Хабар телеарнасы

Жеті күн 16.12.2017

Сюжеттер
1. Мереке күнгі құрмет 2. Еңбектері еленгендер 3. Жаңа тағайындаулар
4. Мемлекет басшысы еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады 5. «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітаптың тұсауы кесілді 6. Үкімет жұмысына шолу
 
7. Ұлық мереке 8. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қыруар шаруа атқарылып жатыр  

1. Мереке күнгі құрмет

Экрандағы бұл монумент «Бірлік» аталады. Ол Ордабасы тауында орын тепкен. Ескерткіштің еңсе тіктегеніне осы жылғы 19 қыркүйекте 20 жыл болды. Мұны «жай ғана тас» екен деп тану ағаттық. Оның өткен тарихтан айтар өнегесі көп. Ел азаматтарына қайқы қара қылыш ұстатқан аласапыран заманда қазақтың үш биі дәл осы Ордабасының биігіне шығып, билік айтыпты. Терістіктегі Арыс пен Бөгенге, күн шығыстағы Қазығұртқа, Арқа жақтан мұнартқан Қаратауға қарап тұрып, ағаш уықты ағайынды бірлікке шақырыпты. Сонда аталы сөзге тоқтап, бірлікшіл болуға серт байласқан халық қолбастарларын атқа қондырып, даламыздың төрт тарап, сегіз қиырын жаудан азат еткен. Сол себепті бұл жер қазақ рухының қағбасы аталады. Егемендікті еншілеп, етек-жеңді жия сала, анығы 1993 жылдың 28 мамырында Елбасы Ордабасы тауының сол тарихи биігінде тұрып, болашақ бағдарымыз жайлы ой қозғады. «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымыздан қалған қанатты сөздерден жаңылмауымыз, бағзыдан қалған іздерден адаспауымыз керек», – деді. Ұлан-ғайыр атырапты ұрпағына аманаттаған аталардың алдында жүзіміз жарқын болу үшін ертелі-кеш еңбек етуіміз қажет дегенді қадап айтты.

Ал 1997 жылдың 19 қыркүйегінде қасиетті төбенің басына «Бірлік» атты монументті қондырып, «елдің ынтымағын жарастыра гөр» деп дұға қылдық. Ол оқиға астананы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіруге қамданып жатқан кезең болатын. Сондықтан ондай ескерткіш орнату идеясы ұлы бетбұрысты білдірген ұлы көштің жолы ақ болсын деген ақ ниеттен туғандай. Сол киелі төрден алты алашқа жолданған арманды тілек «елім» деген перзенттік жүректің арқасында орындалды. Ұлы көштің сапары оңынан болды. Бір мақсат пен бір мүдде жолында бас қосқан жоралы жұрт жіңішке шақта үзілмей, дамудың даңғылына түсті.

Тәуелсіздік жылдарында өмір сүру ұзақтығы 4,5 жылға өсіп, 72,5 жасты құрады. Тарихымызда тұңғыш рет халық саны 18 миллионнан асты. Оның 1,2 миллионы өз алдына жеке кәсіп ашқан. Олар қазір ұлттық кірістің төрттен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Әрине аспаннан топ ете қалып, тойдырған дүние жоқ. Барлығы жанкешті күш-жігердің жемісі. Осынау уақыт өлшеміне бағынбайтын еңбектің есебі күні кеше «Тәуелсіздік» сарайында өткен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында айтылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Тәуелсіздікті қастерлеу тарихтан тағылым ала білуден басталады. Биыл біз тұтас ел болып Алаш Орданың 100 жылдығын атап өттік. Алаштың арыстары аңсаған тағы бір ұлы жұмыс қазақтың төл жазуын қабылдадық. Бұл болашаққа салынған сара жол әрі ата-бабалардың орындалған арманы. Ал экономикалық, саяси жаңғырулардан кейін қолға алынған рухани жаңғыру – мәңгі мызғымас тәуелсіздіктің тұғыры. Бүгін аспаны ашық, басы азат, өзінің ғана емес, күллі адамзаттың тағдырына ықпал ете алатын құдіретті ел болдық. Біз кеше рухы тапталған ана тілі өгейсіп, ата діні аласталған, тарихы бір тұтам болып кесіліп, бағы қайтқан жұрт едік. Бүгін рухы асқақтап, тілі БҰҰ төрінен сөйлеген, хақ діні қайта жалғасқан, тарихы тамырын тауып, мыңжылдық даңқы асқан ұлы бабаларын ұлықтап, ұлы мәдениетін жаңғыртқан, бағы жанған ел болдық.

2. Еңбектері еленгендер

Тәуелсіздік күніне байланысты салтанатты жиын өткен «Тәуелсіздік» сарайының оң жақ тұсында «Қазақ елі» монументі тұр. Оның қадасы қағылғалы да оныншы жылға қарай ойысып барады. Бұл халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырған мәңгілік белгі. Елбасы ескерткіштің ашылу салтанатында: «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады», – деп сөз саптаған еді. Расында барын бағаламаған елдің бағы жанбайды. Біз бағаладық, бағымыз жанды. Тіпті өткен мен бүгінді байланыстыра отырып, еліміздің жаңа тұрпатын жасауға бел буа кірістік. Жоспарымыз анық, мақсатымыз мығым. Әлемнің озық отыз елінің қатарынан көрініп, Ұлы далада Мәңгілік мемлекет құруға мойын бұрдық. «Жігітке елдік те оңай, ерлік те оңай. Тек қабырғалы болса халқы» дейтін аталардан қалған асыл сөз бар. Шынымен де арқа сүйер ағайын барда қандай мұраттың да қияға тартары анық! Демек, бүгінгі бағындырған белестің, жеткен жетістіктің артында халықтың қолдауы мен талай адамның талмай істеген еңбегі тұр деген сөз. Бұл «бірлік бар жерде, береке де болады» дегенді білдіреді.

Міне сондықтан Елбасы алдағы жоспарлардың айқын жүзеге асуына жағдай жасауға кірісті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегі етіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу тапсырмасын қойды. Оның нәтижесімен тап 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде танысты. Яғни үздік жүздікті үзеңгілес етіп отыр. Оларға жүктелген міндеттің де жүгі жеңіл емес екенін ескертті. Кешегі Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау барысында да жаңа жүздікті жиі еске салды. «Олардың ұстанатын өмірлік қағидасы – мемлекеттен талап ете бермей, оған өзінің идеяларын, шығармашылық энергиясын, қажырлы еңбегін арнау. Міне біз қол жеткізген табыстың нағыз шынайы манифесі осы!», – деп ой қорытты Елбасы. Әрине, «елім» деп ерінбей қызмет еткендер еленбей қалмайды. Елбасының өзі ілтипат көрсетеді. Жылдағы дәстүр солай. Биыл да экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық саланың саңлақтары, мемлекеттік әрі қоғамдық қызметтің майталмандары Ақордада бас қосып, жылдың басты сыйлықтарына ие болды.

