ТОП бейне

«Үркердің» үздіктері марапатталды

«Үркердің» үздіктері марапатталды

Бұқаралық ақпарат құралдары және байланыс қызметкерлері күніне орай елордамызда «Үркер» ұлттық премиясының үздіктері марапатталды.

Сәні мен салтанаты келіскен кешке еліміздің танымал журналистері мен жазушылары жиналды. Бұл тек марапаттау рәсімі емес, журналистердің бейресми басқосуы болды. Сонымен «Үркердің» биылғы үздіктері кім?

Сыланған сылқымдар мен сәнденген серілер. Журналистер өздерін бір сәт Голливудтың жұлдызындай сезінді. Қызыл кілеммен жүріп өтіп, сахнаға жиналды. Кіл жүйрікте кім жүйрік екенін білетін сәт жақын.

Он төрт номинацияның он төрт үздігі. Көптен күткен тарихи сәт. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев үздіктерді ресми мәлімдеді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

-«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» дейді. Бүгін әрқайсыларыңыздың жемістеріңіз алтын болсын!

Сонымен «Үздік Интернет БАҚ» аталымы «Informburo.kz» сайтына бұйырды. Қазақстандық үздік радиостанция – «Шалқар» радиосы. «Үздік журналистік зерттеу» аталымын Асқар Джалдинов еншіледі. «Үздік сараптамалық материал» аталымын Әсел Мұқанова жеңіп алды. Бас-аяғы 14 үздік марапатталып, қошеметке бөленді.

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы:

-Биылғы сыйлықтың біз үшін маңызы ерекше. Себебі «Егемен Қазақстан» бұл «Қазақ» газетінің жалғасы болып саналады. Сондықтан қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанға» көрсетілген бұл құрмет «Алаш» арыстарына көрсетілген құрмет деп білеміз.

Әбдірахым Нүсіпбай, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстанның Құрметі журналисті:

-Мынау бүгінгі жалпыұлттық «Үркер» сыйлығы үлкен жетістіктердің қатарын толықтырып отыр. Оған біз өте қуаныштымыз.

Айта кетейік, «Үркер» ұлттық премиясы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл «Үздік вайн» мен Астананың 20 жылдығына арналған «Үздік материал» аталымдары қосылған. «Үркер» конкурсы – тележурналистерден өзге журналистердің еңбегін бағалайтын еліміздегі жалғыз ұлттық премия.  

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Дәурен Жұрхабаев