ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 07.10.2017

Жеті күн 07.10.2017
Сюжеттер
1. Қауіпсіз қоғам 2. Өркендеген өңір 3. Ақ күрішті аймақ
4. Елбасының жұмыс аптасы 5. Латын қарпіне өту 6. Медиа апталық
 
7. Жаңа маусым  

1. Қауіпсіз қоғам

Астананың жасы жиырмаға енді жетсе де, адымды алшақ басуға мүмкіндігі мол. Тоғыз айдың статистикасымен танысқаннан кейін осылай топшылауға тура келді. Жыл басынан бері елордаға 5 млн 400 мыңға жуық адам ат ізін салыпты. Ал халықаралық EXPO 2017 көрмесінің қарсаңында 1,5 млн шетелдік қонақ бас қалаға бас бұрған. Мұндай цифрлардан соң жергілікті билік желпінбей қойсын ба?! «Жылына 1 миллиондай туристің келуіне жағдай жасаймыз», – деп жоспарлап отыр.

Әрине, мейман көбірек келу үшін шаһар көрінісі заманға сай шақталуы керек. Дегенмен көздің жауын алар қызылды-жасылды дүниеден де маңыздырақ мәселе бар. Ол – қоғамның қауіпсіз болуы.

Бұл тақырып осы аптада Ақордада талқыланды. Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында күштік құрылымдардың күшін қазіргінің қатеріне төтеп беруге қауқарлы ету жайы қаралды. Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде әрекет қылатын арнайы қызметтердің әлеуеті турасында әңгіме өрбіді.

Ел қауіпсіздігіне жауаптылар өздерінің қандай іске жарайтындығын халықаралық EXPO 2017 көрмесінде көрсеткен. Алты құрлықтың назарын Арқа төсіне аударған ауқымды шараға шаң жұқтырмағанына қауым ел куә. Осыған орай Елбасы құқық қорғау және арнаулы органдардың қызметкерлеріне алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қауіпсіздік кеңесінің бүгінгі кезекті отырысында біраз мәселені қарайтын боламыз. Бұл – қауіпсіздік жөніндегі алдымызда тұрған міндеттер. Сондықтан айтайын дегенім, біз әлемде болып жатқан жалпы жағдайларды білеміз. Сондықтан өздеріңізге белгілі, әрқашан барлық өзгерістерге дайын болуымыз керек. Сондай-ақ өткен отырыстарда біз EXPO 2017 көрмесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берген болатынбыз. 3 ай ішінде ешқандай келеңсіз жағдай болған жоқ. Біздің құқық қорғау органдарының әрқайсысы өз орнында тиісті жұмыстарын атқарып, EXPO-ның жақсы өтуіне, жақсы баға алуымызға, әлемдік қауымдастыққа өз үлесін қосты. Сол үшін барлықтарына рақметімізді айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

Бұл заманда ұртын толтыруды ойлағандар қаламнан гөрі, қару ұстағанды жөн көретін жағдайға жетті. Осылайша көпке көрінбес, астыртын айқас жүріп жатыр. Мәселен, санкция қою – арқадан сойылмен сойып түскендей дүние. Оның ақыры арпалысқа апаруда.

Ал бейбітшілік туын берік ұстаған қазақ үшін «қаламның мұқалмағаны» маңызды. Бірақ қорғанын ойлап, қолындағы қаруын да уақыт талабына қарай сайлап, қажет болса майлап отырған. Қауіпсіздік кеңесінің қарымын қуаттап, дәрежесін арттыруға Президенттің кезекті рет пәрмен беруі – айтылған сөзімнің айғағы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мы не раз обсуждали эти вопросы и сегодня будем рассматривать. Это является мобилизационная подготовка страны, готовности к реагированию на любые ситуации, которые есть. Рассмотрим вопросы, касающиеся территориального положения регионов нашей страны. И в третьем, в рабочем порядке вопросы дальнейшего укрепления роли статуса Совета безопасности страны.

2. Өркендеген өңір

Тыныштық орнаған жерде ғана тұрақты даму болады. Бұған мысал ретінде Ақтөбе облысын алсақ, әбден келісті. Бейбіт күндегі берекелі істің арқасында аймақ экономикасы асқан жылдамдықпен артуда.

Биылғы жылдың сегіз айында өңірдегі өнеркәсіптер 951 млрд теңгенің тауарын шығарып, ішкі жалпы өнім көлемі 4%-ға өсті.

Шағын және орта бизнестің шабысына да шапшаңдық бітіп келеді. Әзірге саны 50 мыңды ғана маңайлап тұрғанымен, «алда көбейеді» деген ауқымды жоспар жазулы. Кәсіпкерлікті қолдауға осы жылы 2,8 млрд теңге бөлінді.

Жақында ғана Ақтөбеден шыққан азаматтар «Туған жер» форумында топтасқан еді. Елбасының «Туған жерге туыңды тік» ұранының аясында өткен шара өңір тіршілігін өрге шығарады деген сенім бар.

Осындай сан мен сапаны ойға салып, сараласақ, Ақтөбенің облыстар рейтингінде озық болуға ынталы екенін аңғарамыз.

Осы аптада Елбасы Ақтөбеде ат суытқан еді. Сапар барысында Президент өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ өндірістердің де өмірімен танысты.

Ақтөбе бұл күндері Абай суреттеген қоңыр күздің кейпін киіп тұр. Түсі суық сұр бұлт, жерді басқан дымқыл тұман. Ақтөбенің басты даңғылымен жүріп келеміз. Көшенің қақ ортасында кезінде жоңғарларды жер жастандырған Әбілқайыр хан ескерткіші тұр. Өйткені Ақтөбе өңірі осы баһадүрдің табаны тиген, ақ сауытын киген жер саналады. Өңірді ерекшелейтін жалғыз дерек бұл емес.

Жер көлемі жағынан елде екінші орындағы, ірі, қарқынды дамып жатқан өңірдің бірі. Индустриалды аймақ. Минералды шикізатқа бай. Никель, титан, фосфор, бəрі осында. Қызылорда күріштің, Атырау мұнайдың астанасы болса, Ақтөбе – хромның астанасы. 400 млн тонна көлемінде хром рудасының қоры бар облыс әлемде алғашқы орынды бермей тұр.

Елдар Бақпаев, тілші:

-Менің қолымдағы – құрамы көмірсутекке бай феррохром. Əлемде үлкен сұранысқа ие. Шикізат осындай пеште балқытылады. Мамандар: «Әлемде мұндай қуатты пеш жоқ», – деп отыр. Ең жақын балама Оңтүстік Африкада. Бірақ ондағы пештің мүмкіндігі – 60 МГВ. Ал бұл зауыттағы төрт пештің әрқайсысы 72 МГВ-пен жұмыс істеп тұр.

Елбасы аялдаған алғашқы нысан қуатты фероқорытпа зауыты болды. Осыдан 3 жыл бұрын Президент бұл жаңа өндірістің балқыту пешін іске қосқан еді. Бүгінде жаңа буынның төрт пеші 440 мың тонна шикізат қорытады. Өнімділік бірден төрт есеге артты. Зауыттың жаңашылдығы бүтіндей металлургия саласындағы кейбір түсініктерді өзгертті. Мысалы қорытпа балқытушы – бұрынғыдай жай жұмысшы емес, жаңа технологияның тілін меңгерген білікті маман. Өйткені мұндай өндірістің өзі – батыл инновациялық шешім.

Ғанибек Есенжолов, АФҚЗ қызметкері:

-Біздің ферроқорытпа өнімдері бүкіл әлемде сұраныспен қамтамасыз етілген. Себебі оның құрамы өте бай және таза болып келеді. Оны көптеген шетел мемлекеті мойындауда. Біз өз өнімімізді, яғни ферроқорытпаны көптеген сұраныс болған соң Шығыс, Еуропа елдеріне экспорттау жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Біздің алға қойып отырған мақсатымыз – нарықта ферроқорытпа өнімдерінен көшбасшы болу.

Тағы бір инновациялық өндіріс орны – Ақтөбе рельс-арқалық зауыты. Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын. Жылына 430 мың тонна өнім өндіреді. Мұндай рельстер бұрын импортталып келсе, енді өзімізде шығарып қоймай, жақын-алыс шетелге экспорттап жатқан жайымыз бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын телекөпір арқылы тұсауын кескен зауыттың қарқынын Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы өзі келіп көрді.

