ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 11.03.2017

Жеті күн 11.03.2017
Сюжеттер
1. Конституциялық реформаның жөні бөлек, сипаты ерек 2. Конституциялық реформа Парламенттің пәрменін арттырып, Үкіметті үстем етті 3. Жат ағымның жетегінде кетіп жатқандардың көбі – жастар
4. Халықаралық «ЭКСПО» көрмесінің ашылуына аз қалды 5. Елбасы Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен тілдесті 6. Мемлекет басшысы әр саланың үздігі болған қыз-келіншектерді Ақордада жинады
 
7. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болады? 8. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруші не нәрсе және кімдер?  

1. Конституциялық реформаның жөні бөлек, сипаты ерек

«ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойылады. Мына қаламсапты музейге тапсырайық.

Осы қаламсап қойылар тұғырдың тұсына «кешегі күн» бедерленіп жазылар?! Демек, «2017 жылдың 10 наурызы» Қазақстан тарихынан ойып тұрып орын алады деген сөз. Олай болуы да ойлы. Себебі Ата Заң екі күннің бірінде өзгертілетін құжат емес! Оған қоса, бұл жолғы конституциялық реформаның жөні бөлек, сипаты ерек.

Президент өз құзырындағы бірқатар құзіретті Парламент пен Үкіметке үлестіріп берді. Ондағы мақсат – биліктегі өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жету.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам. Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді. Біз көпшіліктің Ата Заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім. Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады. Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.

Әрине, заман қаққан қазықтай бір қалыпта тұрмайды. Дәуір көшіп, өмір өзгереді. Қазіргі шақтың қалауынан шығып, қалағанымызға жетудің жолы – желден жүйрік жеделдікте. Яғни «жылы орындықтың» жылуын сезініп отыратын күн бітті. Жұмыла жұмыс істеу керек! Ол үшін әр саланың басы болып, басқарып отырғандар өздеріне тиесілі міндетпен өздері айналысуы тиіс. «Саусақ бірікпей, ине де ілікпейтіні» ақиқат қой?!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Стремительная технологическая революция в современном мире формирует новую реальность в глобальной экономике, о чем было сказано в Послании. Обновленная Конституция – это наш ответ на вызовы времени. Для достижения стратегической цели – вхождение страны в число 30-ти развитых стран мира, всем гражданам Казахстана важно объединить свои усилия. Уверен, вместе мы сможем обеспечить успешное развитие государства и процветание нашего народа в 21 веке. В этом состоит основная цель реформ – сохранить наше единство, дружбу, взаимопонимание, равенство граждан по этническому, языковому и конфессиональному принципам. Благодаря этой сплоченности мы неоднократно побеждали. Следуя этим постулатам, мы достигнем новых побед.

Ата Заң – азат елдің асыл тірегі, ар-намысы. Ол еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі аралықтағы азаматтардың, тілі мен дінінің өзгешелігіне қарамастан, барлық мүддесін қамтамасыз етеді. Сондықтан басты құжатқа енгізелетін өзгерістердің өрелі болуы шарт!

Бір айлық талқылауда талай түрлі ұсыныс жасалды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында да сан алуан ой айтылды. Солардың ішінен ілкімдісі іріктеліп, нәтижесінде «Конституцияның 25-бабына 33 өзгеріс енгізу» жөнінде шешім қабылданды.

Сонымен қай баптарда, қандай түзетулер болды? Тілшіміз Әсем Қабылбек айтады.

Соңғы 2 аптада Парламент қабырғасында қарбалас. Конституциялық реформаға қатысты бірлескен комиссия демалыс күндері тыным тапқан жоқ. Апта басында қос палатаның депутаттары қайта бас қосты. Конституциялық өзгерістерге қатысты ұсыныстарды екінші оқылымда талқылап, өзара ақылдасты.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Елбасы ұсынған реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Өйткені өркениет көшінен қалмай саяси жүйені жетілдіру бұл – заман талабы.

Еліміздегі ең басты құжаттың жобасы 1 ай бойы жалпыхалықтық талқылаудан өтті. 

Конституциялық реформа жасаудың Ата Заңда 2 жолы бар. Біріншісі – бүкілхалықтық референдум, екіншісі – Парламент талқысы. 

Жалпыхалықтық референдумға уақыт пен қыруар қаржы керек. Сондықтан Президент екіншісін таңдады. Депутаттар елдік мүдде тұрғысынан бұқараның әр ұсынысы мен талап-тілегін ескерді. Өйткені бұл болашаққа бағдар болатын құжат.

Ақан Бижанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Жалпы Конституциялық реформалар халықпен өте тікелей байланысты болып отыр. Барлығы халықтың арасында талқыланып, сол әрбір біздің мемлекеттің азаматтары өзінің ұсынысын беруге мүмкіншілік берілді.

91-бап. Алғаш рет Конституцияға: «Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», – деп жазылды. Енді президенттікке үміткердің жоғары білімі болуы шарт.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-91-баптың 3-тармағына Елбасының тарихи рөлі жазылады. Ол – Елбасының атқарған еңбегі, Қазақстан егемендігі даму жөніндегі үлкен жұмыстары әрқашан да талқыланбай сақталады деген сөз.

Мемлекетіміз унитарлы. Жеріміз бен еліміз біртұтас. Территориямыз ешқашан бөлінбейді. Тәуелсіздік – мызғымас байлығымыз. Тұңғыш рет құжат деңгейінде оның беріктігіне кепілдік беріліп отыр.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

азір еліміздің Тәуелсіздігі мызғымас деп, Конституцияда жазылып отыр. Оған ешкім ешқандай әңгіме қозғау мүмкін емес. Еуразиялық экономикалық одақтарға дейміз, басқа деген одақтарға қосылып жатырмыз. Сол жердегі мемлекеттер мәселе көтеріп жатыр. Бірлескен Парламент құрайық, одақ құрайық деген сияқты. Бізде оның бәріне Елбасы қарсы болып отыр. Біз тек қана экономикалық жағдайда ғана барамыз бұларға.