Ақордада мерекелік көңіл-күй. Әдетте Елбасының алдына есеп беруге келетін лауазым иелері – бұл салтанаттың мәртебелі қонақтары. Бірі – елімізді шартарапқа әйгілеген спортшы, енді бірі – билік ұстаған басшы, шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Олар түрлі салады еңбек еткенмен, мүдделері бір. Елге қызмет ету. Мемлекеттік марапат кез келгеннің уысына түспейді. Оны ерен еңбегімен дараланғандар ғана иеленеді. Бұл – қалтқысыз қызметке берілген баға. Көрсетілген құрмет. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігі – барша қазақстандықтардың ынтымағы мен еңбегінің  арқасы. Ал Қазақстан дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар Ақорданың төрінде Елбасының қошеметіне бөленуге әбден лайық. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Баршаңызды егеменді еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Сіздер арқылы бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын. Бұл – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған бабаларымыздың арманы болған қастерлі мейрам. Тәуелсіздікке тәу ететін халық үшін бұдан басқа маңызды мейрам болмаса керек. Ұлық мерекеміз қарсаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапттау игі дәстүр екенін бәріміз білеміз. Оның үстіне биыл елордамыздың Алматыдан Ақмолаға көшірілуіне 20 жыл толды. Жаңа мыңжылдық қарсаңында сайын далада бой түзеген әсем Астана тәуелсіздіктің тұмарына айналды. Осындай айтулы күні мәртебелі марапатқа айналуының символдық мәні өте зор деп ойлаймын. Сондықтан Ақорданың төріне жиналу – сіздер үшін бүгін ерекше мерейлі күн.

Биыл еліміздегі ең жоғарғы марапат Қазақстанның Еңбек ері атағына 3 азамат лайық деп танылды. Соның бірі – Жақсылық Үшкемпіров. Оның есімін білмейтін қазақ жоқ. Боз кілем үстінде талайды жыққан балуан бүгінде ата-баба дәстүрімен аламанға ат қосып, сәйгүлік баптайды. Мал етін экспортқа өткізіп, талайды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Тапқан табысына ауылда жас отбасыларға баспана салып берді. Ізін басып келе жатқан жастарға арнап, спорт кешенін тұрғызды. Жаны жақсылыққа құмар Жақсылық Үшкемпіровтің бар ойлағаны елдің қамы.

Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері:

-Менің бір арманым бар, аға. Осы көп болса, бір 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сонда 5 мың қазақтың жігіті сол ауылымызды көтеріп жіберсек. Одан басқа қандай бақыт керек. Міне мен соны ойлаймын, аға. Бірігіп, әлі талай таудан тауға жетеміз, бірігіп шыңға жетеміз, аға!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бірнеше мәрте Совет Одағының жеңімпазы болды. Ешкім айтқан жоқ, Олимпиаданы жеңді, дүние жүзінің чемпионы болды, оны да ешкім айтқан жоқ. Міне қазір тәуелсіздік жылдарында біраз азамат қалталы болды, байыды. Сол үшін мен қызмет істеп жүрмін. Енді тапқанның біразын елге берсін де сен сияқты. Жас жұбайларға пәтер салып бердің, балабақша салды, спорт комплексін салды.

Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері:

-Жолына барлығын қолымнан келгенше көмектесемін. Одан кейін қаншама адамдар маған келеді. Жетім-жесірлер. Қолымнан келгенше соларға көмектесемін. Қолымда малым бар. Соларға бөліп беремін.

Еліміз тәуелсіздік алған кезде Елбасы алдымен өңдіруші өнеркәсіпті дамытуға екпін салды. Тұралап қалған кәсіпорындарды жандандыру үшін инвестиция тартылды. Сол кезде шетелдік алпауыт компанияда еңбек етіп, білімімен өзін мойындатқан қазақ жігіті Руслан Қуатов та бүгін Еңбек Ері атанды. Бұл барлық мұнайшыларға көрсетілген құрмет. Елбасы осылай деді. Тағы бір атақ «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасына табысталды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Биыл Қазақстанның Еңбек Ері атағы А.С.Есімовке берілді. Ол менің сенімді серіктестерімінің бірі ретінде тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға үлес қосты. Үкімет басшысының орынбасары, министр, Алматының әкімі қызметінде болып ел дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ел мүддесін берік ұстайтын отансүйгіш ретінде өзін көрсетті. Биыл бәріміз куә болған, абырой мен бедел әкелген «ЭКСПО» халықаралық  көрмесін өте табысты өткізді.

Туған күнінде жоғарғы марапатты иеленген Ахметжан Есімов мен үшін «тарихи күн» деп ағынан жарылды.

Ахметжан Есімов, Қазақстанның Еңбек Ері:

-Тәуелсіздіктің бірінші жылдарынан бастап, Сіз маған үлкен сенім артып келе жатырсыз. Сондықтан өткен 26 жылдың әр жылы жақсы есімде. Оңай жылдар болған жоқ. Әсіресе алғашқы жылдар. Кеңес Одағынан қалған ыдыраған экономика, жұмыссыздық. Сонда халық өз үмітін Сізге жүктеп, тек ғана Сізге сенді. Сіз сол сенімді абыроймен атқардыңыз. Бүгінгі Қазақстан – дүние жүзіне танымал өркениетті мемлекет.

Ел намысын қорғаған спортшылардың да еңбегі зор. Шаршы алаңда талай мәрте көк туды желбіреткен ердің бірі Қанат Исламға Президент «Құрмет» орденін табыстады. Бұл марапат ел үмітін арқалаған ұлдың жігерін қамшылай түседі. Тек алға ұмтылдырып, жеңіске жетелейді.  

Қанат Ислам, «Құрмет» орденінің иегері:

-Бұл мен үшін өте бір рухани күш. Жігер береді. Алдағы өзімнің жүгімнің ауырлап жатқанын, жауапкершіліктің үлкендігін сезініп жатырмын. Сол үшін елім дейтін, ерім дейтін Елбасымен, тәуелсіздігімізбен мақтанамыз!

Бұл өз өмірін қатерге тігіп, 3 адамды ажалдан арашалап қалған бейбіт күннің батыры. Өрт сөндіруші Руслан Базарбаев жасаған көзсіз ерлігін Отан алдындағы міндетім деп түсінеді.

Руслан Базарбаев, «Ерлігі үшін» медалінің иегері:

-Осы медальді Елбасының қолынан алу – мен үшін үлкен марапат. Абырой. Күн сайын бізде сондай жұмыс. Әрбір өрт сөндіруші күнде-күнде сондай ерлік жасайды.

Руслан сынды батыр ұлдарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаздардың да еңбегі ескерусіз қалмады. Базаркүл Бердікенова 35 жыл білім саласында қызмет етіп, 100-ден аса шәкіртті білім нәрімен сусындатқан.

Базаркүл Бердікенова, «Құрмет» орденінің иегері:

-Елбасының қолынан алған кезде қатты қобалжыдық. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға». Мінеки ұстаздық еңбегім бағаланып, үлкен мәртебеге ие болдым.

Аянбай еңбек етіп, елі мен Елбасының сенімін ақтағандар кеудесіне төсбелгі тақты. Бірқатар лауазымды тұлғаларға «Отан», «Парасат» ордендері табысталды. Өнерімен көпті тамсандырып, сұлулығымен таңдай қақтырған қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешова да марапатталды. Қаншама рольдерді сомдаған тәжірибелі актриса, еңбегі еленген кезде қуанышын жасыра алмады.

