ші науқаны нәтиже берді. Иә, жария етуді өткізуде Қазақстанның енді тәжірибесі бар. Өткенді бір пысықтасақ. Алғашқы ақшаны жария ету Қазақстан Республикасында 2001 жылғы шілде-тамыз айларында бір ай бойында өткізілді. Амнистия нәтижесінде 480 миллионнан астам АҚШ долларын жария етті. Екіншісі 2006-2007 жылдары ақша ғана емес, мүлікті жариялау қосылып, 840 млрд теңге заңдастырылды. Ал 2014-2016 жылдар аралығында болған науқан аясында жалпы 5,7 трлн теңгенің мүлкі «жарыққа» шықты. Мүлікті жария ету азаматтар үшін де, ел үшін де тиімді екенін ұмытпаған абзал!
 

7. Жастарды дамыту көрсеткіші бойынша Қазақстан 61-ші орынға тұрақтады

Бұл Global Youth Development Index 2016 ұйымының бағасы. Сараптау бірнеше сатыда жүргізілген. Анығы жастардың еңбекке жарамдылығы, білімге құштарлығы, бәсекеге қабілеттілігі сынды қасиеттер таразыланған. 
183 мемлекеттің арасында асығымыздың алшысынан түсуі еліміздегі жастар саясатына қатысты заңнамалық құжаттардың уақытылы қабылданып, дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының нәтижесі. Себебі бізде жастар тек жастардың ғана проблемасы емес, биліктің барлық тармағы кешенді бағдарламаларын әзірлеген. Мәселен, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынған бес бағыт. 
Бірінші – жалпыұлттық жастар қозғалысы жобасын әзірлеу. Яғни еріктілер жасағын, спорттық және шығармашылық жетістіктерді, еңбек дағдыларын дамыту.
Екінші – «әлеуметтік лифтілерді» дамыту. Ынталандыру арқылы бәсекеге қабілеттілерге мүмкіндіктер беру.
Үшінші –  «Отбасы сағаты» атты жалпыұлттық акция өткізу. Бұл бағыт жанұя құндылықтарын дәріптеуге негізделген.
Төртінші – жастармен жұмыс істейтін мемлекеттік аппараттың кадр әлеуетін арттыру.
Бесінші – ведомствоаралық үйлестіруді күшейту.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі
-Тағы да жұмыспен қамтитын бағдарлама ол  – «Серпін». Жастарды сол кадрлық және еңбек ресурстары мол аймақтардан, атап айтқанда оңтүстіктен солтүстікке оқуға және жұмысқа жіберу бағдарламасы. Біздің ойымызша, ақпаратты түсіндіру бағдарламаларын сапалы әрі белсенді жүргізу керек.
Ал Әлеуметтік даму және денсаулық сақтау министрлігі болса, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында үш негізгі бағытты ұсынады.
Бірінші: Орта арнайы немесе жоғары оқу орындарына түспей қалған, білімі жоқ 100 мыңға жуық жас тегін оқытылады.
Екінші: Барлық жалпы білім беретін мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде кәсіби бағдар беру кабинеттері іске қосылады. 
Үшінші: Жас түлектерге мемлекеттің қолдауы есебінен жұмыс дағдыларын игеріп, алғашқы еңбек өтілін алуға мүмкіндік беріледі.
2016 жылдың қорытындылары бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда төрт еседен аса төмендеген 16 пайыздан 3,9 пайызға дейін. 
Сонымен қатар оның деңгейі еліміз бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен біршама төмен. Ел тұрғындарының жалпы санына шаққанда  14 жастан 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі олардың төрттен бірін немесе 4,1 млн адамды құрайды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
-8 мыңға жуық мектепте, орта кәсіптік оқу орындарында кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Онда жоғары сынып оқушыларына кәсіптік дағдылау бағыттары, жаңа және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпараттар беріліп, қажетті тестілеу жүргізіледі. Бұл – жұмыссыздықтың алдын алудағы маңызды шара.