Конституциялық реформаның басты тұжырымдамасы – пәрменді Парламент, есепті Үкімет. Президент 35 түрлі өкілеттігін Үкімет пен Парламентке теңдей бөліп берді.

Өтпелі кезеңде Қазақстанға тегеурінді билік ауадай қажет еді. Президент 90 жылдары тұралаған экономиканы дамыту үшін аянып қалған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев 1993-1994 жылдар аралығында түрлі саланы қамтитын 130-дан аса заң шығарған.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Парламент өзінің көптеген жаңағы өкілеттіктерін 1993 жылы 12 шақырылған Жоғары Кеңес өз еркіменен Президентке берген болатын. Реформаларды тереңдету үшін, тезірек заңдарды қабылдау үшін, қиын-қыстау кезеңнен тезірек шығу үшін керек.

Бір қолдан шыққан шешім үмітті ақтады. Президенттік басқарудың арқасында Қазақстан қысқа мерзімде аяққа нық тұрды. 

Ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктер оған дәлел. Жаңа құжатқа сәйкес Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты.

Анар Жайылғанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұдан былай біз Парламент Палатасының депутаттарының 3/1 бөлігімен Үкіметтің мүшесін кез келген маңызды мәселе бойынша шақыра аламыз. Егер де есеп беру кезінде сол Үкімет мүшесі қандай да бір заңды бұзған болса, палата депутаттарының 3/2-сі дауыс берумен олар Президенттің алдында мәселе қойылады. Яғни сол Үкіметтің мүшесін босату туралы. Ондай жағдайда Президент өтінішті қанағаттандырады.

Яғни, Парламенттің бақылау функциясы күшейді. Президент министрлерді тағайындамас бұрын депутаттармен ақылдасады. 

Ал Парламент тараса, Үкімет құрамы отставкаға кетпек.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Қазақстанда 3 рет Конституциялық реформа жүрді. 1998 жылы, 2007 жылы және биылң мінең 2017 жылы. Жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалар бұл біздің Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттырады.

Конституция беріктігінің кепілі – Президент. Ата Заңға өзгерістер енгізілгенімен, елімізде президенттік басқару жүйесі үстемдік ете бермек. Депутаттардың ұсынысымен Ішкі істер министрін тағайындау және оны қызметінен босату Президент құзырына өтті.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ішкі істер министрі ең бастысы қоғамның ішінде, мемлекеттің ішінде қоғамдық қауіпсіздік үшін тікелей жауап береді. Әрбір жеке азаматтың қоғамның ішіндегі жеке басының қауіпсіздігіне жауап береді. Сонымен қатар Елбасы ҚР Президенті өзінің жоғары лауазымымен ҚР әскери Бас қолбасшысы болады.

Сонымен қатар Президент Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін бекітеді. Елбасы Конституция мен заңдар негізінде Жарлықтар мен өкімдер шығарады. Мораторий де Жарлықпен бекітіледі. 

Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерін тағайындау да  Президент құзырында қалды.

Икрам Адырбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Ел Президентінің сыртқы саясаттағы еліміздің қауіпсіздікті нығайтудағы қызметіне барынша толық мүмкіндік жасап отырмыз.

Конфессияаралық татулық, ұлтаралық құндылық секілді мәселелер Конституцияға енгізілді. Ассамблея ұсынысымен 39-баптың 2-тармағы өзгертілді. 

Конституция – елдің темірқазығы. Адам құқығы мен бостандығына кепіл берсе, осы құндылықтарды қорғайтын Адам құқықтары жөніндегі арнайы уәкіл бар. Енді уәкілді 5 жыл мерзімге бекіту немесе босату Парламенттің құзырында.

Тұтастай қоғамды демократияландыру, басқарудың барынша тиімді, жаңа жүйесін құру үшін құқықтық саланың да заманға сай болмағы керек. Өзгерістер сот жүйесі мен прокуратураны да айналып өткен жоқ. Нақтырақ айтқанда, судьяларға біліктілік талабы белгіленді.

Заң жобасын бүге-шүгесіне дейін қараған қос палата депутаттары жобаны екінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.

Саяси жүйенің өзгеруі қоғам дамуы үшін ауадай қажет. Біздің міндет – заман көшінен қалмау. 

Конституциялық реформа қарапайым халықтың өмірін жақсартуға бағытталған. Әрі билік өкілеттіктерін тарату демократиялық үдерістерге бастайды. Саяси, тұрақты, экономикасы дамыған мемлекеттің жаңғырудан ұтары көп. Ал ол қалай жүзеге асырылады? Оған уақыт төреші.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Серік Қоңырбаев, Арман Данышпаев

2. Конституциялық реформа Парламенттің пәрменін арттырып, Үкіметті үстем етті

«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын Парламент екінші оқылымда мақұлдап, Президентке жолдады. 

Ал Мемлекет басшысы қол қоймастан бұрын, Ата Заңның талабы бойынша құжатты Конституциялық Кеңеске жіберді.

Түзетулердің қисындылығын қарауға депутаттар мен Үкімет мүшелері, сот өкілдері, құқық қорғаушылар да тартылған. Олар көп ұзатпай, жаңа өзгерістер мен толықтырулардың Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде мәлімдеме жасады.

Аманжол Нұрмағамбетов, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі:

-Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңы ҚР Конституциясына, оның ішінде конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне сәйкес деп танылсын. Екінші, ҚР Конституциясының 74-бабының 3-ші тармағына сәйкес, қабылданған күннен бастап күшіне енеді. Шағымдануға жатпайды. Түпкілікті болып табылады.

Осылайша Ата Заңға енгізілетін «өзгерістер өрелі» деп есептеліп, күні кеше құжат қабылданды. Енді осы өзгерістер негізінде өзге де заңнамалар түзетілуі тиіс. Содан кейін саяси жаңғырудың нақты нәтижелерін көретін күн туады.

