Жеті күн 03.06.2017 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 03.06.2017

  • Сенбі, 03 Маусым 2017 21:54
Сюжеттер
1. Рейтинг жақсарды 2. ЕХРО-2017 3. Ел мерейі
4. Жасыл технология 5. Елорда жауһарлары 6. Апта тынысы
7. Азалы тарихқа тағзым 8. Ажарлы Астана 9. Елдіктің төл тұмары

1. Рейтинг жақсарды

Швейцариядағы Менеджментті дамыту халықаралық институтының жаһандық бәсекеге қабілеттілікті зерттеу жөніндегі орталығы 2017 жылдың рейтингін шығарған. Тізім қолға тиіп, қарағанымыз сол еді «32» деген сан көзімізге оттай басылды.

Себебі былтыр Қазақстан 47-орынға түсіп қалып, түр-түсіміз бұзылған. «Дағдарыс дауылының салдары» деп сараладық оны. Ал биыл біраз жылға бергісіз нәтижеге қол жеткізгендейміз. Көргендеріңіздей, көрсеткіш он бес позицияға көтерілді және рейтингте жоғарылау бойынша жүйрігі – Қазақстан. Екінші болып Қытай тұр. Олар жағдайды жеті сатыға жақсартыпты.

Жалпы Менеджментті дамыту халықаралық институты мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін негізінен төрт тарау бойынша түгендеген. Экономикалық қызмет. Үкімет тиімділігі. Бизнес тиімділігі және инфрақұрылым.

Сондай-ақ бұл ұйым биыл алғаш рет әлем елдерінің «цифрлық қабілеттілігін» қарапты. Бұл тұрғыда Қазақстан 38-орынға тұрақтаған. Сападан сан шығарған сарапшылардың сөзіне сенсек, өздерінің қызметтерінде цифрлық жүйенің сиқырын табысты пайдаланатындар ғана бәсекеге барынша қабілетті.

Демек, Елбасының биылғы Жолдауы аясында жүзеге асуы тиіс «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына берілген басымдықты бәсеңдетпеу маңызды. Ал енді айтқан жетістіктің жайына келсек. Ол даусыз, «белге байлаған бес қарудай» бес институционалдық реформаның жемісі.

Еліміздің жетістігі жайлы сөз еткенде, әрине, ең бірінші Астананы айтпай кетсек, ағаттық. Себебі Елорданың ел өміріндегі еншісі бөлек. Бұл қала – Тәуелсіздіктің тартуы. Бұл қала – біздің бренд.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

-В самые тяжелые 1990-е годы Астана дала народу крылья надежды, научила побеждать большие трудности. Сколько было сомнений. Действительно, время было лихое. Не хватало всего, не платили зарплату, не платили пенсии. Именно в такие трудные моменты решаются столь грандиозные задачи. Несмотря ни на что, мы все одолели, построили нашу столицу. Наша столица стала источником святости, духа Независимости. Духа созидания и единства.

2. ЕХРО-2017

Бұйыртса, бір айдан соң бас қала он тоғыз жылдық туған күнін тойлайды. Адамның жасына салсаң, он тоғыз деген – кәмелетке келіп, енді ғана еңсе тіктейтін кезең. Ал шаһардың бүгінгі бейнесіне көз шалсаң, «Ер Төстік» ертегісі еріксіз еске түседі. Өйткені Астананың өзгеруі үшін жыл, ай, тіпті күн де көптік. Ер Төстік сынды минут, секунд сайын өсіп-өніп жатыр.

Ол ерекшелікке екпін берген шаралардың бірі – ЕХРО-2017. Халықаралық көрмені өткізу мүмкіндігі бұйырғалы – біраз істің ілгері басқаны шындық. Мәселен, аз ғана уақыт ішінде ТМД-да теңдесі жоқ ойын-сауық орталығы тұрғызылды. Қаншама қонақүйі мен мейрамхана салынды.

Қазір елордалықтар Сарыарқаның сарышұнақ аязынан да сескенбейтін болған. Себебі кез келген көше бойында ажары кірген аялдама бар. Қыста кірсең терлетеді, ал жазда салқын самал сыйлайды. Астананың мұндай ақылды жүйелерін айта берсең айшылық әңгіме.

ЕХРО алаңының өзі – бір әлем. Қалашықтың қақ ортасында тұрған шар пішінді сфералық ғимарат алыптығы жөнінен дүниеде алғашқы. Оның диаметрі – 80, биіктігі 100 метр болады. Ал аумағы 23 600 шаршы метрді құрайды. Сегіз қабатты. Алғашқысында Ұлы дала елінің ұлылығын танытар «Қазақстан» павильоны орналасқан. Одан кейінгі қабаттарда сарқылмайтын энергия көздері кезек-кезегімен кете береді. Соңғысында «Болашақ Астана» бейнесі бар.

Осы павильондардың ішінде нендей пайдалы нәрселер бар? Оны көзбен көріп, қолмен ұстауға үш айлық мүмкіндік беріліп отыр. Одан кейін, яғни көрменің күні біткеннен соң бұл нысанға қонақ ретінде емес, қызметкер кейпінде келудің кезі басталады. Анығырақ айтқанда, ол жер инновациялық зерттеулердің орталығына айналмақ.

3. Ел мерейі

Бұл 2012 жылдың қарашасында болған тарихи сәт. Халықаралық көрмелер бюросының бас ассамблеясында құпия дауыс беру арқылы Астана ЕХРО іс-шарасын өткізу құқығына ие болды. Бұл бәйгеде елорда Бельгияның Льеж қаласын басып озды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біздің елімізді дүние жүзі білетіндігін тағы да көрсетті. Екіншіден, Астана қаласы мұндай ауқымды, көлемді жиылыстарды өткізетін мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Бұл оңай шаруа емес. Біз осы үшін көп тер төктік. 20 жылда Қазақстанның өсіп-өркендеуі, дүние жүзімен терезесі тең екенінің тағы бір дәлелі, қуанышты жағдай деуге болады.

ЕХРО – әлемдік ауқымдағы шара. 160 жылдың ішінде көрме АҚШ, Жапония, Германия, Франция мен Ұлыбритания сияқты алпауыт мемлекеттерде өткен. Ал Қазақстан – ТМД елдерінің арасында мұндай шараны қабылдап отырған тұңғыш ел. Бұл мемлекеттің халықаралық сахнадағы беделін тағы бір мәрте көтерді. ЕХРО-ны ұтуын ұтып алдық, ендігісі – соны абыроймен өткізу. Біздің ел осы бағытта үлкен жұмыс атқарды. Халық ортақ мүддеге жұмылды. Оған дайындық Елбасының жіті назарында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Строительство такого громадного объекта, как ЕХРО идёт вследствие определенных затрат государства и в течение последних четырех лет мы его строим. Фактически мы построили новый район города нашего – красивый район, современный. С самого начала мы думали, как после ЕХРО использовать вложенные средства и построенный объект. Самым главным объектом после ЕХРО мы решили, что там будет международный финансовый центр. Там будет технологический парк. Вы видите, там сфера такая есть, это будет самое большое сферическое здание. Диаметром 80 метров. Общей высотой 100 метров. Эта сфера имеет 8 этажей. Каждый этаж будет показывать один из видов альтернативной энергии. Допустим, первый этаж – гидроэнергетика. Второй этаж – энергия солнца, третий этаж – энергия ветра, четвертый этаж – биоэнергетика. Представляете все это остается, как опытный образец для показа всем и конечно, для нас для казахстанцев.