 

8. Жаңарған жүйе

2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап кәсіптік-техникалық білім 100 пайыз тегін беріледі. Жалпы саны 21 мың маман дайындау көзделіп отыр. Игі шараға қазынадан 5 миллиард теңге бөлінді. 
Биыл білім саласында жаңалық көп. Оқушыға да, оқытушыға да, ата-ана үшін де ең маңызды ҰБТ жаңарды. «Он үш жылдан бері ұйқыны бұзған жүйе жеңілдетілді», – деп сендіреді мамандар. Осы жылғы түлектерге министрлік қандай «сый» дайындап отыр? Сәкен Сейітханұлы сабақтайды.
Биылғы тест былтырғыдан өзгерек. Жаңа ереже бойынша мектеп түлектері енді екі рет бағын сынайды. Жіліктеп айтсам, әуелі барша 11-сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырады. 5 пәннен. Қазақ тілінен эссе жазады. Қазақстан тарихынан билет алу арқылы сынақтан өтеді. Одан кейін мұғалімдер алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан қабылдайды. Содан кейін қазақ мектептерінде оқушылар орыс тілінен, қалған өзге тілді мектеп жастары қазақ тілінде тестке кіреді. Соңғысы түлектерден өзі таңдаған пәннен тест алынады.
Рамазан Әлімқұлов, «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры
-Түлектер қорытынды атестаттауды өзінің мектептерінде тапсырады. Бұл бойынша сұрақтар министрлік тарапынан жасап жатырмыз. Уақытылы мерзімде мектептерге жеткізіледі. Сол қорытынды аттестаттауды мектеп өздері құрылған комиссия қабылдайды. Сол комиссияға біз сұрақтарды және дұрыс жауаптарды кодтарымен жібереміз. Сол комиссия қарап, өздері баға қояды.
Оқушының осы емтиханнан жиған ұпайы оның аттестатына түседі. Соның негізінде колледждерге оқуға бара алады. Өткен жылы мұндай жеңілдік жоқ еді. Ұлттық бірыңғай тесттен алған бағаң тікелей мектеп бітіру жөніндегі құжатқа жазылатын.
Әлима Советқызы, 11-сыныптың жетекшісі
-Мектептегі 5 емтихан өтілген бағдарлама бойынша беріледі. Ал жоғары оқу орнында ол да соның жалғасы іспетті. Ол жерде тек тест арқылы бала ойын жинақтап, өзінің білген білімін көрсету керек. 
Ұстаздың пікірін тест орталығындағы мамандар да қуаттайды. Оқушы емтиханға дайындалу арқылы ақыл-ойын жетілдіріп, алдағы тестке де психологиялық тұрғыда әзір тұрады. Бұл пайымды психолог Кәмилә Күзембаева жоққа шығармайды. 
Кәмилә Күзембаева, психолог
-Көп жағдайда баланы алдын ала дайындау керек. Ол дайындау ата-ана мен мектептің құзырындағы дүние. Бұл жерде баланы сен сынақтан өтесің, сен өтпей қалсаң оқуға түсе алмай қаласың. Қиындық туындатады деген әңгімеден гөрі, сол әңгіме басқа жаққа қарай жеңіл жағын қарастыру керек. Баланың ойланып, оның еркін сезінуі сол қорқыныштан арылуына екі жақтан көмек ету керек. 
Бұл жаңашылдықтың енуін ұстаздар қыркүйек айында біліпті. Сәйкесінше сол уақыттан бері 11-сынып оқушыларын дайындап келген.  
Әлима Советқызы, 11-сыныптың жетекшісі
-Біз қыркүйекте келгенде Ұлттық бірыңғай тестілеудің, мемлекеттік емтихан тапсырудың өзгеріске ұшырайтыны туралы аздап айтыла бастаған. Сол кезеңнен бастап балаларды дайындау процесі жүрді деп айтуға болады.