Әзірге, бір анығы, Конституциялық реформа Парламенттің пәрменін арттырып, Үкіметті үстем етті. Бірақ бұл «билік қолыңда, білгеніңді жаса» дегенді білдірмейді. Әрбір әрекеттің сұрауы бар. Сондықтан елді етектен өрге, есіктен төрге шығару – билік тармақтарының жұмыла көтеретін жүгі.

Сіз бен біз осы күнге дейін Парламентті «заң шығарушы орган» деп атап келдік. Және олардың құзыреттіліктері де соған лайық болды. Ал енді қазір Ата Заңдағы 49-шы баптың 1-ші тармағы өзгертілді. Бұдан былай, орган емес, заң шығарушы билік. «Өкілеттілігі өсті» деген осы.

Сонымен қатар «бұл реформа саяси партиялар арасындағы бәсекелестікке де жан бітіреді». Сарапшылар солай саралап отыр. Оның себебі де түсінікті. Жаңа Конституцияға сай, Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын анықтауға ықпал ететін болады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» Партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

-Бүкілхалықтық талқылау негізінде қабылданған жаңартылған Ата Заңымызды бірлік пен келісім Конституциясы деп атауымыз керек. Бүгін осы тарихи құжатқа қол қою арқылы Елбасымыз бізге үлкен сенім артып отыр. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді осы сенім мен жауапкершілікті ақтауға жұмсауымыз керек.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

-Ең бірінші біздің қуанғанымыз, Қазақстанның халқы елімізде болып жатқан жаңғыртуларға, тәуелсіздігіміздің болашағына жай ғана қарамайтындығы. Шынын да біздің халқымыз Қазақстан үшін жанын беруге дайын екенін көрсетті.

Азат Перуашев, «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы:

-Осы бір ай ішінде болған жалпыхалықтық талқылау барысында мыңдаған азаматтар өз пікірін айтып, өз ұсыныстарын беру мүмкіндігін пайдаланды. Біз лайықты, мықты, бүкіл елді біріктіретін жұмылдыратын шешімге келдік деуге болады.

Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының хатшысы:

-Осы тұрғыдан алғанда өзгерістердің өз мәні бар. Қазақстанның ары қарай дамуына әсер етуге үлкен рөлі бар. Негізінде осы саяси партиялардың рөлін арттыру туралы қоғамда пікірталастар көп болып отыр.

Нұрлан Ерімбетов, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті:

-Көбіне ұнағаны  – билік біздің ой-пікірімізді естігені, қажет еткені. Сонымен бірге көбісі қазір өзінің жауапкершілігін де сезіп отыр. Енді мен кімді сайлаймын. Біз кімді көтереміз. Біз билікпен қалай жұмыс жасаймын. Бізге де байланысты дейді.

Ата Заңға енгізілген өзгерістерді өзіміз ғана емес, өзгелер де талдап-таразылауда. Қазақстандағы саяси жаңғырудың салмағын Венецияда өтіп жатқан Еуропалық комиссияның 110-шы пленарлық сессиясына жиылғандар саралады. 

Шетелдіктердің тоқсан ойын ширатқандағы тобықтай түйін: Бұл реформа – демократиялық үрдістерді дамыту үшін жасалған жаңа қадам.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

-Мақсат – қоғамды жаңарту, қоғамның алдында жаңа туындаған міндеттерді шешу. Ол үшін біздің қоғам үнемі демократиялық революцияға түсіп отыруы керек. Саяси жүйедегі өзгерістер міндетті түрде экономикалық, әлеуметтік, мәдени жүйеге өзінің ықпалын тигізіп отырады. Сондықтан бұл өзара тәуелділік байланыс заңдылығын еш уақытта бұзуға болмайды.

3. Жат ағымның жетегінде кетіп жатқандардың көбі – жастар

Билікке әркімнің-ақ бар таласы. Бірақ тізгін ұстағанда тірлігің түзу болмаса, шабыста жалпы жұртқа шаң жұттыруың бек мүмкін. 

Жұттыру бергісі, арысын айтсам, тұншықтыруды көздегендерді көз көріп, құлақ естіген. Қалайша халықтың ұлы қалтаның құлына айналды? Санаға сыймас сауал.

Елден гөрі өз басын күйттеп, ақылдан гөрі айла-шарғысына көбірек ырық беретін қылаңдардың ылаң салуына жол беру – кәсіби мемлекеттің қалыбына қайшы. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес күн санап күшеюде.

Мәселен, осы аптада шұғыл әрекет ететін топтар құрылды. Пилотты жоба Астана мен Алматы қалаларында және Маңғыстау облысында сыналуда.

Топтың құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы, прокуратура, «Нұр Отан» партиясы мен қоғамдық бірлестік өкілдері және кәсіпкерлер бар. Олар ауыл-аймақты аралап жүр. «Араны күштілер ауыздықталады» деп сенейік!

Жүйкені жеген жегі құрттың бірі – жат ағым. Улы уағызға уылжыған талай азамат ақылға сыймас айла қылды. Мәселен, 2016 жылы ел тыныштығын бұзған 143 лаңкес қапасқа қамалыпты. Сай-сүйегіңді сырқыратар статистика.

Өткен жылдың қыркүйегінен бері адасудың алдын алу Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің міндетінде. 

Құрылғанына алты ай болған ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаевты осы апта Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. 

Кездесуде Елбасы жүктелген қызметтің жеңіл емес екенін ескертіп, діни экстремизммен күресті күшейту керектігін тағы бір мәрте қадап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазіргі қалыптасып отырған ахуалға байланысты әдейі осындай министрлік құрылды. Ол министрлікке артатын үміт өте үлкен. Бұрын-соңды ондай министрлік болған жоқ. Дін басқарып отырған азаматтармен бірге жұмыс істеу керек. Азаматтық қоғам, жастардың шаруасы, барлығы, тәлім-тәрбие мәселесі. У нас в стране созданы все условия для религиозных объеденений. Есть свобода действий. Поддерживаем, и в то же время, то что происходит вокруг нас религиозный экстремизм. Со всем этим надо разобраться, поставить в одно русло, посмотреть в законодательстве что упущено и добавить. В общем большая работа, в целом.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

-Жалпы Нұрсұлтан Әбішұлы, дін саласында жағдай тұрақты. Елімізде 18 конфессия бар. 3600 діни бірлестіктен астам ресми түрде тіркелген. Қазір біздің басты мақсатымыз – дін саласында этнос және конфессияаралық татулықты, келісімді сақтап, өзіміздің Қазақстанға тән сондай бір мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы жүйемізді, қарым-қатынасымызды қалыптастыру.

