Хабар телеарнасы

Жеті күн 22.07.2017

Сюжеттер
1. Елбасы қабылдаулары 2. Үкімет басшысының жұмыс сапары 3. Халықтық бағдарлама
4. «100 нақты қадам» 5. Ұлт жоспары іс жүзінде 6. Рухани жаңғыру
 
7. ЕХРО-2017 8. Қонақ аз отырып, көп сынайды  

1. Елбасы қабылдаулары

Ақорда сайтында Елбасының атына келіп түскен құттықтаулар жарияланды. Қазақстан Президентінің атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, өкілді органдардың депутаттарынан, әлем елдерінің және Қазақстанның мемлекеттік, қоғамдық, іскерлік ұйымдары жетекшілерінен, зиялы қауым мен дін өкілдерінен, дипломатиялық миссия басшыларынан, сондай-ақ еңбек ұжымдары мен жекелеген азаматтардан кең ауқымды хаттар келіп түскен. Құттықтау жеделхаттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың  тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен қарқынды дамуындағы, елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтудағы ролі мен жас елордамыз Астананың құрылысына қосқан үлесі айрықша аталған. Президенттің бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ мемлекетаралық деңгейдегі ынтымақтастықты жолға қою үшін қолайлы ахуал жасау ісіне қосқан үлесіне халықаралық және шетелдік ұйымдардың, дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері жоғары баға берген.

Бұл аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының бұрынғы Президенті Ли Мен Бакпен кездесті. Елбасы құрметті қонаққа Халықаралық «EXPO-2017» көрмесіндегі Корея павильонының ашылуына қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге тараптар қос елдің қарым-қатынасына тоқталды. Әсіресе Нұрсұлтан Назарбаев, Ли Мен Бак президент болған тұста екі елдің ынтымағы жанданғанын айтты. Сол нәтижеге жету үшін көп жұмыс атқарылғанын да сөз етті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Корея қарым-қатынасының бүгінгі бағыты сөз болып, байланысты одан әрі нығайту жағы қаралды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның Котоликтік Изабелла орденімен марапатталды. Бұл белгіні Ел Президентіне Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор Корольдің жарлығын оқып, табыстады. Мемлекет басышысы Испания Королі VI Фелипе мен үкіметіне жоғары марапаты үшін жылы лебізін жолдап, Король Бірінші Хуан Карлос пен оның жұбайы София Патшайымға амандық, табыс тіледі. Қазақстан саясатта және экономиканың түрлі секторларында Испаниямен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты. «Король VI Фелипе Қазақстанға ресми сапармен келіп, «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Бұл біз үшін зор мәртебе», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Госпожа Ана Пастор, я благодарен вам за то, что вы выполнили решение Короля Фелипе VI и вручили мне высокую награду вашей страны. С испанским королевством у нас давние связи, с первых дней независимости. Мы построили доверительные отношения, и мы всегда ощущали поддержку все эти годы со стороны Испании. Я имел очень добрые отношения с Королем Карлосом, отцом нынешнего короля. И Фелипе VI был у нас здесь, участвовал в открытии ЕХРО-2017. Это было большой честью для Казахстана и для ЕХРО. Я очень горд тем, что мне вручается такая награда вашей страны. Испанию мы очень любим, уважаем, готовы сотрудничать в дальнейшем в политике, экономике и в других отраслях. Прошу вас передать королю Фелипе VI мою благодарность, самые добрые пожелания в его деятельности на благо испанского народа.

Айта кетейік, Испания Корольдігінің Католиктік Изабелла Ордені мемлекетке еңбегі сіңген азаматтарға беріледі. Орден шетелдік белді тұлғаларға да табысталады. Кезінде бұл марапатты атақты француз жазушысы Александр Дюма, Мажарстанның бұрынғы премьер-министрі Ференц Дьюрчан, испаниялық опера әншісі Монсеррат Кабалье сынды танымалар адамдар иеленген.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастормен кездесті. Мемлекет басшысы Ана Пасторға «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне келіп, Испания павильонының ашылуына қатысқаны үшін алғыс айтты. Елбасы халықаралық шараның ашылу салтанатына шетелдік 17 мемлекет және үкімет басшылары қатысқанын, сол мәртбелі меймандардың бірі Испания Королі VI Фелипе болғанын тілге тиек етті. Аса мәртебелі Испания Королі Қазақстанға қызығушылық танытып, бірқатар іскерлік кездесу өткізгенін жеткізді. Екі ел арасында достық қарым-қатынас орнағанын, экономика мен саясаттағы байланыстар жемісті дамып келе жатқанын айтып, күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдардың ұқсастығына тоқталды. Ал Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы екі мемлекет арасында орнаған достық қарым-қатынастың нығая түскенін алға тартып, қонақжайлылық көрсеткен қазақ еліне ризашылық білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Спасибо за ваш визит и за то, что вы приняли участие в открытии павильона Испании. Для нас это большая честь. Между нашими странами сложились очень хорошие отношения. Мы сотрудничаем в области экономики, политики, имеем идентичные взгляды на международную ситуацию.

Ана Пастор, Испания Корольдігі Депутаттар Конгресінің Төрайымы:

-Президент мырза, бізді шынайы достық көңілмен қабылдағаныңыз үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Мен Сіздің елді дамытып, өркендету жолында атқарған еңбегіңіз бен күш-жігеріңіз туралы алғаш рет Испания Королі Бірінші Хуан Карлостан естідім. Бүгінде Қазақстан Сіздің арқаңызда зор табысқа кенеліп отыр. Мен сізге Испания Королі Фелипе мен I Хуан Карлос және оның зайыбы София Патшайымның лебізін жеткізгім келеді.

Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан жаңадан сайланған Үндістан Республикасының Президентін құттықтады. «Біз халықтарымыздың өсіп-өркендеуі жолында достық қарым-қатынасымыз бен тығыз ынтымақтастығымызды нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмылдыратынымызға сенімдімін. Сізге зор денсаулық, жауапты қызметіңізге табыс, ал достас Үндістан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін», –делінген жеделхатта.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық әртісі Әлібек Дінішевті қабылдады. Кездесуде еліміздің мәдени бағыттағы дамуы сөз болды. Нақтырақ айтсақ, шығармашылық ұжымдардың елдің рухани жаңғыруына қосқан үлесі айтылды. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы опера әншісінің отандық мәдениет саласындағы елеулі еңбегін жоғары бағалап, тек ел ішінде ғана емес, шет елдерге де танымал екендігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев мәдениетті қолдаудың мемлекет үшін маңызды екенін айта келе, соңғы жылдары қол жеткізілген нақты нәтижелерге тоқталды. Соның бірі және бірегейі «ЭКСПО-2017» көрмесінде бой кетерген опера және балет театры мен концерт залы. Елбасы ол сахналарда қазір барлық өнер ұжымдары өнер көрсетуге талпынатынын айтты. Сонымен бірге, сөз алған халық әртісі Президенттің мәдени салаға көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті. Атқарылған жұмыстың нәтижесі деп, республика көлемінде бой көтерген өнер ордаларын айтты. Кездесу соңында Әлібек Дінішев атаулы игі қадамдар халықтың бекзат өнерін әлемге кеңінен таныта түсетінін айтып, сөзін түйді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сейчас культура развивается. Наше развитие получает новое направление в связи с моей известной статьей о духовном возрождении. Работаем над произведениями, которые показать надо во всем мире, лучших наших людей культуры. Проводили в свое время год культуры, привели в порядок. В Астане построили новый театр оперы и балета, концертные залы, на территории ЭКСПО концертный зал на 2 000 мест. «Астана балет» – это уникальная хореографическая академия для подготовки. Мы много раз встречаемся, по всем вопросам я поддерживаю, все эти годы независимости вы рядом со мной, я благодарен. Есть теперь школа вокала Алибека Днишева. Надо воспитывать молодежь в таком же духе.

