ТОП бейне

Белгілі спортшы Денис Тенді өлтірген күдіктілердің бірі қолға түсті

Белгілі спортшы Денис Тенді өлтірген күдіктілердің бірі қолға түсті

Тәртіп сақшылары марқұмға пышақ сілтеген қарақшыларды қылмыс болған жердегі бейнебақылау камерасына жазылған жазба арқылы анықтады. Қазір 24 жастағы күдікті қамауға алынып, тергеліп жатыр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ол қылмысын мойындаған. Осы оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі Істер министрі жіті бақылауына алды.

Ізбасар Бектұров, Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары

-Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде және куәгерлердің берген мәліметі бойынша оқиға орын аумақтағы сыртқы бейнебақылау камераларының зерделенуі нәтижесінде күдіктілердің жеке бастары анықталды. Күдікті ретінде олардың біреуі Жамбыл облысында 1994 жылы туған Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы ұсталып, уақытша тергеу изоляторына тоғытылды. Қорғаушылардың қатысуымен ол өз кінәсін толық мойындады.

Осы тұста арнайы құрылған жедел-тергеу тобының мүшелері күдікке ілінген екінші адамды іздестіріп жатыр. Полиция қызметкерлері оның есімі Арман Құдайбергенов екенін анықтаған. Ол да 24 жаста. Қызылорда облысының тумасы. Құқық қорғаушылар егер күдіктіні көрген немесе танитын адамдар болса, полицияға хабарласуын сұрайды.