Хабар телеарнасы

Жеті күн 15.07.17

Сюжеттер
1. Сенімді серіктестік 2. ЕХРО-2017 3. Қауіпсіздік басты назарда
4. Елбасы қабылдауы 5. ҰҚК-нің құрылғанына 25 жыл 6. Алға басқан аймақ
7. Тағайындаулар 8. Рухани жаңғыру 9. Шетелде оқу тәртібі
   
10. EXPO: Балалар көзімен    

1. Сенімді серіктестік

«Біз дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз. Ақиқаттың ақ туын берік ұстаған хан Абылайдың бұл ойтолғамы Ұлы даланы мекендеген қайсар халықтың бітім-болмысын анық айшықтап тұр. Атырау мен Алтайдың арасындағы алып атырапта қалыптасқан осынау дара қасиетті бүгінгі ұрпақтың бұра тартқан жері жоқ. Бабалар даңқын бұлдап, сол көне сілемдердің негізінде жаңа тарихтың тараулары жазылып жатыр. Яғни біз – халықтық саясаттың мәртебелі мектебінен шыққан елміз».

 

Бұл турасында Елбасы «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында былайша сөз келтірген: «Ежелгі іздің сүрлеулері бізді жаңа заманның мінберінен сөз айтуға жеткізді. Демек саясаттың ең басты ұстанымы – бірлік».

 

Ол бірліктің аясын тарылтуға болмайды. Ол – қазақстандықтардың бірлігі. Ол – барша адамзаттың бірлігі. Саясатымыздың бір артық тұсы – осы.

 

Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 182 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынаста. Солардың ішінен ең деп ерекшелейтін сенімді серіктес елдердің бірі – Германия Федеративтік Республикасы. Ширек ғасырлық уақытта қазақ-герман байланысы болаттай беріктікке ие болды.

 

Елімізге инвестиция құю жөнінен Германия алғашқы ондыққа кіреді, ал сауда-саттық бойынша басты бестікте. Қазақ жерінде неміс капиталының қатысуымен 900-ден аса кәсіпорын жемісті жұмыс істеп жатыр.

 

Осынау ырысты ынтымақтастықтың негізі Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Германияға жасаған алғашқы ресми сапарында қаланған. Содан бері Мемлекет басшысы неміс жерінде сегіз мәрте болып қайтты. Әр сапар екі арадағы қатынасқа ерекше әл берді.

 

Атап айтар болсақ, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, қазақ-герман іскерлік кеңесі, Орталық Азиядағы герман экономикасының өкілдігі және Берлин Еуразиялық клубы сынды диалогтық алаңдар мен институттар қалыптасты.

 

Экономикалық байланыспен қатар, Қазақстанды мекен еткен және елімізден Германияға қоныс аударған этникалық немістер мәселесіне де айрықша мән беріледі. Себебі олар – екі тарапты жақын ете түсетін бірден-бір алтын көпір.

 

Жиырма бес жылда қалыптасқан етенелікке енді жаңаша екпін берілмек. Осы аптада Германияның он екінші Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Астанада ат байлаған болатын. Бұл – оның Президент ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы қадамы. Сондай-ақ ол EXPO-2017 көрмесі аясында Германия күнінің өтуімен әрі қазақ-неміс дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Символдық мәнге ие болған сапар барысында бірнеше құжатқа қол қойылған. 

 

Қазақстан-Германия дипломатиялық қарым-қатынасы орнағалы ширек ғасыр. Түрлі салада байланыс нығайды. Ендігі меже – ынтымақтастықты арттырып, жаңа жоспар түзу. Бұған Германия Президентінің қазақ еліне сапары тың серпін берері анық.

 

Наурыз айында Германияның Президенті болып тағайындалған Франк-Вальтер Штайнмайер ТМД елдері ішінде бірінші Қазақстанға сапарлады. Бұған дейін сыртқы істер министрі қызметін атқарған тұста Нұрсұлтан Назарбаевпен жиі кездесіп, пікір алысқан. Елбасы екеуара кездесуде танымал саясаткердің ел тізгінін ұстағанын құп көріп, неміс халқы таңдауының дұрыс болғанын айтты.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Я рад возможности лично поздравить вас с избранием на должность президента страны. Вы являетесь уважаемым, известным всему миру политиком, и думаю, что германский народ в вашем лице обрел очень авторитетного президента. Германия – крупнейшая страна, крупнейшая экономика мира, и нам очень приятно, что мы являемся хорошими партнерами вашей страны. И мы заинтересованы развивать отношения по всем направлениям. Мы давно с вами знакомы. Сотрудничаем. Всегда были приятны наши встречи. Обсуждали разные вопросы.


Германия – біздің елдің Еуропадағы бірден-бір сенімді серіктесі. Қазақстанда 900-ден астам компания жұмыс істейді. Мемлекетке 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйған.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Нам очень приятно, что мы являемся хорошими партнерами вашей страны. Сейчас есть новая программа нашего сотрудничества, мы заинтересованы развивать эти отношения по всем направлениям. Сейчас проходит деловой совет в рамках вашего визита. Подписывается около 20 соглашений между бизнес-структурами.


EXPO-2017 көрмесінің Германия үшін маңызы ерекше. Себебі бұл ел жаңартылған энергия көздерін 30 пайыздан асырған. 2050 жылы баламалы қуат көрсеткішін 80 пайызға жеткізуге ниетті.

 

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия Федеративтік Республикасының Президенті:

-Құрметті Президент, Сізге жылы қабылдап, достық лебіз көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Ширек ғасыр бойы біз жарасымды байланыс орнатып, дипломатиялық қарым-қатынасты үздіксіз дамытып келеміз. Осы уақыт аралығында қос елдің арасындағы экономикалық, гуманитарлық, мәдени байланыстарымыз нығая түсті. Оның жарқын көрінісі – EXPO-2017 көрмесіне германиялық компаниялардың белсене қатысуы. Мен EXPO-дағы Германияның ұлттық күні менің ресми сапарыммен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын.


Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жуықтаған. Германия Еуроодақ елдері ішінде біздің елмен сауда жасау көрсеткіші бойынша төртінші орында. Биылғы 4 айдағы алыс-беріс көлемі 553 миллион долларды құраған.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мы продолжаем эту работу, наращиваем объемы наших отношений. Мы обсудили возможность участия германского бизнеса в использовании передовых технологий в процессе индустриализации Казахстана. Ключевое внимание отводится эффективной реализации соглашения о партнерстве в сырьевой, промышленной, технологической сферах, которые у нас есть. Надо усилить взаимодействие в рамках приватизации, подготовки профессионально-технических кадров. Важно активизировать двустороннее сотрудничество в энергетике, сельском хозяйстве, транзитно-транспортной сфере. Учитывая выгодное географическое положение, мы намерены объединить усилия по продвижению сухопутной доставки грузов через Азию от Китая до Германии.


Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия Федеративтік Республикасының Президенті:

-Жібек жолы арқылы тауарлар ғана емес, интеллектуалды идеялар да таралды. Сондықтан біз алдағы уақытта аталған жоба Батыс пен Шығысты жақындастыра түседі деп сенеміз. Осы орайда Қытай мен Еуропаның арасында жатқан Қазақстанның атқарар рөлі зор.