Көрмеге бір апта уақыт бар. Жылдың басты шарасы – жақындаған сайын әр қазақстандықтың жүрегі толқуы заңдылық. Әлемдік деңгейдегі айтулы шара болған соң жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес. Қазақстан ЕХРО-ға тыңғылықты дайындалды. Көрме кешені бой көтеріп, халықаралық павильондар, қонақүйлері мен инфрақұрылым нысандары салынды. Астана меймандарды қабылдауға әзір. Елбасы соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап, ЕХРО-ны арнайы аралады. Көрменің басты нысанына айналған «Нұр Әлем» павильонын көрді. Бұл – диаметрі 80 метр шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат. Павильонда «Болашақтың энергиясы музейі» орналасқан. Онда Қазақстанмен танысу аймағы болады, сондай-ақ энергияның негізгі түрлері ұсынылады. 

Келушілер Қазақстанның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және көрікті жерлерін тани алады. Негізгісі көрмеде біздің елдің жасыл экономикадағы ең үздік жетістіктері көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы бастан осындай талап қойған. Олардың дені Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынылды. Президент «Болашақ Астана – Қазақстанның 2050 жылғы елордасы» экспозициясы, «Ғарыш энергиясы» залы, қазақстандық 28 ғылыми жобаны және «Жасыл экономика» тұжырымдамасы жөніндегі жобаларды қамтитын «Жасампаз энергия» аймағын аралады. Сондай-ақ Қазақстанның «Токамак» материалтану термоядролық реакторының моделі, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Президенттің бастамалары көрсетілген медиақабырға таныстырылды.

Астананың «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдауы бекер емес. Бұл қадам бірінші кезекте Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамытуға серпін бермек. Су, жел, күннің көзі өз алдына, ядролық, тіпті плазмалық энергетика саласындағы тың жобалар жүзеге аса бастайды. 

Көрмеге 100-ден астам ел мен халықаралық ұйым қатысады. Олардың барлығы өз павильондарына жайғасты. Бұл аумақта келушілер әлемдік жетістіктермен танысатын болады. Соңғы технологиялар, жасыл энергетикадағы үздік жобалар ұсынылмақ. Ол үшін қазақ елі барлық мемлекеттерге бірдей жағдай жасады.

Ахметжан Есімов, «Астана ЕХРО-2017 ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

-Павильондарға 1 қарашадан бастап орналастырдық. Бұған дейін көрме Миланда өтті. Cол кезде ондаған ел дайын болған жоқ. Әзірліктерін шара басталғаннан кейін аяқтады. Біз мұндай кемшін тұстарды алдын ала ескердік. Жуырда Халықаралық көрме бюросынан тексеру келді. Инспекциялық комиссия дайындығымызға жоғары баға берді.

Көрмеге ұзын саны 2 жарым млн турист келеді деп күтілуде. Меймандар ЭКСПО кешенін аралап, қаланың заманауи келбетімен таныса алады. Қонақтар қазақтың қонақжайлығына тәнті болып қана қоймай, ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне де қанығады. Мерекелік бағдарламалар көптеп ұйымдастырылмақ. Алдағы үш ай бойы арнайы бой көтерген Конгресс-холл шараның басты мәдени ошағына айналмақ. Нұрсұлтан Назарбаев мұнда да аялдап, «Шаңырақ», «Аспан» залдарын, VIP-террасаны көріп, концерт залында болды. Қазақстан Президентіне көрменің ашылу рәсіміне дайындық көрсетілді. «ЕХРО-ның Қазақстанның алға басуына берері мол. Әсіресе дағдарыс кезінде қозғаушы күшке айналды», – дейді мамандар.

Ахметжан Есімов, «Астана ЕХРО-2017 ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

-Бұл жоба дағдарысқа қарсы бағдарламаға айналды. Себебі еліміздің 408 кәсіпорны 414 млрд теңгеге тапсырыс алды. Бұл 2 бірдей облыстың бюджеті. 55 мың жұмыс орны құрылды. Бізде бар мемлекеттік бағдарламалардың ешқайсысы осыншама жұмыс орнын ашпаған болатын.

Астана жаңа келбетке енді. Көрме кешенін айтпағанда шаһарда көптеген нысан бой көтеріп, қала көркейе түсті. Елбасы әр айтқан сөзінде: «Бұл өскелең ұрпақтың қамы үшін», – дейді. Оның сыртында жаңа инфрақұрылым жүргізіліп, ғылыми-инновациялық жетістіктерге жол ашылды. Ол ЕХРО аяқталған соң да елге қызмет ете бермек. Демек, Астананың мерейі мен абыройы асқақтай түседі деген сөз. Бастысы, мұндай көрмені өткізу күллі елдің дамуына серпін беретінін ұмытпаған абзал.

Авторы: Мұхтар Ыбырайым 

4. Жасыл технология

Біздегі мамандандырылған ЕХРО-ның тақырыбы – «Жасыл технология». Бұл тұрғыда атымызға затымыз сай болса, құба-құп. Яғни астаналық жұрт көмір станциясынан гөрі жел генераторын көбірек қолдануы қажет болады. Дегенмен, «деңгейіміз төмен» деп ұнжырғамызды түсіруге болмайды. Көңілге жағар жақсы істер басталып келеді. Солардың біріне осы аптада куә болдық.

Жасыл құрылыста LEED дейтін жүйе бар. Оның экологиялық тазалық жағынан талабы күштілеу. Міне, сол күшті талаптың негізінде Астанада алғашқы жоба бой көтерді. «Жасыл квартал» тұрғын үй кешенінде тұрудың өзі бір ғанибет. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көз жеткізді. Президентке «Қазақтелеком», «Қазпочта» акционерлік қоғамдарының жаңа қызмет түрлері, нақты айтқанда, электронды кассир, гибридті банкоматтар, цифрлы кеңсе, дрондар және post.kz мүмкіндіктері таныстырылды.

Астана жоғары деңгейдегі қонақүй кешенімен толықты. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғындарына тағы бір сыйлық жасалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес жұлдызды алғашқы халықаралық премиум-кластағы «Ритц-Карлтон» қонақ үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Отель Talan Towers көпфункционалды кешенінің ғимаратында орналасқан. Оның жалпы аумағы – 120 мың шаршы метр. Кешенде Talan Towers Offices, «Ритц-Карлтон» қонақ үйі, SPA мен бизнес орталығы және «Emporium» сауда галереясы орналасты. Нұрсұлтан Назарбаев астаналықтарды, инвесторларды және құрылысқа қатысқан барлық азаматтарды қонақ үйдің ашылуымен құттықтады. Айта кету керек, ғимараттың құрылысына отандық компаниялар қатысты. Енді онда ең жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, жоғары мәртебелі мейтандарды қабылдауға болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Это самая топовая в мире гостиница Ритц-Карлтон. И это очень большие инвестиции в город. Почти 450 млн долларов. Гостиница самого высокого класса. Строился за короткий период. То есть, сегодня Казахстан, Астана обладает высшей ступенью гостиничного бизнеса в нашей стране. И компания которая строила, наши бизнесмены постарались сделать большой, замечательный подарок столице и нашей стране. Здесь мощный бизнес-центр, торговый центр, гостиница самого высокого класса. Рестораны самые топовые, которые можно себе представить. Любого уровня гостей, руководителей государств мы можем здесь принимать. Балл-рум, вмещающий тысячу человек, здесь можно проводить любые мероприятия масштаба мирового, республиканского и так далее. Я поздравляю с вводом этой гостиницы в нашем городе. И благодарю тех, кто построил, кто инвестировал в эту гостиницу, в нашу столицу и желаю всего самого доброго, поздравляю всех астанчан с этим замечательным приобретением.

5. Елорда жауһарлары

Осы аптада Елорданың қос «қақпасы» қолданысқа берілді. Астана әуежайының жаңа терминалы мен жаңа теміржол вокзалы жұмысын бастады. Екі нысанның да есігін ашқан Елбасы құрылысқа жауаптылар еңбегін ерекше бағалады. 