Тілге тиек ете кетсем, Конституцияға енгізілген өзгерістердің бірі осы діни экстремизмге қатысты. Бұдан былай, террористік қылмыс жасаған немесе мемлекетке ауыр залал келтіргендер сот шешімімен Қазақстан азаматтығынан айырылады. «Тірі пенденің тізімінде» жоқтың тірлігі қалай болары, айтпаса да түсінікті.

Жалпы жат ағымның жетегінде кетіп жатқандардың көбі – жастар. Және олардың басым бөлігі «жұмыссыз». Осы мәселені шешуде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бес бағытты бағдарлама ұсынған. Әзірге бағамдау қиын. Алайда «нәтижелі болады» деген ниет бар.

Олар – елдің ертеңі. Сондықтан жас өрендердің өне бойын жамандықтан қашық, жақсылыққа асық ету – мемлекеттің басты міндеті. Бұл ретте билік технологияның тілін білетін, инновацияның игілігін іске жарата алатын білікті кадрларды тәрбиелеуге айрықша көңіл бөліп отыр. Демек, жоғары оқу орындарына жүктелер міндет те жүкті.

Осы аптада Президент Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовты қабылдап, осы мәселе төңірегінде нақты тапсырмалар берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Гумилев атындағы университет – жаңа Астананың ең бір жақсы ғимараты және қажет жоғарғы оқу орны. Содан бері мінеки, алдыңғы қатарлы университеттердің арасында абыройы жоғары болды. Кейінгі кезде сол үшін көп жұмыс жасадың. Енді қазіргі жағдай қалай, мынау алдымызға қойып отырған мақсаттар қандай? Мынау жүргізіліп жатқан индустриялық бағдарлама бойынша маман дайындайтын негізгі университет болдыңдар. Содан кейін өздеріңнің жағдайларың, құқықтарың өзгерді. «Наблюдательный совет» деген бар, лабораторияларыңыз бар, ғылымды университеттерде жүргізу керек деген тапсырманы орындап жатсыңдар. Соның барлығын айтып бер жағдайды.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры:

-Біздің университет 345-ші орында. Бізге ең бір талантты жастар келеді. Егер де осыдан 5 жыл бұрын 12 мың студент болса, қазір 16 мыңнан асып бара жатыр. Ең басты ерекшелік, мына Сіздің тапсырмаңызбен индустриялық бағдарламаға маман әзірлей бастадық. Бұны жаңаша әзірлей бастадық. Назарбаев Университетінің үлгісін алып, сол бағытта кірістік. Шетелдік әріптестерімізді шақырдық.

Университет индустриялық даму бағдарламасы үшін білікті мамандар даярлау жұмысын біраздан бері қолға алыпты. Сөздің дәлелі: қазір университетте 4 заманауи зертхана жұмыс істейді және ғарыш пен құрылыс технологиялары бағытында магистрлер дайындайды.

Еуразия Ұлттық университеті мен Назарбаев Университеті Астананың айшықты келбетіне ажар береді. «Ақылды қала» атағын алуда осы екі оқу ордасының үлесінен үміт зор.

Айтпақшы, бейсенбі күні Нұрсұлтан Назарбаев бас шаһардың сәулетімен танысты. «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтында» болып қала құрылысында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. 

Қазіргі таңда елорданы дамытуға бағытталған бірқатар жоба іске асып жатыр. Олардың қатарында инфрақұрылым, әлеуметтік-мәдени және коммерциялық мақсаттағы нысандар құрылысы бар.

Естеріңізде болса, Елбасы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапарында құрылыс саласындағы ірі компания «Калатрава Грэйс Корпорэйшн» басшыларымен кездесіп, екі ірі жобаны қолға алатынын жеткізді. Оның бірі жабық сулы-жасыл бульвар болса, екіншісі – «Астана спорт сити» орталығы. Бұйырса, жобалардың құрылысына қан жүгірер күн жақын.

4. Халықаралық «ЭКСПО» көрмесінің ашылуына аз қалды

Егер бүгінгі күннен есептесек, тура 88 күннен соң айтулы шараның шымылдығы түріледі. Сонымен дайындық қалай? Құрылысы құлап, ғимараты сұлап жатқан жоқ па? Қаумалаған көп сұраққа Парламент Мәжісінің бір топ депутаты жауап алды.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Шын айтсам, көрмеге күмәнданып келгенмін. Енді түрлі әңгімелер бар, әсіресе әлеуметтік желілерде сын көздер бар. Қарасам, құрылыс негізінен бітті деп айтуға болады. Осындай ірі қомақты бастамалардың табыстары ұзақ мерзімді.

Ауқымды шараға белгілі бір деңгейде депутаттық корпустың да өз үлесі бар. Парламентте халықаралық көрмелер туралы Конвенция ратификацияланды, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жөнінде арнайы заң да қабылданды. Көрме басталған жоқ, бірақ кіріс бар. Күні бүгінге дейін 640 мың билет сатылыпты. Ал бір билеттің құны 4 мың мен 20 мыңның аралығы десек, кіріс те аз болмайтын секілді?!

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

-Негізгі нысандардың құрылысы аяқталды. Халықаралық павильондарды әзірлеп, елшілерге табыстадық. Қазір 90-нан астам елдің көрме алаңы дайын. Бүгін 115 ел көрмеге қатысатынын растады.

5. Елбасы Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен тілдесті

Әңгіме барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады. 

Көшбасшылар Ауғанстан басшысының Қазақстанға 2015 жылғы қарашадағы ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысына көңілдері толатынын жеткізді. 

Атап айтқанда, соңғы уақытта өзара тауар айналымының көлемі айтарлықтай көбейгені байқалып отыр. 