«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында өзара әріптестік нығайды. Германия бұл бағытта Қазақстанды тұрақтылықтың мекені ретінде айрықша жоғары бағалайды. Қауіпсіз әрі сенімді байланысты алдағы уақытта арттыра түсуге мүдделі.

 

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия Федеративтік Республикасының Президенті:

-Қазақстан үшін Орталық Азияда сыртқы саясатты жүргізу оңай емес. Мен оны ылғи айтамын. Себебі екі жақтағы көршілермен тіл табыса білу керек. Негізі біз Қазақстанды осы аймақтағы тұрақтылық пен тыныштықтың мекені ретінде жақсы білеміз. Бұл ретте сіздердің ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өңірді құру жолындағы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Соның арқасында саяси-экономикалық дамуға да жол ашылады.


Қазақстан бейбіт бастамалары арқылы әлемге танылды. Таяу Шығыста тыныштық орнауын көздеген бірден бір ел екеніміз де рас. Нақтырақ айтсақ, Сирия мәселесін шешуге бағытталған келіссөздер Астанада өтті. Нәтижесіз емес. Оның сыртында сол елге гуманитарлық көмек көрсетіп, көпке үлгі танытты. Мұны төрткүл дүние біледі. Сол себепті біздің мемлекеттің әр ісіне сенеді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Благодаря поддержке Германии и личным усилиям господина Штайнмайера была принята первая стратегия Европейского союза по Центральной Азии на 2007-13 годы, а также запущена водная инициатива для нашего региона. Выражаем признательность вам и вашей стране за ратификацию соглашения о расширенном партнерстве Казахстана с ЕС. Мы высоко оцениваем роль Германии в мировой политике, в частности, недавно принимавший в Гамбурге саммит «Большой двадцатки». Естественно, мы обсуждали проблему в Украине, на Ближнем Востоке и затронули тему гуманитарно-культурных отношений, расширения Казахстанско-Немецкогоуниверситета, подготовки кадров.


Әріптестік әр салада өрістей түседі. Бұл жолы жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын 20 келісімге қол қойылды. Демек, екі елдің ресми билігі ғана емес, іскер топ өкілдері де белсенді.

 

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков Президент ТРК көмегімен


2. ЕХРО-2017

Іскерлік қатынастың ілгері басқандығына бірден-бір дәлел – Германия ұйымдары мен компанияларының EXPO-2017 көрмесіне белсенді қатысуы. Көрме алаңын көргендер біледі: немістің әйгілі брендтері өз бұйымдарын шараға арнайы шақтап әкелген.

 

Ақордадағы кездесуден соң, Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен Астана EXPO-2017 көрмесіне барды. Елбасы мәртебелі мейманды қалашық аумағында аралатып, аз ғана уақытта салынған керемет ғимараттармен таныстырды.

 

Президенттер неміс халқының ұлттық павильонына аялдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына әріптесі алдымен көлік және тұрғын үй саласындағы тәжірибелерін ұсынды. Жалпы бұл мемлекет жаңа технологияларды енгізу бойынша әлемде көш бастап тұр. Оған «Индустрия 4.0» бағдарламасын елден бұрын бастаулары дәлел. Осы бағдарлама аясында жүзеге асқан жобаларды «Болашақ қаласы» және «Болашақ картасы» аталатын көрме алаңдарынан көруге болады. Айта кетейік, бұл павильон EXPO-2017 қалашығындағы ең көрнекті әрі ауқымдыларының бірі саналады. Жалпы аумағы шамамен 1 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұндағы 4 бөлімнен тұратын стэнд немістердің баламалы қуат көзін қалай пайдаланатыны туралы ауқымды ақпарат беріп тұр. Сонымен қатар жұртшылық назарына Германияда өндірілген озық үлгідегі электромобильдер ұсынылды. Яғни павильон «Өндірілген энергияны үнемдеу және сақтау» тақырыбына сай жан-жақты мән-мазмұнға ие. Осы және өзге де қызықты көріністерді тамашалаған Елбасы германиялықтардың тәжірибесін ерекше бағалап, құрметті қонақтар кітабына ізгі ниетін қалдырды.

 

Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Франк-Вальтер Штайнмайер бастаған неміс делегациясын өзі тізгіндеген электрокармен «Нұр Әлем» павильонына алып барды. Мұнда құрметті қонақтар еліміздің терең тарихы мен бай мәдениетін интерактивті экспозициялар арқылы тамашалап, ерекше әсерге бөленді. «Нұр Әлем» – жер шары іспеттес әлемдегі бірегей нысан. Оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр. Сфера «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты басты тақырыптарды қамтиды. Неміс делегациясы мұнда еліміздің табиғаты, мәдениеті және тарихы туралы мол мағлұматқа қанықты. Сондай-ақ Қазақстанның өткені мен болашағын бағамдады. Нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген. Қазақстандық павильонның ерекше көріністеріне куә болып, қайран қалған Германия Президенті құрметті қонақтар кітабына жылы лебізін жазып қалдырды.

 

3. Қауіпсіздік басты назарда

Болашақ қуатының бір қайнар көзі – атом энергиясы. Тек оны бейбіт жолмен өндіру қажет. Ал оның кілті масса мен энергияның өзара байланысында. Бұл заңдылықты енгізген Альберт Эйнштейн еді. Демек, атаулы екеуінің адамзат өмірінен алар еншісі мол.

Ал олардан кейінгі орында қандай зат тұр? Бұл сауалға француз философы Поль Вирильо жауап беріпті. Ол «ақпаратты» алға тартқан. Онысы да орынды шығар?!

Қазіргі жаһанданған заманда елдердің мемлекеттік шекарасы болғанымен, ақпараттық шекарасы жоқ. Сондықтан сырттан келер ақпараттық-идеологиялық қауіп-қатерге қарсы тұру – өте қиын шаруа.

Бұл мәселе осы аптада Ақордада айтылды. Анығы Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында қиберқылмыспен күрес және терроризмнің алдын алу жайы жіпке тізілді. Мемлекет басшысы ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы тұру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте биылғы Жолдау жүктеген міндеттерді мінсіз атқарудың маңыздылығы зор. Себебі сандық технологияларды дамыту арқылы ғана ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізуге болады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар адам мен мемлекет тіршілігінің мызғымас бөлігі болды. Пайдасы да, келтіретін зияны да бар. Ғылыми табыстарды, жетістіктерді пайдалана отырып, әскери, саяси салада, тіпті өнеркәсіптің өзіне тиісті жағдайлар бар. Оны барлығымыз білеміз. Айтып жатудың қажеті жоқ. Солай ғой?! Киберқауіпсіздіктің зияны бізге ғана емес, Америка сияқты мемлекеттің өзіне тиіп отыр. Ресейге шабуыл жасалып жатыр.


Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі және әлемдегі террорлық топтардың лаңкестік әрекеттерін тілге тиек етіп, оларға қарсы тұруға бағытталған жұмысты бір жолға қою қажеттігін айтты. Кездесу соңында жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Әлемде болып жатқан соңғы оқиғалардың барлығын өздеріңіз білесіздер. Еуропада, барлық жерлерде лаңкестердің істеп жатқаны бар. Біздің Ақтөбеде, Алматыда болды. Оның бәрін қарадық. Қазір не істеп жатырмыз? Соны қарадық, болдық деп отырмыз ба, әлде ары қарай жұмыс істейміз бе? Осы мәселені қарайтын боламыз. Сондықтан жұмысымызға кірісейік.


Қазіргі соғыстың сыйқы басқа. Гибридті – ол. Яғни әркімнің қойынына «тыққан тасы» бар. Сол тастың қай тасадан келіп тиерін, ешкім болжап білген емес. Тосыннан топалаң салғанын талай көрген біздің әлем. Сондықтан қорғанымызды қуаттап отырғанымыз өзге емес, өзімізге жақсы.

 

Осыны мақсат еткен Елбасы бір жыл ілгеріде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құрған болатын. Осы аптада Мемлекет басшысы атаулы министрліктің тізгінін ұстаған Бейбіт Атамқұловты қабылдап, жылдық жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Танысып қана қоймай, маңызды міндеттер де жүктеді. «Қарулы Күштерімізге қажет қару-жарақ ел ішінде шығарылуы керек», – деді Президент. Сонымен қатар аэроғарыш қызметін дамыту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да осы министрліктің мойнында екенін ескертті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрылғанына бір жыл болды. Бір жыл аз уақыт емес. Негізгі мақсат – біздің әскерімізге керекті қару-жарақты өзімізде шығару. Ол оңай мәселе емес. Сол өндірістер арқылы ғылыми-техникалық прогресс жағын ұйымдастыру және оны өндіріске үйрету. Екінші – ғарыштық мәселе. Үшінші – кейбір апаттарға қарсы жұмыс істеу. Істеліп жатқан ең негізгі шаруалар осы. Бұрында әр мекемелерде істеп жүрді. Енді бір министрлік құрылды. Бұл министрлік өте мықты, ғылым мен техниканың ең ұшында тұратын министрлік деп санаймын.


Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

-Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, министрлік Сіздің Үшінші жаңғыру бойынша Жолдауыңызды іске асырып жатыр. Аз уақыттың ішінде қорғаныс өнеркәсібі және аэроғарыш саласында бірқатар нәтижеге жеттік. Қорғаныс өнеркәсібі кешенін, кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту және өнімін экспорттау бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырдық, оны іске асыруға кірістік.


«Кең жерде тар отырсаң, тар жерде кең отырарсың» деп бағзыда айтқан біздің халық. Сондықтан сақтықты сайлап, бес қаруды майлау естен шықты деп елеңдеміз. Егемендікті еншілеп, етек-жеңді жыя сала мемлекеттің қолға алғаны – Қарулы Күштердің қуатын арттыру. Арттырды да. Қазір қорғаныс саласының өндірісі өркендеп келеді.

 

Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен 2003 жылы «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы құрылған. Қазір оның қарамағында 27 кәсіпорын бар.

 

Олардың жетістігіне «Кадекс» көрмесінде көзайым болғансыз. Айтулы шарадан кейін «Арлан», «Барыс» сынды атына заты сай ұрыс техникаларына сұраныс артқан.

 

Қазақ армиясының қарымына көпшілік куә. Әскери шеруден көреді. Оқу-жаттығулардан байқайды. Ал енді Отанның берік қалқаны Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне келсек, ондағы жауынгерлердің еңбектерін елеу жалпы жұртқа қиын. Өйткені олар жасырын жүріп, жауды жайратады. Осындай ауыр жүкті арқалаған дербес құрылымға 13 шілде күні 25 жыл толды. Айтулы датаға орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оған Елбасы арнайы қатысты.

 

4. Елбасы қабылдауы

 
Шара басталмас бұрын Мемлекет басшысы ТМД елдері мен жүздесті. Əңгіме барысында Қазақстан Президенті өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайын сөз етті. Анығын айтқанда, халықаралық деңгейде арнайы құрылымдардың ынтымақтастығын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Себебі жаһандағы қазіргі ахуал жұмыла атқарған жұмысты қажет етеді. Кездесу соңында Елбасы салтанатты жиынға қатысқандарға алғыс айтты.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Все мы друг друга давно знаем. Президенты ваших стран – близкие для меня люди, и все вопросы мы решаем сообща. Приехали, посмотрите Астану, побываете на ЭКСПО. Думаю, много впечатлений получите. Передайте моим коллегам, президентам, низкий поклон. Мы всегда будем все делать, чтобы было хорошо всем. Надеемся на дружбу и тесное сотрудничество с нашим комитетом.
 
Әрбір бейбіт күннің артында тәуліктің 24 сағатында талмай кезекшілік етіп, дұшпанға қарсы тойтарыс берген жауынгерлердің ерен ерлігі тұр. Оны көзбен көріп, құлақпен есту мүмкін емес. Өйткені ақпарат айтыла бермейді. Барлығы – құпия. Жиырма бес жылдық мереке қарсаңында ғана азын-аулақ дерекке қол жеткіздік.
 
 

5. ҰҚК-нің құрылғанына 25 жыл

 
Соңғы он жылдың өзінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің терроризмге қарсы қызметі 100-ге жуық лаңкестік әрекетті тұсаулапты. Тыныштық жолында тындырылған іске Елбасы өз бағасын беріп, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. 
 
Назерке Әбдірахманқызы, тілші: 
-Әдетте осындай шаралар кезінде тыңбай еңбек ететін Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері – салтанаттың басты кейіпкерлері. Қызметтен бір сәт қолы босамайтын мамандар кәсіби мерекеде әріптестерімен суретке түсіп, ерекше көңіл-күйде жүр. Көзге көрінбейтін майданның жауынгерлерін құттықтауға Елбасы арнайы келді. Мемлекет басшысы ширек ғасыр ішінде тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздік органы құрылғанын жеткізді. «Бұл жауапты міндетке мықты әскери дайындықтан бөлек, елі үшін күйіп жанып, Отаның жан тәнімен сүйетін азаматтар ғана қабылданады», – деді Президент. Осындай қатаң талаптан сүрінбей өтіп, міндетін мүлтіксіз орындау жолында қаза тапқан жауынгерлер де аз емес. Олардың қызметі құпия болғандықтан ерең еңбегін көпшілік біле бермейді. Бірақ елім деген ерлерді елі де ұмытпайды. Шара кезінде бақилық болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
 
«Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында егемендік алған 25 жылда экономикалық өсім көлемі 25 есеге артты. Халықтың табысы 21 есеге ұлғайып, кедейлік көрсеткіші 48-ден 3 пайызға дейін төмендеді. Бұл – мұқым қазақ елінің еңбегінің жемісі», – деді Елбасы. Мызғымас бірлік пен халықтың ұйысқан тірлігінің арқасында осы күнге жеттік. Алайда біздегі тұрақтылықты көре алмайтын көздер көп. Бірақ елге қалқан болатын арда азаматтар барда ел тыныштығын ешкім бұза алмасы анық.
 