ТМД кеңістігінде теңдесі жоқ теміржол вокзалы. Астанадағы «Нұрлы жол» кешені ең соңғы үлгіде салынған. Еңселі ғимарат көш жерден көзге түседі. Заманауи нысанның мүмкіндіктері орасан.

Вокзал 126 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Алты деңгейлі. Жолаушыларға қызмет көрсететін негізгі залдар жоғарғы қабаттардан орын тепті. Кешенде жолаушылар ағыны, қауіпсіздік пен электронды билет сату үрдісі интеллектуалдық басқару жүйесімен қамтылған.

Жұбан Көрпебаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Вокзал шаруашылығын пайдалану жөніндегі дирекцияның атқарушы директоры:

-Ғимараттың төртінші қабатында негізгі үйлестіру залы орналасқан. Мұнда кассалық аппараттар, анықтамалық бюро бар. Бесінші қабатта күту залы орналасқан. Онда мейрамханалар мен сауда нүктелері қарастырылған.

Төменгі қабаттарда 740 орындық паркинг бар. Ал қатынайтын пойыздар болса, бірден ғимараттың 3-деңгейіне келіп тоқтайды. Мұнда да бірегей технологиялар қолданылған. 

Мұхтар Ыбырайым, тілші:

-Вокзалдың 3-қабатында перон орналасқан. Демек, жолаушыларды күтіп алып, шығарып салатын жер осы. Мұнда 6 бірдей қабылдап-жөнелту жолы бар. Қауіпсіздік деңгейі жоғары екенін бірден аңғаруға болады. Бастысы, пойыздар қысы-жазы шатырдың астында тұрады.

Нұрсұлтан Назарбаев перонның ахуалымен жеке танысты. Жүрдек пойыздың біріне мініп те көрді. 

Бүгінде Қазақстан бойынша 14 бағытта жүрдек пойыздар қатынайды. 2022 жылға қарай ел аймақтарының барлығы қамтылмақ. Оның сыртында 7 мың шақырым автожол салу тағы бар. Нәтижесінде экономиканың белсенділігі арта түседі. Сөйтіп көлік инфрақұрылымы желісі дамып, ел игілігіне қызмет етпек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Осының барлығы болашақта елімізге қызмет ететін болады. Мен «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуын қадағалап отырмын. Ол аэропорттың 3 миллионнан 8 млн жолаушыға дейін көбеюі, мынау вокзалдың күн сайын 18 мың жолаушыны аттандыруға мүмкіншілігі бар екенін, үлкен екенін, өзінің әдемі екенін, ТМД-да мұндай балама жоқ вокзал екенін елге, жұртқа көрсетейік, Астанамызға, Қазақстанымызға мақтаныш болсын деп отырмын. Бұл біздің жетістігіміз, бұл біздің мүмкіншілігіміз. Енді ЕХРО-ға келетін барлық халық осы жолдар арқылы жүретін болады. 

ЕХРО-ның алғашқы меймандары елордаға табан тіреп жатыр. Сондай-ақ алғашқылардың бірі болып, өңірлерден еріктілер келді. 

Жаңа вокзал Астана теміржол желісін дамытуға елеулі үлес қосары сөзсіз. Елорда агломерациясына көліктік қызмет көрсетіп, өңірлерді байланыстырады. Есесіне шаһардың оңтүстік қанатында көлік тығыны азаяды.

Оразбай Әбішев, құрметті теміржолшы:

-Қазақ темір жолы өркендеп өсіп жатыр. Тепловоз, вагондар шығарып жатырмыз, рельстер шығарамыз. Елдің арасында қатынасты жеңілдетіп жатырмыз. Осы қамқорлықтың барлығы сіздің арқаңызда болып жатыр.

Қалтай Самбетұлы теміржолда 60 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы салада ардагердің тәжірибесі зор. Бұған дейін мұндай заманауи вокзалдың болмағанын бірден айтты ақсақал. «Нұрлы жол» кешенін күллі елдің мақтанышына балады. 

Қалтай Самбетұлы, құрметті теміржолшы:

-Бұл теңдесі жоқ, сәулетті де керемет, сүйкімді, ғаламат вокзал болып отыр. Күніне 35 мың жолаушы күніне жібереді екен. Міне, теміржолдың бір жетістігі осы. Темір жолдың дәрежесін көтеретін вокзал болып отыр. Біз үшін зор мақтаныш.

Кешеннің стратегиялық мәні зор. Вокзал елдің көлік-логистикалық жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Екінші жағынан, бұрынғы вокзалға қатынайтын жолаушылардың санын азайтуға ықпал етпек. Енді Астанаға дейін келетін пойыздар жаңа кешенге тұрақтаса, транзиттік көліктер ескі вокзал арқылы өтеді. 

Нұрдәулет Қилыбай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы:

-Ескі вокзалда болған болсаңыз, көрген шығарсыз, оның тәулігіне жолаушылар өткізу мүмкіндігі тек қана 12 мың адамға есептелген. Ал шын мәнінде ол жер тәулікте 27 мың адамды өткізіп жатыр. Бұл 2,5 есеге артық. Бұл жер тәулігіне 35 мыңға есептелген. Жаңа вокзал арқылы 27 жұп пойыз өтеді. Енді 54 пойыз. 27-і келіп, 27-і кетеді. Қалған транзиттік пойыздар, ескі вокзал арқылы өтеді.

Ал мынау – елорда әуежайының жаңа терминалы. Әуе айлағы қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне қадам басты. Өткізу қабілеті жылына 3 жарым миллионнан 8 миллион жолаушыға дейін артпақ. Жүк жіберу әлеуеті де кеңейді. Өнімділігі сағатына 1200 сөмкені қамтитын жартылай автоматтандырылған жүйе іске қосылды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Астана готовится к ЕХРО. В связи с этим я объезжаю новейшие объекты нашей столицы, которые являются новой гордостью Астаны. Это то, что мы сейчас видели аэропорт, который обслуживал 3,2 млн, показатель увеличится до 8 млн пассажиров до 2025 года. Уже в этом и следующем году поток пассажиров будет нарастать. И качество обслуживания будет совершенно другим. Открываются новые авиационные маршруты. Охватываем всю Европу, Азию, откуда будут приезжать к нам люди, транзит. То есть это новый вид Астаны. Гости будут видеть наш замечательный аэропорт. Увидят ее инновации, будут восхищаться.

Қазір Астана халықаралық әуежайында 18 әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Олар 24 халықаралық және 17 ішкі рейс бойынша жолаушылар тасымалдайды. Осы аптада жаңа бағдарлар саны 45-ке дейін артты. 

Әдимолда Рәділбек, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ Бас директоры:

-Осы айдан бастап, «Финэйр», «Визэйр», «Эйр China» Бейжіңге өз рейстерін ашып жатыр. Сондықтан барған сайын әуе компаниялары көбеюде. Саны 18-ге жетті. Одан сайын көбейе береді.

Халықаралық стандарттарға сай келетін терминалды салу үшін 80 млрд теңге жұмсалған. Ғимараттың жалпы аумағы – 47 мың шаршы метр. Мұнда күніне 12 мың жолаушыға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Ал тіркеуден өту үшін кезекте тұрудың қажеті жоқ. Әуежай ішінде онлайн тіркелуге арналған қондырғылар орнатылды. Осылайша, жаңа әуежай терминалы мен «Нұрлы жол» вокзалы Астананың қос қақпасына айналары хақ.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Әлібек Әлиев

6. Апта тынысы

ЕХРО-ның тарихын түгендеп отырып, Қазақстанның халықаралық көрмені өткізудегі өзгелерден ерекшеленер тұсын тапқандай болдық. «Бір оқпен екі қоян атылады» екен. Алдымен дүниежүзілік деңгейдегі шара жасыл экономикаға жан бітіреді.