Демек, балалар бұл сынға әзір. Олар енді мына пәндер бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және қосымша пән таңдалады, оған ілеспе бейінді пән қосылады. 
Сәкен Сейітханұлы, тілші
-Алғашқы үш пәнде 20 сұрақтан, яғни жиыны 60 сұрақ. Ал екі бейіндік пән бойынша 60 сұрақ беріледі. Оның алғашқы 20 сұрағында 5 жауап көрсетіледі, біреуі дұрыс. Қалған 10 сұраққа сегіз жауап қойылады. Сәйкесінше бір немесе үш жауап дұрыс болуы мүмкін. Тест тапсырушы жауапты дұрыс белгілесе, 2 балл, ал біреуінен қателессе 1 балл алады. Сайып келгенде сұрақтан сүрінбесең 140 балды еншілейсің. Шекті балл бұрынғыдай – 50 балл. Уақыты – 3 жарым сағат. 
Рамазан Әлімқұлов, «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры
-Тесттің өзі мағынасы ішіндегі формасы өзгеріп жатыр, мазмұны өзгеріп жатыр. Мысалы, математика сауаттылығы бойынша кейбір жерлерде логикалық тесттер болады ойлануға. Оқу сауаттылығында, мәтінін түсініп, оның ішінде талдау жасап, соның ішінде керек ақпартты өзіне пайдалана алатындай мүмкіншілік болу керек. Жоғары оқу орнында бұл керек нәрсе.  
Басты ерекшелігі осы екі пән оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық. Бейіндік пәнді түсінбей отырған боларсыз. Ол бір-біріне ұқсас пәндер. Мысалы, тарихты таңдасаңыз, құқықтан да тест тапсырасыз. Мұнымен баланың санасына салмақ түседі деп тағы ойлауыңыз мүмкін. Жоқ, алаңдамаңыз, керісінше балаңыздың мамандық таңдауына үлкен жол ашады.
Рамазан Әлімқұлов, «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры
-Мысалы, талапкер математика мен физиканы таңдаса, 54 басқа мамандыққа түсуге мүмкіншілігі бар.
Жаңа жүйе бойынша оқушылар сынақ тестін тапсырып үлгеріпті. Айтуларынша, сұрақтан да, жауаптан да қиындық көрмеген. 
Айжан Әубәкір, 11-сыныптың оқушысы
-Өзгешелегі, математика сауаттылығы ол тек қана логикаға байланысты. Ол жерде есептейтін есептер өте аз. Ал оқу сауаттылығы ол негізінен мәтінге байланысты. Оқисың да сұрақтарына жауап бересің.
Педагогтардың пікірінше, биылғы тестке 70 мың жаңа сұрақ енген. Бұл тапсырмаларды еліміздің білікті ұзтаздары жазған. Сондықтан мамандар бұрынғыдай қисынсыз сұрақтар кездеспейтінін айтады.
Рамазан Әлімқұлов, «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры
-Сол сала, сол пәннің белгілі мамандарын өзімізге шақырып, сол кісілерге тест жазуына тапсырма береміз ақылы түрде. Сол тест тапсырмаларын жазғаннан кейін 3 этап, сараптамаға жібереміз. Екі не керек кезде 3 сараптама жасаймыз. Одан кейін ең басты керектісі, мектептерде апрабация жасаймыз. Биылғы жаңа тесттерді 4 мың оқушы апрабациядан өтті.   
Тестті сараптамадан өткізген оқушылардың дені жоғары ұпай алған. Демек, сұрақтар қарапайым мектеп бағдарламасынан алынған. Бұл мамандардың сөзі. Оның сыртында бұл жүйе халықаралық тәжірибеде  кездеседі. Мәселен, Америка Құрама Штаттары, Израиль, Жапония оқушыларының сынақ тапсыруында біздікіне ұқсас тұстары бар.