Зауыт бүгінде екі түрлі рельс шығарады. Алғашқысы ірі магистральді жолдарға арналған. Сағатына 350 шақырыммен жүруге мүмкіндік береді. Ал екіншісі – өндіріс орындарына арналған рельс. Бұған дейін бұл жолдарға ескі, істен шыққан рельс төселіп келген. Зауыт ұжымының ендігі мақсаты – Еуропа елдерінің сұранысына сай жаңа технологияны енгізу.

Андрей Кузьмин, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының директоры:

-Біз зауыт іске қосылғалы шамамен 170 мың тонна өнім шығарып үлгердік. Бұл – сапалы жүз метрлік рельстер. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде біз Қазақстан темір жолына қажетті рельстерді толықтай қамтамасыз етіп отырмыз. Зауыттта 750-ден астам маман қызмет етеді. Олардың дені – шетелде тәжірибе алған білікті де білімді мамандар. Өнімдеріміз Өзбекстан мен Белоруссияға экспортталуда. Ендігі меже – Еуропаны бағындыру.

Бұл мамандар – болат балқытпаса да, ақтөбеліктерді арзан əрі сапалы көкөніспен қамтамасыз ету үшін тер төгіп жүрген жандар. Мемлекет басшысы өңірдегі ірі жылыжай кешендерінің бірі «Greenhouse Kazakhstan» серіктестігінде болды. Бұл жоба облыстың жаңа піскен көкөністерге деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге, сонымен қатар артық өнімді Ресейге экспорттауға мүмкіндік берді. Кешен мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның қолдауымен тұрғызылған. Жобаның құны – 5 млрд 740 млн теңге, қуаттылығы – жылына 6 мың тонна өнім.

Арман Жетпісбаев, «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС бас директорының орынбасары:

-Біздің жылыжай кешені 3 мың тоннадан өнім өндірілді. 120 шақты жұмыс орны пайда болды. Біздің жылыжайдың жүйесі автоматтандырылған. Барлығы қадағаланады. Өнімдеріміз Ресейдің қалаларына сатылып жатыр.

Кез келген аймақтың дағдарыстан қалқаны – инновациялық өндіріс пен бәсекеге қабілетті бизнес. Ал қоғамның көңілі жай болу үшін ең әуелі тұрмыс түзелуі керек. «Бұл үшін барымызды салып жатырмыз», – дейді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

-Енді мына бағдарламаның бір ерекшелігі, біріншіден, мына үйлер екі немесе үш айдың мерзімінде тұрғызылып бітеді. Екіншіден, бұлар кірпіштен, панельден, одан кейін пеноблок, газоблоктан салынады. Осы бағдарламаның арқасында құрылыс индустриямыз жүз пайыз өзінің қуаттылығын пайдаланып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ақтөбені Алматы, Астана, Шымкент сияқты үлкен қалалардың қатарына қосамыз деп, көп жұмыс жасап жатырмыз. Жаңағы салынған рельсобалочный завод, хром зауытының арғы мүддесі – адамдарға жұмыс беру. Бір зауытта 700 адам, екінші зауытта 800 адам жұмыс істеп жатыр. Жоғары мамандық алғандар. Жақсы жалақы алғандар. Сондықтан ол өте дұрыс. Осы жолмен жүру керек.

Келер жылға дейін ақтөбелік мыңға жуық отбасының баспана базынасы шешілмек. Ол үшін қалада «Нұр Ақтөбе» деп аталған тұрғын үй кешені бой көтерді. 194 жер үй мен 22 көпқабатты тұрғын үй халықтың тұрмысын түземекке салынды.

Дәурен Оразбаев, мердігер:

-«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» ауданынан көпқабатты және жеке, тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс бұйымдарының 85%-ы – жергілікті өнім. Бағдарлама өте қолжетімді. Себебі шаршы метрдің бағасы 120 мыңнан аспайды. Құрылыс жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.

Баспаналы болу бақыты Хожаевтар әулетіне бұйырды. Үйдің отағасы да, отбасы мүшелері де бірнеше күннен бері алқынған жүректерін баса алмай жүр. «Нұрлы жердің» игілігін көрген жанұя мемлекет ұсынған мүмкіндікті дер кезінде пайдаланғанына дəн риза.

Нұрлан Хожаев, тұрғын үй қожайыны:

-Мен бүгін ризамын. Мына алып жатқан үйім, басқа не керек? Бәрі жақсы, салынып жатыр. Отбасым да риза. Кең, бәрі ішінде бар. 120 мың шаршы метр. Жақсы материалдан салынған. Өзім салсам, осындай ақша шығады. Бірақ оған уақыт жоқ. Көп-көп рақмет!

Қала билігі халыққа қолжетімді баспана салып жатса, өңірдегі ірі өндіріс ошақтары қала тұрғындарына мәдени нысандарды сыйға тартып жатқанының куәсі болдық. Бүтін батыс аймақта жоқ ең үлкен концерт залы енді Ақтөбеде бар. Зəулім ғимарат 1 200 адамның сапалы дыбысқа қанық болуы үшін лайықталып салынған. Халықаралық деңгейде концерттер мен мерекелік шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Облыстың шығармашылық ұжымдары мен өнер майталмандары бұл орданы ұзақ күтті.

Света Айтбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

-Бұл – Сіздің мәдениет пен өнерге деген ерекше ықыласыңыздың нәтижесі. Берген айқын бағыт-бағдарыңыздың нәтижесі деп санаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ақтөбе – Қазақстанның өркендеп, өсіп келе жатқан өңірі. Бұл жерде бұдан да үлкен ғимараттар, мәдени ошақтар болады әлі. Халықтың санын көбейтуге әрекет жасап жатырмыз. Мына жерде мөлтек аудан салынып жатыр. Құрылыстар жүріп жатыр. Мектептер, балабақшалар, үй салынып жатыр. Ол үшін елге жұмыс беретін өндіріс керек. Ол да салынып жатыр. Жаңа зауыттарды аралар көрдім. Сондықтан Ақтөбенің болашағы өте үлкен. Төрт жолдың торабында тұр. Мына жақтан да, мына жақтан да. Үйлерге газ беріліп жатыр. Жақсылық болып жатыр барлық жерде. Еліміздің бәрі солай. Сондықтан сіздерді құттықтап, зор табыс тілеймін!

Ал Шығармашылық академиясы – ақтөбелік жас өрендердің несібесі. Инвестициялық қаржыға тұрғызылған ғимаратта 6-18 жас аралығындағы өнерлі балалар шығармашылықтан бөлек робототехника, обсерватория, планетарий бағытындағы үйірмелерге қатыса алады. Жас өнертапқыштардың қолынан шыққан алғашқы дүниелерге Елбасы «Жарайсыңдар!» деген бағасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Все полное, как настоящее. Полноприводное, как джипы. Молодцы! Это то, что надо в будущем. Техникой надо заниматься.

«Жастарға арналған академияның жергілікті балғындар үшін пайдасы зор», – дейді мекеме басшысы.

Шамшат Жұбай, Шығармашылық академиясының директоры:

-Қазіргі таңда біз 3 мыңға тарта бала қабылдадық. 34  үйірме бар. Жеті бағытта жұмыс жасаймыз. Бұл – қосымша білім беру мекемесі. Негізінен бұл – балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, сонымен қатар балалардың қабілетін дамыту.

Бұл игілікті істің басым бөлігі – өңір билігінің жұмыс нəтижесі. Əкімнің есебі бойынша, Ақтөбеде ең қуатты газ тарату стансасы пайдалануға берілген. Өнімділігі сағатына 300 мың текше метрді құрайтын нысан коммуналдық және өндіріс орындарының табиғи отынға деген қажеттілігін қанағаттандырады.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

-Мынау – жеке мектеп-интернат. Үш тілде сабақ беріледі. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, жетінші сыныптан бастап физика, химия, математика, биология ағылшын тілінде өтеді. Бұл – этноқалашық. Ауылдан келген балаларды осында жатқызып, оқытады. Мына кісі 15 грант, стипендияны өзі беріп отыр. Қалғанын мемлекеттің есебінен  береміз.