Меруерт Өтекешова, «Парасат» орденінің иегері:

-Шын айтсам, орден алғанда көзіме жас алдым. Әлі қобалжып тұрмын. Әлі сөз таба алмай жатырмын.

Тәуелсіздік жылдарында ғылым дамыды. Соған сүбелі үлес қосқан 4 ғалым, ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Ал ел күзетіп, Отан үшін отқа түсуге дайын әскерилер «Ерлігі үшін» медалін, «Даңқ», «Айбын» ордендерін кеудесіне тақты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстанның 18 млн халқының ішіндегі сіздерге осындай марапат алу дәрежесі алдарыңызға келді. Бірнеше мың марапат иесінің ішінде өз қолыммен тапсыруға мүмкіншілік алдым. Сондықтан мұнын барлығы – ерен еңбектеріңізді арқасы. Әр уақытта денсаулықтарыңыз мықты болсын! Бүкіл жұртқа үлгі болып жүре беріңіздер. Мен марапатты беруден жалықпайын, сіздер еңбектен жалықпаңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! Еліміз бақытты болсын! Қуанышымыз ұзағынан болсын!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Тәуелсіздік күніне орай хаттар келіп түсті. Германия, Канада, Қырғызстан, Жапония, Австрия секілді бірқатар елдің жетекшілері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш жылы лебіздерін білдірген.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы

«Мен марапат беруден жалықпаймын, сіздер еңбек етуден жалықпаңыздар!» Елбасы мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзін осылай түйді. Бұл тұста Президенттің Индустрияландыру картасының жобаларын таныстыру шарасы барысында айтқан мына бір ойын ортаға салғанымыз орынды болар.

Астана, 06.12.2017 ж.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-18 отечественных компаний удерживает 12,5 млрд долларов за рубежом. Они бы помогли нашей валюте. Еще не приступили всех проверять, потому что хотим дать возможность честно заработать. Но не забывайте это сделала вам страна, так давайте вкладывать в эту страну. Я предупреждаю всех. Если не разберется Премьер-министр, я сам этим займусь. Безопаснее деньги держать дома, мы обеспечим их ценность и сохранность.

3. Жаңа тағайындаулар

Арын сатып, артық ақша тапқанның емес, маңдай терін төгіп, адал еңбек еткеннің уайымы жоқ, көңілі тоқ. Бастысы, «елім» деген ерді елі ұлықтайды. Ал олай жасамаған адамның жағдайы айтпай-ақ белгілі. Әрине, төрді немесе торды таңдау әркімнің өз еркінде. Елбасының екі жағдайда айтқан сөзін ой елегінен өткізгеннің ұғары осы. Айтпақшы, бұл аптада бірнеше сала бойынша тізгін ұстарлар адал болуға ант берді. Билікте кадрлық өзгеріс болды. Дүйсенбіде басталған жаңару жұмада да жалғасын тапты. Бұл енді мақсатқа, міндетке, уақытқа, сенімге қарай жүргізілген ауыс-түйістер. Дегенмен, басқаларына қарағанда сот және құқық қорғау жүйесінде жаңалық өте көп. Мұның сыры неде?

Бұл Елбасының биылдыққа Сенат отырысына алғаш рет қатысуы. Апта басындағы жиынның маңызы зор. Президент кадрлық өзгеріске қатысты ұсынысын жоғарғы палата депутаттарына айтып, пікірін білдірді. Алдымен талай жыл қатарынан Конституциялық Кеңестің төрағасы міндетін атқарған Игорь Роговты зейнет жасына жетуіне байланысты лауазымынан босатты. Жемісті еңбегі үшін алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан Республикасының Президенті:

-Өздеріңіз жақында құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғыру жөнінде заң қабылдадыңыздар. Сол заңға мен бүгін қол қойдым. Осыған орай құқық қорғау саласында лауазымды басшыларды да реттеуге тура келеді. Өзінің уақыты келді деп санаймыз. Бұл мәселені көптен бері айтып келе жатырмыз. Барлық жағынан реформалар жүріп жатыр. Экономика жағынан, саяси жағынан. Құқық қорғау органдары әр уақытта кеміп жүреді. Соны орнына келтіру керек. Бұл кадрларды өзгерткенде, бір нәрседен басталады. Сол сияқты бізде де Игорь Рогов мырза зейнет жасқа келді. Мемлекеттік қызмет жөніндегі заңға байланысты ол жұмыстан босады. Осы саладағы қызметі үшін рахметімізді айтамыз.

Бұл жауапты қызмет енді 2013 жылдан бастап Жоғарғы сотты басқарып келген Қайрат Мәмиге жүктеліп отыр. Ал оның орнына Елбасы еліміздің бас прокуроры Жақып Асановты ұсынды. Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Президенттің ұсынысы бойынша тиісті қаулы қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев өз шешімін былай деп түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Көп кадрлардың ішінен бұл – өте маңызды орын. Осыны ескеріп, Асанов Жақып кандидатурасын сіздерге ұсынып отырмын. Он известный. Выбор не случайный. Сейчас мы вступаем в следующий этап нашей судебно-правоохранительной системы. Идет коренная модернизация связанная с принятием нового закона, который я подписал, я уже сказал, поэтому новому руководителю судебных органов предстоит обеспечить эффективную и быструю имплементацию этого договора в жизнь. В свою очередь хочу поблагодарить Кайрата Абдразаковича Мами, внесшего существенный вклад в становление и развитие не только судебной системы. Он и возглавлял Сенат, как вы знаете. Работал в аппарате Президента до этого и 2 срока там и целый срок здесь уже отработал в высшем органе судебной власти. Нигде себя не скомпрометировал. Показал себя честным, добросовестным, знающим работником. Пользовался уважением. Скажем ему большое спасибо. 

Жаңа басшыға артылған міндеттің жүгі ауыр. Көздеген меже орындалса, қазақстандық сот қазіргіден де озық әрі әділ бола түседі. Жоғарғы соттың жаңа төрағасы мұны жете түсінеді. Тағайындалған бойда халқына адал қызмет етуге ант берді.

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:

-Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, депутаттар, өз міндеттерімді адал әрі әділ атқаруға, сот төрелігін ҚР Конституциясымен заңдарына бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретінде борышым міндеттегендей бейтарап және әділ болуға салтанатты түрде ант беремін.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас прокуроры қызметіне Қайрат Қожамжаровты ұсынды. Оның бұл лауазымды атқаруға тәжірибесі жеткілікті екенін сөз етті. Сенаторлар Қайрат Пернешұлының да кандидатурасын қолдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-На должность генерального прокурора я решил назначить Кожамжарова Кайрата вы его знаете, председатель агентства многие годы работает. У него есть опыт прокурорской работы. Акимом был. Кругозор есть. 

Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас Прокуроры:

-Аса мәртебелі Елбасы, бұл – мен үшін өте үлкен жауапкершілік, сенім. Сенімді ақтауға тырысамын, рақмет!

Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Алик Шпекбаев бекітілді. Ол бұған дейін агенттік басшысының орынбасары міндетін атқарған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Он тоже имеет большой профессиональный опыт в МВД. На других постах  в правоохранительной системе. Подписанный мной закон о модернизации  процессуальной правоохранительной системы. Работа агентства по выполнению закона о государственной службе и 100 шагов модернизации имеет большое значение. он этот опыт имеет.

Елбасы сөз соңында жаңадан тағайындалған лауазым иелеріне алғыс білдіріп, алдағы міндеттерді айқындап берді. Шаруа шаш етектен. Сондықтан қол қусырып отыратын уақыт жоқ. Билік пен халықтың сенімінен шығу керек. Ал ол қажырлы еңбекті талап етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Во первых, я благодарю, что вы поддержали мои предложения. Такие вопросы решаются не просто. Очень важные участки нашей деятельности. Правоохранительная система отстает. Постоянно совершенствуем. Принимаем законы, вносим изменения в Конституцию и все равно, особенно отставания кадров, нарекания. Чтобы народ пошел решать все свои проблемы в справедливый суд и получил ответы на все вопросы. Очень важно, над этим надо работать. Дать свободу бизнесменам заниматься своим делом, совершенствовать законодательство и делать так, чтобы вопросы решались не обязательно путем очень строгих мер. Наоборот гуманизация на всех ступенях очень важно, мы приближаемся к международным. Если мы говорим о правовом государстве, то правоохранительные органы играют в этом деле главенствующую роль. Думаю, что все это пойдет на благо нашего народа. Сондықтан барлықтарыңызға табыс тілейміз. Мынау бүгінгі күні көрсетілген сенімді бірауыздан депутаттардың барлығы дауыс беріп отыр. Кейін қалай істеп жатқанын, қалай орындалып жатқанын сұрайтын болады. Сондықтан сенімді ақтаңыздар!

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы

4. Мемлекет басшысы еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады

Таяуда еліміздің Бас мүфтиі де ауысты. Ержан қажы Малғажыұлының орнына Серікбай қажы Ораз келді. Бір тілге тиек етер жайт, жаңа тұтқаұстарды Мемлекет басшысы қабылдады. Президент Тәуелсіздіктің арқасында хақ дініміз қайта жаңғырып, ата-баба жолын ұстану мүмкіндігіне ие болғанымызды атап өтті. Сондай-ақ жаңадан әзірленіп жатқан діни қызмет туралы заңның негізгі ережелерін кең ауқымда түсіндіріп, халыққа жеткізудің маңыздылығына баса назар аударды. Бұл ретте ханафи мазхабының дәстүрлі сипатына көбірек ыңғай танытып, оның мәнін ұғындырудың қажеттілігі сөз етілді. Ол үшін Құран мен хадистерді білетін білікті имамдарды тарту керектігі де айтылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-8 желтоқсан күні арнайы жиналыста бірауыздан барлығы сайлады. Мен қолдадым. Көптен бері белгілісің, арамызда жұмыс істеп жүрсің. Сауатың бар, барлық жерде оқып шықтың. Мысырда да, Пәкістанда да, Ташкентте де, бізде де оқыдың. Сабақ бердің. Жанымызда көптен бері жұмыс істеп жүрсің. Қазіргі заманда діни мәселелерге бүкіл дүниеде халықтың, мемлекеттің барлығы көңіл бөлуде. Бізде де мәселелер бар. Өзің білесің, осы күні 2900-дан артық мешітіміз бар. Онда істейтін 3700 имам бар. Жартысының жоғары, орта білімі бар. Басқасы курстардан өткен. Бұрынғыдай емес, барлығының білімі бар. Біз зайырлы мемлекетпіз, өзің білесің. Сондықтан ұстанымымыз белгілі. Мына Тәуелсіздіктің арқасында Құдайға шүкір, өшіп бара жатқан дінімізді, ата-бабамыздың дәстүрін қайтардық. Бірақ та діни ғылымды, теологияны өздерің жақсы білесіңдер. Мемлекеттің дінге ешқандай қарсылығы жоқ. Барлық халқымызға өзінің діни көңілдегі жүрегін атқаруға жағдай жасап отырмыз. Мешіттер ашылды. Жақында ауылдағы жұмыс істеп жүрген имамдарға жағдайын түзеу үшін әдейілеген қор ашқыздым. Қазірдің өзінде бірталай кісіге көмек көрсетілді. Тек ғана әлеуметтік жағдайын қорғау емес, басқа да жағдай бар. Ғылыми жұмыстар, конференцияларды жүргізу, түсіндіру керек. Дүниеде болып жатқан діндердің саласы, қазір мінеки мұсылмандардың өзінің ішіндегі әртүрлі саласы, суннит пен шиитті былай қойғанда, олардың ішіндегі болып жатқан жағдай. Кейінгі кездегі оның бізге жасаған ықпалы, өзің білесің, барлығын. Қанша күрестік, қанша азаматтарымыздың құқығын шектеуге тура келді. Себебі ол дінге қарсылық емес, сол мемлекеттің негізгі қағидаларын ұстану мәселесі. Мемлекеттің тұғыры мықты болу үшін барлығымыз атсалысуымыз қажет. Оның ішінде қазақ мұсылман болғаннан кейін мұсылман дінінің орны өте бөлек. Сириядағы жағдай бір жағына қарай шығып келе жатқандығын көріп отырмыз. «Ислам мемлекеті» өзінің қатарынан қазір бір жағына шықты. Бірақ та олар іріктеліп-іріктеліп келуі де мүмкін. Бізден ол жаққа барған азаматтар бар. Егер де біздің имамдарымыз, мешіттеріміз Құран Кәрімнің сөзін елге жеткізіп, түсіндіріп, оның ішінде елдер аман-есен мешітке барып, дұғасын, намазын оқу үшін не керек? Ел тыныштығы керек. Тәуелсіздік, мемлекет мықты болу керек. Елдің ішінде тәртіп болмаса, әркім болады. Содан кейін біз әдейі министрлік құрдық. Кім болса сол, қалай болса солай бұрып әкетіп, өзінің ойын енгізуге болмайды. Бізге бір саясат, бір дін керек. Басқа елдерде қалай болып жатқанын көріп отырмыз. Нағыз мұсылман елінің орталығы деген Сауд Арабиясының өзінде де діннің жұмыстары басқа болады. Әдейі министрлікпен. Қазақтың Тәуелсіздігі – бәрімізге ортақ. Барлық қазаққа, Қазақстанның мұсылмандарына ортақ.