Рамазан Әлімқұлов, «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры
-Америка Құрама Штаттарында екіге бөлінеді. Бірінші бірінші сат, екінші сат дейді. Сол бірінші сатта логикалық өзінің салыстырмалы ойын тексереді. Екінші бөлігінде жалпы пәндердің білім деңгейін тексереді. 
Бұл мемлекеттердің оқу әдісін мамандар тектен-тек зерделеген жоқ. Өйткені осы  елдер білім арқылы биікті бағындырып отыр. Оған бәріміз куәміз. 
Сол деңгейге жету үшін бала білімін ұштай беруіміз шарт. Осы жолды ұстанған ата-ананың бірі – Дархан Асылбекұлы. Ол мемлекетік емтиханды және Ұлттық бірыңғай тестті қолдайтынын білдірді. Себебі бұл екі сынақ арқылы бала білімін дамытады, еркін сөйлейді және болашағын бағдарлайды. 
Дархан Асылбекұлы, Астана қаласының тұрғыны
-Мектептің аясында балалар сабақ уақытысынан кейін мұғалімдер жаңа форматты емтиханға көшуіне байланысты 3 сағаттай қосымша сабақ беріп жатыр. Яғни бала бірге дейін оқыса, 2-ден бұлардың қосымшалары басталып жатыр. Мұғалім, ұстаздың орны әруақытта бөлек. Балаларға көп қосымша информация ретінде, мәлімет ретінде беріп жатыр деп ойлаймын. Бұл ендІ балаға онша ауыр болмауы керек. Өйткені баланың тіл байлығына жетілуіне өте жақсы.
Соңғы кезде балалардың ғаламторға жиі телміретіні туралы көп айтылып жүр. Оның салдары жастардың шорқақ сөйлеп, ойын еркін айта алмауына әкеліп жатыр. «Осы келеңсіздіктен құтылудың бір тармағы», – деп мамандар мемлекеттік емтиханды көрсетті. 
Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу болса, ол жоғары оқу орнына алатын жолдама. Сол себепті жаңа бағдарламаны өскелең ұрпақтың жадын жаңғырту жолындағы жұмыстың бастамасы деп білдік.  
Авторы: Сәкен Сейітханұлы
 

9. Утилизациядан ұтарымыз көп

Автомобиль түтінінің құрамында 200 түрлі химиялық улы зат болады. Ол атмосфералық ауаның бұзылуына себепкер басты фактор. 
Экологтар: «Ескі көліктерден арылмай, мәселені шешу мүмкін емес», – дейді. Қазір елімізде 6 миллионға жуық автокөлік болса, соның 1 жарым миллионы тозған, мінуге жарамсыз. Енді сол тозған темірден құтылатын күн туды.
Республиканың барлық қалаларында ескі көліктерді қабылдаудың пилоттық жобасы сәтті аяқталды. Бір жарым ай көлемінде алты мыңға жуық қазақстандық көне көліктерін өткізіпті. 
Алдағы дүйсенбіден бастап утилизация орындары барлық аймақтарда жұмысын қайта жалғастырады. Меншік иесіне қалай, қанша қаржы төленеді? Тілшіміз Әсем Қабылбектің бейнематериалында. 
Астаналық Қылышбек Сәркенов тозығы жеткен көлігін өткізуге келгендердің бірі. Жылдар бойы базар аралап, ескі көлігін мардымсыз ақшаға сатуға қимаған. Енді оны утилизациялау бағдарламасы арқылы ақшаға айналдырудан басқа амал жоқ. 
Қылышбек Сәркенов, қала тұрғыны
-1991 жылы шығарылған машина. 3 жылдай үйдің қасында тұрды. Енді, міне, осында әкелдік. 
Ескі көліктерді қабылдайтын орталық мамандары техниканың әр бөлшегін жіті тексереді. Гаражда қаңтарылып тұрған машинаның құжаттары да маңызды рөл атқарады. 
Ең бірінші кезекте тіркеуден шығарылуы тиіс. Автокөліктің негізгі бөлшектері түгел болса, төленетін өтемақы мөлшері жоғары. 150 мың теңге. Ал көлік күйі нашар болса қолыңызға 48 мың теңге тимек.