Әлібек Дінішев, Халық әртісі:

-Біздің Президент өнердің дамуына өте көп көңіл бөледі. Жаңа театрлар, алаңдар, оркестрлер ашылып жатыр. Мұның барлығы – өнер арқылы елімізді бүкіл әлемге таныту, жас дарындарды дамыту үшін қолға алынған шаралар. Кездесуде Елбасының қолдау сөзін естідім. Бұл өнер мен мәдениет қызметкерлері үшін өте маңызды.

2. Үкімет басшысының жұмыс сапары

Президент тапсырмасымен Премьер-министр Б.Сағынтаев Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды. Үкімет басшысы жұмыс сапары кезінде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты. Сонымен қатар, аймақтардағы бірқатар ауылшаруашылық, индустриялық және әлеуметтік нысандарды аралап, өнеркәсіптік кәсіпорындарды технологиялық тұрғыдан жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізді.

Үкімет осы аптада екі маңызды мәселеге – ауыл шаруашалығын модернизациялау мен индустрияландыру 4.0 концепциясына айрықша мән берді. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысына сапарында Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетті дамыту керек екендігі баса айтылды. Өнімі республика бойынша сұранысқа ие «Зенченко и К» толық серіктестігінде болып, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, ең ірі деген 5 облыстың дәнді-дақыл, ет, сүт, бидай өндіретін кәсіпорындардың өкілдерімен кездесіп, өнім сапасын жаңа нарық талаптарын сай етіп, экспорт көлемін өсіру керектігін айтты. Қызылжар ауданындағы жиын ауылшаруашылық тауарын өндірушілерімен Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының І-жарты жылдағы орындалуын пысықтаудан басталды. Кездесуде агроқұрылым басшылары өз сұрақтарына тұщымды жауап алды. Үкімет басшысы кәсіпкерлермен де дидарласты. Биыл І жарты жылда мемлекет қолдауы арқасында өңірде өндіріс кәсіпорындары 103 млрд теңгенің өнімін шығарды.

Ал Павлодар облысына сапар уақытында технологиялық модернизация тақырыбына мән берілді. Атап айтқанда, Индустрияландыру 4.0 және өнекәсіптің базалық салаларын цифрландыруға назар аударды. Үкімет басшысы әлемдегі ең ірі Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында болды. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 мың тонна мыс өндіретін қуаттылығына жеткені баяндалды. Осы саладағы өзге кәсіпорындардағыдан бұл өндіріс орнының өнімділігі 15 есе артық. Комбинат автоматтандыру мен цифрландырудың ең озық дәрежесіне жетуге мүмкіндік беретін технологиялар және құра жабдықтармен жарақталған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңес мүшелерімен кездесті. Премьер-Министр «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына да барды. Және «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында болды. Сондай-ақ, өңірдегі бірнеше зауыттың директорлары есеп берді, сондай облыс әкімі «Дамудың жол картасы» бағдарламасының орындалуы бойынша есеп беріп, мамандарды дайындау мен қайта даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әсіресе қызмет көрсету саласына барынша көңіл бөлініп отырғанын айтты Қорытынды жиында Елбасы Жолдауындағы міндеттерге сай технологиялық жаңғырту мен цифрландырудың барысы талқыланды.

Авторы: Ақбөпе Бәкір

3. Халықтық бағдарлама

Бас ауруға айналған басты мәселелердің бірі баспана. Ия, «өз үйім – өлең төсегім» деп әндетер күнді асыға күтіп жүрген жұрт әлі де көп, өте көп. Бірақ «мемлекет бұл жағын қараусыз қалдырды» деп қамықпаңыз.

Үкімет баспанаға қолжеткізудің қолайлы бағдарламасын ұсынған. «Нұрлы жер» деп аталады. Бағдарлама бойынша «алдағы 15 жылда бір жарым миллион тұрғын үй салынады» деген жоспар жазулы.

Осы аптада Үкімет отырысында алты айлық жұмыстың қорытындысы жіпке тізіліп, сан мен сапа сараланды. Сонда айтылған сөздерге сенсек, «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде салынып жатқан тұрғын үй құрылысы қарқынды». Тіпті, «кей аймақтарда жоспар асыра орындалып жатыр» деседі. 

Ал Инвестициялар және даму министрінің мәліметіне қарасақ, алғашқы жарты жылдықта мемлекет қаражаты есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 7,3 мың пәтер пайдалануға беріліпті. 

«Бағдарлама аясында бой көтерген баспаналар басқа емес, бұқараға қолжетімді болуы керек». Бұл Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма. Жауаптылар соған сай жұмыс істеуге кіріскен. 

Соның бір дәлелі ретінде «ипотека проценттерін төмендетуге» деген талпынысты айтуға болады. Осы мақсатта Ұлттық қордан 10 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде елдің 6 өңірінде жеңілдетілген несиелер беріле бастапты. Атап айтсақ, Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында.

Сарапшылар осындай жеңілдетулерді ескере отырып, «жыл аяғына дейін тұрғын үй нарығында баға төмендейді» деген болжам жасады. Арендалық негізде пәтер алудың пайдалы жолдары қандай? Атаулы бағдарламаның нендей артықшылықтары бар?

1-жарты жылдықта елімізде барлығы 5,5 млн шаршы метр баспана салынған. Яғни, 47 мың 700 пәтер берілген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға артық. 14 өңірінде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі айтарлықтай ұлғайған. Әсіресе Батыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында белсенділік жоғары.

Қызылордалық тұрғын Гүлзира Сексенбаева 6 жылдан бері үй кезегінде тұрған. Мемлекеттік мекемеде тәлімгер болып жұмыс істейді. Бірнеше жыл банкке салым жинады. Мемлекеттің қаржысына салынған үйден төмендетілген пайызбен 2 бөлмелі пәтер алды.

Гүлзира Сексенбаева, жаңа пәтер иесі:

-Бұрын үйім жоқ кезде үй жалдап тұрғанмын. Қазір енді тиімді. Ай сайын төлеп тұрамын. Жаңа бағдарламамен 20 жылға там алып, бөліп-бөліп төлеуге несиеге алып отырмын.