Серікбай Қажы Ораз, Қазақстанның Бас мүфтиі:

-Аса мәртебелі Елбасы! Менің өтінішімді қабыл алып, өзіңіздің құзырыңызға бүгін қабылдағаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ол – қазақ мұсылмандық тарихи келе жатқан діни мектебіміздің қайта жаңғыртып, соның ролін арттыру. Сонымен бірге Ислам діні бұл барлық дінді де дұрыс қарым-қатынас жасай отырып, тек қана мейірімділікке, ізгілікке насихаттау керек. Сонымен қатар ел арасындағы, жамағат ортасындағы таза діни таным-түсіністікпен теріс деструктивті көзқарастардан арылу және қасиетті Құран аяттарының түсінігін буквализм танымынан арыла отырып, бүгінгі заманның ағымындағы жаңаша біздің қалыптасқан діни мектебіміз бар. Орталық Азияда, қазақ мұсылмандығы мектебінің, Абу Ханифа мазхабының жолындағы жұмыстарды мейлінше жалғастыра береміз деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мақсат белгілі. Білікті имамдар болса екен деп ойлаймын. Ол бір күнде бола салатын нәрсе емес. Сондықтан білім беру жағына көңіл аудару керек. Содан кейін радикалды көзқарастар дейміз ғой, солармен сөйлесіп, олардың жолы дұрыс емес екенін нақты сөзбен, іспен түсіндіретін адамдар керек. Сіздер, білікті имамдар, оқымысты адамдар өздеріңіздің біліктеріңіз арқылы Құранды, хадистерді жетік білгендеріңіздің арқасында сол жолдардың теріс екенін түсіндірмесек, жастар қайдан біледі?! Сондықтан кейбір заңнама актілеріне діни қызмет бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз деп отырмыз. Оның барлығы заманға сай болу керек. Дінге ешқандай қысым болмау керек. Сол заң жобасын мұсылмандарға қаратып, қолдатып, бірге қабылдауымыз керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдында тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі діни мектепті қайта жаңғыртуға байланысты жаңа әрі үлкен міндеттер тұр. Осыған орай, Серікбай қажы Ораз алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Серікбай Қажы Ораз, Қазақстанның Бас мүфтиі:

-Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дер кезіндегі үлкен шешім болды деп ойлаймыз. Өйткені еліміздегі дін саласындағы көптеген түйткілді мәселенің дұрыс, заң аясында өз құқығының нормаларына сәйкес шешілуіне көптеген көмегі тиіп жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Өмірзақ Естайұлы Шөкеев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары және Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Бұған дейін осы орында отырған Асқар Исабекұлы Мырзахметов қызметінен босатылды. Аптада болған ауыс-түйістердің реті осы.

5. «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітаптың тұсауы кесілді

Еліміздің 26 жылдық талас пен тартысқа толы шежіресін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қағазға түсіріп хаттады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сондағы алғысөзде мынадай сипаттау айтылыпты: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде мен альпинистер тобымен Алатаудың Мұзарт шыңын бағындыруға шықтым. Шың басына тігілген, тау желінің күшімен құлаш жая желбіреген байрақтың әсері әлі күнге менің есімде... Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық». Міне сондықтан Елбасы бұл кезеңді «қазақ тарихының Ұлы дәуірі» деп атады. Ширек ғасырда атқарылған іс былтырғы салтанатты жиында кеңірек сараланған еді. Ал биылғы яғни 26-жылдың да жеңісі мен жемісі мол. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақстан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізіп, жасыл технологияның жаршысына айналды. Қазақстан Сирия сойқанын ретке келтіру жолында Астананың бейбітшіл әрі бітімгер алаңын ұсынды. Мұндай тарихи мүмкіндіктер ТМД төңірегіндегі елдердің бірде-біріне бұйырған емес. Сондықтан Президент 2017 жылды «Жасампаздық дәуірінің басы» деп бағалады. 

«Тәуелсіздік дәуірі» жай ғана авторлық көзқарас емес. Мұнда тұтас бір ұлттың тағдыры жатыр. Кітапта азаттықтың ақ таңы атқан сәттен бастап осы күнге дейінгі  Қазақстанның жүріп өткен жолы тізбектелген. Тәуелсіздік шежіресі. Нұрсұлтан Назарбаев өткенге көз жүгіртіп, мемлекеттің әр қадамын саралап, сараптап келешекке кемел оймен қарайды.

«ХХ–ХХІ ғасырлар тоғысы Қазақстан үшін алапат өзгерістердің ғана емес, дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Бетбұрыс уақыты болды. Егемен ел атанып, тәуелсіз мемлекет құру – Еуразияның байтағын мекен еткен байырғы халықтың мыңжылдық тарихындағы ғажайып сәт. Мұндағы «ғажайып сәт» деген тіркестің астарында жаңа мемлекет құруды білдіретін аса күрделі жасампаз процесс жатыр. Ол сәт сан қилы оқиғалардан құралған ондаған жылдармен өлшенеді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы екі мүшелінің мәні мен мағынасын терең түйсіну үшін сол оқиғаларды өзара байланыстыра жүйелеп, ой сүзгісінен қайта өткізу керек болды».

26 жыл – қас қағым сәт болғанмен қазақ үшін ғасырға бергісіз кезең. Осы уақытта Қазақстан биік белестерді бағындыра білді. Сондықтан бұл аралық еңбек пен жарқын келешекке ұмтылыстың заманы іспетті.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

-Елбасымыздың ой-толғаныстарынан тұратын, мемлекетіміздің негізін қалаған тұлғаның өз қолымен жазылған бұл кітапты мен тәуелсіздік энциклопедиясы дер едім. Бұл кітап 30 жылдық киелі тарихымызды қамтиды. Сол заманның тарихын жасаған ұлы тұлғаның өз ауызымен айтылып, қолымен жазылған.

Публицистика жанрында жазылған туынды еліміздің жаңа тарихынан сыр шертеді. Президенттің тәуелсіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы. Кітап төрт бөлімнен құралған. Мемлекеттің дүниеге келуі, ұлы бетбұрыс, қияға құлаш сермеу және қалыптасқан мемлекет деп аталады.

Ержан Бабақұмаров, ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары:

-Бұл кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің тарихы мен болашағына деген терең толғауы жатыр. Туындыда Тәуелсіздіктің 26 жылындағы  елеулі оқиғалар мен фактілер жан-жақты талданып түсіндірілген. Кітапта мемлекетті іс жүзінде басқарудың және стратегиялық жоспарлаудың құнды тәжірибесі бар. Яғни бұл өз кезегінде ертеңгі күнге сеніммен қарауға жетелейтін жалпыұлттық тұғырнама деуге болады.

Елбасы еңбегінде үлкен саясаттан бастап, Тәуелсіздік тарихының әлеуметтік қырларына, рухани-мәдени құндылықтарға, осы кезеңдегі маңызды оқиғаларға үңілді. Кезең-кезеңімен сипатталатын дәуірде жаңғырудың үш бірдей толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Алғашқы екеуінің арқасында нарықтық экономиканың мәселелері шешіліп, дамыған елу елдің қатарына ендік. Ендігі меже – үшінші жаңғыруды іске асырып, озық отыздықтың қатарынан табылу.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының Президенті:

-Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуы хронологиялық әрі жүйелі еңбекте тәуелсіздік жылдары жаңғырудың үш толқынына балаған Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихын кезең-кезеңге бөліп, әрбір саланың жеке дара қарастырады. Біз кітапта оқиғаның қалай өрілгенін, қалай шешілгенін ғана емес, олардың түпкі себебі мен қисынын табамыз.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Бұл кітаптың бір ерекшелігі – бұл фундаментальді еңбек. Біздің қазіргі тарихымыз, ішінде болған реформалар. Олардың қалай жүргенін, қандай қиындықтар кездескенін, қандай жағдайларда болғанын Елбасы жақсы айтады. Оның ішінде бұл – адами еңбек. Неге десеңіз, Елбасының өзінің басынан өткен, өзінің көрген, әлем деңгейіндегі істеліп жатқан істер мен қоса елімізде болып жатқан жағдайлар туралы жақсы айтылған.