Сондай-ақ тараптар Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Ауғанстан жөніндегі комитеттің төрағасы екенін ескеріп, Ауғанстандағы ахуалды талқылады. 

Ауғанстан Президенті биыл Астанада өтетін Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысына, Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысатынын растады.

Ал бейсенбіде Мемлекет басшысы Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен телефон арқылы сөйлесті. 

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. 

Екі ел басшысы Қазақстан Президентінің Белградқа 2016 жылғы 23-25 тамыздағы ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысына көңілдері толатынын айтты.

Томислав Николич Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда саяси және экономикалық жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан реформаларға жоғары баға берді. 

Екі елдің Президенттері Қазақстан мен Сербияның достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға әзір екендігін растады.

Естеріңізге сала кетейін, Шамдағы шайқас кезекті рет 14-15 наурыз күндері Астанада шаммен қаралады. 

Келіссөздерге Ресей, Түркия және Иранның жоғары лауазымды делегациялары қатысады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы, АҚШ және Иордания өкілдеріне шақырулар жолданған. 

Ал кепілдік беруші мемлекеттер тарапынан Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция делегацияларының кездесуге қатысулары бойынша растаулары күтілуде. 

Сыртқы саясатты сырғытып өттік, енді аптаның айтулы мерекесі жайында айтсақ.

6. Мемлекет басшысы әр саланың үздігі болған қыз-келіншектерді Ақордада жинады

«8 наурыз – Халықаралық әйелдер» мейрамының сән-салтанатын жарастырып, жақсы тойлады ел. Мемлекет басшысы да жылдағы дәстүрден жаңылмай, әр саланың үздігі болған үкілі қыз-келіншектерді Ақордада жинады. 

Әсерлі әңгіме мен әдемі әзілге толы жиын турасында тілшіміз Мұхтар Ыбырайым толығырақ тарқатады.

Әдетте саясаткерлер мен шетелдік меймандарды қарсы алатын Ақорда қыз-келіншектерге толы. Президент сарайын көктем шуағына бөлеген арулардың көңіл-күйі ерекше көтеріңкі. 

Елбасының өз аузынан құттықтау есту екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Сондықтан бұл кездесуді асыл жандар асыға күтті.

Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды. Қарапайым арулар емес. Ел алдында жүрген үздік әйелдер. Нағыз іскер, еңбекқор, шығармашыл. Күйбең тіршілікте тер төгіп қана қоймай, бір-бір отбасының ұйытқысы болып отыр. Елбасының оларға құрметі ерекше.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ананы, әйелді әруақытта құрметтеп, жоғары дәрежеде санап өткен халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн түскенде қолына қару алып, Отанын қорғаған ерлермен бірге. Елі үшін ер азаматтарымен бірге жауға шапқан. Баяғыдан келе жатқан белгілі бізге Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз. Бүгінгі Қазақстан әйелдері – сол парасатты жалғастыратын, жолын жалғайтын ізбасарлары.

Айша бибі, Айғанымдардың бүгінгі ізбасарлары жарап-ақ тұр. Еркектермен иық тіресе қоғам өміріне белсенді араласуда. Мәселен, еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің 55 пайызы – әйелдер. Шағын және орта кәсіптің жартысына жуығы нәзік жандыларға тиесілі. 

Саясаттан да орнын тапқандар аз емес. Депутат, министрлердің біразы – бұрымдылар. Демек, әйелдердің кез келген саланы тізгіндеуіне кедергі жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Все вы вносите неоценимый вклад 12 лет назад поставил задачу довести количество женщин во власти до 30 процентов. Тогда казалось невероятным. Госаппарат состоял из мужчин, которые советовались с женщинами, но принимали решения сами. Мужчины эгоистичные. Женщины, правда, тоже бывают. Двое супругов поссорились, говорит: давай помиримся, мы виноваты оба, но ты виноват больше.

Әйел – үйдің берекесі. Әкеден ақыл, анадан мейір деген бар. Демек, аналардың басты борышы – бала тәрбиесі. Келер ұрпақты еңбекқорлыққа, салауатты өмір салтын ұстанып, тіпті инновацияға баулу аналардың қолында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мы понимаем и вы понимаете, что забота о доме, детях остаются вашим главным предназначением. В устах матерей заложен социальный код нашей нации. Именно женщина воспитывает любовь к труду, воспитание в семье – это самое главное. Недаром говорят, что песни, которые мать поёт у колыбелей, сопровождают человека всю жизнь. Наверное вы все помните эти песни, даже я помню. 

Мемлекет басшысы ана мен балаға қолдау көрсету мәселесіне назар аударды. Оларға қарастырылған қаржы жылына 160 млрд теңгені құрайды. 

Оған қоса, ата-аналарға 120 млрд теңге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленіп отыр. 

Соңғы 10 жылда ана өлімі 3,7 есе, бала өлімі 1,5 есе төмендеген. Оның үстіне, елдегі демографиялық ахуал жақсарды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Елімізде жыл сайын дүниеге келетін балалардың саны арта түсуде. Ол қуантады. 2003 жылы өңірге бір жылдың ішінде 250 мың сәби келетін болса, былтыр 410 мың отбасы бесік тойын тойлады. Тәуелсіздіктің ел болғаннан бері 25 жылдың ішінде 7 жарым млн сәби дүниеге келді. Бұл 7 жарым млн ананың қайталанбас ерлігі деген сөз. Бүгінде әрбір 10 қазақстандықтың 4-еуі – тәуелсіздіктің перзенті. Біз түн қатып, түс қашып жүріп жасаған жұмысымыздың бәрі ұрпақтың болашағы үшін екенін мен ылғи айтып келемін.

Елімізде балалар үйі тәрбиеленушілерінің де қатары кеміп келеді. Соңғы 3 жылда жетімдер саны 30 пайызға азайған. 

Тағы бір қуантарлық жағдай. Көп балалы отбасылар көбейді. Нұрсұлтан Назарбаев солардың бірі жеті бала тәрбиелеп отырған Оксана Мукашеваны «Алтын алқа» наградасымен марапаттады.