Дәл осы жүйе арқылы Гүлзира секілді мыңдаған қазақстандықтың «өз үй өлең төсегіне» қол жеткізетін шақ туды. Мемлекет сатып алатын үй бағасының 30 пайызын жина, ай сайынғы табысың тұрақты болса төмен пайызбен пәтерді сатып ал деп отыр. Тіпті жарығы, суы мен жолы салынған шағын ауданнан да үй таңдауға мүмкіндік бар. Сол үшін бұл саладағы қордаланған көп мәселенің шешімін «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына топтастырды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді көптеп салып, жеке баспана құрылысын дамытуға жол ашып отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

-Бүгінгі күні 3,1 миллиард теңге өңірлерге аударылды. Бөлінген қаражатқа 5 мың 936 пәтер салынып жатыр. Оның 2 мың 687 пәтерін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Кей әкімдіктер тұрғын үй құрылыс аудандарын инфрақұрылыммен дер кезінде қамтамасыз етпегендіктен, қалған тұрғын үйлер 2018 жылы қолданысқа беріледі.

Бағдарлама басталғаны биыл ғана. Жарты жылдың өзінде өңірлерде жеке тұрғын үй құрылысы жанданды. 24 мыңдай учаскеге инженерлік желілер тартылған. 60 мың жер теліміне инфрақұрылым жүргізілмек.

Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры:

-Соңғы көрсеткіштерге қарасақ орташа есеппен 40-тан 100 мыңдай  адам жеке үй салуға жер алуды қалайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жергілікті әкімдіктер барлық инфрақұрылымы жүргізілген, бірыңғай жоба үлгісінде үйлерді салады. Үйдің орташа көлемі 120 шаршы метр. Орташа бағасы 120 мың теңге. Бұған инфрақұрылымды жүргізуге кеткен шығындар кірмейді. Өте тиімді. Жер кезегінде тұрған азаматтар біздің банкке келіп, үй құнының 30 пайызын есепшотқа салып, жылдық 5 пайызбен үйді сатып ала алады.

Төрт облыста бірыңғай сәулет стилінде жеке тұрғын үйлер салынып жатыр. Жыл соңына дейін өңірлерде 60 мың жер теліміне инфрақұрылым тартылады. 

6 айда жарық, жылу, жол, газ жүйесі 23,5 мың жер теліміне жүргізілді. Өңірлер арасында Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстары көш басында тұр.

Қажетті инфрақұрылымы тартылған жаңа шағын аудандар күнгейде пайда бола бастады. Биыл мемлекеттік «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 мың 873 отбасы қоныс тойын тойлайды. Жыл соңына дейін облыс орталығында 22 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуы тиіс. 2 көп қабатты үй «Нұрлы жер» бойынша бой көтереді.

Ал Семейде бұрын бос жатқан «Ұшақтар» кенті маңайына енді жаңа үйлер салынады. Қазірдің өзінде электр жүйесі тартылып қойды. Жыл соңына дейін су желілері жүргізіледі. Қалада 24 мыңдай адам жер кезегінде тұр. Тұрғындардың жер алып үйді өздері салуына немесе дайын үйді жеңілдетілген пайызбен ипотекаға алуына таңдау бар.

Ләззат Нұраханова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Семей қалалық филиалы директорының орынбасары:

-Сол жобалар бойынша 80 шаршы метрден бастап, 100 квадратқа дейін  өздері таңдайды. Бағасы 120 мың теңге көлемінде, содан аспауы керек. Сонда бір үйдің бағасы 9 миллион 600 мыңнан басталады да, 15 миллионға дейін. Сол бойынша 30 пайызын бастапқы жарна құю керек клиент, міндетті түрде. 5 пайызбен кредит беріледі.

Тараз қаласында екі бірдей жаңа мөлтек аудан бой көтереді. 900-ден астам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері қарастырылып қойған. 4 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Нұрбол Қалдыбаев, Жамбыл облыстық құрылыс және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

-Биылғы жылы құрылысы басталған 4 үйдің үшеуі биылғы жылы бітеді. Жылдың аяғына дейін тапсырамыз. Сонымен қатар, Тараз қаласы Бәйтерек мөлтек ауданында бір 100 пәтерлік және бір 60 пәтерлік үйдің жобасы дайындалып, бюджетке өтінім берілді. Қаражат 2018 жылы бөлінеді.

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына биыл барлық қаржыландыру көздерінен 11 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Биыл 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. «Нұрлы жер» бағдарламасының мультипликативті әсері де орасан. Қарқынды құрылыстың нәтижесінде өңірде ондаған кәсіпорында өнім көлемі ұлғайды. Жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып жатыр. Мәселен, Оралдағы қабырға материалдарын шығаратын корпорацияда мемлекеттік бағдарлама арқасында құрылыс материалдарына тапсырыс артқан.

Айбек Кәрімов, зауыттың коммерциялық директоры:

-Бүгінгі таңда 30 пайыз мемлекеттік бағдарламаға жіберіп жатырмыз. Тастың жылына, былтыр шығарғанымыз 37 млн, құрғақ қоспа 2 мың тонна шығарғанбыз. 

Асқар Қосжанов, құрылыс компаниясының басшысы:

-Маңғыстаудан келетін цемент, Ақтөбеден келетін қиыршық тас щебень, өзіміздің Оралдың құмы, Қарағандының арматурасы осы панелдер мен плиталар, бүкіл маршруттар бәрі содан істеліп, осында машинамен жеткізіліп, мемлекеттен бөлген ақшасының арқасында халқымыз өмір сүріп жатыр, бізге жұмыс болып жатыр. Біз әрі қарата дамып жатырмыз деп ойлаймыз.

Бағдарламаның жалдамалы және несиелік тұрғын үй бағыты бойынша «Бәйтерек Development» жоспарды асыра орындаған. 240,2 мың шаршы метр үй салдық дейді. Бұл туралы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы талқыланған Үкімет отырысында  айтылды.

Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:

-3959 пәтер пайдалануға тапсырылды. Тұрғын үйді тапсыру көлемін асыра орындау жеке құрылыс салушылар тарапының қарқыны жоғару болуына байланысты болып отыр. Осы өткен алты айда.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрлер кабинеті мен өңір басшыларына бағдарламаның барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Жұрағат Баман

4. «100 нақты қадам»

Қазақстанда туризм саласы басымдық берілген 6 бағыттың тізіміне енді. Бұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асқан міндет. Оған қоса, сала жұмысын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, арнайы құжат бекітілген. Кең байтақ қазақ жерінің кез келген шетелдік қонақты таң қалдырып, таңдай қақтыратын мүмкіндігі мол. Алтай мен Атырау, Ертіс пен Еділ арасындағы ұланғайыр атырап тарихи, мәдени мұралар мен рухани құндылықтарға толы. Бұл бағыттағы межелі міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін географиялық жағынан тұтас елді қамтитын 6 өңірлік-туристік кластер құру көзделген. Астана мәдениеттердің геосаяси тоғысатын жеріне айналса, Алматы – өркениет бесігі, Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны, Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары, Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, Солтүстік Қазақстан табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы ретінде кеңірек танылатын бірегей мекендер болады. Ал күзде еліміздің киелі жерлері белгіленген карта шығарылады. Оның бірінші бөлігінде республикалық маңызы бар 100 нысан бойынша ақпарат берілсе, екіншісінде өңірлер қамтылмақ.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Үкімет қаулысына сәйкес, «Қазақтурист» акционерлік қоғамын құрдық. Бұл компания еліміздің туристік әлеуетін шет мемлекеттерде ілгерілетеді. Және инвесторлар тартумен айналысады. Ол үшін шетелдіктердің қызығушылығы зор. Келер жылы бұл мекеменің қаржылық жағдайы да тұрақталады.