Сонымен қатар кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Ертеңгі күнге деген автордың көзқарастарын да көруге болады. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген 33 жетістік жайлы терең ой шертеді.

Леонид Прокопенко, ҚХА Хатшылығы жетекшісінің орынбасары:

-Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы әлемдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау тақырыбын да кең қамтиды. Қазақстанда түрлі этникалық қарым-қатынастардың, діни көзқарастардың үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, доктриналар қабылданды. Мұндай жұмыс посткеңестік кеңістікте жасалған емес.

Санат Көшкімбаев, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

-Бұл кітапта президенттің бітімгерлік бастамалары жөнінде де жазылған. Ресей-түрік қарым-қатынасының дағдарысын үйлестіру, 2010 жылдардағы Қырғызстандағы шиеленісті реттеудегі Қазақстанның ролі кеңінен тарқатылған. Яғни шешімі зор халықаралық мәселелерді ыңғайға келтірудегі елдің және Елбасының ерен еңбегі жайлы жазылған. Бұл үлкен тарих. Келер ұрпақтың жадында қалу тиіс оқиғалар.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

-Бұл кітапты БҰҰ ресми тілдеріне аудару керек. Және де мұны әлемге тарату жұмыстарын ұйымдастыруымыз керек. Және де осы тұғырнамасының негізінде кітаптың әртүрлі мәдени, саяси, ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруымыз керек. Сонымен қатар мектеп болсын, университет, колледждер болсын оқу жоспарларына енгізуіміз керек. Осылайша Тәуелсіздігіміздің канондық негізінде жазылған тарихы бар деп толық айта аламыз.

Тағылымы мол туындының өскелең ұрпаққа берері мол. «Жігерлі жастардың жастанып жүріп оқитын кітабы», – дейді аға буын. Тәуелсіздіктің тарихын танып білу үшін тапсырмас құрал.

Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры:

-Осы кітаптың маңыздылығы ертең болашақ біздің жасөспірімдерге, мынау деген күндіз-түні оқып, біздің тарихымызды білетін кітап болады. Ертең біздің болашаққа бағдар құру, еліміздің болашағын көздейтін жастар болса, соларға деген ең маңызды кітап деп атаймын.

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:

-Бұл кітап, қысқасын айтқанда, Тәуелсіздіктің тағдыры туралы кітап. Тәуелсіз мемлекет болып, тәжірибесі болмаған Қазақстанда тәуелсіз мемлекет орнатудың тәжірибесі туралы кітап.

Сейіт Қасқабасов, ҚР ҰҒА академигі:

-Бұл еңбектің құндылығы сол 30 жыл тарихымызды жүйелеп, барлық сала бойынша, әр кезең бойынша үлкен үш дәуірге бөліп қараған. Сондықтан бұл кітапты Тәуелсіздік кезеңінің тарихы деп айтар едім.

Қабылданған шаралардың арқасында берік ірге қаланды. Бүгінде толыққанды мемлекет құрылды деуге негіз бар. Ал оның асар асуы әлі алда.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында. Жеңіс пен жетістік жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өз-өзін толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр.»

Келешек жасампаз жастардың қолында. Бастысы, ең қымбат құндылық – тәуелсіздікті сақтап қалу. Өскелең ұрпаққа Елбасының салар ойы осы болар.

Мұхтар Ыбырайым, тілші:

-Адам тағыды Отанымен тамырлас. Елбасы сөз соңын осындай тақырыппен түйіндепті. Бүгінде Қазақстан іргесі берік, экономикасы қуатты, ынтымағы жарасқан жасампаз елге айналды. Демек, ширек ғасырда жүріп өткен Қазақстанның дара жолын ұлы кезеңге балауға болады. Ал ұлы тарих кемел келешекке жетелейді. 

Авторы: Мұхтар Ыбырайым

6. Үкімет жұмысына шолу

Тәуелсіздіктің тұсауы кесіліп, еліміз енді-енді қаз басқан тоқсаныншы жылдардың басында бізге «экспорт» түгілі, «нарықтық экономика» дегеннің өзі жат еді. «Нарықтық экономика» дейтін ұғым бірлі-екілі адамның естіп-білгені болған шығар. Бірақ бұрын-соңды қазақ баласы оқып-тоқыған тіркесі емес еді. Ал енді оған көшпей, көш бастау да қиял-ғажайыптай дүние көрінетін. Тар шеңберде ширатылған қалыптың құтқарар түрі жоқ. Экономиканың кетеуі кетіп, тұрмыстың кенеуі кеуіп тұрған шақ. Болашаққа бастайтын жол қайсы? Жауап біреу болды. Қайткенде қазақ баласы қыр асып, осы бір жүйені жете меңгеріп келуі тиіс. Сөйтіп, Мемлекет басшысының шешімімен ешбір қиындыққа қарамастан, қазақ баласы қыр асты. Талай жас «Болашақпен» болашаққа бағдар жасады. Бүгінде солар елге оралып, әр салада әрекет етіп жүр. Нәтижесінде мемлекетіміз дайын өнімді экспорттаушы үздік елумен үзеңгілес болды. Қазақстанның қазіргі сыртқы сауда айналымы 62 миллиард долларды құрап отыр. Оның ішінде импорттың емес, экспорттың үлесі басым. Ең басты жетістігіміз бұл. Біз экономикамызды шикізат саудасына «байлап қоюдан» бас тарттық. Осы аптада Үкімет он бір айдың қорытындысын жасап, біраз сан мен сапаны ортаға салған болатын. 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы:

-Соңғы 11 айда еліміздің экономикасы 3,9 пайыз өсім көрсеткен. Бірнеше саланың алға басуы тиісті жетістікке жетуге мүмкіндік берді. Сол берекелі болған бағыттарға енді жеке тоқталсақ. Мәселен, мамандар мұнай өндіру бойынша біз 8,3 пайыз өсімді күттік деседі. Бірақ қазірдің өзінде 10,9 пайызға жеткен. Өңдеу өнеркәсібі бойынша 4,5 пайыз жоғарылау болады деп болжанып еді, жоспардан асып көрсеткіш 5,2 пайызға иек артты. Ауыл шаруашылығы 2.3, байланыс 3.2, сондай-ақ сауда 2.8 пайызға өскен.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Инвестициялық белсенділіктің жылдамдауы және инфляциялық процестердің тұрақтануы, сондай-ақ барлық 6 базалық сала бойынша жағдайдың жақсаруы аясында экономиканың өсімі 3,9 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге жылдамдап, 5.7 процентке өсті.

Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, биыл арық айтып, семіз шығатын түріміз бар. Мәселен, ең жоғарғы көрсеткіш фармацевтика саласының үлесіне тиді. Мұнда 11 айда өсім 6 пайыздан асады деп болжанған болса, межеленген мезгілге дейінгі өсім 40 пайызды еңсерген. Ал Қашағаннан шыққан мұнай көлемі де жоспардан 46 пайызға артық орындалды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Ағымдағы жылдың 11 айында барлық деңгейдегі кірістерінің өсу қарқынының тұрақтылығын қамтамасыз еттік. Былтырғы жылдың 11 айымен салыстырғанда кірістер 520 миллиард теңгеге көп түсті.

Облыстар мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бөлінген қаржыны кешігіп игіріп жататыны бар еді. Биыл ақшаны тиісті жерге жұмсау ісі жүйеге түсіп келеді. Бір мысал:  Елдің транзиттік әлеуетін арттыратын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жұмыс істеп жатыр. Ол бойынша бөлінген қаражаттың 400 миллиард теңгесі яғни, 96.9 пайызы игерілген. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы жоба ел экономикасын алдағы уақытта өрге сүйрейді.

Бауыржан Толысбаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

-Әсіресе мен «Нұрлы жолды» ерекше атар едім. Инфрақұрылым, мына жолдар салынып жатқан. Содан кейін жол саласындағы дүниелер халыққа көзімізге жетулі. Бәрі халықтың көз алдында істеліп жатқан жұмыс. Бұл ертең үлкен түсім әкеледі. Келесі жылдары инфрақұрылымдар біздің экономикаға толық жымыс атқара бастаған кезде, бұл да біздің жоспарлаған межемізден артық деңгейге әкелуі мүмкін.

Бұл мемлекеттік бағдарламалар елдің әлеуметтік жағдайына да әсер етті. Нақтылап өтсек, соңғы 9 айда 53 мың адам екі қолға бір күрек тапқан. Ал орташа айлық жалақы 4,6 пайызға артып, 146 мың теңгеге жеткен. Сайып келгенде экономиканың өсуі – ел жағдайының жақсаруы. Сондықтан сала мамандары: «Алдағы уақытта осы жүрістен танбай, жыл соңына дейін жалпы ішкі өнімнің үлесін 4 пайызға жеткізіміз», – деп отыр. 

7. Ұлық мереке

Еліміздің алар асуы мұнымен шектелмейді. Жыл басында жарияланған саяси, экономикалық және рухани жаңғырулар жаңа ғасырдың мінберінен жаңаша сөз айтуға жетелемек. Қазақстан озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын аларына сенімді. Оған елдің бірлігі мен сенімі кепіл. Егемендіктің 26 жылында еңсерген биікке бастаушы күш те сол бірлік пен сенім. Олар болмағанда бордай тозарымыз анық еді. Сондықтан Тәуелсіздік күні – 18 миллион отандасымызға ортақ ұлық мереке. Сонымен торқалы тойды қазақ елі қалай атап өтті? 

Ұлтымыз үшін бүгін – ұлы күн. Қазақ елі 26 жыл бұрын өз тәуелсіздігін асқақ Алатаудың етегіндегі Алматыда жариялады. Егеменді еліміздің алтын бесігі – Алматы. Қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері Республика алаңындағы «Тәуелсіздік» монументіне жиылып,  гүлшоқтарын қойды. Өткенге салауат, бүгінгі күнімізге шүкіршілік етті. Әскерилердің қатысуымен марш өтті. Сайыпқыран сарбаздар халықтың рухына дем беріп, Тәуелсіздікті асқақтатын патриоттық әндерді әуелетті.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы:

-Егемендік нәтижесін біз бүгін көріп отырмыз. Біз тұрақты экономика құрдық. Дамыған әлеуметтік сала, ғылым, білім, мәдениет – тізетін болсақ, көп нәрсе бар. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» деген бағдарламалар. Әлеуметтік саланың дамуы, үй құрылысы бойынша рекорд бұрын болмаған. Алматының өзінде үлкен жетістіктер бар. Инвестицияда Қазақстанға қазір Орталық Азияда 80 пайызы келіп жатыр. Мына Қытаймен, Еуроодақпен қарым–қатынаста Қазақстанның үлесі басым. 

Алматының Тәуелсіздік жылдардағы жеткен жетістіктері орасан. Әлеуметтік-экономикалық өсім жоғарылады. Халық саны жыл сайын артып келеді. Биыл мыңдаған отбасы жаңа пәтерге ие болды. Мерекеге орай «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша алғашқы пәтерлер беріле бастады. Бағдарламаны жүзеге асыруға қала бюджетінен 1 миллиард теңге бөлінген. 

Лаура Мұстафаева, қала тұрғыны:

-Пәтер алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Жаңа пәтерге қоныстанатыныма өте қуаныштымын.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, биыл 70-тен астам алматылық жоғары марапатқа ие болды. «Парасат» орденімен  Қазақстан Республикасының әнұранын тұңғыш орындаушы Сара Тыныштығұлова марапатталды. Сондай-ақ еңбегімен елге танылған азаматтарға «Құрмет», «ІІ дәрежелі Достық» ордендері мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, Құрмет грамоталары табысталды. 

Смағұл Елубай, жазушы:  

-Қазақстан халқы ең бастысы өзінің тұрақтылығын сақтап, осынау 26-асуға жетіп отыр. Бейбіт күндеріміз баянды болғай дегім келеді. Халқымыздың берекесі баянды болғай дегім келеді. Мемлекеттің тарихындағы ең киелі күн, ең қасиетті күн – ол мемлекеттің туған күні, Тәуелсіздік күні құтты болсын ағайын.

Мереке қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытында үшінші жаңғырту жұмыстары аяқталып, мұнайды тереңдетіп өңдеу кешеніне кіретін алғашқы қондырғы іске қосылды. Төрт айдан кейін толық өндірістік қуатына көшеді. Өнім сапасы мен көлемін арттыруға бағытталған жобалар нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылды.  

Ғалымжан Амантурлин, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры:

-Жаңа  кешендік қондырғы арқылы біз автомобиль бензинінің сапасын  К-4, К-5 сапасына жеткіземіз. Бұл нарықтағы Евро-4-5 бензиндерінің баламасы. Сонда зауытта шығарылатын бензин көлемі бірден үш есеге артады. Яғни қазіргі 650 мың тоннадан 1,7 млн тоннаға дейін жеткіземіз. Сонымен қатар реактивті жанармай 8 есеге, дизельді отын 23% есеге дейін өсетін болады. 

Өңірлерде облыс орталықтарында ғана емес, аудандық жерлерде де тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Ұлық мерекеде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында бір күнде 480 отбасы баспаналы болды. Бұл аудан тарихында ірі көлемде атқарылған алғашқы әлеуметтік шара. 8 үйді салуға облыстық бюджеттен 2 миллиард 735 миллион теңге бөлінген. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін топ өкілдері мен әскерилер, бюджеттік мекеме қызметкерлері жаңа пәтер кілттерін алды. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан еңсерген биіктер – тату тұрмыстың арқасы. Осы сүттей ұйыған тіршілікте Қазақстан Халқы Ассамблеясының орны бөлек.  Қызылорда өңірінде 35 этнос өкілі тұрады. 11 этномәдени бірлестік бар. Отаны, тағдыры бір қауым елдік істерді де бірге атқарып келеді.

