ТОП бейне

Нұрсұлтан Назарбаев: Домбыра – қазақтың жаны, рухы

Нұрсұлтан Назарбаев: Домбыра – қазақтың жаны, рухы

Ұлттық брендке айналған домбыра күнін қалың жұрт бар сән-салтанатымен атап өтті.

Астанадағы Қазақ елі алаңында бір мезетте 2 мыңнан аса домбырашы нақышына келтіріп, күй тартты. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін салтанатты шараны тамашалап, мәре-сәре.

Домбыра – қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын аспап. Бүгінде оны әлем мойындады. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енді. Елбасы да халықтың ортасынан табылып, дүйім жұртты мерекемен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын білеміз. Ғалымдар бұл сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізге дейін 4-ші ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізге дейін 6-шы ғасырға тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның күмбірлеген күйін естіген. Қуанышта да, өкініште де бірге келе жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың қаны да жаны да бір екенін дәлелдейтін нақты нәрсе.