ТОП бейне

Инновациялық жобалар экономикаға жаңа серпін береді

Инновациялық жобалар экономикаға жаңа серпін береді

Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы – Елбасы Жолдауында көрсетілген басым бағыт. Бұл ретте мемлекет отандық өнертапқыштарға қайтарымсыз қаржы бөліп келеді. Соңғы 3 жылда осы инновациялық гранттар арқылы іске қосылған жобалар 3 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. 160 млрд теңгенің өнімі шығарылды.

Тың технология табысты-ақ, бірақ нарықтың жыл сайын түрленетінін ескерсек, трэнд тудыру – басты талап. Жаңашылдыққа жаны құмар Айнұр Темірханқызы бастаған IT компания Қазақстанда баламасы жоқ «Толықтырылған виртуалдық шындық» қосымшасын ойлап тапты. Озық ойды іске асыру үшін 4 млн 800 мың теңге жұмсалған. Оның 4,5 млн теңгесі – инновациялық грант.

Айнұр Темірханқызы, IT компания басшысы:

- Қазақстандық мамандар құрастырып шықты. Көпшілік виртуалдық шындық жобасын біздің елде жасай алмайды деп ойлайды. Моделін де, техникалық құжатын бәрін өзіміз тиянақты жасап шықтық. Сұраныс көп.

IT мамандар технология көмегімен газет-журнал, қағаз бетіндегі кез келген суретке жан бітіріп қойған. Қосымшаны бизнес өкілдері, білім беру мекемелері мен құрылыс саласы жиі пайдаланады.

Мәселен, журналды ақтарып отырып, оның бейнесін әп-сәтте көресіз, тіпті дәмханадағы ас мәзірінен планшет не смартфон арқылы таңдаған тағамыңыздың дайындалу барысын бақылай аласыз.

Міне, осы сынды жаңа жобаларға мемлекет қайтарымсыз қаржының үш түрін ұсынып отыр. Технологияларды коммерцияландыру 200 млн теңгеге дейін, кәсіпорындарға технология енгізуге 400 млн теңгедей грант берілсе, салалаларды технологиялық жаңғыртуға 500 млн теңге қаржы қарастырылған. Елбасы шикізатқа ғана сенуден арылу қажеттігін үнемі айтады. Себебі табиғи байлық таусылса, тығырықтан шығаратын – инновациялық технология.

Медет Дүйсенбаев, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ орталығының директоры:

- Бағдарлама 2011 жылдан жүзеге асырылады. Осы күнге дейін 14 млрд 230 млн теңгенің 340 келісімі жасалды. Былтыр 208 өтініш қабылданды, одан 12 жоба ғана тиімділігін дәлелдеп, инновациялық грант берілді. Сондықтан биыл өтініш берушілерге ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Биыл бірінші кезеңде 63 өтініш өтті.

Биыл алғашқы жарты жылда грантқа ие болғандар 400-ге жуық жұмыс орнын ашып үлгерген.

Асхат Жапсарбай, ҚР ИДМ технологиялық және инновациялық даму департаментінің басшысы:

- 2013 жылдан бастап инновациялық гранттарға жалпы алғанда 7,1 млрд теңге бөлінген. Олардың ішінде 211 жоба жүзеге асырылды. Жалпы инновациялық гранттарды еліміздің инновациялық даму барысында мемлекеттік көмек ретінде қарастырылу керек.

Осы инновациялық жобалар жүзеге асырылған соңғы 3 жылда елде қазынаға 8,8 млрд теңге салық төленген. Өндіріс көлемінің құны 162,8 млрд теңгеге жеткен. 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Медет Дүйсенбаев, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ орталығының директоры:

- 16 басым бағыт белгіленген: мұнай-газ, химия, өңдеу өнеркәсібі, энергетика, фармацевтика, тағы басқа салалар. Мысалы кәсіпорынға озық технология құнының 50 пайызы грант себенінен өтеледі.

Мамандар жобалардың дені ақпараттық коммуникациялық технологияларға арналған дейді. Денсаулық сақтау саласында қолдануға болатын жаңалықтар да аз емес.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Қазақстандық генетик тісжегіні пломба қолданбай-ақ, бұрғылаусыз емдеп, тіс эмалін табиғи жолмен қайта қалпына келтіру әдісін ойлап тапты. Бүгінгі таңда арнайы емдеуге арналған аппараттың 150 мыңы өндірілген болса, оның 100 мыңы Ресей, Украина секілді елдерге экспортқа жөнелтіледі екен.

Отандық ғалыми жобаны қолдауға 41 млн теңге көлемінде инновациялық грант бөлінген.

Ильгама Гасанова, стоматолог-дәрігер:

- Бұрғылаусыз жасалатын процедураға бар болғаны 15 минут уақыт кетеді. Бұл әдіс негізінен балаларға ыңғайлы. Тісжегінің алдын алуға да болады.

Ал Кәсіпорындар мен салаларды технологиялық дамыту гранттары бойынша мемлекет шетел технологияларын енгізуді көздейді. Сонымен қатар отандық жобаларды сыртқы нарыққа шығаруды да қолға алған. Бұл бағытта қазір Қытай және Ұлыбританиямен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин, Әліби Жүніс