Қазақтың талай батыры мен ақыны, əртісі мен күйшісінің табаны тиген Ақтөбе топырағы – аты жер жарған тұлғаларды тəрбиелеген құтты мекен. Солардың бірі – Ахмет Жұбанов пен оның қызы Ғазиза Жұбановалар. Бабалар рухына ұрпағының тағзымы – мына өнер орталығы. «Жұбановтар əлемі» деп атын беріп, аға буынның ғибратқа толы өмір жолын жастарға өнеге етуді мақсат тұтқан мәдениет ошағында шағын музей, кітапхана мен оқырман залы бар. Одан бөлек талантты балдырғандар классикалық музыка үйірмесіне қатыса алады. Жаңа ғимаратта Президент өңірдін қоғам белсенділерімен жүздесіп, бейбітшілік пен келісім, ел тыныштығы жөнінде сұхбат құрды.

Мейрамгүл Жаманқұлова, тәлімгер:

-Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүгін Сізбен кездесуден ерекше әсер алып, қуанышты жайда тұрмыз. Бүгінгі таңда халқымыздың мақтанышы Жұбановтарға арналған «Жұбановтар әлемі»  ғимаратының біздің Ақтөбеде бой көтергені ақындар, жазушылар, композиторлар үшін ерекше қамқорлық деп білеміз. Ертеңгі күні осы ғимаратта біздің бірігіп еңбек етуімізге мол мүмкіндік жасалып отыр. Осы киелі шаңырақта жаңа музыкалық туындылардың жарыққа келетініне сенеміз. Барлығымыз осы жерде еңбек етеміз деп сенемін.

Рухани жаңғыру үдерістерінің ерекшеліктеріне тоқталған Елбасы күнде сан түрлі құбылған көшке ілесе алу үшін сананы жаңғырту қажеттігін тағы бір қаперге салды. Ақтөбенің ірі агломерациялық орталық болуына барлық алғышарттың бар екенін, осыны тиімді пайдаланып, облысты ғылыми, қаржылық, адами ресурстарды тарта алатын инновациялық орталыққа айналдыру қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Газ есть. Дорого из Китая, Европы, через вас  проходит. Железные дороги у вас проходят. Транспорт – это жизнь. Вдоль транспорта всегда поселки, станции, люди, работа идет. Через весь Бетпак-Дала, Жезказган 1500 км железной дороги впервые в нашей истории. И там сразу жизнь появилась. Люди появились. Там никогда никто не жил. Поэтому транспорт, дороги продолжаем строить. Весь Казахстан будет покрыт сетью. Инфраструктура, дороги  – это и есть. Это и есть человеческие ресурсы. Без них ничего не будет развиваться.

Айта кетейік, қоғамға рухани азық болар бұл нысандардың дені «Туған жерге тағзым» шарасы аясында ақтөбелік кәсіпкерлердің жеке қаржысына тұрғызылған. Тек ағымдағы жылдың өзінде облыста əлеуметтік нысандардың құрлысына 29 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Бұл – осы өңірде туып-өскен азаматтардың туған жерге, оның мәдениеті мен келешегіне деген сүйіспеншілігі. Шынайы патриотизмнің бірден-бір көрінісі осы болар.

Авторлары: Елдар Бақпаев, Жанұзақ Боранбаев, Жандос Битабаров, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

3. Ақ күрішті аймақ

Президент Ақтөбеден кейін ақ күріштің астанасында аялдады. Қызылорданың да қарқыны қатты. Елордадан қалысар емес. Сырдарияның сол жағалауынан қала салып, ел қондырмақ. «Ондағы құрылыстың аумағы 1 532 гектар жерді алады», – деп айтылды.

Дегенмен аймақ әкімінің ақпанда берген есебін ескерсек, құрылыстың бойына толықтай қан жүгіртпей тұрған мәселе бар. Ол – мұнайдың азаюы. Соңғы екі жылда қара алтынды өндіру 3 млн тоннаға кеміген көрінеді.

Бірақ бұдан Қызылорда экономикасының кетеуі кетіп, тұрмысының кенеуі кепкені шамалы. Себебі өңір шикізатқа тәуелділіктен арылудың амалын қылған. Яғни өңдеу өнеркәсіптерін дамытуға ден қойыпты. Солайша бұл сектордағы өсім төрт жылда 52%-ға жеткен.

Атқарылған жұмысқа Сыр еліне сапарлатып барған Елбасы баға берді. Президент қолға алынған істердің технологиялық және рухани жаңғырумен астасып жатқанын атап өтті.

Байқоңыр – жаһандық ғарыш саласының діңгегі. Адамзат тарихында алғашқы зымыран осы жерден ғарышқа жол тартқан. Одан бері талай ғарыш кемелері жеті қат аспанды бағындырып келеді. Бұл кешеннің дамуы Елбасының ерекше назарында. Қазіргі таңда ғарыш алаңын Қазақстан мен Ресей иық тіресе игеріп жатыр. Жұмыс үлестіріліп, стратегиялық бағыттар айқындалды. Екі жақ 20-дан астам бірлескен бағдарламаны жүзеге асыруда. Солардың бірі «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жұмысын жеделдетуде. Бұл – бірегей жоба. Оны іске асыру мерзімі 2022 жылға межеленген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Эксплуатируется, так сказать, на благо совместной, потому что мы партнеры и союзники работают на нас, а теперь и еще больше. С созданием межгосударственной комиссии, с созданием комплекса «Байтерека». А сейчас с изменением общих планов пусков в Российской Федерации и у нас создается общее впечатление. Пуск казахстанских спутников, космонавты казахстанские будут увеличиваться. Наша молодёжь будет учиться по специальностям космическим. Таким образом, Казахстан по-настоящему становится одной из космических держав вместе с Россией.

Екі ел ынтымақтастығы Байқоңырды сақтап қана қоймай, айлақты белсенді пайдалануға жол ашты. Ресей ғарыш алаңының техникалық қамтуын қолға алса, Қазақстан инфрақұрылымды дамытуға ден қойды. Қос ғарыш державасы Байқоңырды жаңғыртып, цифрлық технологиялар енгізуде. Кешенмен қаланы қатар дамыту үшін әріптестер бірлескен кәсіпорындар құруға да ниетті. Айлақ өркендей түседі, қосымша жұмыс орындары ашылады деген сөз.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

-Былтыр «Байқоңыр» кешенінде серіктестікті одан әрі дамыту концепциясына қол қойылған болатын. Бұл – ұзақмерзімді әріптестіктің негізі. Онда ғарыш айлағы мен қаланы бірлесіп дамыту, модернизация, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен туризмді өркендету көзделген. Ең бастысы – бірлескен ғарыш жобаларын жүзеге асыру.

Маңызды міндеттердің бірі – қаланың өзінде өмір сүру жағдайын жақсарту. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуге шақырды. Ел мақтанышына айналған Байқоңырдың туристік әлеуетін де арттыру ойда бар.

-Мұнда туристік бағыттар жасау мүмкіндіктері қаралуда. Себебі біз Қазақстан мен Ресейдің туристік компаниялары арасында байқау жариялап, туризмді дамытуға ден қойдық. Бұл – біздің бірлескен жобаларды дәріптеудің бір мүмкіндігі.

Қаланың болашағы зор. Алдағы уақыт Байқоңырды моноқала емес, көпсалалы ірі шаһар ретінде дамыту жоспарда. Қандай өзгерістер күтіп тұрғаны макеттен-ақ көрініп тұр. Онда өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамытуға күш салынбақ.

-Ең бастысы жасап жатқан жұмысқа халықтың сенімі пайда болды. Қазір көріп отыр, көше сырланып, тазаланып жатыр. Қалаға газ келіп тұр. Биыл 5 үйді жобалап бастаймыз. 6 мектеп пен 1 балабақша беріледі.

Мұндай елеулі өзгерістер облыс орталығын да күтіп тұр. Қызылордада тұрғын үй құрылысының көші ілгері. Соңғы 4 жылда 12 шағын аудан бой көтерді. Енді қаланың сол жағалауы жасақталып жатыр. Сырдарияны асып өтетін көпір салынып, арғы бетте жұмыс қызу.

Мұхтар Ыбырайым, тілші:

-Осыдан бірнеше жыл бұрын Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала пайда болады дегенге көпшілік күмәнмен қараған еді. Қазір мұнда құрылыс қарқыны күшейіп, шаһар қанат жайып келеді. Жақын болашақта бұл жерде ондаған тұрғын үй, университет, «Рухани жаңғыру» орталығы мен түрлі әлеуметтік нысан бой көтереді. Ғимараттардың алғашқы легі биылғы жылдың соңына дейін берілмек.