Өмірде сәтсіздіктерге кезігіп, кейін әлемді мойындатқан жандардың құпиясы – ана махаббаты мен сенімінде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Один мальчик вернулся со школы с письмом. Мать взяла письмо, распечатала и заплакала, мальчик стал успокаивать, что там написали. Здесь написали, что ты гений и эта школа не может дальше обучать, ты должен дома у родителей учиться. Прошло много лет, матери не было. Он копаясь в старых бумагах, нашел этот конверт. Там написано было, что ваш сын слаборазвитый и учиться не может. Этот человек был Томас Эдисон, великий изобретатель. То есть оценка и вера матери, что сделала человеком.

Елбасыны ұйып тыңдаған арулар да ағынан жарылды. Антарктидаға қазақтың Туын тіккен микробиолог ғалым Әлия Ерназарова әйелдер қауымының атынан Елбасыға алғыс айтты.

Әлия Ерназарова, микробиолог ғалым:

-В Антарктиде было холодно, но нас согревала гордость за нашу страну. И все мы знаем что за всеми победами стоит ваша личность. Позвольте от лица всех женщин пожелать что бы Казахстан под вашим началом покорял все новые и новые высоты. А мы окажем вам самую горячую поддержку.

Алыстан ат терлетіп келген арулардың бірі – Ирина Седова. Қызылжар өлкесіндегі ауыл мектебінің директоры. Қазақшаға судай ару салт-дәстүрді де жетік білетінін көрсетті.

Ирина Седова, Возвышенка орта мектебінің директоры (СҚО):

-Мен сізге тоғыз пернесіне Қазақстандағы 9 млн әйелдің өзіңізге деген ықыласы сиятын домбыра сыйлағым келеді. Тыныққан сәттерде домбыраның үнімен біздің тілегіміз де жаныңызды тербесін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мемлекеттік тілді білесің, орыс тілін білесің, өзіңнің ана тілің неміс тілін де білесің! Әкел домбыраны.

Шуақты кездесуді ақын Толқын Қабылша жырмен өрнектеді.

Толқын Қабылша, ақын (Қызылорда облысы):

-Арманды сол бір тілегін

Ақиқат қылған жолдасын. 

Қазақтың әрбір жүрегін

Тәуелсіз қылған, Елбасым.

Отанды ұлы байтағым,

Көркейткен сізге, арысым.

Иіліп рахмет айтамын,

Ұрпағым үшін, бәрі үшін!

Ал Әнші Мария Галицкая әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Елбасы арулармен емен-жарқын әңгімелесті. Әртүрлі тақырыптарды қаузады. Тіпті қылықты қыздармен тіл табысудың әдіс-тәсілдерін де ортаға салып, әзіл айта отырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Если хочешь понравиться женщине, Айдеке, если она красивая говори, что умная, если она не очень выглядит, говори красивая. Если ни то, ни другое не подходит, говори – как ты похудела.

Шуақты кездесуден соң Мемлекет басшысы аруларға тосын сый жасады. Ақорданы аралатып, жеке кабинетін көрсетті. Сый-құрметтен соң ару аналар әсерлерімен бөлісті.

Салтанат Бақаева, актриса:

-Айтқан сөздерін, әңгімесін тындадық. Елбасы бізге экскурсия жасады. Бұның өзі өте ерекше. Жеке кабинетін көрдік. Мен бақыттымын. Осындай мемлекетте өмір сүріп жатқаныма Аллаға шүкір! Мың да бір рахмет! 

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Еділ Ермекбаев ПТКК көмегімен

7. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болады?

Бүгінгі күні елімізде 4 жарым миллионға жуық отбасы бар. Кей деректер айтады: «Сол 4 жарым миллионның 4 пайызы ғана баспана сатып алуға қауқарлы», – деп.

Мемлекет осы түйткілдің түйінін тарқатуға кірісті. Алдағы 15 жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,5 миллион қолжетімді тұрғын үй салынады деген жоспар жазулы. 

Қазірден бастап, баспанаға зәру жандар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, мамандардан кеңес алып, тиісті құжаттарды тапсыра алады. 

Ал бағдарламамен берілетін тұрғын үйдің шаршы метрі 140 мың теңге болмақ. Бұл үлкен жеңілдік. Қазіргі нарық мұндай бағаны мұңға айналдырған.

Сонымен пәтерді кімдер ала алады? Қалай үлестіріледі? Сандар мен сапаны саралаған шолушымыз Жұрағат Баман жалғастырады.

Жұрағат Баман, шолушы:

-Соңғы 12 жылда Қазақстанда бірнеше тұрғын үй бағдарламасы іске асырылды. Мақсат – баспананы қолжетімді ету. Уақыт өте келе үй алудың шарттары, мемлекеттік қолдаудың бағыты, қаржыландырудың механизмдері өзгерді. Соңғысы – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Оны әзірлеу туралы Елбасының тапсырмасы өткен жылдың 9 қыркүйегінде берілді. Ал Үкімет бар болғаны бірнеше аптада тұжырымдамасын дайындап, 31 желтоқсанда құжат қабылданды.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылатын 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда. 

2017-2031 жылдар аралығында бұл мақсатқа 1,8 триллион теңге бөлінбек. Оның 1,2 триллион теңгесі инженерлік желілерді тартуға жұмсалады.

Сонымен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болады? 

Тізбектеп айтсақ, бұл үрдіс бес бағыттан тұрады. Ипотека, жеке тұрғын үй салуға берілетін жер телімі, жалдамалы тұрғын үй, сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және мердігерлерге арзан несие беру арқылы баспанамен қамтамасыз ету. Бастапқы үшеуіне жеке-жеке тоқталайық.

Ипотека алу үшін ең алдымен банкке барып, тұрғын үй несиесіне өтініш жазу керек. Онда міндетті түрде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы алғыңыз келетінін белгілеу қажет. 