Мәдениет орындарын ел мәйегіне айналдыру да маңызды міндет. Осы мақсатта сала жұмысы халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, маңызды жобалар басталды. Астанадағы ұлттық музей мен облыстық музейлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ халыққа ақылы түрде қызмет көрсетіп, өздігінен пайда таба бастады.

Еліміздің бұқаралық спорт саласы дамып келеді. Бұл салаға тиесілі қазір 11 мың спорттық нысан жұмыс істейді. Ал тіл саясатын дамыту үшін 80 мыңнан аса орталық құрылған. Елді мекендерде қазақ және жергілікті этнос өкілдерінің ана тілдерін оқыту ісі жолға қойылды.

Өткен жылдан бері ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін кинотуындылар да түсіріліп келеді. Биыл «Сұлтан Бейбарыс», «Қазақ елі» киносының екінші бөлімі, «Томирис» және «Алаштың 100 жылдығы» сынды 28 фильмнің өндірісі жалғасады.

Әр түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қоғам дамуын жеделдетеді. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру ісі біршама жеңілдеді. Арнайы заң жобасы әзірленіп, гранттарды бөлудің жаңа тәртібі енгізілді. Биылдың өзінде, үкіметтік емес ұйымдарға берілетін қаржы үш есе ұлғайып, 588 млн теңгеге жетті. Ерекшелігі сол, әлеуметтік жобаны іске асыратын мекеме бөлінген қаржының 10 пайызын материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсай алады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

-Гранттарды бөлу үдерісі өте қарапайым болады. Гранттардың бағыты кеңейеді. Қазір операторлардың қорлары біздің есебіміз бойынша толықтырылады. Ал болашақта жергілікті әкімдіктер мен басқа министрліктерден тартылады деген үміттеміз.

Жаңадан құрылған үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай базасы арқылы сала жұмысы бір ретке келтірілді. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға көп көңіл бөлініп, үздік ұйымдарға арнайы сыйақы берілетін болды. Сол секілді ауылдық жерлерде өскелең ұрпақтың уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге арналған нысандар салынып, бос жұмыс орындары туралы мәлімет беретін түлектер тақтасы және жалпыға ортақ жоба әзірлене бастады. Ал жастар ұйымдарына биыл 3 грант бөлініп, 30 млн теңге берілді.

5. Ұлт жоспары іс жүзінде

Жуырда белгілі болғандай, бір жарым жыл аралығында Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамның» жетпісі жүзеге асыпты. Оның ішінде он төрті кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға негізделген. Асылында, бұл бағытқа он бес қадам арналған еді. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен бір қадам кейінге қалдырылды. Жалпы, мемлекеттік қызметте қандай жаңашылдықтар жүзеге асты? Мансаптық модельге көшуден не ұттық? Бұрынғыдай конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкін бе?

Мақпал Бисембаеваның мемлекеттік қызметкер атанғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Әуелде ол жауапты жұмысқа тұруға  сынақтан сүрінемін деп жүрексінген. Алайда осы уақытқа дейін білгенін, көкейге түйгенін жиып, тәуекел етті. Жиған тәжірибесі мен алғырлығы көмектесіп тесті сәтті тапсырды. Төменгі лауазымға тағайындалған Мақпал бүгінде жұмысын бар ынтамен істейді. Өйткені оның бұл әрекеті биік мұраттың баспалдағы саналады.  

Мақпал Бисембаева, облыстық ішкі саясат басқармасының жетекші маманы:

-Мемлекеттік қызметтегі қазіргі жасалып жатқан соңғы реформалар  кез-келген адамға, жұмыс істегісі келетін адамға, білімді адамға ол үлкен мүмкіндік 1-ден. 2-ден бұл сен өз қабілетіңді, берілген мүмкіндіктерді пайдаланып жоғары көрсеткіштерге жетуге болады.

Үкімет жастар жетістікке жетсін деген мақсатпен бар мүмкіндікті жасап отыр. Тіпті, орта білім игерген яғни колледж тәмәмдаған студенттерге де мемлекеттік қызметтің есігі ашық. Ауылдық әкімдіктерге жетекші маман болып жұмысқа тұруына болады. Олар да конкурстан өтеді. Бірақ білігінің биік болуы талап етілмейді.

Нұргүл Жанназарова, ҚР МҚІСЖҚА департаментінің басқарма басшысы:

-Үш түрлі кезеңнен тұратын сынақтан өтеді. Біріншісі мемлекеттік қызметке үміткердің Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу бойынша тестілеуден өтеді. Екінші жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтеді. Және үшінші кезеңі бос лауазымы бар мемлекеттік органның жариялаған конкурсына қатысты әңгімелесу сатысынан өтеді. Жалпы кез-келген азамат мемлекеттік қызметке түсемін деген ойы болатын болса, үйден шықпай-ақ  порталы арқылы немесе ХҚКО арқылы жеке куәлігін алып, тестілеуден өтуге, кестеге өзін өзі тіркей алады.

Бүгінгі тестілеудің бір артықшылығы бар. Сында үміткердің географиясына емес, биографиясы мен біліміне басымдық беріледі. Байқау әділ өту үшін кандидат тәуелсіз бақылаушыларды шақыра алады. Мәселен, сұхбаттасудың ашық өтуін депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, және журналистердің қадағалауына рұқсат беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірген азаматтар аудио және бейнежазба құралдарын қолдануға құқылы.

Айгүл Шайымова, ҚР МҚІСЖҚА төрағасының орынбасары:

-Мұндай тәртіп азаматтарды жұмысқа конкурссыз орналастырудан сақтайды. Яғни, мемлекеттік органдардың басшылары қызметке өз адамдарын қабылдай алмайды. Осылайша таныс-тамырына емес, еңбегіне қарай кадрларды тартуға мүмкіндік жасалды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың 70 пайызынан астамы мемлекеттік қызметке дарынды әрі білікті азаматтар қабылданып жатыр, деп есептейді. Бұл біз жүргізген сауалнаманың нәтижесі.

Қызметке орналасқан жас маман үшін 3 ай сынақ мерзімі белгіленген. Осы уақыт аралығында ол жаңа жұмысқа бейімделу керек. Ортаға сіңісіп, істің қыр-сырын танытуға тәлімгер көмекке келеді. Яғни 3 айда тәжірибелі маман, жас қызметкерге білгенін үйретеді.

Нұргүл Жанназарова, ҚР МҚІСЖҚА департаментінің басқарма басшысы:

-Үш айлық сынақ мерзімнен кейін ол өтті деп есептелген болса, оған 3 айлық сынақ мерзімі ұзартылмайды. Егер үш айлық мерзімде ол жаңағы жоғарыда айтып өткен бейімделу жоспарында шараларға қол жеткізе алмаса, ол өзінің тәлімгерінің сол маманмен жасаған жұмысының есебіне байланысты тәлімгерлер кеңесінде қаралып оған тағы 3 ай, яғни 6 айға дейінгі қосыша сынақ мерзімі белгіленеді.