Сол жағалауға 1 500 гектар жер бөлінген. Бірінші кезеңде оның 500 гектары игерілмек. 11 тұрғын үй ауданы, индустриялық аумақ, 3 саябақ тұрғызылады. Президент белсенді жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен жеке танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазір қанша үй салынған?

-18 үйдің іргетасы қаланды. Осы тұрған үйлер, біз тұрған көпір. Жекеменшік-әріптестік негізінде 320 орындық балабақшаның құрылысы басталды.

Ауқымды құрылыс келешектің қамы үшін! Қазір Қызылордада 280 мың халық тұрса, он жылда олардың саны 350-ге жетеді деген болжам бар.

Сұлтанбай Қонарбаев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары:

-2020 жылға 500 гектарға 51 мың халық жоспарланып отыр. Ол жүзеге асқан кезде 1 532 гектарға 155 мың халықтай жоспарланып отыр.

Бастысы құрылысқа жұмсалатын қыруар қаржының бір бөлігін жергілікті кәсіпкерлердің өздері көтеріп отыр. «Туған жерге тағзым ету» деген осы.

-Өзіңнің кіндік қаның тамған жерге қолыңнан келгенше көмек жасалып жатыр. Мен елге ұран тастадым. Қазақстан бойынша жүріп жатыр. Сондықтан елге көмектескен жөн болады. Елдің алдында шапағаты тиетін мәселе. Рақмет сендерге!

-Біз бастап жатқан құрылыс жаққа келгеніңізге, бастамамызға батаңызды беріп кеткеніңізге өте қуаныштымыз!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сол үшін келдік. Мына Астана сияқты оң жағалау, сол жағалау болатын болдыңдар ғой.

Қалада заманауи кәсіпорындар саны артып келеді. Солардың бірі – шыны зауыты. Бұл – Орталық Азиядағы бірегей өндіріс. Жылына 197 мың тонна өнім шығарады. Тауар ішкі нарықпен қатар Ресей, Өзбекстан және Түркияға тасымалданбақ. Қызылорда облысында барлығы 17 индустриялық жоба іске қосылған. Солайша 6 500 адамға жұмыс берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қаншама маман, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Басқаша жалақы болады. Шыны деген – үй құрылысы, электр энергиясы, жаңа технология. Барлығы шыныда. Әйнек деп қарауға болмайды. Индустрияның ең алдыңғы қатары болып саналады.

Шыны зауыты келер жылдың шілде айында алғашқы өнімді шығаруды жоспарлап отыр. Солайша өңір экономикасын алға жетелейтін іргелі кәсіпорынға айналмақ. Кейін ұялы телефондар мен планшеттерге арналған өте жұқа шыны заттарын шығаратын екінші желі ашу жоспарда.

Ержан Сағынбаев, компания жетекшісі:

-Сол кезде Қызылорда облысы дүниедегі ең белгілі қалалардың бірі болады. Өйткені ондай зауыт дүниеде екі-ақ жерде бар. Біреуі Қытайда, екіншісі Жапонияда. Сонда біздің сатып алушыларымыз Apple, LG деген компаниялардан келіп, тауарымызды алады деп ойлап отырмыз.

Осыдан 4 жыл бұрын аймақта шағын-орта кәсіпкерліктің үлесі 4% болса, биыл бұл меже 15%-ға жуықтаған. Яғни бизнеске бел буған азаматтарды мемлекет тарапынан қолдау шаралары жемісін беруде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қызылордаға енді қандай жақсылық жасау керек? Теміржол өтеді. Автожол, газ, барлық жағдай бар. Сондықтан жағдай жаман болмас деп ойлаймын. Енді мына зауыт, Шалқияда комбинат, молибден комбинаты бар. Оның барлығы облыстың экономикасының ауқымын көтерген кезде халықтың да жағдайы жақсы болады. Солай ғой?

Сыр өңірінде тағы бірнеше ірі кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Тұз зауыты мен агроөнеркәсіптік кешен бойынша ауқымды жобалар бар. Өңір кәсіпкерлері Иран күрішін де экспортқа шығара бастады. Бұл елдің жылдық импорты – 3 млн тонна. Соның бір бөлігін Сыр елі экспорттауға дайын.

-Соңғы 4 жылда рекордтық өнімге қол жеткіздік. Нәтижесінде қазір экспортқа шығарып жатырмыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Биыл орташа көлемі қанша?

-Орташа өнім қазір 56-60 тонна болып келіп жатыр. Менің шаруашылығым бойынша 70-тен алып жатырмын. Экспортқа біздің күріштен 10 есе қымбат Иран күрішін егіп, жіберіп жатырмыз.

Елбасы Сыр өңірінде жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар көрмесін де аралады. Облыста ауыз толтырып айтар жетістік баршылық. Өнеркәсіп өндірісінің ауқымы өсті, негізгі капиталға салынған инвестиция 110 млрд теңгеден асты.

-Реализация инвестиционных проектов нам позволило поддерживать высокий темп роста в обрабатывающей отрасли. За 4 года объем производственного роста вырос в 2,3 раза. А доля обрабатывающей отрасли выросла в 4 раза.

Елбасы Сыр өңірінің жастарымен де кездесті. «Арай» спорттық-сауықтыру кешенінде Нұрсұлтан Назарбаевты қызылордалық дарынды өрендер ыстық ықыласпен қарсы алды. Жастар Мемлекет басшысына түрлі салада жеткен жетістіктерін баяндады. Жас өрендердің қатарында оқуда озат болған 12 Нұрсұлтан есімді оқушы бар.

Нұрсұлтан Жақсыкелді, оқушы:

-Құрметті, Нұрсұлтан ата! Мен, Жақсыкелді Нұрсұлтан 2-сыныпта оқимын. Болашақта Сіз сияқты Президент немесе космонавт болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің ұшағы бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды ұшақпен қыдыртқым келеді. Әсіресе Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды. Нұрсұлтан ата, Сыр еліне қош келдіңіз!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Астанаға барғың келе ме? Вот, мен шақырамын. Ата-анасымен бірге, барлығын. Президент міне тұрмын! Космодром ана жерде. Барлығы бар сенде. Кім болам десең, өзің білесің. Бақытты бол!

Сыр өңірінің жастары салауатты өмір салтына ерекше көңіл бөледі. Мұнда спортпен шұғылдануға барлық мүмкіндік бар. Президент спорттық-сауықтыру орталығын аралап, жас спортшылардың жағдайын көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Неважно, чемпионами будете или нет, здоровьем занимайтесь. И ЗОЖ. 90% здоровья зависит от человека, от медицины – только 10%. Счастье тоже, 90% счастья – это здоровье. Несчастный миллиардер, который больной, несчастный король, который тоже больной. Берегите здоровье смолоду. Желаю вам успехов!

Ал бұл – «Қорқыт ата» мемориалдық кешені. Қармақшы ауданында орналасқан. Ұлы ойшыл, түркі дүниесінің абызына арнайы 1980 жылы тұрғызылды. Үш жыл бұрын ескерткіш толықтай жаңарды.

Мұxтар Ыбырайым, тілші:

-Кешенде төрт құбылаға қарап тұрған төрт қобыздың стелласы орнатылған. Әрқайсысының биіктігі – 8 метр. Бір қызығы, жел соққанда мұнда қобыздың әуенін естуге болады.

Қаладан қашықтау болғанымен, мұнда адамдар ағылып жатады. Жыл басынан бері 10 мың адам келіп-кеткен. Дені – EXPO-ны тамашалауға келген шетелдік турист. Кешен отандық туризмді ілгерілетуге серпін берді.

-Это – дерево жизни. Мына плита 7 ғасырдан қазіргі күнге дейін тұр. Қорқыт өлімнен қашып жүрген ғой. Мәңгілік өмірді аңсаған. Сондықтан Сіздің «Мәңгілік ел» идеяңыздың бір тармағы осы жерде жатыр.

Мұнда Қорқыт мұраларын жинайтын музей де бар. Кешен қорында 2 мыңға тарта құнды жәдігер сақтаулы. Бір сыпырасы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.

Мағауия Әлиев, «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің ғылыми қызметкері:

-Келешек ұрпақ рухани жаңғыру жолында әрі қарай дамытып, санасын оятып, өз тарихымызды жетік білу. Осындай мақсатымыз алдымызда тұр.