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ел ел болу үшін, тәуелсіздігіміз мықты болу үшін еш уақытта біз тыныш жатпауымыз керек. «Үй өзімдікі деме, үй сыртында бөрі бар» деген қазақта сөз бар. Ол сіздер үшін айтылған. Әр уақытта біздің елге, байлығымызды, тұрақтылығымызды, Қазақстанның бүкіл дүние жүзіндегі абыройына қызғанатын адамдар аз емес. Досымыз да көп. Жаманшылық ойлайтын адамдар да бар. Өкінішке қарай, ішімізде де, сыртымызда да кезедеседі. Сондықтан осының барлығы Конституциялық біздің жүйемізді сақтау, мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау сіздерге жүктеледі. Сондықтан мен комитет қызметкерлерінің барлығына жеке басым сенемін. Жұмыстарын оңай емес. Өздеріңе, жанұяларына ең ізгі тілегімді білдіремін. Аман сау болыңыздар! Елді қорғаңыздар! Абыройлы болыңыздар!
 
Қызметтік міндетін орындау кезінде қырағылығымен көзге түскендерге Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалар табыстады. Елі үшін жанын қиған батыр Ерқанат Сағатұлы 2-ші дәрежелі Айбын орденін тағар еді. Әттең бұйырмады. Көзсіз ерлік көрсеткен қаһарманды марапат алған жары ғана емес, баршамыз мақтан тұтамыз. Ал Капитан Жандос Омарәлиевтің де ерен ерлігі – көпке үлгі.
 
Жандос Омарәлиев, ҚР ҰҚК ШҚО бойынша департаменті басқармасының жедел уәкілі:
-Құрметті Елбасы, мен мұғалімдер жанұясында тәрбие алдым. Отанға деген сүйіспеншілігімнің негізінде қауіпсіздік саласын таңдадым. Бүгін Сіздің қолыңыздан мемлекеттік награда алу – мен үшін үлкен абырой. Осы сәтті пайдалана отырып, өзімнің ата-анамның және ҰҚК ШҚО бойынша департаменті ұжымының атынан Сізге рахмет айтамын. Еліміздің қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етуге міндеттенемін.
 
Сандық технологияларға көшу кезінде кибершабуылдар жиілей түседі. Мемлекет басшысы осыған дайын болу керектігін ескертті. Жаһандық терроризм, есірткі тасымалы, ақпараттық арандатушылық сынды қауіп-қатер тағы бар. Демек, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті кез келген күрделі міндеттерді орындауға әзір болуы тиіс. Бүгінде комитеттің барлық бөлімшелері заманауи қару-жарақ, техника үлгілерімен жабдықталған. Үкіметтік байланыс, шекара, арнайы мақсаттағы «А» қызметінің жауынгерлері күн-түн демей аса күрделі әскери міндеттерді орындауға қабілетті.
 
Болат Закиев, Генерал-лейтенант:
-Міне, қазір 25 жыл толып жатыр. Әрине, ауыз толтырып айтатындай біздің ҰҚК істері көп. Бірақ уақыты келгенде, ол да айтылатын шығар. Бірақ сол қызметтің ең бірінші көрсеткіші – менің ойымша елдегі тұрақтылық.
 
Салтанатты шара соңында Елбасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті басшылығымен естелік суретке түсті.
 
Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Бақтия Ырза, Айдос Меделбеков ПТРК көмегімен 
 
 

6. Алға басқан аймақ

 
Дау жоқ, елдегі барлық өсіп-өркендеу күштік құрылымдардың күштілігі арқасында жүзеге асып жатыр. Өйткені олар – тұрақтылық пен тыныштыққа кепіл. Ал тұрақтылық пен тыныштық болмаған жерде даму дегенді ұмыта беріңіз. Бейбіт өмірдің нәтижесінде ел еңсесін тіктеп, халқымыздың саны қайта өсімге бастады. Қазір он сегіз миллионнан астық. Демографиялық ахуал ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
 
Есесіне балабақша тапшылығы дейтін тағы бір мәселе туындады. Мұны шешу – жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әзірге Шығыс Қазақстан облысы өзгелерді шаң жұттырып тұр. Аймақта бүлдіршіндердің 99 проценті балабақшамен қамтамасыз етілген. Бұл ақпарат Елбасының күні кеше Өскеменге жасаған сапарында айтылды.
 
Облыс тағы қандай салалар бойынша алда тұр? Президент неліктен шығыс өңірін жақсы көреді? 
«Нұрлы жол» саябағы. Ел Президентінің сапары әуелі осы парктен басталды. Бұл көрікті орын бюджеттің емес, жергілікті кәсіпорындардың қолдауымен бой көтерді. Олар 6 айда құрылысты аяқтады. Бұл бизнесмендердің өскен өңіріне деген құрметі болса керек. Осыдан-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген тапсырманың орындалу барысын көреміз.
 
Сәкен Сейітханұлы, тілші:
-Қаланың оңтүстік-шығысында салынған бұл саябақ ерекше инфрақұрымдық маңызға ие. Әрине, шығыс бөліктің таңдалуы да бекер емес. Өйткені соңғы 5 жылда Өскемен осы бағытта дамып келеді. Президент аралап көрген бұл парк алдағы уақытта жайқала түседі. Нақтырақ айтсақ, саябақ төңіргінде көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтермек.
 
Елбасы саябақты аралау барысында Шілікті, Берел қорғандарында жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесін көрді. Сақ дәуіріне жататын бұл жәдігерлер тарихи маңызға ие. Бір мысал. Былтыр Берелдегі қорғаннан алтынмен апталып, күміспен күптелген 7 ат және сақ патшасы табылған. Дәл сол қорған бүгінде аспан астындағы музейге айналды. Бұл игі істер Президентке баяндалды.
 
Көне тарихтың жан-жақты насихатталуын тапсырған Елбасы одан кейін аймақтағы кәсіпкерлермен жолықты. Бәрі –мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін іскер азаматтар. Олар өңірдің өрге басуын ілгерілетіп, түрлі нысандар мен инфрақұрымдардың жаңғыруына үлес қосып жүр.
 
Тұмса табиғатпен астасқан саябақты аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің белсенді азаматтарымен де кездесті. Олар әңгіменің әлқиссасын EXPO-2017 көрмесінен бастады. Дені игі шараны өз көздерімен көрген. Сондықтан алған әсерлерін қуана-қуана сөз етті. Сонымен бірге ел ағалары аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Себеп жоқ емес. Соңғы жылдары өңірдің бюджеті өсіп, әлеуметтің әлеуеті едәуір артқан.
 
Кездесуде Президент облыстың экономикалық-әлеуметтік даму қарқынына тоқталды. Әсіресе білім мен денсаулық сақтау саласындағы мәселелер шешімін тапқанын айтты. Шығыс Қазақстан облысы елімізде бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуда 99 пайызға жетіп, бірінші орында тұр. Осыдан-ақ мемлекеттің өңірге жасаған қолдауы анық аңғарылады.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Это – индустриальный край. Я люблю Восточный Казахстан за то, что здесь основа индустрии. Металлургия, химия, цветные металлы и сельское хозяйство, гидроэлектроэнергия, машиностроение – всё здесь есть. Здесь есть переработка урана и руды, металлов. Область развивается. В бюджете области 430 млрд тенге. 53% идет на социальные нужды, ежегодно растут затраты на медицину, образование. На 99% обеспечены детскими садами, это первое место в Казахстане!
 