Қылышбек Сәркеновтің «Волгасы» қымбатқа бағаланды. 
Қылышбек Сәркенов, қала тұрғыны
-Бірінші категориямен 150 мың теңгеге өтіп жатыр. 
Былтырдан бері елімізде тозығы жеткен көліктерді жою мақсатында пилоттық жоба қолға алынды. Энергетика министрлігі бөлген квота саны – 10 мың. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам ескі автокөлік қабылданған. Яғни ескі-құсқы машинаны өткізген азаматтарға 850 млн-ға жуық теңге берілген. Квотаға тиесілі қалған ақша биыл игерілмек.
Шара мақсаты ескі көліктердің санын азайтып, экологияның жақсаруына үлес қосу екені айтпаса да түсінікті. Жаңа бағдарламаға қатысты пікір көп. Біріншісі – көлікке төленетін ақы. Ауылдық жерлерде Кеңес заманынан келе жатқан көліктер әлі де күнкөріс көзі екені рас. Сондықтан тозығы жеткен көлігін тапсыруға асығатындар аз.
Бақытжан Базарбек, халықаралық экологиялық сарапшы, заңгер
-Адам көлігін тапсыру арқылы жаңа көлікті алуға бір қадам болса да жақын болуы тиіс. Оны тапсырғанша ол автокөлікпен соңына дейін, біткенше дейін соны пайдаланып, адамдарды тасып күнкөрісін жүргізе береді.
Заңгер әрі эколог Бақытжан Базарбек өтемақы мөлшерін көбейтсе, көлігін өткізушілер саны артады деген сенімде. Оған аймақтардағы көрсеткіш дәлел.
Пилоттық жоба аясында өңірлерде қабылданған ескі көліктердің санына тоқталсақ. Көш басында – Шымкент қаласы. Оңтүстіктегі ағайын 1 айда тозығы жеткен 764 техника өткізіпті. Одан кейінгі орында Қостанай тұр. Ең төменгі көрсеткіш Өскемен мен Қызылордада.
Пилоттық жобаның көздегені Кеңес кезінен келе жатқан көліктерді жою. Ешкім сізге Джип секілді қымбат темір тұлпарыңызды саудала деп қолқаламайды. Қалауыңыз біледі. Жүрмейтін әрі оталмайтын машинаны ешкім сатып алмайтыны белгілі. Базарға апарсаңыз, бағасы арзан. Осы тұста «Көлікті бөлшектеп өткізген дұрыс па, әлде басыбайлы сатқан тиімді ме?» деген сауал туындайды. Автоәуесқойлардың оған айтар өз уәжі бар. Базарда көліктің кейбір қосалқы бөлшектері қымбат. 
Сұлтан Өмірәлиев, автомобилистер қоғамдық бірлестігінің мүшесі
-Менің ойым мынау 150 000 теңге деген аздық қылады-ау. Өзіміз де машина мініп жатырмыз. Мысалы, ескі де машина міндік. 150 мыңнан оны бүйтіп шашып тастасам маған көбірек шығады деп ойлаймын. Оның ақшалай келетін пайдасы көп.
Нарықтағы металл бағасының құнын білмек болып арнайы орындарға бас сұқтық. Бригадир: «Тәулігіне 12 тоннадай материал қабылдаймыз. Жарамсыз көлігін бізге өткізетіндер сирек», – дейді. Кесілген металл бөлшектері тау-тау болып үйіліп жатыр. 
Әсем Қабылбек, тілші
-Біз қазір темір қабылдайтын орындамыз. Мұнда қарапайым ғана бір көліктің бағасын 24 мыңға бағалайды. Өйткені темірдің 1 келісі 35 теңгеден есептелінеді екен. 
Аз ақшаны қомсынуыңыз мүмкін. Бірақ одан жоғары соманы ұсынуы екіталай. Металл қабылдайтын орында түсірілім тобы мінген көліктің салмағын өлшеп көрдік.