Мемлекеттік бағдарламалар мен өңірде атқарылып жатқан жұмыстың барлығы қарапайым халық үшін. Елдің әл-ауқатын арттыру бірінші орында. Ал оң өзгерістерді жергілікті жұртшылық жоғары бағалайды, мақтан тұтады.

Блиц:

-Жақсы ғимараттар, биік үйлер салынып жатыр. Көшенің тазалығы. Гүлденіп, мәдени ескерткіштер қойылып жатыр.

-Бұрынғы уақытта Қызылордадан кетем деушілік көп болса, қазір керісінше. Екі-үш жыл бұрын біреу айтса, біз сенбес едік. Халықтың да жағдайы жақсарып келе жатқанын көруге болады. Қаламызды мақтан тұтамыз!

-Осының бәрі балаларымыздың болашағы үшін! Қызылордада кез келген балабақшаға барсаң орын бар.

Сыр елі дамудың даңғылына түсті. Өңір өркендеуі үшінші модернизациямен астасып, рухани жаңғырумен біте қайнасып жатыр.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Дулат Ентебеков

4. Елбасының жұмыс аптасы

2 қазан күні Лас-Вегаста елдің есін алған оқиға болды. Жергілікті тұрғын «Манделей-Бей» қонақ үйінде өтіп жатқан музыкалық фестиваль қатысушыларына қару кезеніп, оқ жаудырған. Салдарынан қаншама адам қаза тапты. Жарақат алғаны да жетіп артылады.

Қабырғаны қайыстырған қайғылы жағдайды Нұрсұлтан Назарбаев зор күйзеліспен қабылдап, АҚШ Президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Біз осынау сын сағаттарда АҚШ халқымен бірге екенімізді жеткізгім келеді. Жеке өзімнің және барша Қазақстан халқының атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ достас АҚШ халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған жеделхатта.

Тарихтың қай тамырына бойласаңыз да, Қазақ елінің сыртқы саясатта «қастықтан қашық, достыққа асық» болғаны анық байқалады. Біреуге көз алартып, қабақ шытқан қылығы жоқ. Әрқашан өзгелердің қайғысына да, қуанышына да ортақтасып отырады.

Бейсенбіде Елбасы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтады. Оған зор денсаулық пен бақ-береке тілеп, жоғары мемлекеттік лауазымында табысқа жете беруіне ниеттестігін білдірді.

Екі елдің Басшылары екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі жай-күйі мен ертеңгі екпінін де тілге тиек етті. Сондай-ақ өңірдің өзекті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Ендігі жаңалық та елдер достығына ерекше екпін береді. Күні кеше Президент Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлектерін қабылдады. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев атаулы оқу ордасының мәртебесіне баса мән берді. Анығырақ айтқанда, оның дипломаттар мен сыртқы саясат саласының сабын ұстағандар арасындағы беделі жоғары екенін тілге тиек етті.

Басқосуда қаралған басты мәселе – мемлекетаралық диалогты нығайту. Президент сөзімен тарқатқанда, дипломатиялық кадрларды Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына тарту. Бұл – қазіргідей аумалы шақта аса қажет қарекет. Сондай-ақ Астанада өткен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты түлектерінің халықаралық форумы жайлы да ортаға ой тасталды. Бұл шараның ауқымы кең. Соған орай, оның елдер арасындағы дипломатиялық байланыстарды берік әрі берекелі етудегі маңызы зор. Дипломаттар сөзі осыған саяды.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

-Это форум триумфальный: несколько сотен человек из 35 стран, это подчеркивает нашу общность.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Очень много наших дипломатов воспитывались. Всегда были в Советском Союзе особенные учебные заведения, куда стремились попасть. У нас многие дипломаты, послы, министры иностранных дел – выпускники, и сейчас наша молодежь учится. Евразийский экономический союз наш должен развиваться. Ни одно экономическое сообщество или союз не будет долговечным, если не будет полного равноправия всех членов. Практическое образование, признание равенства всех, признание государственности всех, тогда он будет притягательным. Когда-то, когда Европейский союз обсуждался в Италии, тогда французский министр финансов сказал: «Если не будет равноправия сегодня всех членов – союз развалится».

Еліміздің Мемлекеттік хатшысы да Елбасы қабылдауында болды. Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының атқарылуы жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ Президент жанындағы комиссиялардың жыл басынан бергі жұмысы туралы да баяндады. Кездесу соңында Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар жүктеді.

Елбасы бұл аптада сыртқы саясаттағы қарекеттерді де ақыл таразысына салып, тағы бір саралады. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты қабылдады. Ол Мемлекет басшысына Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы қызметі жайлы есеп беріп, жаһандық деңгейдегі бірқатар іс-шараның  қорытындысын баяндады.

Өткен айдың жиырмасыншы жұлдызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясы болды. Саяси пікірталасқа тасталған тақырып – «Жер бетінде бейбітшілік пен тыныш өмір орнату». Атаулы мәселеде Қазақстан бастамаларының өзекті екенін биік мінберден алып мемлекеттердің өзі айтты.

Одан кейін 22 қыркүйекте де құлаққа жағар жаңалық естідік. Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы біздің ел жайлы біраз ойымен бөлісті. Рекс Тиллерсон айтқан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Қазақстанның әрекеттері әлем үшін үлгі» дегенге топшыланады.

Дүниені дүбірге бөлеген атом қаруынан ат-тонымызды ала қашуымыз төңірегінде алты құрлықтың адамы жарыса айтып, жақсы бағалаған. Енді Сириядағы соғысқа қарсы соққы беруге жасаған қолдауымызға да қошемет көп. «Астана процесі» туралы халықаралық ұйымдардың басқосуларында барынша айтылып жүр.

Қыркүйектегі маңызды шаралардың бірі – ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті. Бұл жиын Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен тұңғыш рет Астанада өтті. Оның нәтижесін ұйымға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері жоғары бағалады.

Осындай бағалаудың барлығын Қайрат Әбдірахманов Мемлекет басшысына баян етті.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

-Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің тапсырмаңызбен БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі дебаттарына қатыстым. Бұл бізге және өзіңіздің халықаралық аренадағы бастамаларыңызды көрсетіп, тағы бір презентациясын жасауға мүмкіншілік берді. Олардың арасында 2 жыл бұрын БҰҰ-да жасалынған тұрақты дамуға арналған бастамаларыңыз бар. Осы Бас Ассамблея шеңберінде терроризмге қарсы күрес және бірнеше іс-шара өткізілді. Оның арасында мен ИЫҰ-ның министрлер деңгейіндегі кездесуіне қатысып, өзіңіздің бастауыңызбен Астанада өткен самиттің қорытындыларына назар аудардым.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қауіпсіздік кеңесіне біздің төрағалық етуіміз қаңтарда болатын болды ма? 

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

-Қаңтар айында Қазақстан тұңғыш рет Қауіпсіздік кеңесте төрағалық жасайды. Қазір оған қарқынды жұмыс жасалып жатыр.

5. Латын қарпіне өту

Әліпби айтысы әлі жалғасып жатыр. Қоғам талқылауды тоқтатқан жоқ. Керісінше пікір таластыру қыза түскен. Оған таңба таңдаудан бұрын тілдің болашығы себеп. Өйткені «латын қарпіне көшу керек пе, керек емес пе?» деген түйткілдің түйіні әлдеқашан тарқаған. Латынға көшу керек. Бұл – уақыттың талабы және мұндай шешімнің қателік болмасына уақыттың өзі кепіл. Сенімді сөйлеуге – латын жазуының сан ғасырдың сынынан өтуі негіз. Оны қазір әлемнің 80%-ы қолданады. Ақпарат та, ғылым да, технология да соның адуынында. «Демек, бұл тұрғыдан дауласудың реті жоқ», – дейді ғалымдар.

Ендігі қарекет – тіліміздің төл қасиеттерін сақтап қалудың қамы. Әліпбиді асығыс ауыстырғанның ақыры жаман. Сондықтан өзгелердің қателігіне көз жұмып қарамауымыз қажет. Сабақ алғанда ғана саналы шешімге келеміз. Ел ішіндегі әңгіменің ауаны осы.

Латын әліпбиіне көшу – сайып келгенде ана тіліміздің болашағы мен оның қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік. Әліпбиді ауыстыру алдымен тілдік қажеттіліктен туындап отыр. Филологтардың бұған қатысты пікірі алуан. Джерон Смит – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Мұхит асып Астанаға келгеніне небәрі 20 күн. Бұл жолы шетелдік маманның пікірін білу үшін әңгімеге тарттық. Басты сынақ – латын әліпбиінде жазылған Әнұран.