Мамандардың пікірінше сынақ мерзіміндегі жастардың дені жұмысты иегеріп әкетеді. Мәселен өткен жылы қызметке келген азаматтар саны 2 559 болса, биыл 8 мыңға жетіп жығылған.

Нұрлан Еркебаев, ҚР МҚІСЖҚА облыстық департамент басшысының орынбасары:

-Тәлімгерлер мына алғаш кірген қызметшілерге мемлекеттік қызмет саласына дағдылануға айтарлықтай көмек беріп отыр. Талдау көрсетіп отырғандай мемлекеттік қызметке алғаш кіргендердің бір жыл ішінде саладан кету үлесі небәрі 0,2 пайызды құрап отыр. Бұған дейін ол көрсеткіш жоғары болатын.

Жаңа жүйеге тән қызметкер өз жұмысына жауапты әрі әрбір істі ілгері жүргізсе сатылап өседі. Еліміз бойынша қазір еңбегімен көзге түскендер көп, солардың бірі Акбар Хасеинов. 28 жасар маман қалалық әкімдікте қатардағы қарапайым маманнан бастап басшылық қызметке дейін көтерілді. Жұмысқа бар ынтасын арнау арқылы білдей бір бөлім жетекшісіне жетті. Аттестациядан алған  жоғары нәтижесі оның беделін асырды.

Акбар Хасеинов, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

-Көп адамдар мемлекеттік қызмет деген оңай емес, ал, жұмыста сатылап көтерілу қиын деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Егер адам өз жұмысын асқан сүйіспеншілікпен атқарып, білімі мен біліктілігін дәлелдей білсе, алмайтын асуы жоқ. Мен, мәселен, күнде таңертең жұмысқа көтеріңкі көңіл-күймен келемін. Себебі, елімнің дамуына аз да болса, үлес қосып жүргенімді сезінемін.

Дәл осы Акбар секілді биыл ел бойынша 66 мың қызметкер мемлекеттік аттестациядан өтті. Үш кезеңнен тұрған сынақтың қорытындысы бойынша қатысушылардың 7,3 пайызы лауазымдарын көтеруге ұсынылған. Ал 91,4 пайызы тағайындалған қызметіне сәйкес деп танылған. Осы сыннан сүрінбей өткендер арасында қызметін бір қаладан өзге өңірге ауыстырғандар да баршылық. Олардың саны 14. Ұлт жоспарының 8 қадамына сәйкес жұмысын басқа аймақта жалғаған қызметкерлер баспанамен қамтылды.

Нұргүл Жанназарова, ҚР МҚІСЖҚА департаментінің  басқарма басшысы:

-Тұрғылықты жері өзгерген жағдайда оларға сол қызмет ету уақытында жекешелендіруге жатпайтын қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Бұл менің ойымша, мемлекеттік қыземтшілердің ойы бойынша ынталарды шаралардың бірі деп түсініп жатырмыз.

100 нақты қадамның 15 бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделген. Мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында 11 қадам іске асты. Қалған төртеуі орындалып жатыр. Алдағы жылы агенттік өкілдері еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін сынақтан өткізбекші. Жоспарға сай жалақы көлемі маманның мемлекеттік қызметке қосқан үлесіне байланысты есептеледі. Демек, елімізді ілгері бастыратын жоспар жаңа тұрпатқа ие болмақ.

Авторлары: Қанат Базылхан, Сәкен Сейітханұлы

6. Рухани жаңғыру

Жаһан – жанталас. Ешкім жол беріп, «сен-ақ алға оза ғой» деп сыйламайды. Әркімнің әлегі өзінде. Біз де «өркениет көшінің шаңына шашалып қалмайық» деп жанталасып жатырмыз. Сондағы бір қарекетіміз – бүгінгі технологияның тілі саналатын латын әліпбиіне ауысу. Неге дәл қазір? Неге Тәуелсіздік алған сәтте жүзеге асыра салмадық? Әрине, ойлана берсең, сансыз сауалға шырмаласың. Тіпті, «түркі елдерінің көбі әлдеқашан осы әліпбиге көшіп алған, біз кейін қалдық» деп көсілетіндер де бар. Бұл тұста тарихи жағдайымызды естен шығармаған абзал. Біз – көп этносты елміз. Кеше қазақтың саны өз жерінде небәрі 38 проценттің шамасы болған. Ал, енді сондай қалыппен қадам жасап көріңіз?! Қауіп еді. Сондықтан, Елбасы дабырмен емес, сабырмен әрекет қылуды жөн санаған.

Анығы, біз латын әліпбиіне көшпейміз, ораламыз. Оралау арқылы технологияны жақсы танимыз, тілімізді түзеп аламыз. Асылында, «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тіл». Түркітанушы Платон Мелиоранский осылай мойындаған.

Бірақ «соңғы кездері осы қалып бұзылған» деседі. Себебі, қазақ тіліне ғана тән үндестік заңы көп жағдайда сақталмай жүр. Сөйлеген сөзімізден салқындық байқасаңыз, себебі содан. Әйтпесе, «судың бетінде жүзген қайықтай» жылы сөйлейтін халық едік қой?! Бұл, енді дауысты дыбыстың көптігімен байланысты. Өйткені, дауысты дыбысты созып, әндетіп, әуездіп айтуға болады. Ал дауыссыз дыбыс – қатаң, құлаққа жағымды естілмейді. Тіл жайын тілге тиек еткендегі ойым латын әліпбиін жасаушылар осы мәселені жіті ескерсе деген ниеттен туған.

Жалпы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде көп нәрсе жүзеге асқалы тұр. Солардың бір қатары осы аптада орындалды. Рет-ретімен әріптесім Ақбөпе Бәкір баяндап береді.

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Жұмыскер ауылында «Ауыл күні». Аюлы мен Айыртаудың арасын жайлаған елдімекенде 200-дей түтін бар. Құрылғанына 80 жылдан асқан ауыл егін және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Қазір мұнда өзге түлікті қоспағанда, мыңнан астам жылқы бар. Қайрақты өзенінің бойындағы бұл киелі мекеннің тарихы да бай. Талай би, батыр бабаларымыздың құтты қонысы болған деседі. Осында туып, қанаттанған кәсіпкерлер ауылға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мұнда әлеуметтік нысандар түгелдей жұмыс істеп тұр. Саябақ ашылып, ауылдан шыққан қайраткерлерге ескерткіш қойылған. «Ауыл күні» ақшаңқан үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Ағадыр кентінен келген өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Елді-мекеннің гүлденуіне үлес қосқан белсенді азаматтар марапатталды. Игі шара жылда өткізіліп тұрмақ.

Мұрат Жадаев, Жұмыскер ауылының тумасы:

-Әлеуметтік нысандардың барлығы орнында. Ауылдан көшіп жатқан адам жоқ. Ауылда жаңадан салынып жатқан үйлер бар, ауылымыз көркейіп келе жатыр.