Бұл – көпсалалы іс-тәжірибелік шаруашылығы. Серіктестік асыл тұқымды мал өсіріп, дәнді және майлы дақыл тұқымдарының бірнеше сұрпын өсіреді. Облыстағы тіпті еліміздегі егін өсіретін ірі шаруаларға тұқымдықтар береді. Тек соңғы үш жылда бидай, күнбағыс, соя тәріздес дақылдардың жаңа сұрпын шығарған. Нәтижесінде өнім түсімі 5-тен 10 есеге артты. Шаруашылық былтыр 600 бас ірі қара арналған сүт фермасын салды. Ол үшін мемлекет жеңілдетілген пайызбен 417 миллион теңге несие берді. Бұл үкімет көрсеткен қолдаудың бір парасы. Ал кооперацияға біріккен шаруалар бұдан үлкен демеуге ие.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Кооперативы сейчас развиваем. Почему? Потому что в Казахстане есть мясокомбинаты, молокозаводы, и они не загружены. Загружены у нас 30-40%. Сырье-то есть, а вот взять и привезти, отдать. Крестьянин должен произвести продукцию, должен рассчитаться, отправить и сидеть спокойно. Если мы кооперацию разовьем, это будет нормально работать между городом, потреблением и вами, развиваться и так далее.
 
Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім бүгінде ел экономикасының 5 процентін құрайды. Сондықтан Президент бұл бағыттағы жұмысқа қарқын беріп, әлеуетін әлдендіруді тапсырды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 
-Сельское хозяйство дает меньше 5% экономике. Так не должно быть. У нас столько земель. Потому что нет переработки. Продаем дешевое сырье. Пшеницу возим, можно было бы переработать, макароны продавать. Мясо не перерабатываем до конца. Молоко не перерабатываем. Масличную культуру и овощи не дорабатываем. Поэтому переработка продукции сельского хозяйства встала на первое место. Рынок идет, спрос есть, значит, надо наращивать. Сельское хозяйство будет одним из лучших бизнесов в стране. Запомните. У нас 45 млн пашни. Используется под пшеницу всего 12 млн. Не вкладываем минеральные удобрения. Не защищаем растения. Соседний Китай на таких землях каждый получает 25 центнеров. А мы за 13 радуемся. Чем мы хуже? Мы лучше.
 
Отандық өнімге қазір барлық елдің нарығы ашық. Бұл келісімдерге қол жеткізуде Ел Президентінің еңбегі ерен. Жаһанның дамыған елдеріне жасаған сапары аясында осы маңызды мәмілелерге қол жеткізді. Енді мүмкіндікті отандық тауар өндірушілер тиімді пайдаланып, шаруасын шалқытуы тиіс.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-От Астаны до Усть-каменогорска будет автомобильная дорога - автобан, который между Китаем и через весь Казахстан. До Павлодара уже дошли? Между Павлодаром и Семеем сейчас. Дойдет в следующем году. Потом от вас уйдет в Алмату автомобильная дорога и это дает возможность ездить продавать, покупать по нормальному автобану, такому как мы на западе ездим.
 
Рас. Астанадан басталған жол құрылысы қазір Павлодарға жетті. 2019-ға жылға дейін Өскемен тұрғындары бас қалаға баруға бас ауырпайды. Тегіс жолмен қатынайды, тауар апаруға да кедергілер болмайды. Демек, өңір өркендеп, ілгері баспаса, кейін кетпесі анық.
 
Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков

7. Тағайындаулар

 
Осы сапармен орайлас келген тағы бір ақпарат. Осы аптада Мемлекет басшысы билікте біраз ауыс-түйіс жасады. Анығы Президент Жарлықтары негізінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары тағайындалды. Олар: Сәуле Айтпаева, Владимир Волков, Бақытжан Жұмағұлов, Талғат Мұсабаев. Ал бұрынғы сенаторлар Нұртай Әбіқаевтың, Икрам Адырбековтің, Мұхтар Алтынбаевтың, Людмила Полторабатьконың өкілеттіктері тоқтатылды. Сонымен қатар Елбасының Өкімімен Талғат Мұсабаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметінен босатылды.
 

8. Баянауылға шетелдіктер көп келеді

 
Жаңа қызметке тағайындалғандардың барлығына ортақ бір міндет белгілі. Ол – экономикалық, саяси және рухани жаңғыруларды іске асыру барысына бір кісідей атсалысу. Әсіресе рухани жаңғыруда барлық қазақстандық жұдырық болып жұмылмай, жұмыс жемісті бітпейді. Себебі бұл – қоғамдық сананың жаңғыруы. Осы аптада қандай жұмыс тындырылды? 
 
Қазақстан биыл «Нью-Йорк таймстың» рейтингі бойынша, саяхаттау үшін ең қызықты елдердің қатарына кірді. Сондай-ақ еліміз саяхат пен туризм саласының бәсекеге қабілеттілігі жағынан төрт сатыға көтерілді. Биыл шетелдік туристер ерекше көп келеді. Олар баратын тарихи маршрутқа Қазақстанның жауһарларының бірі Баянауыл да кірді. Отандық туризмді дамытуға қосымша қаржы көздерін табу мақсатында 2017 жыл Баянауыл жылы деп жарияланды. Биыл өңірге рекордтық қаржы бөлінді. 6 млрд теңге ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге жұмсалмақ. Былтыр мұнда 153 мың турист келсе, осы жылы бұл сан үш есе көп болмақ.
 
Оразгелді Қайыргелдинов, Баянауыл ауданының әкімі:
-Сабындыкөлдің басында балаларға демалатын, әрине, ата-аналарымен бірге демалатын бір демалыс үйін ашу деген жоспар тұр. «200 орындық жасаймын» деген Астанадан инвестор келіп, жер мәселесі бар, техникалық пайдалану проблемаларын шешетін болса, онда сол жұмыс әрі қарай жүреді.
 
Жасыбай көлін жайлаған демалыс нысандары көркейе түскен. Жағалау да адам танымастай өзгерді. Субұрқақ орнатылып, шамдар мен дүкендер жаңарды.
 
Күнішай Шайзада, турист:
-Керемет өзгеріс! Жылдан жылға біздің табиғатымыз әсемделіп, әдеміленіп келе жатыр. Осындай демалыс орындары көбейе берсе, біздің Жасыбай, басқа да жерлерде демалыс орындары өте көп.
 
Туристерді қызықтыратын тағы бір тарихи әрі киелі жер – Шығыс Қазақстан өңірі. Облыста қазір тарихи кешендер мен көне ескерткіштер жаңартыла бастады. Археолог-ғалымдар, тарихшылар мен өлектанушылар бар арнайы комиссия негізгі 9 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұндағы киелі жерлердің бірі – 18-ғасырда өмір сүрген «Ырғызбай әулиенің» кешені. Жылда алыс-жақын елдерден 5 мың адам келеді. Енді ол Оңтүстіктегі Түркістан тәрізді дамытылмақ.
 