Джерон Смит, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі /АҚШ/:

-Менің елім, менің елім. Көлің болып егілемін. Жырың болып төгілемін, Туған жерім менің, Қазақстаным!

Қазақ тілінде ешбір сөз білмесе де мұғалім Джерон қағаздағы жазудан мүдірген жоқ. Латын әліпбиіне көшуге қатысты өз пайымы бар.

Джерон Смит, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі /АҚШ/:

-Шетелдіктерге латын әліпбиінде оқыған жеңіл. Өйткені кириллицаны қолданатын мемлекеттер аз. Меніңше, мына нұсқа сәл қиындау. Тілдің заңдылықтарын өз табиғатына сай жасауға мән беру керек секілді. Өйткені тұтас ұлттың болмысы тілінде жатыр.

Ғылым мен техника дамыған заманда көштен қалуға негіз жоқ. Көздеген үдеден шығу үшін әліпбиге қатысты ұсыныстар жан-жақты талқыланып жатыр. Тілге жанашыр азаматтардың пікіріне құлақ асу маңызды.

-Мен бара жатырмын.

Владислав Тен 7 жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген. Ана тілімізді кітаптарды ақтарып жүріп өз бетінше меңгеріпті. Ұлты – кәріс. Түрлі тілді үйренуге деген қызығушылығы оянып, дәрігерлік жұмысын тастайды. Ол диграфтарды қолдану тілді тез меңгеруге көмектеседі деген сенімде.

Владислав Тен, Тіл үйрету орталығының директоры:

-Бізде әріптерден дыбыстар көп. Сондықтан бізге не керек? Диграф керек. Диграф не өзі? Диграф – екі әріптен тұратын дыбыс. Мысалы «ғ» дыбысы «g+h» арқылы көрсетіледі. «Ә» дыбысы «а+е» әрпі арқылы көрсетіледі.

Жалпыға ыңғайлы бірыңғай латын әліпбиін дайындау – ортақ мақсат. Латын әліпбиіне көшу – бір күндік шаруа емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын, жауапкершілігі зор іс. Ыждаһаттылықты қажет ететін жұмысты аяқсыз қалдыруға болмайды.

Владислав Тен, Тіл үйрету орталығының директоры:

-Дұрыс нұсқаны тезірек таба алмаймыз. Өйткені қазақ дыбыстарының жүйесі өте қиын. 26 әріп бізге жетпейді. Сол принцип бойынша жасайтын болсақ, «бір әріп – бір дыбыс» болмайды. Өйткені қазақ тілінде дыбыстар көп.

Бауырлас татар халқы бастаманы орынды деп санайды. Ғалымдар жаңа жүйе арқылы түрік тілдеріне тән дыбыстарды жеткізу жеңілдейтінін айтады. Туыстас қазақ пен татар тілдерінің тарихы ұқсас. Қазақ тілі сияқты татар тілі 1927 жылдан бастап 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданған.

Мирфатых Закиев, филолог, Татарстан ғылым академиясының мүшесі:

-Біз сөздің ұдайы латын қарпінде жазылуы үшін жақсы әдіс-тәсілдерді ұсынамыз. Түрік тіліндегі ерекше дыбыстарды латын әліпбиінде бірнеше әріппен берсек, жазылуы жеңіл болады. Меніңше, бұл дамуға жол ашады. Әсіресе қазақтар қазір «мәңгілік» сөзіне баса назар аударып жатыр ғой. Өйткені басқа қаріптерге қарағанда латын әліпбиіндегі хаттардың ғұмыры ұзақ, өміршең келеді.

Татарстанда латын әліпбиіне немесе «яналифке» оралу мәселесі қайтадан көтеріліп жатыр. Мемлекеттік мұрағаттағы құжаттар – тарихи оқиғалардың куәсі. Мұнда латын әліпбиіндегі бірегей басылымдар, 1939 жылы басылған алгебра оқулығы, балалар әдебиеті сақтаулы. Соңғы 13 жылда ғылыми және көркем шығармалар латынша жазумен жарық көрген. Егде жастағы кісілер латын әліпбиін қолданады екен.

Сүлейман Рахимов, Татарстан мемлекеттік мұрағатының директоры:

-Бұл – шағын заң. Егер азамат мемлекеттік немесе муниципалды органдарға араб немесе латын жазуымен хат жазса, онда мемлекеттік органдар ресми тілдерде жауап беріп, мүмкіндігінше азамат қолданған жазуда қосымша қосуы керек. Мұндай жағдай орын алып тұрады, мұрағатқа да осындай хаттар келеді.

Латын қарпі – түрік әлемімен ықпалдасудың төте жолы. «Әліпбиге көшу – өткенімізге қайта оралу», – дейді мамандар.

Якуп Омероғлы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы:

-Дүние жүзінде соңғы уақытта әлемдік жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Мұның тек экономикада ғана емес, сонымен қатар мәдениетке де әсері болады. Сондықтан барлық түрік халқы мәдениеті мен әдебиетін сақтап қалуы қажет.

Лингвистикалық реформа мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қоғам болып тіліміздің бейнесін өзгертуге бел шештік. Себебі латын графикасы өміршең. Әлем халқының 80%-ы меңгерген. Дүние жүзіндегі ақпараттың 70%-ы осы таңбамен таратылады әрі ғылымның тілі. Бұл әліпби тек бізге ғана емес, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ болмақ.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Дана Нұржан, Азамат Сәметов

6. Медиа апталық

Қазақстан журналистикасының халі қалай? Қаламы жүйрік пе? Мұқалатын мәселесі қайсы? Осы тақылеттес жауыр болса да, жауабы нақты айтылмай келе жатқан сан сауал Астана төрінде талқыланды. Алғаш рет медиа апталық өтті. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырған үш күндік шараға отандық және шетелдік медиа индустрияның шамамен екі мыңдай өкілі қатысты. Барлығы да көкейде жүрген күрделі мәселесін ортаға тастап, ортақ шешімге келудің орайын іздеді.

Сонымен қатар Қазақстанның цифрландыру бағдарламасын жеделдету, осы саладағы соңғы инновациялық технологияларды енгізу тақырыптары да ақыл таразысына тартылды. Ал апталықтың соңғы күнінде аймақтық телеарналардың әлеуетін арттыру жайы әңгіме болды.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

-Әлемдік медиа қазір күн сайын дамып жатыр. Біз де жаһанның бір елі болғандықтан, озық үлгілерді қабыл алып, оны іске асырып отырмыз. Бір мысал, батыс елдерінде бар робот-камералар қазір бізде де бар. Олар қол күшін қажет етпейді, тек дұрыс пайдалана білсең болғаны. Осындай озық үлгілі технологияға сапа да сай болу керек. Ақпарат  шынайы әрі мәнді болғаны абзал. Тіпті жаңалықты жеткізу әдісі де ерекше болғаны жөн. Сонда көрермен жеңіл қабылдайды. Бұл – «Astana Media Week» апталығында айтылған ойдың бір парасы.

Парасатты пайым мен орамды ойдың ордасына айналған «Astana Media Week» апталығы 2 мыңнан аса ақпарат өкілінің басын қосты. 100-ден аса продакшн-компания, 15 отандық және 7 халықаралық телеарнаның өкілдері білгендерін көппен бөлісті. Іс жүзінде озық өнімдерін жариялады. Олар ақпарат аламанында ат жаратқан атбегілерше «көрерменнің көңілін аулаған бағдарламалар бізде бар» десіп жатты. Осыдан-ақ телеарналар арасындағы бәсекені көруге болады. Демек медианарықтағы сапалы хабарлардың даралануы осы жарыстың нәтижесі болса керек.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

-Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен iргесi қаланған «Қазмедиа орталығы» алдағы уақытта аймақтағы ықпалды медиахаб ретiнде үлкен рөл атқармақ. «Astana Media Week» осы орталық аясындағы бiрегей медиаалаңға айналады деп сенемiз. Тұтастай алғанда бүгiнгi шараның басты мақсаты – отандық медианарықты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету.

Медиа индустрияның дамуына әр телеарна, газет, интернет басылымдар барынша күш салып отыр. Бұлардың арасынан «Хабар» Агенттігін бөліп айтсақ, артық болмас. Өйткені тек «KazakhTV» арнасының хабар тарату ауқымына өзгелер ілесе алмайды. Бұл арнада көрсетілетін отандық өнімдер жаһанның 180 еліне тарайды.