Ал осы облыстың Ұлытау ауданындағы Дүзен кесенесінің кірпіші мүжіліп, қабырғасы сөгілген еді. Қазір қалпына келтіріліп жатыр. Кесене 19-шы ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгісі. Құрылымы мен салынуы Алашахан кесенесіне ұқсас. 1866 жылы қаланған мазар жақсы сақталғанмен, 1980 жылдары жөндеу кезінде қабырғасы бүлініп, содан бері тіреумен тұрды. Қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Кесененің биіктігі 10, күмбезінің диаметрі 5 метр. Күйдірілген кірпіштен өрнектеліп, асқан шеберлікпен қаланған екен.

Шәмшібек Бәкіров, Дүзен батырдың ұрпағы:

-Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Көңіліміз толып жатыр. Енді кесене жақсы қалпына келіп, осы Ұлытау өңіріндегі туристер келетін бір жақсы орынға айналады ғой деп ойлаймын.

Сондай-ақ енді Қарағандыдан алысқа ұзамай-ақ, аймақтың бай тарихымен жақынырақ танысуға болады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында апта сайын көшпелі көрме өтіп тұрмақ. Өңірдің барлық аудан, қалаларындағы 16 мұражай күзге дейін кезекпен келіп, тұрғындарға жылдар бойы жинаған құнды жәдігерлерін көрсетеді. Алғашқылардың бірі болып - балқаштықтар келді. Олар 80-ге жуық жәдігер әкелген. Арасында ерте темір, қола дәуірінен қалған құнды дүниелер бар. Соның бірі – Бектау атадан табылған петроглифтер.

Ержан Нұрмағанбетов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:

-Тек суреттен ғана көрмей, таста салынған суреттерді өскелең ұрпақ, оқушылар қолмен ұстап, көзбен көреді. Мысалы, сол Бектауатадағы таста салынған суреттерге әркім бара алмайды ғой. Оған тек мамандар ғана жете алады.

Ал Шығыс Қазақстанда қорғандар жаңғыртылуда. Таяуда Катонқарағайдағы екінші саркофагтің құрылысы аяқталмақ. Аспан астындағы музейдің бой көтеруіне қазынадан 90 млн теңге бөлінген. Қазір өңірде мінәжат орындары картасын жасақтау қолға алынды. Оған Берел жазығы да енді. Қазір ондағы №5 обада археологиялық қазба жүріп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар тың жәдігерлердің табылуына негіз болары сөзсіз. Тарихтың жаңа парақтарын ашуға студенттер де үлес қосты.

Ерболат Сұңғат, студент:

-Биыл үшінші жыл болды келгеніме. Маған осы жұмыс ұнайды. Былай қарасақ, жұмыс қиын секілді. Тас тасу, күрек ұстау деген. Бірақ оның аяғында ең күштісі бар, ол сүйек тазалау. Ол үшін шыдамдылық керек. Ол маған ұнайды. Болашақта археолог боламын деген ойым бар.

Сондай-ақ облыстың Тарбағатай ауданында үш ескерткіш ашылды. Батырлар мен ақындарға қойылған мүсінді жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызды. Бірі - ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арналған. Ақжарда ашылған ескерткіштің биіктігі 7 метр. Авторы белгілі сәулетші Әлібек Шоқанов. Дәл осы күні көрші Маңырақ ауылында да 2 ескерткіш қойылды. Бірі - белгілі ақын Әміржан Жанұзақұлына, екіншісі - Дәулетбай батырға арналды. Хас батыр өмірін ат үстінде өткізіп, қазақ даласын жоңғар шапқыншылығынан қорғаған. Сондай-ақ, рухани жаңғыру аясында өңір тарихынан сыр шертетін "Үкілі найза ұстаған үш Байжігіт" атты кітаптың тұсауы кесілді.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

-Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында ескерткіштерді қою кәсіпкерлер есебінен істеліп жатыр да, ал енді оның ішінде парк жасау, көгалдандыру, оның ішіне тротуарлар, төсеніштерін салу осының бәрі аудан бюджеті есебінен орындалып жатыр.

Ақтөбелік судьялар болса, билер соты институтын дамытпақ. Ол арқылы, ұлттық құндылықтарды ұлықтаймыз,-дейді «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып отырған мамандар. Ұлттық сананың өзегін сақтай отырып, заманауи сот жүйесін жетілдіруге болады деп есептейді. Облыстық сот музейі толықтырылып, тың ақпарат жиналады. Мақсат - сот саласын дамытуға үлес қосқан судьялар есімін жас мамандарға үлгі ету. Ол үшін, қаланың 2 үлкен көшесіне судьялар есімі берілді. Облыстық сот өңірлік университет және бірнеше басқарма арасында арнайы меморандум бекіді. Енді сот жүйесі, білім мен мәдениет саласы Елбасы мақаласындағы міндеттерді бірге орындайды.

Мұратғали Әкетай, облыстық сот төрағасы:

-Облыстық сот жанындағы музейдің қорын кеңейту мақсатында жергілікті музейлер, архивтермен тығыз жұмыс жасау керек. Жас судьялар мен сот қызметкерлерінің арасында жыл сайын тарихи-танымдық зияткерлік конкурсын ұйымдастыру қажет.

Тағы бір жүзеге асырылатын жобалардың бірі «Қиырдағы қазақтар» деп аталады. Осындай атаумен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен шетелдегі қандастарымыз туралы 8 сериялы деректі фильм түсіріледі. Түсіру тобы Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстандағы қазақтардың өмірі жайлы қызықты материал әзірлемек. Картина Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында көрсетіледі.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі:

-Басты мақсат – сыртта жүрген ағайынды ата-жұртына кеңірек таныстыру, арадағы қарым-қатынасты дамыту. Елбасы атап өткендей, рухани жаңғыру деген бүкіл халқымыздың жаңғыруы. Сондықтан, біз шетелдегі қандастарымызды да назардан тыс қалдырмай, арадағы ақпараттық байланысты күшейтуді, рухани тұтастыққа үлес қосуды көздеп отырмыз.

Орта ғасырдағы қазақ тарихын зерттейтін ғылыми орталық ашылады. Ол туралы «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов мәлімдеді. Айтуынша, кезінде Алтайдан Дунайға дейінгі аумақты мекендеген бабалар туралы тың деректерді жарыққа шығару үшін отандық ғалымдар шетелдегі мұрағаттар, көне ескерткіш пен тарихи жерлердің бізге байланысын терең зерттейді. Мамырда Қазақстаннан басталған «Бабалар ізімен» экспедициясы 70 күнде әлемнің 20 шақты елін аралап, көп құнды дерек тапты. Экспедиция мүшелері ат шалдырған жерлерде тұрғындардан генетикалық сынама алды. Қазақстанда бұрын болмаған тың жоба - осы елдердің қазаққа қаншалықты жақын екенін ғылыми түрде анықтауға болады. Қыркүйек айында шетелдік тарихшылар Астанада ғылыми конференцияда бас қосады.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

-Бұл ғылыми орталық біздің ғалымдарды, шетелдің ғалымдарын осы жұмысқа жұмылдырамыз. Біздің ғалымдар шетелдің архивтеріне барып біздің тарихымызды қопару керек. Ал, шетелдегі ғалымдар олар өздеріндегі архивтерді қопарып содан ғылыми жұмыстар жасап, кітап қылып шығарамыз.

