ТОП бейне

Қызылорда облысы тарихи-өлкетану мұражайындағы кейбір жәдігерлер бүліне бастады

Қызылорда облысы тарихи-өлкетану мұражайындағы кейбір жәдігерлер бүліне бастады

Қызылорда облысының Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы кейбір жәдігерлер бүліне бастаған. Себебі тарихи құнды мұраларды жинақтап, насихаттаушы бірден-бір мекеменің ғимараты талапқа сай емес. Бұл нысан кезінде аудармашылар дайындайтын орыс-қазақ мектебі үшін 1904 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Аудандық музейге бұл ғимараттың тек 236 шаршы метрі ғана бұйырған. Қалған бөлігі басқа мекеменің еншісінде. Сондықтан 10 мыңға жуық экспонаттың тек 747-сі ғана экспозицияға қойылып, қалған бөлігі қоймада шаң басып жатыр.

Қор бөлмесінің де аумағы өте тар. Бар-жоғы 19 шаршы метр. Оның бір бөлігіне ғимаратты жылытатын пеш орнатылған. Металл, тоқыма бұйымдар мен қағаз құжаттарды тиісті талапқа сай сақтау мүмкін емес. Рухани құндылықтардың құрып кетпеуін ойлаған мамандар музейге уақыт талабына сай ғимарат салуды ұсынып отыр.

Нәбихан Шалапов, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Бізге жер бөлінді. Ұзындығы – 80 метр, ені – 40 метр. Оның құжаттары дайындалды, облыстық мәдениет басқармасына тапсырып, әрі қарай құрылыс бөліміне өтті. Даму жоспарына еніп, сметалық құжаттарына ақша бөлінсе екен. Оң нәтиже күтудеміз.