Екінші деңгейлі банк өтінішті мақұлдағаннан кейін оны Қазақстан ипотекалық компаниясы қарайды. Ақша бөлу, бөлмеуді дәл осы компания шешеді. Білу керегі, мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, банктер келісім жасау кезінде немесе субсидиялық несиені рәсімдеу барысында ешқандай терім-төлем алмайды. Комиссия тек несиені есептеп берген Қазақстан ипотекалық компаниясы қызметі үшін және жеке табыс салығы түрінде төленеді.

Айта кетері, Үкімет жылдық сыйақы мөлшерлемесі 17 пайыздан аспайтын несиелерді субсидиялайды. Яғни, мемлекет қарыздың 7 пайызын өтесе, қалған 10 пайызы өз мойныңызда.

Талаптарға келсек. Несие 15 жылға беріледі. Қарыз алушының есепшотында баспана құнының 30 пайызы болуы шарт.

Мархабат Жайымбетов, ҚР ҰЭМ Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы

-Біз биыл аталған бағдарламаның көмегімен тұрғын үй алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз бөлінеді деп жоспарлаудамыз. Бағдарлама жеке үй салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыруға да бағдарланған. Мәселен, 2017 жылға арналған республикалық бюджетте үй салушылардың банктік несиелерін субсидиялауға 11 млрд теңге қарастырылған. Салынған үйлердің  жартысы, сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына да ұсынылады.

Жұрағат Баман, шолушы:

-«Нұрлы жер» аясындағы жеке тұрғын үй салу бағдарламасына келсек, ол екі бағытта іске асырылады. Біріншісі, бөлінген жерде өзіңіз үй саласыз, екіншісі, мемлекет салып берген дайын жер үйді несиеге аласыз. Соңғысының шарттарына тоқталсақ, жергілікті әкімдікте 10 сотық жер теліміне кезекте тұрған болуы қажет. Өтініш берер кезде шаршы метрі мен бөлмелердің саны бойынша ерекшеленетін үлгі жобалардың бірін таңдау керек. Несие «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз көлемінде беріледі. Бастысы, бұл банкте бұдан бұрын жиған ақшаңыздың болуы шарт емес. Ал өзіңіз үй саламын десеңіз, сізге жергілікті әкімдіктен үйдің үлгі жобасы тегін беріледі. Сондай-ақ құрылыс жүргізіп, алдын ала тартылған инженерлік-коммуникациялық желілердің құнын өтеу үшін «Тұрғын үй жинақ банкінен» несие ала аласыз. Бірақ ол жер телімі кепілдікке қойылып қана беріледі.

Мархабат Жайымбетов, ҚР ҰЭМ Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:

-Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мыңға дейін пәтер пайдалануға өткізу жоспарланған. Бұл 10 млн-нан астам шаршы метр. Сондай-ақ бөлінген қаржы есебінен, жеке құрылыс салушылардың қарызын субсидиялау көзделген.

Жұрағат Баман, шолушы:

-Енді жалдамалы тұрғын үй санатына келсек. Ол әкімдіктердегі тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына тағайындалады. Бірақ азаматтардың баспананы өз атына аудару құқығы жоқ. Есесіне үйдің жалдау құны төмен болады.

Бұндай баспанаға қалай қол жеткіземіз? Бағдарламаға қатысушыларды біз 5 санат бойынша анықтаймыз. Бірінші мүгедектер және ҰОС ардагерлері. Екінші – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Үшінші – әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар. Төртінші – мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер, мұғалімдер. Бесінші – үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар. Осы санаттардың бірі сізге сәйкес келсе, әкімдіктегі тұрғын үй кезегінде тіркелу қажет.

Айтып өткеніміздей, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2031 жылға дейін 1,5 млн адам жеке баспанаға ие болады. Олардың 500 мыңнан астамы таяу бес жылдың ішінде алады деп жоспарланған. 

Бағдарлама аясында жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық бойынша 664 мың жер телімі беріледі. Азаматтар Қазақстан ипотекалық компаниясы мен Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 35 мың жалдамалы баспана, 280 мың несиелік үй алады. 521 мың коммерциялық тұрғын үй ипотека бойынша беріледі.

8. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруші не нәрсе және кімдер?

Егер күллі адамзат бір күнге электр энергиясынан қол үзсе, техногендік дәуірдің тіршілігі не болар еді? Бұл енді қиял емес. Жақын болашақта болуы мүмкін, шындық. Ал оған жол бермес үшін инновациялық бизнесті дамыту керек. 

Біздің ел мұны бастады. Бірақ аяқ алысы жайлы айту әлі ерте. «Алдымен дәстүрлінің дәрежесін артып алсақ», – деп асығып жүр жұрт.

Қазір шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 25 пайыз. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл межеге жету мүмкін бе? 

Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруші не нәрсе және кімдер? Сөз тізгіні сан сауалдың жауабын іздеген тілшіміз Сәкен Сейітханұлында.

Қызылорда облысының тұрғыны Серікбай Оразымбетов екі жыл бұрын кәсіп бастауға ниет етіп, мемлекеттік бағдарламаларды меңгереді. Бизнес жоспарын түзіп, «Даму» қоры арқылы бөлінетін қайтарымсыз қаржыға құжат тапсырады. Байқау комиссиясының мүшелері Серікбайдың құс өсіріп, ет және жұмыртқа сататын жобасын мақұл көрген. Нәтижесінде ол 700 мың теңгені алып, іске кіріседі.

Серікбай Оразымбетов, кәсіпкер:

-Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекетімізден бөлініп жатқан 16 миллион несиесіне үміткерлердің біреуі – менмін. Соны алып, кәсібімді ары-қарай кеңейтсем деген жоспарым бар.

Ел ағасы Серікбай есік алдындағы үйрек пен қазын көбейтуге ынталы. Инкубатор алып, жұмысты жылдам жолға қоямын деген жоспары да жоқ емес.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

-Қазір бизнес дамыған болса, оған мемлекеттің көмегі үлкен әсер етті деп есептейміз. Бірақ енді қазіргі жағдайда экономика министрлігінің есебіне қарасақ, жалпы ұлттық өнімде шағын және орта бизнестің үлесі соңғы 3-4 жылда бір деңгейде тұр екен.