Айбол Арынғазинов, «Қазмедиа орталығы» PR және маркетинг бөлімінің басшысы:

-Осы іс-шараны өткізіп отырғандағы негізгі мақсат – отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және отандық медианарықтың өнімін алыс-жақын шет елдерге ілгерілету. Ең біріншіден, Орталық Азиялық нарыққа ілгерілету болып табылады. «Хабар» Агенттігі бұл бағытта жұмысты жүйелі түрде бұл шарадан бұрын жүргізіп келе жатыр.

Министр Дәурен Абаев: «Ақпараттық байланысты барынша тереңдету керек», –  деп сөз айтты. Телеарналар өзімізбен қатар шетелдік арналармен қарым-қатынас орнатса, жұмыс қарқыны үдей түсері анық. Мәселен, біздің тілшілер дамыған елдердің ақпарат тарату ерекшеліктерін көзбен көріп, қолмен ұстаса – олжа сол. Өйткені көрермен ешқашан тың дүниеден теріс айналмайды. Мұндай іске «Хабар» Агенттігінің басшылығы бой салып, кірісіп кеткелі қашан. Оның нақты дәлелі ретінде Қытай, Түркия, Францияның ірі медиахолдингтерімен жасасқан келісімді айтуға болады.

Рашит Нури Озден, ТРТ Корпорациясы Астанадағы өкілдігінің директоры:

-Түркияның «ТРТ» телерадио корпорациясы «Қазмедиа орталығында» өзінің өкілдігін ашқанын білесіздер. Оған да 2 жыл уақыт өтті. Қазір корпорация Қазақ елінде болып жатқан жаңалықтарды Түркияда тұрақты түрде көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында «ТРТ» арнасы «Хабар» Агенттігімен тығыз байланыс орнатты. Бірқатар тілші Түркияда арнайы тәжірибеден өтті. Сондай-ақ біздің медиа майталмандар Астанаға келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Болашақта «Хабармен» ортақ тележобаларды жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар.

Медианарықтың бүгінгі белсенді мүшесінің бірі – электронды жүйе. Апталық аясында бұл бағытқа да басымдық берілді. Оның дәлелі – семинарлар. Бүгінде интернеттен мәлімет алумен қатар оны бизнес көзіне айналдырып отырған компаниялар бар. Ал отандық «Білім медиа групп» бірлестігі өскелең ұрпақтың зейінін арттыру үшін оқулықтарды тегін жариялап отыр.

Нартай Әшім, «Bilim media group» бірлестігінің басқарушы директоры:

-Қазір аялдамаларда кітапхана бар. Ол қазір Астана қаласында басталды. Енді барлық өңірде тарап жатыр. «Рухани жаңғыру» аясында Президент жариялаған цифрлық технологиямен әрбір оқырманның өзіне, еліне, мәдениетіне қатысты кітаптар қолжетімді болса, онда біздің мақсаттарымыздың орындалғаны.

XXI ғасырдың жаңалығы болған интернетке бүгінде жастардың дені тәуелді. Осыны ескерген телеарналар ақпараттарын әуелі сайтқа жүктеп жүр. Оның сыртында Youtube арқылы видеоларды жариялайды. Бірақ телеарналардың Youtube-тан канал ашуын блогерлер құптамайды.

Өркен Кенжебек, «Хабар» Агенттігі интернет дирекциясы директорының орынбасары:

-Youtube телеарнаның ішіне кірген жоқ қой. Телеарна Youtube-тың ішіне кіріп жатыр. Көрдіңіз бе? Демек, «кім-кімнің пайдасына жұмыс істеп жатыр?» деген сұрақ туады. Сондықтан менің айтып отырғаным, енді телеарналар керісінше әлеуметтік желінің, Youtube-тың, Телеграм, Мессенджерлердің көп фукцияларын өз бойына алса.

Ғаламтордың қызметін телеарна игерсе, телевизияның көкжиегі кеңейе түсері анық. Дегенмен қазірдің өзінде медианарықта арналар алдыңғы орында тұр. Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстан халқының 55%-ға жуығы көгілдір экранды тамашалайды. Ал интернет қолданушылар 30%-дың шамасы.

Әлібек Татанов, «Қазақстан-Көкшетау» Телерадиоарнасының директоры:

-Біздің телесаланы, радиосаланы дамыту, теленарықта көшбасшы рөліне жеткізу мәселелері қызу талқыға түсті. Соның ішінде қазір дүниежүзілік нарыққа қазақ телевизиясын, қазақ радиосының өтуі және дүниежүзілік нарықта өз орнын алуы және ішкі нарықта да өзіне-өзі қаржы таба біліп, контентті нығайтып, елдің құлағында жүретін, елдің көзінде тұратын телерадиоарналарды құру мәселесі сөз болғаны мені қуантты.

Аймақтың БАҚ өкілдерін қуантқан тағы бір жаңалық бар. Оны министр Дәурен Абаев жеткізді. Енді 1997-2005 жылдары мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс бойынша түсірілген бейнематериалдарды көрсету құқығы беріледі. Бұл бағытта Ақпарат және коммуникациялар министрлігі арнайы зерттеу жүргізіп, 146 туындыны іріктеп алған.

Руслан Никонович, «Новое телевидение» телеарнасының бас директоры:

-Аймақтық телеарналардың мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілген контентті көрсетуге рұқсат берілуі – үлкен жетістік. Біз бұл мәселені 4 жыл бойы талқылап келеміз. Ұйымдастыру, қажетті құжаттарды әзірлеу бойынша мәселер шешілді. Аймақтық арналар көбіне коммерциялық контентті түсіруге бейімделгендіктен, бұл бастама жалпы өңірлік телеиндустрияның көрерменге ұсынатын жобалары аясын кеңейтетіні анық.

Өңірлік телеарналарда түйіні тарқамаған түйіткілдер бар. Ол әрине, жұмыстың жүрісіне кері әсерін тигізеді. Осыны ескерген министрлік тиісті жұмысты қолға алды. Аймақтық журналистердің бірлестігін ашты. Бұл ұйымда тілшілердің мәселелері тыңдалып, шешілетін болады. Мұның өзі қаламды қару еткен қауымға жасалған қамқорлық болса керек. Онымен бірге шара соңында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі үздік баспасөз қызметкерлерін марапаттады. Белсенділік танытып, журналистермен етене жақын жұмыс істегендер бәйгелі болды. Ұйымдастырушылар бұл шараның ендігі жылы да өтетінін айтты. Биылғыдан ерекшеленіп, ауқымы арта түспек. Жоспар солай.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Санжар Жариев, Аманжол Байғазин

7. Жаңа маусым

«Хабар» Агенттігінің жаңа маусымда ұсынар жаңалығы көп. Телеотбасыға қарасты төрт арна да көрерменнің талғамына сай жаңаруға талпынды. «Хабар» арнасы әсіресе әлеуметтік жобаларға әл бермек. Бүгінгі қоғамның басты қасіретін баса айтқан «Қария» атты телехикаяны көріп, көзіне жас алғандар көп. Тіпті талайдың жүрегі тулады. «Ана мен бала» атты танымдық ток-шоуы осы әсерді әрі жалғайды. Бұл жоба отбасылық құндылықтарды сақтауға және рухани жұтаңдықтан арылуға арналған.

Бес жылдық белесті бағындырған «Хабар 24» те, 100 пайыз отандық өнімді тарататын «Kazakh TV» да, отандық киноның отауы саналатын «ЕЛ АРНА» да ізгілік, махаббат, адалдық сынды адами құндылықтарды насихаттау дәстүрін жалғастырады. Агенттіктің айтары мол.

Индира Жылқайдарова, тілші:

-Мына зымыраған уақыттың заманында көк жәшіктің түймесін басқан жанның жаңалық іздейтіні даусыз. «Хабар» телеарнасы жаңа маусымда таңғы және күндізгі жаңалықтар топтамасын жаңғыртты. Халық таңғы 08.00-ден бастап күніне 6 рет қазақ, орыс тілдерінде ел жаңалығына зейін қояды.

Жаңалықтан бастап, тұңғиықтан ой салар деректі бағдарлама, тарихтың тереңіне бойлатар фильм, тірліктің қилы күйбеңінен сергітер шоу! Бәрі тек патша көңілді көрерменнің қалауы үшін! «Хабар» Агенттігі телеотбасының құрамындағы 4 арна теледидарға телмірген жанның талабын орындап отыр.