Сосын сол инфрақұрылым негізінде түрлі зерттеу мекемелері мен халықаралық қаржы орталығы құрылады. Ал қаржыға келгенде, Астананың аймақтық хабқа айналу арманы және бар. Демек, басқалар сынды көрме біткен соң көрпені жинап қою жоқ. Қалашық халық игілігіне қызмет етуін бастайды. Тірліктің төркіні осы.

«Мақсат ойдағыдай іске асса, Астананың ғана емес, бүкіл елдің адымы алымды болады», – дейді мамандар. Олардың айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығына сенім артқандар саны көп. Қазірдің өзінде Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен етене байланыс орнаған. Батыс жұрты да біздің жаққа бас бұрып отыр екен.

Бірақ «Астананың атағы ЕХРО-дан кейін шыққалы тұр» деп есептеу – қателік. Елорда ғасырлар тоғысында-ақ топ жарып, «Бейбітшілік қаласы» атанған. Бұл өзіміз теліп алған теңеу емес, ЮНЕСКО-ның ұйғарымы. Тұрақтылық пен келісімді сақтауда көптен көш ілгері көрінген соң берілген баға. 

Шындығында Астана – ауқымды істерде алғашқы қала. Мәселен, екі жылда бір әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Оған қоса, алты жылдай алысқан Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері де төрт мәрте біздің бас шаһарда бас қосты. Әлі де келетін болады.

Бұған тек біздің ғана емес, басқалардың да үміті басым. Оған Ресей Президенті Владимир Путиннің Нұрсұлтан Назарбаевқа қоңырау шалып, Таяу Шығыстағы тартыс төңірегінде сөз қозғауы дәйек. Телефон арқылы болған әңгімелесуде екі ел басшылары күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық маңызды мәселелер туралы пікір алысты. Сириядағы жағдай мен алдағы күндері өтетін Астана процесінің кестесі жөнінде де мақұлдасты.

Бұл жат ниетті жұрттың тыным табар күні туар ма екен?! Оразаның өзінде ойран салып жатыр. Кабулдың көгі көк түтіннен көз ашпай келеді. Осы аптада тағы терролық акт болып, қаншама адамның өмірі қиылды. Қаралы хабарды естіп, қабырғасы қайысқан Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Ғаниға көңіл айту жеделхатын жіберіп, қайғыға ортақтасты. Сондай-ақ «Елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күресте Ауғанстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға Қазақстан әрқашан дайын екенін атап өтемін» делінген жеделхатта.

Дәл осындай көңіл айту жеделхатын Нұрсұлтан Назарбаев Шри-Ланка Президенті Майтрипала Сирисенаға жолдады. Мемлекет басшысы биылғы 28 мамырда Шри-Ланкадағы су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізіпті.

Өзгелер ашу шақырса, біздің билік басу айтады. «Қастықтан қашық, достыққа асық болу» қасиетінің әлі де қанымызда қайнап жатқандығына дәлел бұл. Иә, біз ешкімді алаламайтын адал елміз. Қай адамға болсын құшағымыз ашық. Мұны елдестіру миссиясын атқарып жүрген еліміздегі елшілер жақсы түсінеді. Ол ойды осы аптада тағы бір орнықты еттік.

Қазақстан өркендеудің үшінші кезеңіне қадам басты. Индустриаландыруды қарқын жүзеге асырып, рухани жаңғыруды қолға алды. Сейсенбі күні күні төрт мемлекет, Оңтүстік Корея, Индонезия, Сербия және Румыния елшілерінен сенім грамоталарын қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – отыз озық елдің қатарына қосылу», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Өздеріңіз білесіздер, санаулы күннен соң Астанада «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу рәсімі өтеді. Оған әлемнің 100-ден астам елі қатысады. Сіздің елдердің елбасшыларының барлығы менің шақыруымды алды. Бұл көрме адамзаттың бүгінгі озық жетістіктерін көрсетіп, оларды насихаттауға бағытталатын болады. Көрме аяқталған соң оның базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. Сіздер EXPO-2017 көрмесін өткізуге белсене атсалысады деп сенемін және «Астана» халықаралық қаржы қорына сіздердің мемлекеттерден қолдау табамыз деген үміттеміз.

«Қазақстан жаһанның түкпір-түкпіріндегі түйткілдер мен шиеленістерді шешуге белсенді ат салысып келеді. Солардың бірі – Сириядағы ахуал», – деді Президент. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндеттерін орындай бермек. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық байланыстарға арнайы тоқталды. Әсіресе қазіргі кезде инвесторлар үшін барлық жеңілдік қарастырылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біздің еліміз арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын төте жолдар өтеді. Автокөлік жолдары, темір жолдары, бұл ретте Қазақстан үлкен транзиттік мемлекет болайын деп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы, инфрақұрылым осыған беттелген. Біздің осы бастама Еуразия кеңістігіндегі басқа да инфрақұрылымдық жобаларменен ұштасып жатыр. Ол ортақ континентіміздегі өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға бағытталған. Қазақстанда қазір индустриялық, инновациялық даму бағдарламары қолға алынды. Ауқымды жекешелендіру науқаны жүріп жатыр.

Сөз соңында Елбасы Қазақстанның шетелдік серіктестерімен сындарлы диалог орнатқанын айтып, елшілерді дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтады.

Ким Дэ Сик, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

-Корея үкіметі сіздердің елдегі ЕХРО-ға бірегей жетістіктерін паш етуге тыңғылықты дайындалуда. Мен Қазақстан мен Кореяның қарыштап дамуы үшін қолымнан келгеннің барлығын жасайтын боламын. Екі елдің достық қарым-қатынасы жаңа белеске көтерілгенін мақтанышпен айта аламын. 

Рахмат Прамоно, Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

-Мен Елбасына ең әуелі Индонезия Президентінің сәлемін жеткіздім. Сіздердің елдегі тұрақтылық бүгінде күллі жаһан жұртына үлгі. Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Индонезия арасындағы байланыс жаңа көрініс тапты. Дегенмен, біз қолда бар әлеуетті толықтай пайдалануға ниеттіміз.

Осы аптада Ақордада түбі бір туысқан түрік бауырларымыз да төбе көрсетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тұғрұл Түркешті қабылдады. Кездесу барысында Президент екіжақты қарым-қатынастың жыл санап нығайып келе жатқанын атап өтті. Ал Тұғрұл Түркеш Түрік елінің Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Түркия – Қазақстанның ең жақын бауырлас елі. Барлық жағдайда қарым-қатынасымыз 25 жылдың ішінде өсіп-өркендеп келе жатыр.

Тұғрұл Түркеш, Түрік Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:

-Түрік Республикасы мен Қазақстан арасындағы қатынастардың тамыры тереңде. Қазақстанның халықаралық ұйымдар қызметіне, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде белсене қатысуы Түркия үшін маңызды.

Шетелдік меймандармен болған жүздесулердің жөні осындай. Ал енді ішкі жағдайларға тоқталсақ. Осы біздің елде әділдік айтар сот қаншалықты әділ? Бұл сұраққа Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің өзі жауап берді. Елбасының қабылдауында. Айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында 512 мыңнан астам іс сотқа келіп түскен. Оның 417 мыңы уақтылы қаралып, заңды шешімін тауыпты. Мұндай нәтижеге Ұлт жоспары шеңберінде жүзеге асып жатқан сот реформалары арқасында қол жетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мәселенің барлығын қойдық. Одан кейін жұмыс істеп жатырсыңдар. Ұлттық бағдарлама бар. Оның ішінде құқық қорғаудың, Жоғары соттың да шешілген мәселелері бар. Соның барлығы қалай жүріп жатыр?  

Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы:

-Жалпы соңғы жылдары құқық саласында өткізіліп жатқан реформалар, енгізілген өзгерістердің барлығы сот жүйесіне де өзінің оң ықпалын тигізіп жатыр. Республика соттары сот әділдігін уақытылы және мезгілінде атқарып жатыр. Соттар тұрақты жағдайда қызмет істеуде. Сот әділдігі толығымен қамтамасыз етіліп отыр.

Қайрат Мәми азаматтық істер бойынша халықтың сотқа деген сенімі артқанын алға тартты. Осы орайда электрондық сот жүйесі де қалыптасты. Нәтижесінде азаматтық істер бойынша талап-арыздың 83 пайызы электронды түрде берілді. Бұл сот жүйесін жетілдіруде атқарылған істің бір бөлігі ғана. Президент әлі де істейтін шаруа шаш етектен екенін айтты. Ол жұмыс барлық құқық қорғау органдарын қамтиды. «Басты мақсат – сот үстемдігін қамтамасыз ету», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Егер де ел сотқа сеніп, сотқа жүгінетін болса, соттың шешімімен әділ шешім алатын болса, олардың құқықтары қорғалатын болса, сонда біз мақсатымызға жеттік деп, заңның үстемдігіне жеттік деп айтуымызға болады. Қазір толықтай олай деп айта алмаймыз. Өйткені полицияның, Қауіпсіздік комитетінің, қаржы полициясының тапқан мәселелері көбінесе солардың айтқан сөзімен, солардың айыптауымен өтіп кете береді. Полицияның да, Қауіпсіздік комитетінің де, қаржы полициясының да істегенінің барлығы дұрыс болып шықпайды ғой. Бізде сотқа жетпей қайтарса, ол жұмыстың орындалмағаны болып сезінеді. Ондай емес! Сондықтан істейтін жұмыстар көп. Қазір менің тапсырмаммен жұмыс істеліп жатқанын білесіз. Жергілікті полиция әлі жұмысын істей алмай жатыр. Мысалы, салық төңірегіндегі тексерулер әлі азайған жоқ. Бизнесті тексеру азайған жоқ. Осының бәрі дұрыс шешілмегендіктен, дұрыс шешім қабылданбағандықтан болады. Әрбір құқық қорғау органын айтып отырмын.

Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясаттың бірқатар бағыты бойынша сапалы ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Министрліктің мақсат-міндеттерді орындау жөніндегі есебін тыңдады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

-Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелген тапсырмаларыңызға сай жұмыс атқарып жатырмыз. Бүкіл тапсырмаңызды орындап жатырмыз. Біз қазіргі ақпарат саласындағы жұмысымыз «Рухани жаңғыру» сіздің мақалаңыз аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерге біздің министрлікке жүктелген екі үлкен бағыт бар. Біріншісі «100 жаңа есім» атты жоба аясында біз жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жерге біздің басты мақсатымыз – ол тізімді ғана жасамай, осы елімізге үлгі болатын жүз тарихты қалыптастыру. Осы тәуелсіздік алғаннан бері осы адамдар елімізге қандай қызмет етті. Сол жағын да қарап жатырмыз. Екінші бағыт  бұл саладағы жалпы бүкіл осы «Рухани жаңғыру» бойынша медиапроект. Бүкіл жобаны халыққа жеткізу, халыққа түсіндіру.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазір ақпарат құралдарының алдында тұрған негізгі мәселе: біріншіден, индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалуы. Бұл үшін біздің негізгі газеттердің, радио мен телевизияның әдейі жеке бағдарламасы болуы керек. Екіншіден, инфрақұрылым. Мынау «Нұрлы жол» бағдарламасы. Қытай мен Жібек жолының бізге қосылуы, Қазақстанға тигізетін пайдасы, не жасалып жатыр? Оның ішінде үй салу мәселесі бар, жол салу мәселесі бар. Мысалы, былтыр 1600 шақырым жол істелді, биыл 900 шақырым жол салынды. Ешкім еш жерде айтқан жоқ. Мен талай рет айттым. Салынып жатқан жолдың қалай салынып жатқанын бір көрсетіп кетуге болады ғой. Қазір Астанадан Теміртауға дейін жол салынып, автобан жүріп жатыр. Одан әрі қарай Қарағандыдан Балқашқа дейін кетіп бара жатыр. Алматы мен Талдықорғанның арасындағы жол бітті. Ол Өскеменге қарай бара жатыр. Ешкім ешнәрсе айтпады. Үшіншіден, үшінші модернизация, соның ішінде «100 қадам». «100 қадамды» әр уақытта біз бағдарламаны айтамыз да, айтып-айтып қоя саламыз, артынан не істеліп жатқанын айтпаймыз. Кеше мен Аппарат бастығына тапсырма бердім. Осы мәселелермен тиісті кеңес өткізіп, маған баяндау керек. Үкіметке де жаңа тапсырма бердім. Әрине, «Рухани жаңғыру» – қазір біздің идеологиядағы ең негізгі мәселе. Алты саланың ешқайсысы қалып қалмау керек. Барлығы бойынша жұмыс істеу керек. Ол жергілікті әкімшіліктерге қызық, интеллигенцияға да қызық, ішінде жастарды да қызықтыратын нәрселер бар. Барлығы бар. Солардың барлығының ой-өрісін көтеріп, солардың бәрін жұмыс істеткізу керек. Ешқайсысы қалмау керек. Мен барлығын қадағалап отырамын. Аяғына дейін жеткіздіремін.

Елбасы қабылдауында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков та болды. Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті ғалымды сексен жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Ел алдындағы еңбегін ескеріп, І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Елімізге қызметті әрі қарай жалғастыра беріңіз. Денсаулығыңыз зор болсын. Сізге ұзақ ғұмыр тілеймін. Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап, жанымда келе жатырсыз, көмектесіп келе жатырсыз. Менің кеңесшім болдыңыз. Премьер-министрдің орынбасары болдыңыз. Елші болдыңыз. Университетті басқардыңыз. Дипломаттарды тәрбиеледіңіз. Ғалым, қаламгер ретінде халқыңызға беделді болдыңыз. Осының барлығы өзіңіздің тұла бойыңызға біткен өнер, қайраттың арқасында келе жатырсыз. Қазірде де барлық шаруаға атсалысып келесіз. Осының барлығын ескере отырып, шын жүрегімнен серіктес ретінде, әріптес ретінде, жасы үлкен ағамыз ретінде мен Жарлыққа қол қойып, марапат жасайын деп ұйғардым.

Мырзатай Жолдасбеков ел алдындағы еңбегін жоғары бағалағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз ризашылығын білдірді.

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:

-Тәуелсіздіктің алдында да, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да сол бір үлкен процесте қасыңызда болдық. Куә болдық. Мемлекет орнатудың да басы-қасында болдық. Қиындық та болды. Таршылықты да, жоқшылықты та көрдік. Қазір баршылықтың бел ортасында жүрміз. Енді баяғыда бір аталарымыз айтады екен «Сексен көрейін деген жасым ба еді, атала ішейін деген асым бе еді» деп. Құдайға тәуба, Тәуелсіздіктің арқасында осындай жақсы өмір сүріп жатырмыз. Қасыңыздамыз, біргеміз. Мен әрқашан да дайынмын. Енді Тәуелсіздікті жаңғыртатын үшінші кезеңі келді. Үшінші кезеңде де «Рухани жаңғыру» барлығымыздың арманымыз еді. Осы тұста да әрқашан мен біргемін, қасыңыздамын.

7. Азалы тарихқа тағзым

Қазақстан революциялық емес, эволюциялық дамуды таңдады. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені біздің санамыз соққы алған. Қазан төңкерісінен кейін қаншама қайнаған қазан аударылып, ішіндегі асы төгілгені былай тұрсын, қайта ошағына қонбайтындай қор деңгейге жеткізілді. Голощекиндік геноцидтің бұл жарасын жазу қиын. Тек бір ғана жол бар. Тарихтан тағылым алу.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Жарлыққа сәйкес, 1997 жылдан бері қарай 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Биыл жиырмасыншы рет жалпы жұрт болып жиылып, аза тұттық. 

