ТОП бейне

«Ғашықтар» телехикаясы көрерменге жол тартты

«Ғашықтар» телехикаясы көрерменге жол тартты

Жалпы көрерменнің талғамын өсіретін татымды дүниені тарту ету – біздің арнаның басты мұраты. «Хабар» Агенттінің» кино қоржыны жақында жаңа телехикаямен толықты. Бұл жолы өзекке таусылмайтын тақырып – махаббат машақаты арқау болды. Ілияс Есенберлиннің осыдан 50 жыл бұрын жазылған «Ғашықтар» романының желісімен түсірілген сериал шілденің 3-інен бастап экранға жол тартады.

Қалай ойлайсыз махаббаттың өлшемі не? «Ғашықтар» сериалының алғашқы көрсетіліміне жиналған мына жұрт махаббат пен ғадауаттың арпалысын көріп, ой түймекке келді. Есенберлин: «Шын ғашық жамандыққа бармайды» – дейді. Демек, махаббаттың өлшемі – адалдық. Сүйген жарға, туған елге, жан баласына деген қылдай қиянаты жоқ адалдық.

Қазір не көп сериал көп және махаббат тақырыбы экраннан түскен емес. Бірақ ғашықтық сынына бойлай білгендер аз. «Хабар» осы міндетті өз мойнына алып отыр.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

-Адам бойындағы жоғалып бара жатқан адамгершілік, мейірбандық, кішіпейілділік, ғашықтық дерті, ғашықтың сыны сияқты қасиеттерді қайта ояту керек. Осы қасиеттердің әлі де бар екендігін, олардың қаншалықты құнды екендігін, осындай құндылықтарды насихаттау болып табылады негізгі мақсат.

Сериал 12 сериядан тұрады. Оқиғалардың басым бөлігі Астана мен Алматы облысында және табиғаты көз тұндырар Бурабайда түсірілген. Бас кейіпкер мүсінші Жантастың балалық шағы өткен ауылдың көрінісі – тіптен көркем. Одан кең даладағы тарылмаған ниетті, кішкентай үйлер мен үлкен жүректі көресің.

БЛИЦ:

-Өте жақсы.  Бұрынғыдан қарағанда қазақ киносы өте ерекше дамыған. Кішкене болса да ауылды еске алып қайттық.

-Барлығы шынайы түрде болды. Шынайы түрде көрсетілді. Осындай фильмдер көбейе берсін.

Шынайылық. Соңғы кезде сериалдан сирек көретін қасиет. Бұл жолы Жантастың рөлінде тірілген сияқты. Көрсетілімнен шыққан көрермен бас кейіпкерді сомдаған жас актер Азат Тұрарбековтің шеберлігіне тәнті болғандарын айтып жатты. Қазақ кино өнеріне тағы бір талантты жастың қосылғанына іштей біз де қуандық. Тосынсыйы көп телехикая шілденің 3-інен, әр дүйсенбі мен бейсенбі аралығы 21.30-да көрсетіледі. Мәңгілік махаббатпен біздің арнада қауышыңыз!

Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Әлібек Әлиев