Алмагүл Ахметжанова, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымы:

-«Хабар» Агенттігінің 22-ші жаңа маусымға дайындығы ерекше. «Хабардың» аудиториясы ауқымды, тәулік бойы ақпарат тарататын «Хабар 24» арнасын қарамайтын адам кемде-кем. 118 елге таралатын «Kazakh TV», «ЕЛ АРНА» киноканалы, әрқайсысының көрерменге өз тартуы бар.

Дәстүрінен жаңылмаған арна бұл жолы да көрерменін көгілдір экранға елітіп қояр талай жоба әзірледі. Агенттік бұл маусымда Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын насихаттауға басымдық беріп отыр. «Алтын бесік» жобасында туған жерін, ауылын көркейтіп, дамытуға атсалысқан азаматтардың ісі көрсетіледі.

Рухани құндылық, ұлттық бірегейлік, ұлттық код ұғымдарының түпкі мағынасы неде? Халыққа Елбасының идеясын түсіндіру мақсатында «Сана» танымдық-интеллектуалдық бағдарламасы эфирге шығарылды.

Елбасы тапсырған киелі жерлер географиясы жобасы аясында «Хабар» Агенттігі «Сакральный Казахстан» жобасын қолға алды. Онда археолог, этнографтардан құралған экспедиция киелі мекендерді аралап, халыққа зерттеу нәтижелерін ұсынады.

«Менің арманым» атты талантты жасты қолдауға арналған стартап идеялар бағдарламасы да бар. «Хабар» Агенттігі әлеуметтік тақырыптан алыстаған емес. Қазақ қариясын қастерлеген, жетімін жылатпаған дейміз. Бірақ соңғы кезде өз ата-анасын өзекке тепкен өкінішті жайттар кездесіп жүр. Осы ретте тәлім-тәрбие, өнеге беретін «Қария» атты қазақ сериалы көрерменнің көңіл хошына бөленуде.

Алматыдағы қарттар үйінде түсірілген 12 бөлімді драмада келінінен сөз естіп, ұлынан қайыр көрмеген Әбілғазы қарияның өмірі суреттеледі. Сыйластығы жоқ, өктемдік пен қатыгездік үстемдік құрған ортадағы мүсәпір қарияның өмір жолы көрсетіледі.

Жаңа маусымда «Абзал жан» атты медициналық сериал да эфирге шықты. Украиналық форматта түсірілген «Абзал жан» телехикаясы еліміздің ауруханаларындағы дәрігерлердің жанкешті әрекетін суреттейді.

Бұдан бөлек «Ана мен бала» атты жаңа танымдық ток-шоуы да – әр жанұяға пайдалы бағдарлама. Бала тәрбиесі туралы жобаны танымал әнші, көпбалалы ана Қарақат Әбілдина  жүргізеді.

Ана жүрегі өте нәзік, мейірімге толы. «Хабар» «Ана жүрегі» атты 12 бөлімді драма түсіріп шықты. Шынайы оқиға желісімен жасалған картина жақында көрсетіледі. Әрине, Агенттік тек сериал ғана емес, тарихи-мәдени деректі фильмдер топтамасын да ұсынып, көрерменге ой салмақ. Әсіресе «тұлғатану» тақырыбы терең зерттелді.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

-Біріншісі «Өмір жолы» деп аталады. Бұл – өмірден өткен, кешегі Ақан серіден бастап, ұлы, ірі алып тұлғаларға арналған деректі фильмдер циклі. Осы фильмнің орысша нұсқасы бар. «Тайны и судьбы великих казахов» деген атпен шыққан. Енді «Тайны и судьбы. Имена» деген атпен шығып жатыр. Бұл да еліміздің маңдайына біткен біртуар азаматтар жайлы фильм. Тағы бір деректі фильмдер циклы бар, «Өнегелі өмір» деген атпен шығып жатыр. Бұл арамызда жүрген ұлы тұлғаларымызға арналады.

«Хабар» Агенттігі «Жаһандық саясат», «Большая политика», «Глобальные вызовы», «Ғаламдық қауіп-қатер» атты халықаралық саясат тақырыбындағы журналистік зерттеулерді де эфирге шығарады.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

-Ғалымдық қауіп-қатер циклі жалпы адамзат баласына ортақ, XXI ғасырдағы үлкен мәселелерді қаузайды. Осы маусымда энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі, демографиялық дағдарыс, діни экстремизм, терроризм деген тақырыпта 5 түрлі фильм әзірленіп жатыр.

Тағы бір ерекше жаңалық, «Хабар» арнасы «Батырлар жолы» көркем тарихи туындысын түсіріп жатыр. Фильм XVII ғасырдың басында қазақ халқы бастан кешкен оқиғаларды бейнелейді.

Биыл «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалдық шоуы эфирге қайта оралды. Бұл жолғы алғашқы «күймейтін» сома 20 мың теңге, екіншісі 300 мың теңгеге жеткен. Жүлде қоры – 10 миллион теңге.

Елбасының тікелей тапсырмасымен «Хабар» Агенттігі биыл отандық фильмдердің 189 сериалын түсірсе, ойын-сауық бағдарламалары да аз емес. Солардың бірі – «Жұлдызды жекпе-жек» жобасы. Оның авторы, продюсері, модераторы – танымал әнші Мейрамбек Беспаев.

Мейрамбек Беспаев, бағдарлама модераторы, продюсері:

-Финалында ел жақсы бір қызық көретін сияқты.

-Уәде бересіз ғой?

Мейрамбек Беспаев, бағдарлама модераторы, продюсері:

-Әрине.

Өткен жылы басталған «Биле, Қазақстан!» би додасы биыл да жалғасты, тағы да көпті теледидарға телміртіп қояры сөзсіз.

100 пайыз отандық өнімін ұсынып отырған, тәулік бойы толассыз ақпарат тарататын «Хабар 24» телеарнасының да шоқтығы биік. Жаңа телемаусымда тартуы мол. Енді жарты сағат сайын емес, сағат сайын жаңалық беруге көшкен арна өнімнің сапасын одан әрі арттырмақ.

Арман Сейітмамыт, «Хабар 24» телеарнасының директоры:

-Біздің бағдарламаларымыздың барлығы – 100 пайыздық отандық өнім. Жаңа маусымда медицина, білім беру, экономика саласы болсын, сол бағыттарды қамтитын бағдарламаларды шығара бастадық. Тағы да бір экономика саласына қатысты сараптамалық бағдарлама эфирге шығады.

Жаңалықтарды тарату қарқынына Елбасының өзі ерекше баға берген телеарнаның техникалық әлеуеті мығым. Студиядағы операторлардың шаруасын автоматтандырылған жүйе тындырады. Жақында ғана қайта ашылған «ЕЛ АРНА» отандық кино арнасының да көрерменге ерекше сыйлығы бар. Енді бұрынғыдай тек алтын мұрағаттың ескі фильмдері ғана емес, елдегі жаңа режиссерлердің де кинотуындылары көрсетілмек.

Камила Қамназарова, «ЕЛ АРНА» телеарнасының шеф-редакторы:

-Көркем фильмдерден бөлек, деректі жобалар да көрсетіліп жатыр. Біз қазіргі режиссерлердің фильм түсіру кезіндегі қызықтарын да эфирден береміз. Авторлық кинолар да бар.

Әлемнің 118 еліне таралатын «Kazakh TV» арнасы жаңа маусымда көпарналы дыбыстық сүймелдеуді қолға алмақ. Яғни бұрын тілдерге блок бойынша бөлініп көрсетілген эфирді енді біркелкі бір тілде үзбей көру мүмкіндігі туды.

Айкүміс Сексенбаева, «Kazakh TV» телеарнасының бас продюсері:

-Жаңа маусымда эфирімізді 15 жаңа жобамен толықтырамыз. Яғни тарихи, туризм, мәдени бағытта арнайы жобалар түсірілді. Айта кетсек, «Көшпенділер мектебі», «Төрлетіңіз», Сапар Ысқақовтың «Бабалар ізімен» экспедициясы теленұсқа ретінде көрсетіледі.

Осылайша «Хабарды» қосқан жанның көрері көп, Агенттік арналарының берері мол.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Бекболат Базаров, Есбол Жамшитов