Болат Тағабай, «Ырғызбай» тарихи кешенінің директоры:
-Қазір мемлекеттік мекеме құрылады. Жарық тартылады. Жолдар жөнделеді. Осының бәрі халқымызға керек.
 
Армангүл Семжанова, тарих пәнінің мұғалімі:
-Келген шетелдіктер көбінде таң қалып жатады ғой. Бір Қазақстанның өзінде қаншама тарихи орындар бар. Ал енді бұл – біздегі ұлттық байлықтарымыздың ежелден сәулет ғимараттарының, ұлттық ғимарат орындарының ежелден қанат жайғандығының белгісі.
 
Еліміздегі тарихи кешендер картасына шығыстан 20 кесене енді. Электронды картада ол жерлердің инфрақұрылымы, жолдың қашықтығы мен көрсетілетін қызметтері туралы жазылған. Бұл киелі орындар туралы халықтың мағлұмат алып, тарихи орындарға туристер тарту үшін жасалды.
 
Еліміз киелі орындармен қатар, қайырымды адамдарға да бай. Ата-әкесінің ұлағаттары сөздерін құлағына құйып өскендердің бірі қостанайлық Мәди Ихтиляпов: «Туған жерді түлету – перзенттік парызым», – деп біледі. Бүгінде ол басқаратын Шолақсай шаруашылығының тұрмыс тіршілігі көпшіліктен көш ілгері. Айтпақшы, еліміздегі ең арзан нан осы Шолақсайда. 850 грамдық бір бөлке 25 тенге тұрады. Ал балабақша үшін айлық төлемақы – бір бүлдіршінге 2 мың теңге. Қалған шығын шаруашылық есебінен. Онда 50 бала тәрбиеленеді. Басқа өңірден көшіп келген мамандарды да жергілікті халық жатсынбапты.
 
Нұрлан Әдірбеков, Шолақсай ауылының тұрғыны:
-Қалай болады екен, не болады екен деп, ойланып келдік, енді шет жақтан келіп жатырмыз, өзіміз жаспыз. Алайда қазақтың дархандығы сондай, бізді құшақ жая қарсы алды. Сондықтан бұл елге сіңісіп кету, жұмыс істеп кету ешқандай қиындық тудырған жоқ.
 
Мәди Ихтиляпов, шаруашылық басшысы:
-Артымда тұрған мынау өзім бітірген мектепке жағдай жасамасам, ертең кішкентай білдіршіндер қайда барады? Мектептер болмаса, жастар ауылға келмесе, ауылдың болашағы болмайды. Сондықтан жастарға жағдай жасау керек.
 
120 жылдық тарихы бар елді мекенде мәдениет үйі мен мұражай сияқты әлеуметтік нысандар да тұрақты жұмыс істеп тұр. Айта кетелік, жақында Шолақсайдан жүз адам EXPO-2017 көрмесін тамашалауға Астанаға аттанды. Бұл да Мәдидің өз ауылдастарына деген сыйлығы.
 
Атыраулық өлкетанушылар да еліне зор сыйлық жасады. Жергілікті археологтар Қызылқоға ауданындағы қазба жұмыстары кезінде көне сармат қорғанын ашып, көптеген құнды жәдігер тапты. Ол бұйымдар Каспий маңы ойпатында біздің дәуірімізге дейінгі 2-ғасырда өмір сүрген сарматтар тайпасының жоғарғы мәдениеті мен дамыған қолөнерінен сыр шертеді.
 
Айбек Тұрарұлы, Атырау тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы:
-Миялы қорғанынан табылған, көшпенділердің атақты аң стилі дәстүрінде жасалған қазаны. Мұндағы тұтқада жылқы бейнесі, сондай-ақ киік тұқымдастар бейнесінде жасалған. Бұл – сол кездегі ұсталық өнердің жоғарғы дәрежеде болғанын байқатады.
 
Тағы бір назар аударары, қорамса мен жебелер сармат әйелі жерленген қорымнан шықты. Бұл – заманында ерлермен қатар садақ тартып, саятшылық пен соғысты өткерген әйелдердің өз қоғамындағы рөлін анықтайтын фактор. «Жалпы Атырау облысында зерттеуді қажет ететін әлі де 100-ге тарта көне қорым бар», – дейді мамандар.
 
Сарматтар қорымы батыста да табылды. Сан ғасырдың құпиясын сақтап, қалғып жатқан қорғандар Орал өңірінде аз емес. Солардың бірі – Теректі ауданындағы Тақсай кешені. 2012 жылы осы жерден «Алтын ханшайым» табылғалы бері мұнда археологиялық жұмыстар тоқтамаған. Диаметрі 44 метрлік оба – кешендегі зерттеуге іліккен үшінші нысан. Айналасынан жылқы сүйектері табылған. Ортасы қызыл саздан күйдірілген. Соған қарап мамандар біздің дәуірімізге дейінгі сарматтар мәдениетіне қатысты екенін болжайды.
 
Яна Лұқпанова, археолог:
-Қай жылы, қай заманның обасы десек, ерте темір дәуірінің обасы. Қай ғасырға келетінін жерленген жерін ашқанда, сонда айтып береміз. Тарих үшін тоналмаған оба деп үміттенеміз.
 
Тарихқа «Тақсай ханшайымы» деген атпен енген «Алтын адам» осындағы бірінші обадан табылған. Оның ғылымға әкелген жаңалығы өлшеусіз. Ерте дәуірдегі көшпелілер өркениетінің жетістігін паш етіп, Еуразия құрлығында халықтар көші-қонының шығыстан батысқа жүргенін көрсетті.
 
Ал Маңғыстау облысында жүз миллион жыл бұрын тіршілік еткен алып жануардың қаңқасы табылды. Бауырмен жорғалаушының сүйегін Маңғыстау ауданында кеншілер тауып алған. Табылған қаңқаның өте ертеде, бор дәуірінде тіршілік еткен плезиозавр екендігі анықталды. 100 млн жыл бұрын өмір сүрген алып теңіз жануарының салмағы 10 пілдей, ал ұзындығы 12 метрдей болған екен. Жануар сүйегі ғасырлар бойы барқан құмның түбінде жатқандықтан жақсы сақталған. Бұл зерттеу жұмыстарының сәтті жүргізілуіне мүмкіндік берді.
 
Анар Қуанышева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
-Маңғыстауды «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» деп айту тегін емес. Бұдан да үлкен, бұдан да ірі жануарлардың табылуы әбден мүмкін. Ғалымдар зерттесе, палеонтолог ғалымдар келсе, ақшалай көмек бөлінсе. Сол себепті әлі де жануарлардың қаңқасы табылады деген сенімдеміз.
 
«Жануар қаңқасының тек ортаңғы бөлігі, омыртқасы ғана бар. Әлі мойны мен құйрығын табу керек», – дейді мұражай қызметкерлері. Алдағы күзде кешенді қазба жұмыстары басталмақ. Алып жануардың барлық бөлігі түгенделген соң, 100 млн жыл бұрын тіршілік еткен бауырмен жорғалаушының қандай болғанын көре аламыз. Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып білу жұмыстарының орны орасан екенінің бұл бір дәлелі ғана.
 