1925 жылы Қазақстанға басшылық қызметке Голощекин келді. Сол тұста революция мен аштықтан енді ғана көз ашқан қазақ елі тағы бір нәубетке жолығарын білмеді, сезбеді. Филипп Голощекин Қазақстанды «кеңестік өзгерістерден тыс қалған» деп санап, «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның бұл қадамы ұлт зиялыларын қудалауға ұласты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-1920 жылдардағы аштықтан 30 пайыз қазақ қырылған болса, 1930-1933 жылдары қазақтың жартысы опат болып, қалғаны қашты. 2 миллионы аштан өлді, 1 миллионы қуғын-сүргінге ұшырады. Ал енді 1921 жылдан 1953 жылға дейінгі уақыттың ішінде 103 мың адам сотталып, 25 мың адам атылды. Қазақтың бетке ұстар азаматтары, қазақты басқарып отырған азаматтың бәрі жойылды, тамырына балта шабылды. Міне, осындай сұмдық қиыншылықтардан өткен халықпыз.

Қазақтың «қаймақтары» бірінен соң бірі қамалып, тар қапаста тергелді. Оларға адам нанғысыз айып тағылды. Алайда қайсар ұлдар кінәні мойындаған жоқ. Сол кезде озбыр саясат зиялылардың отбасын талқандауға көшті. Әуелі әйелдерін айдап әкеліп, АЛЖИР-ге жапты. Есі кірген балаларын жер аударды. Тұлғалардың тартқан азабының ең сорақысы осы еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Наш народ должен держать в памяти это ужасное событие. Наше будущее поколение должно знать об этом, чтобы не допустить таких ужасов. Кроме того, что репрессировали политических деятелей, руководителей, репрессировали их жен, детей, дети вот здесь Акмолинский лагерь жен изменников родины называется, здесь сидели женщины с малышами на руках, здесь родились некоторые дети, и все равно сидели, такая жестокость была.

АЛЖИР лагері. Мұнда айналасы 15 жылдың ішінде 8 мыңдай әйел тұтқындалған. Олардың жолдасы, туысы қызметте немесе білімді болғаны үшін айыпты болды. Сондай-ақ олар жабылған жалаға келіспеді. Салдарынан аналар мен қыздарды адам төзгісіз азапқа салды.

Перизат Сәдуақас, Жанайдар Садуақасовтың немересі:

-Біздің әжеміз Елизавета Александровна өмірінің соңына дейін ешқандай ақиқат айтпай кеткен. Себебі егер ақиқатты, шындықты жайып салатын болса, менің ұрпақтарыма, балаларыма бір зияны келеді, нұқсан келеді деген оймен болу керек. Ол тіпті фотоға түсуден бас тартады. Ол тіпті Жанайдар атамызбен бірге түскен фотоларды беруден, ол туралы көбірек естелік айтудан қорыққан. Тек соңғы сұхбатында Жанайдар Сәдуақасұлы атамыздың өте білімді, ақжарқын және ұлттық құндылықтарды насихаттаған және өзінен де жоғары қойған парасатты адам екенін ғана айтқан.

Тарихтың шерлі бетінің шындығы толық ашылмады. Алайда жапа шеккендердің жазып қалдырғандары бар. Мына муляж бейнелер сол қиын күннің көрінісін көз алдыңа әкеледі. Сұм саясаттың жасаған зәбірін жария етеді.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

-7300 есім, 7300 тағдыр. Мына қара тақта секілді, мұнда жазылған әйелдердің өмірі де қара жамылумен өтті. Азаматтарынан айырылды, балаларынан хабар үзді. Дегенмен, үміттің нәзік қылы үзілгенше, қиын күнмен күресті. Арқаның қытымыр аязында қар жамылып, мұз жастанды. Зиялылардың әйелі болып, қара жұмыс көрмеген олар үшін мұндағы өмір тозақпен тең болды. Қатаң тәртіпке көнді, төзбегендердің тағдыры қиылды.

1950 жылдан бастап, АЛЖИР таратылды. Тұтқындар басқа лагерьлерге көшті, жер аударылды, мерзімі жеткендер бостандыққа шықты. Олар қазір біздің ортамызда жоқ. Дегенмен, артында қалған ұрпақтары осы жерге келіп тағзым етеді. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқ, музейге келді, Президентпен кездесті.

Зұлмат жылдар салған жара қазір жазылғандай. Қаншама ұрпақ аспаны ашық елде, өмірге келіп, өсіп-өнді. Дегенмен тайғақ кешкен сол кезең тарихтың үлкен тарауы болып қала береді. Сол арқылы жас ұрпақ бабалардың жүріп өткен жолын көреді, қиын кездің қасіретін таниды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сегодня трудно даже представить это, потому что мы построили совсем другое государство – правовое государство. Права и свободы граждан защищены, политических преследований в Казахстане нет, узников по этой теме нет. Поэтому мы должны дорожить этим. Ни одна революция не приносила государству добро. Все революции, которые происходят. Мы знаем, в Северной Африке государство уничтожено, народ отброшен на 10-20 лет, бедствие, терроризм, убийства и бандитизм. Поэтому нам нужно эволюционное развитие, тогда мы будем двигаться вперед. Нужно, помня о своей истории и жестоких сторонах этой истории, делать свои выводы, чтобы этого не повторить.

Қазақ қанша нәубет көрсе де қиындыққа төзді. Үмітін үзбей, кемел келешекке талпынды. Сол төзім мен жігер жұртымызды жыраққа емес, жарыққа жетеледі. Нәтижесінде бүгін біздің ел – бейбітшілік пен тыныштықтың талбесігі. Бабалар армандаған қазақ елі, зиялылар қол созған қазақ жері. Бұл – біздің бағымыз.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков

8. Ажарлы Астана

Арқада қыс алты айға созылып, сарышұнақ аяз минус 45 градусқа дейін сақылдатады. Арктикадан соғатын жел сағатына 200 шақырымға шейін жүйткіп, термометрдің шкаласы 55-тен асады. Ал жаздың шілдесінде 40 градустық шіліңгір ыстық болып, түн ауа температура бірден 0-ге түседі. Мұндай жағдайда алып сәулет сарайларын салмақ түгілі, қарапайым үй тұрғызудың өзі үлкен күш пен асқан ақылды қажет етеді. Осындай қиындықтарға қарамастан, ел болашағының баянды болуы үшін болашақтың Астанасы салынды. Кеше көпшілік күдікпен қараған мекеннің қазіргі қарқынына көз ілестіру қиын.

Қала тарихын қарасаңыз, мынадай бір қызық дерек кездеседі. Жапонияның зерттеу тобы 2030 жылы қала халқы 800 мың адамға жетеді деп болжау жасапты. Ол тұста Ақмолада 250 мың халық тұратын. Алайда 19 жылда халық саны миллионнан асып кетті. Оның өзі заңды тіркелгендері, ал тұрақты тіркеуі жоғы қаншама. Әлемде әзірге мұндай қарқынмен дамыған қала жоқ. Қолайсыз деген ауа райының өзі оң райымен қарады. 

Тойдың боларынан боладысы қызық. Санаулы күндерден соң ЕХРО басталады. Төрткүл дүние көз тіккен көрмеде көпті немен таңқалдырамыз? Әзірге ұйымдастырушылар бағдарламаның денін құпия ұстауда. Бір анығы – әлемге әйгілі канадалық Дю Солей циркі көрменің құрметті қонағы.

Әр бағдарлама – нағыз шоу. 3 айда 71 қойылым көрсетуді жоспарлап отыр. «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай сценарий әзірлеуге 2 жыл уақыт кеткен. Жаңа ойын-сауық бағдарламасы Астанада алғаш рет көрсетілмек.

