ТОП бейне

Еліміздегі жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылды

Еліміздегі жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылды

Жаңа оқу жылында еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарында бұрын-соңды болмаған мамандықтар ашылды. Айталық, ақтаулық студенттер жоғары сұранысқа ие ландшафты дизайн шебері, пластмасса дәнекерлеушісі, ағылшынша білімі бар тәрбиеші, математик және теңіз портының инженері мамандықтарын меңгере бастады.

Ал Жетісу өңірі жол құрылысы мен коммуналдық шаруашылық саласына қажетті мамандарды даярлауға көшті. Көкшетаудағы педагогикалық және техникалық бағытта білім беретін университетте тұңғыш рет медицина факультеті ашылды.

Ақмола облысының емдеу мекемелеріне 150-ден астам дәрігер жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін көпсалалы жоғары оқу орындарының бірінде алғаш рет медицина факультеті ашылды. Жаңа бөлімге биыл 172 студент қабылданыпты. Олар 5 жыл білім алып, медицина бакалавры мамандығын меңгереді. Онан соң тағы екі жыл интернатура оқулары керек.

Светлана Мұратбекова, медицина факультетінің деканы:

- Материалды база жеткілікті, корпустың әр қабатынан аудиториялар берілді. Компьютерлік сыныптар бар. Бәрі дайын. Негізінде, 7 млн-ға компьютерлік бағдарламалар алынды. Мынау анатомия, физиология, патологияға берілетін сабақтар. Сабақ беретін мұғалімдер де дайын. Бір-екі мұғалім Қарағанды мемлекеттік университетінен келді. Қалғандары осында істейтін қызметкерлер.

Алматы облысының колледждерінде биыл жаңа 7 мамандық бойынша оқыту басталды. Атап айтқанда, студенттер телекоммуникациялар жүйесіндегі электромонтер, қант зауытындағы басқару пультінің операторы, жол-құрылыс машиналарын жөндеу слесары сияқты мамандықтарды игеретін болады. Жаңа оқу бөлімдерін ашу жұмыстарына облыс қазынасынан 90 млн теңге бөлінген.

Гүлсара Исағұлова, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына байланысты білім жүйесін автоматтандыру қолға алынды. Біз қазір міне, осы мамандықтарға көңіл бөліп, жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отырмыз.

Атыраудағы ірі компаниялар енді өздеріне қажетті мамандарды шетелде емес, Қазақстанда оқыта алады. Жергілікті жоғары техникалық колледжбен арнайы келісім жасалды. Оқу орнының түлектеріне әлемнің кез келген мұнай-газ кәсіпорнында жұмыс істеуге рұқсат ететін халықаралық сертификаттар берілмек.

Ермек Күзенбаев, Жоғары техникалық колледждің директоры /Атырау/:

- Бұған дейін компаниялар кадрларын Еуропаға жіберіп дайындап отырған болатын. Қазақстанда жұмысшы кадрлар жетіспеушілігіне байланысты халықаралық стандартқа сай және еуропалық сертификат және диплом ала алатын кадрларды даярлауға мүмкіндік туып отыр. Айта кететін мәселе осы шараны ұйымдастыру және осы халықаралық стандарт бойынша білім беру компаниялардың көмегі есебінен жүзеге асырылып отыр.

Ал Ақтауда халықаралық деңгейдегі кеме жүргізушісі мен теңіз порты мамандары даярлана бастады. Есенов университетінің базасында теңіз академиясы ашылды. Бұрын теңіздегі су көліктерін тізгіндеу үшін шетел асуға тура келетін теңізшілер енді өз елімізде әзірленеді. Үш тілде білім беретін оқу орнына биыл ел түлектерінен өзге Каспий маңы мемлекеттерінен 100 студент қабылданған.

Айдос Нұргелдин, Теңіз академиясының студенті:

- Мен құрылыс және көлік факультетінің кеме жүргізу инженері мамандығында оқимын. Осы мамандықты бітірген соң Каспий теңізінде кеме жүргізетін боламын. Есенов университетінде кәдімгі теңізшілер секілді өмір сүреміз. Кәдімгі формамен сабақта оқимыз. Түрлі құрылғылармен жұмыс жасаймыз. 90 пайызы практика, 10 пайызы лекция болады.

Ақпараттық технологиялардың ілгері дамуына, қызмет көрсету саласының түрленуіне байланысты биыл бір Маңғыстау облысының өзінде жаңадан 14 мамандық пайда болды. Тың мамандықтарды ашу маман тапшылығын жойып, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Дамир Берікұлы, Бекен Әлирахым, Тілеуқабыл Мыңжасар