Ал Маңғыстау облысында 20 ұлттың баласы тәрбиеленетін бақшада былтыр балалар Ассамблеясы құрылған. Мұнда бөбектерді кішкентайынан бір-біріне деген сыйластыққа, өзара татулыққа тәрбиелейді. Елбасы «100 нақты қадам Ұлт жоспарында» қазақстандық біртектілік пен азаматтық бірлікті қалыптастыру үшін «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған.

Балалар кішкентайларынан бірліктің не екенін біліп өсіп келеді. Олар түрлі тілде ән айтып, би билейді. Отан, Қазақстан туралы тақпақтар жаттайды. Өзге халықтардың ертегілерін тыңдап, ұлттық ойындарын ойнайды. «Түймедақ» балабақшасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының шағын көшірмесі іспетті. Бүлдіршіндер ұлттық киімдер және тағамдармен танысады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Түрлі ойындар арқылы олардың бойына Отанды сүю, көршімен тату болу, қолұшын беру сияқты адамгершілік құндылықтар сіңірілуде,-дейді тәрбиешілер.

Ақбөбек Көбеғұлова, «Түймедақ» балабақшасының директоры:

-Отанды сүю - өркениеттіліктің бірінші белгісі. Ойын-сауықтарға, сазды шараларға, байқауларға қатыстыра отырып, балалар Отан туралы, туған жер туралы, еліміздің ең басты байлығы – Қазақстанның халқы туралы толық түсінік алып, жалпы мәліметтер алып отыр. Жалпы жұмыс көрмелерге, мұражайларға апарылады, мәдени орталықтарға апарып отырмыз саяхатқа.

Балабақша жергілікті «Достық» үйімен қарым-қатынасты кеңейтпек. Облыстың этномәдени бірлестіктерінің мерекелеріне қатысады. Қазір Ақтауда 2 балабақша мен орта мектепте балалар Ассамблеясы жұмыс істейді. Баланы жастан. Ата-бабадан қалған бай мұра мен аға буынның айтқан ақылы, балалар үшін өскенде өмір бойына рухани азық болады. Олар осының барлығын шашау шығармай сақтап, кейінгі ұрпаққа сақтап табыстайды.

Авторы: Ақбөпе Бәкір

7. ЕХРО-2017

Шілде келсе, адамның бойы босап, жұмыстан гөрі демалуға көбірек бас бұрады. Бірақ бұл биылғы жылы Астана үшін жат қылық болып тұр. Халықаралық көрме қарсаңында Елордадағы қарбаластың саябырситын түрі жоқ. Қонақтар лек-легімен толассыз келіп жатыр.

Осы аптада Астанада аялдаған мәртебелі меймандардың бірі –Кореяның бұрынғы президенті Ли Мён Бак. Саясаткердің  Елбасымен кездесуі жайлы сөз басында айтқанбыз. Көрмені аралаған ол, «ЭКСПО-2017» - ден болашақтағы әлемнің келбетін көруге болады» деді. Танымал саясаткер, өз елінің 2008 жылы «Жасыл көпір» бағдарламасын қолға алғанын еске алып, екі ел арасындағы «Жасыл энергетика» мәселесіне қатысты пікір білдірді. Жыл сайын екіжақты әріптестік артып келеді. Мұны «Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның экономикасындағы көрсеткіштер мен «ЭКСПО-2017» көрмесі айғақтап тұр» деп атап өтті экс-президент.

Ли Мён Бак, Корея Республикасының бұрынғы президенті /2008-2013 жж./:

-Мен тек Қазақстанда ғана емес, бұған дейінде бірнеше елде өткен «ЭКСПО» көрмесінде болдым. Астанадағы «ЭКСПО» өзінің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Көрменің тақырыбы – экология мәселелерін шешуге бағытталған болашақтың технологиясы. Сонымен қатар, бұл – Қазақстанды әлемнің басқа елдерімен таныстыратын маңызды шара. Мен Қазақстанның «ЭКСПО-ға» арналған павильонында болдым. Онда барлығы көрменің тақырыбына сай – қуатты үнемдеу, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы жасалған. Мен Қазақстан азаматтарын «ЭКСПО-дағы» Қазақстан мен Кореяның павильондарын көруге шақырар едім. Ол жерден болашақта әлемнің қалай өзгеретінін көруге болады.

«ЭКСПО-2017» есігін ашқалы бір жарым айға жуықтады. Қазірдің өзінде бір жарым миллионға жетер-жетпес адам көрмені тамашалапты. Демек, орташа есеппен алғанда, күніне 25-30 мың көрермен көрме алаңында болады. Сол қалың қауымның қауіпсіздігіне жауап беру, оларға тамақ әзірлеу, олардан қалған қоқысты тазалау да – үлкен еңбек. Оған әріптесім Әсем Қабылбек куә болды. Тілшіміз көзімен көргенін сөзімен айтады.

8. Қонақ аз отырып, көп сынайды

-Әне-міне дегенше Астана халықаралық көрмесі бел ортасына келіп жетті. Осы уақытқа дейін көрмеге келгенде байқасаңыз кіргеннен бастап қырағылық басты назарда. Сіз бен біздің қауіпсіздігімізге кімдер жауапты? Оны бірге білейік.

Жаһан жұрты көз тіккен көрмені жоғары дәрежеде өткізу оңай жұмыс емес. Әсіресе қауіпсіздік жайы қатаң. Бір сәт босаңсуға негіз жоқ. Себебі адам өмірі бәрінен де қымбат. Экспо аумағында қоғамдық тәртіпті қадағалап, адамдардың қауіпсіздігін күзететін мыңдаған тәртіп сақшысы бар. Шараға жауапты мамандар күні бойы бел жазбай жағдайды бақылайды. Міндет мінсіз болуы тиіс.

Рүстем Чакенов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ қауіпсіздік департаментінің директоры:

-ЭКСПО аумағында туристерге арналған 4 өткізу бекеті жұмыс істеп тұр. Арнайы топ керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік жұмыстарын ұйымдастыру кезінде Сочи олимпиадасын зерттедік. Әдетте көрмеге келушілерді уақыт жағынан орташа есептегенде 30 минутта тексеріп, ішке кіргізіп жатады. Бізде бұл іске 2 минут уақыт кетеді. Күніне 40 мың адамды қабылдаймыз. Көрмеге келушілерді ұзынсонар кезекте ұстамай, кәсіби түрде тексеріп, тезірек ішке кіргізуді басты назарға аламыз.  Бір мезетте 16 мың адамды қабылдауға  қауқарымыз жетеді.

Театр киім ілгіштен, ал көрме аумағы қауіпсіздік шараларынан басталады. Есті жанға қауіп аяқ астында. Сипаты да әр алуан. Оған қарсы тұру кезінде оңтайландырып отыру керек. Бір сөзбен айтсақ, қауіпсіздік еріккенің ермегі емес. Қаражат пен орасан зор күш-қуатты қажет етеді. Астанадағы шарада Шанхай мен Милан көрмелеріндегі тәжірибе негізге алынған. «ЭКСПО» нысандарының антитеррорлық қорғанысы мен ақпараттық қауіпсіздігіне  қатысты Астананың бес қаруы сай. Металл іздеуші соңғы үлгідегі құрылғы.