Авторлары: Ақбөпе Бәкір аймақтағы тілшілердің көмегімен 

9. Шетелде оқу тәртібі

Шет мемлекетте діни білім алуға қатысты талаптар қатаң реттеледі. Мәселен, бакалавриатты енді тек ел ішінде, ал магистратура мен докторантураны шетелде оқуға болады. Бірақ ол үшін ең алдымен мүфтияттың жолдамасы болуы қажет. Бұл туралы Атырауда өткен өңірлік семинарда Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты. Сондай-ақ діни көзқарасы үшін азаматтықтан айыру жазасы қылмыстық іс жіті тексеріліп болғаннан кейін қолданылады. Жиын барысында министр шет елде білім алып жатқандардың тізімін де жария етті. Қазір 323 қазақстандық әлемнің 13 елінде оқып жүр.
 
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:
-Шетелдерде білім алу мәселесіне тәртіп енгізу қажет. Осы мәселе бойынша Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы басшылығымен ұстанымдарымыз бірдей. Бакалавриатты тек қана қазақстандық діни мекемелерінде оқыту ұсынылады. Демек, шетелде өз бетімен білім алып келсе, еліміздің аумағында жұмысқа тұру мүмкін болмайды.
 
«Кеңестік қиранды құрылымнан мұра болып тек қана кетеуі кеткен экономика, кенеуі кепкен тұрмыстық проблемалар ғана қалған жоқ. Сағы сынған сана, жүнжіген рух қалды». Елбасының бұл ойтолғамынан тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұстағы рухты қайта оятудың қаншалықты қиын болғандығы анық аңғарылады. Рас, сананы тұрмыс билеген кезеңде, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларының біразы күйзеліске ұшырап, жабылып та қалды. Бірақ «қысқа жіп күрмеуге келмейді екен» деп мемлекет қарап отырған жоқ. Ұлттық өнерге, халықтық руханиятқа қол созды. Және оған қол жеткізе де алды.
 

10. EXPO: Балалар көзімен

 
Бүгінде алты алаштың абыройы алты құрлыққа жайылған. Оған жаһандық деңгейдегі шараларды ұйымдастыруымыз ұйытқы. Солардың бірегейі ретінде EXPO-2017 көрмесін айтуға болады. Халықаралық көрме басталғалы бір айдан асты. Айтылған әңгіме әлі де азайған емес.
 
«EXPO-2017 көрмесіне барудың 5 себебі». Тек туристерге арналған мәліметтер жазатын Lonely Planet басылымы осындай тақырыппен мақала жариялады. Онда көрме нысандарының бірегей сәулеті жайлы кеңірек айтылған. Астанадағы шарада 100-ден астам мемлекеттің «жасыл» энергетика саласындағы озық жетістіктері көрсетілгені жазылған. Сондай-ақ халықаралық көрмедегі интерактивті технологияларға да ерекше назар аударыпты. Басылым шетелдік саяхатшыларға арнап жазған мақаласында: «Астанадағы шара тек баламалы энергетика саласындағы жетістіктермен танысу ғана емес, өзге елдердің мәдениеті мен әдет-ғұрпын танып-білудің де тамаша мүмкіндігі», – деп атап өткен.
 
Түріктің ақпарат құралдары да еліміздегі халықаралық шара жайлы жарыса жазып жатыр. Осы ретте жергілікті «Мемлекет» басылымы Астанада өтіп жатқан көрменің еліміздің туристік әлеуетін арттырудағы үлесін атап көрсеткен. Нақтырақ айтқанда, «жылына миллионға жуық саяхатшыны қабылдайтын Бурабай биыл бұл көрсеткішті үш есеге дейін арттыруы мүмкін» деп жазыпты.
 
Рас, Қазақстанға келген туристер саны жылдағыдан көп. Қазірдің өзінде халықаралық көрмені миллион аса адам тамашалады. Ол санның ішінде ересектер ғана емес, балалар да бар. Олардың қызығушылығын тудырған EXPO-2017 көрме алаңындағы саябақ. Болашақ энергиясын өндіретін құрылғылар жайлы болашақ ұрпақ не ойлайды? 
 
EXPO-2017 – жаһандағы озық технологияның соңғы үлгісі паш етілетін алаң. Болашақ энергиясы тақырыбында көптің назарына қойылған жобалар алуан түрлі. Ересектерді былай қойғанда EXPO балаларды несімен қызықтырады? Елордадағы халықаралық көрмеге келушілер табан тірейтін басты орын – «Нұр Әлем» павильоны. Бұл – соңғы бір айдан бері бұлжымас тәртіп. 8 қабатты ғимаратта балалар көретін қызық көп. Ең алдымен шыныдан жасалған көпір кішкентайлардың есінде мәңгі қалары анық.
 
Асылым Жұмабай, оқушы:
-Лифтте 8 этажға дейін 30 секундта жедел көтерілдік. Сондай керемет сезімде болдым. Осы шыны көпірден өткен кезде керемет әсерде болдым. Оның астына қарау мүмкін емес. Өйткені басың айналып кетеді. Ол жаққа қараған кезде құлап бара жатқандай боламын.
 
Нұрасыл Жүсіпбек, оқушы:
-Өткен кезде жерге қарадым. Қорыққан жоқпын. Басым айналған жоқ.
 
Иә, Қытайдағы әйгілі көпірдің баламасы бізде де бар. Әйнектен жасалған 30 метрлік конструкция – биіктіктен қорықпайтындар үшін нағыз сынақ. 7 тоннаға дейін салмақ көтеруге қауқарлы. Әйнек көпірдің авторлары – америкалық архитекторлар Эдриан Смит пен Гордон Гилл.
 
Дмитрий Барыш, оқушы:
-Бірінші рет мұндай биіктікке шығып тұрмын. Нағыз адреналин. Шыныдан төменге қарағанда, басым айналды.
 
Қазақстан павильонындағы әр қабатта балаларға арналған бұрыш бар. Көрсем, білсем, үйренсем деген өренге шектеу жоқ. Ойнай жүріп, жан-жақты білім алуға мүмкіндік жасалған. Биомасса залы – соған дәлел.
 
Мына ойында қарапайым ғана өсімдіктен энергия алудың озық тәжірибесі таныстырылады.
 
Мәделі Құралбек, оқушы:
-Қолды көбірек қимылдатып, өсімдікті өсіруді және қолды төбеге қойып, өсімдікті қорғауды үйрендік. Ол өсімдіктен машинаға алатын энергияны үйрендік.
 
Ойынмен өткен сабақ қашанда қызықты. Бала жадында көпке дейін сақталатыны анық. Тақырыпты одан әрі игеруге, оқуға ынтасы артады. Кинетикалық энергия залында да қарақұрым халық. Балаларды айтпағанда үлкендердің өзі аң-таң. «Энергия дөңгелегі» деген экпозицияда екі акробат қуат өндіреді.
 
Акробаттар сәл қиыс кетсе, құлайтын тәрізді. Деміңді ішіңе тартып, сырттай бақылайсың. Бұл – адамның қимыл қозғалысынан қуат көзін алудың озық үлгісі.
 