Әсем Қабылбек, тілші
-Біз қазір қызық үшін өзіміз мініп келген көліктің салмағын есептедік. 2 тонна 400 дегенді есептеп бағасын шығарамыз. 2,4 көбейтеміз 35 мың болады 1 тонна болады. Сонда біздің көліктің бағасы 84 000 мың болып тұр. 
Алайда бұл миниавтобустың толық құны емес. Өйткені автокөлікті өткізер кезде салон ішінде пластмассадан жасалған бөліктерін есептелмейді. Ал көліктің нарықтағы бағасы 1 млн-ға жуық.
Алматылық Қалижан Тұрсынбаев еліміздегі санаулы автоколлекционерлердің бірі. Кез келген көліктің тарихын жатқа біледі. 10 жылдан бері інісі екеуі көненің көзіндей сақталған машиналарды жинаумен әуестенеді. Көбін хабарлама арқылы ел ішінен іздеп тапқан.
Қалижан Тұрсынбаев, автоколлекционер
-Мұның бәрі Кеңес заманындағы дүниелер. Ата-әкелеріміз мінген көліктер ғой. Ешқандай жерге өткізбеймін. Сатпаймын да. Естелік болып қалса деймін. Басқа ешқандай ойым жоқ.
Автоколлекционер бүгінге дейін 100-ден аса темір тұлпар жинаған. Оның жартысын өзі жөндеген, жүруге жарамды. Ішіндегі ең көнесі – 1936 жылғы. «ЗИС» маркалы көлігін өз заманында Кеңес үкіметінің басшылығы тізгіндеген екен. Мұндай темір тұлпарларды қазір кинодан ғана көреміз. Қалижан мұны ермегі санайды. Топтамасын сату немесе өткізуге ниеті жоқ. 
Сарыағаштық Әлімжан Ілиясовтың қуанышында шек жоқ. Ол 5665 адамның ішінен бағы жандардың бірі. Ескі көлік өткізгендер арасындағы байқауда су жаңа көлік Әлімжанға бұйырып отыр.
Әлімжан Ілиясов, ОҚО, Сарыағаш ауданының тұрғыны
-91 жылғы машина еді.  25 жыл қызмет жасады. Ескірді, тозды. Тозғаннан кейін «Хабар» телеарнасынан мына бағдарламаны көрдім. Соны өткізгеннен соң Шымкент қаласына апарып өткіздім. 
Энергетика министрлігінің ендігі мақсаты – 2017 жылы 40 мың ескі машинаны қабылдау. Жылжымалы мобильдік бекеттер де жұмысын жандандырмақ. Бағдарламадағы тағы бір жаңалық – электронды кезек. 
Жомарт Рақымжан, «ӨКМ операторы» ЖШС өкілі
-Сіз ескі көлігіңізді өткізесіз. Оның орнына 315 мың теңгенің сертификатын аласыз. Сол сертификатпен сіз автосалонға барып 315 мың теңгені автокөлік млн теңге тұратын болса, 315 мың теңге шегеріліп қалады. Жеңілдік жаңағы сертификат беру жағынан. Ал егер қолма-қол ақша аламын десеңіз, 150 мың теңге оны ерік өзіңізде. Осы екі бағдарлама қатар жүзеге асырылады.
Осылайша еліміз шикізатты қайта өңдеу жұмысына ден қоймақ. Металды балқытып, шикізатқа айналдырудан түсер пайда шаш-етектен. Осы бағытта 3 зауыт салу жоспарда бар. Өйтпеске тағы болмас. Себебі сырттан әкелінетін темір тұлпардың саны артып, ескі көлік «қоймасына» айналдық. Утилизация бір шетінен отандық автоөнеркәсіпті дамытудың тетігі.
Әсем Қабылбек, Ұлан Нарынбек, Нұрбек Байбосын, Бекболат Базаров 
Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.