Людмила Ли қандай мереке болмасын, дәмді тағамдарды молынан жасауды дәстүрге айналдырған. Еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі қонақжайлықты қазақ дәстүрінен үйренгенін де жасырмайды. Оның дастарханында қазақ, корей, өзбектің де тағамы бар. Дегенмен, еврейлердің ерекше қадірлі ұн тағамы – маца әзірлеп, алма мен бал ұсыну басты мәзірге айналған.

Людмила Ли, еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

-Біздің ата-бабаларымыз талғажу етер бір үзім нанға зар болған. Сондықтан еврей халқы ұн мен майдан жасалатын тағамдарды ерекше қадірлейді. Осындай молшылық – тәуелсіздіктің арқасы. Ал осы құндылықты сақтап қалу үшін ел ішінде бірлік пен береке болу керек.

16 желтоқсан ел жадында үнемі жаңғырып тұрары сөзсіз. Ұлық мерекені ерекше қастерлейтін халқымыз Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын осылайша береке, бірлікте татулықпен атап өтті.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы және аймақтағы тілшілер

8. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қыруар шаруа атқарылып жатыр

Жаһандағы жаңа үрдістер қалай жылжып, қалай құбыларын өзі білсе керек. Ешкіммен де, ештеңемен де есептесетін түрі жоқ. Жарайды, бүгін ыңғайға көнді делік. Бірақ ертең есерсоқтанып кетпесіне кепілдік бар ма? Оның үстіне сынаптай сырғыған уақыт артына қарап аялдамайды. Бір қалсаң, қалғаның. Қуып жетемін деу – құр арман. Әлгі дамыған елдердің әр күн сайын жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаңалыққа ұмтылып жүргені де сондықтан. Әйтпесе олардың жақсы-ақ өмір сүруге жағдайы бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағандағы еске салмағы осы болса керек. «От басы, ошақ қасында қалмайық» дейді Президент. Жаңа заманға сай жаңғыру керек. Өйткені өзгере білгендердің ғана өмірі жарқын болады. 

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа кеңінен насихаттап, түсіндіретін екі бірдей монографиялық еңбек жарық көрді. Онда 15-ке жуық ғалымның зерттеулері мен әлеуметтік сауалнама нәтижелері топтастырылған. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін қандай мәселелерге ерекше мән беріп, баса назар аудау керектігі де жазылған. Зерттеушілер тарихи, мәдени, рухани және әлеуметтік салаларға да көңіл бөлген. Монографиялық еңбектер әзірге 2 мың данамен шығарылып, өкілеттік органдарға жолданды. Алдағы уақытта еліміздің жоғарғы оқу орындары мен кітапханаларға да таратылады.

Ғани Нығметов, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

-Түсінікті қарапайым тілде жалпы мынау эксперттерге, бұқаралық қауымға рухани жаңғырудың басты принциптерін көрсетеді.

Ал Қазақстанның киелі жерлері картасына Қызылорда облысынан 12 ескерткіш енді. Олардың қатарында археологиялық Сығанақ, Жанкент, Шірік рабат, Жент қалашықтары бар. Сонымен қатар Қорқыт ата, Оқшы ата, Қорасан ата кесенелері де осы тізімді толықтырды. Келер жылы көне қалалардың орнында қазба жұмыстары жалғасады. Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мамандары киелі жерлер картасына Сыр өңірінен тағы 9 нысан ұсынбақ.

Ғалымжан Садықов, Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бөлім басшысы:

-Енді Қызылорда облысы бойынша алдағы жылдарда осы орталық қызметкерлері тарапынан қасиетті орындарға экспедиция ұйымдастырылады. Соның нәтижесімен үлкен энциклопедиялық жинақ пен Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы әзірленеді.

Сондай-ақ осы аптада Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа жәдігерлермен толықты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен өңір қонақтарының назарына мыңнан астам жаңа экспонаттар ұсынылды. Олардың арасында көне сарматтар дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер де бар. Сондай-ақ көрмеге XIX-XX ғасырларда мұнайлы өңірде өмір сүрген белгілі қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер мен тұтынған бұйымдары да қойылған. Мәселен6 мына әсем тастармен өрнектелген білезіктер мен бұрамалы күміс сақиналар өткен ғасырда Нарын құмында өмір сүрген белгілі зергер Қалмұқан Ерекенұлының қолынан шыққан. Заманында мұнайлы өңірге аты кең тараған ұстаның еңбектерін музейге қызы Қымбат тапсырды.

Қымбат Қалмұқанова, Қалмұқан Ерекенұлының қызы:

-Мен тапсырып тұрған бұйымдарым үйде сандықта жататын. Бұл жерде жатқанша музейге апарып тапсырайын. Халық көреді, әйтеуір, «кім жасады екен деп біреулер ойлағанда менің әкемнің аты шығып тұрады ғой» деп сондай мақсатпен әкеліп тапсырдым. 

Мына қара домбыра Қаршыға Ахмедияровтікі. Бұл аспапта дәулескер күйші 1957 жылы батыс аймақтық «Үкілі домбыра» фестивалінде ойнаған. Осындай көздің жауын алатын құнды жәдігерлер мен белгілі адамдар тұтынған бұйымдар енді көптің игілігіне айналмақ. 

Меңсұлу Наурызбаева, музей қорын сақтаушы:

-Атап айтсам, саятшы құралдарын Арман Қошқаров тапсырған. Қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиевтің үрмелі саз аспаптары қабылданды. Бұл жұмыстарымыз әлі де жалғасын табады. Келесі жылы да музейдің сый тапсыру акциясы жалғасын табады деп есептеймін.

Ал Маңғыстау облысында тұңғыш рет «Туған жерге тағзым» меценаттар форумы өтті. Онда ауылдастарының алғысын алып, туған жеріне көмек қолын созып жүрген атымтай жомарттардың еңбегі еленді. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Серікбай Бердияров «Туған жерге тағзым» аталымы бойынша арнайы марапатқа ие болды. Ол қала тұрғындары үшін саябақ салып берді. Әсем әуенге мың бұрала билейтін субұрқақ та орнатты.

Серікбай Бердияров, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, кәсіпкер:

-Елден бөлектеу кетіп, өзімізді басқа жағымыздан көрсетіп жатсақ онда кім болғанымыз? Ал ел жақсы болса, мемлекет жақсы болса біз жақсы екенбіз. Менің жағдайымды жасап жатқан елге мен неге жасамасқа? 

Биыл 100 меценаттың демеуімен 120 нысан тұрғызылған. Ауылдар абаттандырылып, тарихи ескерткіштер мен мәдени орындар қалпына келтірілді. Жомарт жандар мүгедектер мен ардагерлер үшін де қаржысын аямақ емес. Жастардың білім алып, спортпен шұғылдануына да қолдау көрсеткен. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай дүниелер қайта түлеп, ұмыт болған ұлттық құндылықтарымыз ортамызға орала бастады. Бұл алдымен өскелең ұрпақ үшін үлгі болмақ. Ал олардың баба тарихымыз бен бай мәдениетімізге қызығаушылығы күн санап арта берері даусыз.

Авторы: Жандос Жұмабек