Гүлбану Бейсенғалиқызы, оқушы:
-Мұндай болады деп ешкім ойламаған сияқты. Басында олар істеген кезде өте қобалжыдық. Бірақ өте керемет ұнады.
 
Ердәулет Асан, оқушы:
-Күннің энергиясын, желдің қалай пайда болатынын көрдім.
 
Мына ойынға қатысушыларға ептілік қажет. Шарды діттеген жеріне жеткізбесе энергия алу қиын. Жылдамдық та маңызды. Арнайы велосипедтер алаңына жиналғандардың қарасы аз емес. Балалар Астана көшелерімен жарысып қана қоймай, қозғалыстан қуат көзін алудың сан алуан мысалымен танысады.
 
Нұртас Күздеубаев, павильон қызметкері:
-Бұл велосайыста 2 команды өзара жарысады. Кім көп энергия өндірсе, келесі дистанцияға өтеді. Қала көшелерінен бөлек дала мен орманда да веложарыс өтеді. Мына инсталляциядан EXPO басталғалы қанша энергия өндірілгенін көруге болады.
 
Қазақстан павильонында ғарышқа аттанып, Күннің ішіне кіріп, Айда серуен жасауға болады. Мектеп табалдырығынан ғылымға аттану деген осы.
 
Күн энергиясына арналған қабатта жасөспірімдерді қызықтыратын ойын көпке танымал. Күн бетіндегі термоядролық энергияны реакция нәтижесінде алу әдісі. 4 ойыншыға 60 секунд уақыт беріледі. Осы уақытта молекулаларды қосып, әрі танымдық білімін кеңейтеді.
 
Көрмеге қатысушы мемлекеттер тақырыпқа сай балаларға базарлық әзірлеген. Тіпті кезек күткенде зерікпеудің амалын тапқан. Сингапурлықтар энергия алуды меңгеріп, оны қаланы жарықтандыруға қолданады. Тың идеяны тәжірибе жүзінде сынап көруге болады.
 
EXPO аумағында балаларға арналған ойын алаңдары көп. Мұнда келем деушілерге шектеу жоқ.
 
Серікжан Олжаев, «ЕXPO kids» саябағының аниматоры:
-Біздің EXPO kids саябағымыз сағат 09:00-дан түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Күнделікті демалыссыз және үзіліссіз. Біздің саябағымызда 10 ойын алаңы бар. Балаларға мұның бәрі тегін.
 
Саябақ ең соңғы үлгіде салынған. Дат мамандары балғындардың ой танымын дамыту үшін аянбапты. Себебі кішкентайлардың көңілін аулайтын ойын-сауық алаңы ерекше. Әткеншектің бірнеше түрі бар.
 
Сәния Әбитқан, ЕХРО мейманы:
-Велосипедпен айдадым және анау үлкен төбешікке міндім.
 
Мерей Досмаханбет, ЕХРО мейманы
-Маған осы қатты ұнағаны – Қазақстан, Германия, Қытай елдерінің павильондары. 
 
Еркежан Асылбек, ЕХРО мейманы:
-Мен роботтар шайқасын ешқашан көрген жоқпын. Сол үшін міне ЕХРО-ға келіп, 2 рет көрдім.
 
EXPO басталғалы мұнда 15 мың бала келген. Күн сайын – думан. Роботтар сайысында қарсыластар ойнап жарысады. Ер балалардың сүйікті ойыны. Кезекке тұратындар жетерлік. 3D қаламмен сурет салу – бір ғанибет. Кәдімгі қарындаштан өзгешелігі байқалады. Балалар әшекейлерді жасап үйренеді. Электрондық шатырдың ішіндегі велооркестрдің ерекшелігі төрт бірдей музыка аспабы арқылы әуен ойналады. Велосипед тепкен 4 балақай жылдамдығына қарай ұпай жинап жарысады.
 
Ойын – бала өмір танымының алғашқы қадамы. Сондықтан ойын арқылы балалар көптеген мәлімет алып, білімін жетілдіреді. Саябақта химиялық шоу жиі ұйымдастырылады.
 
Балалар ғалымдарға түрлі сұрақ қойып, зерттеу жұмысына араласады. Атақты химик Дмитрий Менделеев ашқан әр элементтің ерекшелігімен танысады. Ал қолға сурет салдыру – балақайларға шексіз қуаныш сыйлайтын сәт. Қызылды-жасылды түстер көздің жауын алады. Аниматор Эльзара күніне 1000 балаға сурет салып береді екен.
 
Эльзара Рашитова, «EXPO kids» саябағының аниматоры:
-Бізде стандартты суреттер бар. Баланың қалауы бойынша соның біреуін салып беремін. Қыздар көбінесе көбелек, гүл, жүректі таңдаса, ер балалар шаян мен ЕХРО-ның логотипін салуды сұрайды. Балаларға көңіл-күй сыйлаған ұнайды. Бояулар аллергия тудырмайды. Сумен жуса, тез кетеді.
 
ЕХРО аумағында тақырыпқа сай жасалған павильонның бірі мұнай компаниясына тиесілі. Мұнда көрменің маңызы мен мәнін түсіндіретін нұсқаулық жетерлік. Балалардың түсінуіне жеңіл. Бәрі мысалмен көрсетілген.
 
Энергияны өндіру, оны сақтау секілді әдістер – нағыз ойын. Тіпті балақайлар жеке планетасын құрып, оның тұрғындары мен қоршаған ортаны қорғау жөнінде шешім қабылдай алады. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілікті сезінеді.
 
Раушан Әбдуәлиева, ата-ана:
-Өте қызықты екен сыртта, далада балалар ойнайтын аулалар бар. Сонда ойнады балалар. Іште көрмелер болып жатыр екен. Бәрін қызықтап шықтық.
 
Электр энергиясын өндіру кезінде көмірді табиғи газ және биомасса сияқты аз көміртекті энергия көздерімен алмастыру. Теңіз толқынынан қуат алу. Барлығы – болашақтың энергиясы. Сарқылмайтын ресурстарды ұтымды пайдаланудың әліппесі осында. Қаршадай бала бұдан ой түйеді. Қолына ұстаған әр зат тіпті ойыншықтан да энергия алуға болады. Тек ізденіс қажет.
 
Әсем Қабылбек, тілші:
-Soccet ball – әр серпілген сайын допта энергия жиналады. Яғни Африка секілді құрлықта көптеген ел доптың ішіне жиналған энергияны күнделікті тұрмыста қолданады. Мәселен, осы жиналған энергияның көмегі арқылы кітап оқуға немесе ұялы телефонды қуаттауға болады. Қазір тексеріп көреміз. Осы арқылы кешкісін кітап оқуға болады.
 
Ғылыми-техникалық саладағы іздену мен зерттеулер оқушылардың алдағы өмірімен тікелей байланысты. Көрме нақты ғылымға деген қызығушылықты арттырып, энергия үнемдейтін технологияларды ойлап табуға ықпал етпек. Бұдан шығатын пайым: білім мен ғылым – егіз. Кім біледі, бәлкім қазақтың атын әлемге паш ететін болашақ Архимед пен Ньютондар осылардың арасында болар?!
 
Авторлары: Әсем Қабылбек, Абдулла Исаев, Еркебұлан Тілеуқазы