Батырлан Есенбай, Қалалық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі:

-Ішкі істер органдарынан «ЭКСПО» аумағындағы қауіпсіздік жұмыстарына 4,5 мыңнан аса полицей жұмылдырылды. Көрме 6 секторға бөлінген. Әр бұрышта қатаң бақылау. Бөлінген топтар өз аумағына жауапты. Жаяу әскер сырттай қадағалайды. Қызметтік электромобиль діттеген жерге жедел жеткізеді. Сигуэй жаяу жүргіншілер жолына арналған.

Статистиканы сөйлетсек. Көрме басталғалы ұсақ заңбұзушылықтар тіркелген. Алькоголды ішімдік қолданғандарға қатысты хаттама жиі толтырылады екен. Шараны тамашалауға келушілердің дені – балалар. «ЭКСПО» аумағындағы қауіпсіздікке жауапты Батырлан Есенбай үлкендер немқұрайлы дейді.

Батырлан Есенбай, Қалалық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі:

-Көрме аумағында әр күн сайын түрлі оқиға тіркеледі. Көбінесе ата-аналар балаларын қараусыз тастап, павильондарды аралап кетеді. Кішкентайларды еш уақытта жалғыз қалдыруға болмайды.

Сырттай қарағанда көрмедегі тіршілік әдеттегідей көрінуі мүмкін. Бірақ көпшілік бейхабар. Күш құрылымдары 24 сағат күзетте. Жерде және көкте туристердердің қауіпсіздігі мен тыныштығын үш ауысыммен бақылайды. Экспода әр адым сайын - бейнебақылау. Олардың саны 2 мыңға жуық. Жедел басқару орталығының мамандары қайнаған тірлікті монитор арқылы сырттай бақылайды.

Күмәнді жүгі бар жолаушы қондырғылар арқылы тексеріледі. Ал иісшіл иттер автотұрақтардағы көліктер мен Экспоның жанындағы нысандарды тексеруде таптырмас көмекші. 

Рауан Дәулетов, Қалалық ІІД кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы:

-Жарылғыш затты іздеу, ату, қару және сондай нелерді іздеуге дайындалған иттер. Сол иттермен бұлар мына машиналарды қарайды. Жатқан мына ауланы қарайды. Содан кейін кинолог мамандар кіретін жерде КПП-ларда не жасайды анандай рентгенге сыймайтын груздарды үлкен крупогабаритный соларды тексереді иттермен бірге.

Сырт көз сыншы. Туристердің жайлылығы үшін тазалық та аса маңызды. Айналаға зер салсаңыз жерде бір қылау жоқ. Бұл тазалыққа жауапты мамандардың 24 сағат үздіксіз еткен еңбегінің нәтижесі. Түнгі ауысым көрме аумағындағы павильондар мен дүкендердің айналасы, күллі жолды жуып тазалайды. Ал күндізгі ауысым тазалықтың сақталуына жауапты.

Әділхан Әбдінәби, жұмысшы:

-Жолдарды, қонақтар жүретін жолдарда дақтарды жуамыз. Осымен кетіреміз.

-Шамамен ол қанша шаршы аумақты алады? Мысалы сіздер жуған, тазаланған жерлер?

-Есептемеппін. Бірақ аз емес.

-Жұмыстарың қиын ба енді?

-Жоқ, жұмыс қиын емес. Былай қарап тұрсаң оңай. Қиналатындай жұмыс жоқ.

Еден жуатын көліктің түрі көп. Соның біреуін тізгіндеген Әділхан бір тынбайды. Жұмысы өзіне ұнайды. Тазалық бар жерде, береке бар. «ЭКСПО-дағы» әр павильон – көрмеге қатысушы елдің отауы. Қонақтың бабын жасап, көңілін табу оңай емес.

Руза Бораш, шетелдік павильондар кураторы:

-Күніне ішкі территория, ішкі аумақ ол шетелдік павильондар мен тақырыптық павильондар және «Нұр әлемді» қосқан кезде 100 шаршы метр аумақты жуады. Ал, сыртқы аумақ яғни туристердің жүретін жерлері, тамақ ішетін аумақтарды барлығын қосқанда 150 мың квадрат метрді компанияның қызметкерлері тазалайды.

Жиналған қоқыстар сұрыпталып, кәдеге жаратылады екен. Көрмеге қатысушы елдердің бірі Швейцария тағам қалдықтарынан тыңайтқыш жасайды. Игі бастаманы Қазақстанға үйретуге әзір. Тамақ демекші, «ЭКСПО» аумағындағы алуан мейрамханалар туристердің ең сүйікті орындары. Көрме түрлі мәдениет тоғысқан жер. Сондықтан мұнда келуішілер түрлі ұлттың тағамынан дәм татуға құмар. Былайша айтсақ, «ЭКСПО-ны» көргендердің көңілі де, қарны да тоқ.

Италиялықтар меймандос. Мейрамханаға келушілер бас аспаз Марио Соббианың қолынан дәм татады. Жасы 80-де. Ұлттық тағамдар әзірлеудің хас шебері. 60 жылдан бері сүйікті кәсібі осы. Талай халықаралық жауапты шарада сыннан сүрінбегендердің бірі.

Марио Соббиа, Италиядан келген аспаз:

-Біз Италияның нағыз дәмін алып келдік. Спагетти, пицца дәмі тіл үйірер пасталармен дайындалады. Бұған дейін Америкада, Бразилияда, Корея мен Қытайда болдық. Енді міне Астанада мейрамханамыз бар. «ЭКСПО-ға» келгендердің көбісі бізге арнайы соғады.

Әсіресе, асылған етке сұраныс жоғары. Қазақтың ұлттық тағамының дәмін алғаш рет татқандар жетерлік. Жалпы көрме аумағында 25 мейрамхана жұмыс істейді. Келушілер өз қалауына орай әртүрлі ұлттың асханасына бас сұғады. Ал қымбат мейрамхана қалтаңызға ауырлық қылса, қоғамдық тамақтану орындары бар. Олардың саны – 25.

Дәулет Еркімбаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ департамент директоры:

-Біздің көрмедегі тамақ бағасы басқалармен салыстырғанда арзан. Шетелдіктерге ешқандай жеңілдік жоқ. Кәсіпкерлердің барлығы бірдей талап бойынша жұмыс істейді. Шетелдік инвестор Қазақстанда заңды тұлға болып табылады. Салық төлейді. Олар 3 ай ішінде салған қаржысын өтей алмайды. Сондықтан біз олармен 5 жылға келісім-шартқа отырдық.

Сырт елден келушілер сызып қойған шеңбермен шектелмей, қаланың көрікті жерлерін арайлайтыны түсінікті. Сондықтан қауіпсіздік шаралары, тамақтану орындары мен тазалық бас қаланың төлқұжаты. Ең бастысы – алдыңа келген туристің көңілін тауып, қайта келуіне ықпал жасау. Шақырған қонақтардан ақша алудың құпиясы сол, үнемі қолындағысын беріп үйренген қазақ нарық талабын осылай игермек.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Марат Таубаев, Еркебұлан Тілеуқазы