Бернард Пурье, жоба жетекшісі:

-Бағдарламаны әзірлеуде Алтын адамның киіміндегі қазақтың ою-өрнектерін қолдандық. Оған халық бағасын бере жатар. Цирк шатыры 2 мыңға жуық көрерменге арналған. Сахна арнайы жабдықталып, жан-жағына LED экрандар қойылады. Шоудың ішінде өзің жүргендей әсер қалдырады.

Қазақы оюмен өрнектелген киімдер әзір. Астанаға келген 37 әртіс тынбай еңбектенуде. Бірқатар қойылым домбыраның үнімен сүйемелденеді. Басты мақсат – ұлттық мәдениетті заманауи бағытпен үйлестіру. Цирктің билет құны 4 мың теңгеден басталады.

Фернанд Рейнвиль, шоудың қоюшы-режиссері:

-Reflect деп аталуы – сезінудің ерекше түрі. Сіз бірдеңе сезінген кезде ол ішке кіреді де, сіз оны іштей ойлайсыз. Айнаға қарағанда сіздің сыртқы бейнеңіз де өзгергенін байқайсыз. Айна сіздің бейнеңізді дәл көрсетеді. Біздің идея  осы шоу арқылы жаңа қиял тудыру.

Жалпы ЕХРО кезінде өтетін мәдени шаралардың саны 3 мыңға жуық. Әйгілі «Ла Скала» театры Астанада өнер көрсетпек. Еліміздің бірегей мәдениетін танытып, оны кеңінен насихаттауға бағытталған.

Ал туристердердің қауіпсіздігіне 1500-ге жуық полицей жауапты. 118 техника, 8 тікұшақ, оған өрт сөндіру мен жедел құтқару жасағын қосыңыз. Тамақтанатын орындар қатары да көбейген. Қазақ – қонақжай халық. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 3 ай бойы мұндай ұлан-асыр той болған емес. Ең қиыны, көрменің қонақтары өзіміз емес, өзге жұрттар. Яғни сынайтындар көп. Көрмені мінсіз ұйымдастыру – ең басты міндет.

Димитрий Керкентзес, Халықаралық көрмелер бюросы бас хатшысының орынбасары:

-Көрме аумағында 2 сағаттай уақыт өткіздім. Осында бірінші рет келгендер: «Бұлар қалай үлгермекші? Әлі көп нәрсе дайын емес»,  деуі мүмкін. Алайда біз талай көрме өткіздік. Астанада ЕХРО-ға дайындық жоғары деңгейде.

Шетелден келгендердің алды Астанаға келіп жайғасты. Отельдер мен хостелдер тапсырысты бұрынғыдан да көптеп қабылдауда. Көрме аясында қонақ үй сервисінде оң өзгеріс байқалады. Тариф саясаты «Астана конвейшннің» бақылауында. ЕХРО-ның ықпалымен отбасылық бизнесті қолға алғандардың бірі – Сатыбалды Алдияров. 2 жыл бұрын шағын хостел ашқан.

Сатыбалды Алдияров, хостел иесі:

-Мынау біздің стандартты нөмеріміз. Міне кондиционер, woker заттарын салуға кілттерін қалтасына салып жүреді. Таза төсек, орамал беріледі. Егер кісі көп келіп жатса, кереуеттер трансформер болып, адам санына қарай өздігінен өзгереді. Былай 2 кісі келсе, осылай жатуға болады.

Турист үшін таптырмас жер. Қалтаны қақпайды әрі жаңа достар табуға сеп. 

Ирландиялық Майкл Джойдың Қазақстанға алғаш келуі. 10 мың шақырым жерді артқа тастап келген жас жігіттің мақсаты – Орталық Азия елдерін аралау. Бейтаныс мекен жанға жайлы. «Тек жергілікті тұрғындар ағылшын тіліне шорқақ», – дейді ол.

Майкл Джой, саяхатшы (Ирландия):

-Астана көрген адамды таңқалдырмай қоймайды. Маған оның таза ауасы ұнады. Мотоциклмен қаланы шарлап шықтым. Жолдың сапасы тамаша. Қаланың архитектурасы, өзіндік стилі ерекше. Бірінші рет келген адам оны тез байқайды. Алдағы уақытта 25 мың шақырым жүремін. Ең соңғы барар жерім – Вьетнам.

Ал германиялық Дирк Бейс – ЕХРО-ны көруге арнайы келгендердің бірі. Техникалық дизайнер көрмеден соны дүниелер көруден үмітті. Германия – әлемде күн, су, желден энергия өндіруден көшбасшы ел. Оның пікірінше, көрмеде өзара тәжірибе алмасу барлық елге пайдалы.

Дирк Бёйс, турист (Германия):

-ЕХРО-ны тамашалаудан басқа жоспарларым баршылық. Ол Байқоңыр ғарыш айлағын көру. Бұдан өзге Каспий теңізіне барамын. Мамандығым – техникалық дизайнер. Баламалы энергия көздеріне қатысты тың технологияларға қызығушылық жоғары. Шын мәнінде көрмеде адамзатқа ортақ құндылықтар паш етіледі. Көрмеге келген адамдар ұлтқа, дінге бөлінбей, бір үйдің баласындай ортақ проблеманың шешімін бірлесіп іздейді.

Мұның сыртында 12 мың 482 орынға арналған 164 қонақүй бар. 664 орындық 25 хостел жұмыс істейді. Оған жалға берілетін пәтерлерді қосыңыз. 

Туристер тамашалайтын дүние көп. Айтулы шара жақындаған сайын Астанада қарбалас тірлік. Бас шаһар сылқым қыздай сыланып түрленуде. Әсіресе қаланы абаттандырып, безендіру жұмыстары қызған шақ. 2 мыңнан аса жұмысшы елорданың келбетіне жаз бойы жауапты. Биыл хош иісті, алуан түрлі композиция сәнде. Көбі ұлттық нақышта.

Бибігүл Бектемісова, «Астана Көгалдандыру құрылысы» АҚ төрағасының орынбасары:

-Мұның осылай әдемі түсуіне, біздің өзіміздің мекемеде дизайн бөлімі бар. Солардың арқасында өзіміздің агрономиялық бөлімдер бар. Солардың арқаларында және осы өндірісте жүретіндер ақылдасып, көпжылдық гүлдер қосып отырмыз.

Туристердің емін-еркін қозғалуы үшін тағы 400 автобус алынды. Ал ұшақтан түскен меймандарды діттеген жерге жеткізу – таксопарктердің міндеті. Шетелдіктермен оңай ұғысу үшін ағылшын тілін білу артық етпес. Әр парк өз қарамағындағы қызметкеріне жауапты.

Шардарбек Тойтанов, такси жүргізушісі:

-Hello! Thank you! Басқа тағы сандарын білеміз. Ақшаның аттарын білеміз. 1500 дегенді one thousand five hundred, 1000-ды one thousand, 2000-ды two thousand. Енді ақырындап, әрекеттеніп үйреніп жатырмыз.

Көркіне көз тоймайтын Астана. Зәулім ғимараттар. 19 жылда Астана барлық саланы алсақ, Орталық Азияның көшбасшысына айналды. Бүгінде Астана – миллиондар қаласы.

ЕХРО-ға арнап салынған ғимараттар көрмеден кейін бос қалмайды. Озық технологияларды паш ететін ғимараттар көрме кезінде туристерді қуантса, шарадан соң халықтың игілігіне берілмек. Яғни көрменің қызығы – әлемдікі, игілігі – қазақтыкі. Бір сөзбен айтқанда, ЕХРО Қазақстан үшін экономика мен технологияны алға жылжытар тетік.