3-4 жыл бойы қозғалмаған көрсеткіш, жоғарылауға жақын. Өйткені жауапты мекемелер кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасын жасады. Жобаға сай несие алып, қарекет жасайтын жандар әуелі бір айлық оқудан өтіп, сертификат иелену шарт. Білім алу – таңнан кешке дейін отырып дәріс тыңдау дегенді білдірмейді. Күніне 4 сағатыңызды ғана арнайсыз, әрі қарай қажет деп тапсаңыз бизнесті дамытудың жолдарын білесіз.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

-Бастауды қойып отырған себебіміз бір ай бойы адамның бизнеске қабілеті бар ма, жоқ па соны анықтағымыз келеді. Менің ойымша, бір ай жеткілікті мерзім. Адамның сабаққа келуі, оқуы, ынтасы, қойған сұрақтары нәтижелі ма, нәтижелі емес па? Алдында айттым ғой тест бар деп. Тест адамның төлем төлеуге қабылетін анықтайды.

Міне, осы сынақ үлкен кәсіптің алғашқы баспалдағы. Ай бойы тегін оқытады әрі бизнестің бүге-шігесін танытады. Қала берді, сіз осы қадамды жасағаныңыз үшін мемлекет шәкіртақы да береді.

Ғалия Жолдыбаева, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры:

-Курсқа кіріп оқитын болсаңыз, сізге оқудың нәтижесінде 16 мың теңге стипендия берілетін болады. Жұмыстан кетіп оқисыз ба, жұмыссыз жүріп оқисыз ба, сіз енді семьяның өкілі болған соң, семьяны асырайтын кісі болған соң, бір әрекеттер жасап қамтисыз ғой семьяны. Сол уақытты біздер мемлекет есебінен алып отырғанымыздан соған компенсация жасаймыз 16 мың теңге.

Мектеп сәуір айында еліміздің 80 ауданында жұмысын бастайды. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жыл ішінде 15 мың адамды оқытатынын айтады. Бұл бағдарлама қолданысқа енбей тұрып терең зерттеуден өтті. 

Елдің батыс өңірінде сынақ ретінде бір ай бойы кәсіптің негіздері үйретілді. Нәтижесінде біраз азаматтың бизнестегі білігі артты. 

Шұға Ерікова солардың бірі. 25 жылдан бері балаларды білім нәрімен сусындатқан мұғалім оқудың пайдасы орасан екенін айтады. Тіпті тез арада жұмыс жоспарын жазғанына да таңы бар. 

Ендігі меже – баланы ерте бастан дамытатын орталық ашу. Ол ойы да жуық арада жүзеге аспақ. Өйткені 3 миллион 900 мың теңгенің құжаты қабылданып қойған.

Шұға Ерікова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

-«Бастау» бизнес мектебінсіз мүмкін бизнес ашпас та едім. Осылай мектепте жұмыс жасап жүре берер ме едім. Маған өте көп ой салды. Болашақта одан әрі де жұмыс жасауыма мүмкіндік береді.

Дәл осы ұстаз Шұға секілді мектептен өткен адам бизнес жоспарын түзіп, қаржыға өтінім жолдайды. Ол ақша 7 жылға 6 пайызбен беріледі. Кәсібіңіздің көлеміне қарай 16-17 миллион теңгеге дейін ала аласыз. 

Кепіл затым жетпейді деп те уайымдамаңыз, бұл жолы да мемлекет көмек қолын созады. «ҚазАгроГарант» ұйымы арқылы несие алуға жеңілдік жасайды.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

-85 пайызға дейін сіздің алып отырған несиеңізге кепілдік береді. Бұл үлкен мүмкіндік. Мысалы, сіз 5 миллионға дейін несие алатын болсаңыз, соның 4 миллионнан астамын мемлекет өзінің кепілдігіне алады. Сіздің арғы жағында қалған 600-700 мың теңгеге өзіңіздің кепілдігіңізді қоюыңыз керек.

Істі жаңадан бастағандарға 85 пайыз кепілдік жасалса, жұмыс істеп жатқандар 50 пайыздық жеңілдікке ие болады. Ауылдық жерде «ҚазАгро» несие беріп қолдаса, қалада кәсіпкерлерге «Даму» қоры жәрдемдеседі.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

-Несие алғаннан кейін де 1 жыл бойы біздің «Атамекеннің» қызметкерлері сіздің қасыңызда болып, ақыл-кеңесін беріп отырады. Ол да – үлкен көмек.

Ұлттық экономика министрлігі келтірген мәліметке сай, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 27 миллиард, қалаларға 10 миллиард теңге бөлінеді. Не себепті қалаға бөлінген қаржы көлемі аз деген сауал туындайды. Жауап мынадай: ел бойынша 15 жас пен 65 жас аралығындағы жұмыссыз және өз-өзін жұмыспен қамтып жүргендер саны – 853 мың адам. Оның 90 пайызға жуығы елді мекендерде тұрады.

Ғалия Жолдыбаева, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры:

-Ең үлкен контингент жастарымыз ғой. 15 жастан бастап 45 жасқа дейін бұл – 550 мың. Негізге контингентіміз 550 мың адам, соның ішіндегі 86 пайызы ауылдық жерде. Сондықтан көп жұмыс жасайтын жеріміз  ауыл.

Ауыл. Кәсіп бастауға мұнда мүмкіндік мол. Төрт түлік малды төскейде өргізесің, егін саласың, кәсіпорын ашасың. Айтуға оңай, әрине. Алайда мамандар елді мекенде де кәсіпке кедергі барын алға тартады. Сондықтан мұндай түйткілдердің түйінін тарқату жайы да қаралып жатыр. 

Алдағы уақытта жергілікті Кәсіпкерлер палатасы, әкімдік және прокуратура бірлесіп, бизнестің жолын кес-кестейтін кедергілерді рет-ретімен жоймақшы.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Бекболат Базаров