ТОП бейне

«Хабар» командасы әуесқой футболдан ел чемпионатының «С» лигасында үшінші орынды иеленді

«Хабар» командасы әуесқой футболдан ел чемпионатының «С» лигасында үшінші орынды иеленді

Елордада әуесқойлар арасында шағын футболдан алтыншы мәрте өткізілген ел чемпионаты аяқталды. Әр өңірден жиылған аяқдопшылар өзара мықтыны анықтаған бәсекеде қарағандылық «Биосфера» командасы үздік атанды.

Финалдық ойында кеншілер қаласынан келген ұжым сырбойылық «Зенит» клубынан 2:1 есебімен жеңді. Яғни екінші орынды қызылордалық аяқдопшылар иеленсе, үздік үштіктен тағы бір қарағандылық команда «Арселор Миттал» мен астаналық «Бірлік» көрінді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздар енді өздері секілді әуесқойлар арасында өтетін Еуропа біріншілігіне қатысады. Айта кетейік, бұл жолғы чемпионатта 32 команда бақ сынады.

Ерлан Жарылқасынов, Қазақстан әуесқой футбол лигасының төрағасы:

- 2008 жылы 4 командамен бастағанбыз. Ал биыл 360 команда болды. Астанада 90 команда бар. Жыл сайын чемпиондарды «мини евро» деген бар, соған апарамыз. Үш жолдаманы ойнатамыз.

Сондай-ақ елорданың шағын футболдан «Көктем-2018» атты ішкі лигасы да өз мәресіне жетті. Үш айға жалғасқан жарыс қорытындысында 5 бірдей деңгейге бөлінген біріншілік жеңімпаздары анықталды.

Айта кетейік, әуесқойлар сайысына биыл бірінші рет «Хабар» командасы да қатысып, «С» лигасында үшінші орынды иеленді.

Нұрсұлтан Құрман, «Хабар» командасының капитаны:

- Журналистер арасындағы «БАҚ лига» деген футболдан жарыс бар.. Біз үшін бір жаңа белесті бағындыру керек болды. Осы жақта барынша ынта-жігерімізбен ойнайық деп әуесқойлар лигасына өттік. «БАҚ лигасының» чемпионы есебінде «Д» емес, бірден «С» лигасында ойнауға мүмкіндік берді және қолдан келгенше ойнадық. «В» лигасына жолдама алдық.