Әсем Қабылбек, тілші: 

-Әзірге астаналықтар күн панельдерінің игілігін көруде. Қала бойынша 6 жерде орналасқан. Мынандай тоққа ұялы телефоныңызды қосып, оңай қуаттай аласыз. Қолға алған бастама күнделікті өмірде жүзеге асса, онда мақсатымыздың орындалғаны. Қазақстан «Болашақтың энергиясын» неліктен таңдады? Себебі болашақтың энергиясы – ұзақмерзімді ресурс, оған стратегия қажет. Жер қойнауы түгесіледі, ал күннен, желден алынатын энергияның әлеуеті әлем халқын асырауға жеткілікті.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Аманжол Байғазин, Мейрамбек Ахмаханов

9. Елдіктің төл тұмары

Бөрі басы – ұраным, 

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым!

Осынау жыр жолдарынан Ұлы дала ұландарының Мәңгілік мемлекет құру жолындағы талпынысының тереңдігін түсінуге болады. Иә, қазақ деген халықтың ірге қалағаны күні кеше емес. Біздің ел ежелден бір байрақтың астында ақыл тарасып, бір ұранның аясында айрандай ұйысқан. Ал ол бірегейлік «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» бейбіт өмірге деген беталыстан туған. Міне, сол өткеннің өнегелі мұрасы мен болашаққа бағдар боларлық мұраты Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінде «мен мұңдалап» тұр.

Туға көз салыңыз. Елтаңбаға қараңыз. Әнұранды тыңдаңыз. Сөзбен әспеттеудің ешбір қажеттілігі жоқ. Бәрі айтпай-ақ айқын. Мәселен, Елтаңбадағы бір ғана қарапайым элемент жайлы ой қорытып көрейік. Пырақтың мүйізінде жеті сақина бар. Ол жеті ата турасындағы қазақ халқының дәстүрін дәріптейді. Ал жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі – нағыз прагматизм. Демек, санамызға сілкініс жасауда мемлекеттік нышандардың да маңызы зор.

Ту, Елтаңба, Әнұран. Еліміздің нышандары төрімізде тұрғанда, жүрегімізде болғанда тәуелсіздігіміз тұғырлы, бейбіт күніміз ғұмырлы.

Қазақстан егемен ел болғанан кейін тізгін ұстағандардың алдында аса жауапты міндет тұрды. Ол еліміздің келбеті мен көркіне сай келетін жаңа Мемлекеттік нышандарды нақтылау ісі. Сөйтіп, Тәуелсіздік алған соң араға бір-екі апта салып, яғни 1992 жылдың қаңтарында жүгі ауыр жұмыс қарқын алды. Президент Жарлығымен арнайы комиссия жасақталды. Кейін жобаларға байқау жарияланды. Бес ай бойына жүрегі «елім» деп соққан талай адам өз талап-тілектерін білдіріп, нұсқаларын ұсынды. Сол қатардан Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уалиханов табылды. Олардың еңбегі терең талдаудан өтіп, 245 жоба ішінен үздік шықты.

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:

-Жоғары Кеңеске 10 күн қалған кезде осы гербті сессияға алып шығамыз деп, қаулы қабылдады. Сол талқылауда көптеген герб болды. Кешқұрым 11 жарым, 12-лерде қошқар мүйізді қойып қойып, бес жұлдызды қойып, қайтадан бояп, қайтадан жаңалап түнімен Жоғарғы Кеңестің төріне ілдік.

Мемлекеттік Туды таңдау да тартысты өткен. Комиссия қарауына 1200 жоба ұсынылған. Солардың ішінен Шәкен Ниязбековтің қиялы жүйрік шықты. Алтын күн мен алаулаған зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті, арман бүркіті қазақтың қыран көңілін, дархан да ақ жүрегін білдіреді. Сол пейіліміздің кеңдігі бүгінде бізді жеңіске жетелегендей.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұл әрбір азаматқа, санасы бар азаматқа қуат береді. Миллиондаған біздер тебіреніп, көзімізге жас келеді. Ол осалдықтың белгісі емес, жүректіліктің белгісі, жүректің сезімталдығының белгісі. Қайраткерлігінің белгісі.

Қазақтың туы көтерілмеген жер жоқ шығар?! Ғарышта да болды. Биік шыңға да шығарылды. Олимпиада тұғырында да тұрды. Жаһан елдерінде де желбіреді.

1992 жыл мен 2006 жыл аралығында «Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз» деп Әнұран айттық. Бірақ бұл әнді күллі бұқараның жүрегінен шығар үнге айналдыру қиындау болған сыңайлы. Міне осындай себептерге байланысты 2006 жылдың 6 қаңтарында жаңа Әнұран қабылданды. Сөйтіп, бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған әуен көгімізде әуеледі. Авторлары: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Шәмші Қалдаяқов.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Алтын күн аспаны, алтын дән даласы. Елдіктің дастаны, еліме қарашы. Жұмекен Нәжімеденовтің өзі жоқ. Мұрагері – жұбайы. Қуатты сөздерге ауыстырылып, Гимн қабылданды.

Жаңа Әнұранның қабылдануымен қатар, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері туралы» Заң да бекітілді. Ол құжатта нышандарды қолдану ережелері мен талаптары жазылған. Сол заңдылықтар бүгінде жаңарып, жанданып жатыр. Мәселен, бұрын сары тіпті қоңыр түсті елтаңбалар кездесетін. Шаңырақ артындағы көк аспанның өзі сұрғылт түске боялғаны болды. Енді ондайға жол жоқ. Рәмізіміз бірегей жылтыр алтын түсті әрі аспаны ашық көк болуы тиіс.

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:

-Параметрлері дейді, өлшемдері, пропорциялары бар, оны қалай болса, солай жасай салса, оныңмағынасы да кете бастайды. Әрбір элементін, әрбір бөлшегін, әрбір қиылысқан жерлерін, соның бәрін сақтай отырып, осы компьютерге енгізгеннен кейін барып, жасап шығардық.

Ескі Елтаңба мен жаңаның тағы бір айырмашылығы соңғысының бояуы қанық. Сондай-ақ арғымақтар мен шаңырақтың ірілігі байқалып, жұлдыз көрінісі айқындала түскен. Бастысы «Қазақстан» деген жазудың шрифті өзгерген. Яғни анық оқылады. Сондықтан Елтаңбаға тапсырыс беретін болсаңыз, осы талаптарға назар салыңыз. Және шығарылу мерзімін білу де өте маңызды. Себебі өндірушілер өнімге үш жылдық кепіл береді. Бұл рәміздің жоғары сапалы материалдардан әзірленіп, ұзақ қолданыста болуы үшін жасалған.

Михаил Скачков, Елтаңба шығаратын кәсіпорынның бас директоры:

-Қазақстанда Елтаңба шығару лицензиясымен 60-қа жуық мекеме жұмыс істеген. Әрбіреуінің өндірістік технологиялары әртүрлі, әрі өнімдерінің өлшемдері мен сапасы да әрқалай болғандықтан, жаңа стандарт енгізу шешімі шығарылды. 

Енді шілденің бірінен бастап, барлық мекеме елтаңбаның жаңа үлгісін ілуі тиіс. Жалған, жасанды рәміз орнатқандарға қомақты айыппұл салынады. Дегенмен, нышандарға деген құрмет заңнан да биік тұруы шарт. Өйткені рәміздер біздің бейнеміз бен елдігімізді  айшықтай түседі. Халық мұны үнемі жадында ұстап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауын тоқтатқан емес. Соның көрінісі рәміздердің 25 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде патриоттық шаралар бастау алды. Күні кеше сұлу Көкшеде 600 адам әнұранды орындап, көк туды көкте қалықтатты. Бұл мерейлі мерекенің басы ғана. Алдағы уақытта жастардың жігерін жанып, рухын көтеретін мерекелер легі жалғасты боларына шүбә жоқ.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Мырзабек Түсіпов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.